12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КЕПКЕН БАЛЫҚ

– Екі сағат бұрын жан тапсырған. Пышақ жүрекке бойлап кірген, – деді сарапшы, – Бір сілтегеннен қабырғаға соқпай жүрек тұсын көздеуі қылмыскердің жай адам емесін көрсетеді. Жүрек нешінші қабырғаның тұсында екенін саусақпен санағандай біліп тұр. Суық қару жүрекке тіке емес, сəл ғана ауытқып кіруіне қарағанда бұл адам теңізші болуы керек. Оң жақ аяғына күш салып сілтеген. Саусақ ізін пышақ сабынан мұқият сүртіп тастаған. Полковник Абылай Қайсенов ойға кетті. Мұндай қылмыстың талайын ізін суытпай ашып жүр. Бірақ, əр қылмыстың өзінің жұмбағы бар. Мүрде өзен жағасынан табылып отыр. Мал қарай шыққан ауыл тұрғыны көріп, дереу полицияға хабарлаған. Өлген адам бұрын сотталған ірі денелі Мақтым деген егде жастағы жігіт. Көрінгеннің қолынан шейіт кететін адамға ұқсамайды. Қасында төрт сыра мен арақтың екі шөлмегі, жартылай желінген бір түйір кепкен қаракөз балығы жатыр. Инспектордың назары балыққа ауды. Неге бір түйір кепкен балық? Бұлар не осыншама ішімдікке бір түйір қаракөз ала салған ба? Қасында кімдер болды? Неге келісе алмады? Пышақты ту сыртынан емес, қарсы алдынан сілтеген. Қолында суық қаруы бар адамды еңгезердей жігіт жанына қалай жақындатқан? Қорғанбай ма? Алыса кетіп, қарсыласын астына салып алғанда пышақ ұрған деуге айналадағы шөп жапырылмаған. Ондай жағдайда жүрек тұсын көздеуі мүмкін емес. Мақтым арақ пен сыраны қатар сілтеген соң мас болып қапыда қалды ма? Сонда бəрін бұл ішіп, қарсыласы мүлдем татпаған ба? Ол да ішкен болса, пышақты дəл жүрекке салғанына сенімді болуы екіталай. Жоқ дегенде 2-3 рет сілтейді. Төрт сыра мен екі шөлмек арақ ішетіндей бұл не той? Стақан орнына жалғыз кесе қолданылған. Марқұмның қасында сол күні кімдер болды? Қай дүкеннен ішімдік саудалады? Осындай сұрақтар толғандырған полковник орын алған қылмысқа қатысты детальдарды бүге-шүгесіне дейін анықтауға кірісті. Өлген жігіт сол күні ауылдағы бірде-бір дүкеннен арақ алмаған. Күн жексенбі, таңертең ертемен адам көп жүре бермейтіндіктен, Мақтымды ешкім көрмеген. Алайда, ол өзі алмаса да, басқа біреуді жұмсауы мүмкін ғой. Абылай қателеспепті, бір дүкендегі камерадан оның қасында Балтай деген жігіттің жүргені анықталды. Қуырымға еті жоқ қатқан қара Балтайдың Мақтым сияқты еңгезердей жігітті өлтіргеніне сену қиын. Бірақ, кім білген, өмір күтпеген жағдайларға толы. Əлгі Балтай дүкеннен бір емес, екі мəрте сауда жасап, ішімдіктер алған. Абылай жігіттің қайда жұмыс жасайтынын анықтаған соң, үйіне іздеп келді. Анасы қайтыс болған, қарындасы қалада тұрмыста, əкесі екеуі тұрады екен. Бір рет үйленіп, ажырасқан. – Иə, таңертеңгі тоғыздан кете сұрағандарын алып бергенім рас, – деді Балтай, – Бірге ішкен жоқпыз. Рақметін айтып, пакетті қолына ұстап кете барды. Мен үйде қалдым. – Ол