Ол кезде подполковник Қайсеновтің ұлдары Медғат пен Қасым, кенжесі Еркеназ бала болса да, ес жиып қалған кезі. Туысшыл Абылайға алыс-жақындағы ағайыны із суытпай жиі ат басын бұрып тұратын. Əредікте жұмысы қауырт болса да, қыдырыстап келген жұрағатты белсенді демалыс болсын деп, балық аулауға апаратын. Өлеңтінің бойында, Құдайға шүкір, балық қабатын жерлер аз емес. «Аулағанды қойып, өзін айында-жылында бір жейтін қазақты балыққа сүйреп бұлАбылай да қызық!» – десіп өзара күңкілдесіп те күлісіп, аса бір қалаулары болмаса да баратын. Бірақ солардың көбі кейін балық аулаудың құмарына елітіп кеткендерін байқамай да қалушы еді. Облыстық емханада дəрігер болып істейтін əйелі Ажар күйеуінің бұл ермегіне түсінікпен қарап жəне өзі де қолы боста балаларын ертіп бірге баратын. Абылай өзеннің қауіпсіз де қолайлы жерін баяғыдан-ақ таңдап алған. Ондағысы – балалар суға емін-еркін шомылсын, ал əйелі денсаулыққа аса пайдалы күн сəулесіне қыздырынып, жылдам өте шығар жаз маусымының қызығын көріп қалсын дегенді. Өзі жағада отырып аулағанды онша ұната бермейді. Сүйікті амалы – қалтқылы қармақпен суды кешіп барып, белортасына келген кезде, орнығып тұрып қармақ тастау. Балық аулаудың қыр-сырын əбден меңгеріп алған жігіт суы мөлдір өзеннің түбі неғұрлым ойлы-дөңесті болса, соғұрлым ондай жерге балық үйірсек келетінін біледі. Мына таңдаған жері де сондай. Спортшы, балуан жігіттің өзі де суда балықтай еркін жүзеді. Аулаудың алдында өзен түбіне сүңгіп, шортан-шабақтың үйіріліп тұратын жерін де барлап қайтатыны бар. Қасына кейде еріп келетін дос жігіттер мұның қармағына балық құрттай құжынып жиі ілінетінінің сырын білмей, қайран қалып жататыны бар. Қармағының басына ел сияқты жерқұртын емес, кəдімгі сиыр малының көкбауырының бір керітіндісін іліп, балық аулауды да подполковниктің өзі ойлап тапқан əдісі. Тұрып-тұнып қалған қан иісі балықты өзіне балдай тартатынына көзі əлдеқашан жеткен. Бұл құпиясын басқа ешкімге жария қыла бермейтіні де бар. Бір таңқаларлығы, Абылайдың таңдауы түскен жерде əдетте өзен бойында буып тұратын маса-шіркей де көп емес. Сондықтан жанұясы да сирек келетін қол бос мезетті құр жібермей, «Əке, кеттік балыққа!» десетін. Бұның өзі сүйікті бұғазына көп ешкімді жақындатқысы жоқ. Өзен дəл осы тұста екі жарылып ағады да, ортада шағын арал бар. Жаға менен екіара жап-жақын. Судың да ағысы баяу, тыныш. Есейіп қалған екі ұлымен осы аралға құлаштап бірге малтып барып, күнқағар лашықтарын лезде құрып, балық аулаға кірісетін еді. Кішісі Қасым əкесіне еліктеп қармақты алысқа лақтырғысы келеді. Бірақ құлашы жетпей, бірер балық ұстаған соң қызығы осымен бітіп, жағалауға қайтуға асығады. Ал үлкені Медғат намысқа тырысып, əкесінің жанында ұзағырақ жүруді қалайды. Қайткенде де, жаз бойғы осы ермектері балаларына жақсы жаттығу болғанын олардың есейген сəттеріндегі кей қылықтарына қарап барып, бұл тəрбиесінің мүлт кетпегеніне іштей разы болады.
