12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚАРБЫЗ ДӘМІ

I ТАРАУ. СУЫТ ХАБАР

Шілденің аптап ыстығы Шымкенттің тас жолын да тітіркендіріп жіберген. Асфальт иісі ыстық ауамен араласып, көкжиекте бұрқыраған сағымға айналды. Жол көзге көрінбейтін толқын секілді дірілдейді.

Полицей көлігі қаладан шыға бере, Келес бағытына қарай зулады. Рөлде – жедел уәкіл Мақсат. Қасында – аға тергеуші Абылай Әзімханұлы. Ірі денелі, қыр мұрынды, қабағы үнемі түйіңкі. Бірақ түрінен сабыр мен сенім сезіледі. Оның аты Оңтүстікте ғана емес, республика көлемінде де белгілі: «өлі» істі сөйлеткен, ашылмаған түйінді тарқатқан тергеуші. Бірақ бүгінгі сапардың салмағы бөлек еді. Әлдебір түйсік мазасын алды.

Аудандық бөлімшеден түскен хабар қысқа болатын: «Сейіт ауылында сөмкенің ішінен иістенген адам дене мүшелері табылды. Жеке басы анықталмаған».

Ұзақ үнсіздікті Мақсат бұзды:

– Қойдың еті деп ойлаған ғой…

Абылай терезеден көз алмады. Қалың қамыс, қураған шабындық, әріде жапырлай салынған жер үйлер. Дала тым-тыныш. Мұндай үнсіздік көбіне қанды оқиғаның алдында сезілетін.

Демін ішіне тартқан қорқыныштай.

– Мұндайда малды емес, – деді Абылай баяу, – адамның ішкі малтығын тексеру керек, – деп күбірледі ол. Кімге айтқаны, неге айтқанын өзі де білмейді.

Келеске қарай бет алған көлік тасжолдың бетін бұлдыратқан сағымға сіңіп бара жатты.

II ТАРАУ. БІР СЫР БҮККЕН ТЫНЫШТЫҚ

      Сейіт – томаға-тұйық, тыныш ауыл. Алайда бірдеңе бола қалса, жұртшылығы дереу дүрк ете қалатын. Абылай ауыл шетіндегі оқиға орнына келгенде, сары лента тартылған жерге бір топ адам жиналып қалған еді. Жүксалғышта сөмке сол күйі тұр екен. Полиция қаптап, оны қоршап қойған. Иісі – шіріген, жанға бататын сасық иіс. Абылай бетіне маска киіп, сөмкеге еңкейіп қарады. Ашылған аузының ішінен полиэтиленге оралған, сұрланып кеткен адам аяғы көрінді. Тобық тұсынан кесілген, күре тамырдан қан сарқылып кеткені байқалады.

– Кім тапқан? – деді Абылай суық үнмен.

– Көршісі. Бақытжан деген жігіт. Шаштараз. Машинасының жүксалғышында екі күн тұрған. Сасық иіс шыққан соң ашып қараған, – деді учаскелік полиция.

– Дереу шақырыңдар.

Көп күттірген жоқ. Жетіп келді. Қоршаудың ар жағында қол қусырып тұрған еді себебі. Өзі де түкке түсінбей тұр, аң-таң. Жанарынан «Не жазып қалдым?!.» деген жазуды оқу қиын емес.

– Сіз бе сөмкені көрген? – деді Абылай жақындап қатқыл үнмен.

– Иә. Кө-кө-көрші әйел… Қорыққаннан жігіт тұтығып, сөйлей алмай біраз тұрды.

 – Тездетсеңші, не қылды көрші әйел? – осы сәт тергеушінің ашуы бұрқ ете қалды…

– Динара деген… ке-ке-келіп, «мына ескі сөмкені қоқысқа апарып тастай салшы» деді.

–  Ішінде не бар деп сұрамадың ба? Иісі ше, иісі сезілмеді ме? Әлде мұрның иіс сезбей ме?

–  Сездім, сездім. Сұрадым ғой… Ол «Қойдың еті еді, ағаң әкеліп қоя салыпты маған айтпай, тоңазытқышқа салмай, бұзылып кетіпті» деді ғой. Ауыл болған соң көмектестім. Бірақ…

– Сөмкені ашпай бердіңіз бе?

– Иә. Ашпадым. Иіс шыққан соң…

Абылай жігітке тіке қарады. Қозғалысы, бет әлпеті, дауыс ырғағы – сырттай тыныш көрінгенмен, ішкі абыржуды жасыра алмай тұр.

– Динара сізге кім болады?

– Көрші. Бұрыннан танимыз. Менен екі көше төмен тұрады. Арамызда ештеңе жоқ, ағасы…

Абылай оның бұл сөзді неге нақтылап айтқанын бірден байқады. «Арамызда ештеңе жоқ» – ақталудың бірінші сатысы.

– Сөмкені өз көлігіңнің жүксалғышына салдың ба?

– Иә…

– Неге бірден апарып тастамадың?

– Уақытым болмады. Ауылда көлік көп емес, менің машинаммен көп адам жүреді. Бірінен кейін бірі. Соларды тасып болған соң, түнде апарып тастаймын деп ойлап едім. Қара басып, сол бойы қалып қойыпты. Бір-екі күн өткен соң ғана машинаға отырған клиент тыжырынып, «немене сасық иіс шығып тұр?» деп мінбей қойды. Сол кезде ғана есіме түсті…

Абылай басын изеді. Бірақ дәптеріне:

«Сөмке – 2 күн жүксалғышта. Жігіт – тым сабырлы. Көршісі – жалғызбасты келіншек. Ал сөмкеде – бөлшектелген дене. Қарапайым адам мұндайды жасай ала ма?» деп жазып қойды.

