Сот, құқық жүйесі — тәуелсіз мемлекеттің күретамыры. Осы құрылымдар жұмысының тиянақтылығы елдегі қауіпсіздік пен тыныштықтың, теңдіктің кепілі. Міне сондықтан да тәуелсіздік алған кезден бастап қазақстандық соттың аяғынан тік тұрып, заман талабына сай дамуы үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде сот саласының қызметі бір арнаға түсіп, отыз жылдың ішінде іргелі өзгерістерді басынан кешірді.
Кеңес одағының шекпенінен шыққан сот саласының бірден бүгінгі жағдайға жете қоймағаны шындық. Осы межелі уақыттың ішінде халықтың сеніміне ие болып, ел үмітін ақтауға септігін тигізетін ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Ең алдымен сот мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде айқындалып, оның қызметіне араласуға қатаң тыйым салынды. Еліміздің Ата заңы оған толық негіз қалады. Сонымен бірге, «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі» туралы конституциялық заң сот төрелігінің тәуелсіз, сыртқы ықпалдардан биік тұруына заңдық тұрғыдан ықпал етті.
Сот жүйесіндегі жаңғыртулар бір сәт те бәсеңдеген емес. Өйткені қоғамдағы ізденістер, елдегі бастамалар сот саласының да замана көшінен қалмауын талап етті. Осылайша мемлекеттің қолдауымен соттың материалдық, техникалық жағдайы жасалып, судьяларды іріктеудің тәртібі қатаңдатылды. Судья — сот саласындағы басты тұлға. Сот реформаларының сәтті жүзеге асырылып, көпшіліктің көңілінен шығуы ең алдымен судьялардың біліктілігіне, сауатты іс-әрекетіне, адами келбетіне тікелей байланысты. Сондықтан, сот корпусына кездейсоқ адамдардың кіріп кетуіне тосқауыл қойылып,
судьялықтан үміткерлерге қойылатын талап жылдан жылға күшейтіле түсті.
Бүгінде судья болуды армандағандарға тек заңгерлік білім алу аздық етеді. Қазір үміткерлердің заңды жетік білуі ғана емес, психологиялық ұстамдылығы, мінезі, сөйлеу, өз ойын жеткізу шеберлігі, көпшілікпен тіл табыса алатындығы сыннан өтеді. Сонымен бірге, үміткердің арнайы тағылымдамадан өтіп, тәжірибесін шыңдауына да терең мән беріледі.
Сот саласындағы тәлімгерлік мектептің үзілмей келе жатқандығы — аға буын мен жас буын арасындағы үндестікті, қамқорлықты нығайтты. Соның нәтижесінде сот ұжымының бірлігі бекем, ынтымағы зор. Бұл әріптестердің өзара пікір алмасып, тәжірибесімен бөлісуіне, жетістіктерді бірге дамытып, кемшіліктермен бірлесіп күресуіне жағдай туғызды. Сот жұмысын жандандыруда жаңа заңдардың ықпалы айрықша. Себебі, сауатты заң сергелдеңнен сақтайды. Отыз жыл ішінде барлық қарым-
қатынастың құқықтық, заңдық тұрғыдан реттелуі қазақстандық соттың кедергісіз алға басуына көмектесті. Алқабилер сотының енгізілуі, мамандандырылған соттардың құрылуы, медиация институтының қоғамнан қолдау табуы кейінгі жаңашылдықтардың бірқатары. Бұл бастамалардың әрқайсысы үдеден шықты. Елдің үлкен сұранысына ие болды. Осының өзі сот саласында қолға алынған жаңашылдықтардың тақыр жерден алынбағанын, көпшілік пікірін ескере отырып қолға алынғанын дәлелдейді. Өйткені,
халықтың оң бағасын иеленіп, тиімділігін көрсеткен жобалар ғана өміршең. Бұл тұрғыда сот реформаларының дер кезінде жүзеге асырылып, халықаралық талаптарға сай дамығанын ұжымдық жұмыстың жемісі десек ақиқаттан алыстамаймыз.
Рустам Измайлов,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы