Қазақстанда 23 қазан мен 27 қазан аралығында жылжымайтын мүлік тіркеуге және нысандарды техникалық тексеруге өтініш беру тоқтады. Бұл уақытта бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін мына қызметтер бойынша өтініш қабылдау тоқтайды:
- жер кадастры саласындағы мемлекеттік қызметтер;
- жылжымайтын мүлікті тіркеу;
- жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру.
Мамандар бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының цифрлық жүйесін және жария кадастрлық картаны QazTRF-23 жаңа координаттар жүйесіне көшіреді.
QazTRF-23 (Qazaqstan Terrestrial Reference Frame 2023) — 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген заманауи мемлекеттік координаттар жүйесі. Ол цифрлық карталар мен деректерді спутниктік навигация арқылы пайдалануға мүмкіндік береді.
Ал жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде қажет электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алуға болады.
Қазір азаматтар eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жылжымайтын мүлікке қатысты бірқатар мемлекеттік қызметті онлайн ала алады.
Ол үшін порталға электрондық цифрлық қолтаңба немесе QR-код арқылы кіріп, «Жылжымайтын мүлік» бөліміндегі қажетті қызметті таңдау керек. Өтініш жіберілгеннен кейін дайын электрондық құжат немесе қызмет нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетіне түседі.