Кейін Медғат есейіп, кəмелет жасына толған соң, мұндай демалысқа қос көлікпен шығатын болды. Өйткені, Ажар мен балалардың шыдамдары көпке жете бермейді. Суға шомылып, күнге қыздырынып, азын-аулақ қармақ салған соң, шаршап-шалдығып, үйге қайтуға асығады. Ал əбден құмарға кіріп алған Абылайдың үйге қайтқысы жоқ. Тіпті, қонаға қалып қоятын кездері де жиі. Сондай шақтарда кешқұрым палатка құрып тастап, мосыға шəйнек іліп қойып, қармақтан əлгіде алынған балықты отқа қақтап, шала жанған шоққа қарап ұзақ ойланып отыруды жаны сүйеді. Бұның ұнататыны, əсіресе, қарауыз балықты күзгесалымда аулау. Сондай күндердің бірінде, подполковник аузы салымды болып, қармағы балыққа байып, қас қарая бастаған шақта асай-мүсейін жинап, лашығы тұрған жаққа қарай бет алды. Ыстық қайтып, салқын самал ескен шақ қандай шіркін! Оған жағадағы самырсын, терек пен сұлу қайыңның аңқыған жұпар иісі қосылады. Ұясына қонуға асыққан күн бұлт арасынан сығалай қарап батып бара жатқан сəттегі алқызыл алаудың аспанға шашыраған сəтін тамашалауды жаны сүйеді. Қызметтегі əрқилы қарекет ұмытылады. Мұндайда Абылай өткен-кеткен уақиғаларға өзінше аналитика жасағанды ұнатады. Ойына бұдан бəленше жыл бұрын облыс əкімінің орынбасары болып енді ғана тағайындалып, аяқ астынан көлденең оққа ұшқан жақын досы оралды. Осы оқыс оқиғаның куəгерлерінен жиылған аз-мұз дерекпен «жан алушының» фоторобот бейнесін жылдам жасатып еді. Алғашқы тергеу сұрақтарының хаттамасымен жіті танысқан. Əзірге жорамалдар əлсіз екенін сұңғыла подполковник тез сезген. Тергелген адамдардың жауабы «көрген жоқпын, естіген жоқпын, білмеймінге» көбірек сайып еді. Орынбасардың бұл қызметке келгенге дейін біраз уақыт коммерциямен айналысқаны қалада белгілі жəйт еді. Жедел топ бұл бағытта да ештеңені қолға іліктіре алмады. Тергеу осымен тұйыққа тірелді. Полицияның қылмыстық топ арасындағы «құлақтары» да үміт беретіндей ақпар айта алмады. «Жаналғыш» ізім-қайым жоғалды. Қолына еш нəрсе іліктіре алмаған жедел топ осы тұста киллердің басқа жақтан, тіпті, шет елден келуі əбден ықтимал деген жорамалға тоқталуға мəжбүр еді. Қайсенов сонда облыс басшысымен жеке жолығуды ұйғарды. Онымен осы күнге дейін бетпе-бет кездесудің сəті түспепті. Бірақ теледидардан анда-санда жүзін көріп қалып жүретін. Енді міне, сол дөкейдің кабинетінде отыр. Паң, тəкаппар мінезді əкім Қайсеновке салған жерден ұнамады. – Мен не айтайын?! Əркім өзі үшін жауап беретін заман, – деді жетекші мүттəйім хəлде. Қойған сауалына дұрыс жауап алмай тынбайтын əдеті бар екенін үлкен кресло иесіне ұғындырған. Əкіммен болған жарым сағаттық əңгімеден соң орынбасардың өлімі оның кəсіби қызметіне еш қабыспайтынына Қайсеновтің көзі əбден жетті. Талассыз бір нəрсе – оқты кəсіпқой атқан. Бірақ та қылмыс керемет бір тəптіштелген даярлықсыз, кенеттен жасалғанын түйсігімен түйсінді. Сол кеште Қайсенов өзінің жалға алған үйінің ас бөлмесінде түрлі схема сызып, кесте жасап көп отырды. «Оңбаған сөз оңайда тұрады» демекші, санасы сансырап, қарама-қайшы ой тізбектерінің бастары қосылмай, пышырай бастап еді. «Жоғалған нəрсені шамның жарығымен іздегенмен, оның жарығы барлық жерге бірдей жете бермейді» дейтін тəмсілді тұжырымын ылғи да ұстанатын Қайсенов ертесінде тергеу тобын жедел өзіне шақырып, іздестіру бағытын дереу өзгертуге шешім қабылдаған. Ер қайратын жанып, тастүйiн ширыққан жігіттің шұғыл шешімі бір жетіден кейін өз жемісін бере бастап еді. Сөйтіп, ол кездегі майор Қайсенов осалы жоқ, əрқайсысы он кiсiлiк атан жiлiк жiгiтке татитын тобымен нағыз қылмыскерлердің ізіне жедел түсіп, киллердің тапсырыс берген адамды жаңылыстырып, мұның аяулы досының айдаладағы адасқан оқтың жазықсыз құрбаны болып кездейсоқ атып өлтірілгенін анықтаған.
* * * Жағалауға таяй бергенде, жарлауыт тұстың биігінен əлдеқандай бірдеңенің көлеңкесі жалт ете түскендей болды. «Бұл не екен?!» деп ойлап үлгермей, іле адам бейнесі көрінді. Абылай іштей таңырқап, тіпті аздап тіксініп те қалды. Кешқұрым бұл жақта бейсауат адам жүре бермеуші еді. Жақындай бере, жасы елуден асқан, басына кепкі киген жігіт ағасы көзіне ұшырады. Киім киісі кəдімгі суретші ағайынның сұлбасына ұқсайды. Иə, солай екен, қолында қылқалам, бояу салынған кенеп дорба. Ол да мұны енді ғана байқап, секемдене қарай бере, бойын түзеді. Бұның түрі мосқал көрінді ме, əлде əлдеқалай мысы басты ма, суретші: – Ассалаумағалейкум! – деп бірінші сəлем берді. Бұл сəлемді құп алды. Таныса келе білгені, бейтаныс жанның есімі Ескермес екен. «Сирек кездесетін ат», – деп көкейіне іштей бір түйіп қойды. Осы тұста өзеннің ағынды суы арна бойымен қыздың бұрымындай ойнақшып, тербетіле ағады. Ескерместі де қызықтырған осы сұлу көрініс болса керек. Қайсенов пен Ескермес таныса келе жақын сырласты. Ескермес те жастайынан балықшылықпен əуестеніпті. Бала кезіндегі балық аулайтын шақтары туралы əңгімені айтқанда беріле, майын тамыза, көсіле сөйлеп кетеді екен. – Қармақпен балық ұстағаннан гөрі, тұзақпен шортан ұстағанды жақсы көретінмін. Қашан ілмекті балық тартады деп масаға жем боп отырмайсың. Балалармен өзен бойлап, күнге арқасын қыздырып тұрған шортанды іздейміз. Кейде лайлы жерге тығылатын қызылтабан балықты да ұстаймыз. Қолымыздағы шанышқының басына ат құйрығының қылынан есілген тұзақ ілеміз. Балық су жиегіне тіпті жақын тұрса шанышқымен шаншып, алыс тұрса тұзақты су ағынымен алып жүріп, шортанның басына кигізіп тартып қаламыз. Шортан дабырлаған дауысымызды естісе, секем алып қашып кетеді. Содан артынан қуып жүргенің, – деді Ескермес ескірген балалық естелігінің желісімен еркін ашыла түсіп. – Балықты көктемде талдың бұтағынан тоқылған «түлкі тұмақпен» ұстаймыз. Су тазара қармаққа көшеміз. Шиыршық атқан балықты жағаға лақтырғанда, бауыры күн сəулесіне жарқ-жұрқ етіп, шоршығаны қандай сурет, шіркін! Ескерместің балық тақырыбындағы шынайы да əсерлі əңгімесін еріксіз еліте тыңдап отырып, Қайсенов: – «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деп кім болса да қалай дəл тауып айтқан! – деп күлді. Ескермес подполковник Қайсеновпен етене жақын танысып, оның қызмет жайы мəлім болған соң, тосырқамай ілгерідегі өмір жолынан хабардар етті. Өзі он-он бес жылдай көрші елге барып-келіп, мерзімді жұмыс жасап, бала-шағасын асырап жүрген. Сөзіне қарағанда қолынан талай кəсіп келеді. Бірінші рет Ресейдің Омбы қаласында жүріп қандасына араша түсемін деп төбелесіп, екі жылға сотталады. Екінші рет Сібірдің Кемер қаласында бір шұбар төс, шынжыр балақтың үйін салып, маңдай терімен тапқан еңбек ақысын ала алмай біраз сандалады. Сөзін сөйлеп, жақтайтын ешкімі жоқ. Бұған ит тиген табақтай тыжырына қараған «жаңа орыс» түрлі желеулермен жалақысын бермей жүріп алады. Ақшасын ала алмайтынына көзі əбден жеткен соң, ызасының өткені соншалық, тал түсте барып, шекеден ұрып құлатып, итше сабайды. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп берешегін екі есе етіп тартып алады. Орыс соты бұны төрт жылға кесіп жібереді. Ескермес жазасын өтеп, Сібірдегі Ресейдің бір колониясынан шартты түрде ерте босап, елге келе жатқан жарты жолда түрмеге тағы түседі. – Құдай осы мені абақтыға байлап қойды ма? Қарадай жауға ұрынып, жабағыға сүрініп жүретіндей топырағым жеңіл ме, білмеймін. Сонау орыстың жерінен бері еш бəлеге ілікпей-ақ келе жатыр едім. Өзіміздің елге кіргенде, жуынып-шайынып өз купеме келе жатқанда, жолай ішіп алған екі орыстың жігіті шықты да, күтпеген жерден мені балағаттай бастады. Сөздері сүйегімнен өтіп кетті. Қыр соңымнан қалмай, əбден титығыма тиді. Намыс жібермеді. Ерегістің соңы төбелеске ұласты. Есемді жібермеуге тырыстым. Қызып кетсем керек, қолдарымды аямай сілтедім. Екеуіне соққым оңдырмай тиді. Бір-екі терезе сынды. Сөздің қысқасы, пойыз келіп тоқтағанда, қолыма кісен кигізілді, – дегенде Ескерместің түсі сұрланды. Абырой болғанда, куəгерлер Ескерместі жақтап, ақыры ақталып шығады. Енді адамдардан неғұрлым қашық жүруге өз-өзіне серт беріпті. Енді міне ескі дағдысымен, жəне де соңғы кездерде иығынан басып тұратын қажып-шаршаудан серпілу үшін Өлеңтінің бойына сурет салуға шыққан беті екен. Өмірдің талай олжа түсер тұсында осылай құр қалып жүретін жолсыздығына наласын ноқталай алмай келе жатқанда Қайсеновке жолыққан. Сол алаң көңіл-күймен подполковниктің жақсы адам екеніне шүбəсіз сеніп, амал жоқ, басқа кімге айтады, шері мен күйігін ортаға салған. * * * Тергеу изоляторынан босап шығардың алдында бастықтың орынбасары майор Байгуллин Ескерместі майлы ішектей көп айналдырады. Шағын көлдің арғы бетінде бір жағы саяжай, бір жағы аңшылық үйі дейтіндей фазендасы бар екен. Сол фазендасында бітпей жатқан шаруалары көп. «Соған көмектесіп жіберсең, ақыңды жемеймін. Оның үстіне жолыңа да ақша керек қой»,– қамқорсыпты. Ол жерде майордың аурушаң əйелі қаланың көк түтінінен қашып, таза ауада тұрып жатқан көрінеді. «Шынын айтқанда, дерті үмітсіз. Он жылдан асты маған масыл болғанына», – деп майор ухілеп қояды. Өзі ол жаққа аптасына екі рет қана барады. Көбіне қаладағы үйінде. Ол жерге негізінен қайықпен ғана қатынайды. Əйтпесе айналма көпір жол бар. Ескермес де бергі жағалаудан қайыққа отырып, оны өзі есіп келуі керек. Іші мұны қаламаса да, тергеу мен тергеушіден əбден запы болған Ескермес, амал жоқ, майордың шақыруын амалсыз қабыл алуға мəжбүр еді. «Періште мойнын бұрмаса, шайтаннан да жəрдем сұрайсың» дегеннің кері. Осы жайды байыппен баяндаған Ескерместен подполковник Қайсенов абайлап қана майордың аты-жөнін, қызметін сұрап білді. Азды-көпті таныстығы бар екен. О бастан жұлдызы қарсы осы бір сумақайды көп адамдардың суқаны сүйе бермейтінін білуші еді. Суыртпақтап отырып майордың фазендасының тұрақ-жайын, жөн-жосығын да сұрап алды.
