Түн болса төбесін зіл батпан əлдене басқандай, кірпік айқастыра алмайтын күйге жетті. «Иə, əруақ!» деп атам заманда бақилық болған бабаларының рухына сыйынып та көрген. «Қолды сілтеп кету керек шығар. Делқұлыға ұқсап мəңгіріп қалатын жағдайға дейін жеттік…» Қабылжан орнынан сүйретіле тұрып, əйелінің даярлаған шайына мойын бұрмастан, ас бөлмедегі тартпадан мал жайғайтын кездікті алып қайрай бастады. Ауылдағы ең шеткері Жаппардың үйіне келгенде есік алдына байлап қойған қаракер бие мұны танығандай осқырына қараған. «МоҺ, жануар! «Пəтшағар семізақ екен…» деп жылқының аяқтарына шалма тастады. Көмекшісі ақсақ Жанəділ қомпаңдап жүргенімен, бірдеңе бітіріп жүргені шамалы еді… «Тарт!» – десе тартады, «тұр» десе тұрады. Бірақ мал терісін жылдам іреп, жіліктеуге төселіп қалған. Ілкімде істің көзін тауып, тиын құрап байып алған қожайын Жаппар «бүгінге екі жылқы сойып тынығыңдар, сойысқа бес келіден ет аласыңдар…» деп суыт қалаға жүріп кетті. Ол қалаға текке барып жүрген жоқ. Сондағы мейрамхана мен асхана иелерімен келісіп, ет өткізіп жүргенін бұлар біледі… Қабылжан қаракер бие мен бір жабағыны жайғап тастап, жіліктеп болған соң, қожайынның қатыны Зураға табыстап, тиесілі нəпақаларын арқалап үйлеріне қайтқан. Ет пісірім уақытта бір жылқыны сойып тастайтын Қабылжан енді өзінің қолын жазықсыз мал қанына жуып, қалжырап жүргенін сезді. Кейінгі уақытта қабағынан қар жауған күйеуінің жүзіне тура қарамастан көңіл-күйін сезген Əсемгүлде лəм деп жақ ашпады. «Шаршаған болар…» дегенге сүйенген. Қабылжан ас-суын жөпелдеме асығыс ішіп, үн-түнсіз төргі бөлмеге өтіп, төсекке сұлай кетті… Келесі күні қожалық иесі Жаппар үйіне өзі іздеп келіп таудағы малшылардан бес-алты жылқы əкелуге бірге баратынын ескерткен. Бұл аса құлықты болмаса да, үнсіз келісті. Атаспас шатқалында жусап жатқан жылқыларды қайыра қуып, сай табанындағы қораға əкеп қамағанша түс ауып кетті. Еркін жүріп кекіл жалдарын даланың сумақай желі тарап, тыңайып, тойынған жылқыларды əупірімдеп жүріп бір-бірлеп шалмалап жетекке алған. Етекке түскен соң дайын тұрған «Камаз»-ға тиеп, бес жылқыны Сарғалдаққа қарай алып жөнелді. Жаппар жік-жапар болып, Қабылжанды асықтырып, бес жылқының етін үлкен қаладан тапсырыс берген «бизнесмен» танысына жібермек пиғылмен екі күнде «сойып тастаңдар» деп бұйырған. Қабылжанның өзі де, пышағы да жаланып тұр… Көңілі соқса атан түйені жалғыз жəукемдеуге бар. Айтқан мерзімде бес жылқыны жайратып, ту-талақайын шығарды. Жанындағы Жанəділдің арақ сасып жүргені жүрегін лобытқаны болмаса, істің оң-солына бірдей ыңғай білетін ол көңілінен шыққан. Бүгін бір жырғап қалды бұлар. Он бес келіден ет арқалап, Əсемгүлдің алдына тастаған. Шиеттей балалардың аузы малжаңдап, өзі де сорпа-су ішіп жіпсіп қалысты. Түн жарымында ұйқыдан оянып түзге шыққан Қабылжан қарауытқан түнгі аспанға қарады. Ай бетін қою алашұбар бұлттар қымтап, көңілсіз күйге түсіріп тұр. Қораның шодырая шығып тұрған белағашына қадап кеткен кездігін ұмытқан жерінен суырып алып, өткір жүзін сипалап ұзақ тұрды… *** Таң ата қалың ұйқыдағы ауыл айғай-шудан сілкініп, қозғала бастаған. Таң алакеуімде Жаппар үйінің маңайында ойбайлаған, бақыр ған əлдекімдердің дауысы Сарғалдақтың о шеті мен бұ шетін шарлап кетті. Ары-бері жүгірген жұрт. Полиция көлігі де қызыл-жасыл шамдарын жарқырата келіп үлгерген. Көзін тыр малай ашқан Қабылжан да суыт солай беттеген. Жаппардың даңғарадай