Оқу бағдарламасына жасанды интеллект енгізілді: Қандай өзгеріс болады? 

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект бағытындағы білім беру мазмұны жаңартылып жатыр. Енді бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, білім беру мазмұнын жаңарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы республикалық педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес қолға алынған. Жұмыс 2025 жылдың қыркүйегінен бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Кейін бұл бағыттағы реформаның құқықтық негізі де күшейтілді. 2025 жылғы қарашада «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданса, 2026 жылғы мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Президент Жарлығы күшіне енді.

Осы құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары жаңартылды.

Министрлік бұл өзгеріс тек пән атауының ауысуымен шектелмейтінін атап өтті. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналғандықтан, оқу бағдарламасына осы бағыттағы жаңа бөлімдер енгізіліп, жалпы 43 жаңа оқу мақсаты қосылды.

Бастауыш сыныптарда не оқытылады?

1-4 сынып оқушылары «Медиасауаттылық және жасанды интеллект» бөлімі бойынша 17 оқу мақсатын меңгереді. Олар жасанды интеллектімен қарапайым мысалдар арқылы танысып, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін үйренеді.

Орта буын оқушылары нені меңгереді?

5-9 сыныптарда «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және жасанды интеллект» бөлімдері бойынша 14 оқу мақсаты енгізілді.

Оқушылар жасанды интеллект құралдарын оқу барысында тиімді пайдалануды, дұрыс сұраныс (prompt) құрастыруды, алынған жауаптарды сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын сақтауды үйренеді.

Жоғары сыныптарға қандай тақырыптар енгізілді?

10-11 сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі оқытылады. Бұл бағыттағы 12 оқу мақсаты аясында оқушылар жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттарын меңгеріп, оны тәжірибеде қолдануды үйренеді.

Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.

Министрлік жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алғанын мәлімдеді. Қазір олар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында.

Сонымен қатар педагогтер үшін білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.

Қазақстанда не үшін 15 тәулікке қамауға алуы мүмкін? – Адвокаттың түсініктемесі 

Вандализмді басқа құқық бұзушылықтардан ажырата білу маңызды.

Президент Тоқаевтың 30 жылдан астам уақыттағы айтқан сөздері бір кітапқа топтастырылды 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 30 жылдан астам уақыттағы маңызды ой-пікірлері алғаш рет бір кітапқа топтастырылды. Басылымға не енді?

Алматыдағы жаңа стадион 2028 жылы пайдалануға беріледі

УЕФА-ның төртінші санатына сәйкес салынатын спорт нысаны халықаралық деңгейдегі матчтар мен ірі спорттық іс-шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.

26%-ға төмендеген өлім-жітім: Неге скринингтен өтуге қорықпау керек? 

Елімізде жыл сайын онкологиялық аурулардың шамамен 43 мың жаңа жағдайы анықталады.

Қазақстан академиялық ескек есуден U19 әлем чемпионатында бақ сынайды 

Әлем біріншілігінде Қазақстан атынан екі спортшы сынға түседі. Семён Первушкин және Дмитрий Ануприев ел намысын қорғайды.