Ресейлік «Спутник V» вакцинасы коронавирустың үндістандық мутациясына қарсы тиімді. Бұл туралы Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми орталығының директоры Александр Гинцбург мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости порталына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, «Спутник V»-ның екі дозасынан кейін «антиген өзгерсе де, протективті иммуноглобулиндердің титрі жоғары» болады.
«E484Q және L452R мутациялы вирустың бұл түрі Үндістанда 2020 жылдың 1 желтоқсанында анықталған сынамалардан табылды. Бұл мутацияларды зерттеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр», — деді ұйым өкілдері.
Еске салайық, Үндістанда кейінгі күндері науқастар мен қайтыс болғандар саны рекорд орнатып жатыр. Үндістан тұрғындарына тіпті үйде бетперде тағуға кеңес берілді, ал бірқатар ел ол жермен әуе қатынасын тоқтатты.