Қырғызстаннан Қазақстанға өтпек болған ресейлік әнші Navai Жамбыл облысындағы «Қордай» өткізу бекетінде ұсталды. Оның көлігін тексеру кезінде есірткі заты табылған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«13 қазанда «Қордай» өткізу бекетінде полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, Navai сахналық есімімен танымал шетел азаматын ұстады. Ол мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленді», делінген полицияның хабарламасында.
Аталған дерек бойынша есірткі заттарының контрабандасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция әзірге оқиғаның өзге мән-жайын жариялаған жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды.


