12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Жоғалған мəйiт

Бірнеше апта бұрын Айман əжей өмірден қайтып, балалары ақтық сапарға арулап шығарып салған-ды. Жақындары улап-шулап аяулы ананы ауыл жанындағы зиратқа жерледі. Жарықтық жан баласына қату келіп көрмеген кісі еді. Тірісінде тыныш ғұмыр кешті, алайда мəңгілік жайы жайлы болмаған сықылды. Əлдебіреулер мəйітті қабірден қазып алған екен. Оны баласы Жақып байқапты. Анығында, келім-кетім кісінің аяғы басылғаннан кейін, анасының басын қарайтуға асай-мүсейін артынып зиратқа барса, бірнеше апта бұрын томпайған төмпешіктің топырақтары жан-жақта шашылып қалыпты. Үңірейіп қалған төмпешікке үрейлене көз тіккен жігіт мəйіттің ұрланғанын ұқты. Ит-құс қазып, тартып кетті деуге келмейді, істің адамның қолынан келгені анық. Оның үстіне, күрек іздері көрініп тұр. Міне, осы оқиғаның орын алғанына да апта өтті. Жүзге жетер-жетпес үйі бар шағын ауылда əңгіме жатсын ба?! Бір жұма бедерінде бұл масқараны тұрғындар түгел естіді. Құр құлақтанып қоймады, ауылда «Көрбақ» пайда болыпты, қазып, өлгендердің етін жеп жүр екен деген дақпырт желдей есті. Аузы жеңіл əйелдер қосып айтып – өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп бөсті. Оған себеп те бар еді. Анау жылдары мұндай іс болған. Жастар мінген көлік аударылып, ішіндегілер қырылып қалған. Кейін солардың да қабірі ашылған болатын, бірақ мəйітке тиіспеген еді. Əруақтың наласынан қорықты ма, сол жолы іс жылы жабылды. Көп ұзатпай ақсақалдар ақылдасып, зират басына қарауыл қойған еді. Ауылдың азаматтары кезектесіп күзетке шықты. Бірақ бəле байқалмады. Моланың басына кім түнесін?! Кейін кезекшілік те көп ұзамай сиырқұйымшақтанып кетті. Ендігі жағдай мынау… Бұл кезде ауыл инспекторы Бек тергеп-тексеруді бастаған еді. Академияда жүргенде аннан-мұннан естігені болмаса, іске əлі төселмеген. Жалғыз тапқаны – жылқышы қарт Құсейіннің сөзі. Куəлік еткен тек сол ғана. Ол ауыл маңынан мотоциклдің ізін байқаған. Малдың соңында жүрген қария адамның да, жануардың да ізін жазбай таниды. Мəшиненің де сырын жақсы біледі. – Ауылда өзге із пайда болды. Ауданға баратын үлкен жолдан ауылға қосылып, зиратқа қарай барып жүр. Бір бəле келсе – қос аяқты көліктің иесінен келді, – дейді қарт. – Ақсақал, сенімдісіз бе? Не көп, доңғалақтың ізі көп. Оның өзгеше екенін қайдан білдіңіз? – Ай, балам, сен бұл ауылды өзің білесің бе? Бізде мотоцикл тек Сақыптың ұлында ғана бар. Қалғаны мұны кəсіп қылмайды. Оның өзі бұзылып, қаңтарылып тұрғалы қай заман болды. – Сонда қылмыскер сырттан келді деп ойлайсыз ба? – Иə. Қош, бұл да дəтке қуат – бір дерек болар деген үмітпен қоштасып, Бек əрі қарай аттанды. Кабинетіне барып, ұзақ отырды. Жаңа жерленген зиратты бір білсе, осы өңірдегілер біледі деп топшылады. Сонда күдікке əлгі қарт айтқан Сақыптың ұлы Тұрсын ілінді. Түлкінің қызылдығы өзіне сор дегендей, мотоциклді мінетіндігі бəле болған секілді. Бек таң азанмен таласып, Тұрсынның үйіне қарай аяндады. Қос аяқты көлігі бұзылып тұрған екен. Əрі Тұрсын дегенің ащы судың ізіне түскен, аяқтан тұрмай ішіп жатқанына көп болған. Онысын əйелі де айтты: – Құрғыр, əдеті – осы. Апталап арақ ішеді. Біздің мазамызды алады. Тіпті əлгі ащы суына өзі бармайды, шиеттей бала-шағаны жұмсап жатқаны. Масыл болды, – деді жары Жұмагүл. – Жеңгей, Тұрсының аяққа тұра ала ма? – Оны қайтейін деп едің, өзім зорға ұйықтаттым. – Əлгі кемпірдің мəйіті ұрланды, естіген боларсыз? Соған қатысты сұрағым бар, жауап алуым керек. Қысқа əңгімелесудің аяғы айқайға ұласты. Зар илеген Жұмагүл Бектің өзіне бас салды. «Мойнына ілесің бе?!» – деп жекіп, доқ көрсетті. Сонда да сүйреп, ауылдық бөлімшеге əкелді. Дегенмен, Тұрсын тілге келмеді. Көп ойланбай, қоя берді. Бұл бишара қабірді қазбақ түгілі, алдына қойған асын ішуге əлі жоқ күйде. Əрі Айман əжей – Тұрсынның апасының туған əпкесі. Басқа-басқа, туғанына шауып не көрініпті? Алқаш дегенмен, сау жүргенде адамгершілігі мол жігіт еді. Оған бара қоймас деп ой түйді. Осы аралықта бұл оқиға журналшы жолдастардың құлағына тисе керек, аудандық газетте ауқымды мақала жарияланды. Атауының өзін айқайлатып қойған: «Қабірдегі құпия: Қызылбаста «Көрбақ» пайда болды ма?!» деген тақырыпты көргенде, ауыл əкімінің төбе шашы тік тұрғаны айтпаса да түсінікті. Тілші де тартынып қалмапты – əкім, инспектор, ауыл ақсақалдарына дейін шыпқыртқан. Кінəлі емес кісі жоқ. Қызметінен айырылып қаламын ба деп қорыққанда көлеңкесінен шошынатын ауыл əкімі аудан орталығынан арнайы топты шақыртуды жөн көріп, телефон шалды. Бəке, Сəкені түгел жағалап, бүгіннен қалмай криминалист келетін болып келісті. Əйтпесе, Бектің əлеуеті белгілі – созбалақтап жүрер деді. Кеш ауа Қызылбас ауылына тергеу тобын бастап, Абылай атты жігіт ағасы келді. Толық есім-сойы – Қайсенов Абылай Əзімханұлы. Өзімен бірге екі жігіт, бір қыз бала ерте келіпті. Сол түні əкімнің үйіне түнеді. Азанмен Абылай зиратты жағалады. Көзге көрінетін ештеңе жоқ. Жалғыз дəйек – күрек. Оқиғаның орын алғанына біраз уақыт болғандықтан, айтарлықтай ештеңе табылмады. Мəн-жайдың жай-жапсарын анықтаған соң, жедел топ жиналыс өткізді. – Кəрі кемпірдің мəйіті кімге керек? – деді Абылай. Əңгімені əрі қарай Əйгерім жалғастырды: – Тұрғындармен тілдестім, марқұм ұзақ уақыт сырқаттаныпты. Кəрілік те себеп болса керек, кейін дерт дендеген көрінеді. – Ауылда аурухана бар ма? Ондағылар не дейді? – Шағын медициналық мекеме бар екен. Главврачпен сөйлестік, секем алатындай ештеңе байқалмады. Үшінші болып, екеуінің серігі Ержан сөз алды: – Дəрігерді тергеуге тарту керек. Мүмкін, сол кінəлі шығар? – Қайдан? – Енді, емдеймін деп жүріп өлтіріп алған шығар. Айыбы əшкере