III ТАРАУ. ҚОЛҚАНЫ ҚАПҚАН СЫЗ ИіСІ…

Сейіт ауылының шетіне қарай өзге үйлерден оқшау орналасқан шағын ғана үй – шатыры көнерген, шарбақтары шіріп кеткен. Сыртқа қараған терезелері тарс жабық. Есіктің алдына жай ғана су себілген, сыпырылғаны байқалады. Біртүрлі тым ұқыпты. Шамадан тыс таза.

– Динара үйде ме? – деді Абылай ішкі ілініп тұрған торды түртіп.

– Іште. Бірақ біраздан бері ешкіммен сөйлескісі келмейді, – деді учаскелік сақшы.

– Сөйлескісі келмесе де, сөйлесуіміз керек, – деді Абылай сабырмен.

Есікті аша бергенде, іштен әлсіз дауыс естілді:

– Иә… Кіріңіздер.

Абылай табалдырықтан аттаған сәтте үй ішінен дымқыл ауа сезілді. Бір түрлі ылғал мен хлордың қоспасы секілді. Қонақ бөлмедегі диванда сұрғылт халат киген жүдеу келіншек сұлқ отыр екен. Шашы жинақы, әйтсе де бетінде қоңырқай көлеңке, көзі үркек.

– Сәлеметсіз бе. Мен – тергеуші Абылай Әзімханұлы. Бірнеше сұрақ қойсам деймін.

– Иә…

– Күйеуіңіз Берік қайда?

– Білмеймін…

– Соңғы рет қашан көрдіңіз?

– Үш күн бұрын. Қатты ашулы болды. Үйден шығып кетті. Қайтып келген жоқ.

– Ал көршіге берген сөмке ше?

– Иә, ет болатын… мен де нақты білмеймін… қойдың еті… бұзылып кетіп еді…

Абылай үнсіз қарап отырды. Келіншектің үні бәсең, сөздері жай айтылғанмен, әр сөйлемнің арасы тым ұзақ. Әдейі ойланып жауап беріп тұрғаны анық.

– Сіз сол түнде үйде болдыңыз ба?

– Иә…

– Қонақ болған жоқ па? Біреу келіп-кетпеді ме?

– Жоқ…

Осы сәт Абылай үй ішін барлай қарады.  Әлі толық бітпеген, бірақ қазірдің өзінде бір түрлі көнеріп үлгерген үй секілді. Еңсені бір нәрсе басып тұрғандай. Бәлкім, ол қабырғалардың ақталмай, қара сылақ күйінде тұрғандығынан ба екен… Осылай ойлап қабырғаны бойлап кеткен көзіне төмен түсіре беріп еді, кенет көзі терезенің жақтауындағы ұсақ сызаттарды, еденнің бір шетіндегі өңі оңған ізді байқады. Бөлме іші жуылып, тазартылған. Бірақ тазалықтың өзі – тым ізетті. Бұл – күнделікті күтім емес. Бір түрлі із жасыруға тырысқан адамның іс-әрекетінің иісі аңқитындай.

– Жуынатын бөлмеңізді көруіме бола ма? – деді Абылай аяқ астынан.

Динара сәл тосылып барын, амалсыз басын изеді. Абылай ішке кірді де, кір жуғыш машинаның үстіндегі сүлгілерге, раковина астындағы шелекке, плитка тігістеріне көз жүгіртті.

– Ыстық сумен жуылған. Хлор иісі бар. Жақында жуылған.

Ол дыбыс шығармады. Құжаттарға ештеңе жазбады. Бірақ иіс, сызат, қозғалыс… бәрі тергеушінің ішкі картасын сызып жатты.

ТҮНГІ ЖАЗБА

Сол күні Абылай аудандық бөлімшеге қайтып келді. Жол бойы мүлдем тіл қатпады. Кабинетке кіріп, үстелге жайғасқанда ғана көмекшісі Мақсат қарап:

– Не дейсіз? Динара ма, әлде Бақытжан ба? – деді бірден.

– Екеуі де өтірік айтып отыр. Бірақ біреуі өтірікті – өзін қорғау үшін, екіншісі – біреуді жасыру үшін айтып отыр.

– Сонда?

– Ертең Бақытжанды тергейміз. Толық. Телефонын, байланысын, сол түнде қайда болғанын – бәрін.

– Ал Динараны ше?

Абылай сәл ойланып:

– Ол шындықты айтуға дайын. Бірақ бір сәтті күтіп отыр. Қорқыныш – әлі үстем. Ал мен соны бұзуым керек.

IV ТАРАУ. «ҚОЙДЫҢ ЕТІ»…

Бақытжан орындықта тік отырса да, иығы салбырап кеткен. Әлдене ішінен мүжіп тұрғаны анық. Абылай дәптерін жапты да, көзілдірігін сәл көтеріп, күдіктінің жүзіне тура қарады.

– Тағы бір мәрте айтайық, – деді сабырмен. – Динара сізге өзі келді ме?

Бақытжан басын изеді.

– Иә. Өз аяғымен келді.

– Қай күні?

– Сенбі. Кешке таман.

– Не деді?

Бақытжан сәл кідірді. Сол бір сәл ғана кідіріс Абылай үшін тым ұзақ боп сезілді.

– «Қойдың етін Берік үйге әкелген екен, бірақ маған айтуды ұмытып, қоя салыпты. Сол бойы тұрып сасып кетіпті. Тастай салшы», – деді. Дәл солай айтты.

– Сіз сендіңіз бе?

– Енді… ол менің бұрыннан араласып жүрген жолдас баламның әйелі ғой. Қалай сенбеймін?

Абылай жымия қойған жоқ. Керісінше, дауысы салқындай түсті.

– Бірақ ол етті неге күйеуі Берікке шығартқызбай, саған айтты. Күйеуің қайда деп сұраған жоқсың ба?

– Ол вахтада істейді ғой… Келіншегі көбіне жалғыз қалады балаларымен. Оны Беріктің өзі де тапсырып кеткен, «жеңгең көмек сұраса, қол ұшын беріп тұр» деп…

– Бірақ оның күндіз емес, түн ортасында келіп тұрғаны бір түрлі көрінбеді ме?