оңбаған «рақмет» деген сөзді қалай айтты? – екеуара əңгімеге Балтайдың əкесі араласты. – Сіз оны жақсы білесіз бе? – деді Абылай оған жалт бұрылып. – Мақтымды кім білмейді? Тепсе темір үзетіндей жігіт! Еш жерде жұмыс жасамайды. Əйелінен ішімдікке салынған соң ажырасып кетті. Арақ ішуден, əлсіздерге əлімжеттік жасаудан басқаны білмейді. Қасында өзі сияқты маскүнемдер жүреді. – Əлімжеттік жасаса олар неге полицияға арызданбаған? Жанында жүретіндердің аты-жөндерін айтып бересіз бе? Абылай олар жайлы жазып алған соң, сұрағын жалғастырды. – Балтай Мақтымның ұялы телефонында соңғы рет сізге хабарласқаны көрініп тұр. Жаңа сіз рақметін айтып кетіп қалды дедіңіз. – Тағы да бірер сыра əперуімді сұрады. Алып бердім. – Жағаға апарып тастадыңыз ба? Əлде, өзі келіп алып кетті ме? Келсе қасында кімдер болды? Шөлмектестері бірге жүретіні анық қой. – Өзі келіп алып кетті. – Демек, қасындағы адамды жағада тастап, жалғыз келген бе? Дүкен мен екі ара біршама жер. Олар қалай қалып қойған? Қасындағыларды жұмсай салар еді, олар сізді танымайды, солай ма? – Мені ауылда бəрі таниды. – Баламнан күдіктеніп отырғаннан саумысыз? Балтай оны өлтірген уақытта үйде болды. Оған мен куəмін, – деді əкесі. – «Оны өлтірген уақытта» дейсіз бе? Бұл сонда қай мезгіл? – Мен оны қайдан білейін,– қарт шоқ басқандай ыршып түсті, – Таңертең өлігін жағадан тапты деп естідім. – Балтай кеше туған күніңіз болды. Жалақы да іздегенге сұраған дегендей түсе қалды. Жағада атап өткен жоқсыз ба? – Жаңа айттым ғой, ұлым үйде болды деп. Тағы да бірер сұрақтар қойғаннан кейін инспектор орнынан қозғалды. Үй иесі оны шығарып салмақ болып бірге ілесті. Полковник дəлізден өтіп бара жатып, ас үйдің ашық тұрған есігінен үстел үстіндегі газетте желінген, желінбегені бар бірнеше кепкен балық жатқанын көзі шалды. Ойына қылмыс болған жердегі бір түйір балық оралды. Балтай Мақтымға арақ əпергенін айтты, бірақ, балық жайлы сөз қозғаған жоқ қой. Ол арақ пен сыра алған дүкеннен кепкен балықты кездестірмеді. Сонда «тіске басарға» деп Балтай бір түйір кішкентай ғана кепкен балық берген бе? Ол мүмкін емес. «Ей, мынауың не? Жмот болмай берсейші екеу-үшеуін», – дейді ғой. Əлде қасындағы маскүнемдердің бірі əкелді ме? Мақтымның жанындағылармен бірге қанша ішсе де, сол балықты тауыспағаны қызық. Мүмкін бір түйір балық емес шығар, қалғанын əлдекім əкеткен болар? Неге? Күдіктінің үйінен көрген балықтар инспекторды осындай ойға қалдырды. Полиция бөліміне келгеннен кейін Мақтымның қасында жүргендерден үш-төрт адамнан жауап алды. Бəрі де азып-тоза бастаған, бет-ауызы ісінген, жақтарын жүн басқан, үстерінен жағымсыз иіс сасыған біреулер. Кейбіреуінің отбасы, үйленген балалары бар. Алайда, жүрістері мынау. Үшеуі ол күні марқұмды көрмеген болып шықты. Алибилерін тексергенде шын айтып отырғандары анықталды. – Таңертең Мақтым маған келді, – деді төртіншісі, – Басы ауырып тұрғанын айтып, мұңын шақты. Досым болған соң аяп, бір шөлмек арақ алдым. Басқа ақшам жоқ екенін айттым. Мақтым деген бөшке ғой, шөлі бір жартылыққа қана ма? «Ізбасар, – деді маған, – Дүкен жаққа барайық». Əйелімнің сөйлегеніне қарамай оған ілестім. Сол жерде бізге Балтай кездесті. Мақтым оны бір шөлмек алуға көндірді. Бұрыннан талай бірге ішіп жүрміз ғой. Балтай бір шөлмек пен екі сыра алыпты. Сөйтсек, туған күні екен. Үйінен он шақты кепкен балық алып шықты. Үшеуіміз жағаға барып отырдық. Содан кейін Балтай дүкенге тағы барып қайтты. – Түсінікті, одан əрі не болды? – Мен Мақтымға: «Сен Балтайға алдыра бермей, неге өзің ақша шығармайсың?» – дедім. Екеуміз сөзге келіп қалдық. Ол ашуланып мені бір ұрды. Ашуланып, қаным басыма шапшыды. Орнымнан атып тұрып, балағаттап, есім кіресілі-шығасылы тəлтіректеп басып үйіме кеттім. Арғы жағы есімде жоқ, – деген Ізбасар басын ұстады. – Ендеше есіңізге салайын. Үйіңізге кетейін деп тұрған сəтіңізде Мақтым екеуіңіз қайтадан керілдесіп қалдыңыздар. Сізге ұмтылғанда жерде жатқан пышақты алып, бар күшіңізбен сілтеп үлгердіңіз. Сіздің қатты ашуланғанда көзіңіз ештеңені көрмейтінін естіп жатыр мыз. Балтай сіздермен бірге болғанын жасырып отыр. – Қайдағы пышақ? Ол жерде пышақ болған жоқ. Бізге ол не үшін керек? Кепкен балық жұмсақ, қолмен сындырып жедік. – Пышақ болмаса адам өлмес еді, – инспектор оған барлай қарады – Кімнің пышағы екенін айтыңыз. – Мүмкін Мақтымдікі, бəлкім Балтайдікі шығар. Сол пышақты көруге бола ма? Абылай Қайсенов целлофанға салынған пышақты Ізбасардың алдына қойды. Жігіттің селт етіп, түсі бұзылып сала бергені инспектордың назарынан тыс қалмады. – Жоқ, мынау біздің үйдің пышағы емес. – Əйеліңіз танып отыр, сіз жоқ дейсіз, – инспектор сөз орайында айта салды. Бірақ, бұл сөзі нысанаға дəл тиіп, күдіктіге қатты əсер еткені оның жүзінен байқалды. – Иə, біздің үйдің мүлкі. Бірақ, мен кісі өлтірген жоқпын. Ізбасармен əңгімеден соң ертеңіне Абылай Балтаймен сөйлесті. Қылмысты жасырып қалса оған қатысы бар адам ретінде жауапқа тартылатынын ескертті. – «Білемін деген көп сөз, білмеймін деген бір сөз» демей ме? Ұлым Мақтымды Ізбасар өлтіргенін айта алмаған шығар. Қандай дегенмен де кісі өлімін бірінші рет көрген адам қорқып қалады. Бұл үшін кінəламассыз, – деді əкесі. – Сізден емес, Балтайдан сұрап отырмын. Мақтымды өлтірген Ізбасар ма? – Иə, – деді Балтай. Инспектор оның көз жанарынан əлденеге алаңдаушылықты, мазасыздықты байқады. Полковниктің ойына неге екені белгісіз бір түйір кепкен балық тағы да оралды. Балтайдың үйінде аршылған қаракөз бен тікендері тұрды ғой. Дастархан тұрғанда газет төсеп жеген бе? Кепкен балыққа газетті далада төсейді. Жігіт Мақтыммен бірге жағада болған шығар. Онда неге жасырып отыр? Бұл