Қандай мобильді аударымдар тексеріледі? Жаңа талаптар түсіндірілді

Қазақстанда мобильді аударымдарға бақылау күшейтілгенімен, салық органдары барлық азаматты бірдей тексермейді. Тек қатарынан 3 ай бойы ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша қабылдап, түскен қаражат көлемі 1 020 000 теңгеден асқан жағдайда ғана азаматтардың деректері мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі. Салық кодексінің 55-бабы 2-тармағының 24) тармақшасына сәйкес, банк ұйымдары мемлекеттік кірістер органдарына жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар операциялары анықталған банктік шоттарына басқа адамдардан түскен ақшаның жиынтық сомасы туралы мәлімет беруге міндетті. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің BAQ.KZ редакциясына берген ресми жауабында айтылған.

Өлшемшарт қалай анықталады?

Құжатта жеке тұлғалардың банктік шоттарындағы операцияларды кәсіпкерлік қызметтен табыс табу белгілері бар операцияларға жатқызу өлшемшарттарын уәкілетті орган Ұлттық банкпен келісу арқылы бекітетіні көрсетілген. Бұл өлшемшарттар Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы №698 бұйрығының 5-қосымшасы негізінде қабылданған. Қазіргі талапқа сәйкес, мобильді аударымдарды бақылаудың негізгі критерийі – азаматтың қатарынан 3 ай бойы ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша қабылдауы. Бұған қоса, сол үш айдағы түскен қаражаттың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы тиіс. Қазіргі есеп бойынша бұл – 1 020 000 теңге.

100 аударым емес, 100 түрлі адам

Құжатта бұл жерде 100 аударым емес, дәл 100 түрлі адамнан түскен қаражат есепке алынатыны ерекше аталған.

Яғни, 3 ай қатарынан әр айдың ішінде 100 немесе одан да көп адамнан мобильді аударым арқылы ақша қабылдаса және сол 100 түрлі адамдардан түскен ақшаның жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асса ғана өлшемшарт бойынша назарға ілігеді, – делінген құжатта.

Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер барлық критерий бір уақытта орындалған жағдайда ғана азамат туралы мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына жолдайтыны түсіндірілген.

Қандай жағдайда деректер салық органдарына жіберіледі?

Мысал ретінде құжатта мынадай жағдай келтірілген: егер азамат наурыз айында 100 немесе одан көп адамнан, сәуір айында тағы 100 немесе одан көп адамнан, мамыр айында да 100-ден астам адамнан мобильді аударым қабылдап, үш айдағы қаражат көлемі 1 020 000 теңгеден асса, онда оның деректері мемлекеттік кірістер органдарына беріледі.

Арнайы салық режимі қарастырылған

Құжатта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар үшін арнайы салық режимі де қарастырылғаны айтылған. Атап айтқанда, 2025 жылғы 18 шілдедегі Салық кодексінде оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі көзделген. Бұл режим салықтарды есептеудің жеңілдетілген тәртібін қарастырады. Яғни мұнда шығыстар есепке алынбайды, ал кіріс салық салу объектісі ретінде қаралады. Соның нәтижесінде салық мөлшерлемесі жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салыстырғанда төмен болады.Салық кодексінің 723-бабы 1-тармағына сәйкес, мұндай режимді күнтізбелік жылдағы табысы белгіленген шектен аспайтын және үкімет тыйым салмаған қызмет түрлерімен айналысатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар пайдалана алады.

Елімізде су тапшылығы күшейіп барады: Қай өңірлер қауіп аймағында? 

Қазақстанда су тапшылығы енді болашақтың болжамы емес, бүгінгі күннің нақты проблемасына айналып барады. Бірқатар аймақтар қазірдің өзінде құрылымдық су тапшылығын сезініп отыр.

Қазақстанда жаңа ордендер пайда болады: Сенат заңды мақұлдады 

Cенаторлар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды мақұлдады.

ҚАЗІР ТОЙМЕН ЕМЕС, ОЙМЕН ЖАРЫСАТЫН ЗАМАН

Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеуді үйлестіру, өткiзiлетiн салтанатты iс-шараларды...

3-5 жылда баспана тағы қымбаттайды – сарапшы 

Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қазақстандағы жылжымайтын мүлік бағасына қатысты болжамын айтты.

Қазақстанда мұғалімдерге қатысты заң қабылданды: Енді не өзгереді? 

Қазақстанда педагог мәртебесін күшейтуге бағытталған ауқымды заң жобасы Мәжілісте екінші оқылымда қабылданды.