Əр уақиғаның арасынан логикалық байланыс іздеу əбден сүйексіңді дағдысына айналған сақа тергеушінің іші майордың бұл əрекетінің астарында əлдебір құйтырқы амал жатқанын сезді. Сезді де, лезде бір шешім қабылдады… * * * Ескермес көлшік жағалауындағы қалың өскен сəмбі талға ілгектенген қайықты оңай тапты. Көл үсті тыныш. Қайыққа отыра сала, ескекті қарсы жағалауға қарай бар күшімен барынша құлаштай тартты. Ескектен тараған қысқа толқындар су бетінде өрнек сала қалып жатыр. Майор айтқандай, оңтүстікке қарай сəл қиғаш тұста екі жерден отбелгі түтін шығып жатуы тиіс. Əзірге көрінбейді. Соңғы уақыттағы жүйкеге түскен салмақтан болар, əлде, судың лебі ме екен, жүрегі лоблып, көзі қарауыта береді. Бұл жағдайда қайықтан бас айналып, көлшікке құлап түсермін деп те қорықты. Жағалауға жеткенше күші сарқылмаса екен деп тіледі. Егер жағаға аман-есен іліксе, ары қарай таяқ тастам жерде аңшының үйі болуы тиіс. Ескекпен күші сарқыла арпалысқан ол жайдақ тұсқа келгенде, жаны сəл тынығып алуды қалады. Ескегін күршекке ілді де, бір жағына жантая жатты. Екі иығынан төмен, білектен жоғары тұсынан саулай аққан ащы тер сіңіп, денесін ашытып барады. Бұның бəрі түк емес-ау, алақаны əп-сəтте күлдірей бастапты. Мұндай бейнетті көптен бері көрмеген бұлшық еті ауырсынды. Ескермес ептеп тыныстап алып, күшін жиып, серпіле қозғалды. Көлшіктің суы мөп-мөлдір екен. Алабұға мен шортан неткен көп десеңші! Айнала сөзбен айтып жеткізе алмастай сондай көркем! Ескермес əзер дегенде барып жағалауға ілікті. Жағадағы қамыс пен қалың қияқтың кесірінен жағалауға жақындап келе алмай, қайық байлайтын жер таба алмай, біраз сандалды. Əйтеуір, зорға дегенде қайығын қазықтады-ау. Қазықтағаны бар болсын, қамыс арасында маса буып тұр екен. Өз аяғымен келген оңай олжаға уілдей лап қойысты. Ескерместің ашықшашық денесіне жабысқан қалың масаны ұрып қуатындай қолында да əл қалмаған. Ащы терге малшынған теріге аяусыз инесін сұққан масадан көргені бағанағыдан бергі азабына тұрмайды екен. Ескерместің жаны көзіне көрінді. Жасқауға шамасы жоқ, тек əбден қанға бөккен көп масаны қолымен уыстап мыжып тастауға ғана шамасы жетті. Биік қабақпен жоғары көтеріліп, шала жана бастаған оттың тұсына келіп, оң жаққа көз салып еді, анадай жерде қалқайып тұрған аңшы үйі көзіне оттай басылды. Аяғына шалына басып, сүріне-қабына келіп, үй есігінің тұтқасын ұстай беріп еді, ол өз-өзінен ашылып сала берді. Ескерместің бұған таңданатын шамасы да жоқ-тын. Аяғын апыл-тапыл басып, ішке кіріп келді. Ызыңдаған, қандалаша жабысқан қалың масадан құтылдым ба, жоқ па деп, қайырылып кеп, есікті серпе жапты. Үй іші самаладай жап-жарық. Көзін үйретіп, қалшиып біраз тұрды да, жан-жағына енді ғана зер сала қарай бастады. Сонда ғана байқады, жеңі қысқа, жағасы ақ сейсептен тік тігілген сəнді көйлек киген, бұтында көк бояу сіңірілген джинсі бар майор əдемі каминнің алдындағы креслода аппақ кроссовка ілген аяғын аяғына қойып, қолында тобылғы торы сыра құйылған саптыаяғы бар, бұған тесіле қарап отыр екен. Іштен жанға жайлы салқын самал еседі. Ескермес бір көзімен оң жақ қабырғада ілулі тұрған желдеткішті көзі шалып қалды. Бір жағы шөл қысқан, бір жағы қан-жоса болған денесі ісініпкебініп, əбден қалжыраған Ескермеске мына бөлме пейіштің төріндей көрінді. Ал жағасы жайлауда, салқын сыра сіміріп отырған майор əлемдегі ең бақытты жан болып елестеді. Суретшінің əлемтапырық түрін көре тұра, бетіндегі бір тамыры бүлк етпей, аяушылық көрсету ойына кірмеген майор: – Əбден болдырған екенсің, жігітім…, – деп барып сөзден тыйылды. Ескерместің жүзінен күлкіге ұқсас бірдеме елес беріп: – Ағатай, бір сөз айтуға шамам жоқ…, – дегенге аузының икемі əрең келді. Онысын өзі əзер естіді. Майорға ол үні жетті ме, жетпеді ме, білмеді. Осы екі ауыз сөздің өзін үш-төрт бөліп күшпен айтқан суретші аяғын жас баладай шəлкем-шалыс бір-екі басып, сол жағындағы орындыққа отыра берем дегенде, көзі еденде сұлап жатқан əйелдің денесіне түсті. Бет-аузын қан жуып, бейнесі адам танымастай өзгеріп кеткен етжеңді əйелдің көзі алайып, шақырайған күйі көкке қарап қалыпты. Жанында қанға былғанған темір сүймен жатыр. Ескермес түкке түсінбей, біресе майорға, біресе əйелдің денесіне жалтақ-жалтақ қарай берді. Əбден қалжыраған басы шаршағанын да ұмытып кеткен сыңайлы. – Бұл кісі менің əйелім, – деді майор түк болмағандай, дауысында бір діріл жоқ, ап-анық дауыспен. – Мен саған ол туралы анада айтқанмын. Ескермес қанға бөккен əйелден көзін ала бере майорға көз салып еді, ол əлдеқайда телефон шала бастапты. Қолында бұған қарата оқталған «Макаров» тапаншасы. Арғы жақтан «Əу!» деген дауыс шығысымен, майордың: – Мен Байгуллинмін. «Опертопты» тез арада жіберіңдер! Изолятордан таяуда босаған қылмыскер менің аралдағы үйімде қақпанға түсті. Түнде балыққа барған едім. Мына иттің тура менің лашығыма тап болғанын қараңдаршы! – деп жатқаны құлағына шалынды. Ары қарай майор дауысына діріл қосып, жыларман дауыспен: – Əйелім үйде жалғыз еді. Мына қанішер ол бейшараның маңдайын жарып, жанын жаһаннамға жіберіпті, оңбаған…, – деп жатқанын еміс-еміс қана естіді. * * * Қайсеновтің ішкі сезігі оянып, Ескерместен фазенданың тұрақ-жайын бекерден-бекер тəптіштеп сұрап алмаған. Қазір міне, көздеген жеріне төте жолмен Ескерместен ертерек келіп, майордың фазендасының сырт жағында жан-жағына зер сала қарап тұр. Мынадай «барсакелмес» аралдан ойып тұрып оңаша үй салып алған майор нағыз жырынды, ептінің нақ өзі-ау. Осылайша ойға шомып тұрғанда, ол Ескерместің де ентелеп келіп, фазендаға кіргенін көзі шалды. Біраз күтіп барып, жанын шүберекке түйетіндей қауіп бар екенін біле тұра, ішке қарай батыл қадам басты. Кіріп келсе, Ескерместің есі кіресілі-шығасылы, көзі жынды кісідей алақ-жұлақ етеді. Қайсеновті көргенде, шарасыздықтан еңіреп жылап жібере жаздады. Бұл кезде майор Ескермеске қарай пистолетін кезеніп отырған. Подполковникті жақсы танитын Байгуллин мұны көріп, сасқанынан не істерін білмей, қалшиып қатты да қалды. Осы мезетті қалт жібермеген Қайсенов, қынабынан қаруын жалма-жан суырып алып, майорға кезене бере: Таста қаруыңды! – деп бұйырды. Бұл кезде дабылды қоңырауды қабылдап алған жедел топ та жеткен еді. Есікті айқара ашып, ішке жүгіре басып кірген капитан Болысов майорға қарата қару кезеніп тұрған өзінің тікелей бастығын көріп ə дегенде аңырып қалды. Қайсенов: Бəрі түсінікті, капитан! Қылмыскердің кім екені айдан анық. Мəн-жайды майордың өзі дəл осы жерде, дəп қазір баяндап береді деп ойлаймын, – дегенде барып капитан сұп-сұр болып, өне бойы қалшылдап кеткен Байгуллинге қарай бұрылды. * * * Абылай мен Ескермес Өлеңтінің бойындағы өздері алғашқы рет танысатын балықты иірімнің жиегінде əңгіме-дүкен құрып отыр. Cоңғы кездері подполковниктің көңілі босаң тартып, əсершіл күй иектейін деген бе, Ескермеске жақын адамындай бір түрлі жылыұшырай қарайды. Қайсеновке асқан разы-хош көңілмен мейірлене көз салған Ескермес қатты толқып: – Бауырым, сені маған жолықтырған Алла Тағалама шексіз алғыс! Бес минуттың ішінде жан-дүнием астаң-кестең боп, миым қайнап кеткендей болды! Майордың бір оғының құрбаны болып, о дүниеге оның бейшара əйелінің өліміне жазықты болып аттана жаздадым. Тірі қалсам да, мені ақтайтындай ешқандай айғақ-дəлел, не куəгер адам жоқ, арандап, кінəсіз пенденің пешенесіне жазылған жазудан құтылмай, тар қапасқа қайта қамалып, одан енді қайтып шығуым неғайбыл еді,– деп қыстығып барып тоқтады. Сосын баяу аққан ағын суға көз алмай қарап отырып сөзін жалғады: «Дүние түлкі болса, тазы боп шал» демей ме? Бірақ сол дүние кейде түлкі болмай, тазы болып өзіңді шалуы мүмкін екен. Еркіндік пен бостандықтың қадірін жантүршігерлік түрменің тар камерасындағы темір төсекке таңылғанда білесің. Абақтыдағы адам астына мамық көрпе, басына жұмсақ құс жастық қойып, алдына алтын табаққа ас құйып, қолына күміс қасық берсең де бостандықты аңсайды. Еркіндіктегі қара нан мен қара суға не жетсін, шіркін!
Сайлау ТӨЛЕУ


