12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

МӘРТЕБЕСІ ЖОҚ МАМАНДЫҚ

ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ Д.АБАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!

 

ЖАҚЫНДА СЕНАТ СПИКЕРІ ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА ДӘРІГЕРЛЕР МЕН ЖУРНАЛИСТЕР АЛҒЫ ШЕПТЕ ҚЫЗУ ЕҢБЕК ЕТІП, КҮН САЙЫН ҚАУІП-ҚАТЕРМЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЛЕ ЖҮРІП КӘСІБИ БОРЫШЫНА АДАЛДЫҚ ТАНЫТЫП ЖАТҚАНЫН ТІЛГЕ ТИЕК ЕТІП ЕДІ. ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ҚАЛАМ ҰСТАҒАН ҚАУЫМДЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ АДАМИ ТҰРҒЫДА ҚОЛДАУДЫҢ АСА ҚАЖЕТТІЛІГІН ДЕ ҚАДАП АЙТҚАН. АЛАЙДА ТӨРАЙЫМНЫҢ СӨЗІН ҚҰЛАҒЫНА ІЛМЕЙТІН ҚҰЗЫРЛЫ ОРЫНДАР ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ТҮГІЛІ, САУАЛЫНА ЖҮРДІМ-БАРДЫМ ЖАУАП БЕРУГЕ ДАҒДЫЛАНҒАН.

Өткен аптада Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен өтемақы туралы жолдаған сұрауымызға сол бойы жауап ала алмадық. Онлайнда отырып, желіде жазысып жатқан баспасөз хатшысы БАҚ өкілінің сұрағынан басы ауырып кетті ме, соңында біздер үшін телефонын бұғаттап тастады. Билік өкілдерінің тілшілерге тіксіне қарауы бүгін ғана болып отырған жәйт емес. Бұған дейін де әріптестеріміздің сұрағын сағызша созып, тілшілерді кеудесінен итерген төрағаларды көргенбіз. Заң бойынша журналистер ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға құқығы болғанымен, қалаған
сауалына қажетінше жауап алу мүмкіндігі шектеулі. Өйткені, жабық тұрған есіктің сыртынан сығалап, баспасөз хатшылары берген бір беттік қағазға мәз болысып қайтады. Маңына жоласа микрафонды жұлып, шетқақпайлайтын шенеуніктерден кейін шектеулі ақпараттың өзіне шүкір дейтініміз сондықтан. Күні кеше сенатор Айгүл Қапбарова да – журналистердің арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ екенін жасырмады. Сондықтан дәрігерлермен бірге журналистердің де кәсіби құқығы заңмен қорғалуы тиіс дегенді айтты. «Тілшілер қауымынан құзырлы органдар мен мекеме басшылары олардың сауалдарына уақытылы жауап бермейді деген шағымдар түсіп жатыр. Ал, мұндай жағдай олардың кәсіби қызметтеріне кедергі келтіреді. Соның салдарынан қоғамда нақтыланбаған, теріс ақпараттар тарауы мүмкін. Журналистерге полиция қызметкерлері сияқты карт-бланш берілмейді, бұл да өз кезегінде олардың жұмысына айтарлықтай қиындық туғызады. Сондықтан, оларға мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетіп кәсіби құқықтары қорғалуы тиіс», – дейді Айгүл Жарылқасынқызы. Айтса айтқандай, БАҚ өкілдері дәрігерлер мен полицейлер, әскерилерге беріліп жатқан мемлекеттік қолдаудан да құр қалған. Алайда карантинге қарамай елдегі барлық ақпаратты үй көрмей, түз жайлап, табанынан таусылып, өмірін қауіпке тігіп, дамылсыз жеткізуге тырысып бағуда. Антына адалдық танытқан тілшілердің ақ халаттыларға болысып, әділдік орнауына септігін тигізіп жүргенін көріп жүрміз. Төтенше жағдай кезіндегі журналистердің еңбегін дәрігерлер мен полицейлерден бөліп қарауға болмайды. Өйткені, мысқалдап кіретін аурудан ақпараттың аздығы қауіпті. Адасу – ақпараттың аздығынан орын алады. Ал, бүгінгідей жағдайда дер кезінде берілген ақпарат халықты біріктіруге, күмәнді сейілтіп, келешекке деген сенімді нығайтуға бағытталып отыр. Ендеше, осы майданда жүрген журналистердің де еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Журналист Талғат Ешенұлы – «еліміздегі әлеуметтік жағынан ең аз қорғалған топтың бірі – журналистер екені осы жолы да анық байқалды» дегенді айтады. «Олар карантин жарияланған қалада, ауылда, мекемеде камералары мен ноутбуктарын арқалап, маскамен-маскасыз жүр. Олар қауіпке толы қоғамдық орындардан, көше-алаңдардан дамылсыз хабар беріп жатыр. Олар өздерінің кәсіби журналистік қызметіне адал. Сөйте тұра, олардың бұл мемлекеттегі құқықтарынан міндеттемелері көп болып тұр. Рұқсаттарынан тыйымдары басым түсіп жатыр. Қазақстандағы журналистердің құқықтық, қауіпсіздік мүмкіндіктері шектеулі. Әлеуметтік кепілдіктері жоққа тән. Ақиқаты осы! Меніңше, біздегі құзырлы министрлік, Үкімет пен Президент Әкімшілігі, тым құрығанда карантин уақытында, журналистердің жеке бас қауіпсіздігін күшейтуге, әлеуметтік жағдайларын оңалтуға көңіл бөлуі тиіс. Мемлекеттік, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының құрылтайшылары мен басшыларына «Карантин уақытында журналистердің еңбек ақысын көтеру туралы» кешіктірмей пәрмен берілуі тиіс», – деген әріптесіміз: «Үйде, теледидар мен компьютердің алдында отырып, әріптестерім кешке шаршап-шалдығып үйлеріне қайтады-ау деп ойланамын.
Азық-түлікке ақшалары жетпей жатса, не ауру жұқтырып келсе ше?..» деп алаңдаушылығын білдіреді.
Журналист-фрилансер Кәмшат Тасболат – «журналистердің жұмысын дәрігерлер мен полицияның қызметіндей қауіпті емес деп салыстырудың өзі қисынсыз» деп отыр. Өйткені, әр мамандықтың маңызы зор екенін жеткізген журналист: «Ақпарат – күшті қару. Егер журналистер өз жұмысын атқармаса, онда сол жерде дезинформация, фейк-ақпарат таралып, артынша қоғамды хаос жайлап, мародерлік жағдай, ұрлық-қарлық басып кетері анық. Дамушы елдер үшін бұл аса қауіпті. Өкінішке қарай, коронавирус елімізде тарала бастады деген ақпарат шыққалы бері әлеуметтік желілерде, чаттарда теріс, жалған ақпарат көптеп жариялана бастады. Дәл мұндай жағдайда елді үрей-қорқыныш билейді.

Бұл тұрғыдан журналистер таратқан ресми ақпарат қауіп-қатердің алдын алды. Еуроньюстің ақпаратына сенсек, көрші Ресейде кемі 100-ден астам журналист коронавирус індетін жұқтырған. Қазақстанда да ақпаратты таратудың алдыңғы шебінде жүрген біраз журналистің карантинге жабылғанын білеміз. Өкінішке қарай, біздің елімізде көбіне медицина қызметкерлеріне міндетті тест жасалып, көптеген журналистер тексеруден тыс қалып жатқан жоқ па деген сұрақ туындайды. Журналистерге де респираторлық маска, медициналық қолғап сияқты қорғану құралдары ауадай қажет. Әрине, әрбір бұқаралық ақпарат құралының басшылығы өз мүмкіндігінше бұл мәселені шешіп-ақ жатыр. Мемлекеттік БАҚ-тарда мүмкіндік көп. Бұл тұрғыдан меншік иесіне қарамастан, бүкіл БАҚ өкілдері мемлекеттік қолдауға ие болуы үшін, бәлкім, Түркиядағыдай журналист мәртебесін бекіту қажет шығар. Мәселен, Түркияда журналистерге белгілі бір еңбек өтілінен кейін сары карточка беріп, мәртебесін аңғартады. Ол арқылы журналист таксиге, қоғамдық көліктің бар түріне тегін мінеді, бүкіл мемлекеттік, қоғамдық мекемелер, мұражай-көрмелердің де есігі ашық. Шыны керек, осы күнге дейін журналистер мұғалімдер мен дәрігерлердің жайын көп қозғады, тиісті заң жобалары қабылданғалы жатыр. Ендігі кезек – журналистерде. Бұл мамандықтың қадірін ел де, үкімет те енді түсініп жатыр. Өкінішке қарай, соңғы жылдары біздің елімізде маңызды пресс-турлардан гөрі, трендте жүрген блогерлермен блог-турлар ұйымдастыру үрдісі байқалады», – дейді Кәмшат Тасболат. Журналист, жазушы Серік Әбікенұлы – заңдық тұрғыдан ешбір қорғалмаған журналистика мамандығының статусын анықтайтын уақыт келгенін айтады. «Біздегі БАҚ туралы заң журналистердің қызмет аясын ғана реттейді. Ал, олардың әлеуметтік статусы ешбір жерде қарастырылмаған. Олар мемлекеттік қызметкерлердің, не басқа қызметкерлердің сапында жоқ. Бізде журналистер – еңбегін сатушы ретінде есептеледі. Соңғы кезде журналистиканың бағасы түсіп кеткендей болып еді. Мемлекет берген тапсырысты ғана орындап, баспасөз берген баянхатты насихаттаушы секілді көрінген. Өзінің таза кәсіби міндетінен айырылып қалғандай болып жүр еді. Сосын бізде журналистерді әркім бір түртпектейді. «Журналистика бар ма? Бізде тек қана насихаттаушылар ғана бар. Журналистика өліп қалды» деп байбалам салған табалаушылар көбейіп кетті. Бірақ, бір жамандықтың бір жақсылығы бар. Қазір елімізде қауіпті індет шыққандықтан елдің басына зобалаң туды. Сол кезде халықты құлақтандыру, хабарландыру, алдын алу мәселесінде журналистер алдыңғы шепке шықты. Әлгі сынаушылардың көбі жан сауғалап, үйіне тығылған кезде журналистер қолына микрафоны мен диктафонын алып, бетпердесін киіп ең қатерлі жерлерде жүрді. Әлі де жүр. Бұл мәселе журналистердің міндетін ашық көрсетіп берді. Пандемия кезінде айтылмай, көрсетілмей келген қаншама былықтың беті ашылды. Қаншама бағдарламалардың тек қана қағаз жүзінде ғана жүзеге асқанын, экономикамыздың шамасын көрсетіп берді. Бізде осы уақытқа дейін жүргізіп келе жатқан саясаттың әлеуетін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, журналистиканың өлмегенін дәлелдеп берді. Одан кейін қазір «БАҚ өкілдері де кезекпен баспана алуы керек» деп жатыр ғой. Ол өте орынды. Жас мамандарымыз жалтақтамай мемлекеттік бағдарлама аясында мұғалімдер мен дәрігерлер секілді әлеуметтік көмек алуы тиіс. Өз бастарының қайғысы жетіп артылса, жұрттың жағдайын қалай жеткізеді? Қазір дәрігерлер алдыңғы шепте жүр. Президент оларға мемлекеттен берілетін өтемақының көлемін нақты көрсетті. Полицейлерге, әскерилерге басшылық сыйақы бөлетіндерін айтты. Ал, солардың еңбегін көрсетіп, Президенттің саясатын халыққа хабардар етіп жүрген журналистер індет жұқтырса, оларға қандай көмек көрсетіледі? Қауіпке қарсы тұрған күрескер топтың арасынан тілшілер тағы алаланып қалды.