болар деп мəйітті басқа жерге жерлеген… – Сказка! Кəрілік қой, – деп Əйгерім дүрсе қойды. Жиналыс аяқталды. Абылай ақылдасудан кейін Бекпен бөлек тілдесті. Айтуынша, аурухананың бас дəрігері – Самал есімді келіншек екен. Негізі көрші ауылдың тумасы. Оқу бітірген соң тұрмысқа шығып, осы ауылға тұрақтаған. Алғашында мейірбике болып бастаған ол қазір білдей қызмет атқарады. Дегенмен, барлық жұмыс өз мойнында. Аудан орталығынан қатынап, қабылдау жүргізетіндерді қоспағанда, қарамағында тек екі мейірбике бар. Қысқасы, өзі – қожа, өзі – би. Не керек, Абылай Бекке Самалды тергеуге алдыруды тапсырды. Ауданнан кəсіби криминалист келді десе, кім-кімнің де зəресі қалмайды. Самал сол сəтте-ақ айтылған жерге алып-ұшып жетті. Тергеу үстеліне отырғаны сол еді, Абылай əңгімесін бастады. – Кемпірдің мəйітін қайда жерледің? – деді Абылай төтесінен. Дауысында зіл жоқ. Түрінен ештеңе білінбесе де, бұл – тəжірибелі тергеушінің ескі тəсілі. Мұндай сəтте кінəлі адамның бойынан еріксіз алаң мен үрей көрініс беріп қояды. Самал абдырап қалды. – Ағатай, айып етпеңіз, сұрағыңызды түсінбедім, – деді дауысы дірілдеп. Абылай əлдебір папканы ашып, ішінен құжат алып, көз жүгіртті де, қайта сөйледі: – Сейітқызы Айман. Бір ай бұрын қайтыс болған. Ресми тіркелген. Бірақ қазір қабірі бос. Мəйіт қайда? – деді үнін баяулатып, бірақ нық сеніммен. – Мен қайдан білемін?.. – деп күмілжіді Самал. Көзі бірде терезеге, бірде үстелге ауып, мазасыздана бастады. Абылай кілт тоқтады да, бірден тура қарады: – Самал, сіз айтпағанмен, біз білеміз. Бұл ауылда науқастарға ем жүргізетін маман – өзіңіз. Айманның диагнозын дұрыс қоймағансыз. Дерт асқынып, салдары өлімге əкелді. Жауапкершіліктен жалтару үшін өлім актісін қолдан толтырып, «табиғи себептен көз жұмды» деп жаздыңыз. Абылай сөз арасында үзіліс жасап, Самалдың жан күйзелісін бақылап отырды. Сосын сөзін жалғады: – Алайда артынан мəйітке эксгумация жасалуы мүмкін деген күдік пайда болды. Өз біліксіздігіңіз ашылып қалмасын деп, мəйітті түн жамылып қабірден қазып алып, оны белгісіз бағытқа алып кеткенсіз. Мақсат – дəлелді жою. Самалдың бет-жүзіне үңілген Абылай күтіп отыр – кез келген ұсақ мимика, кідіріс немесе демігіп жұтқан тыныс – бəрі маңызды. Бұл – шешуші сəт. Дегенмен, дəрігер сыр алдырмады. Демін ішке тартып, бір сəтке үнсіз қалды. Жанарынан үміт пен күдік һəм қорқыныш байқалады, бірақ сабырмен бекінген сенімділік бар. Қолдарын үстелге жайлап қойып, тыныш қана тіл қатты: – Ағай, сізге түсінікті болу үшін бірден айтып өтейін. Сейітқызы Айман – 1952 жылы туған, 73 жаста еді. Бізде тіркелген. Соңғы алты ай ішінде кемі үш рет амбулаториялық бақылауда болды. Диагнозы – созылмалы жүрек жетіспеушілігі, ІІ–ІІІ дəрежелі, қосымша гипертониялық ауру, II сатысы, дисциркуляторлық энцефалопатия жəне жасқа байланысты синильді деменция. Абылай үндемеді. Самал ары қарай сөзін жалғады: – Науқас өмірінің соңғы кезеңінде тəуліктік қысымы тұрақсыз болып, систолалық көрсеткіш кейде 180-ге дейін жеткен. Аппетит төмендеген, есте сақтау нашарлаған, жалпы əлсіздік байқалды. Бұның бəрі – қартаюға тəн физиологиялық үдерістердің салдары. – Қайтыс болған күні қандай жағдай тіркелді? – деді Абылай, нақты сұрақ қойып. – Ол күні түнгі сағат 2 шамасында шақырту түсті. Барғанымызда науқастың пульсі əлсіз еді. Тынысы үстірт, үзік-үзік. Бұл – терминальді жағдай. Жасанды желдету құралымыз болмаған соң, тек симптоматикалық көмек көрсетілді. Арада 15 минут өткен соң, биологиялық өлім тіркелді. Осы сəтте Самал сөмкесінен папка алып, ішінен патологоанатомиялық қорытынды, өлім туралы медициналық куəлік жəне мəйіт тасымалдауға рұқсат беретін əкімдік қаулысының көшірмесін ұсынды. Тергеу бөлмесінде үнсіздік орнады. Абылай орнынан тұрып, терезеге қарап біраз тұрды. Сосын құжаттарды үстелге қойып, жымиғандай болды: – Жарайды, Самал ханым. Біліктілігіңіз көрініп тұр. Əзірге сұрақтарым осы. Сіз боссыз, бірақ ауылдан алыстамаңыз. Мұның бəрін көрген Бек таңғалды. Ауылдың ортаңқол инспекторы үшін бұл көрініс тым əсерлі еді. Абылай əңгімені əрі қарай жалғады: – Дəрігер дұрыс айтып отыр. Білімді-ақ! Қате ем жасаған күннің өзінде өзін оңай ақтап шыға алады. Так что, оған мəйітті жасырудың да, жоюдың да қажеті жоқ. Кез келген тексерістен іліксіз өтіп кете алады. – Абеке, көрші ауылда бір көріпкел бар. Соған барып көрсек қайтеді? Бұрындары бірлі-екілі мал жоғалғанда, тап басып тауып берген, – деді Бек. Абылайдың түксие қарағанын көргенде ойланбай сөйлегенін өзі де бірден түсінді. Сөзін əзілмен аяқтап, жайсыздықты жуып-шаймақ болды: – Бірақ сен бұл жайлы ешкімге айтпа. Ауылдағылар мен тапты деп жүр. Сүйіншісін де алғанмын. Так что, тəуіпті ешкім білмесін. Бектің сандырағы кəсіби криминалист үшін күлкілі естілді. Бірақ басқа амал да қалмағандай көрінді. – Неге көрмеске? Кеттік, – деді Абылай. Екеуі 50 шақырым жердегі көрші ауылға аттанды. Оларды алдынан бір кəрі шал қарсы алды. Келбетіне қарап, көріпкел деу қиын еді – кəдімгі қарапайым ақсақал. Ол ақырды, шақырды, бірлі-екі тасын лақтырып, қысқа қайырды: – Мəйіт жоқ. Абылай ашуланып кетті: – Ей! Сен ойнап отырмысың? Мəйіттің жоқтығын мен де білем! Қайда кеткенін айт, соны сұрап отырмыз ғой! – Балам, мəйіт жоқ. Жердің астында да, үстінде де жоқ. – Енді не, ғайыптан тайып көкке ұшып кетті дейсің бе? – Мүмкін… Қош, бұлардың келгенінен кеткені тез болды. Осылай жүргенде тағы бір апта өтіп кетті. Абылай да, оның жедел тобы да – дым таппады. Əкім күн сайын кеңес өткізеді. Бір сценарий, бір əңгіме – күнде қайталанатын жағдай. Ал бүгінгі таң мүлде басқаша атты. Ауылда тағы бір мəйіт қабірінен қазылыпты. Бұл жолы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған Шегебай шалдың қабірі ашылған. Сүйегі қурап кеткен марқұм кімге керек болды екен? Абылай бастаған топ зиратқа жетті. Қатарларында Бек те бар. Бұл жолы мəйіт ұрланбапты – жердің бетіне шығарып алып, суретке түсіріп, дəйектер жинап бақты. Алайда көзге ілінерлік ештеңе жоқ. Кейін ішке келіп, түсірілген фотоларды үлкейтіп шығарып қойды. Қанша үңілсе де, ештеңе байқалмады. Əңгімені Бек бастады: – Шегебай шал кетік болған екен ғой, – деп əзілдеді. Шынында, екі күрек тісі жоқ екен. – Иə, рас, – деді Абылай. Сəл кідіріп, сөзін жалғады: – Қараңдар, тістер күштеп алынған секілді. Жақ сүйегі сəл үгітіліпті. Марқұмның тірісінде түскен фотосы бар ма? Күлімдеген кезі керек. – Сұраттыруға болады. Немересі менімен бірге оқыған. Қазір хабарласамын, – деді Бек. Абылайдың күдігі рас екен. Марқұмның суреті келгенде, істің ілігі шыққандай болды. Шегебайдың алдыңғы екі тісі алтын екен. Яғни, ұры күрек тістерін қағып алған болса керек. Сағымдай көрінген жағдай анықтала түсті. – Ұры осы ауылдікі болуы мүмкін. Ауылдағыларды тұтас танитын секілді. Себебі, бірнеше жыл бұрын қайтқан адамның аузындағы тісі алтын екенін біліп тұр. – Рас-ау, Айман əжейдің де алдыңғы тістері алтын еді, – деді Бек. Іс ушыға түсті. Екі ұрлықтың да бір-біріне ұқсастығы бар. Ал көлік апатынан қайтыс болған əлгі жастардың жағдайы ше? Үшеуінде де бір қылмыскер болуы мүмкін бе? Осындай сұрақтың жетегімен жедел топ біраз үнсіз отыр ды. Кейін Абылайдың бұйрығымен бұлар да зиратты күзететін болып келісті. – Дəніккеннен құныққан жаман, – деп, – тіс қаққыш қайта келеді, əліптің артын бағайық, – деді Абылай. Не керек, бұлар апта бойы моланың басын торыды. Ара-тұра ас-су үшін ауылға барғаны болмаса, күні-түні сонда. Ақыры, күдікті көзге түсті. Күзетшілікте Абылай мен Бектің өзі еді. Жетінші түн. Таңның атуына тақау кез еді. Қалың тұман басқан. Аспан – ауыр, бейіт – меңіреу. Бір мезет… алыстан тақырға тиген тұяқтың үні естілді. Абылай мен Бек тынып қалды. Қарауытқан тұстан жалғыз салт атты көрінді. Атын жəй ғана жетекке алып келеді. Иығында мылтық. Қимылы – сыралғы. Бейтаныс емес бұл мекен оған. Салт атты қорымға еніп, үшінші көшенің тұсында тоқтады. Атын жыңғыл арасына байлап, мылтығын сүйеп қойды. Артынан аттың тоқым астынан күрек суырды. Сабы қысқа, бірақ сабалақ істің құралы. Күмəн жоқ – ниеті белгілі. – Мылтық жерде. Жабыла кетейік, – деді Бек ақырын. – Жоқ. Қазір емес, – деді Абылай сыбырмен. – Ұстасақ, дəл істің үстінде ұстау керек. Əйтпесе бұл да жолаушы кейпіне еніп, сытылып кетеді. Иə, ол белгілі еді. Мұсылманшылықта бар. Түн жорытқан жолаушы зиратқа қонатыны бар ғой. Абылай осыны айтқысы келіп, алайда, күдікті естіп қояр деп іштен тынды. Сол сетте салт атты қазуға кіріскен еді. Шыңылтыр күрек бір рет, екі рет қара жерге кірш етті. Бек тістеніп, əр