Жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Орман шаруашылығы қызметкерлері күнін осы салада қызмет ететін 17 мыңнан астам маман асыға күтеді. Орман шаруашылығы мамандарының қызметі – бұл орман алқаптарын қорғау, қалпына келтіру, тиімді пайдалану және олардың экологиялық жүйесін сақтауға бағытталған кешенді жұмыс.
Бұл мамандар табиғат пен экономика арасындағы теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда бұл мамандық иелерінің иығына тек орманды күзету ғана емес, Мемлекет басшысының Қазақстан аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу туралы ауқымды стратегиялық тапсырмасын жүзеге асырудың басты жауапкершілігі жүктелген. Орманшылар күнінің Үкімет қаулысымен бекітілген Кəсіби мерекелер тізіміне енгеніне келесі жылы 10 жыл толады. Сондықтан мерекелік лебіздер мен марапаттардың тасасында қалып қоятын қордаланған мəселелерді де айта кеткен жөн. Өйткені əлемде жер көлемі жағынан – 9, орман қоры жағынан – 86, орманның ел аумағындағы үлесі жағынан – 190 орын алатын мемлекетте 17 мыңнан асатын орман шаруашылығы қызметкерінің жұмыс істеуі өте аз. Дамыған елдерде бір орманшы орташа есеппен 500 гектардан 2-3 мың гектарға дейінгі орманды күтіп-баптайды. Қазақстанда бір орманшыға келетін күзет аумағы орташа есеппен 15-20 мың гектарды, ал кейбір сексеуілді жəне шөлді аймақтарда 50-70 мың гектарға дейін жетеді. Мұндай шамадан тыс жүктеме əлемдік орман күзеті тəжірибесінде өте сирек кездесетін мамандар тапшылығын айқын көрсететін ерекше көрсеткіш болып табылады. Оның үстіне біздегі сала қызметкерлеріне орман өртін сөндіруші, тракторшы мен əкімшілік-техникалық жұмысшылар да кіреді. Экология жəне табиғи ресурстар министрлігінің бекітілген штаттық лимитіне сəйкес, Қазақстанның мемлекеттік орман қорын тікелей қорғайтын мемлекеттік орман күзетінің жалпы саны 10 500-ден асады. Еліміздің басқару жүйесі бойынша оның 6500-і жергілікті əкімдіктерге қарасты орман шаруашылығы мекемелерінде қызмет етеді. Ал 4 мыңға жуығы министрлікке қарасты республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ұлттық парктер, мемлекеттік қорықтар мен «Семей орманы», «Ертіс орманы» сияқты табиғи резерваттарда) қызмет атқарады. Еліміздегі орман өрттері мен браконьерлік фактілер бұл саланың құқықтық, экономикалық жəне əлеуметтік негіздерін түбегейлі қайта қарауды қажет ететінін көрсетті. Соңғы жылдары ел Президенті тапсырмасымен орман шаруашылығы қызметкерлерінің, əсіресе тікелей өртпен күресетін топтар мен десантшылардың жалақысын көтеру жəне үстемеақылар қосу бағытында маңызды қадамдар жасалды. Дегенмен, экономикалық тұрғыдан бұл сала əлі де тартымды бола алмай отыр. Басты себеп – лауазымдық жалақының төмендігі мен материалдық-техникалық базаның ескілігінде. Көптеген өңірлік орман шаруашылықтарында техникалардың жартысынан көбі тозған, бұл өрттің алдын алу жəне жедел сөндіру жұмыстарына кедергі келтіреді. Сарапшылар оны шешу жолын да ұсынып отыр. Сала қызметкерлерінің еңбекақысын инфляция деңгейіне қарай жүйелі түрде индекстеу жəне тек өрт сөндірушілер емес, қосымша техникалық жұмысшылар мен инженерлік құрамды да қамтитын бірыңғай тарифтік желіні енгізу қажет. Сонымен қатар, саланың қаржыландыру моделін жергілікті əкімдіктерден алып, толықтай республикалық бюджетке ауыстыру арқылы өңірлердегі материалдық теңсіздікті жоюға болады. Орманшыларды əлеуметтік қолдау пакетін құқық қорғау немесе əскери құрылымдардың деңгейіне жақындату уақыт талабынан туындап отыр. Қазіргі таңда орманшылардың құқықтары Орман кодексімен қорғалғанымен, олардың мəртебесі əлі де азаматтық қызметші деңгейінде қалып отыр. Браконьерлер заманауи қарумен, жол талғамайтын көліктермен жəне түнде көру құралдарымен жарақтанған заманда, орманшының қорғаныс қауқары əлсіз. Осыған орай, заңнаманы жетілдіру бойынша мынадай 3 ұсыныс алға тартылады. Біріншісі, «Мемлекеттік инспектор» мəртебесін күшейту: Орман кодексіне жəне Қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер енгізе отырып, мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне заң бұзушыларды анықтау сəтінде уақытша ұстау, жедел айғақтар жинау жəне құқық қорғау органдары келгенше оқиға орнын оқшаулау бо йынша шектеулі полициялық өкілеттіктер беру қажет. Екінші, арнайы құралдар мен қаруды қолдану тəртібін жеңілдету. «Қызметтік қару туралы» заңнама аясында орманшылардың өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда қызметтік қаруды қолданудың құқықтық алгоритмін нақтылау керек. Қазіргі таңда заң жүзіндегі шектеулердің көптігінен инспекторлар қару қолдануға жүрексінеді, бұл өз кезегінде олардың өміріне қауіп төндіреді. Үшінші, «Экологиялық рейнджер» институтын құру. Дамыған елдердің (АҚШ, Канада) тəжірибесіне сүйеніп, орманшылықтарды біртіндеп кешенді «Рейнджерлік қызметке» трансформациялау туралы арнайы заң қабылдау қажет. Бұл заң арқылы орманшы тек ағаш күтуші емес, мемлекеттік маңызы бар стратегиялық нысанды қорғаушы арнайы орган мəртебесіне ие болады. Орман – бұл тек қана шаруашылық емес, бұл мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен болашақ ұрпақтың таза ауасы. Жасыл желекті сақтап қалу үшін оны қорғайтын адамдардың тағдырына, əлеуметтік-құқықтық қорғалуына мемлекеттік деңгейде басымдық берілуі тиіс. Кəсіби мереке қарсаңында басталған реформалар қағаз жүзінде қалмай, əрбір орманшының тұрмысы мен қауіпсіздігінен көрініс тапқанда ғана олар табиғат алдындағы өз парызын адал атқара алатыны анық.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