үйінің сыртқы есігі, дарбазасы шалқайып, астаң-кестеңі шыққан. Есік алдында дөңкиіп біреу жатыр. Сонодайда шашы жалбырап Зура ұзыннан сұлаған. Бір сұмдықтың болғаны анық. Қан көрсе қобалжымайтын Қабылжан неге екені аса селт еткен жоқ. Тек жүрегі қатты соғып кетті. Аумақтық учаскелік уəкіл үй маңайына ешкімді жолатпай шырпыр болып жүр. Көп ұзамай мəйіттер жатқан жерлер бейне-фотоға түсіріліп, сəлден соң арнайы көлікке тиеліп жатты. «Ойпырма-ай! Сұмдық қой бұл! Түнде болған екен. Екеуін де бауыздап кетіпті! Не болып барады, Аллам сақтай гөр!» – деген қоңсы отырған Қажым қарттың дауысын жазбай таныған. Қабылжан біразға дейін өз-өзіне келе алмай, мəңгіріп тұрды. Ауданнан келген із кесушілер маңайды жіті шарлап, сүт пісірім уақыттан соң көше бойындағы арықтан қанға боялған суық кездік тауып алды. Оны ары-бері аударыстырып қараған тергеуші өңі бозарып тұрған Қабылжанға таяу келді. «Көке, сізге не болды? Көмек қажет емес пе? Сырқаттанып тұрған жоқсыз ба?» деп тіл қатты. Өз ойынан селк еткен Қабылжан қапелімде не дерін білмей: – Жоқ, рақмет! Осы кісінің малдарын сойысып нəпақы тауып жүрген едім. Мұн-дай бол-а-ады деп кім ойла-ға-н?… – деп тұтыға берді… Тергеуші қолындағы айғақ затты мұның алдына əкелгенде өзі қолданып жүрген үлкен кездікті жазбай таныды. – Аты-жөніңіз.? …. – Түсінікті… – Пышақ таныс па?.. – Иə, мен пайдаланып жүрген сойыс пышағы бұл… – Қабеке, заң талабы солай. Мен сіздің саусақ таңбаларыңызды алуға тиіспін! Қарсы емессіз бе? – А..аа.. Əрине… Қарсы емеспін! – Ендеше анау көлікке жүріңіз! Сырттай таң-тамаша болып тұрған біраз жұрт Қабылжанға оқты көздерімен қарап қалысты. Оның ту сыр тынан «Осы неменің лаңы болмаса нетті? Сүмірейгеннен сойқан шығады демекші. Өткенде қарызға ақша бермеді деп бүлініп жүрген еді…» деген қаңқу сөздер Сарғалдақтың төбесімен қалқи жөнелді. Көлікке тиелген мəйіттер «моргке» жөнелтіліп, жұрттар үйлеріне тарай бастады. Тек Қабылжан қожайын үйінің маңынан ұзаңқырап барып, ұзақ тұрып қалды. Полиция сараптау жұмыстарын тиянақтап, үйдің есік-терезесін мөр басылған қағаздармен қоса құлыптап жөніне кетті… Учаскелік уəкілдің тірек пунктінен сүлесоқ оралған күйеуінің көзіне бағжия қараған Əсемгүл: – Күйеуім-ау, не болды? Сенің бұған қатысың қанша? Малын сойып, нанын тауып жегеніңді де көп көрді ме бұлар? – деп кемсеңдей берді. – Заң шеңберінде деді ғой, көреміз… – Сонда заңы кім көрінгеннен көре бере ме жазған-ау!.. – деп əйелі ойбайға баса берген еді, ол мұны қатқыл үнмен тыйып тастады: – Жап аузыңды! Жамандық шақыр май…Бұйырғанын көрерміз… Аудандағы моргке əкелінген мəйіттер экспертизаға жіберілді… Марқұмдардың қаладағы ұл-қызы, туған-туыстары да сонда жүр. Суық хабар сумаңдап оларға да жеткен. Жақындары «аһ» ұрды. Тіпті кейбіреуі талып жатты. Соттық-сараптау жұмыстары үшін біраз заттары тексеруге жеткізілген еді. Тергеуге қажетті деректер қатталып, басқармаға жіберілген болатын. «Қылмыс болған орында үйден ақша мен біраз құжаттар табылмады. Яғни негізгі қылмыстың мотиві – көп ақшаны қолға түсіру болған. Ал Зураның өлімі кездейсоқ куəгерді артта қалдырмау үшін болған», – деген болжам ақылға қонымдырақ деп өз ойын пысықтай түсті тергеуші… Қабылжан таңғы асын ішіп, үйінің ауласындағы артық-ауыс заттарды жиыстырған болып жүр. Балалар мектепке жөнеліп, жары кір-қоңды жууға кіріскен еді. Есік алдына келіп тоқтаған қоңыр «Уазик» ішінен түскен бойшаң екі жігіт осылай қарай беттеген. – Ассалаумағалейкум, ағасы! – Уəлікіс-с..