Алматыда 16–20 шілде аралығында күтілетін аптап ыстыққа байланысты көшелерде аэрация және суару жұмыстары күшейтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZтілшісі.
«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, аталған күндері ауа температурасы кей жерлерде +42 градусқа дейін көтеріліп, биыл алғаш рет +40 градустан асады. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш климаттық нормадан айтарлықтай жоғары.
Осыған байланысты қаланың Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы көше-жол желісін күтіп ұстау мен қаланы қосымша салқындату шараларын күшейту туралы шешім қабылдады.
Аптап кезеңінде негізгі магистральдық көшелер мен халық көп жүретін аумақтарда жол жабынын суару және ауаға су бүрку жұмыстарын жүргізу үшін 16 арнайы техника бағанасы жұмылдырылады. Жұмыстар күннің ең ыстық уақытында атқарылып, қаладағы 128-ден астам көшені қамтиды.
Бұдан бөлек, көше-жол желісін күнделікті санитарлық тазалау жұмыстары жалғасады. Қазір жолдарды, тротуарларды, аялдама павильондарын және өзге де қалалық инфрақұрылым нысандарын жууға 500-ден астам арнайы техника тартылған.
Мамандардың айтуынша, аэрация мен суару жұмыстары жол маңындағы ауа температурасын төмендетуге, шаңның көтерілуін азайтуға, асфальттың шамадан тыс қызуының алдын алуға және жол жабынына түсетін температуралық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.


