Қорғаныс министрлігінің тексерісінен кейін 13 қылмыстық іс қозғалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігінің ауқымды тексерісінің алғашқы нәтижелері таныстырылды. Бірінші кезеңнен кейін 13 қылмыстық іс қозғалды. Маңғыстау облысындағы трагедияның мән-жайы жеке тергелуде. Қолбасшылықтың салғырттығы туралы іс бойынша бес лауазымды тұлға қамауға алынды. 

Мемлекет басшысына Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері туралы есеп берілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады.

Жиын барысында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкерелегені атап өтілді.

Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті.

Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында болады.

Заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғалды

Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облысындағы трагедияның жай-жапсарын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілгені анықталды.

Бес лауазымды тұлға тұтқындалды

Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында біршама кемшілік бары анықталды. Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды.

Қауіпсіздік талаптарын, әскери қызметті өткеру шарттарын сақтау, тылды қамтамасыз ету және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне айрықша мән беріліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Тексеріс нәтижесі Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуге тиіс.

Жиында қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы тиімді әрекет ететін жаңа тұрпатты армия қалыптастыру қажеттігіне баса мән берілді. Жаңғыру белгілері әскери тәртіптің күшеюінен, әскери қызметшілерге борышын өтеу кезінде тиісті жағдай жасаудан және қауіпсіздік деңгейінің артқанынан байқалуға тиіс.

Сонымен қатар кешенді тексеріс объективті түрде жүргізіліп, әскердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеу қажеттігі атап өтілді.

Қарулы күштер қатарында Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидаты мүлтіксіз сақталуы керек.

Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.

Жаңа тарихи кезең – жаңа міндеттер: Тоқаев стратегиялық даму жөніндегі сараптама тобын құрды 

Президент жанындағы жаңа сараптама тобы елдің ұзақмерзімді даму басымдықтарын айқындап, стратегиялық бастамаларды талқылауға қатысады. Оның құрамына кімдер енді?

Алматыда әрбір үшінші жолаушы автобуста жолақысын төлемейді 

Алматыда автобустардың лық толуы қала тұрғындары жиі көтеретін мәселелердің бірі. Әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық көліктегі жолаушылардың бір бөлігі жолақысын төлемейтіндіктен, олардың нақты саны есепке алынбай қалуы мүмкін екенін айтып жүр. Тіпті бұл жағдай қала билігінің автобусқа деген сұранысты бағалауына әсер етуі ықтимал.

Қытай 2030 жылға қарай Айдан су мен оттегі өндіруді жоспарлап отыр 

Қытайдың Айды зерттеу бағдарламасының бас конструкторы У Вэйжэнь бастаған мамандар тобы осы бағыттағы ғылыми-техникалық жоспар әзірлеген.

Қазақстандықтар банктерге 26,7 трлн теңге қарыз: Кім кредит ала алмайды? 

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының банктер алдындағы кредиттік берешегі 26,7 трлн теңгені құрады.

Оқушылардың қысқы каникул уақыты өзгерді 

Бекітілген кестеге сәйкес, оқушылар 28 желтоқсаннан бастап демалады. Ал сабақ 2027 жылғы 11 қаңтарда қайта басталады.