Бүгінде айшылық жерден жылдам хабар алғызып, ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін шексіз арттырған ғаламтор желісінің зияны аз болып тұрған жоқ. Әсіресе, ғаламтордың балалардың ой-санасына тигізер зардабы орасан. Бүгінде жеткіншектердің 80 пайызы компьютер мен смартфонға тәуелді. Осының салдарынан олардың тәрбиесінде ата-ана мен мектептің ықпалы әлсіреп, басты рөлді ғаламтор иеленуде.
Бүгінде кибербуллинг деген атаумен өмірімізге енген адам құқына қарсы жасалатын әрекет осы келеңсіз құбылыстың ең қорқынышты сипаты болып тұр. Өйткені, оның құрбаны негізінен балалар.
Еліміздегі 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші жеткіншек кибербуллингтің құрығына түседі. Бұл өте қауіпті құбылыс. Қоғамның бұған қатысты алаңы да орынды. Жақында Парламент Сенатының жалпы отырысында қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қоғам сұранысынан туған құжат.
Жоба Парламент депутаттарының бастамашылығымен дайындалған. Сондықтан оны жиында сенатор Ләззат Сүлеймен қорғады. Атауы айтып тұрғандай жаңа құжатта өскелең ұрпақ тәрбиесіне, қауіпсіздігіне қатысты біраз шара қамтылған. Ләззат Жаңылысқызының айтуынша, заңда балаларды қорғау саласындағы халықаралық стандарттар, дамыған мемлекеттердің тәжірибесі ескерілді.
2 кодекс пен 10 заңға өзгеріс енгізетін бұл заң жобасы бірнеше қағидаға негізделді. Атап айтатын болсақ, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекске енгізілген өзгеріс бойынша егер кәмелетке толмаған балаға туысы, өгей әкесі немесе шешесі ретінде дереу қамқоршы тағайындау қажет болса, тиісті органдар психологиялық даярлықтан өткізбестен қамқоршылықты белгілеуге құқылы болады. Қазіргі заңнама бойынша баланы алу үшін 1 жыл психологиялық дайындықтан өту керек. Сол секілді, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске жасалған түзету негізінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық оңалту орталықтарын тек астанада, облыстарда, қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында, қолданыстағы ауруханалар мен емханалардың базасында құру үшін жергілікті атқарушы органдардың құзыреттілігі бекітілді. Аталған норма ауылдық, аудандық елді мекендегі ерекше қажеттілігі бар балалар үшін тұрақты оңалту қызметін қолжетімді етпек. Бұл үнемі медициналық процедураларға мұқтаж балаларды толыққанды қамтуға жол ашады.
Тағы бір жаңалық «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңдағы өзгеріске сай, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін есепке қою мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқартылмақ. Жоғарыда айтылған кибербуллингке қатысты өлшем «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңнан орын тапты. Оған «Баланы жәбірлеу (буллинг)» түсінігі енгізіледі. Буллингке – қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан көп) әрекеттер, қудалау және қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған және жария түрде бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған әрекеттер деген анықтама берілді. Ләззат Жаңылысқызының айтуынша, мұндай түсінік мектеп оқушылары арасында өткізілген әлеуметтік сұраулардың нәтижесінде заңнамалық деңгейде алғаш рет енгізіліп отыр және ол кәмелетке толмағандар ортасында зорлық-зомбылық, кемсіту, қысым көрсетудің алдын алудың, ересектердің балаға қарым-қатынасының маңызды өлшемі болмақ. Бұл норма ғаламтор кеңістігінде жасалған осындай әрекеттерге де қолданылады.
Заң жобасы негізінде балаға ғаламтор кеңістігінде жасалған кибербуллинг деректерін қарау мәселесі бойынша арыз тәртібі де қарастырылды. Мемлекетке баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн, яғни балаға физикалық және психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қарау, оны қорлаумен қатар буллингтен қорғау құқығы бекітіледі. Білім беру саласындағы уәкілетті органға психологиялық қызметтердің жұмыс ережесін, баланы қудалаудың (буллингтің) алдын алу қағидаларын әзірлеу мен бекіту мақсатында құзыреттілік беру көзделіп отыр. Бұған дейін бұл өкілеттілік жергілікті атқарушы органдарда болғандықтан мардымды нәтиже көрсетпеді.
Заң жобасы бойынша кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарына үш жастан 18 жасқа дейінгі қараусыз, қорғансыз қалған балаларды уақытша орналастыру мәселесі де шешім тапты. Сонымен қатар, «Байланыс туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарға БАҚ саласындағы уәкілетті органның құзыретін телекоммуникация желілерінде ұлттық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету тұрғысында нақтылау ұсынылды.
