spot_img
spot_img

Бүкілхалықтық референдум — уақыт талабы

2022 жылдың 5 мамырында ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан Конституцияның 91-бабының 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 18-бабына сәйкес Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы қаулысы шықты. Соған орай ел өміріндегі аса маңызды референдум осы қаулыға жарлық шыққан күннен тура бір айдан кейін, нақтылай түссек, 5 маусым күніне белгіленіп, өткізілгелі отыр. Әрине, бұл ойланып шешім қабылдауға жеткілікті мерзім.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев 5 мамыр күнгі үндеуінде жарияланған қаулы туралы былай деді: «Конс­титуция реформасы мемлекеттің барлық моделін кешенді түрде трансформациялауға бағытталған. Өзгерістер «суперпрезиденттік» басқару формасынан ықпалды Парламент пен жауапты Үкіметі бар парламенттік республикаға өтуді көздейді… Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ, саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата Заңымызға өзгерістер енгізу қажет. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек».
Осыған қоса, ел басшысы бұл мақсат орайында өз тапсырмасымен арнаулы жұмыс тобы құрылғандығын, оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы орган өкілдері кіріп отырғанын атап көрсетті. Бұл жұмыс тобының қатысуымен Негізгі заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулардың жобасы әзірленіп, ол мұқият зерделеніп, жан-жақты талқыланып, Конституциялық Кеңеске жолданған. Президент өз мәлімдемесінде Ата Заңның үштен бірі өзгеретініне, Конституцияның мүлде жаңа сипатқа ие болатынына, және бұл ауқымды өзгерістер бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуы тиістігіне баса тоқталды. Әрине, бұлардың барлығы ел көкейінде сенім мен үміт отын тұтандыруы тиіс.

Күткеніміз – кесек әрекет
Бүкілхалықтық референдум өткізудің мәні мен мағынасы да басқарушы биліктің осындай шешімді іс-әрекеттері арқылы таныла түсері анық. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ел назарына ұсынылатын жаңарған заң нұсқасында, Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігі көзделгендігін атап өтті. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторға басшылық қызмет атқаруға тыйым салынуы, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістердің енгізілуі, сонымен бірге, осы талаптар бойынша Конституциялық Сот құрылуы көпшілік көкейінен шығуы тиіс. Мұның барлығы адам құқығын қорғау мүддесінен туындап отыр. Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл – омбудсменнің мәртебесі Ата Заң бойынша айқындалады. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғандығына дәлел болмақ. Жаңа Қазақстан құру идеясы да осы тұрғыдан қозғалғандығы айқын.

Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде үлкен реформалар жасалуға тиіс екені басы ашық айқын болып көрінген, мұны әрқайсысымыз өте жақсы сезіндік. Ендеше, Президентіміз Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізуді қажет деп тапса, тіпті, жыл аяғына дейін 20-дан астам заңға өзгеріс енгізуді үкіметке жүктеп отырса, күткеніміздің өзі осындай кесек әрекет емес пе еді, одан неге шошындық?

«Темірді қызған кезде соққан» дұрыс
Жалпы, кез келген мемлекет тарихында, оның ішінде, қазақ елінің арғы-бергі тарихында да түрлі саяси ауытқулар, ел өмірін мүлде басқа арнаға бұрған қоғамдық өзгерістер болып келген. Сондықтан, Қазақстанның бүгінгі кезеңдегі жаңа бағыт, тың, соны шешімдерге ұмтылысын заңдылық деп қабылдауымыз керек. Әрине, ел өміріндегі шұғыл бетбұрыстар, жаңашыл реформалардың қайшылықты көзқарастар туындатуы да қалыпты жағдай. Сын, өткір пікірлер болмай тұрмайды, және айтылуы керек. Ел Президенті де ашық пікірталастар алаңына жол ашты, әркімнің жариялы түрде өз ойын білдіруіне қақысы барын жолдаулары мен мәлімдемелерінде де қайталауда. Өткізілгелі отырған бүкілхалықтық референдум да көптен бергі ел көкейіндегі түйткілді толғаныстардың, қоғамдық белсенді талқылаулардың нәтижесі.
Бұл референдумды өткізудің маңыз­дылығына байланысты, біз оның бірнеше себеп-салдарын атап берер едік, біріншіден, тәуелсіз Қазақстан тарихында Ата Заңымыз жалғыз-ақ рет, 1995 жылы ғана бүкілхалықтық референдум талқысына ұсынылған екен, осының өзі бұл қадамның тарихи орнын айқындар бірегей шешім екендігіне дәлел-факт. Екіншіден, референдум, «Темірді қызған кезде соқ» демекші, нақ осы бір тарихи кезеңде, қажеттілігі туған уақытында, қабылданып отыр. Бұл шешімнің тез әрі шұғыл қабылдануын, қаңтар оқиғасы жеделдетіп жібергеніне бәріміз куәміз. Осының өзі, Мемлекет басшысының халық тілегімен орайлас іс-әрекетке баратынына, қоғамдық мүддемен санасып, шешім қабылдайтынына айғақ. Алдағы болмақ мемлекеттік маңыздылығы аса жоғары бүкілхалықтық референдумда ел талқысына салынбақ Ата Заңымыз өзінің өзгертулері, толықтырулары бірауыздан оң шешіммен ел болып қабылданатынына шын жүрегімізбен күмәнсіз сенеміз және қолдаймыз. Ата Заңымызды сол қасиетті атауымен ел болып сыйлауға баршамыз жауапты, әрі міндеттіміз. Ендеше, бұл бағытта Ел Президентін жұмыла қолдауға тиіспіз.
Жасыратыны жоқ, бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, әр көкейде бір арман, аталмыш мәселе турасында сан-саққа тартып, бүйректен сирақ шығарып жүргендер көп. Сондай алып­қашпа пікірлерге ден қойсақ, кейбіреулердің уәжі Президент Қ.К.Тоқаев Конституцияны түбегейлі өзгертпейді, немесе, Ата Заңның мүлде жаңаша вариантын жасап, неге ел талқысына ұсынбайды дегенге саяды.
Кейде пікір-көзқарасымыз қайшылықта болуы заңдылық та шығар. Біреулерге өзгерістер, бетбұрыстар ұнамай қалып жатады, жаңашылдықтан, реформашылдықтан үркіп, астар іздеп жатады. Сан қилы аумалы-төкпелі, құбылмалы саясатты тарихи өткелдерден өткен, жеңісі мен жеңілісі аралас қым-қуыт хандық дәуірін бастан кешсе де, сол кезеңнің қазағы еркін еді, басы бұғауда, аяғы кісендеулі емес еді, тілі еркін, азат үнді, өткір болатын. Тек одан кейінгі екі ғасырға жуық басқа кигізілген отаршылдық қамыты ешкімге бас имей келген асау жұрттың арынын басты, еңсесін түсірді. Отаршыл үстем империя еріксіз бағынышты болған халықтың осал тұстарын түбегейлі зерттеп, әр адымын есептеп, уысынан шығармауға тырысып келді. Осылардың зардабын өр халық аз уақыттың ішінде ұмыта алмас.

