Алматыда 4 қазаннан бастап коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифі сараланады. Енді тұрақ құны аумақтағы көлік жүктемесі мен тұрақ орындарына сұраныс көп-азына қарай белгіленеді. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Тариф қалай өзгереді?
Жаңа тәртіп бойынша, ақылы тұрақ бағасы үш деңгейге бөлінеді:
- 100 теңге – көлік жүктемесі төмен аумақтарда;
- 150 теңге – орташа жүктемелі жерлерде;
- 200 теңге – көлік қозғалысы көп және тұрақ орны тапшы аумақтарда.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, жаңа тариф жүйесінің негізгі мақсаты – тұрақ орындарының айналымын арттырып, жүргізушілердің бос орын іздеуге жұмсайтын уақытын азайту.
Тұрғындарға жеңілдік беріледі
Ақылы тұрақ орналасқан аумақта тұратын тұрғындар үшін тегін тұрақ қою мүмкіндігі сақталады. Ол үшін көлік иесі резиденттік рұқсат рәсімдей алады.
Мұндай рұқсат тұрғын үйге жақын орналасқан таңдалған тұрақта бір көлікті тегін қоюға мүмкіндік береді. Кейбір санаттағы азаматтарға арналған жеңілдіктер де сақталады.
Алматыда резиденттік тұрақ жүйесін енгізу мәселесі бұған дейін тұрғындардың наразылығынан кейін көтерілген. 2026 жылғы 17 тамыз бен 25 қыркүйек аралығында 354 тұрғынға үйінің маңындағы ақылы тұрақты тегін пайдалануға мүмкіндік беретін рұқсат берілген.
Тарифті саралау туралы шешім
Ақылы тұрақ тарифтерін өзгерту мәселесі Алматыда бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 18 қыркүйекте Алматы қаласы жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диқанбаев коммуналдық тұрақтар үшін бірыңғай тарифтің орнына сараланған жүйе енгізу ұсынылғанын айтқан:
«Жаңа тарифтік кесте екі негізгі критерийге сүйенеді. Біріншісі — көлік жүктемесі, ал екіншісі — аумақтың функционалдық бағыты», — деді Ержан Диқанбаев.
Қала әкімдігі жаңа жүйе тұрақ орындарының тиімді пайдаланылуына, көлік қозғалысын реттеуге және тұрақ ережелерін бұзу жағдайларын азайтуға ықпал етуі мүмкін.


