Елбасы ұсынған «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі мемлекет» атты Ұлт жоспарының екінші реформасы заң үстемдігін қам-тамасыз етуді міндеттейді. Оның маңыздылығы мен құндылығы сот жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуге бағытталғандығында.
«Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысына заманауи форматтар ендіру, артық шығындар мен сот процедураларын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заңының қолданысқа енгеніне де біраз уақыт болды. Заңдарға енгізіліген өзгерістер мен толықтырулардан халықты ұдайы хабар етіп, олардағы жаңалықтарды жеткізіп отыру қашан да маңызды. Олай дейтініміз, мұндай шаралар ең алдымен жұртшылықтың құқықтық сауатының артуына ықпал етеді. Аталған Кодекс ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы тарапынан «Азаматтық процеске айтулы бетбұрыс жасаған заң» деген баға алғанын да айта кеткен жөн болар.
Қандай бетбұрыс десек, айрықша атарлығы, судьялардың азаматтық процестегі құзыреттері қамтамасыз етілді. Ал, бұл жағдай сотқа жүгінушілерге не береді десек, судьямен қатар олардың да өздерін қорғау мүмкіндігі кеңейді. Себебі, судья іс қарау барысында тараптар ұсынған дәлелдермен ғана шектеліп қалмайды, қажетті құжаттарды сұрату, қосымша сұрақтар қою арқылы істі жан-жақты зерттеуге мүмкіндік алады. Тараптарды жете тыңдап, олармен істі кеңірек талқылау нәтижесі әділ шешімдер шығаруға әсер етіп, сотқа деген сенімді нығайтары анық. Жалпы, азаматтық процестегі судьяның белсенділігі бізге жаңашылдық көрінгенімен, өзге елдерге таңсық дүние емес. Бұл дамыған елдердің соттарында бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Айталық, Германияда сот қажеттілікке қарай тараптармен іс пен даудың нақты және заңдық аспектілерін талқылап, сұрақтар қоя алады.
Сот қызметі бүгінде заманауи технологиялармен толықтай қамтамасыз етілген. Әсіресе, сот төрелігіне қашықтықтан қол жеткізудің тиімділігі күн өткен сайын байқалуда. Өзгерістер судьяларды басы артық істерден арылтты, мысалы, заңнан аралық сот ұйғарымдарын шығару міндеті алынып тасталды. Сонымен қатар, күрделі емес дауға қатысты істер тараптардың қатысуынсыз қарала береді. Мұндай жағдайда процестің өтетін орны мен уақыты хабарланса жеткілікті. Процестік әрекеттердің мейлінше оңтайландырылуы тек соттарға емес, азаматтарға да тиімді болуда.
Күрделі өзгеріске түскен норманың бірі істің басқа сотқа берілуіне байланысты болды. Мысалы, Кодекстегі 34-баптың 5-ші бөлігіне сай енді екі тарап та сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша істі бір соттан екіншісіне беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізіледі. Бұрын екі тарап келісіп тұрғанның өзінде сот ұйғарымына шағым жасау мерзімі, яғни, 15 күн өткенге дейін іс басқа сотқа жолданбайтын.
Кодекске енген әрбір норма заң үстемдігін жеткілікті деңгейде қамтамасыз етуімен құнды. Мемлекет тарапынан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жедел түрде қорғауына жан-жақты жағдай жасалуы әрқашан да әділ сот төрелігіне кепіл болады.
Алма Мухамедьярова,
Алматы қаласының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы