– Əке, бүгін сіздің Мадоннаңыздың, біздің мамамыздың туған күні ғой. Бермен қарай шықсаңшы. Нəзіктігі мен сұлулығы қатар ұштасқан Еркеназ ашық тұрған есіктен əкесінің кітап оқып отырғанын көрді де: – Тағы да Артур Конан Дойлды оқып отырмысың? – деп сөзін жалғастырды. – Иə, қызым біздің жұмыс осы ғой. Үздіксіз ізденіп, шытырманнан шиыр тауып, шығар жол іздеу керек. Əкесі қызының басынан сипады. Еркеназдың шаш түйреуіші басынан сусып түсіп, еденде жатқан үстел добына тиіп, ол есіктің саңылауынан өтіп, қонақ үйге қарай секіре жөнелгенде, бұрышта жатқан марғау артынан қуып берді. – Міне, бұл детектив, – деп əзілдеді əкесі. – Оны білем ғой, əке. Бірақ жүрекке салмақ салып, жүйкені жүндей түтетін оқиғалар денсаулыққа зиян емес пе? Мен алдында Эдгар Поның «Қара мысығын» оқимын деп, үштөрт күн ұйықтай алмай шықтым. – Қызым-ау, оны саған кім оқы деді. Ол үлкендердің өзі əрең қорытатын магиялық шығарма. Саған Конан Дойлдың «Көгілдір жақұты» сияқты көңілді детективтерді оқыған жөн балады, – деген əке алдында жатқан қызылқоңыр мұқабалы Агата Кристидің «Он қара домалақ» деген кітабын нұсқап, – Ал мынау сияқты кітаптарды оқу саған əлі ерте, – деп шашылып жатқан үйме-жүйме кітаптарды жинастырып, тұруға ыңғайланды. Сырттан Медғат пен Қасым дабырласа кірді. – Елдің даңқын асыратын ол – өнер мен ғылым. Спорт дегенің қисынсыз болар, – деді Медғат аяқ киімін шешіп жатып. – Мұныңа келісе алмаймын. Мысалы, олимпиада чемпиондары елдің еңсесін көтеріп, мемлекеттің абыройын асырмады деу қиянат болар, – деді Қасым өзі де бокспен айналысатын болған соң. – Иə, сенікі жөн делік. Бірақ түптің түбінде көсегемізді көгертер ғылым ғана екенін мойындау лазым. Сосын біздің ІТ саласында да жетістікке жетіп жатқан жастар жетерлік. Соларды неге олимпиада чемпиондары сияқты бағаламаймыз? Неге алалаймыз? Өтірік лепіру мен бос мақтанды қою керек. Асүйден алжапқышы желбіреп мамасы Ұлпан шыға келді. – Болыңдар, болыңдар. Сендерді ғана күтіп отырмыз. Дастарқан дайын. Бұлар тіпті аналарының туған күнін ұмытып кеткеннен сау ма, түге? – деп наздана тіл қатты да, лыпи басып барып, айнаға қарап қисайып кеткен орамалын түзеді. Төрт көзі түгел жиналып туған күн дастарқанына жайғасты. Сүйікті келіннің туған күніне ата-апасы арнайы Астанадан келген. – Ал, дастарқанның байлығын берсін, келінжан айналайын, жаның жамандық көрмесін. Туған күнің құтты болсын! – деп ақсақал бата қайырды. Дастарқан басындағы еменжарқын əңгіме, құттықтаулар мен жылы лебіздер жалғасып жатты. – Əй, осы ақ келінім болмаса, шалым екеуміз баяғыда-ақ тырапай асар едік. Келіннің дəрігер болғаны, Құдайдың бізге берген сыйы екенін несін жасырайық. Айналайын өркенің өссін, – деп кейуана ағынан жарылды. – Мұндай болғанда, екеуміз де дəрігер қыз таппасақ, жағдайымыз қиын болатын сияқты ғой, – деп Қасым əңгіме ауанын Медғатқа бұрып, отырғандарды ду күлдірді. – Əй, жүгермектер дəрігер ме, инженер бола ма, бастысы қазақтан табыңдар. Қазір жастар қағынан жеріп, аралас неке дегенге əуес боп кетті ғой өзі. – Иə, бəйбіше айтқаның жөн. Қан тазалығын сақтау керек. Ол ұл яки қыз болсын басқа нəсілмен шатысса өзін ғана емес сол əулеттің мың жылдық шежіресін бұзып, түбіне жетті дей бер, – деп қостады шалы сарқасқа шəйді сораптап. – Сонда Алаш арыстарының көбі неге өзге ұлттан алды əйелді? Мəселе, ұлтта емес, адамгершілікте шығар? – деп əңгімеге қосылды Еркеназ. – Енді ол кездегі тарихи жағдай, тағдыр дейміз бе, олардың жазмышы солай болды емес пе? Қазір заман басқа, заң басқа дегендей, – деп атасы немересіне қарады. Осы сəтте бəрі де Еркеназдың оқшау сөзіне аңтарыла қалған еді. Бəрін мұқият тыңдайтын əдетімен Абылай əңгімеге араласпай, үнсіз тыңдап, бақылап отыр. – Не болды? Бəріңіз маған қадалып. Мен жəй əңгіме болсын деп айтып жатырмын. Білмегенімді сұрау айып па екен? – деп Еркеназ томсырая қалды. – Менің еркетайыма бұлай тесіреймеңдер! Қалалық қыздар орысша шүлдірлеп, дүбəра боп жүргенде, менің еркем Алаш арыстары туралы сұрақ қойып, тарихын түгендеп жүр. Қайта қуансаңдар етті. Кімде бар мұндай қыз? – деп апасы əңгіме ауанын жаймашуақтап, Еркеназдың басынан сипады. Медғат пен Қасым бөлмесіне кірді де, қолдарына ұстаған конверті бар жымыңдап қайтадан шықты. – Мама, туған күніңіз құтты болсын! Мынау Қасым екеуміздің сыйымыз. Анталияға екі адамға жолдама. Əкем екеуің демалып, қыдырып қайтыңдар. – Рақмет, айналайын құлындарым, – деп анасы күтпеген сыйға таңғалғанын жасырмады. Басқалары да риза болып, туған күн иесін құттықтап бокал қағыстырды. Сыңғырлай шыққан үнмен бірге Абылайдың телефоны да шырылдай жөнелді. Абылай телефонына қарады да «жұмыстан хабарласып жатыр. Сіздер отыра беріңіздер. Қазір келем» деп, жедел басып балконға беттеді. – Бұларға демалыс күні де бір тыным жоқ-ау, – деді көңілді отырысты бұзған күтпеген қоңырауға кейіген кейуана. – Енді балаңның жұмысы сол – елдің амандығы, жұрттың бүтіндігі екенін білесің, бəйбіше. Кімге кінə тағарсың? Абылай бөлмесіне суыт кірді де, формасын киіп шықты. – Мені шұғыл жұмысқа шақырып жатыр. Бармасам болмас. Өздеріңіз мені бар деп отыра беріңіздер. Жылы сөз, ақ тілектеріңізді Ұлпанның төбесінен жаңбырша жаудырыңыздар. Тоқтай көрмеңіздер. Қанеки, қанеки! – деді де бокалды алып əйелі Ұлпанмен, сосын жағалай қағыстырды да, есікке қарай беттеді. Капитан Жанат Оңласынның хабарлауымен тергеуші полковник Абылай Əзімханұлы тізгін ұшымен сағат түнгі бірден он минут өткенде оқыс оқиға болған жерге жетті. Оқиғаның жəй-жапсарымен танысты. Самал ықшам ауданындағы элиталық көп қабатты үйдің төртінші қабатынан 28 жастағы келіншек құлап түскен. Түн болғандықтан, оны алғашында ешкім байқамаған. Куəгерлер сəл кешігіп жедел жəрдем көлігін шақырғанымен, аузы-мұрнынан қан кеткен келіншектің демі үзілгені мəлім болды. Келіншек құлаған пəтерге барған полицейлер ваннадан аяқ-қолы байланған күйде жатқан марқұмның 40 жастағы күйеуін тапқан. Жараланып, бір қолы сынған. Үй шашылып, астаң-кестеңі шыққан. Есік-терезе қираған. «Өлтіріп кетті, өлтіріп кетті!» деп бір сөзді ғана қайталап шошынып қалған, есі кіресілі-шығасылы үй иесіне алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, ауруханаға алып кетті. Абылай үрейленген тұрғындарды үйлеріне қайтарып, оқиға болған орынның бəрін сызып, қоршатты. Сарапшы мамандармен бірге пəтерді қырағылықпен мұқият зерттеді. – Не айтасың, Жанат Оңласынұлы? – деп капитанға Абылай қыран қабақтың астынан сұраулы көзбен қарады.
– Аң-таңмын. Күйеуі байлаулы. Əйелі терезеден секіреді, – деді капитан екіұшты. – Секірмеді, оны біреу лақтырды деп те қарастырсақ қалай? Бұл да бір жорамал. – Мүмкін. – Оны ертең күйеуінен білетін боламыз. Сосын осы көп қабатты үйдің айналасындағы камералардың қатты дискісін жинатыңдар. Абылай сөйлей жүріп, ештеңені назардан тыс қалдырмай, сынып, бүлінген дүниенің бəрін суретке түсіртті. Кейбір күмəнді заттарды арнайы целлофанға салдырып, қалған шаруаны ертеңге қалдырып, түн жарымында бөлімшеге аттанды. Таң ата үйіне келген Абылай үйдегілерді оятып алмас үшін, мысықтабандап кіріп қайта шыға бергенде, құс ұйқылы анасы оянып кетті де, баласын ыммен тоқтатып, жанына келді. – Əкең екеуміз бүгін Астанаға кетеміз. Жұмысың ауыр. Денсаулығыңды күт, айналайын. Жұмысыңа байланысты дос-дұшпаның да көп. Сондықтан мына бойтұмарды тағып ал, – деді де ораулы шүберектің ішінен тұмарды алып, баласының мойнына тақты. – Ой, мама, алаңдамаңыз. Бізді сақтап, қорғап-қолдап келе жатқан сіздердің алғыс-баталарыңыз ғой. Қарбалас болып сіздермен де дұрыс əңгімелесе алмадым. Жарайды, жолдарыңыз болсын. Жақында Астанаға іссапармен барамын. Сонда асықпай қауқылдасайық, – деді де анасымен қоштасып, сыртқа шықты. Тергеу процесі басталды. Бірінші ретте, əрине, марқұм келіншектің күйеуінен жауап алынды. – Азамат Қуаныш Бейсенбаев, болған жайт өте ауыр. Қабырғаңыз қайысып отырғаны түсінікті. Сонда да болған жəйді бүкпесіз айтуыңызды сұраймыз. Бұл қылмыстың жылдам ашылуына көмектеседі, – деді де Абылай диктафонын қосып, «ал, сөйлеңіз» дегендей ыңғай танытты. Қалың қайғыдан естанды болған азамат Бейсенбаевтың халі шынымен адам аярлық еді. Абылай құйып берген стақандағы суды ішіп алған соң, дауысы жарықшақтанып, сөз бастады. – Сол күні əдеттегідей жұмыстан сағат кешкі 8-дерде үйге оралдым. Əйелім өзі күтіп алды. Екі қызымыз демалыс күні болғандықтан, атаапасының үйіне кеткен болатын. Санду екеуміз асүйде тамақтанып, оны-мұны əңгіме етіп отырғанбыз. Сағат 11-лерге қарай есік қағылды. Көршілердің бірі шығар деп, ойымда ештеңе жоқ есікті ашқаным сол еді, бетперде киген еңгезердей ер адам мені электрошокермен талдырып тастады. (иə, ондай зат табылды деп ойлады Абылай) Бір кезде есімді жисам, əйелімнің жаңағы еркектен жанұшыра қашып жүргенін көрдім. Ой-санам тұманданып, бар күшімді жиып, қарсыласпақшы болып едім, ол мені бейсбол таяғымен кеудемнен жəне мына білегімнен ұрды. Есімнен танып қалыппым. Ар жағы бұлдыр, – деп ауыр күрсінді. – Демек, қаскүнем əйеліңізді зорлауға келген ғой? – Солай. Өздеріңіз көргендей үйдегі қымбат мүліктердің бір де бірі қолды болмаған. – Отбасыңызға қастық жасайды-ау деп күмəнданатын адамдар бар ма еді? Немесе бəсекелестер дегендей. Ірі кəсіпкердің дұшпаны көп болатыны айдан анық. – Кім біледі? Тап басып мынау деп айта алмаймын? – Қылмыскердің түр-тұлғасы қалай? – Бойы шамамен 2 метрге жуық. Алып денелі, тіліне қарағанда шетел азаматы болуы керек. – Əйеліңіз сұлу, көрікті болғандықтан, көз сүзіп жүрген еркектер болуы да мүмкін ғой? – Əрине, несін жасырайын. Бейтаныс ер кісілерден хат, сыйлық келіп тұратын. Əйелім адал болғандықтан, оларды бірінші маған көрсететін. Сөйтіп екеуміз ондай дүниелерге көз жұма қарайтынбыз. – Сандуғаш Көкеновамен отасқандарыңызға қанша жыл болған еді? – 5 жыл. – Жарайды Қуаныш Тимурұлы. Болған іске болаттай болыңыз. Біз тағы да айғақтармен танысып, бұл қылмыстың бетін ашуға бар күшімізді саламыз. Бара беріңіз. Қуаныш Тимурұлы шығып кеткеннен кейін, Абылай болған оқиғаға ойша анализ жасап отырды. «Соңғы кезде не үшін осындай оқиғалар жиіледі? Əйелдер неге құрбандыққа шалына беруі керек? Бұл қалай болғаны? Біз қай жерден қателестік?» Кабинетке капитан Жанат Оңласынұлы арсалаңдап кіріп, Абылайдың ойын бөліп жіберді. Өзіңнен естіген анегдотты бір айналып өзіңе айтып беретін қожанасырлау жігіт. – Абылай Əзімханұлы, оқиғаның ұшы табылды, – деді олжалы келгенін байқатып. – Тамаша. Ал, Сөйле. – Қандай əдемі келіншек. Өлімге қимайсың ғой, қимайсың. – Сонда ажарсыздау, сиықсыз адамдарды өлімге қиясың ба? Ауа жайылмай, дерегіңді айт. – Оқиға болған көп қабатты үйдің айналасына қойылған камерадан пəтерге кірген бейтаныс ер адамды байқадық. Тұрғындардың ешқайсысы танымайтын боп шықты. – Сағат нешелерде кірген? – Түнгі 11 шамасында. – Мм, дəл келіп тұр. (Қуаныш Тимурұлының айтқан жауабын ойлады.) – Пəтерден қай кезде шығыпты? – 12 жарым шамасында. – Онда ұрыста тұрыс жоқ. Дереу іздеуге кірісейік. Жанат қалтасынан насыбай алып, аузына салуға ыңғайланды да, Абылайдың қарап тұрғанын көріп, тұқшыңдап қалды. – Əбеке, бұл бəлені сіз сияқты бірден қоя алмай жүрмін. Жайлап ұмытармын. Ұрыспаңыз. – Насыбайға мемлекет шектеу қойды. Ал сен заң адамы бола тұра, заңды бұзасың. Осың дұрыс па? – Болды, басеке. Қойдым міне, – деді де терезеден насыбайды лақтыра салды. – Мынауың дұрыс болды, қожанасырым, – деп сағатына қарады да, кеттік залға, жаттығамыз, – деп Абылай кабинеттен шықты. Артында қалған Жанат тағы бір қалтасынан насыбай шығарып: – Мына қалтада тағы барын білмей қалды. Сізді де атақты детектив дейді-ау, – деп қулана жымиды. Қаланың барлық полиция қызметкерлері жұмылдырылып, бір апта дегенде Алтын орда базарының маңайындағы жалдамалы жатақтардың бірінен күдіктіні қолға түсірді. Күдікті – 52 жастағы Наматжан Сабиров. Өзбекстан азаматы. Жалдамалы жұмыскер. Дереу тергеуге алынды. Күдікті басында жалтаруға тырысқанымен, электрошокер мен бейсбол таяғындағы саусақ ізі, камерадағы бейне, т.б бұлтартпас айғақтарды көлденең тартқанда, қылмысын мойындауға мəжбүр болды. Абылай Əзімханұлы күдіктіге бастан-аяқ барлай қарады. – Иə, ол пəтерге не мақсатпен бардыңыз? – Басында тонау мақсатымен барғаным рас. Олардың бай отбасы екенін білетін бе едіңіз? Жоқ басқа біреулер жол көрсетті ме?
– Мен Қуаныш Тимурұлының құрылыс компаниясында біраз жылдардан бері жұмыс істеймін. – Демек, бұрыннан таныссыз. Уақытылы есептесіп тұрдыңыз ба? – Иə, ақымды жеген кезі болмады. – Ары қарай жалғастыра беріңіз. – Мен ол үйге бұрыннан барып, бұзылған тоқ жолдары, техникалық жөндеу жұмыстарын жасап жүргендіктен, бағалы заттарды қай жерге сақтайтынын білетінмін. Соңғы кезде қаржыдан қиналып жүргендіктен, тонаушылық жасауға бекіндім. Сөйтіп, сағат 11-лерге қарай сол пəтерге бардым. Есікті ашқан Қуаныш Тимурұлын электрошокермен талдырдым да, қымбат бұйым сақталған төргі бөлмеге қарай жүргенімде, ваннадан шыққан жартылай жалаңаш əйеліне көзім түсті… ойым бұзылып… – Иə, сосын не болды? – Абылай кідіріп қалған күдіктіге сөйлей бер деп ишара жасады. – Еркекпіз ғой. Бұрыннан сол əйелге ындыным құрып жүретін. Орайы енді келді деп ойладым. Сонымен ұрлық жайына қалды. Бірақ əйел мен ойлағандай оп-оңай икемге келе қоймады. Қолымнан сытылып шығып, ашық тұрған терезеден өзін лақтырды. Сосын ұрлық та жайына қалып, өзім зорға бас сауғаладым. – Жарайды. Басқа айтарыңыз бар ма? – Мені шайтан азғырды. Істеген ісіме қатты өкінемін, – деді күдікті күрсіне қынжылып. Содан бері біраз күн өтті. Тергеу барысы аяқталғанымен, бұл істен бір шикілікті аңғарған Абылай Əзімханұлы сотқа жолдауға асықпады. Мұнысы басшылыққа ұнай қойған жоқ. Бірде түс əлетінде ішкі істер бөлімінің басшысы полковник Қуандық Бірлікұлы Абылайды ресторанға кездесуге шақырды. Бұл жаңа келген бастығының сырына қанық емес еді. «Өзіңді əріптестермен алыс татпа жəне де жақындатпа» ұстанымымен жүретін Абылай əрқилы ойдың жетегімен уəделі уақытта ресторанға барды. – О, қош келдің, Абылай Əзімханұлы, – деп Қуандық ресторанның вип залынан құшақ жая қарсы алды. – Қош көрдік, Қуандық Бірлікұлы. Дастарқанға шақырғаныңызға рақмет. Дегенмен, ненің құрметіне жайылған дəм екенін түсінбедім, – деді Абылай нəумез. – Ой, бауырым, тергеуші десе, тергеушісің ғой. Мінеки, келгеннен тергей жөнелдің. Жай əріптес ретінде əңгімелесіп, жақыннан түсінісіп, сырласуға болатын шығар, бауырым,– деп жақаурата кеңкілдей күлді. Талай істің тігісін жатқызған тісқаққан екені байқалып тұр, – айтпақшы, мына сусындықтың қайсысынан татушы едің, – деп үстел үстіндегі самсап тұрған ішімдіктерге қол созды. – Рақмет, мен ішімдікке жоқ едім, ал мынадайдан болады, – деген Абылай дастарқанда тұрған тассайды алып, өзіне құйып қойды. – А, оның дұрыс екен. Маған рұқсат болса, – Қуандық өзіне вискиден құйып, тартып жіберді де, өзінің өмір жолы, қызметке қалай келгені, қазіргі саясатқа көзқарасы туралы ақтарылып сөйлей жөнелді. Сөзшеңдігі байқалып тұр. Абылай мұқият тыңдады. – Айтпақшы, Абылай Əзімханұлы, сіздің «Құрмет» орденін алғаныңызға 3 жыл болыпты. Содан бері басшылық неге сізді наградаға ұсынбаған? Бұл сіз сияқты өз ісіне шебер, кəсіби маманға жасалған қиянат емес пе? Дауай, құжаттарыңызды дайындаңыз. Мен сізді биыл «Парасат» орденіне ұсынамын, – деді вискиге аздап қыза бастаған Қуандық əңгіменің əредігінде. – Көңіліңізге рақмет. Атақ ретімен беріле жатар, Құдай абыройдан айырмасын, – деген бұл сəл үнсіздіктен соң, – Қуандық Бірлікұлы, əңгіменің тоқетеріне көшсек. Жалпы маған не айтқыңыз келіп отыр? – деді мына іш пыстырарлық əңгімеден жалығып. – Иə, иə, істің тоқетері былай. Түн ұзарса, түс көбейеді деген. Ана марқұм келіншектің делосын жабу керек. – Қалай жабамыз? Ол істің күдікті тұстары бар. Тағы да зерттеуді қажет етеді. – Абылай Əзімханұлы, сіз ақылды адамсыз. Қалай түсінбейсіз? Мына өмірде біз түсінбейтін, шамамыз жетпейтін қым-қуыт жағдаяттар көп емес пе? – деді Қуандық қылмойыннан стақанына еселей құйып. – Жоқ, мұныңыз заңға қиғаш, – деді Абылай шорт кесіп. – Отбасың, бала-шағаң бар. Соларды ойла. Болашағына балта шаппа. Келіссең өзің де жаман болмайсың. Қашанғы қызметтік пəтерде жүре бермексің? – деп Қуандық стақанын көтеріп, тəнтіректеп келді де, Абылайдың құлағына сыбырлады. – Тағы да қайталап айтам, мұныңыз біздің мемлекеттің заңына қайшы. Антыңызға адал болыңыз, – деді Абылай түсін суытып, дауысын қатайтып. – Мемлекет, заң дейсің бе? Ертегіңді айтпашы. Ол күштілер мен байлардың қолында, – деп қарқылдай күлді. – Есіңізді жиыңыз. Сіз мені бопсалап тұрсыз ба сонда? Тапқан екенсіз. Мен мұндай құқайдың талайын көргем. Ашулы Абылай иығындағы Қуандықтың қолын серпіп жібергенде, стақанның күл-талқаны шықты. – Өмірің мен жұмысыңды ойла, өзіңе қиын болады. Тағы да ойлан, уақыт берем, – деді Қуандық ықылық атып. Бұл кезде өрт сөндіргендей түнерген Абылай рестораннан шығып бара жатты. Тіке бөлімшеге тартты. Кезекшілікте отырған капитан Жанат Оңласынұлымен амандаспастан, насыбай қалтасын сұрап, бір атымды ерінге лақтырып, ашу-ызадан жарылардай болып, үйіне бет алды. – Басекең бұ бəлені қойып еді. Мұнысы қалай? – деп түк түсінбеген Жанат Абылайдың артынан ұзақ қарап тұрды. Үйге келген соң, іші əлем-тапырақ болған Абылай жаңа бастығының айтқандарын ой сарабынан өткізді. «Бала-шағаңның болашағына балта шаппа, жұмысыңды, өміріңді ойла» деген сөздер санасында жаңғырып тұрды. Төрде ілулі тұрған отбасылық суретке көзі түсіп, жүрегі шым ете қалды. Мына өмірде əділет сіз дүние аз ба екен? Қайсыбірінің үдесінен шығарсың. Жеке батыр боп не қиратпақ? Жабулы қазан, жабулы қалсын деп, қолды бір сілтесе ше? Дұрысы сол емес пе?.. Ауыр ойға шомған мұның көңілін көрші бөлмеде сабағын пысықтап жатқан қызы Еркеназдың жарқын дауысы аударды. «Айтсам деген сөзім ең, Дүниеге қарап шындық көзімен. Ар алдында мен өзімді əрдайым, Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем!». Еркеназ тағы да қайталады. Тұп-тұнық, селкеусіз мөлдір үн. Алғаусыз пəк көңіл. «Ар алдында мен өзімді əрдайым, дар алдында тұрғандай-ақ сезінем!». Абылай өлеңге қосылып кеткенін де, аңғармай қалды. Манағы күдік-күмəннің бəрі сейіліп, дереу бір байламға келді. Тіпті жадырап та қалды. «Тəуекел, – деді іштей жұдырығын түйіп. – Иə, өзімнің емес, бала-шағамның болашағын ойлауым керек!». Содан былай жанына капитан Жанат Оңласынды алып, Сандуғаш Көкенованың ісін майшаммен қарағандай шұқшия зерттеді. Кəнігі ізкесер тосын мəліметтер жинады. Араға адамдар салып, пара бергендерді тойтарып тастады. Əрбір елеу сіз детальдарға дейін сұрыптап, екшеді. Күдікті Наматжан Сабировтың мойындауынан ойға қонымсыз, жалғандықтар шыға бастады. Сонымен өзбек еліндегі бұрыннан таныс құқық қорғау саласының қызметкерлері арқылы Əндіжан қаласының Асака ауданының тұрғыны Наматжан туралы мəлімет жинау қиындық тудырмады. Күдіктіге əйел зорлады деп кінə тағуға ешбір негіз жоқ боп шықты. Өйткені Наматжан 20 жасында Ауған соғысына қатысып, қырғын шайқастың бірінде ауыр жараланып, еркектік мүшесіне зақым келген. Сол себепті өмір бойы үйленбеген. Былайша айтқанда əтек. Ендеше, неге ол кісі өлімін мойнына алды? – Сонымен Жанат сен қандай қорытындыға келдің? – деп Абылай сынай қарады? – Соған миым жетпей, ақылым айран боп отырған жоқ па? – Мысалы саған он миллион берсе, жасамаған кісі өлімін мойныңа алар ма едің? – Қанша? Аз ғой. Тағы біраз қосса… А, жоға. Əбеке, не деп кеттіңіз? Адамды шатыстырып, – деп Жанат шоршып түсті. – Мінеки, ақшаны айтқанда сен бірден бейсаналы түрде келісімге келуге рай таныттың. Ал, құрылысшы өзбектерге бұл көп ақша. Олигархтар үшін бұл копейка. Арзымас дүние. – Сонда Сандуғаш Көкенованы күйеуі Қуаныш Тимурұлы өлтірді дегіңіз кеп тұр ма? – Дəл солай. Бірақ, дəлел жеткіліксіз. – Əй, қайдам. Көршілерінің бұл отбасы тату-тəтті, күйеуі мешітке садақа беріп, қайырымдылықпен жиі айналысады деп шаң жуытпай, олардың жарасымды жұп екеніне кепілдік беріп отырғанын қайда қоямыз? – Күштінің арты диірмен тартқан заман. Бай кəсіпкерден жасқанып, жалған куəлік берулері əбден мүмкін. – Иə, ондай жағдайлар болады. – Сосын күдікті Наматжанның жалдамалы жұмыскер жалғыз бауыры жуырда ғана Асака ауданының орталығынан жап-жаңа үй алған. Бұл мəселеге ауылдастарының өзі таңқалысын жасыра алмапты. – Бұл рас болса, Наматжанның бауыры үшін жасаған ісін бағалауға болады. Менің ағамды білесіз ғой, əйелінің айтқанынан шықпайды. Абылай бір жымиып қойып əңгімесін жалғастырды. – Олардың жауабы бойынша, марқұм терезеден секірген-мыс. Ал өзің ойлашы, əйел шалқасынан жатыр. Өз еркімен терезеден секірген адам көбінде екпетінен құлайды. – Ана оңбағандар өлген əйелді терезеден лақтырған демекпісіз? – Межемен солай болуы мүмкін. Тұра тұр. Сөзімді бөлмей тыңда. Есіңде болса, Наматжан тергеуде əйелдің ваннадан шыққанын айтса, ал, күйеуі ол уақытта ас үйде əйелімен тамақтанып жəйбарақат отырдық деді. Сондай-ақ Қуаныш Тимурұлы мен Наматжан оқиғаның сағат 11-ден кейін болғанын айтқанымен, марқұм келіншектің қолынан табылған ақылды сағат Сандуғаш Көкенованың жүрек қағысының 9 жарымда тоқтағанын айғақтап тұр. Міне, парадокс. Бұған қоса, Қуаныш Тимурұлының бұрынғы екі əйелінің де кездейсоқ ажал құшқанын есепке алыңыз. Мен сенімді адамдар арқылы күні бұрын қысқартуға жіберілген сот-медициналық сараптамасына қол жеткіздім. Марқұм келіншектің өлуден бұрын төрт қабырғасының сынғанын жəне тырнақ астынан күйеуінің тері қалдықтарын анықтадым. Демек, оны айуандықпен қинап өлтірген. Жарайды қалғанын тағы көре жатармыз. Мен қызымды мектептен алуға кеттім. Деректер туралы тіс жарма. Істің байыбын əлі қорытып үлгермеген Жанат басын сипаған күйі қалды. Абылай Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын қызы Еркеназды күтіп алуға барды. Көп күттірмей қызы да шықты. Екеуі қатарласа жүріп, көшені кесіп жаяулар жолынан өте бергенде, қапталдан өздеріне қарай құйғытып келе жатқан қара джип көлігін көрді. Қас-қағым сəтте əбжіл қимылдаған Абылай қызын арғы бетке итеріп үлгергенімен, өзі қатты соққыдан анадай жерге ұшып түсті. Абылай ауруханада есін жыйді. Оң жақ ортан жіліктің морт сынғаны болмаса, басқа жарақаттарды елемеуге болады. Бастысы, қызы дін аман. Абылай мұның сөзсіз қастандық екенін сезді. Аса діншіл болмаса да, бір құдіретті күштің барына сенетін. Мойнындағы анасы берген бойтұмарды сипалап, жүрек тұсына басты. Арада он күн өткен соң, жақындары мен доғдырлардың қарсылығына қарамай, балдағын сүйеніп, ақсаңдай басып Сандуғаш Көкенованың ісін аяқтауды ұйғарды. Наматжан тəжірибелі тергеушінің бірде өктем, бірде жұмсақ, шым-шытырық қойылған сұрақтарынан сынып түсті. Иə, ол үйге сағат 11-де Қуаныштың шақыруы бойынша барған. Сосын қожайыны табан астында сценарий құрған. Оның қаржыдан қысылып жүргенін күні бұрын білетін Қуаныш Наматжанмен 9 миллионға келіскен. Бұл кезде бір жарым сағат бұрын жантəсілім еткен келіншек еденде жатқан еді. Сөйтіп Наматжан тергеушіге үлкен сомаға кісі өлімін мойнына алғанын мойындауға мəжбүр болды. Ал Қуаныш бұлтартпас деректердің барына қарамай, барынша қарсыласып, бұлталақтап баққанымен: – Мен оны үлде мен бүлдеге орадым. Алтын-күміске малындырдым. Ол қалағанның бəрін жасадым. Елде жоқ көлік мінгіздім. Коттедж салып бердім. Ол оңбаған менің жасаған жақсылығымды білмеді. Өзінің менің ғана жеке меншігім екенін түсінбеді. Еркін жүргісі келді. Соңында сыбағасын алды, – деп айғайлады тығырыққа тірелгенін білген соң. – Мінеки, сен оған жеке мүлкің ретінде қарадың. Ол жиһаз емес, адам еді, адам деймін. Ал, сені адам деуге аузым бармайды, – деді көп ашулана бермейтін Абылай үстелді тоқпақтап. – Мені бəрібір қамай алмайсыңдар. Ертең-ақ бостандыққа шығатын боламын. Осы істеген ісіңе əлі-ақ өкінесің, – деді міз бақпай – Сен байлығыңа сеніп, қылмысты жасыруға тырыстың. Тіпті, сот-медициналық орталығындағы адамдарды, ішкі істер бөлімінің басшысын парамен сатып алдың. Бірақ сатылмайтын дүниелер де болады. Ол – ар-ұждан, – деді Абылай бұл жолы байсалды түрде. Сөйтіп, біразға созылған қылмысқа нүкте қойылып, іс сотқа жөнелтілді. – Отағасы-ау, жұмыс, жұмыс деп əбден діңкелеп болдың. Енді əлгі екі ұлдың алып берген жолдамасымен Анталияға барып, демалып қайталық, – деді əдеттегідей Ұлпан күйеуіне өзімсініп. – Сəл күте тұр. Тағы да бір кезек күттірмейтін іс болып тұр. Абылай əйеліне сөйлей жүріп, балдағына сүйеніп, самалдыққа шықты. Қазанның желемігі соғып тұр. Үстіндегі киімін қаусырынып, іштей күбірлеп: «Енді аяқ астынан мезгілсіз еңбек демалысына кеткен Қуандық Бірлікұлының ісімен айналысу керек», – деді Алатауға қарап.
Аршын НҰРБАҚЫТ