жерде бір жұмбақ бар. Əлде далада жеп үйге алып келіп, қоя салды ма? Оның ойын шақыртуымен келген Ізбасардың əйелі бөліп жіберді. Ол пышақты бірден таныды. – «Арақты қоятын уақытың болды, шашыңа ақ кірді ғой. Бұрынғыдай жас емессің, денсаулығың да нашар. Ата сақалың кеудеңе түскенше ақыл кірмейтін неткен адамсың?» деп əлденеше рет айттым. «Иə, иə, қоямын», дейді. Сөзімді тыңдағында бұлай болмайтын еді, – əйел өксіп жылап бетін екі қолымен басты, – Сау жүргенде одан жақсы адам жоқ. Бұл пышақты сол күні таба алмай қалдым. Ет турайын деп үстелге қоя салып едім. Артынша бұзауға шөп салып, қора тазалап, біраз кідіріп келсем орнында жоқ. Құдайым-ай, бұлай болады деп кім ойлаған. – Ізбасар онда үйде бар ма еді? Ішіп жүрді ме? – Ала таңмен оған арақты кім береді? Бірақ, бұзауға шөп сала ғой деп айтайын деп шықсам, таба алмадым. Бір кезде қарасам Мақтым екеуі кетіп барады. Айқайлап шақырып едім, тыңдамады. Тұра тұрыңыз, ол кеткенде пышақ үстел үстінде жатты. Иə, иə, ол əкеткен жоқ. – Мүмкін кері айналып келіп алған шығар. Əйтпесе, қылмыс болған жерге қалай барып қалады? – Білмедім, басым қатып кетті, – деді əйел қол орамалымен жасаураған көзін сүртіп, – Мақтым екеуі жақсы дос, ондай қылмысқа барады деп ойламаймын. – Үйге мас болып келгенде киімінде қан дағы болды ма? – Бір жақ көзінің асты көгеріп тұрды. Қасының үсті аздап жарылып кетіпті. Соны сүртсе керек, көйлегінің жеңіне қан тиіпті. – Көйлек солай тұр ма, əлде жуып тастадыңыз ба? – Əзірге жуа қойған жоқпын. Жұмыстамын, қол тимейді. Сенбі күні ғана кір жуып, үй тазалаймын. – Ендеше, сол көйлекті маған беріңіз. Сараптама көйлектегі қанның Ізбасарға тиісті екенін анықтады. Абылай ертеңіне қылмыс орын алған жерге тағы да барды. Жіптің ұшын қолға ұстатар бір айғақ қалған шығар, кім білген?! Жағада жыңғылдың көлеңкесінде малдас құрып бір қарт отыр. Темекісі тартулы. Жалғыз қойын арқандап қойыпты, қасында қозысы жайылып жүр. Инспектор қасына жайғасып амандық-саулық сұрап, əңгіме бастап, оны біраздан кейін орын алған қылмысқа бұрды. – Иə, Мақтым тентек жігіт, – деді қарт – Оған арақ алып берген Балтай да сау сиырдың сойы емес. Кезінде талайдың басына əңгір таяқ ойнатқан жуан жұдырық. Өзі теңіз десантында болған. Əскерден келгеннен соң теңізде, ресейлік бір кемеде біраз жыл жұмыс жасады. Сол күні маған оның əкесі де қарсы шықты. Осылай қарай кетіп бара жатты. Оған дейін Ізбасардың үйінің қасынан көріп едім. Жағада үш жігіт арақ ішіп отырғанын байқадым. Үлкен адаммын ғой, күнге қарсы жүрген соң сəулесі көзіме шағылысып, олардың кім екенін анықтай алмадым. Бірақ, қойларымды оларға жолатпайын, бірдеңеге ұрынып қалармын деп басқа бағытқа əкеттім. Қазіргі жастар арақ ішсе, ақылдарын жоятыны белгілі ғой. Полковниктің ойына сарапшының айтқаны оралды. Қылмыскер Балтай немесе оның əкесі екеніне күмəні қалмады. Теңізші болса екі аяғына бірдей күш түсіріп талтаңдай жүреді. Себебі кеме шайқалғанда палубадан құлап кетпеуі керек. Əскери-теңіз десанттары қолма-қол шайқастың неше түрін жақсы меңгереді. Денелі болуы шарт емес. Сол себепті пышақпен жүрек тұсынан дəлдеп ұрған. Демек, өлтіруді мақсат тұтқан. Кепкен балықты Балтай үйден апарған шығар. Əкесі оның қайда бара жатқанын біліп қалып, екеуінің арасында ұрыскеріс туындаған ғой. Байқатпай ұлының артынан баққан. Мүмкін қылмыскер сол шығар. Ол баласын өзіне қарсы қойғаны үшін Мақтымды өлтірген, сол жерден Балтайды, кепкен балықтың қалғанын өзімен бірге əкеткен. Бірақ жартылай желінген біреуі түсіп қалғанын асығып жүргенде аңғармаған. Ізбасардың баласымен бірге ішетінін білген соң, онымен сөйлесуге барған. Үйінде болмаған соң бір шешімге келіп үстел үстіндегі пышақты алып кеткен. Сөйтіп бір оқпен екі қоянды атып, біреуін өлтіріп, оны екіншісінің мойнына іліп соттатып жібермек болған. Бірақ, мұны қалай дəлелдейсің? Ешқандай айғақ жоқ. Бастапқыда Балтай да, əкесі де ат-тонын алып қашып мойындамады. Бұрынғы сөздерінен танбады. Амал жоқ айлаға көшуге тура келді. Полковник екеуімен жеке-жеке сөйлесті. Алдымен Балтайдың əкесін алдыртты. – Бірден айтайын сізбен əңгімені диктофонға жазып отырмын. Сол күні сізге қой жетектеген Жекен қарт кездескен, – деді Абылай – Қанша жасырсаңыз да ол пышақты көргенін айтып отыр. Одан кейін сіз барған жақтан айқай естіген. Пышақты қанша сүрткеніңізбен қолыңызда резина қолғап жоқ, бір шетінде саусақ таңбасы қалған. Экспертиза ол сіздікі екенін, теңізші болғаныңызда да дəлелдеді. Жыңғылдың көлеңкесіне жайғасқан Жекен қарт балық салған газетті ұстап, масаң ұлыңызды желкелеп үйге алып бара жатқаныңызды байқаған. Ізбасардың үйіндегі пышақты алып кеткеніңізді оның əйелі көрген. Тағы қандай дəлел керек? Осы адамдарды сізбен беттестіріп, қылмысты жасырып отырған ұлыңызды бірге жауапқа тартамын. Қасқана адам өлтіргеніңіз үшін бірнеше жылды мойныңызға ілесіз. Егер мойындасаңыз жазаңыз жеңілдейді. – Мойындаймын, иə, теңізші болғаным, ұлымның да бірер жыл қасымда істегені рас. Мақтымды мен өлтірдім. Себебі ол менің ұлымды қатарына тартып маскүнемге айналдыра бастады. Балтайды ұрып та, қорқытып та көрдім. Бірақ, ол ащы судың тұңғиығына бата берді. Бір рет Мақтымға да қол жұмсап, енді аямайтынымды ескерттім. Оған балама жолама деп бірнеше рет ескерттім. Алайда, еш нəтиже болған жоқ. Көз алдымда жалғыз ұлымның құрдымға кететінін біліп, жаным құлазыды. Сол күні Балтай таңертең шоланға кіріп, кепкен балықтарды газетке орап алып жатқанын көрдім. Екеуміз сөзге келіп қалдық. Мен ашуланып бөлмеме кіріп кеттім. Біраз жатқан соң, Ізбасардың үйіне тарттым. Олар көбіне сол үйде отырып ішетінін білемін. Онда жоқ екен. Үстел үстінде жатқан пышақты