Журналистердің көкірегіндегі шері шеменге айналды. Одан бөлек, журналистердің аузы буылған. Бізде тәуелсіз журналистика жойылып бара жатыр. Себебі, тәуелсіз журналист Қазақстанда күнін көре алмайды. Күн көру үшін кез келген бір мекеменің қызметін істеуің қажет. Кез келген БАҚты алып қарасақ, оның артында бір мекеме, ту сыртында қаржыландырып тұрған алпауыт болады. Сондықтан, бізде журналистер өз міндетін атқаруына мүмкіндік қалмады. Егер журналистер өз міндетімен жұмыс істесе, басшылықтардың шетқақпайлауы, мемлекеттік қызметтегілердің менсінбеушілігі болмас еді. Қазір әлеуметтік желіге ерінбей көз салсаңыз, еріккеннің бәрі журналистерді жамандайды. Білім министрлігі күйреп жатыр, солардың жасаған оқу әдістемесінен оқушылар шетінен мақау мен сақау болды. Сол балалар журналистика факультетіне түседі, оны көргендер «міне, қазақ журналистикасының сықпыты осы» деп сабалайды. Бізде күйреп жатқан саланы емес, сол жерден шыққан біреуді іліп алып барлығын қаралау басым. Журналистердің әлеуметтік не заңдық статусы жоқ болған соң, құзырлы орындардың қақпайлауы, сауалды жауапсыз қалдыруы түсінікті дүние. Дәл қазір пандемия кезінде де журналистер қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмай жатыр. Темірді қызған кезінде соғуы керек дегенімізбен, ақпаратты дер кезінде жеткізуге мүмкіндік берілмей жатыр. Ақпараттың соншалықты жасырын болғандығынан халық қазір «коронавирус бар ма, жоқ нәрсе ме?» деп екіұдай болып жүр. Журналистер ақпаратты құмалақ шашып, бал ашып білмейді ғой. Нақты фактіге сүйенеді», – дейді Серік Әбікенұлы. Қарынның ашқаны емес, қадірдің қашқаны қалам ұстаған қауымға қатты батып жүр. Журналист, жазушы Серік Сарыбаев айтпақшы, журналистикаға жан беру үшін ауыздағы бұғауды алып, ақпаратқа қолжетімділікті арттыру керек-ақ. Екіншіден, құқығы заңмен қорғалып, әлеуметтік статусы айқындалса, тілшілердің еңсесі тіктеліп, еңбектері елеусіз қалмайтын еді.

Жадыра МҮСІЛІМ

[ratings]

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.

Что угрожает единству общества? 

Депутат Мажилиса Парламента подозревает некие скрытые силы в проведении целенаправленной кампании по дестабилизации политической ситуации в стране с использованием социальных сетей и других онлайн-платформ.

Елімізде қаңтардағы демалыс күні ауыстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

Депутат мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына балалар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды.