12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру міндет

Елімізде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оған деген қажеттілікті арттыру өзекті мәселелер қатарында. Қазақ тілі мемлекеттілікті айқындайтын факторлардың бастысы, сондықтан, осы тілді білу және сөйлеу Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың парызы. Бұл талап Тіл туралы заңмен де нақтыланған, яғни, «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы».

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі» дегенді бекер айтпаған, себебі, тілі жоқ халықтың өзінің ұлттық қасиеттерін дәріптеуі қисынсыз.

Қазақ тілін дамыту, оған деген құрметті арттыру мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан істер аз емес. Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Дегенімен, мемлекеттік тілдің тағдыры азаматтардың отаншылдығына тікелей байланысты екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Олай дейтініміз,  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін ел азаматтары  жұдырықтай жұмылып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарулары тиіс.

Мысалы, Тіл туралы арнайы заң бар. Іс қағаздары толықтай қазақ тіліне көшірілді. Аталған заңмен «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі» екені айқындалған. Мұны айтып отырғанымыз, егер кез келген қызметкер  осы норманы қатаң ұстанса, мемлекеттік тілдің жағдайы өз-өзінен жақсарар еді.

Бұл ретте мемлекеттік тілде сөйлеуді заңмен міндеттеудің  маңызы зор. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметтің басты ұстанымының бірі десек, кімге болса да қазақ тілін меңгеру талабын  күшейткен абзал.

Қазіргі таңда соттарда қазақ тілінде қаралатын істердің сапасы артып, құжаттар мемлекеттік тілде сауатты дайындалады. Барлық шығыс және ішкі құжаттар қазақ тілінде жүргізіледі. Ендігі міндет сот процестерін мемлекеттік тілге біртіндеп көшіру болып отыр. Бұл тұрғыда сотқа жүгінушілер тарапынан белсенділік қажет, яғни, олардың талап арыздарын мемлекеттік тілде жазуы маңызды.

Сот тәжірибесі байқатқандай, азаматтарға құқықтықтық тұрғыда көмек беретін адвокаттар мен  заңгерлер талап арыздарды көбінесе орыс тілінде дайындайды. Мұның өзі мемлекеттік тілдің дамуына кедергісін тигізеді. Қай салада болмасын тіл мәртебесінің артып, тынысының ашылуына жалпы қоғам өкілдері жанашырлық танытса, діттеген мақсатымызға жетеріміз анық.

Қазақ тіліне қажеттілікті арттыру елдік іс, сондықтан, оның қолдану аясын кеңейту жауапкершілік пен жүйелі жұмыстарды талап етеді. Қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болу үшін оны күнделікті тірлігімізбен етене байланыстыруымыз міндет. Яғни, отбасынан бастап, жүрген ортамызда қазақша сөйлесуіміз керек. Сонда ғана қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейеді.

Бағдат Байғожаев,

Маңғыстау облыстық мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...

Тіл-асыл құндылық

Мемлекеттік тіл - бұл осы мемлекеттің рәміздерінің бірі болып...

Жастар мәселесі жалтақтықты көтермейді

«Сот пен дәрігері жоқ жерде өмір сүрмеңіз» дейді халық...