Автонесие нарығындағы өзгерістер: Сұраныстың төмендеуіне не әсер етті? 

2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда автонесиеге сұраныс төмендеді. Қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, банкке түскен өтінімдер саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11%-ға азайған. Сонымен қатар берілген несиелер көлемі де қысқарған. Алайда сарапшылар мұны автонарықтағы дағдарыстың белгісі деп санамайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Керісінше, нарықта бір мезетте бірнеше үрдіс қатар жүріп жатыр: банктер талапты күшейтті, пайыздық мөлшерлемелер өсті, ал жаңа көліктердің бағасы бірқатар сегментте төмендей бастады.

Банктердің талабы күшейді

Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, сұраныстың төмендеуіне ең алдымен банктердің қарыз алушыларға қоятын талаптарының күшеюі әсер еткен.

Көптеген азаматтар несие талаптарынан өте алмайтынын түсінеді. Бірі бұрын бас тартуға тап болса, енді бірі өз жағдайын білгендіктен өтінім бермейді. Сондықтан сұраныстың төмендеуіне негізгі себептердің бірі – банктердің талаптарының қатаюы деп ойлаймын, – дейді ол.

Оның пікірінше, соңғы жылдары кең таралған трейд-ин бағдарламалары мен дилерлер ұсынатын бөліп төлеу тетіктері де классикалық автонесиеге деген қажеттілікті азайтып отыр.

Сонымен қатар жаңа көліктер нарығындағы бағаның төмендеуі де тұтынушылардың мінез-құлқын өзгертуде.Бұрын 18-20 миллион теңге тұрған кейбір модельдер бүгінде бірнеше миллион теңгеге арзандаған.

Пайыздық мөлшерлеме сатып алушыларды тежеп отыр

Экономист Бауыржан Ысқақ автонесиеге сұраныстың төмендеуін макроэкономикалық факторлармен байланыстырады.

Базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталуына байланысты банктердің несие мөлшерлемелері де қымбаттады. Сонымен қатар халықтың қарыз жүктемесі артты.Нәтижесінде әлеуетті сатып алушылардың бір бөлігі көлік сатып алуды кейінге қалдыруды жөн көруде, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, пайыздық мөлшерлеменің бірнеше тармаққа өсуінің өзі ай сайынғы төлем көлемін айтарлықтай арттырады.Сондықтан азаматтар арзанырақ көлік таңдауға немесе сатып алуды кейінге қалдыруға мәжбүр.

Қайталама нарықтағы тоқырау

Автонесие өтінімдерінің азаюына екінші деңгейлі нарықтағы жағдай да әсер етіп отыр.

Алексей Алексеевтің айтуынша, жаңа көліктер арзандағанымен, қолданыстағы көлік сатушылар бұрынғы бағаларын сақтап қалған. Соның салдарынан сатып алушылар дилерлік орталықтардағы жаңа көліктерге көбірек назар аудара бастаған.

Мысалы, бір адам көлігін 10 миллион теңгеге сатқысы келеді. Ал сатып алушы дәл сол ақшаға дилерлік орталықтан жаңа көлік ала алады. Бір-екі жыл бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан қайталама нарықтағы жағдай да автонесие сұранысына әсер етіп отыр, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, жылына шамамен 230-240 мың жаңа көлік сатылса, автонесие өтінімдерінің саны миллионнан асады. Бұл несиелердің басым бөлігі әлі де қолданыстағы көліктер нарығына тиесілі екенін көрсетеді.

4,1 трлн теңге қарыз алаңдатуы керек пе?

Қазақстандықтардың автонесие бойынша жиынтық берешегі 4,1 трлн теңгеге жеткен. Алайда экономист бұл көрсеткішті бірден қауіпті деп бағалауға болмайтынын айтады.

Мұнда ең бастысы – қарыздың көлемі емес, сапасы. Егер проблемалық несиелер деңгейі төмен болып, азаматтар төлемдерін уақытында өтеп отырса, бұл автонарықтың дамып жатқанын көрсететін қалыпты құбылыс болуы мүмкін, – дейді экономист.

Сонымен бірге сарапшы халық табысының өсімі мен қарыз көлемі арасындағы тепе-теңдік сақталуы қажет екенін атап өтті. Егер борыш жүктемесі табыстан жылдам өссе, қаржы жүйесі үшін тәуекелдер күшеюі мүмкін.

Қымбат көліктерге сұраныс артқан

Нарықтағы тағы бір қызық үрдіс – құны 10 миллион теңгеден асатын көліктерге берілетін несиелер үлесінің өсуі.

Бауыржан Ысқақ мұны халықтың жаппай байып кеткенімен емес, көлік бағасының қымбаттауымен байланыстырады.

Қымбат көліктерге берілетін несиелердің артуын толықтай халық әл-ауқатының жақсаруының көрсеткіші деп айту қиын. Көп жағдайда бұл азаматтардың қымбаттаған нарыққа бейімделіп, бұрынғыдай көлік сатып алу үшін көбірек қарыз алуға мәжбүр болып отырғанын көрсетеді, – дейді сарапшы.

Ал Алексей Алексеев бұл үрдіске басқа қырынан қарайды.Оның айтуынша, кейбір модельдердің арзандауы нәтижесінде сатып алушылар бұрын қолы жетпеген жоғары сегменттегі көліктерді таңдай бастаған.

Сарапшы сондай-ақ Қытай автокомпаниялары арасындағы баға бәсекесі мен Қазақстандағы жаңа автозауыттардың іске қосылуы нарықтағы ұсынысты көбейткенін атап өтті.

Жыл соңына қарай сұраныс қайта өсуі мүмкін

Сарапшылардың пікірінше, автонесие нарығындағы қазіргі төмендеу күрделі дағдарыстың белгісі емес. 11%-дық қысқару нарықтың қалыпты түзетілуі ретінде бағалануда. Әдетте жылдың екінші жартысында көлік сатылымы жанданады. Сондықтан экономикалық жағдай тұрақты болса, автонесиеге сұраныс қайта қалпына келуі мүмкін.

Тауың шағылмасын, жас түлек! Өмiр мемлекеттiк грант алумен өлшенбейдi

Бүгін 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім грантының нəтижесі жарияланады. Абитуриенті бар əр отбасының көңілі алаң. Мемлекеттің дамып көркеюіне, өзінің білімінің тереңдеп, көзқарас пайымының кеңеюіне үлес қосуға ниетті сан мыңдаған түлектің үміттерін үкілейтін жыл сайынғы осы алаңдаулы сəт санаулы уақыттардан кейін артта қалып, анық жүйрік алға шығады.

Тойға заң керек пе: Қазақстандықтар бір жылда қанша қаржы жұмсайды? 

Қазақстанда той өткізу – жеке отбасының қуанышы. Алайда оның әлеуметтік және экономикалық салдары бір шаңырақтың шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен.

Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды 

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген азамат Вьетнамнан экстрадицияланды.

Экологиялық дабыл: Англиядағы су қоймаларының бәрі ластанған 

Мәліметке сәйкес, егер судағы қауіпті заттардың мөлшері белгіленген нормадан асып кетсе, су нысаны «жақсы химиялық жағдай» талаптарына сай деп есептелмейді.

Қазақстан көшіп баруға қолайлы Орталық Азиядағы ең үздік ел атанды 

Қазақстан Rumavi компаниясы жыл сайын әзірлейтін Global Relocation Index 2026 нұсқасы бойынша көшіп баруға қолайлы Орталық Азиядағы ең үздік ел атанды.