шапқан сайын тыжырынып отырды. Кенет көзі атыздай ашылып кетті: – Əкеңнің… Анау – біздің батяның моласы ғой! Оның да тісі алтын еді… Абылай басын изеді. Бірақ сабырынан айрылмады. Қылмыскер тізеден қазып тастаған кезде ғана Абылай оң қолын зиратқа қарай сілтеді. Екеуі бірдей ұмтылды. Қылмыскер жалт қарағанымен, үлгермеді. Абылай үстінен қона кетті. Құлаған күйі қазып жатқан қабіріне қарай домалап түсті. Бек жүгіріп барып, қолын қайырып байлады. – Тыныш! Қозғалма! – деді Абылай. Күдікті бұлқынып көрді. Болмады. Қол байлаулы. Қазған орға өзі сұлап жатыр. Бұл – Сəт еді. *** Алты ай өтті. Аудан орталығында Айман Сейітқызының мəйітін ұрлаған күдіктіге сот үкімі оқылып жатыр. –1984 жылы туған, Қызылбас ауылының тұрғыны Сəт Үкібайұлына Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 314-бабы бойынша, яғни өлген адамдардың мəйіттерін жəне олар жерленген жерлерді қорлау айыбы тағылып отыр. Күдікті өз қылмысын толық мойындады. Тергеу барысында бар шындықты айтып, жедел тергеу тобына жəрдемдескені, бұрын сотты болмағаны, жетім өсіп, бауырларының жалғыз қамқоршысы екені ескеріле отырып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеу белгіленсін. Үкім осы сəттен бастап заңды күшіне енсін жəне орындалуға жатады, – деді судья. *** Қош, Сəт сотталды. Бұрын тіс дəрігері болған ол мəйіттердің алтын тісін қағып алып, соны саудалауды кəсіп етіп келіпті. Кімге қандай тіс қойғанын білетін болғандықтан, осыған басқан көрінеді. Ол бəрін мойындады. Айман əжейдің де, Шегебай қарияның да қабірін қазған – сол. Тіпті, жол апатынан опат болған жас жігіттерге де ұмтылғаны рас екен. Бірақ онысы бос əуре болғанын айтыпты. Алайда бір жұмбақ – сол күйі ашылмады. Сəт Айман əжейдің мүрдесін қайтадан орнына қойғанын айтты, бірақ… кейін қабір қаңырап қалған. Жер жастанып жатуы тиіс жан жоқ. Із де, белгі де жоқ. Көпшілік сене алмады. Көңілге қонымдысы ауыл молдасының айтқаны еді. – Ертеде, жақсы адамның денесі қараңғы көрде қалмайды, – деген еді ол бірде.. Бұл сөз ауыл ішіне əп-сəтте тарап, əпсанаға айналды. Қарапайым ғана Айман апа – енді ел аузында əулие. Кейін қабірдің басына құрбан шалып, құран оқытып, қайта көмді. Жамағат жиналды. Жанарлары жəудіреп, оқтын-оқтын көрге қарайды. Бірақ қабір бос. Қалың көлеңке, салқын сыз бір құпияны бауырына бүгетіндей… Оның өзі қара құмның ішінде қала берді.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

КҮЛ АСТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң...

Мылқау түн

Әуеден жерге қонғанша Сараның жаны шығып кете жаздады. Көзі...

“Құпия жазу”

Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді: “Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да...

КЕБІН: ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей бақиға...

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...