Шри-Ланка билігі «Араб көктемі» стиліндегі мемлекеттік төңкерістің алдын алды. Ел басшылығын түсіру әрекеті коменданттық сағат пен қоғамдық орындарда жиналуға тыйым салынғанына қарамастан ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Colombo Gazette сайтына сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, Батыс провинцияда сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін 664 адам қамауға алынған. Шри-Ланка президенті Готабая Раджапакса наразылық акциялары аясында елде төтенше жағдай режимін енгізді. Сондай-ақ, аралда коменданттық сағат жарияланды, барлық әлеуметтік желі бұғатталды.
Шри-Ланка коронавирус пандемиясына байланысты экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр, туризмнің құлдырауына байланысты шетел валютасының күрт төмендеуі елдегі отын тапшылығына әкелді. Аралда азық-түлік пен қажетті заттардың жетіспеушілігі байқалады. Мемлекеттің көптеген ауданында үнемі электр қуаты сөніп қалады.
Араб көктемі — 2010 жылдары араб әлемінің көп бөлігінде болған үкіметке қарсы наразылықтар мен қарулы көтерілістер. Ол сыбайлас жемқорлық пен экономикалық тоқырауға жауап ретінде басталған, алғашқысы Тунисте болды. Әрі қарай наразылықтар Ливия, Мысыр, Йемен, Сирия және Бахрейнге жетті, онда ел басшылығы құлатылды немесе ірі көтерілістер, соның ішінде тәртіпсіздіктер, азаматтық соғыс я көтерілістер болды.
Еске салайық, бұған дейін Шри-Ланкада наразылықтарға байланысты төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.