ұстап, жағаға беттедім. Жолай удай мас Ізбасар кездесті. Оған тиіскен жоқпын. Айтқанды ұғатын жағдайда емес. Жағаға келсем ұлым Мақтым екеуі ішіп отыр. Мақтым маған отыр деп қасын нұсқады. Мен ұлыма да, оған да айқайлап ұрыстым. Ішіп алған Мақтым мені боқтап тұра ұмтылды. Ашу қысып шыдай алмай кеттім. Көзім тұманданып, не істеп, не қойғанымды білмеймін. Қаным басыма теуіп, қолымдағы пышақты сілтедім. Ол тіл тартпастан кетті. Өлтірейін деген ойым жоқ, қорқытып қойғым келді. Қатты ашуланғанда өмірін қиғанымды байқамай қалдым. Содан кейін ұлымды желкелеп, газет үстінде жатқан кепкен балықтарды қолым алып, үйге беттедім. Кепкен балықты үйге алып кеткен себебім, ол менің көктемде ызғырық желдің өтінде жүріп аулаған еңбегім. Көзім қиып тастап кете алмадым. – Сіз байқамай қалған жоқсыз, бірден Мақтымды өлтіруді мақсат етіп шыққансыз, – деді Абылай, – Не істегеніңізді жақсы білетін ақыл-есі дұрыс адамсыз. Əйтпесе пышақты бір ұрғаннан жүрегіне қадамайсыз. Ізбасар мас екенін көрдіңіз, пышақты сол үйден алдыңыз. Адам өлімін содан көреді деп ойладыңыз. Ұлыңызға мұны сол үшін жасағаныңызды айтып, үйде болдым деген сөзден танбауын ескерттіңіз. – Иə, бəрі дəл солай. Оны алып кеткеннен кейін кезекші полицей полковникка Балтайдың жолыққысы келетінін мəлімдеді. – Менің əкемнің еш кінəсі жоқ, – деді ол, – Əкем мені қорғаштап кінəні өз мой- нына алып отыр. Шындығына келсек, Мақтымды өлтірген менмін. Себебі ол ақыл айтқан əкемді көзімше балағаттап қалтасынан пышақ шығарып тұра ұмтылды. Қара сапты жиналмалы пышақ үнемі қалтасында жүретін. Пышақ ұстап əкеме ұмтылғанын көргенде есімді тез жиып, отырған орнымнан атып тұрып, оны қолынан жұлып алдым. Көзді ашып-жұмғанша кеудесіне сұғып үлгердім. Бəрі қас-қағым сəтте өтті. Қалай жылдам қимылдағаныма өзім де таңмын. Қандай дегенмен де десантта үйренгенім əсер еткен шығар. Содан кейін пышақты өзенге лақтырып жібердім. Егер менің орнымда болсаңыз сіз не істер едіңіз? – Пышағын жұлып алумен шектелемін, – деді Абылай – Айтуға оңай, менің қандай күйде болғанымды сіз ұқпайсыз. – Қандай жағдайда да адам өлтірмес едім. Ізбасардың пышағы онда қалай барып қалып жүр? – Əкем сол үйге барып алып шығыпты. – Түсінікті, – деді полковник – Сізбен жəне əкеңізбен əңгіме түгелдей диктофонға жазылды. Енді осы айтылғанның бəрін мына қағазға түсіріп, қолыңызды қойыңыз. Қандай жаза тағайындайтынын сот шешеді.

Қанат ҒҰМАРОВ

КҮЛ АСТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң...

Мылқау түн

Әуеден жерге қонғанша Сараның жаны шығып кете жаздады. Көзі...

“Құпия жазу”

Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді: “Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да...

КЕБІН: ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей бақиға...

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...