– Ойланбаппын…

Бақытжан осы сәт басын қасыды. Сасқалақтап… Бірақ үнінде шынайылық та бар.

– Қанға боялған дорбамен? – деп айғайлап жіберді ашу кернеген тергеуші осы сәт.

Бақытжанның ерні кеберсіп кетті.

– Ме-ме-мен… а-а-ашып қараған жоқпын да. Шын айтам, ашқан да жоқпын. Жүк салғышқа сала салдым.

– Бірақ иісін сездіңіз, – деді Абылай.

Бақытжан көзін төмен салды.

– Мүңк етті, бірақ ол өзі айтты ғой «сасып кеткен деп»… – деді әрең. – Бірақ… ойламадым.

Абылай орнынан баяу тұрды. Бойын кернеген ашуды әрең басып, өзін сабырға шақырып. Үстелді айналып өтті де, күдіктінің қарсы алдына келді.

– Сіз ойламаған шығарсыз, ал Динара ойлады, – деді ол анық үнмен. – Ол сіздің сенетініңізді білді. Сіз сұрамайтыныңызды білді. Ең бастысы – үнсіз қалатыныңызды білді. Сіз білесіз бе, қазір заң жүзінде кім екеніңізді?

Манадан бері көзін төмен салып тұрған Бақытжан мына сөзге жалт қарады.

– Қылмысты жасырушы… Сыбайлас…

– Қандай қылмысты айтып тұрсыз, тергеуші мырза, түк түсінбедім? Қойдың етін тастағанның қылмысқа қандай қатысы бар? – деді жыларман боп.

– Сөмкеде ешқандай да қой емес, адамның еті болған. Және де ол сіздің досыңыз Беріктің денесі!

– Ааа? Не дейсіз? Не деп тұрсыз? Мүмкін емес!

– Менің сізбен қалжыңдасып тұратын уақытым жоқ. Одан да, сіз маған Динара мен Беріктің арасын айтыңызшы, екеуі тату тұратын ба еді? Ұрысатын, келіспей қалатын кездері болмаушы ма еді?

– Ұрысатын, – деді сосын амалсыз. – Соңғы кездері Берік мүлдем өзгеріп кеткен. Динара да…

– Міне! – деді Абылай. Ол манадан дәл осы сөзді күтіп отыр еді.

– Қалай өзгерді?

– Тұйық. Ашулы. Бұрын мейірімді, жұп-жуас болатын. Кейінгі кездері тіпті көздері қанталап, екінің бірінде келіншегіне қол көтеретін болды. Оны біз қызғаныш қой, ерлі-зайыптылар арасында бола береді ғой деп ұқтық.

– Қызғаныш деңіз? Кімнен, неден?

– Білмеймін, шын айтамын. Ыңғайсыз ғой сұраған…

Абылай дәптеріне белгі қойды. Ауыл ішіндегі өсек енді жай сөз емес, тергеудің тірі материалына айналып бара жатты.

– Демек, – деді Абылай қорытындылап, – Динара сізге «қойдың еті» деп айтып, белгісіз нәрсені түн ішінде тасытуға көндірген. Ал сіз ештеңе сұрамадыңыз.

– Сұрағам жоқ, әрине… Досымның әйелі ғой.

– Сонда да сіз жауапкершіліктен қашып құтыла алмайсыз, Бақытжан. Себебі кейде қылмыс – істеген әрекет емес, көре тұра көз жұмған сәттен басталады.

Бөлме тағы да үнсіздікке көмілді.

Абылай терезеге қарап тұрып, іштей бір нәрсені анық түсінді: бұл істің түп-тамыры Динараның қолынан басталғанымен, оның ізі жалғыз емес еді. Күдік енді бір адамға емес, тұтас бір үнсіздікке бағытталған.

V ТАРАУ. ҚАРБЫЗ ҚАБЫҒЫНДАҒЫ ДАҚ

Кеш түсе Келестің аспаны қайтадан тұнжырады.  Шілденің қапырығы басылса да, ауыл үстін бір түсініксіз тынымсыздық билеп алғандай. Үйлердің арасымен ақырын сырғи жүріп, Абылай бейне бір көрінбейтін сызықтарды, үнсіз сөйлемдерді оқуға тырысқан кісідей, жан-жағын қалт жібермей бақылайды.

Бүгін ол Динара мен Берік тұратын үйге қайта кірді. Тергеу рұқсаты алынған. Есікті ашқан сәтте мұрынға сол баяғы ылғалдың иісі мүңк етіп келді. Ағаш еден – сәл дірілдейді, қабырғада – ақшыл дақтар. Қолына резеңке қолғап киіп, бөлмеге жаймен көз жүгіртті.

Асүйдің үстелінде кепкен шай дағы, қабырғада ілулі қалған перде. Тоңазытқыш бос, бірақ мұздатқыш бөлімінде пластик қорап тұр. Абылай ашып қарады – ештеңе жоқ. Бірақ төменгі сөреде… кесілген қарбыз қабығы жатыр. Қатты иістеніп кеткен.

Тергеуші сол сәт сәл кідірді. «Қарбыз… Динараның айтуынша, сол түні қарбыз жеп отырған. Бірақ бұл неліктен әлі осында жатыр? Егер біреуді өлтірген болса, неге дәлелді тазаламаған?.. Әлде әдейі қалдырды ма?..»

Қабықтардың біреуінде жұққан қан дағын көрді. Абылай дереу криминалист шақыртты.

ТЕЛЕФОННАН ТАБЫЛҒАН «ОЛЖА»

Осы уақытта сарапшы Динараның телефонынан алынған деректерді талдап отырды. Абылай оған арнайы тапсырма берген – TikTok, мессенджер, жойылған хабарламалар, жазбалар. Сарапшы жымиды:

– Қызық дүние шықты, аға. Міне, қараңыз.