Басшысына қарап елін таны

Қазақстан өмірінде әрқилы қиындық, кедергілер туындап жатса, алауыздық, саналуан қайшылықтар өрбіп жатса, біз оның негізгі себеп-салдарын әріден іздейміз. Біздің жұртымыздың тәуелсіздігін өзіне қимайтын, тіпті, көп көретін сырт көз көп. Оны қаңтар оқиғасы да көрсетті. Қайтсе, есебін тауып, ел ішінен де, сырттан да ши шығарғысы келетін, жөнсіз араласып, дау-жанжал тудырып, тіпті, қантөгістерге ұластырып, елдігіміздің шаңырағын шайқалтып, берекесін қашырып, жұртымыздың тоз-тозын шығарғысы келетін күштер бар екені ілгері тарихымызда да аян болған. Мұны қаңтар оқиғасы да дәлелдеп берді. Осының бәрі біздің жұртымыздың ел болып ұйысуына, бір сөзді болуына, ынтымақты бола түсуіне сабақ, нұсқау болуға тиіс. Ел Президенті де осыны қайталай еске салып, жұртын талмай, бірлікке шақыруда, оған баршамыздың көзіміз жетіп келеді.
«Жаңа Қазақстан» атауына оралатын болсақ, кез келген болашақтан үмітті, халықшыл мемлекет жаңашыл реформаларға ұмтылуы заңдылық. Жаңару мен жаңғыруға ұмтылыс – ел өміріне серпіліс пен сілкініс әкеледі, бұл ежелден солай. Тарих белестеріне үңіліп отырсақ, кез келген дамыған өркениетті елдер, саяси даму бағытында жаңа реформалардан қашпаған, батыл жаңа шешімдер қабылдап отырған. Тіпті, мысалды өзге елдерден іздемей-ақ қояйық, өз еліміздің тарихынан да бұған келтірер мысал жеткілікті. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің тұсында қабылданған Жеті Жарғы ел өміріне үлкен серпіліс әкелген, Қазақ хандығының елдік тұғырын бекемдеген, іргесін бекіткен жаңашылдығымен жұртын сендірген қасиетті заңдар болатын. Аталуы өзгеше болғанымен, олар өз заманының талабына сай жасалған реформашыл, яғни, жаңашыл заңдар болғандығы қақ.
«Басшысына қарап, елін таныған» жұрттың өкіліміз ғой, Президентіміз бен ел мүддесінің екі айырылуы – тығырыққа тірелу, болашаққа сенімсіздік, үмітсіздікке бастар жол, осы қарапайым қағиданы ұғар болсақ, алдымыздағы бүкілхалықтық референдумға, аты айтып тұрғандай, бірлігі жарасқан ынтымақпен, жұртымыз болып тұтасып, баршамыз осы мемлекеттік маңыздылығы аса жоғары саяси науқанға атсалысуға мүдделіміз, әрі міндеттіміз.

Өзің отырған бұтақты кеспес болар

«Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дегендей, ескі жүйені бас салып сынап, құрдымға батыра беру ешкімге абырой әпермес, бұл ағаштың басына өрмелеп шығып алып, өзің отырған бұтақты шапқанмен бірдей әрекет. Дегенмен, дүниенің бәрі салыстыра сараптаудан тұрады, қателіктердің кеткендігі шындық, ендеше, ілгеріде кеткен олқылықтар мен ағаттықтардың қайталанбауына баршамыз жа­уаптымыз. Өткен кезең, шалыс басқан баспалдақтарымыз бізге сабақ болып, қызмет етуге тиіс. Ата-бабаларымыз басып өткен жолдар да осыған мегзейді. Алдыңғы ұрпақ «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп, ел ұстанымына сын көзімен қарап, електен өткізіп, екшеп, сұрыптап отырған ғой.
Ашығын айтуымыз керек, біз бүкілхалықтық референдум өткізуді, яғни, мемлекеттік маңызы жоғары істі барша жұртымыз болып, кеңесіп шешуді, ел болып талқылауды ұмыта бастадық. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Ата Заңымызға байланысты бүкілхалықтық референдум 1995 жылы өткізілген екен. Отыз жылдық ел тарихы үшін бұл, әрине, тым аз болуы мүмкін. Осыны қазіргі Президентіміз дер кезінде көре біліп, ескеруі көрегендік шешім. Тырнақ астынан кір іздей бермей, неге осындай оң істерді дер кезінде көріп, қадіріне жете біліп, көтермелеп, қолдап кетпеске? Президентіміз елдіктің жолын нұсқап, маңызды істерді шешуге әрқайсысымыздың құқылы екендігімізді ашық көрсетіп отырған жоқ па? Терісті – теріс деп, ал оң шешімді ел болып бірауыздылықпен бірігіп, қоғамдасып қабылдауға қашан бейімделер екенбіз?
Міне, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айының аяғына таман халық талқысына ұсынған аса маңызды жолдауының жарияланғанына да біршама уақыт өтіп үлгеріпті. Біздіңше, Президент шешімі кесімді түрде, айттым бітті, кестім үзілді тұрғысынан берілген жоқ, ең алдымен, осыны ұғып алу еліміз үшін аса маңыз­ды. Әйтпесе, бізде анау айтты, мынау айтты деп жа­лаулатып, жел­пілдетіп, жақсы бастаманы сан-­саққа жүгірту кө­бейіп кетті. Ең бас­тысы, Прези­дент ашық, жа­рия­лы пікірге мүм­кіншілік бер­ді, ешкімнің ау­зына қақпақ қо­йып отырған жоқ. Бұл туралы жолдауында анық та айқын адал пікірін білдірді. Сондықтан, мұрат-мүддесі бір замандас, бауыр, тығырықтан шығар жол тапсаңыз, жариялаңыз, көрсетіңіз, ұсыныс білдіріңіз. Біз Президенттің қазіргі іс-әрекеттерінен билік шеңберіндегі өктемділікті, тізеге салғандай өзімшілдікті аңғарып отырған жоқпыз.

