Кіріспе
1984 жыл. Бағдат. КСРО елшілігі қалашығы. Түнгі сағат үш. КСРО-ның Ирактағы елшілігінің бірінші хатшысы, ҰҚК-ның барлау резиденті, полковник Виктор Владимирович Семенов ұйқы құшағында жатыр. Жақында ғана əйелі мен балаларын үйге, Отанына қайтарды. Енді тынышталуға болар еді ғой, бірақ бір жайсыз түйсік жүрегін қысқылап маза бермей қойды, тіпті бір рөмке виски де көмектеспеді. Не болғаны əлі белгісіз, бірақ бірдеңе болғаны анық. Ол туралы металл білезікті швейцар сағаты түрінде жасалынған білекті қытықтайтын микрорадио қабылдағыш белгі берді. Мұндай тетікті чекистер «қытықтағыш» деп атайды. Виктор Владимирович «сағатына» көз салып, одан «8» санын көрді. Бұл КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық Бас басқармасының дəрігері, ерекше құнды тыңшы «Пьер» – Петров Евгений Васильевич өміріне қауіпті жайды сезініп «сағатының» жасырын түймесін басып үлгергенін білдіреді… Иракта елшілік қызметінде əрекет жасап жатқан ҰҚК-ның бір топ офицері Кеңес Одағының мамандары тұрып жатқан «Диана» мейманханасына келіп жеткенде, мұнда жергілікті қылмыс полициясының қызметкерлері іске кірісіпті. Петровтың бөлмесіне кіре бере Семеновтың көргені: еденде сұлап жатқан эпидемиологтың денесі жəне қанға боялған үстел үстінде жалпақ табаққа салынған, көздері шарасынан шыға бақырайған басы болды. – Құдайым-ай! – полковник ойша айғай салды. – Мына соғысқа батқан сорлы елде бір жылға да толмас уақыт ішінде екі бірдей эпидемиолог өлім құшты. Ал бұл жолы ерекше жай, қорқыту акциясына ұқсайды… Енді не істемекпін? «Ол» елшіден тағы бір эпидемиолог жіберуді сұрайды ғой. 1– тарау АЛМАТЫ ЖАЗЫ – ӨМІР МЕРЕКЕСІ Қазақ ССР-ы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің майоры Дастан Теміров үйінен шығып жұмысқа жаяу шықты. Осылайша, күннен-күнге, жылдан-жылға, үйдегі есіктен шығып, мекемедегі есікке кіргенге дейінгі қырық минуттық жүріс жалғасып келеді. Есесіне ол табиғат сұлулығын тамашалауға, өзінің өзекті мəселелері туралы ойға шомылуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, бəрі тамаша, өмірі оңға басты: сүйікті жұмыс, сүйікті жар, сүйікті балалар жəне ардақты ана – осы кезге дейінгі сенімді тірегі. Ол отбасының қатал да үнемді есепшісі; жанұяның кіріс-шығыстарын тек бұл бекітеді. Адамға толық бақытты болу үшін тағы не керек? Əрине, өмірлік жолдастар керек. Комитет ішінде жақсы достық қатынас қалыптасқан бірнеше қызметтес бар, бірақ əр адамнын өз мінезі болады. Кабинеттес көршісі, майор Жиенбаев Саматты мысалға алсақ, бір қарағанда, мейірбан, қолы ашық жігіт сияқты көрінеді. Бірақ жақында мүлдем түсініксіз мінез көрсетті. Дастан телефонмен Денсаулық сақтау министрлігінің бір қызметкерімен жұмыс бабымен сөйлесіп отырып, аяқ астынан қызынып кетіп, анаған біраз жағымсыз сөздер айтып тастады. Ерлер арасында ондай-ондай болып тұрмай ма? Сол арада Саматтың жүзі бір түрлі өзгеріп, кабинеттен зып беріп шығып кеткенін байқап қалды. Жиырма шақты минут өткенде 5-ші Басқарманың бастығы полковник Сəкен Рахманов оперативтік байланыс телефоны арқылы Теміровты өзіне шақырып алды. – Дастан Темірұлы! Маған жаңа ғана Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Грибанов қоңырау шалып, сіз оның қызметкері Арыновты телефонмен балағаттады, қорқытты деп шағым жасады. Не болғанын баяндап беріңізші. – Мен ешкімге ешқандай қоңырау соққан емеспін жəне Арыновты ешқашан қорлаған емеспін. Бұл əңгіменің неден пайда болғанын сезген Дастан қатал үнмен жауап қатты. – Қалай қоңырау соқпадыңыз? – деген полковник қысылған түр танытты. – Əйдə, ендеше, тура сіздің кабинетіңізден жолдас Грибановқа қоңырау соғайық! – бастықтың сенімсіздігін сезінген Теміров қысымын қатайта түсті. – Жарайды, бара беріңіз, бұдан былай ешкімді қорламаңыз, ешкімді қорқытпаңыз, – деген Рахманов осымен əңгімесін тəмамдады. «Негізіне келсек, Саматтың тəрбиелік əсер ету мақсатында бастыққа менің қылығым жайлы баяндағаны дұрыс та болар. Айталық, бұл оның қызметтің беделі үшін шын көңілімен күрескен түрі шығар. Бірақ ол жолдастықпен өзіме айтса да болмас па еді. Мен түсінер едім ғой. Қазір онсыз да сол сөздерім үшін қатты ұялып жүрмін». Дастан сонда да, сосын да, осы жайды есіне алғанда досының қылығын түсінбей-ақ қойды. Ал Самат осы кезге дейін бұл тақырыпқа тіс жарып ештеңе айтқан, не есіне салған емес. Неге екенін өзі де білмейді. «Жə, құрып кетсін сол өсекші Самат. Өмір жалғасып жатыр, оған бола көңіл-күйді түсірмеу керек», – деген Дастан нық қадам басып жүріп кетті. Міне, Қазақстан ҰҚК-ның ғимараты. Кезекшіге куəлігін ашып көрсетіп, екінші қабатқа көтерілді. Бұралған тар дəліздер, ал мынау – туған үйіндей болып кеткен №183 кабинет. Бəрі кəдімгідей, бəрі үйреншікті. Жұмыс дəптерін ашып, бүгінгі күннің жоспарын қарап шықты: ерекше ештеңе жоқ, кездесу – жолығулар, аймақтық ҰҚК органдарының сұрауларына жауап жазу, əбден тойдырған, шексіз қағазбастылық. Оның есесіне, жұманың кешіне арналған бағдарлама екі-ақ əріппен белгіленіп шифрленген. «БМ» – «Болаттың моншасы» дегенді білдіреді. Азаматтық жолдасы, белгілі халық əншісінің ұлы – Болат Құрманғалиев, бізбен салыстырғанда тағдырдың нағыз еркесі. Ірі құрылыс серіктестігінің меңгерушісі ретінде жоғары жалақы алады, жеке автокөлігі, моншасы бар, қысқаша айтқанда, өмірде болатын барлық