Қазақстанда қаржы пирамидаларын жарнамалаған блогерлер мен танымал тұлғалар заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін. Егер олар әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы азаматтарды күмәнді жобаларға ақша салуға шақырса, әрекеті қылмысқа қатысу ретінде бағалануы ықтимал. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті басқармасының басшысы Дилар Қоғабаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, Қазақстан заңнамасында қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 217-1-бабы бойынша мұндай әрекет үшін төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жарнама мен қылмысқа қатысудың жауапкершілігін ажырата білу керек. Егер медиа тұлға өзінің аккаунты, Instagram немесе басқа әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды қаржы пирамидасына тартса, оның әрекеті қылмысқа қатысу ретінде саралануы мүмкін, – деді Дилар Қоғабаев.
Осылайша, қаржы пирамидаларын әлеуметтік желілерде жарнамалаған блогерлер мен танымал тұлғалар тек жарнама үшін ғана емес, жобаның қызметіне қатысуына қарай қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.


