Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен мекеме қызметкерлері Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Балаларға күлкі сыйла» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, отбасылық құндылықтарды нығайту, сондай-ақ қоғам мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері арасындағы оң өзара байланысты дамыту болды.
Акция аясында мекеме қызметкерлері балаларды мерекемен құттықтап, оларға тәтті сыйлықтар – балмұздақ пен шырындар табыстады. Бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлаған аю бейнесіндегі ростық қуыршақ балалармен бірге ойнап, суретке түсіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Іс-шараға 1 жастан 12 жасқа дейінгі 70-тен астам бала қатысты. Құттықтау шаралары негізінен балалар жиі демалатын Орталық саябақ пен «Полковничий» аралында өтті.
Балалар сыйлықтарды зор қуанышпен қабылдап, мерекелік бағдарламаға белсене қатысты.
– Бұл біздің балаларымыз үшін ұмытылмас мереке болды. Олар шынайы қуанып, ерекше әсерге бөленді. Әсіресе ростық қуыршақты көріп, тәтті сыйлықтар алған сәтте балалардың көздері қуанышқа толды. Осындай шаралар балаларға тек сыйлық қана емес, жылулық пен қамқорлық сезімін сыйлайды. Мұндай естеліктер олардың жадында ұзақ сақталады.
Сонымен қатар, осындай игі бастамалар мекеме қызметкерлеріне деген сенімді арттырып, олардың адамгершілік пен мейірімділікке толы қырын көрсетеді. Балалар үшін қызметкерлердің тек өз міндеттерін атқарып қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласып, өскелең ұрпаққа қамқорлық танытуы өте маңызды. Осындай қайырымды акцияларды ұйымдастырып, балаларға қуаныш сыйлап жүргендеріне алғысымыз шексіз, – деді балалардың бірінің анасы.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, әлеуметтік және қайырымдылық шаралар ұжым жұмысының маңызды бөлігі болып табылады.
– Біз тек қызметтік міндеттермен шектелмей, қоғамға пайдасын тигізетін игі істерге де ерекше көңіл бөлуге тырысамыз. Балаларды қорғау күні – өскелең ұрпаққа қамқорлық жасаудың маңызын еске салатын ерекше мереке. Осындай акциялар арқылы балаларға қуаныш, жылулық пен жағымды эмоция сыйлап қана қоймай, қоғам мен мекеме қызметкерлері арасындағы сенім мен өзара байланысты нығайтамыз, – деді мекеме бастығының міндетін уақытша атқарушы Рүстем Берлібеков.
Іс-шара соңында балалар тәтті сыйлықтар алып, жарқын әсерге бөленді. Ұйымдастырушылар «Балаларға күлкі сыйла» акциясы мекеменің игі дәстүріне айналады деген сенім білдірді.