Ләззат Сүлеймен осы тұрғыда жұртшылықтың алаңдатушылығын тудырып отырған әлеуметтік желілердің жұмысын реттеу мәселелері туралы өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, жоба мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестік өкілдері мен басқа да бұл мәселеге мүдделік танытқан тұлғалардың қатысуымен бір жыл көлемінде жан-жақты қарастырылған. Мұндағы негізгі басымдық балаларды кез келген күш көрсетуден, соның ішінде, отбасылық қатынастар, білім беру, денсаулық, ақпараттық кеңістік саласындағы орынсыз әрекеттерден қорғау тетігін күшейтуге бағытталған.
Жобаны талқылауға қатысқан сенаторлар бұл заңға қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды. Олардың ішінде сенатор Мұрат Бахтиярұлы назар аудартқан жайттар өте өзекті. Жас ұрпақтың тәрбиесіне қатысты туындап тұрған жағдайлар жөнінде біраз жайдан хабардар ете келе сенатор Германия, Франция, АҚШ, Жаңа Зеландия сияқты дамыған мемлекеттердің тәжірибесі жайлы сөз сабақтаған еді. Оның айтуынша, бұл елдерде әлеуметтік желілердегі кибербуллингке қатысы бар материалдарды бір тәулік ішінде бұғаттайтын немесе жоюды талап ететін заң қабылданған. АҚШ-тың 40-тан астам штатында кибербуллингке қолданылатын қылмыстық жаза өте қатаң. Бүгінгі талқыға түсіп жатқан заң жобасының басты мақсаты да балаларды кибербуллингтен қорғау. Мұны сенаторлар қолдайды. Алайда, қазіргі жасөспірімдерді мәжбүрлеп теледидардың алдында отырғыза алмаймыз. Сондықтан да, мемлекет тарапынан әлеуметтік желіге арнап жаңа контенттер шығарып, ұлттық мүдде тұрғысында бәсекеге төтеп бере алатын сауатты дүниелер дайындауға мән беру қажет. Біз оң қолымызбен саяси бәсекелестікті қолдап, сол қолымызбен ақпараттық ашықтықты шектеуге жол бермеуіміз керек. Президентіміздің халыққа ұсынған «Жаңа Қазақстан» идеологиясын іске асыру үшін азаматтардың әлеуметтік желіні толыққанды пайдалануына мүмкіндік жасалуы қажет.
Сенатор сонымен қатар құжаттағы білім беру саласына қатысты өзгерістерге де тоқталды. Соның бірі – білім беру стандарттары мен оқу бағдарламалары оқушыларды тек теориялық білім алуға бағыттап, балаларды логикалық ойлауға, білімді іс жүзінде қолдануға үйретпейтініне, өмірге дайындамайтынына қатысты болды. Мұрат Бахтиярұлының айтуынша, орта мектеп бағдарламасы шектен тыс кең, оның мазмұны өмірдегі қажетті тәжірибемен қабыспайды. Басым көпшілігінің академиялық және теориялық сипаты басым. Қазақстан үкіметі білім саласына жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлгенімен, елдегі білім деңгейі халықаралық рейтингтер жариялағанда көрініп қалады. Миллиардтаған қаржы мақсатты жұмсалу үшін Қазақстанда білім сапасы мен білім саласындағы кәсіби біліктілікті қадағалау жүйесінің тәртібі өзгеру қажет. Халықаралық тәжірибеде бұл екі жүйе билікке емес, қоғамға бағынады. Билік қаржыландыру міндетін ғана атқарады, ал стратегиялық шешім қабылдау, басшылық лауазымдарға адамдарды тағайындауды билік шешпейді. Шетелде жоғарыда айтқан екі органды заң жүзінде құзыреті бар қамқоршылық кеңестер басқарады. Ал бізде сапаны тексеретін орган министрліктің өзінің қол астында комитет ретінде жұмыс істейді және үкіметке білім сапасы туралы есепті өздері әзірлейді. Осыдан кейін білім сапасының төмендеуіне кімді кінәлай аламыз?! Сондықтан өзгерістің барлығын мемлекеттік білім жүйесін басқаруды реттеуден бастау керек.
Жалпы, азаматтық қоғам белсенділері де балаларды қорғау туралы нормаларды іске асыруға қатысты түрлі ұсыныстар қосыпты. Жиында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сенаторларға келіп түскен өтініштерді ескеріп, заң жобасындағы нормаларды мұқият зерделегенін, соның нәтижесінде бірқатар ережені қайта қарауды ұсынып отырғанын жеткізді. Осыған орай балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерді арнайы құрылған сараптама тобы қарайды. Сенат төрағасының айтуынша, бұған дейінгі жобада бұл мәселелерді шешу уәкілетті органның жеке-дара құзыретіне жатқызылған.
«Сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттіктерді алып тастады. Соған сәйкес, онлайн-платформалардың өкілдерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп балаларға қатысты кибербуллинг фактілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы теңгерімді ортаны табуына мүмкіндік береді деп сенеміз» деді осы ретте Сенат төрағасы. Палата отырысының қорытындысы бойынша заң жобасын аталған және басқа да түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.
Айша Құрманғали,
«Заң газеті»