негізгі қызықтың иесі. Біз Самат екеуміз де сол игіліктерден құралақан емеспіз. Кенет оперативтік байланыс телефоны шыр етті. Бүкіл дене бір сəтте жиырылды, жүрек қағысы жиілеп, бөтен ойлар қашып миды босатты – опер қандай болсын күтпеген жайға дайын. – Майор Теміров тыңдап тұр. – Қайырлы таң, Дастан Темірұлы! – тұтқадан 5-ші Басқарманың жұмысын қадағалаушы, ҰҚК төрағасының орынбасары Перебейносов Иван Фомичтың гүрілдеген дауысы естілді. – Саулығыңызды тілеймін, жолдас генерал-майор! – Маған кіріп шықшы, Дастан. Тек ешкімге айтушы болма, жақсы ма? Хатшыға ескертем, бірден кір… Теміровтың кіргенін көрген генерал тұлғасының ірілігіне қарамастан, орнынан атып тұрып, кабинет ортасына жете бере амандасуға қолын ұсынды. – Қал қалай Дастан, үй іші аман ба, балалар өсіп келе ме? – генералдың көгілдір көздері шынайы қызығушылығын білдіріп тұр. Оның биік маңдайы, артқа қарай таралған ақсары шаштары, бет пішіні – бəрі таңданыс тудырады. – Рақмет! Бəрі жақсы. Теміров бөлшектеп, қысқаша жауап қайырып тұр. – Дастан, бірден іске көшейік. Сені орталыққа, Мəскеуге шақыртып жатыр. – Мəскеуге? – дірілдеген дауыспен Дастан қайыра сұрады. – Иə, орталыққа. Əуелі сенің жеке ісіңді, мінездеме сұратты. Ал кеше кешке Теміровті əңгімелесуге КСРО ҰҚК-ның кадр бөліміне іс сапарға жіберуді талап етті. – Неге? – Білмедім. Біздің шаруа – бұйрықты орындау ғана. – Түсіндім, жолдас генерал-майор. – Қарсылық немесе бөгет болатын жағдайлар жоқ қой? – Жоқ, жолдас генерал-майор. – Жоқ болса, жол құжат, ақша ал, мен нұсқау берем. – Əйтсе де, Иван Фомич, мені неге шақырып жатыр? Теміров жарғыны бұзып тұрғанын жақсы түсінеді, бірақ қызметінің бірінші күнінен бері Перебейносов оған ерекше ықылас көрсетіп, басқалардан ерекше ұстап, өзіне жақын тартып, ең күрделі тапсырмалар беріп жүргендіктен, бұл жолы да солай болады ғой деген үмітпен сұрады. – Меніңше, əңгіме шетелдік іс-сапар жайлы болуы мүмкін. Менің білерім осы ғана, Дастан. Жолға жиналып болғасын, кіріп қоштасып кет, жақсы ма? – Құп болады, жолдас генерал-майор! *** Сол бір кездерде «Мəскеу» аты аталғанда əр кеңес азаматының тынысы кеңіп, жүрегі мақтанышқа толатын. Ал егер «Кеңсе» сені басқа емес, «Мəскеу» мейманханасына жатқызса, онда жауырын астына қанат бітіп, сен қара жерді аяғыңмен баспай, жұмақтың бақыт құсы тəріздес көкке самғайсың. Дастан ертерек тұрып алып, суық суға жуынған соң, таңғы асқа қарамай, Қызыл алаңға жаяу тартты. Міне, алдында Қызыл алаң жатыр. Василий Блаженныйдың шіркеуін орап өтіп Дастан Лениннің кесенесіне қарап ойға шомды. Осындай оймен КСРО ҰҚК орналасқан Лубянкаға жетті. – Полковник Лопаткоға келдім, – Қызыл алаңнан алған əсері басылмаған Теміров салтанатты үнмен кезекші прапорщикке баян етті. – Сізге уақыт белгіленген бе? – кезекші Теміровты басынан аяғына дейін барлай қарап, селқос үнмен сұрады. – Дəл осы уақытқа… – Дастан да қысқа жауап қатты. Прапорщик қызмет куəлігін сұрап алғасын, біреуге қоңырау шалып, қысқа ғана «күте тұрыңыз» – деді. Əжептəуір күтіп отырғанда: – Майор Теміров! – деген дауыс естілді. Дастан еріксіз селт етіп, əдет бойынша «Мен» деп атып түрегелді. – Сіздің куəлігіңіз, – байланыс əскерінің капитан киімін киген, еңселі ер адам бұдан айрықша сыпайы үнмен сұрады да, суреті мен бет-жүзін салыстыра қарады. – Соңымнан еріңіз! – капитан биік баспалдақпен жоғары өрлеп жүре берді. «Ғажап, – Дастан іштей таңданды, – неге өтпе бюросы арқылы кіргізбеді?» – бірақ сұрағын ішінде сақтап, капитан соңынан асыға басып ере берді де, күрделі дəліздерді бойлай, жан-жағына таңдана қарап жүріп келеді. Ақыры капитан екі белгісіз, өзгелерден айырмашылығы жоқ есік алдында тоқтап, тықылдатты да Дастанды алға жіберді. – Ə-ə, жолдас Теміров, сəлеметсіз бе! – егде тартқан, еңселі, кең иықты кісі үстел басынан тұрып, Дастанға сол қолын ұсынды. Оң қолы иығынан төмен түгел қара қолғап кигізілген жасанды қол екен. Қай қолымен амандасарын білмеген, жалпы мына жайға түсіне алмаған Дастан сасып қалды. Бұл қалай сонда? КСРО ҰҚК-де, Орталық аппаратта жарымжан адам жұмыс істейтіні қалай? Бізде, Қазақстанда, мұнымен əскери-медициналық комиссиядан өту мүмкін емес, талап қатал. – Жолдас Теміров, мен полковник Лопатко Виктор Степанович болам, таныс болайық. Өтіңіз, отырыңыз! – қолғапты қолымен орындықты нұсқады. – Рақмет! – жеңіл-желпі есі шығып, бір жағынан қысылып қалған Дастанның осы сөзді айтуға ғана шамасы келді. – Сізді таңдандырған мынау болар? – кабинет иесі жансыз қолын сілкіледі. – Жо-жоқ! – Дастан маған бəрібір дегендей сыңай білдіріп, иығын қысты. – Қалайша? Орталық аппаратта жарымжан адамның қызмет етуі қызық емес пе? – М-м-м, иə, бас маңыздырақ болған шығар, – мына сөздер Теміровтің аузынан шынайы шыққаны сондай, полковник рахаттана күліп алды. – Мен полковник Градовтың тобында он үш жасымнан соғыстым ғой. Ол туралы естіп пе едің? – Атақты партизан-диверсант полковник Ваупшасов қой? Əрине! Оперативтік дайындық курстарында оның барлау тобының жау ортасында жасаған əрекетінің ерекшеліктерін талдайтынбыз. – Оның тобына мен біздің қалашықтың тұрғындарын зорлап Германияға алып бара жатқан пойыздан қашып барып қосылғанмын, содан əрі ылғи соның қасында болдым. Солай міне, жардық, өлтірдік, тағы жардық, тағы өлтірдік – мұның соңы болмайтын шығар деп ойлаушы едім. Қолымнан айрылғанша жарып бақтым…– əңгімеші қапалана күрсініп, үнсіз қалды… – Жарайды, мұның бəрі өткен жайлар, ал қазір іске көшелік. Сонымен, сіздің азаматтық мамандығыңыз эпидемиолог-бактериолог қой? – енді қатал дауыспен сұрады полковник. – Иə, мен біраз уақыт Көкшетау облыстық санэпидстансасында эпидемиялық дəрігер, жарты жалақыға – бактериолог болып істедім. – Ал оған дейін? – Уалиханов аудандық санэпидстансасының бас дəрігері болдым. – Жұқпалы аурулар кезінде жұмыс істедіңіз бе? – Иə, іш сүзегі, дизентерия, менингит, Қазақстан ҰҚК-де істеп жүріп, Гурьев облысында оба ауруының адамдар арасында тарауын зерттеуге қатыстым. – Жақсы. Тəжірибеңізді, медициналық біліміңізді жоғалтпаған боларсыз. – Жоға, бізге білімді өмір бақиға миға құйып шығарды. Сосын, мен бұрынғы дəрігер ретінде республикалық медициналық мекемелерде жетекшілік етемін ғой, денсақтау саласының басшыларымен ұдайы қатынастамын, тыңшыларым түгел дерлік медқызметкерлер. – Мақтауға тұрарлық. Ал араб тілін меңгерген жоқсыз ба? – Жоқ. Өз бетіммен үйреніп көрмек болып едім, шынын айталық, уақытым да, шыдамым да жетпей қойды. – Ал ол тіл сізге неменеге керек болды? – Мені Құранның мазмұны қызықтырады, онда не туралы жазылғанын білгім келді. – Орыс, қазақ тілдеріне аудармасы жоқ па еді? – Крачковский, Саблуковтардың аудармасын оқып, ештеңе түсіне алмадым, бəрі бір түрлі байланыссыз, бөлек-бөлек. – Жақсы…– Лопатко өзіндік бірдеңе ойлап, саусақтарымен үстел үстін тырсылдата қағып отыр, ал Дастан болса, оған ұрлана қарап қалған. Иə, өмір бұл азаматты біраз қиындыққа салғанға ұқсайды: бас сүйегінің пішіні өзгерген, маңдайдан басталып, бүкіл оң жақ шекесі арқылы кесілген тыртық көрінеді, қызғылт терісін жалаңаштап шаштары түсе бастаған. – Дастан Темірұлы, КСРО ҰҚК-ның қай бөлімінде отырғаныңызды аңғарасыз ба тегі? – кабинет иесі ақыры үнсіздікті бұзды. – Əуелі мен 5-ші Басқарма шақыртқан болар деп болжам жасаған едім, сіздің əскери өмір тарихыңызды естігеннен кейін 4-ші Басқарма болар деп ойлап отырмын. – Дəл таптыңыз, мен химиялық, фармацептикалық, бактериологиялық қарулармен жұмыс істейтін барлау-диверсиялық бөлімнің бастығымын. Сіз орталықтың тапсырмасымен таяушығыс елдерінің біріне баруға дайынсыз ба? – Мен əскери қызметкермін, бұйрықты талқыламаймын! – Бұл бұйрық емес, бас тартуға болады. Себебі, тапсырма қауіпті. – Егер ол Отан мүддесімен байланысты болса, мен кез келген қауіпті тапсырманы орындауға əзірмін. – Жақсы. Бірақ есіңізде болсын, іс сапарыңыздың шынайы мақсаты жайлы тек КСРО ҰҚК-ның Орталық аппаратының бірнеше адамы ғана білетін болады. Сіздің республикада бəрі, соның ішінде комитет төрағасы да бейхабар. Сондықтан да бұл өмір бойы сақталуға тиіс құпия іс, неге екенін сосын түсінесіз. – Түсіндім. Мен жарияламау жайлы қолхат бердім ғой. – Жақсы, онда іспен жақын танысайық. Созылып кеткен Иран – Ирак соғысында біздің Саддам Хусеинді жақтайтынымызды білесіз. Бірақ ол шығысша қу, арам ойлы адам, біздің сыр тымыздан ЦРУ-мен келіссөз жүргізіп, ал бізден қайта-қайта маман бактериологтар, эпидемиологтар сұрап мазалай береді. Қазір онда біздің дəрігерлер тобы жұмыс істеп жатыр. Бірақ эпидемиологтармен мəселе болып тұр, өткен айда Бағдатта екінші дəрігер қатыгездікпен өлтірілді. Бұл үрей туғызу акциясына ұқсайды. – Ал олар онда не істейді? – Кім? – Эпидемиологтар, бактериологтар. – Ешкім білмейді. Ондағылардың бəрі казарма жағдайында өмір сүреді, ал эпидемиологтарды, мен айтқандайын, өлтірушілер, əрине, Саддам режимінің жақтастары емес. – Қайтеміз, жұмбақты шешіп көреміз… – Сіздің ұрыс шеберлігіңіз қалай? – Карате–до-ның қара белдігі… – Бұл аса жеткіліксіз. Өкінішке қарай, біздің уақытымыз шектеулі. Реті келсе үш апта ішінде Балашихада арнайы дайындықтан өтіп, машықтанасыз, бұрынғы азаматтық мамандығыңызды еске түсіресіз, сосын алға, Саддам Хусейннің қасына. Ал қазір бізді басқарма бастығы күтуде…
Шереметьев əуежайында «Мəскеу – Бағдад» бағытындағы ұшақты ұшырмай қойды. Теміров тіркелуге бір жарым сағат ерте келіп, уақытылы ТУ–154 ұшағына жеткізілді, ал содан кейін адам түсініп болмайтын жайлар басталды. Ұшқыштар моторларды қыздырып, қайта сөндірді. Негізінен адам толы салон іші қатты қапырық. Балалар жылап, əйелдер ашуланып жатыр. Жолсерік қыздар жүргіншілер қатарын аралай жүгіріп су немесе шырын ұсынуда. Міне, басқыш алдында сəнді «Мерседестер» келіп тоқтап, ішінен көңілді, мұртты жігіттер тобы шығып, бір-бірімен мұсылманша үш қайтара құшақ жая, у-шу болып қоштасып жатыр. Сосын салонға бес-алты адам көтеріліп, толып жатқан дорба, чемодандар кіргізді, өздерін мүлде жүгенсіз ұстады. «Арсыздар, диктатордың малайлары! – Теміровтің ішін ыза кернеп отыр. – Бұған не істерсің?» Кешікпей бəрі қалыпқа келіп, тыныштанды. Дастан тіпті ұйықтап үлгерді. – Біздің ұшақ Бағдад əуежайына қона бастады. Белдікшені салуларыңызды өтінеміз, – орысша, арабша, ағылшынша хабарландыру берілді. Дастан соғыс кезіндегі жайға сай көзге түртсең көрінгісіз қараңғылық көрем ғой деген болжаммен ұшақ əйнегіне қарап қалғанда, қала мен əуежайды мерекеше безендіріп тұрған оттар тізбегін, электр жарығына бөленген жолдарды көріп таң-тамаша болды. – Жолдас Теміров? – ұшақ басқышты қоршаған, түгелімен хаки түсті əскери киім киген ер адамдар арасынан, сəнді кереге көз костюм киген, орта бойлы, толықша келген, шашы түсіп қасқая бастаған қара мұртты кісі бұған қарай бет алды. – Мен. – Өзімді таныстыруға рұқсат етіңіз, доктор Ахмад, – бейтаныс кісі таза орыс тілінде сөйлеп, амандасуға қолын ұсынды. – Мен сізді қарсы алуға келдім, бұдан былай ылғи бірге боламыз. Ал қазір жүгіңізді алып, тура қонақжайға орналасуға барамыз. Жүгін күтіп тұрып Теміров байқатпай серігіне сынай қарап қалды. Өзінен бес сантиметрдей аласа, бірақ əлдеқайда тығыз, жүрісіне, өзін ұстау мəнеріне қарағанда, арнайы қызмет офицері екені көрініп тұр. Айтқандайын бұларда да, біздікілер құрып берген қауіпсіздік комитеті бар. Теміровтің көзқарасын байқап қалған доктор Ахмад тым өзімсінген түрмен жымия күлді. Ахмад-дəрігер Дастанның қолынан чемоданын күшпен жұлып алып, алға түсіп келеді. Оның автокөлігі «Рено» маркалы болып шықты. «Бишара» арабтар жаман тұрмайтын көрінеді – өмірінде бірінші рет мынадай қымбат көлікке мініп жатқан чекист қызғана ойланып қалды. Біздің «Жигулилер» мен «Москвичтерге» көзі үйреніп қалған кеңес адамдары үшін, көрінген шетел көліктері сəулетті де, қолжетпес болып көрінеді. Жүргізуші көлігін орнынан қозғай бере, əуежайдан бастап, бүкіл жол бойы сүйікті көсемдері Саддам Хусейнді əр түрде бейнеленген билбордтарды жағалай ызғытып келеді. – Халық көсемін сүйеді, – Дастанның көңіл күйін аңғарған серігі бас-аяғы жоқ мақұлдай сөйледі. Əйтсе де оның үнінде жасырын мысқыл бары сезілді. «Бұл нені білдіреді. Ол мені пікірлес етпек пе? Əй, бəрің құрып қалыңдар, менің өз мақсатым бар, басқасына мəн бермеймін», – Теміров ызаға булығып, мені арандату қажет емес дегендей теріс бұрылып терезеге қарап отыр. Доктор Ахмад үнсіз қалды. Оның ерекше əдемі қой көздері кірпік қақпай жолға қараумен болды. Жалпы, тұтас алғанда, ол аса тартымды, сүйкімді адам көрінеді. – Ал сіз мамандығыңыз бойынша кім боласыз? Қайда жұмыс істейсіз? – Теміров үнсіздіктен еш пайда жоқ деп шешіп, сөз қозғады. – Мен Мəскеуде Патрис Лумумба атындағы университеттің медицина факультетін бітіріп, терапевт дипломын алдым. Қазір сіз жалғыз эпидемиолог болып істемек тропикалық аурулар зертханасы директорының орынбасарымын. – Түсінікті… – Не «түсінікті?» – Ахмадтың даусынан сезіктену байқалды. – Сіздің таза орысшаңыздың себебі түсінікті. Əңгімемен отырып барар жерлеріне қалай келіп қалғандарын байқамай да қалыпты. – Осы да ежелгі Бағдад па? – көліктен шыға жан-жағына көз жүгірткен Дастан таңдана сұрады. Айналасы заманауи көп қабатты үйлер қоршаған, ал тура алдында ағылшын тілінде «Отель Диана» – деген маңдайша жазуы бар қосқабатты көркем ғимарат тұр. Уақыт тым кеш болуына байланысты төменгі қабатта тек кезекшілер ғана қалыпты, олармен Ахмад бұйыра сөйлесті. Екінші қабатқа көтеріліп, қоныс бөлмеге кірді. Шаруаға ұқсас жас жігіт орнынан атып тұрды. – Дастан Темірұлы, танысып қойыңыз, сіздің оққағарыңыз Мүбарак, сізді күні-түні қорғайтын болады. Соғыс жүріп, диверсиялар болып жатқанда, бəрі де болуы ғажап емес, ал Мүбарак майдан жауынгері, жаралы болған. Орналасып, демалыңыз. Мүбарак ас қамдайды, аздап орысша сөйлейтіні бар. – Қам жемей-ақ қою керек еді. – Демалыңыз. Кеңсеге ертең барамыз. – Қандай? – Кешіріңіз, қазір айта алмаймын. Ертең білесіз. Қайырлы түн. *** Мүбарактың сол жақ аяғына ақсайтыны көрініп тұр. – Аяғыңа не болды? – деген сұраққа үнсіз балағын көтерді. «Жарықшақ жарасы – санитарлық дəрігер осындай диагноз қойды.– И-ə-ə, мына майдангерді маған бұлар неге бекітті екен? Қандай машығы бар? Кəне, қарап көрелік». Дастан байқатпай серігін бас-аяғына дейін зерттеп тұрып, теледидарда тек Саддам Хусейнді көрсетіп, арасында майдан хабарлары ғана беріліп жатқанын көрді. Сол екі арада Мүбарақ іске қызу кірісіп, отқа шəйнек қойып, тоңазытқыштан тағамдар шығарып, үстелге қойып, қол шайып асқа отыруын сұрады. Мүбарақтың өзі, жеген тамағының құнын есептеп отырғандай, асты аз ішті. Жатып алып екеуі əңгіме шертіскенде, Мүбарақтың орыс тілін шын мəнінде көрсеткеннен артық білмейтіні анықталды. Тыңшының сенімсіздігін туғызбас үшін Теміров одан ата- анасы, жанұясы жайлы көбірек сұрастырып, сосын жолдан шаршағанын сылтау етіп, ұйқыға кетуді ұсынды. Бастысы, Мүбарақпен түсіністік орнаған тəрізді, оның кім екенін уақыт көрсетеді. Қазірге белгілісі Ирак ҰҚК-ның жансызы еместігі көрініп тұр. *** Таңертең бір-біріне əбден үйіреніскен Теміров пен Мүбарақ нөмірде шəй ішіп отырғанда доктор Ахмад кірді. – О-о достасып үлгерген екенсіздер ғой. Кеттік, таңғы ас ішуге баралық. – Біз тойып алдық! – дегеніне қарамай, Ахмад бұларды бірінші қабаттағы мейрамхананың арнайы бөліміне алып барды. Үстел үсті неше түрлі тағамға, ішімдікке толы. Теміров Хемингуэйдың шығармаларын оқығанда есінде қалған, дəмін татып көрсем деп армандаған американ вискиіне еріксіз назар аударды. «Соғыс жүріп, балалар аштықтан ісіп-кеуіп жатқанда мыналары тым артық екен» – деді сосын іштей жақтырмай. Ас ішіп болып, көлікке отырғасын Ахмад салтанатты үнмен: «Ал қазір біз аса беделді адамның кеңсесіне барамыз!» – деді салмақ сала үн қатып. «Осының бəрі немене өзі? Қайда бара жатырмыз? Жалпы мені мұнда неменеге жіберді? Туған «Кеңсем» тап осылай миға сыйғысыз іс жүргізеді деп кім ойлаған? Эпидемиолог дəрігерге қандай қызмет тапсыру керектігін неліктен алдын ала анықтамаған? Істің барысына қарасақ, біз Хусейннің бабын табуға тиісті сияқ тымыз. Кім еді ол сонша, оның алдында біз бүгілетіндей? Мына Ахмад дəрігер де өзін мен оның кедей туысындай, болмаса мені жұмысқа жалдап алғандай ұстайды. Қараңыз мынаған, «беделді адамға апарамын» дейді ғой міндетсіп. Пысқырғаным бар оның адамына. Дəлірек айтуға болмай ма? Бізде «Үлкен адам» – деген ұғым жоқ. Біз бəріміз теңбіз» – деген Дастан іштей ызаланып келеді. Жүріс бағытына қарап Теміров мұны əдейі жаңа құрылыстарды аралата алып келе жатқанын түсінді. Бағдадты ол Балашихида жүргенде карта мен слайдтардан көрген. Шынында да, ғажайып жай, бір жыл бойы соғысып жатқан елдің астанасы біртұтас құрылыс алаңына ұқсайды. Əсіресе Кеңес жобалары бойынша салынған жəне салынып жатқан балабақшаларының көптігі ерекше көзге түседі. Əне, қалаға бет алып, əскери техникалар легі кетіп барады. Соғыс қимылдары кезінде қатардан шыққан, қираған қару-жарақ пен танктерді айдап бара жатқанға ұқсайды. Олар да біздікі. «Сайтан алсын! Біз, немене, осыларға жұмыс істеп жүрміз ба сонда?» – чекист іштей күйініп отыр. Біраздан соң тар, бірақ жақсылап бетондалған, жан-жағында пальма ағаштары өсіп тұрған жолға бұрылды. Одан əрі нағыз пальма тоғайы басталды, ал оның ортасында биіктігі үш метрлік, үстінен тікенек сым тартылған бір құрылыс көрінді. Айналасы тып-тыныш, тірі жан жоқ. Көлік темір қақпа алдына тоқтады. – Аздап күте тұруға тура келеді, – Ахмад-дəрігер өкінішті үнмен ескертіп, көліктің есігін ашты. Содан соң қақпа алдына барып, қоңырау соқты да, ашылған қақпадан өтіп жоқ болды. Есіктің ашықтығына қарамай, автокөлік іші азаптау камерасына айналды. Сырт қа шықсаң, шыжып тұрған күн тіпті сорақы. Дастан мен Мүбарақ креслода шалқая жатып, əр қайсысы ойға шомған. «Ал егер мені мұнда қамап тастаса ше, мен тіпті резидентке де жете алмаймын. Бұл туралы ешқандай нұсқау болған жоқ. Əй орталықтағы жолдастар, мұндай жұмыс үшін сендерге екілік қоюға болады, осындай шала дайындалған істі орындауға, тіпті тəжірибелі барлаушыны да жіберуге болмайды ғой». Сол арада қақпадан нұрдай жайнаған Ахмад шықты да, көлігіне отырып, артында Калашников автоматын асынған төрт жауынгер тұрған қақпадан өтіп, аулаға кіріп тоқтады. Екеуі қалып, екеуі келгендерді аласа келген бір қабатты үйдің кіре берісіне жеткізіп салды. Мұнда бұларды мəймөңкелеген, елгезек офицер қарсы алды. Теміров жұмсақ былғары креслоға жайғасып алып, жан-жағына сынай қарады. Қалыптан асқан ештеңе жоқ. Төбе тым аласа, қабырғалары өміріне разы Саддамның бейнелерімен безендірілген. Үстел үстіндегі қоңырау шылдыр еткенде, офицер ара шағып алғандай ұшып тұрып, кабинетке өтулерін ұсынды. Доктор Ахмад Теміровті өткізу үшін есікті ашты. Кең кабинет төрінде отырған адамға қарағанда, сілейе қатып, есінен адасуға аз-ақ қалды. Қара ағаштан жасалған үстел артында Саддам Хусейннің өзі отырғанын көрді. Қателесуі мүмкін емес: қызыл погон тағылған сол форма, қою шаш пен мұрт, текті ірі мұрын, қалың қас, мысқылды көзқарас – бəрі соныкі. Кабинет иесі келушілердің жақындағанын күтіп отырып, содан кейін зор денесін көтере, үстел артынан шығып келіп Теміровке қолын созды. Қолын қайшылай қысқан Хусейн бұған сынай көз тастады. Дастан бала шағынан, жас кезінен қолдарының нəзіктігіне қысылатын, бірақ туа біткен ақсүйектік кемшіліктің де өз артықшылығы болды: ол саусақтарын ерекше қалыпқа келтіре тірескенде, мектептің ең күшті деген палуандары қолын ауырта алмайтын. «Бас қолбасшы» да қолын біраз қысып тұрған соң, өкпелегендей бұрылып орнына оралды. Дастан Теміровке бірдеңе дұрыс еместей көрінді. «Өзін аса құрметтеуші диктатор болар-болмас сəтсіздікке осынша қорлануы мүмкін емес. Назар сала қарағанда, бет-жүзі де Хусейндікіне келіңкіремейді, жəй жалпы ұқсастық қана. Яғни, сəтсіз көшірме, ұқсас тұлға. Мəскеуде Саддам түстес тұлғаларды көптеп ұстап, өзі бункерде отырып, оларды басқарады деп ескертіп еді ғой. Қайтеміз, қойылымның бұдан əрі қалай дамитынын көрелік. Артистер белгілі». Доктор Ахмад креслоға шалқая жатқан «көсемнің» жанына келіп, асқан құрметпен бүгіліп қолын сүйді. Қуыршақ көсем патшаның мəнерімен отыруға ишарат білдірді. Ахмад анда-санда иегімен Теміров жаққа меңзеп қойып, ұзақ сөйлеп, «иесіне» мұны таныстырып жатқан секілді. Сосын «ел иесі» сөйледі де, Ахмад əр сөйлемін оған қарап басын шұлғып қойып аударуға кірісті. Шығыстың дəстүрі бойынша, əуелі Ирак жеріне келгеніне қошемет жасау сөздері айтылды, сосын жер өркениетінің бесігі болған ел қонаққа ұнап, оның екінші отанына айналуына тілектестік білдірді. Əрине, Теміровтің жеке өз басының ақылдылығына, жоғары мамандығына, адамшылық қасиеттерінің молдығына арналған мақтау сөздері де аз болған жоқ. Ал сосын əңгіменің негізгі бөлігі басталды жəне майордың түсінуінше оны жалдауға бағытталған болды. – Иранмен арадағы соғыста əділдік біздің жағымызда жəне біз, əрине, біздің халық, БААС партиясының басшылығымен жеңіп шығамыз. Бірақ елдің одан əрі дамуына қажет қымбатты уақыт босқа кетіп жатыр. Сіз барлық жерде салынып жатқан балабақшаларды, мектептер мен университеттерді көрген боларсыз, көрмесеңіз əлі көресіз. Теміров келісіп басын изеді. – Сыртқы жаулардан басқа бізге қарсы тұрған екі ішкі күш бар: шииттер мен курдтар, олардың көпшілігі дұшпанның диверсиялық-барлау топтарын құруға таптырмайтын негіз. – Кеңес «маманына» сынай қарап қойып «диктатор» сөзін əрі жалғастырды. – Тұрғындардың осы бөлігін бейтараптандырып, жауды бір соққымен тізе бүктірудің мүмкіндігі бар. Бұл ретте сіз бізге қомақты көмек көрсете аласыз, ол туралы доктор Ахмад сізге толығырақ айтып береді. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, бізде сіздің ғылымыңыз бойынша талантты маман жоқ. Біздің үмітіміз ақталса, сіз сыйақысыз қалмайсыз. Мен қазір сыйдың дəл мөлшерін айтып жатпаймын, бірақ ол сізге ғана емес, балаларыңыздың алаңсыз күн кешуіне жететініне уəде беремін. Мұны сізге ұлы Ирак мемлекетінің бірінші басшысы айтып отыр. «Көсем» ойланып кеткен түр жасап, алдын ала дайындалған мəтінге көзін тағы бір жүгіртіп, Дастанға тесірейе қарап сөзін жалғады: – Біздің ұлы елімізге шын көңілмен көмек көрсеткіңіз келетініне сенеміз. Ал қазір жүре беріңіз, бұдан арғы əрекеттеріңізді доктор Ахмад түсіндіріп береді. Егер маған əлде бір сұрағыңыз, өтінішіңіз болса, осы Ахмадқа айтыңыз, ол маған жеткізеді. Сұрақ бар ма? – Сонда не істеуім қажет екенін анығырақ айтуға болмас па екен? Мен түсінбей отырмын, – Теміров əңгіме бактериологиялық қару-жарақ пайдаланып диверсия жасау туралы екенін бірден түсінсе де, сұрағын шынайы жеткізуге тырысты. – Доктор Ахмад біздің стартегиялық жəне тактикалық жоспарымызбен таныстырады деп айттым ғой. Сіз үшін ешбір қауіп жоқ. Айтпақшы, осы мүлдем залалсыз жəне табиғи нұсқаны бізге ұсынған, біздің кеңестік досымыз, сіздің əріптесіңіз еді. Өкінішке қарай, ол төбелесте қаза тапты. – Əйтсе де, мен халықаралық пактілер мен конвенцияларды бұзуға бағытталған ешқандай қимыл-əрекет жасамайтынымды ескерткім келеді. – Қымбатты дəрігер! Сізге адамзатқа қарсы заңсыздық жаса деп тұрғамыз жоқ. Бірақ менің де ескерткім келеді, сіз біздің елдесіз, мұнда, басқа жерлердегідей бұлжымас ереже бар: кім бізбен бір болмаса, сол бізге қарсы. Тағы бір рет қайталаймын, ақылды болыңыз. – «Көсем» даусынан қоқан-лоққы көрсетушілік байқалды. «Саддам Хуссейн» креслодан ақырын көтеріліп, маңғаздана қоштасуға қолын созды, бірақ бұл жолы бұрынғыдай қыспады.
«Саддам Хусейнмен» кездесіп шыққаннан кейін Ахмад маңғаз кейіппен рөлге отырды. Ол ауық-ауық артқы орындық айнасына қарап қойып, қайдағы бір бейшара дəрігерге «Көсемнің» өзімен көрісу қалай əсер қалдырғанын білуге тырысып келеді. Дастан болса керемет таңданған, масаттанған адамның түрін танытуға тырысуда. Мүбараққа келсек, мұның бəрінің оған еш қатысы жоқ адамша отыр. Міне шығыс ертегілерінен есте қалған Бағдадтың қала маңы. Даңғыл жолдан бұрылып, тар, бірақ бетондалған жолға түсіп, бұлар аласа шарбақпен қоршалған балабақша алдына келіп тоқтады. Бəрі əдеттегідей: қақпа, есік, күзетші үйшігі. Белгі салынбаған əскери киім киіп, қолына автомат ұстап, беліне жиырма оқты «Магнум» пистолетін қыстырған күзетші шықты. Дəрігер көлігінен шығып, онымен құшақтаса амандасты, арасында автокөлігіне қарай басын изеп қойып, бір мəселені ұзақ талқыласты. Орнына отыра сала, зыр етіп қақпадан өте бергенде, іште əскери киім киген тағы екі күзетші тұрғанын Дастанның көзі шалып қалды. «Соғыс кезінде балабақшаға дейін əскери нысанға айналған екен ғой» – деген ой келді чекистке. Балалар мекемесі ғимаратының айналасын кішігірім қалың пальма орманы қоршаған екен. Теміров көліктен шығып, жан-жағына аңырая қарады. «Қызық екен, ғимарат жаңа сияқты, ал ағаштар ескі. О, ал мынау немене? Нысан қоршаудың американдық жүйесі – бейнебақылау камерасы іспеттес, инфрақызыл сəулесімен жұмыс істейтін «Юпитер» белгі беруші ғой бұл. Қоршау бойлай «Егоза» тектес тікенекті сымдардан жасалған жер бетілік тосқауыл жəне бар. Қысқасы, балабақша емес, нағыз құпия нысанның өзі». Ахмад қызметкерлер кіретін есікті электронды кілтпен ашып кіргенде, кең дəлізде бұларды капитан погонын таққан офицер қарсы алды. Капитан мен Мүбарақ қалып, Ахмад Теміровпен лифтке бет алды. – Қазір аздаған саяхат жасап, менің шаруашылығыммен танысамыз. Жапондық шапшаң лифт төмен қарай ысқыра зымырап, жолаушыларды нəзік тербете жүріп келіп, жұмсақ тоқтады. – Мінеки, дəрігер мырза, келіп қалдық! – Ахмад соңына еруін сұрап басын изеді. Ұзыннан ұзақ кең дəліз мүлдем бос. Екі жақтағы қабырғалар ақ май бояумен сырланған. Дəліздің ең алыс түкпіріндегі есікке арабша жазылған тақтайша ілінген, бірақ үстіндегі жіліктер айқастырылған бастың қаңқасының нені білдіретіні түсініксіз. Есікті екінші кілтпен ашқан Ахмад жолсерігін тап осы жұмбақ бөлмеге енгізді. Бөлме – кəдімгі бөлме, ерекше ештеңе жоқ, кең, едені мен қабырғалары ақ түсті кафелмен жабылған. Қақ ортада сүт зауытында сүт залалсыздандыруға қолданылатын үш тонналық жылу өлшегіш тұр. – Дастан Темірұлы, мынау не деп ойлайсыз? – Есіңізде болса, доктор Ахмад, мен эпидемиологпын жəне санэпидстанция қызметкері ретінде сүт зауыттарын тексергенде мұндай қондырғыларды талай көргем. – Солайы солай, бірақ біздің жағдайда оған химиялық-биологиялық құрамы жағынан жылу 36.6 градус агар-агарға ұқсас ет сорпасы құйылған. – Қызық екен! Онда соншама көп не өсіріп жатырсыз? – Дизентерия, ішек сүзегі, сальмонеллез. – Неменеге? Бұл нəрсіз індеттер ғой. Олардан не пайда? – Айтпаңыз. Егер, мəселен, бір өзен бойына бекінген дұшпан əскерінің алдыңғы қатарында, дизентерия жəне басқа да ішек індеттеріне шалдыққан жауынгерлер шалбарларын түсіріп, бұта-бұтаның тасаларына жүгіріп жүрсе, олардан қандай пайда? Жəне мынаған көңіл аударыңыз, бұл бактериологиялық қару емес, бар болғаны нəрсіз індет көзі ғана, кір қолдың ауруы. Ал бұдан басқа бірдеңе қолдансақ, бүкіл əлем бізге қарсы шу көтерер еді. – М-м, бұл пиғылдың маңызы бар сияқты, тек теория бойынша ғана. Ағын судың текше метріне жеткілікті биоматериалдың мөлшерін есептеп шығару мүмкін емес. Ал сосын мына қондырғыларда дақылдар өсіп жатқанына сенімдісіз бе? Ұрықтандыру тығыздығы қандай екенін есептедіңіз бе? – Қадірлі доктор, сіз мамансыз, билік қолыңызда. Сондықтан да көсеміміз Саддам Хусейн сізді өзі қабылдап, көмек көрсетуіңізді сұрады ғой. – Бірақ бұл бəрібір адамшылдыққа қарсы қылмыс. Мен дəрігер антын бергем, бұл іске мен қатыспаймын. – Сіздің бізбен қызметтес болудан басқа амалыңыз жоқ. Бұл қорқыту емес, жай жолдастық ескертпе. Жау да қалғып жатқан жоқ, біздің жоспарымыз жайлы ақпараты бар. Сіздің екі бірдей əріптесіңізді өлтірді ғой. Жəне бұл шиитердің ісі болуы əбден мүмкін. Олардың тыңшылар торы кең жайылған, яғни мүмкіндіктері де зор. Жəне, біздің білуімізше, ақпарат КСРО Денсаулық сақтау министірлігінен шығып жатыр. Біз сізбен енді бір шынжырмен байланғанбыз. – Қорқатын ештеңе жоқ! Мені елшілікке жеткізіңіз. Іс бітті. – Дастан Темірұлы, бізді де дұрыс түсінгеніңіз жөн. Егер біз қазір жедел түрде шешім қабылдамасақ, Иракқа үш бөлікке бөліну қаупі тұр: шииттер Иранға қосылмақ. Курдтер əне-міне автономия жариялау алдында. Көрдіңіз бе, мен сізбен барынша ашық сөйлесіп отырмын. – Сіздің айтқаныңыздың бəрі полишинелдің құпиясы. Бұл туралы əлемнің барша тілшілері жазып жатыр. – Бірақ мұны мемлекеттің ресми өкілінің аузынан есту мүлде басқа емес пе? – Айырмашылығы қандай? – Мен айтқандардың бəрі елдің бірінші тұлғасының аузынан шыққан сөз деп есептеңіз. Президенттің сіздің сыйақыңыз туралы айтқаны есіңізде ме? Міне сол сый жүз мың американ долларын құрайды, қомақты сома. – Оның маған керегі жоқ, мен онсыз да жаман тұрмаймын. – Жарайды, жақсы, сый-марапат мəселелері сосын, істі ойдағыдай тамамдаған кезде қайта қарап, шешерміз. – Шешіңіздер, тек менсіз. – Дастан Темірұлы, қалай дегенмен, бүкіл Ирак халқының атынан, біз үшін аса қатерлі сəтте, бізге көмек беруіңізді сұраймын. Түсініңіз, сіз болмасаңыз басқа біреу бұл жұмысты атқаруға келісім береді, тек мемлекет пайдасына пайдалануға қажет қымбат уақыт бостан-босқа өтіп кетеді. Мүмкін біздің елдерді байланыстыратын барлық жайтты біле бермейтін боларсыз, сеніңіз, бұл сіздің елге де керек іс. Сіздің басшыларыңыз, естілігіңізге сеніп, тура бұйрық бермеген болар. Бірақ, шын мəнінде олар істің жай-жапсарымен жақсы таныс. Оның үстіне соғыс барысының осы нұсқасын бізге ұсынған сіздердің мамандарыңыз екенін ұмытпаңыз. «Шынында да менің əріптестерімнің ішінен дүниеқұмар біреу табылып, бұларға керектің бəрін жанын сала жүзеге асыруы ғажап емес қой» – деген чекист мəселені бір жайлы қылғанша: – Жарайды, мені иландырдым деп есептеңіз. Айтпақшы, мына термостаттарға қайта отырғызуға қажетті материалды қайдан аласыздар? – Сіздердің бактериологтар бактерияны тропикалық аурулар лабораториясының Петри шынаяқтарында өсіріп шығарады, ал мұнда біздің зерттеушілер агар-агардың жоғарғы қабатын кесіп алады да, құнарлы орталықтағы қондырғыларға тастайды. – Бірақ бұл тым ақырын жəне ұзақ мерзімді процесс қой. Ыстық ауа райы жағдайында судың табиғи қорларын пайдалану тиімді болмас пе еді? – О! Мынау өз ісінің майталманының сөзі ғой. Кəнеки, дəрігер мырза, енді іске кіріселік! КСРО мемлекеті қауіпсіздігінің майоры, Ирак мемлекеті қауіпсіздігінің бар белгілері бойынша полковник шенінен төмен емес, офицерімен үнсіз қол алмасты. – Ахмад мырза! Біріншіден, сіздің ұлы ерітіндіңіз бір миллиметрге шаққандағы ұрықтандыру тығыздығын есептеп шығару үшін аса күшті микроскоп қажет болады. Зертханада ол табыла ма? – Жолдас Теміров, бəрін табамыз, қалағаныңыздың бəрін табамыз! – Бірақ мұның бəрі ертең. Тағы біраз заттар қажет болады, олар да табылар деп ойлаймын. Ал қазір, сіз маған Бағдадты, бала кезден көруді армандаған қаланы көрсетесіз бе? – Əрине, Дастан Темірұлы! Бүгін, былайша айтқанда, демалыс күні болсын. Қаланы аралаймыз, таныстық үшін аз-маз алып қоямыз. Солай емес пе? – Кеттік онда! Демалыстың аты демалыс, ал іс ертеңге дейін күте тұрады… *** Бұл Қазақ КСР-ының майоры Теміров Дастанның өміріндегі ең сұмдық түннің бірі болды. Жедел, ең дұрыс, ең сенімді шешім қабылдау керек. Азапты ойлар бірінің соңынан бірі келіп жатыр. Төсекте бір бүйірден екіншіге аунақшығанмен, жағдайыңды Мубарақ қарауылға білдіруге болмайды. Бағанағы құрылғы қарапайым ішек ауруын таратады десе де, бəрібір оның зардабын болжап білу мүмкін емес. Дені дұрыс адамның үш ұйықтаса түсіне кірмес жағдайларда патогенді бациллалар қандай мутацияға ұшырарын кім білген? Соғыс зардабынан ағзалары əлсіреген халық бұған шыдай ала ма? Жоқ! Бұл əзəзілдік жоспарды жүзеге асыруға болмайды. Не істеу керек? Менің жағдайымда, менің мүмкіндіктеріммен не істей қоюға болады? Тіпті табельді тапаншам да жоқ… – Ұйқы қашып кетті ме? Қатты шаршағанға ұқсайсыз, – доктор Ахмад таңғы ас үстінде қызығушылық танытты. – Кеше шектен шығып кеткен тəріздіміз. Вискиді, шынын айтсам, өмірімде бірінші ішкенмін. Алайда, мəселе тек онда емес, мен ақша жайлы ойладым. Жүз мың доллар – біздің кеңес рубліне шаққанда онша ірі сома емес жəне бізде Одақта, оларды ақылмен жұмсауға болады. Былай істесек: ақшаның аз бөлігін осында ұшар алдында, қалғанын Мəскеуде – сіздердің елшілік өкілінің қолынан алсам қайтеді? Ахмад ойланып қалды, ойы ұзарған сайын оның бет əлпетінен өркөкіректену жəне өзіне деген сенімділіктің арта түскені байқалды. – Ойыңыз дұрыс, Дастан Темірұлы, еңбек бағалануға тиіс, егер бəрі ойдағыдай шықса сіз ерлік жасаған боласыз. Менің Отаным оны ешқашан ұмытпайды. Сіздің тілегіңізді жүзеге асыруға болады. Сіз алаңдамай зертханадағы істермен айналаса беріңіз, ал мен бұл уақытта қажетті жерлерге барып, сіздің тілегіңізді орындау жайын ойластырам. Бəрі сіз қалағандай болады. Қысқасы, жұмысты бастай беріңіз. Теміров «бойлерлік» – деп атау берген жайға микроскоп, жұмыс үстелдерін, зертханалық жылу өлшегіштер, басқа да жабдықтар кіргізіп, орнықтырғанша уақыт түске таяпты. Тағы да сол үшеуі: Теміров, Ахмад жəне Мүбарақ бірінші қабаттағы буфетте тамақтанды. – Буфетші əйел қайда? – деді ойнақылана сұраған Теміров. – Неге екенін маған буфетшілер ұнайды. Студенттік аш кезеңнен қалған əдет болар. – Бірінші ереже: қарауыл басшысынан басқа ешкім сізді көрмеуі шарт. Ал ол мəселенің ретін біз келтіреміз. – Қандай? – Əйелдермен, əрине! – Ой, мен жай ойнап айттым ғой. – Доктор, доктор! Сіз бен біз дəрігерміз, солай ма? Сондықтан бəрін де ақылға үйлестіре қарауымыз керек, солай емес пе? Ендеше, табиғаттың заңынан аттап өтпейміз. Дастан Теміров үнсіз басын изеді. «Тіпті тамаша, сендер енді мені осы бір əлсіз жерімнен де мықтап ұстайтын болдыңдар. Өзіңнің рухани бейнеңді, жолдас Теміров, шапшаң жоғалтып келесің, тым шапшаң…» – Иə, қарауыл офицерге ескертіңіз, маған оның көмегі қажет болып қалуы мүмкін. – Дастан бұйыра сөйледі. – Сіздің жаныңызда Мүбарақ болады ғой, – Ахмадтың үнінен наразылық сезілді. – Əрине, бірақ ол кезде Мүбарақтың қолы бос болмай қалуы мүмкін. Жарайды, көре жатармыз. Ахмад «ғасыр диверсантының» ақшалай сыйлығы мəселесін шешуге жүріп кетті. Дастан мен Мүбарақ «бойлерде» жалғыз қалды. Теміров төрт күшейтілген əскери газтұтқыш сұратып алдырып, микроскопиялық зерттеуге қажетті дəрі-дəрмектер дайындауға асықпай кірісті. – Мен қазір зерттеуге қажет үлгі алу үшін мына қондырғыны ашамын, ал сіз мені қорғауға əзір болыңыз, пробиркалар қолымнан түсіп кетуі мүмкін. Мұның буы аса қауіпті, сондықтан газтұтқыш киюге тура келеді. Мүбарақ көз ілеспес жылдамдықпен басына газтұтқыш киіп алды да, су қойманың жанына тұра қалды. «Кешір, мен саған зиян келтіргім келмеді, бірақ осылай істемесем болмайды!» – деген чекист ойша ақталды да, сорлы майдангердің жетінші мойын омыртқасы тұсынан жойқын соққы бергенде, ол еденге құлап түсті. Сосын зор көлемді бактың люктерін ашып, көп күш жұмсап, өлікті ішіне тастады. Дем алып, тынысын дұрыстағасын, қарауыл шақыру түймесін басты. Капитан есіктен аттай бергенде, Теміров ыммен есікті жап деп белгі беріп, газтұтқышты қолына лақтырды. Капитан тіл қатпастан əскери қорғаныс сайманын басына кие сала, ешбір жаман ойсыз «КСРО-дан келген маманның» қасына келді жəне сол сəтте, киім-кешегін кеңес майорына сыйға тартып, бактың ішіне кіріп жоқ болды. Дастан зауыт жылу өлшегіштерінің люктерін тас қып жауып, жылыту шегін ең жоғарғы деңгейге қойды. Асып кетсе бір сағат арасында мына жұқпалы сұйықтық жүз жиырма градусқа дейін ысиды. Ондай ыстыққа тіпті сібір жарасы мен құрт ауруы таяқшалары да өлетіні анық. Əлемнің осы сипаттас мекемелерінің бəрінде жалпы дабылдың қызыл түймесі есіктің қасына орналасқан. Дабыл тыныштықты бұзды. Осы кезге дейін көзге көрінбеген қызметкерлер, бір адамдай газтұтқыштар киіп алып, дəлізге атып шығып, əрқайсысы жан сауғалап кете барды. Капитан формасын киген Теміров ешбір кедергісіз автокөліктер тұрағына өтіп, ұнаған көлігін ашып, отырып, үздіксіз сигнал берген қақпаға тура тартты. Газтұтқыш киген күзетші автоматты қақпаның түймесін басты. Алда шөл даланың бұлдырын кезіп ертегі қала Бағдат елестеді. СОҢЫ КСРО-ның Ирактағы елшілігінің Бірінші хатшысы, жəне де КСРО ҰҚК-ның резиденті полковник Виктор Семенов жұмыс үстелінде басын қос қолдап қысып алып, үнсіз отыр. Майор Теміров бастығы ұйықтап кеткен жоқ па дегендей көз қиығымен қарап қояды. – Сен бізге бас қатырғыш жұмбақ тауып бердің, майор! Сені не істесек екен, ə? «Садик», біз оны мұнда солай атаймыз, сенің қолыңмен ойдан шығарылған бактериялогиялық қару қолданғысы келді дейсің бе? Біз олай келіскен емеспіз! Бұл жерде сенің табанасты қабылдаған шешімің дұрыс та шығар. Əзірге дəлізде жүре тұр, мен Орталыққа қоңырау шалып, баяндайын… Он минут өтті. – Майор, сенікі жүз пайыз дұрыс болып шықты. Үйге ұшасың, бірақ Джидда арқылы. Сауд Аравиясы шекарасына дейін елшіліктің «Мерседес» көлігінің жүк салғышына жайланып жатып барасың. Ал қазір саған шетелдік құжат дайындағанша, біздің буфетке барып, дұрыстап тұрып босаңсы, стресіңді шығар. Жə, сен мені түсінесің ғой, тек тым шамадан шығып кетпе жəне елші жолдастың көзіне түсіп қалма… Қолыңды берші, інішек, дұрыстап бір қысайын!
Темірболат АХМЕТОВ