с… Қолын шекесіне көлегейлей қараған Қабылжан мұрнының астынан міңгір еткен болды. «Өткендегі кездікті «танытқан» осы ғой» деп танып үлгерді… – Қабеке! – Əу…. – Сіз Қылмыстық-процестік кодекстің 132-бабы негізінде күдікті ретінде қамауға алынасыз! – Ə, не дейт?!… Көпке дейін үнсіз қалған ол: – Мейлі…тағдыр солай үкім етсе оған да көндік! – деп өңі сұрланған күйі қос қолын кісенге ұсына берді. – А, Құдай-ау не жаздық ? Жалғыз асыраушымды да көп көрдіңдер ме? – деп жалма-жан күйеуіне қарай жүгірген Əсемгүлге алара қараған Қабылжан: – Тəйт! Балаларға ие бол! Құдайдың қатысы жоқ мұнда! Мені ұстады, болды! – деп көлікке қарай жүріп берді. – Жеңеше, сабыр етіңіз! Біз əлі тексереміз! Бұл істің соңы емес. Айғақ зат – пышақтан күйеуіңіздің саусақ таңбалары ғана табылды… Аң-таң қалған əйеліне көзін жұма бас изеген Қабылжан мінген көлік ауылдан ұзай берді… ***** Тергеуші Қасымханов күдікті Қабылжан Қайнаровтың берген жауаптарында «иə», «жоқ» дегеннен өзге тұщымды жауап ала алмады. Тек түсінгені марқұмдар отбасында жалданып малын қайырып, соғымын сойып бергені, Жаппар өлімі орын алардан үш күн бұрын кешкілік қарызға ақша сұрап барғанын ғана тілге тиек еткен… Сізге сұраған ақшаңызды берді ме? Жоқ. Мен бір-екі жылқы сатып алуға қомақты ақша сұрадым. Аузын қу шөппен сүртіп шығарып салды… Сонан соң түнде келіп есеп айырыстыңыз ба сонда?! – Жоқ. – Бөтен біреулерді байқадыңыз ба үйінен? – Байқамадым… – Пышақтағы саусақ ізі сіздікі ғой. Ол пышақты не үшін арыққа лақтырдыңыз? – Лақтырғам жоқ. Пышақты мал сойып біткен соң, жазғы ас бөлмесінде қалдырғам…. – Бұрындары өзара бас араздықтарыңыз болып па еді? – Болмады дей алмаймын. Ұрыскеріс болған. Ұсақ-түйек қой… – Сізді Жаппар мырзаның қорқыту, үркіту, ұру-соғу сияқты əрекеттері болды ма? – Жоқ! Кейде арақ ішкенде болмашы ерегіс туатын… – Түсінікті…Басқа да ескі реніштер болса есіңізге түсіріп көріңіз… – Басқа бас араздығым жоқ! – Тергеу ісін қасақана жалған айтып жолдан бұрсаңыз, жауапқа тартылатыныңыз есте болсын, ағасы! – Тартып отырған жоқсың ба?.. Екеуі де еріксіз мырс етті… Тергеуші капитан Қасымхановтың бір ойы Қабылжанның ішінде бүккен құпия сыры барына шүбəсіз сенсе, екінші ойы оның шаруа иесі өліміне қатысы жоққа сайды. Əйткенмен, өзіне сенімді болу үшін əйел, бала-шағасынан жанамалата сыр тартқанды жөн көрді: Сол түні күйеуіңіздің жаныңызда болғанына куəлік бересіз бе? Бермегенде ше, қойнымдағы байымды мен білмей қара басып па? Оның басы жастыққа тисе болды, жау келсе де қорылға басып ояна қоймайды… – Ол үйге мал сойыстан соң пышағын əкелуші ме еді? – Иə, əрине. Өзі жанып, қайрап қайта апаратын… –Сіз жұмыс істеп жүрсіз бе? –Жоғ-а… Мен екі баланың «пособиясына» қарап отырмын… –Күйеуіңіздің марқұм Жаппар Қабыловтан қарызға ақша сұрағанынан хабардарсыз ба? –Əрине. Ол маған балалармен төркіндеп қайт деп ақша бермекші еді. Қанша сұрағанында не шаруам бар? – Ішімдік ішкенде отбасында жанжал шығаратын мінезі жоқ па? – Қайдағы. Ол сорлы арақ та көтере алмайды. Дереу ұйықтап қалатыны бар, – деп көңілсіз күлімсіреген Əсемгүл «уһ» деп күрсініп алды. – Түсінікті, рақмет! Асықтарын асықпай санап отырған қараторы балаға еріксіз назары ауған тергеуші: – Балақай, атың кім? –деп сұрады. –Нұрбол. – Нұрбол нешедесің? – Алтыда… – Папаң қандай адам? Сен оны жақсы көресің бе? – Папам жақсы. