…Қызмет телефоны жылан шағып алғандай «шар» ете қалды. – Қалалық Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасының бастығы полковник Қайсенов тыңдап тұр… Арғы жақтан жігерлі, бірақ темекі шегушілерге тəн қарлығыңқы əйелдің дауысымен: – Мен бақытсыздыққа ұшырап, өзімді қоярға жер тапай жүрген бейбақ едім… – Бізге өтінішпен келіп, болған жайдың бəрін айтып беріңіз. Екі жақ ертең кездесуге уағдаласты. …Таңертең ертелетіп келді. Бірден көзге түсетіндей əсерлі əйел. Азиялық па, кавказ өңдес пе, əйтеуір ұлтын айырып болмастай, дауысы əмірлі де, батыл. Баяғыдағы шахтардың əйелі сынды, мысыңды басып, еркіңді еріксіз билеп тұратын көрікті, ерекше жан екен. Полковник іштей: «Шахизада» деп ат қойып үлгерді. Əйел де полковник погонындағы, пошымы палуандарға ұқсас, бойы ортадан жоғары, денесі қолтоқпақ сынды тығыршықтай, жігерлі жанарынан батылдықпен қоса, мейірімділік нышаны сезіліп тұрған офицерге сынағандай көзін тігіп, ұзақ қарап қалды. Ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет істеп, адам психологиясын жетік меңгерген Қайсенов өткір, батыл да, жігерлі қалпына түсе қалды. Өйткені, өзін тап солай ұстап, пəлекет əйелдің мысын басып қоймаса – тізгіннен де, сенімнен де айырылып қалатынын анық сезді. Жоқ, енді іштей «Шахизада» атаған əйелдің жүйкесі сыр берді! Бағанағы еркіндігінен айырылып, полковниктің жанарынан көзін тайдырып əкетті. Артынша, қолындағы қымбат, мүйіз жиекті көзəйнегін шиыра ұстаған күйі қайтадан еркін, батыл кейіпке енді: – Менің аты-жөнім Баретта Агатовна. – Мені Абылай Əзімханұлы десеңіз болады. Əйел оқиғаның мəн-жайын тəптіштей айтып, түсіндіре бастады: – Көзімнің ақ-қарасындай жалғыз ұлымды, биыл көктемде оған қарыздар – жолың болмағыр, мектепте бірге оқыған сыныптас жігіт өлтіріп кеткен. Қазір полициядан қашып жүр. Менттерің, неге екенін кім білсін, ден қойып іздеп те жүрген жоқ. Ол қанішердің анда-санда жасырын келіп-кетіп жүретін үйінің əдрісін де білемін. Сіздерге тек аңду қойып, тұтқындау ғана қалады. Гонорарын сіз мөлшерлеген шамадан да артық төлеймін. Қобыраған сабан ақшамен емес, американдық валюта, доллармен. – Бізге еңбек ақыны Үкімет төлейді. МҚК-де гонорар деген түсінік жоқ – деген полковниктің сөзіне əйел сенбеген пішінмен: – Қояр талабым: менің ұлымды өлтірген қанішерді тауып, ұстап, ол екеуімізді бар-жоғы жарты сағатқа жеке қалдырасыз. Полковник Қайсеновтің бір сəтке таңырқай қарап қалғанын байқаған ол: – А-а, түсінемін. Заң талабын бұзудан сескеніп тұрсыз ғой… – Ия, дұрыс түсіндіңіз. Қандай жағдайда болмасын, заң талабына бағынамын. Мен рэкетир емес, мемлекеттік органның офицерімін! – Сіз қанша ақша сұрасаңыз да, сонша қомақты қаражатты алдыңыз ға ойланбастан тастай саламын. Дегенмен, ойланыңыз – деп, өзіне сенімді кейіппен, оқтай түзу аяқтарын «тық-тық» еткізіп, сəнмен, бұратыла басып кете барды. Абылай ұзай берген шығыстың Шахизадасына ұқсаған сымбатты да, батыл, жұмбақ əйелдің соңынан тағы да таңырқай қарап қалды. «Бар-жоғы жарты сағат арасында бұл əйел ұлын өлтірген қатігезге не істемек екен» деген ой басынан кетпей, шыңылдап тұрып алды… Шахизаданы оралуы Ұзақ жаз бойы күйдіріп-жандырып, шексіз үстемдігін жүргізген аптап ыстық ақыры төмендеп тынды-ау… Күндер бірте-бірте қысқарып, кешқұрым салқындауға айналды. …Полковник Абылай Қайсенов жекеменшік «Барыс» детектив агенттігінің бастығы, сан түрлі қылмыстық істерді ашудың майталман шебері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің доғарыстағы (отставкадағы) полковнигі Темірболат Ахметовпен сонау бала кезден дос. Сол үрдіспен Темірболат Таирұлы Қайсеновтің қызмет бөлмесіне келіп, екеуі Шахизада арудың өтініші туралы ақылдасып отырған. Қазақтың: «Кімді ойласаң – сол келеді» деген ескілікті сөзінің дəлеліндей, есік сырт тан баяу қағылды. «Кіріңіз» деген жауап айтылмай-ақ, емен есік дыбыссыз, жəйлап ашылды да, ішке кірген Шахизада емін-еркін, аяңдай басып, столға жақындады. Екеуінің жанарлары түйісіп, бірін-бірі арбаған жыландай, үнсіз отырып қалды. Əркім өз ойымен əлек болып үнсіз сөйлесіп тұр: – Шахаризада бикеш, сіз мені ақшаға сатып та, алдап-арбап та, қорқытып та, менің еркімнен тыс ешнəрсе істете алмайсыз. Бірақ, мен үшін сіз қызығарлық та, құпия нысансыз… Əйелдің ойы: «Полковник мырза, сіз кім, қандай болсаңыз да, сындырып, өзімнің айтқаныма қайтіп көндіре алар екенмін…?» деп бір сəт іштей арбасқандай болды. – Баретта Агатовна, танысып қойыңыз. Менің бала кезден досым, ҰҚК-нің доғарыстағы полковнигі Темірболат Ахметов. Біз жаңа ғана сіз туралы əңгімелесіп отыр едік, жасыңыз ұзақ болады екен. – Темірболат Таирұлы деген алматылық қазақпын. – Баретта Агатовна. – Əйел ұзын, салалы саусақтарының тырнақтары өрттей қызыл лакпен боялған қолын ұсынды. Дегенмен, пəлекет əйел полковник Қайсеновтің алдын орап, тізгінді өз қолына алып үлгерді. – Сонымен, Абылай Əзімханұлы, сау-сəлеметсіз бе? Ашусыз, жəймен болғанымен, анық та, нық, талап ету мəнерімен айтты. «Иə, бұл мені өз дегеніне көндіріп, илеп алу үшін, барлап, тамырымды басу мақсатындағы спорттық қулық əдістерінің бірі ғой, көпті басынан өткеріп, «жыланның аяғын көрген» айлакер пəлекеттің» деп ойлаған Қайсеновтің ойын əйелдің: – Ойланып, бір шешімге келдіңіз бе, полковник мырза? – деген сұрағы бөліп жіберді. – Сіздегі мəселе сол бұрынғыша – ұлыңызды өлтірушімен жарты сағатқа жеке қалдыру ғой? (əйтсе де, ол онымен жарты сағат ішінде не істемек екен, ə?) – Иə, мəселе бұрынғыша қалады. – Бірақ біздің кездесуден кейінгі өткен уақыт ішінде сіз басқа орындаушыны табуыңызға болатын еді ғой. Тіпті, газ құтысын сатып алып, жəбірлеушімен оп-оңай есеп айырысуға мүмкіндік болды ғой…
– Осы уақыт ішінде мен машина, көлік жүргізуші куəлігін сатып алып, жүргізуді үйрендім, газ тапаншасын сатып алдым. Мен газеттегі хабарландыру бойынша жеке детективтерді де таптым, бірақ олар қолынан ешнəрсе келмейтін берекесіз адамдар болып шықты. Тиесілі ақшасын да алды, бірақ ештеңе істемеді. – Ал маған не істе дейсіз? – Мен қайталаймын, өтінішімді орындаңыз. Сіз айтқан соманы қолма-қол, доллармен алақаныңызға тастай саламын. – Мүмкін сіз онымен не істегіңіз келетінін айтып берерсіз… – Бұл менің ісім. Сіздікі – ұлымды өлтірушіні маған əкеліп, бізді жарты сағатқа қалдыру. – Жоқ, Мен олай істей алмаймын. – Қорықпаңыз, мен оны сізге тірі, еш залалсыз қайтарамын. Содан кейін сіз оны менттеріңізге тапсыра аласыз. «Əңгімеміз əрі қарай жараспайтындығы анық. Мүмкін оның жанын жаһаннамға жібермек пе? Басын жұлып алмақ па? Оны не істемек жəне неліктен жарты сағат? Бұл сұрақтар маған ешқашан тыныштық бермейтін шығар, тегі». – Баретта Агатовна! Менің орынбасарым бар, бұрынғы сыртқы бақылау қызметінің мықты маманы. Мен онымен кеңесейін. Одан кейін осы полковник Ахметов төртеуміз кездесіп сөйлесейік, мүмкін бірдеңе ойлап тауып, бір ортақ шешімге келерміз. Айтпақшы, сіз оны неліктен осы уақытқа дейін полиция органдарына ресми түрде хабарламадыңыз? – Абылай Əзімханұлы, сіз аяқ астынан аңқау бола қалғаныңыз қалай? Біріншіден, егер олар қаласа, оны əлдеқашан ұстап əкетер еді. Өйткені, ол жасырынып та жүрген жоқ. Екіншіден, ол маған жарты сағатқа ғана қажет. – Неге? Сіз онымен не істейсіз? – Ол менің шаруам. Мені тергей бермесеңізші, өтінемін. Полковник Қайсенов ойланып қалды: «Енді қалай? Неге солай болмасқа? Ол жазықсыз адамның қанын төгіп, жанын қиған баскесер қылмыскер ғой… Бірақ ол сол жарты сағат ішінде онымен не істегісі келеді екен?» – Баретта Агатовна, (Құдайға шүкір, абиыр болғанда, оның есімсойы қалай аталатыны есіне түсті) біз сіздің ұсынысыңызды қабылдадық делік. Бізді қандай да бір заңсыздық, қылмыстық оқиғаға тартпайтындығыңызға кепілдік қайда? – Құдай-ау, Абылай Əімханұлы, сіз адамдар туралы неге жаман ойлайсыз? Мен сізге жөні түзу, ұяты бар адамның уəдесін беремін. Екіншіден, полковник мырза, сіздің алдыңызда əйел адам тұрғанын есіңізден шығармаңыз… … – Иə, иə, əрине. Бірақ, менің де сізге қояр шартым бар. «Бізге еңбекақыны Үкімет төлейді» деп, өткен жолы сізге айтқанмын. Сондықтан, сіз бізге беруге тиісті ақшаны Алматыдағы «Балалар үйіне» аударасыз. – Мақұл, айтсаңыз болды, қатырамыз… Аду Ох, уақыт дегенің қаншалықты баяу сырғып өтіп жатыр! Бұл қандай сынақ: сен екі сағат қана ұйықтайсың, келесі екі сағат бойы адамды əбден мезі қылатын осы жерүйдің темір қақпасына телміресің… Полковник Қайсенов көмекшісі Асқармен, Ахметов пен Дима Сухов екеуі төрт сағаттық циклмен осындай аңду процесін ұйымдастырған. Осы айтылған мекенжайда, сіз ойлағандай, Шахизаданың жалғыз ұлы Маратты өлтірген Станислав Хрулев пайда болуы тиіс. Бейнеті мол, телміре аңдудың үшінші күні аяқталуға жақын, бірақ Станислав құрғыры пайда болар емес. Бұрынғы полиция қызметкері қожайыны болған бұл үй бұларға өте қолайлы. Ақыры, зарыға күттірген ол пайда болды-ау! Күннің түс мезгілінде ешкімнен жасырынбай, қорқып-үрікпей, өзіне бек сенімді кейіппен жетіп келді. Үйден күтпеген жерден қақпа ашылып, түрлі-түсті сабалақ шалбар мен жасыл болонья шапан киген кексе əйел шықты. – Тамаша! – деді Диманың бойы жеңілдеп, сүйікті əжесі азық-түлік əкелуге дүкенге кетті. Енді қайтсін, аяулы, ерке немересі ашығып қалған ғой… – Сақтық үшін оның соңынан білдірмей еріп отыр, Дима. – Не, ол кемпірдің соңынан ұзақ уақыт салпақтап ерем бе? – Жоқ, оның барар бағытын анықта да, шапшаң кері қайт. Біз бұл сволочтың тағы бір жаққа қаңғып жоғалғанын күтіп тұрмаймыз ғой – деген полковник Қайсенов сөзін əрі жалғады. – Бір жақсысы, біз бұл үйді үш күннен бері бақылап отырмыз. Мұнда кемпірден басқа ешкім болмағанын білеміз. Аңдушылар Станиславты қалай ұстайтынын аз-кем жоспарлап, Ахметов іске кірісті. Ол Бахус əуесқойларының қалтақтаған жүрісімен қақпаға кіріп, оны ашық қалдырды. Кіреберістің баспалдақтарымен көтеріліп, есікті итеріп жіберіп ашты. Бəрінің қуанышына орай, есік ашылы сымен отставкадағы барлау полковнигі қараңғыға кіріп кетті. Бір сəтте: – Сен не, жігітім, мен қалқақтап көршімнен қарызға ақша сұрауға кірдім. Бəлкім, оның тыққан-мыққан бөтелкесінде маған «похмель» жасайтын бірдеңе қалған шығар… – Не, түсінбей тұрсың ба? Мен кімге айтып тұрмын, бұл жерден жақсылықпен көзіңді жоғалт… Есіктің сырт жағынан қатты итерілген екпінімен актер табалдырық үстінде тұрып қалды. Ашуға булыққан жас қаскүнем серпу күшін есептемегендіктен инерция бойынша шақырылмаған қонақпен бірге кіреберіске ытқып шықты. Сол мезетте оны ұстауға əзір тұрған «Барыс» агенттігінің қырандары бас салып, екі қолына кісен салып үлгерді. Полковник Ахметов көлігін тікелей қақпаға таяп, магистралын (жүк салғышын) ашты. Не болып, не қойып жатқанын түсініп үлгермеген жас заң бұзушы ернінің таспамен жапсырылғанын ауырсына сезді. Іле-шала ол машинаның ашық тұрған жүк салғышына тасталып, артынша «сарт» етіп жабылып қалды.
Шахизаданың судай жаңа BMW-5 көлігі зырылдап, көктем құшағындағы қаланың шаңға батқан тығыз ауасын садақтың көк жебесіндей тіліп өтті. Болат одан көз жазып қалмас үшін қара терге түсіп, көне «Жигулиімен» құйындата ілесіп келеді. Бақытына орай, оған бұл көлікті зейнет демалысына шыққан кезде, қосымша марапат ретінде «туған конторы» сыйлаған болатын. Сондықтан, бұл ескі «мотор» анау-мынау көлік емес, бұрынғы қызметтің «көзі» болатын. Алдағы машина күтпеген жерден үлкен, сұр түсті əкімшілік ғимаратты айналып өтіп, ескі өндірістік нысандардың арасымен, бұлаңдата жүйткіді. – Мен мұндай алып зауыт қаланың қақ ортасында жұмыс істейді деп ешқашан ойламас едім,– деп Татаринцев аңқау экскурсант құсап таңданыс білдірді. – Бұрынғы құрылыс материалдары ғылыми зерттеу институты,– деді Болат Бүркітов. – Кейіннен «жаңа адамдардың» бірі сатып алған. Шахизада бояуы қабыршақтанып, көтеріле бастаған қақпадағы аспалы құлыпты өз кілтімен ашып, детектив жігіттерге: «прошу, господа» деп, ішке кіруге шақырды. Содан кейін ол өзінің көрер көз қызығарлық керемет «арбасын» біздің «жабағымыздың» жанына миллиметрлік дəлдікпен қойды. Шахизада қабағын түйіп, тұтқынның бетіне еңкейіп, тесіле қарады. Өзіне ыңғайсыз позадан ба, жоқ əлде оның əйелдік толқу сезімінен бе, мойынының жүйке тамырларының адырая ісінгені анық білініп тұр. Мазасыз оқиғалар мен тосынсый (сюрприз) сəтін күтудің шиеленісі əр сəт сайын күшейе түсті. – Міне, біз ақыры кездестік, Стасик – деп кербез əйел, астма ауыруы бар адамша ысқырық сынды дыбыс шығарып. – Міне, мына жерге əкеліңіздер – деп, өріс теп келе жатқан драманың «режиссері» сияқты дауыстап, көз алдындағы есіктердің бірін нұсқады. Артынша, есікті өз кілтімен ашып, көзден таса болды. «Барыстық» детектив жігіттер бірі-біріне «бұл əйел не істемек» деген оймен қарап қалды. Олар іле-шала қолдағы «олжасын» сүйреген күйі Шахизада сұлудың соңынан ерді… Тәуекелге бармаан шампан ішпейді… Шамасы, бұл əлдебір кереметтің күшімен, бүтін, дұрыс сақталған зертхана болды. Мəрмəр қабырғалар, аппақ плиткадан жасалған еден, сорғыштардың, құбырлардың қалдықтары. Төрт бұрыштың бірінде біртүрлі ауыр, центрифуга ма, автоклав па, əйтеуір бір құрылғылар орналасқан. Шахизада алдындағы «құбыжықты» көрсетіп: – Оны осы жерге кісенмен байлаңыз,– деді ол сүйріктей саусағын шығып тұрған темір тұтқалардың біріне тигізіп. – Бұл сіздің зауытыңыз ба? – деп, полковник Қайсенов білмек болған сұрағын алыстан, орағыта сөйлеп. Артынша əйелдің сенімді жауабы да естілді: – Жоқ. Мен жақын жерде тұрамын жəне бұл жерді бүгінгі шараға көптен бері дайындап қойғанмын. – Ал сен енді не істемексің? – Полковник, біз олай келіспеген едік қой… – Жарайды, уайымдамаңыз, ақша өзіммен бірге. Қазір мені Стасикпен тура отыз минутқа қалдырасыз. – Ал сіз не істейсіз?– деген Диманы Шахизада ашулы кейіппен тоқтатты. Темірболат Таирұлының: – Баретта Агатовна, біз сіздің сақтығыңызға, бəрі қауіпсіз болатындығына сенеміз – деген сөзіне, əйел тез жауап берді: – Бəрі келісілгендей болады. Уайымдамаңыз деген Шахизада сұлу, қағазға ораған қомақты пакетті қолдарына ұстатып, бөлмедегі жайнатып жасап қойған дастарқанды нұсқады, алғыс айтқанын күтпестен, күрт бұрылып, зертханалық бөлмеге қарай бет алды. Мартини мен дастарқанда жайнаған дəмнен ауыз тиген жігіттер сəлден кейін өздерінің қалай қалың ұйқыға кеткенін байқамай да қалды. Шахизаданың не істеп жатқанын өз көзіммен көруім керек деген полковник Қайсенов кенеттен денесінің құстың мамығындай жеңілдеп кеткенін сезді. Ақылы анық, жанары əдеттегідей өткір. Барысша атылып зертхананың есігіне жетті. Қаңылтырмен қапталған есікті каратэмен айналысқан кездегі үйреншікті əдісімен қақырата тепті. Есік кəсек-мəсегімен бірге ішке қарай опырылып түсті. …Бүкіл кеңістік төбеден бір жерден түсетін көк фосфоресцентті жарыққа толы. Белгісіз, бұрындар көрмеген əлдебір құрылғының астынан қою қара түтін дамылсыз будақтап шығып жатыр. Тек шырылдауық шегірткенің бірқалыпты өткір, жағымсыз дауысы құлақ қалқанын жарып жіберердей шырылдайды. – Бұл не? Не жағдай болып жатыр? Баретта Агатовна, қайдасыз? Хрулев қайда? –деп, жауап күтпестен бірнеше сұрақты жөпелемдете қойды. Жүректі ауыртатындай əлсіз ғана жылаған дауыс естілді. Сол сəтте «Барыстықтар» өздеріне келіп, енді ғана ояна бастады. Барлығының көздері тұманға ұқсап, бұлыңғыр тартып тұр. Қан-сөлсіз өңдері түтігіп кеткен. Күн сəулесі таңқурай сынды шашақталып əйнектелген жақтаулардан өтті. Сəлден кейін бұлардың шамамен бес сағат ұйықтағандары белгілі болды. Ах, Баретта Агатовна! Ах, шырайлы Шахаризада, біз дəл бұлай келіспеген едік қой…! Шахизаданы пиясы… Əлгінде ғана «мартини» ішкен мерекелік отырыстың айқын белгілері əлі де бар, бірақ көрпелер, дастарқан жоғалып кетіпті. Бұлар суық бетон еденде жатып қалыпты. «Барыстық» жігіттердің ағзалары үшін бұл жатыстың салдары оңай болмасы белгілі. Олар жатқан орындарынан үнсіз тұрып, тізе бүкті. Ағаш құсап қатып қалған маңдайларын сүртті. Жандарын мысықтар тырнап, ауыздарына бір қора тауық түнеп кеткендей сасық иіс пен жиіркенішті дəм бар. – Мына түрімізбен біз оп-оңай өліп қалғандай екенбіз,– деген Дима қайғырған түрмен.– Жаспын, денім сау, бойдақпын, өзімді ұнататын қыздарым байсыз қала жаздапты ғой… – Клофелин?!– деп, Татарцев ғылыми болжамын айтты. – Галлюциногендік жағдай,– Ахметов медициналық білімнен хабардар екендігін білдіріп жатыр. Бөлме іші батып бара жатқан күннің қызғылт сəулесімен шағылысып, зілдей тыныштыққа бөленген. Үлкен, бір кездері никельмен қапталған ФРИК құрылғы келесі оқиғаларды күтіп тұрғандай мелшиіп қалған. Оған арқасымен сүйеніп, шидей жіңішке аяқтарын созып, жартылай отырып, жартылай бүгіліп жатқан – жүзін қайғы ізі торлаған Станислав Хрулев əкесі жаңа өлгендей мұңайып отыр. Оның кісендеулі сол қолы басының деңгейіндегі биіктікте ілулі тұр. Тірі екендігі анық, көрініп тұрған зақым байқалмайды. «Барыстың» жігіттері жақындап, айнала қоршап алған. Сынақтағы «көжектің» жағдайын анық бақылау үшін əрқайсысы өзіне ыңғайлы қашықтықты таңдап, еңкейіп отыр. – Ұйықтап жатыр ма? – бүкіл компанияның ең шыдамсызы Дима «көжектің» жүзіне үңіліп, үн қатты. Біркелкі тыныс алып жатқан Стасиктің көздері жабық. Жігіттердің де көру қабілеті кештің əлсіз жарығына бейімделіп, «нысанды» мұқият, зерттей қарап отыр. Бетінде, дененің көрініп тұратын бөліктерінде ешқандай жарақат іздері, көгеру көрінбейді. Барлық аяқ-қолдар орнында. Құлаққа да қол тигізбеген сияқты. Киім бүтін, еш жерде қан іздері жоқ. Шашы қыр қылмаған, жұлынбаған, бас терісінен «скальп» алынбаған, бəрі де орнында. Тоқта! Ойбай, мынау не? Басқалар қалай екенін кім білсін, полковник Ахметовтың денесі дір етіп, іші мұздап сала берді. Үсті-басы қаздың терісі құсап ұсақ-ұсақ жыпырлаған шұңқыршаларға толып, тітіркеніп кетті. «Тұтқын» жас жігіттің басындағы шашы, асарын асап, жасарын жасаған кəрі шалдың шашындай болып ағарып кетіпті. Ырымға бір тал қара шаш жоқ! О, Құдай, біз тырқиып тыныш ұйықтап, демалып жатқанда, байқұс бала қандай жағдай кешті екен? – Эй, ұйықтап жатырсың ба? Оян! Көзіңді аш! – Темірболат оның тізесін, иығын алақанымен шапалақтай бастады. Хрулев қабақтарын ақырын, жіпсите ашты. Тұманды, бұлыңғыр көзқараспен айналасындағыларға алара қарады. Ешқандай реакция жоқ, оған ештеңе де əсер етпейтін сияқты. Бұлардың қызықтап тұрған бет əлпеттеріне бір қарап шыққаннан кейін, полковниктің төбе жағындағы бір ноқатқа тесіле қарап қалды. Тұрғандардың барлығы еріксізден ол қараған бағытқа бұрылды. Бірақ таң қаларлық ештеңе көре алмады. Темірболат Таирұлы: – Сен мені естіп тұрсың ба?– деп сұрақ қойды. – Ал! – Не, ал? Сен сөйлесуді ұмытқансың ба? – Жоқ! – Ол саған не істеді? – Ештеңе. – Ал сен не істедің? – Біз сөйлестік. – Не туралы? – Марат туралы. – Содан кейін? – Содан кейін маған қорқынышты болды. Ол маған бір стақан қоймалжың, тəтті бірдеңе ішкізді. Одан кейін алақанымен көзімді жауып еді, екеуіміз де ұшып кеттік. Басында баяу. Одан кейін тез, бірте-бірте зымырай жөнелдік. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде Стасик тынышталып, бағана қараған бір ноқатқа тесіле қарап қалды. – Ал сен қай жаққа ұштың? – Маратқа. Ол болған сияқты, артынша жоқ болып кеткен сияқты болды. Бірақ, Баретта Агатовна ұзақ уақыт оның басынан сипады, əртүрлі мейірімді сөздер айтты. – Ал сен не істедің? – Мен Марат менің көзіме қарайды деп қорықтым. Бірақ ол маған назар аудармады… Полковник Ахметов Димаға «кісендерді алып таста» деп белгі берді. Хрулев сол қалпында қалып, кісеннен босаған қолдары жан кеткендей салбырап қалды. – Əрі қарай не болды? – Маған сізге ештеңе айтпа деп бұйырды. – Кім бұйырды? – Мараттың анасы. – Неге? Жауап ретінде бұлыңғыр, үнсіз тыныштық орнады. Темірболат Таирұлының есіне тағы бір медициналық термин оралды. «Сананың сомнамбула жағдайы». – Ол тағы не деді? – Сіздер кеткен кезде, саған Марат келеді. Сен оның көзіне тура қарауың керек, – деді. Көздер! Көздер-а-а! Көздер-а-а-а! Стасиктің көзі аларып, қолы жоғары қарай пружинаша серпіліп кетті. Оның көздері шатынап, шарасынан шығып кете жаздады. Жас жігіттің денесі тағы да дірілдеп-қалшылдап, бүкіл денесі құрысып бұтына жіберіп қойды. Полковник Ахметовтың бұрынғы қысқа медициналық тəжірибесіндегі қойған диагнозы: «Өмірінің соңы…!» Ах, Баретта Агатовна, мен сізді қайткенде де табамын!» … Дегенімен, ол ханым шарттың талаптары бойынша өзіне алған міндеттемелерді толық орындады.
Ғабдулсабит ЮСУПОВ