Экранда ашылған жазба – дауыс арқылы жазылған қысқа күнделік:

«…кейде Берік мені тұншықтырып жатқандай болады. Айқайлап оятам өзімді. Ол қатты қызғанады. Тіпті көшеде қарап қалған адамға ашуланады. Бірақ мен де адаммын ғой. Бір рет болсын күлкім қатты шықса, соны кешірмейді. Шыдамым шегіне жетті… Бір күні болмаса, бір күні бір сұмдық болатын сияқты…»

Датасы – оқиғаға бір апта қалғанда.

– Бұл не? – деді Абылай, біртүрлі үнмен.

– Дауысы – Динараныкі. Бұл – жасырын түрде сақталған естелік-бейне. Арнайы қалтада, құпия сөзбен. Қарапайым адам байқамайды.

Тергеушінің ішкі түйсігі дүр сілкінді. Ол бұл сөздердің шындығына емес, айту мәнеріне зер салды. Динара бұл жазбаны жазғанда әлдебір дайындықпен, ойға алып айтқандай. Көңілі толмастан басын шайқады.

«Бұл – куәлік емес. Бұл – рұқсат іздеген ақтау ғана.

Сол түні криминалист хабарласты.

– Аға, қарбыз қабығынан адамның қаны табылды. Бірақ бір қызығы, ол ер адамның емес… әйелдікі. Әзірге сәйкестендіру үстіндеміз.

Абылай түрегеп кетті.

– Қалайша?

– Мүмкін пышақпен өзіне жарақат салған. Бірақ бір қабықта екінші, бөтен қанды із бар – толық талдау керек.

Абылай бір сәт ойланып тұрып қалды.

 «Егер бір сәтке өзін пышақтап алды десек… Неліктен кейін бөлшектеуге көшкен? Аяусыздық – өзге сипат. Мұның бәрі бір мезетте шешіле салмайды».

ТЕРГЕУШІ ТҮЙСІГІ

Келесі күні ауылдың бір шетіндегі бейнебақылау камерасы қаралды. Онда түнгі 1:15 шамасында Динараның өзі көше бойымен сөмке сүйреп бара жатқаны анық көрінді. Иә, үлкен қара сөмке. Қолында қолғап. Жан-жағына қарағыштайды. Бұл – ешкімге айтпаған, тергеуде жасырып отырған сәт.

– Ол бұл сөмкені тек таңертең көршіге бергенмін деді ғой, – деді Абылай дауыстап.

Ол баяу орнынан тұрып, әлдеқайда асықты.

VI ТАРАУ. «ОЛ ӨЗІ КІНӘЛІ ЕДІ…»

– Қанша уақыт өтсе де, кей сөздің дәмі аузынан кетпейді, – деді Абылай ішінен.

Қарсы алдында Динара қолындағы қаламды баяу айналдырып отыр. Үстел үстінде: фотосуреттер, сараптама қорытындысы, бейнежазбалар, қан дағы бар қарбыз қабығының суреті.

– Сіз сөмкені Бақытжанға бердіңіз… Сенбі күні… түнде… Бірақ дәл сол түні  мына жерде кім жүр?

Жанарын «кім жүр, қайда?» деген қорқыныш билеген ақырын орнынан тұрып, тергеушіге жақындады. Ауылдағы дүкеннің маңынан өтіп бара жатқан өзін көрді де, сілейіп тұрып қалды. Сонда да сыр бермеуге тырысты.

– Бұл ма… білмеймін… кім екен?..

– Мынау – сіздің күйеуіңіздің ескі плащы ғой. Мынау – сіздің сөмкеңіз. Ең бастысы – сіздің жүрісіңіз.

– Жоқ, мен… Мен… емеспін ол…

– Динара, біз бәрін анықтадық. Қолымызда бұлтартпас айғақ, дәлелдер де жеткілікті. Сөмке ұстап бара жатқан – сізсіз. Ішінде – адамның денесі. Енді соңғы сұрақ: Сіз Берікке не істедіңіз?

Динара тіл қатпады. Бірақ оның иығы дір-дір етіп, көзіне аққан жас – үнсіз шындықты мойындап тұрғандай еді. Кенет, сонша уақыттан бері көмейіне тығып келген өксігі ішіне сыймай, келіншек шыңғырып жылап жіберді

– Мен… Мен оны өлтіруді ойлаған жоқпын! Шын айтайын, Құдай қосқан қосағым ғой. Осылай сүйегін қоқысқа тастаймын деп үш ұйықтасам ойыма кірмепті. Мен… тек өзімді қорғағым келді. Мен… мен оны тек қорқытқым келді…

– Бірақ үш жерден пышақтапсыз. Денесін бөлшектепсіз. Қорқыту мұндай болмайды, Динара.

Ол көзін жыпылықтатты. Қараған сайын көз алдына қайта-қайта сол кеш келетіндей.

– Ол менің өмірімді қор қылды… – деді. Абылай елең ете қалды. Сөйтті де, дереу диктафонын қосты.

– Ол менің әр қадамымды аңдыды. TikTok қарап отырсам да, «бөтенмен сөйлестің»» дейді. Телефонымды күнде тексереді. Шаршадым, түсінесіз бе? Мен жаспын ғой? Әлеуметтік желі қарағым келеді. Блог жүргізгім келді. Ондағы жұрттың өміріне қызықтым. Тым құрыса, бақытты адамдарды сол жақтан бақылайыншы деп еді… Ол соның өзін көп көрді ғой. Телефон алсам болды, ашуланып, айғайлап, лақтырып, сындырып тастайтын. Мен қайтадан жаңасын несиеге алатынмын. Одан тығып… Бір күні айнаға қарап тұрып, өзімді танымай қалдым. Бұрын сұп-сұлу, жайнап тұрған қыз едім, қарсы алдымда көзінің оты сөнген тірі өлік тұрды…

 Абылай үндемеді. Оның тәжірибесі бойынша, адам шындықты дәл осылай айта бастайды.

