Қазақстанда риелторлық қызметті реттеуді күшейту жоспарланып отыр. Тиісті заңнамалық түзетулер пакеті қазірдің өзінде Құрылтайдың қарауына жіберілген. Нарықта қандай мәселелер бар және риелторлардың жұмысын біріздендіретін ережелер не үшін қажет? Бұл туралы Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Арнайы дайындықсыз жұмыс істеуге бола ма?
Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов риелторлық қызметке қатысты заңнамалық түзетулердің қажеттілігі баяғыдан туындағанын айтады.
Оның сөзінше, бүгінде кез келген адам өзін риелтормын деп жариялап, арнайы дайындықсыз, біліктілігін растамай және кәсіби жауапкершіліксіз жұмыс істей алады. Сарапшы мұндай жағдайды мәміле құны ондаған, тіпті жүздеген миллион теңгеге жететін нарық үшін қолайсыз деп санайды.
Сондықтан кәсіби қызметпен айналысу құқығы біліктілікті растаумен, белгіленген тексеруден өтумен және маманды бірыңғай ұлттық тізілімге енгізумен байланысты болуы тиіс. Азамат бірнеше минут ішінде өзіне қызмет ұсынып тұрған адамның кім екенін, оның риелторлық қызмет көрсетуге құқығы бар-жоғын, біліктілігі расталғанын және мәртебесінің қолданыста екенін тексере алуы керек. Сонымен қатар бизнесті тіркеу мен кәсіби біліктілікті бір-бірінен ажырату маңызды деп есептеймін. ЖК (жеке кәсіп) немесе ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) ашу адам кәсіби риелторға айнала салады деген сөз емес, – деді сарапшы.
Мүсіреповтің айтуынша, бүгінде риелтор мамандығына қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін арнайы заң жоқ. Мұндай мамандардың қызметі азаматтық және кәсіпкерлік заңнаманың жалпы нормаларымен реттеледі.
Сарапшының пікірінше, бұл салаға кіру шегі әлі де өте төмен. ЖК немесе ЖШС тіркеудің өзі жылжымайтын мүлік маманының біліктілігін дәлелдей алмайды. Кәсіби қауымдастық бұл жағдайды өзгерту қажеттігін көптен бері көтеріп келеді.
Сонымен қатар, сарапшы нарықта кәсіби талаптардың бар екенін атап өтті.
«Жылжымайтын мүлік нарығындағы риелторлық қызметтер» ұлттық стандарты мамандарды аттестаттауды, сертификаттауды және тізілім жүргізуді қарастырады. Алайда бұл тетік риелтор болып жұмысын бастаған әр адамның біліктілігін міндетті түрде тексеруді қамтамасыз ете алмай отыр.
Сондықтан нарық біркелкі дамымаған: кәсіби агенттіктермен қатар қажетті дайындықтан өтпеген, іс жүзінде тек делдалдықпен айналысатын адамдар да жұмыс істейді, – дейді сарапшы.
Риелторлардың табысы қанша?
Мүсіреповтің айтуынша, Қазақстандағы риелторлардың орташа жалақысы туралы ресми статистика жоқ. Көп жағдайда олардың табысы мәміле үшін алынатын комиссиялық сыйақыдан құралады: бір айда табыс мүлде болмауы мүмкін, ал келесі айда орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары болуы ықтимал.
Сарапшы келтірген нарықтық деректерге сәйкес, комиссия көлемі нысан құнының шамамен 1–3%-ын немесе бірнеше жүз мың теңге көлеміндегі бекітілген соманы құрауы мүмкін. Қымбат сегментте бұл көрсеткіш одан да жоғары болады.
Кейбір мамандардың айтуынша, риелторлық қызметті жаңадан бастағандардың табысы айына 500–600 мың теңгеге жетуі мүмкін. Ал тәжірибелі мамандар тұрақты мәмілелер легі болған жағдайда бірнеше миллион теңге табыс табады. Дегенмен Мүсірепов мұның жекелеген мамандардың көрсеткіші екенін, ал жалпы нарық бойынша орташа табыс саналмайтынын атап өтті.
Сарапшының пікірінше, сыйақы мөлшерін қызмет сапасы мен риелтордың жауапкершілігімен бірге қарастыру қажет. Клиент бірнеше жүз мың немесе миллион теңге комиссия төлесе, құжаттарды талдауға, нысанды және оған қатысты құқықтарды тексеруге, тәуекелдерді анықтауға әрі келіссөздер мен мәмілені кәсіби сүйемелдеуге үміт артуға құқылы.
Салада ең алдымен қандай мәселелер шешілуі керек?
Мүсіреповтің пікірінше, ең алдымен мамандыққа кіру талаптарын белгілеу қажет. Ол үшін оқыту жүйесін енгізіп, құзыреттерді объективті бағалау және біліктілікті мерзімді түрде растау тетігін қарастырған жөн.
Сарапшы сондай-ақ риелторлардың бірыңғай ашық ұлттық тізімін құруды ұсынады.
Бұл реформаның ең маңызды элементтерінің бірі. Тізім ашық әрі азаматтарға түсінікті болуы тиіс. Аты-жөні, сәйкестендіру нөмірі немесе QR-код арқылы маманның мәртебесін, біліктілігін және қызмет көрсету құқығының қолданыста екенін көруге мүмкіндік болуы керек, – дейді сарапшы.
Мүсіреповтің пікірінше, клиентке келтірілген залал үшін жауапкершілік мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Соның ішінде кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру тетігін қарастырған жөн.
Бұдан бөлек, клиентпен қарым-қатынас көрсетілетін қызметтердің нақты тізбесі, төлем шарттары, тараптардың міндеттері мен шағымдарды қарау тәртібі көрсетілген жазбаша келісімшарт арқылы рәсімделуі тиіс.
Алаяқтықтан қорғану үшін риелторлар мәмілелердегі құқықтық тәуекелдерді жақсы түсініп, құжаттарды, ауыртпалықтарды және сатушының өкілеттіктерін тексере білуі қажет.
Тағы бір маңызды міндет – нарықты көлеңкеден шығару. Сарапшының айтуынша, жаңа ережелер тұтынушыларды қорғап, адал бизнес жүргізуге жағдай жасауы керек. Егер реттеу тек бюрократиялық жүктемені арттырып, шығындарды көбейтсе, ал заңсыз делдалдар бақылаусыз қала берсе, мәселе шешілмейді.
Риелторлар өзгерістер туралы не ойлайды?
Мүсіреповтің айтуынша, кәсіби қауымдастық жалпы алғанда риелторлық қызметті реттеу идеясын қолдайды. Нарықтағы тәртіпті күшейту бастамасы кәсіби бірлестіктердің өздерінен де шыққан. Сарапшы заңнамалық өзгерістер кәсіби емес делдалдық пен алаяқтыққа қарсы бағытталуы тиіс деп есептейді. Сонымен қатар риелторлық қызметтің кәсіби стандартын бекіту қажет.
Алайда нарық қатысушылары арасында реттеудің нақты моделі жөнінде ортақ пікір жоқ. Негізгі сұрақтар сертификаттауды кім жүргізетініне, тізілімді кім басқаратынына, білім мен еңбек өтіліне қандай талаптар қойылатынына, біліктілікті растау қанша тұратынына және қазіргі мамандар үшін өтпелі кезеңнің қалай ұйымдастырылатынына қатысты.
Мүсіреповтің пікірінше, реформа қосымша әкімшілік кедергілер туғызбауы үшін мемлекет кәсіби қауымдастықтың ұстанымын ескеруі қажет. Реформаның басты мақсаты – нарықтың кәсіби деңгейін көтеру. Риелторлар расталған білімге ие болып, міндетті стандарттарды сақтап, клиенттер алдында нақты жауапкершілік арқалауы тиіс.
Заң жекелеген риелторларды немесе агенттіктерді бәсекеден қорғау үшін қабылданбауы керек. Ең алдымен ол жылжымайтын мүлікті сатып алушы мен сатушыны қорғауы тиіс. Егер біз дәл осындай жүйе қалыптастыра алсақ, бұл нарықты шектеу емес, керісінше бейберекет делдалдықтан толыққанды кәсіби салаға көшу болады, – деді ол.
Еске салайық, 2024 жылы Қазақстанда риелторларға қойылатын талаптарды күшейту туралы Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлімдеген болатын.
Сол кезде ұсынылған өзгерістер 2022 жылы елге көшіп келгендердің көбеюінен кейін тұрғын үй нарығында қалыптасқан жоғары сұраныспен түсіндірілген еді.


