Қазақстанда орта білім беру ұйымында оқушы мен тәрбиеленушінің ұялы телефон қолдану тәртібі бекітілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Телефонды қай кезде қолдануға болады?
Тиіс қағидалар Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 24 қыркүйектегі №282-НҚ бұйрығымен бекітілген. Құжат Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 25 қыркүйекте №39972 болып тіркелген. Құжат 2026 жылғы 9 қазаннан бастап күшіне енеді.
Жаңа қағидалар меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, орта білім беру ұйымдарындағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты қолданылады.
Құжатқа сәйкес, оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абонент құрылғысын пайдалануға үш жағдайда рұқсат етіледі.
Біріншіден, оқу тапсырмасын орындау үшін телефон қажет болған кезде оны педагог нұсқауы бойынша оқу мақсатында пайдалануға болады.
Екіншіден, білім алушының, тәрбиеленушінің немесе басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туындаса, телефон қолдануға рұқсат беріледі.
Үшіншіден, білім алушының немесе тәрбиеленушінің денсаулық жағдайына байланысты телефон пайдалану қажет болған жағдайда да құрылғыны қолдануға болады.
Сабақ басталғанға дейін телефонды дыбыссыз режимге қою керек
Қағидада сабақ басталғанға дейін білім алушы немесе тәрбиеленуші ұялы телефонды діріл және дыбыс сигналдары өшірілген дыбыссыз режимге ауыстыруы немесе оны толық өшіруі керектігі көрсетілген.
Сабақ кезінде телефонды пайдалануға болмайды. Бұған тек жоғарыда көрсетілген үш жағдайда ғана рұқсат беріледі.
Мектепте материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктер болған жағдайда, ұялы телефондарды сақтауға арналған арнайы жабдықталған орындар белгіленуі мүмкін.
Мұндай орындар болған жағдайда оларды пайдалану тәртібі және онда қалдырылған құрылғылардың сақталуын қамтамасыз ету шаралары білім беру ұйымының ішкі тәртіп қағидаларымен белгіленеді.
Оқу тапсырмасын орындарда телефонды қалай қолдануға болады?
Телефон оқу мақсатында қолданылған жағдайда мұғалім алдымен оны пайдалану қажет болатын оқу тапсырмасын анықтайды.
Педагог сабақ басталғанға дейін оқушыларға тапсырманың мазмұнын, телефонды пайдалану тәртібі мен ұзақтығын түсіндіреді. Бұдан бөлек, оқу тапсырмасын өз бетінше орындауға қойылатын талаптар мен телефонды пайдаланудың рұқсат етілген тәсілдерін түсіндіреді.
Телефонды пайдаланып бастау және тоқтату туралы нұсқауды да педагог береді.
Фото, аудио және бейнежазбаға да талап қойылды
Оқу тапсырмасын орындау кезінде телефонның фото, аудио және бейнежазба функцияларын педагог нұсқауы бойынша пайдалануға рұқсат етіледі.
Бұл ретте Қазақстанның дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасы, жеке өмірді және адамның өз бейнесіне құқығын қорғауға қатысты заң талаптары сақталуы керек.