Жаңашылдық – ескіні жою емес
Өз заманымызда болып жатқан ауқымды, әрі аса маңызды өзгерістерге оң баға беру үшін жиі-жиі өткен тарихымызға, ата-бабаларымыз басып өткен жолдарға жүгініп отыруға тура келеді. Әрине, ол жолдардың бәрі тақтайдай тегіс болған жоқ, талай билеушілеріміздің, яки, жұртымыздың алдынан «ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген күдік пен күмән аралас сұрақ туындаған, тығырыққа тірелген жағдайлар да болған. Иә, сол сындарлы салмағы мол, ауыртпалығы санқилы, аласапыран шақтардан да әупірімдеп өтіппіз. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, еліміздің басынан кешкен ауыр кезеңдерді де айтпай тұра алмаспыз. Халқымыздың басынан өткен жақсы күндер де, жаман күндер де, сан қияға соққан аумалы-төкпелі кезеңдердің баршасы бүгінгі ұрпаққа сабақ. Халқымыздың басына қара бұлт болып төнген қандай қиын күндерімізден қиюын тауып алып шыққан, жұртын жұмған жұдырықтай етіп, жұмылдыра білген кемеңгер шешімді, ақылман билеу­шілеріміз болғандығы тарихымыздан жақсы мәлім.
Ал сол құдіретті хандарымыз өздерінің алдындағы дүниені тітіреткен, Ұлы Далада сайыпқыран Шыңғыс хан құрған айбынды мемлекеттің, одан ке­йінгі Қазақ хандығының негізі қаланған Жошы құрған Түрік қағанатының, оның ұрпақтары билік еткен, үш ғасыр бойы әлемді дүр сілкіндіріп мойындатып, салтанат құрған Алтын Орда, жалғаса пайда болған Ақ Орда, Көк Ордалардың мемлекеттік құрылым жүйесінен, елдік тұғырында қабылданып, тұтынған заңдарынан үлгі-өнеге алғандығы сөзсіз. Жаңашылдық дегеніміздің өзі ескінің бәрін түп тамырымен жойып, жоқ қылу деген ұғым тудырмаса керек. Тарих сабағы қай заманда да алғашқы орында болып келген, өткенінің жақсысынан жаманын айырып, өз заманына сай бейімдеу, лайықты қорытынды жасай біліп, жаңашыл заңдар шығару – елдігіміздің басты мүддесі болып келгені аян. Демек, Жаңа Қазақстан – алдындағы тарихи өнегесі мол, санғасырлық өткен белестерінен сабақ ала білген, сонымен бірге, өз заманына лайықты ұстанымы бар, жаңашыл, реформашыл бағыттағы ел болуды мұрат тұтпақ. Бұл дегеніміз, бір орында тұрып қалушылықтан, таптаурындылықтан бойды аулақ салу, яғни, өз сонарыңды, жаңа бағытыңды іздеп табуға құлшыныс деп қабылдаймыз және қолдаймыз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды.
…Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты.
…Бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек», – деген еді.
