Елдің ертеңі саналатын жастар өз болашағын қалай құрып жүр? Мамандық таңдауда неге басымдық береді? Оларға кім үлгі? Неге әнші-биші, блогерлерге еліктейтін жастар көп? Шыны керек, қазір қатарлас, замандас жастардың аузынан «бәленше мектепті әзер аяқтаған екен», «түгенше деген бай бірде-бір ЖОО есігін ашпапты» дегенді көп естиміз. Іргелі ғылымға негізделетін дәстүрлі білімнен гөрі, жеңіл табысты жөн көру жастардың арасында тенденцияға айналғандай. Осы мәселені тереңінен зерттеп, мәнісіне үңілейік.
Бұрын телевидениеде технологиялық прогрестен хабары мол, кәсіби мамандар жұмыс істесе, бүгін телеэкранды әуесқой әнші-биші, шоумендер басты. Сапа мен саналы бағдарламалардың бағасын көзіқарақты көрерменнің өзі де бағамдап отыр. Рас, кейбір шоу бизнес өкілдері қызықты контент өндіру арқылы түрлі жарнамалар жасап, телеарнаға табыс әкеліп те жатқан шығар. Алайда, бұл журналистиканы сапалық тұрғыда өсіріп отыр деген сөз емес. Яғни, бұның бәрі жастар арасындағы біліктілікті, жаңашылдыққа деген ұмтылысты азайтатыны анық. Бүгінде мектеп бітіруші түлектердің көбі бұрынғыдай мұғалім немесе шахтер болуды мақтаныш санамайды, оның орнына әнші болып, блог жүргізіп оңай табыс тауып, тез арада байып кеткісі келеді. Сапалы контентті жасау үшін де білім керек. Еліміздегі блогерлерді төртке бөліп қарастыруға болады:
Бірінші топқа – ресми түрде ешқандай жұмыспен айналыспайтын, тек жарнама жасау арқылы пайда табатындар. Әзіл-оспақ арқылы белгілі бір аудиторияда өз қызметін көрсететіндер. Яғни, бұған мысал – әйгілі «Sekavines». Негізінде бұндай блог жүргізу оп-оңай іс емес. Өзің сценарист, өзің монтажер, өзің дизайнер болуың қажет.
Екінші топқа – қоғамдағы түрлі мәселелерді (экология, медицина, экономика) көтеру арқылы танымдық бағытта жұмыс істейтіндер. Мәселен, Өркен Кенжебектің инстаграмдағы «Orkeni» парақшасын айтуға болады. Бұл парақшадан сіз әлемдегі табиғат ғажайыптары мен түрлі архитектуралары, адамзаттың түрлі мәдениеті турасында қызық ақпараттар таба аласыз.
Үшінші топқа – белгілі бір өнімге (авто, үй, телефон) шолу түсіру арқылы, сол өнімдерді сатумен айналысатындар. Белгілі бір өнімге шолу түсіру үшін де сол өнім турасында мол ақпарат берумен қоса, камера алдында именбей сөйлей алуың керек. Қысқасы бұл да оңай дүние емес. Тынымсыз ізденіс пен жалықпай зерттеуді талап ететін сала.
Ал төртінші топқа – өзінің айналысып жүрген ісін көрсету арқылы қосымша табыс табатын блогерлер. Біздің қоғамға ең пайдалысы да осы блогерлердің өнімі. Мәселен: Самғау Нәсіпхан есімді жігіттің инстаграмдағы «Samgau» парақшасынан оның тіккен аяқ киімдерінің ерекшеліктері, бағасы турасында ақпарат табуға болады. Яғни, өз өнімін немесе мамандығы турасында пайдалы ақпараттармен бөлісетін блогерлер.
Қалыпты қоғамда барлық мамандық насихатталуы керек. Олардың да өз саласында кәсібилікке ұмтылған адамның табысқа жететіні айтылып, көп жарнамалануы керек. Сонда ғана жастардың таңдау аясы кеңейеді. Қарапайым механик, дәрігер, мұғалім, аспаздың да телеарналарда насихатталуы болашақ мамандықтарын таңдаудың алдында тұрған жастарға сол салалардың қыр-сырын қанықтырады.
Журналистика саласы да өзге мамандықтар секілді. Оның тізгінін сол салаға арнайы маманданып, бәленбай жыл оқып шыққан маман ұстауға тиіс. Бірақ бізде қазір отандық телеарналардағы көп бағдарламаларды әншілер жүргізеді. Мәселен, Қазақстан арнасында «Таңшолпан» бағдарламасын әнші Гүлнұр Оразымбетова жүргізсе, бір ғана жайдарманшы Жақсыген Нұрсұлтан – «Жетінші арна», «Алматы Тв», «Еуразия» арналарында бірнеше бағдарламарларды жүргізеді. «НТК» арнасында «Ревю» бағдарламасының тізгіні Әден Марғұлан мен Анара Батырханның қолында. Танымалдық бөлек те, бұл жерде кәсібилік бөлек. Рас, барлық жүргізушілер кәсіби маман болуға тырысады. Дегенмен, әркім өз сахнасында жұлдыз.