– Сол күні… Ол жұмыстан кеш келді. Ыстық. Шаршап отырдық. Мен қарбыз жардым. Ол оны жақсы көретін. Екеуміз үнсіз жеп отырғанбыз. Кейінгі кездері арамызда әңгіме де таусылған. Тек үнсіз шай ішеміз, үнсіз… бәрі үнсіз болды… Мені сол үнсіздік те шаршатты…. А, иә… мен қарбыз жеп отырған кезді айтып отыр екенмін ғой… Бір кезде телефонымнан видео шықты – өзім бұрын түсірген TikTok. Күлкілі видео… Бірақ ол бірден ашуға басты. «Сен кімге көрсетіп жүрсің өзіңді?!», – деп айқайлады. Қолындағы тәрелкені лақтырып жіберді.

– Содан кейін?

– Пышақ алды. Үстел үстінде жататын еді. Мен орнымнан тұра бергенде, бетіме қарай сермеді. Қолымды қойып үлгердім. Бір сәтте… қолынан тартып қалдым. Ол маған қайта тап берді. Сол сәтте қолымда тұрған пышақ… Өзім де білмей қалдым қалай болғанын. Сол сәт – көз алдымда. Ол шалқалап құлап түсті.

– Қан тоқтамады ма?

– Иә. Мен тұрып қалып, қанша оятуға тырыстым. Бірақ ол дем алмай жатты… Қорықтым. Есімнен айырылып қала жаздадым. Бір сәтте, бәрі бұлыңғыр. Ешкімге айта алмадым. Қан иісі бүкіл үйге жайылды. Терезені аштым. Бірақ иіс кетпеді…

– Сол үшін… бөлшектеуге кірістіңіз?

– Мен тек… не істерімді білмедім. Жазаласа, мейлі. Бірақ мен өзімді ғана қорғадым…

***

Абылай тергеу бөлмесінен шығып келе жатып, терең дем алды. Осы сәт – тергеушінің ең ауыр сәті. Себебі шындықтың өзі де жартылай өтірікке ұқсап кететін еді.

– Ол шындықты айтты ма? – деді Мақсат бір қырынан қарап.

– Айтты. Бірақ бәрін емес. Ол пышақтаған сәт – мүмкін шынымен өзін қорғандым деп есептеген. Бірақ денені бөлшектеу – бұл қорғану емес. Бұл – жазадан құтылудың әрекеті. Ол алдын ала ойластырмаса да, бір сәтте шешім қабылдаған. Бұл шешім – адам өлтіргеннен де ауыр.

– Қызық, – деді Мақсат. – Не үшін қарбызды сонша еске алды?

Абылай сәл жымиып қойды…

VII ТАРАУ. АЛҒАШҚЫ СОТ ОТЫРЫСЫ

Сот процесі ашық өтті. Қызығушылық көп болды. Аудан орталығына жақын жердегі сот залында ине шаншар орын жоқ. Журналистер, ауыл тұрғындары, марқұм Беріктің туыстары, таныстары… Әркім өз шындығын іздеп келген еді…

Динара ғана бұрынғыдан өзгерек. Бір қызығы, ажарланып кеткендей ме?.. Әлде, Абылайқа солай көрінді ме… Бәлкім, бұл оның бет-жүзінен қорқыныш табы кеткеннен, үстінен ауыр жүк түскеннен шығар… Жанарында бір тыныштық орнаған. Көзінде жас жоқ, керісінше болғанға Абылайтай бекіп алған. Бейне, алыс сапарға аттанғалы тұрған адамдай…

        Прокурор оқиғаны қатыгездікпен жасалған, алдын ала ойластырылған қылмыс деп таныстырды. Қанша жерден қорғаныс сылтау айтылса да, әрекеттің соңы – денені бөлшектеу – бұл есептелген, суыққандылықпен жасалған іс екенін айтып өтті.

Сөз кезегі өзіне келгенде адвокат оған қарсы уәж айтты:

– Айыпталушы – жүйелі зорлық-зомбылық құрбаны. Оның бірнеше рет тұрмыстық қысымға ұшырағанын дәлелдейтін деректер бар. Құрбандардың көпшілігі дер кезінде көмек сұрай алмайды. Себебі оларды қоғам кінәлайды. Динара қорғанды. Бұл – жан сақтау әрекеті.

    Бірақ сол сәтте залда отырған жасы елуден асқан әйел орнынан тұрды. Бұл – көрші үйдің иесі, көп сөйлемейтін, бірақ байқағыш Жәмила апай еді.

– Мені тыңдаңыздар, – деді ол сәл қалтыраған дауыспен. – Сол түні… мен бір ер адамның дауысын естігенмін. Динараның үйінен. Берік емес. Өтініш, мені дұрыс түсініңіздер… Динара ол кезде жалғыз болған жоқ.

Залда сыбыр көбейді. Абылай та бірден түрегеліп:

– Сіз дауысты таныдыңыз ба?

– Жоқ. Танымадым. Бірақ ол дауыс – басқа. Әлдебіреу көмектескен сияқты. Түн ішінде аула жағында да көлеңке көрдім…

Бұл мәлімет бәрін тоқтатып тастады. Сот үзіліс жариялады. Абылай залдан асыға шығып, Мақсатқа бұрылды:

– Динара… жалғыз болмаған болуы мүмкін. Бұл тергеу жабылмауы керек.

– Сонда біз қателестік пе?

– Жоқ. Біз тек бар шындықты әлі ашқан жоқпыз.