Иә, кезіндегі Қазақ хандықтарының атағы дүрілдеп, алысқа кетуі, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, ел-жұртын бақытқа кенелтіп, төңірегін түгел мойындатқан салтанатқа жетсе – осы Президентіміз айрықша мән беріп отыр­ған дала демократиясының өрістеуінің нәтижесі еді. Осы дала демократиясы, ұға білгенге, ілгеріректе Мөңке би, Кетбұға жырауларды тарих сахнасына алып шықты. Қазақ хандығы құрылғанда, ең алғаш билік тізгінін қолына алған Керей мен Жәнібек хандар кеңескен Асан қайғы сияқты бұқара өкілдерін ел тағдырының басына әкелді, одан кейінгі Қасым хан, Есім хан, Тәуекел бахадүр, Хақназар хандар, дала даналары Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелердей халық өкілдерін мемлекеттік деңгейдегі биік қайраткерлеріне айналдыруға ықпал еткен. Сол үш жүздің ең таңдаулы деген үш биімен бірлесе отырып, тарих белесіндегі алғашқы заңнамалық тұғырымыз дерлік Жеті Жарғыны дүниеге әкелген Әз Тәуке қалыптастыр­ған нағыз бүкілхалықтық мүдде, осындай әлеуетті хандарымыз билік құрған дәуірлердегі Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Жиембет, Марғасқа жырауларды, үш жүздің басын бір арнаға тоғыстырған кемеңгер Абылай ханның бас кеңесшісі, ақылгөй данасы деңгейіне көтеріле алған қарапайым халық өкілі Бұқар жырау бабаларымыздың тарих аренасына шығуы – нағыз дала демократиясының салтанат құруы болатын. Сөзімізді таратып айтар болсақ, кешегі отаршылдық дәуірінде аяусыз қара күйе жағылып, империялық саясат ыңғайымен, «қарақшы», «қатыгез», «баскесер», «залым», «тонаушы» деп әділетсіз баға берілген атауларымен тарихқа енген сол билеуші хандарымыздың өздері демократиялық бағытты берік ұстанды, ел танып, таңдаған кемеңгер көсем-абыз­дары, би-шешендері, ақын-жыраулары да мемлекеттік маңызды мәселелерге араласты, билермен тең құқылы болды. Тарихтан белгілі, ел абызы Асан қайғы үлкен оқиға тұсында, Әз Жәнібек ханға «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің!» деп арнау айтып, өткір талабымен ханның жер-жебіріне жетіп, ұрсып та алатыны бар. Сондағы оның арқа сүйегені – қарапайым халқы. Міне, қасиеті мол, қабырғалы елдің құдырет-күші!
Сондай-ақ, хандарымызға ақылшы, данагөй болған тағы бір абызымыз Бұқар жыраудың реті келгенде айбарлы арыстандай азулы билеуші Абылай ханның алдында тілін тартпай: «халықтың қасында сен кімсің, кеше ғана Сабалақ атанып, Төле бидің түйесін баққан құл емес пе едің?» деп, бетқаратпас мысымен ханның өзін тұқыртқанда, оған дем беріп отырған халықтың өзі болатын. Әйгілі абыз бабамыз еліне арқа сүйеп күш-қуат алған, ханнан именбеген. Біздер мақтан тұтатын нағыз елдік демократиялық сипат, өнегелі тарихымыз осы емес пе?