Жедел сұхбат
Нұрсейіт Жылқышыбай,
«Уақыт көрсетеді» ютуб каналаның жүргізушісі, журналист:
«Ешкім журналистің орнын алмастыра алмайды»
– Кәсіби білікті журналист болу үшін, міндетті түрде журналистика факультетін тәмамдау қажет пе?
– Бұл мәселеге қатысты әркімде әртүрлі көзқарас бар. Біреу айтуы мүмкін, журналист болу үшін 5-6 айлық оқу курстары жеткілікті деп. Енді өзіңіз зер салып қарайтын болсаңыз, қазіргі қайнап жатқан қазанның ортасында жүрген азаматтар мен азаматшалардың басым көпшілігі қара шаңырақ Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіргендер. Себебі, іргелі білімнің жөні бөлек, ол өмірлік азық болатын білім. Сондықтан журналист болу үшін журналистика факультетін оқымай-ақ қоюға болады деген сөз қисынға келмейді.
– Қазіргі таңда блогерлерді журналистердің орнын алмастырушы есебінде қарайды. Бұған не дейсіз?
– Бүгінде телеканалдар рейтинг көтеру үшін өнер жұлдыздарын немесе блогерлерді уақытша эфирлерін толтыру үшін пайдаланатын шығар. Бірақ көзіқарақты, білімді оқырман кімнің кім екенін ажыратып алады. Бұл кісілер де өздерінің осал тұстарын жақсы біледі, олардың қарулары сол киноға түсу, әндерін айту. Сондықтан да олар журналист ретінде бүгін бар, ертең жоқ кісілер. Ешкім журналистердің орнын алмастыра алмайды, блогерлік деген де мәңгілік мамандық емес. Сондықтан олардан қауіп қылатын дүние жоқ.
Әден Марғұлан, блогер, кәсіпкер:
«Болам деген баланың бетінен қақпай, белін бу»
– Кәсіби журналист қалай қалыптасады, блогерлікке де арнайы мамандану керек пе?
– Журналист болу үшін журналистика факультетін бітіру керек деген оймен өз басым келіспеймін. Өйткені, әртүрлі адам бар, біреудің бойында таланты болуы мүмкін, кейбірі кішкентай кезінен жаңалықтарды, шоу хабарларды көру арқылы тележүргізушілердің, журналистердің қасиеттерін бойына сіңіріп алады. Осыдан кейін ол саланы оқымай-ақ өз-өзін жақсы көрсете алады деп ойлаймын. Қасымда жүрген достарымның өзін алар болсам, Жансерік Қадырбаев журналистика факультетінде 2 курста оқып жүріп-ақ бала күнгі арманына қол жеткізді, яғни тележүргізуші болды. Тағы да бір танысым арнайы білімді алмай-ақ қазіргі таңда елімізде сұранысқа ие тележүргізушілердің бірі атанып жүр. Сол себепті міндетті түрде оқу керек деген ойға қосыла бермеймін. Одан кейін екінің бірі журналист, әнші, блогер деп жатады қазір. Ол енді әркімнің өз қалауы, қолынан келгенше еңбектенсін. 1-2 жылда өзінікі ме, әлде өзгенікі ме түсініп бір жағаға шығады. Бұлайша өскелең ұрпақтың бетінен қаға бергенше, мүмкіндік берген дұрыс.
– Блогерді журналист мамандығын алмастырушы дейсіз бе сонда?
–Негізі қазіргі таңда көптеген бағдарламаларға жүргізуші етіп, әнші-блогерлерді продюсерлердің өздері алады. Бағдарламаның халық арасында үлкен аудитория жинап, көрілімді болуы үшін көбіне продюсерлер халыққа өтімді адамдарды іздейді. Танымал әнші немесе блогерлерді шақыратыны да содан. Қазір журналистикада рейтинг, қаралым болмаса ол хабар өтпейді. Аудитория тек халыққа ұнайтын хабарға ғана жиналады. Сол себепті блогерлер де оған мүдделі. Барын салып, көңілді, қызықты ғып жүргізуге ұмтылады. Танымалдық рейтингісі жоғары хабарлар арқылы келеді. Телеарналарда шоу бағдарламалардың көбеюінің себебі де осы ғой. Ол заман талабы.
P.S Осылайша, бұл мәселедегі қоғам пікірі әртүрлі. Бірақ бұл журналистиканың қоғамдағы орнының төмендегенін көрсетпейді. Тек сапасының талғам тұрғысынан нашарлағанын дәлелдейді. Ал сапалы контент кәсібилік артқанда ғана пайда болады. Бұл кез келген салаға, кез келген мамандыққа тән заңдылық. Ендеше, мамандық таңдағанда әр жас ең алдымен кәсіби тұрғыда сауатты, сұранысқа ие бола алатын маман болуға ұмтылуы керек. Кәсібилік пен дұрыс таңдау ғана мамандығының мәртебесін арттырады, табысын көбейтеді, халық арасында сыйға бөлейді. Сапырма сөз сапасыздықтың көрсеткіші.
Ғани Еркінұлы,
студент