VIII ТАРАУ. ЕКІНШІ ІЗ

Абылай Шымкентке қайтып оралған соң, іс біршама тынышталып қалғандай еді. Бірақ Жәмила апайдың сөзі ойынан кетпеді. «Ол жалғыз болған жоқ… Басқа дауыс… Көлеңке…»

       Кешкі уақыт. Абылай кабинетінде сары папкасын қайта ашып қарап отыр. Тергеу материалы: фотолар, сараптама, хаттамалар. Қараған сайын көзі бір жерге қайта-қайта түседі – сөмкенің сырты. Үсті сәл жыртылған, бірақ соған әлі мән берілмеген. Бір шетінен кішкентай қоңыр дақ… Жай ғана батпақ па, әлде?

– Мақсат, – деді Абылай, телефон тұтқасына қол созып. – Маған сарапшыны жібер. Сөмкенің сол жақ жиегінде не із қалғанын толық тексерсін. Саусақ ізін де, ДНҚ да.

– Біз оны қарағанбыз ғой…

– Қайта қарасын. Бұл жолы аса мұқият. Әсіресе – бөтен адамның ізі бар ма, соны.

Екі күннен соң, хаттама келді. Сарапшының жазуы:

     «Сөмкенің бауында әйел адамның саусағы ғана емес, ер адамға тиесілі екінші бір саусақ ізі анықталған. Із базада жоқ. Бірақ дәл сол із – сөмкені бірге ұстағанын айғақтайды».

Абылай сәл жымиып қойды.

«Солай ма, Динара… сен жалғыз болмағансың».

IX ТАРАУ. ҮНДЕМЕУ СЫРЫ

Абылай Динараны қайта шақыртты. Бұл жолғы тергеу – қысқа да нұсқа.

– Сөмкені жалғыз өзіңіз көтердіңіз бе?

Динара бір сәт ойланып қалды. Көзқарасы баяулап, тістеніп:

– Иә. Өзім.

– Сараптама өтірік айтпайды, Динара. Сіз қазір өзі ісіңізді шиеленістіріп жатсыз. Сөмкені бір ер адаммен бірге ұстағансыз. Із соның қолынан қалған.

Манадан бері сазарып тұрған келіншек жылап жіберді:

– Мен бәрін өзім жасадым. Ол көмектескен жоқ.

– Кім ол?

– Жоқ. Ешкім жоқ.

– Егер жалған мәлімет бергеніңіз дәлелденсе, жыл арқалайсыз тағы.

– Қанша айып қоссаңыз да, мен бәрібір өзім жауап берем. Себебі мен оны… қорғап қалғым келеді.

Абылай үнсіз қалды. Бұл әйел ішкі шешімін әлдеқашан берік бекітіп қойған. Бірақ бір шындық анық еді: біреу көмектескен. Ол адам – қазір бостандықта. Және қылмыс орнында болған.

X ТАРАУ. КӨЛЕҢКЕДЕГІ БЕЙНЕ

Түнгі ауыл. Сейіттің шеткі көшесінде орнатылған көне бейнебақылау камерасы. Бұрышын ыңғайсыз жерге қойған, бірақ Абылай оны да көзден таса қылған жоқ. Мақсат екеуі жазбаларды қайта-қайта шолып шықты.

– Міне, қара, – деді Мақсат кадрды тоқтатып.

– Сол күнгі түн. Сағат 02:34.

Камерада анық ешкім жоқ. Тек көше шамының жарығында әлдененің көлеңкесі жылжиды. Ұзынша, ер адамның сұлбасы. Үстінде спорттық киім, капюшон киген сияқты.

– Жақын жердегі екінші камера қайда?

– Мектептің бұрышында. Бірақ оған тура түспеген.

– Дегенмен, бағыт белгілі. Ол Динараның үйі жағынан келе жатыр.

Абылай ойға шомды. Сағат 02:34. Сөмке шығарылған уақыттан көп өтпеген кез.

– Кім бұл адам?

– Ауылдық тіркеуде жоқ. Адамдардың ішінен ешкім танымай отыр. Жүзі анық көрінбейді. Бірақ бойы шамамен 180 см.

Абылай иегімен экранға нұсқады:

– Байқадың ба? Қолында бір нәрсе ұстап келе жатыр. Анық емес, бірақ – жұқа, ұзын. Қолшамға ұқсайды.

– Не істейміз?

– Үйден үйге, есіктен есікке жүреміз. Ол осы ауылдан емес болса, кіммен байланысы барын анықтаймыз. Бір шеткі көшеде тұрған – қайын ағасы Сәбит бар еді, соған да қайта соғу керек.

Мақсат аз-кем ойланып:

– Ол тым бейкүнә көрінді…

– Қылмыскерлердің көбі алғаш бейкүнә көрінеді, Мақсат. Бізге бет-бейне емес, дерек сөйлейді.

XI ТАРАУ. БЕЙКҮНӘ КӨЗҚАРАС

Сәбит – салмақты, салиқалы, сыпайы жігіт. Берікпен аталас туыс. Бірер жас үлкендігі бар, Динараға қайын аға боп келеді. Бұл жолы оны Абылай кеңсеге шақырды.

– Сәбит, сіз сол түні қайда болдыңыз?

Сәбит сәл тосылып:

– Қай түні? Жалпы, қай түні болса да, үйдемін ғой, басқа қайда болам?. Әйеліммен бірге. Жұмыстан кеш келгем. Теледидар көрдік те, ұйықтадық.

– Сағат нешеде жаттыңыздар?

– Қаншада екен… он бірден аса…

– Куәландыра аласыз ба?

– Әйелім бар ғой…

Абылай қолындағы қалта дәптерін парақтап:

– Бейнебақылауда сол түні бір ер адам сөмке ұстап бара жатқан сияқты. Дене бітімі сізге ұқсайды. Спорттық киімде.

Сәбиттің жүзі қуарып кетті.

– Мен емес… Мен ештеңе білмеймін…

Абылай орнынан көтеріліп, үстелдің арғы бетімен көз түйістірді:

– Егер сіз көмектескен болсаңыз – қазір айтуыңыз керек. Әйтпесе, бұл қылмысқа жәрдемдесу деп бағаланады. Сізді де жауапқа тартамыз.