Дала демократиясы бізге не берді?
«Дала демократиясы халқымызға не берді, оның еліміз үшін маңыздылығы неде?» – деген сұраққа келер болсақ, бұған кең ауқымда, әртарапты жауап беруге болады. Ең алдымен, жинақтап айтар болсақ, сан ғасырлар бойғы тарих белестеріндегі аумалы-төкпелі кезеңдерге төтеп беріп келсек, қандай ел басына төнген аласапыран замандарда тоз-тоз болып, ыдырап, шашырап, ұсақталып кетсек те, бара-бара, біржола жоғалып кетпей, қайтадан жиналып, тұтаса бастасақ, бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтай алсақ, жасанып, құрсауына алып, жерімізге қаһарын төгіп, ел іргесіне төніп келген, тіпті, жерімізге баса-көктеп, бойлай еніп кеткен, аямасқа бекінген жаудың бетін тойтарып отырсақ, халқымыз қанды қырғынға ұшырап, шығынға белшесінен батып, тіпті, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрса да, бойларынан күш тапса, еңселерін тіктесе, жауларынан үстем түсіп отырса – мұның ең басты қуат-күші дала демократиясының сақталуында. Яғни, билеушісі мен бұқарасы бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлікпен ынтымақтасуында, жұмыла қарекет қылуында дер едік.
Олай болса, Президентіміз, осыншалық құдыретті күшке ие болған, аса әлеуетті, тағылымы мол, ұлағатқа толы, сан ғасырлар бойы елдігіміздің туын түсірмеген, елдігіміздің сақталып қалуына, ата-бабадан ұрпағына аманат болып қалған қасиетті жеріміздің сақталуына ықпал еткен, сан ғасырдың сынағынан өтіп, өнегесі біздің заманымызға жеткен, ұзын шалқар тарихи көшімізде жосылып іздері жатқан дүбірлі даңқы бар даналық тұжырымды дала демократиясын жаңғыртуға құлық танытып отырса, неге қолдамасқа?
Елімізде маусымның 5-і күні өткізілгелі отырған бүкілхалықтық референдум да кездейсоқ, аяқасты қабылданған шешім емес. Алдағы ел болып, жұрт болып қолға алар, аса маңызды мемлекеттік істерге бастап алып барар баспалдақ, әзірге алғашқы талпыныс деп қабылдайық. Осындай маңызды істердің тұсында, әрқайсысымыз әр қияға тартпай, ортақ іске ел болып жұмылайық. Қазақтың кемеңгер ақындары Абай мен Ахметтер орыстың мысалшыл ақыны Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаянын» өз заманында кездейсоқ аударған жоқ еді. Уақыт талабына сай, халқына арнар сөздерін осындай мысал формасында ұсынған болатын. Қиын да күрделі заманда, осылайша тығырықтан шығар жол іздеген еді. Сол даналарымыз көтерген мәселелер біздің осынау дәуірімізде де маңыздылығын жойған жоқ, аталмыш мысалда айтылғандай, арбаға қосарланып, бірге жегілсек те, біріміз аққуша көкке көтеріп әкетуге тырыссақ, екіншіміз шортанша өзенге тартсақ, үшіншіміз шаянша құрғаққа ұмтылып жатсақ, береке-бірлік бола ма?
Дегенмен, біздің заманымыз­да сол даналарымыздың басына түскендей қиындықтар туып тұрған жоқ, оған мың шүкірлік! Ойымызды ашық айтып, еркін, жасқанбай білдіруге мүмкіндігіміз бар, осының өзі зор бақыт екендігі анық. Олай болса, ел болып, жұмыла қимылдар, ортақ іске бірігіп, ынтымақтаса әрекет қылар мезгіл туды. Елдігіміздің нышанын аңғартып, Президентімізге қолдау білдірейік, ағайын!

Досжан Әмір,
Ақмола облыстық сотының төрағасы

Оқушы білімі vs жасанды интеллект: Балаларды қалай бағалау керек?

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жасанды интеллекттің (AI) қазіргі өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтіп, білім беру саласында оның әсерін түсіну және қолдану қажеттігін айтты.

Қазақстандықтар орташа есеппен 75 жастан көп өмір сүреді

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес, күтілетін өмір ұзақтығы негізгі ұлттық көрсеткіштердің бірі.

Мемлекет басшысы Жапония Императоры Нарухитомен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды.

Журналистер кәсіби қызметі үшін қудаланбайды – Аида Балаева

Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдегі БАҚ саласына қатысты пікір білдірді.

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ТІРЕГІ – ЗАҢ

Тəуелсіздік – бір сəттік шешім емес. Ол күн сайын қабылданған заңмен, Парламент мінберінде айтылған жауапты сөзбен, халық алдындағы адал міндетпен қайта-қайта дəлелденіп отыратын тарихи жауапкершілік.