Биыл 13 маусымда «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заңның қабылданғанына 21 жыл толады. Осы аралықта Үкіметтің 2017 жылғы 30 маусымдағы №406 қаулысымен «Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы» және 2019 жылғы 31 мамырдағы №360 қаулысымен «Қазақстанның туризм саласын дамытудың 2019−2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді.
Егер мемлекеттік бағдарламаның нысаналы индикаторларына көз жүгіртер болсақ 2025 жылы: сырттан келушілердің саны 9 млн адамға дейін, оның ішінде шеттен келген туристердің санын 3 млн адамға дейін ұлғайту; ішкі туристердің санын 8 млн адамға дейін ұлғайту; туристік салада жұмыс істейтіндердің санын 650 мыңға дейін өсіру; орналастыру орындары көрсеткен туристік қызметтер көлемінің 2,5 есе өсуі (270 млрд теңгеге дейін); негізгі капиталға инвестициялар көлемінің 3 есе өсуі (600 млрд теңгеге дейін) тиіс.
ЖІӨ-дегі туризмнің үлесін кемінде 8% жеткізуге бағытталған бағдарламаны іске асыру барысында 2017 жылы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ құрылған болатын. Ондағы басты мақсат ішкі және халықаралық нарықтарда Қазақстанның имиджін ілгерілету бойынша практикалық шараларды іске асыру болды. Ал 2019 жылы туризм саласында көрсетілетін қызметтер мен сервистің сапасын жақсарту үшін Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды.
Саланы дамытуға жұмсалған бюджет қаржысы да, тартылған инвестиция да жыл сайын өспесе кеміп жатқан жоқ. Мәселен 2019−2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджетте қарастырылған жалпы шығын 1 385 695,8 млн теңгені құрады. Оның 268 291,8 млн теңгесі мемлекеттік, 172 167,9 млн теңгесі жергілікті бюджеттен, 945 236,2 млн теңгесі басқа көздерден қарастырылды.
Ұлттық парктер туризмнің дамуына ықпал ете ала ма?
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамалық базаны жетілдірмек. Министр Серікқали Брекешевтің 1 маусымда Үкімет отырысында жасаған баяндамасына қарағанда, олар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Экология министрлігіне мынадай мәселелер бойынша құзырет беру бөлігінде бірқатар түзетулерді пысықтауда. Оның біріншісі, халықты қауіпті табиғи құбылыстардың (селдер, қар көшкіндері, көшкіндер) әсерінен қорғау және сел-көшкінінен қорғау құрылыстарын салу үшін – Ерекше қорғалатын табиғи аймақ жерлерін босалқы жерлерге ауыстыру. Екіншісі, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларын жүргізу бөлігінде инфрақұрылым салу үшін Ерекше қорғалатын табиғи аймақ жерлерін ауыстыру (қолданыстағы редакцияда жолдар, электр беру желілері және құбыржолдар ғана көрсетілген). Үшіншісі, ерекше қорғалатын табиғи аймақ ішіндегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды елді мекендерге көшіру.
– Ұлттық парктердегі экологиялық туризмді одан әрі дамыту үшін әкімдіктер ұлттық парктерге инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын жалғастыру қажет. Өз кезегінде, министрлік инвестициялар тарту және азаматтарды экологиялық ағарту арқылы табиғатты сақтауды ескере отырып, туристерге ұлттық парктер аумағында қолайлы жағдайлар жасау жұмыстарын жалғастырады, – деген Серікқали Аманғалиұлының сөзіне қарағанда Қазақстанда қазір жалпы ауданы 2,7 миллион гектарды құрайтын 14 ұлттық парк бар. Былтыр оларға шамамен 1,5 млн турист келді. Бұл 2020 жылға қарағанда 40 пайызға жоғары (892,6 мың). Ұлттық парктер аумағында халықаралық тәжірибені ескере отырып соңғы жылдары жаңа маршруттар және соқпақтар салу арқылы экотуризмді дамыту жұмысы жүріп жатыр. Бұл ретте заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ-этноауылдары мен керуен – сарай салу да назардан тыс қалмады. Мәселен Алматы облысының ұлттық парктерінде қазірдің өзінде 685 км туристік маршруттар мен соқпақтар жайғастырылды, 12 км жолға жөндеу жүргізілді және электр беру желілерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Сондай-ақ, «Транстелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп «Көкшетау» ұлттық паркінің Зеренді көлі мен «Алтын-Емел» ұлттық паркінің бақылау-өткізу пунктіне келушілер үшін интернет желісі қосылды. Іле Алатауы, Көлсай көлдері, Шарын, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Катон-қарағай, Қарқаралы, Бұйратау, Баянауыл, Көкшетау және Сайрам-Өгем ұлттық парктері келушілердің онлайн кіру билеттерін сатып алу үшін «kaspi.kz» төлем қызметтеріне қосылған.
ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі өсе ме?
Туризм және саяхат бойынша бүкіләлемдік кеңестің мәліметтеріне қарағанда туризм саласының ЖІӨ-дегі үлесі әлем елдерінде 0,5-тен 79,4 пайызға дейін жетеді. Мәселен, Мальдив аралдарында ол 79 пайызды құраса, Грузияда – 27, Тайландта – 20,6, Түркияда – 12,5 пайыз шамасында. Ал елімізде ол 2019 жылы 5,6 пайызды, 2020 жылы 6,2 пайызды құрады. Егер әлемдік экономикада 2019−2020 жылдары туризм саласының үлесі 10,4-тен 5,5 пайызға дейін азайғанын ескерсек, біздің көрсеткіш көңіл жұбатарлықтай болып көрінері күмәнсіз. Алайда бұл көрсеткіш қанағаттанарлықтай деуге келмейді. Өйткені, туризм саласындағы әрбір жұмыс орны өзімен бірге өзге салаларда ең кемінде қосымша 10 жұмыс орнын ашуға түрткі болатынын әлемдік тәжірибе көрсетті. Ал бізде бұл бағыттағы жұмыстар әлі күнге дейін барлық өңірде бірдей басты назарда тұрған жоқ.
Раушан ШӘМІЛҚЫЗЫ,
Туризм индустриясының ұлттық қауымдастығы төрағасы:
– Ұлттық парктерге қазір инвесторлар тартылуда. Алайда бәрі өз білгендерімен ғана жұмыс істеп жүр. Олардың тарапынан әзірге бұл жұмысты туристік компаниялармен бірлесіп жүзеге асыруға деген қызығушылықты байқамадым. Онда ұлттық ерекшелік толық ескеріліп жатқан жоқ. Шетелден көргендерін түгел көз жұмып көшіріп алмай, оны жергілікті халықтың салт-дәстүрімен сабақтастырса деген тілегіміз бар. Өйткені, бізге келген шетелдіктер өзге жерден көрмеген тек Қазақстанға ғана тән ұлттық дүниелерді көргісі келеді. Егер бәрі жүйелі түрде қарастырылып, жан-жақты жоспарланса ондағы жұмыстардың тиімділігі, өнімділігі басқаша болары күмәнсіз. Ал өздерінің жасаған жобасын ғана дұрыс санап, бәрін өз қалауы бойынша жоғарыдан шешіп жатқан құзырлы органдардың әрекеті тек есеп беруге ғана негізделгендей әсер қалдырады. Сондықтан «Kazakh Tourism» өзінің не үшін құрылғанын және кімге қажет екенін енді ғана түсіне бастады. Ал туризм саласында көрсетілетін қызметтер мен сервистің сапасын жақсарту үшін құрылған Халықаралық туризм және меймандостық университеті Түркістан қаласында сол күйі өзімен-өзі қалып қойды. Егер ол Алматыда ашылғанда бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Өйткені, бұл жоғары оқу орны Түркістанда емес, Алматыда ашылатын болса Азия даму банкі аймақтық деңгейде маңызы бар сала ретінде туризмге өз тарапынан қаржы бөлуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Соның нәтижесінде туризмге қатысты мемлекеттік саясат әлі күнге толық бір жүйеге түспей келе жатыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»