2019-2021 жылдары еліміздегі астық импорты 2,7 млн тонна (157 млрд теңгенің) болып, орташа баға 57 мың теңгені құраған еді. Ол түгелдей дерлік, нақтырақ айтқанда, 145 млрд теңгенің 2,7 млн тоннасы Ресейден әкелінген болатын. Ал бізден 2,1 трлн теңгенің 20,2 млн тонна астығы сыртқа шығарылды. Ондағы орташа баға 103,6 мың теңгені құрады. Оның ішінде 55 млрд теңгеге 441 мың тонна (орташа баға 125,2 мың теңге) Ресейге экспортталған.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятовтың сөзіне қарағанда, 2019–2021 жылдары астық пен ұнды экспортқа шығарушыларға 127 млрд теңге мөлшерінде қосымша құн салығы қайтарылды. Оның 21 млрд теңгесі 2019 жылы, 27 млрд теңгесі 2020 жылы, 50 млрд теңгесі 2021 жылы берілген. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында төраға Мемлекеттік кірістер комитетінің астық нарығының қатысушыларына қосылған құн салығын оңайлатып қайтару бойынша пилоттық жобаны жүргізіп жатқанын хабарлады. Ол саланы сауықтыруға және жосықсыз бәсекелестікті жоюға бағытталып отыр. Өйткені, Ресейден импортталған бидайдың үшінші елдерге, оның ішінде «сұр» схемалар бойынша кері экспорттау және олар бойынша ҚҚС өтеу тәуекелдері бар. Оны болдырмау үшін комитеттің «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп ҚҚС-ты жеңілдетіп қайтару бойынша пилоттық жобасына қазіргі уақытта 20 салық төлеуші қатысуда. Оның жетеуі бидай экспортын жүзеге асырушы, 13-і олардың жабдықтаушысы. Меморандум жасасу өз еркімен жүзеге асады. Кез келген компания жобаға қатыса алады. Жоба нарықтағы заңсыз әрекеттерге қарсы іс-қимыл жүргізеді. Онда меморандумға қатысушының таңдауы бойынша ҚҚС екі нұсқада қайтару қарастырылған. Біріншісі, банктік кепілдік болған кезде камералдық бақылау жүргізбестен 15 жұмыс күні ішінде. Екіншісі, банктік кепілдік болмаса камералдық бақылау жүргізілген жағдайда күнтізбелік 100 күн ішінде. Меморандумға қатысушыларға бұзушылықтарды өз еркімен жою құқығы беріледі. Жойылған бұзушылықтар бойынша ҚҚС қайтарылады. Қолданыстағы тәртіпте мұндай мүмкіндік көзделмеген еді. Пилоттық жоба салық төлемейтін жосықсыз делдалдардың санын азайтуға бағытталған. Ол үшін кәсіпкерлер палатасының базасында ақпараттық ресурс құрылды. Онда бұзушылықтар туралы мәліметтер жарияланады. Қазіргі уақытта 2 экспорттаушы барлығы 299 млн теңгенің ҚҚС қайтаруды сұрады. Бұл экспорттаушыларға салықты шілде айының соңына дейін, яғни, көзделген мерзімнен 2 есе жылдам қайтару жоспарланған.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Жигули ДАЙРАБАЕВ, Қазақстан фермерлері одағының төрағасы:
– Мемлекеттік кірістер комитетінің астық нарығының қатысушыларына қосылған құн салығын оңайлатып қайтару бойынша пилоттық жобасы туралы әзірге бір нәрсе деу қиын. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласында әр сала өзінің мүддесін қорғап, лобби жасайды. Бізде ауыл шаруашылығы саласында қазір 50 шақты салалық қауымдастықтар мен одақтар бар екен. Әркім өз қызығушылығын қорғап, жан-жаққа тартпас үшін бәрімізге ортақ қазақстандық мүдде болу керек. Сондықтан сіз айтқан жобада да астық өсірушілер мен ұн өндірушілердің мүддесі қорғалып отыр ма деген күдік бар, менде. Әр нәрсені тиянақты зерттеу үшін бізге алдымен экспорттық әлеуетті анықтау қажет. Бізде не бар, не жоқ? Нені, қанша көлемде сыртқа шығарып, басқа елден қандай өнімді әкелетінімізді бүге-шігесіне дейін зерттеу керек. Сонда егер өзімізде астық жеткілікті болса, оны Ресейден әкелуге қаншалықты қажеттілік бар деген сұраққа жауап табылады. Ал оны зерттемей алдын ала байбалам салудың қажеті жоқ. Өйткені, әрбір өзгерісті астық өндірушілер одағы өзінше түсіндіреді, ұн өндірушілер одағы өзінше қарастырады. Мемлекеттік мүдде бірінші орында тұратын болса, ешкім «көрпені» өзіне қарай тартуға әрекет жасамайтын болады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