Сәбит демін жұтып:

– Ол менен көмек сұрады… мен тек… көмектестім…

– Кім? Динара ма?

– Иә… Ол дірілдеп тұрды. Үсті-басы қан. «Маған көмектес, өтінем» деді. Қолында пышақ болды. Мен қорықтым. Не болғанын сұрауға да батпадым. Тек… сөмкені бірге шығаруға көмектестім…

Абылай қаламын жай қойып:

– Сіз онымен бірге болғансыз. Демек, жалған куәлік бердіңіз. Тергеуге кедергі жасадыңыз. Бұл – бөлек бап.

– Ол менің келінім ғой енді… бауырымның жан-жары. Бәрі оның иығына артылды.

Абылай көзін тайдырмады:

– Бұл іс әлі жабылған жоқ. Бәрін қайта қарауға тура келеді. Қазірше сізге қозғалыс шектеуі қойылады. Қаладан ешқайда кетпеңіз.

XII ТАРАУ. ҚАРБЫЗ ДӘМІ

Абылай кабинетке оралғанда, көз алдына сол қарбыз қайта елестеді. Үй қабырғасына сүйеніп, қарбыз кесіп отырған Динара. Қарапайым жазғы кеш. TikTok-та күлкілі видео. Қызғаныш. Айқай. Пышақ. Паника.

Сол бір бейбіт сәттің ішінде үлкен зұлмат бұғып тұрған еді. Бір қарбыздың дәмі, расымен, бір отбасының тағдырын төңкеріп жіберді…

XIII ТАРАУ.     

TikTok…

Сәбиттің мойындауы – істі төңкеріп жіберді. Ол Динараны қайтадан шақыртты. Тергеу бөлмесіне келген әйелдің жүзі бұрынғысынан да суық, тастай қатты еді. Көзінде қорқыныш емес – көндіккен үнсіздік бар. Бірақ Абылай бұл үнсіздіктің астарында ашылмаған шындық жатқанын сезді.

– Динара, біз бәрін білеміз. Сәбит көмектескенін мойындады. Сен оған өтірік айтуға мәжбүр еткенсің. Неге?

Динара жауап қатпады. Басын бұрып, терезе жаққа көз тастады. Абылай үнсіз қалды. Сосын қалтасынан бір кішкентай диктофон шығарып, үстелге қойды.

– Бұл – сенің күйеуің Беріктің телефонындағы дыбыс жазбалардың бірі. Сараптама кезінде қалпына келтірілді.

Ол play батырмасын басты.

Кішкентай бөлмеде үн қатты жаңғырды:

 – «Көзімді аштырма! Әйел емессің сен! Қолыңнан дым келмейді! Үй сыпырсаң, TikTok! Тамақ істесең, селфи! Есіл-дертің тек әлеуметтік желі»

Динараның көз жасы тырс-тырс тамып жатты. Абылай диктофонды тоқтатпады.

– «Егер тағы эфирге шықсаң, мен сені өлтірем! Естіп тұрсың ба?! Қарғыс атқыр желіде тағы өзіңді көрсетші – пышақтап тастаймын!»

Бір сәт үнсіздік орнады. Динараның иығы дірілдей бастады. Көзінен бір тамшы жас шықты. Бірақ ол тағы да бұрылмады.

– Бұл сенің қорқынышың. Жылдар бойы үндемей жүрген күйің. Бірақ қорқу – қылмысты жасыруға себеп емес.

Абылай үнсіз қалды. Бір сәттен кейін:

– Сен пышақтадың ба?

Динара сыбырмен:

– Ол мені өлтірмек болды. Сол күні… тағы телефонымды тартып алды. Қатты итерді. Мен құладым. Ол үстіме шықты. Аяғыммен тептім. Қолына пышақ тигенін білмей қалдым.

Абылай көзімен ишара беріп:

– Бірақ сараптама оның кеудесінде бір емес, үш пышақ жарақаты болғанын анықтады.

Динара бұрылып, Абылайға тура қарады. Көзінде – үміт пен үмітсіздік арасындағы шарасыз шындық тұр.

– Мен… тоқтата алмадым. Бірінші рет кіргенде ол жылай бастады. Бірақ мен тоқтай алмадым… Қорқынышым  жылдар бойы ішімде тұншыққан ашуға айналды.

– Ал денені бөлшектеу?

– Ол өліп жатты. Мен… өзімді жоғалтып алдым. Далаға шығарып тастасам – біреу көреді. Өзіме қол салайын деп едім… оған қолым бармады.

Абылай орнынан баяу тұрды. Тергеу бөлмесі іші қапырық. Ауыр. Далада шілде  қапырық. Ішінде ашу емес – тек бір терең шаршау тұрды.

– Осыдан кейін сен бәрін Сәбитке аударғың келді ме?

– Жоқ… Ол өзі көмектесті. Мен жалындым. Алайда мен өзімді ғана емес, енді  оны да сорлаттым ғой.

Абылай терең күрсінді.

– Шындықтың қабығын аршу – кейде қарбыз жарғаннан ауыр. Бір шетінен кессең, дәм шығады. Бір шетінен кессең, шірік. Бірақ оның ішінде не жатқанын жармасаң, біле алмайсың.

XIV ТАРАУ. САРАПТАМА

Кешкі сағат тоғыздан асқан. Сараптама жауабы келіп түсті. Үстел үстінде ашық жатқан құжаттар арасында соңғысы селт еткізді.

«Пышақ іздері – бір бағытта. Тереңдік пен бұрыштары бір адамның әрекеті. Қолданылған пышақ – ас үй құралы. Пышақтағы саусақ ізі Динараға тиесілі. Ауыз қуысынан шыққан сілекей құрамында – қорқыныш гормоны жоғары. Марқұм жанталасқан».

Абылай бұл парақты баяу бүктеп, іс материалдарына қыстырды. Барлығы орнына келді. Бірақ шындық – ешқашан жеңіл болмайтын.

XV ТАРАУ. ҮНСІЗ ҮКІМ

Сот процесі шілденің соңғы аптабында өтті. Күннің ыссы лебі сыртта қанша лапылдап тұрса, сот залында дәл сондай ауыр үнсіздік орнаған. Бәрі тыныш тыңдады. Прокурор айғақтарды – пышақ, қан іздері, сараптама, диктофон жазбасы – бірінен соң бірін тізіп шықты. Айып нақты еді.

Қорғаушы сөзінде Динараның жылдар бойы қорлықта өмір сүргенін, психологиялық тұрғыда күйзеліске ұшырағанын, өз-өзіне сенімін жоғалтқанын дәлелдеуге тырысты. Бірақ мұның бәрі бір сұрақты жеңілдете алмады:

           – «Денені неге бөлшектеді?»

Абылай сөйледі. Салқын, нақты, эмоциясыз баяндады. Ол үшін бұл – іс. Бірақ залдағылар үшін – трагедия. Сөзін аяқтап, орнынан тұрған кезде, Динара көзіне жас алды. Алғаш рет Абылайға тура қарап:

– Кешіріңіз… бәрі менің әлсіздігімнен басталды…

Үкім қатты шықты.

13 жыл бас бостандығынан айыру.

Қатаң режимдегі әйелдер колониясына.

Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру бабы бойынша.

Судья үкімнің екінші бөлігін оқи бастағанда, зал сілтідей тына қалды.

– Қылмысты жасыруға көмектескені, айғақ заттарды жоюға қатысқаны үшін Сәбит Асылбековке 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жалпы режимдегі түзеу колониясында.

Сәбиттің тізесі сол сәтте босап кеткендей болды. Ол дәл осылай аяқталады деп ойламаған. «Мен өлтірген жоқпын ғой» деген сөз енді ештеңе шешпейтінін кеш түсінді.

Динара басын көтерді.

Бұл жолы артқа емес, алға қарады.

Судья тағы бір адамның аты-жөнін атады. Ол – бастапқыда жүксалғышынан Беріктің денесі табылған Бақытжан болатын. Ол орнынан баяу тұрды. Тізесі дірілдеді. Соңғы сәтке дейін ол өзін кінәсіз санап келген. «Ақтайтын шығар, мен білген жоқпын ғой» деген ой үміт беріп келген.

– Сот анықтады, – деді судьяның дауысы бірқалыпты, – айыпталушы Динараның өтінішімен белгісіз текті затты тасымалдап, қылмыстың ізін жасыруға көрінеу түрде жол берген.

Бақытжан басын төмен салды. «Көрінеу» деген сөз миына қадалып қалды.

– Айыпталушы адам өлтіруге қатыспаған. Алайда түнгі уақытта, иістенген, күдік тудыратын жағдайда еш тексерусіз әрекет еткен. Бұл – көре тұра көз жұму.

Залдан үн шықпады.

– Осыны ескере отырып, – деді судья, – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, Бақытжан Сәйденов 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылады. Жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеу белгіленсін.

Бақытжан бір сәтке көзін жұмды.

Жеті жыл.

Өлтірмеді.

Бірақ… жүксалғышында екі күн тасып жүрді ғой… Сондықтан әділетті.

Үнсіз қалды. Осы үнсіздік енді оның үкіміне айналды.

Үшеуін үш бөлек алып шықты. Әрқайсысы өз үкімімен, өз ойымен, өз қорқынышымен кетіп бара жатты.

Сот залы бос қалды. Ал үкім қалды.

Бірі – аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру үшін.

Екіншісі – сол қылмысты жасыруға көмектескені үшін.

Үшіншісі – көзсіз сенгені үшін…

Заң әркімге өз салмағын өлшеп берді.

Ал адам баласына ең ауыр жүк – өз арының алдында ақтала алмау.

XVII ТАРАУ.

ЖАБЫЛҒАН ІС, ҚАЛҒАН ІЗ…

Келес ауданындағы сол бір қанды оқиға бірте-бірте көмескі тарта бастады. Ауыл жұрты тыншыды. Үйлерде шам қайтадан ерте сөнетін болды. Дастарқан басындағы әңгімелер басқа арнаға бұрылды. TikTok әлгі бейнежазбаларды баяғыда-ақ жұтып қойған  Жұрт жаңа тақырыпқа көшкен.

Тек Абылайдың жадынан бұл іс өшкен жоқ.

Өйткені бұл тергеу одан тек кәсіби шеберлікті емес, түйсік пен түсінікті, адам жанының қараңғы қалтарысын сезе білуді талап еткен еді. Ол жұмыс үстелінің жәшігін баяу жапты. Қағаздар өз орнында. Іс ресми түрде жабылған. Бірақ іштегі сауал жабылған жоқ. Абылай Шымкентке қайта шығуға дайындалды.

Көліктің алдыңғы орындығында отырғанда, Мақсат әдеттегідей қалжыңға басты:

– Айеке, енді біраз демаласыз ба?

Абылай езу тартып қойды. Бірақ жауап қатпады. Ол демалыстың бұл жұмыста болмайтынын жақсы білетін. Себебі кей істер адамды қызметтен босатса да, жадтан босатпайды. Көлік алға жылжыды. Жол ұзын. Күн еңкейіп барады. Терезеден түскен жарық бірде жарқырап, бірде көмескіленіп тұр.

Сол сәтте Абылай бір нәрсені анық сезді:

Ақиқаттың жолы әрдайым ұзақ.

Қарбыздың дәміндей – кейде тәтті, кейде кермек.

Бірақ ішін жарып көрмесең,

оның қандай екенін ешқашан біле алмайсың. Ал тергеушінің міндеті –

сол қабықты жарып өту. Қандай дәм шықса да…

Мариям Әбсаттар

Түркістан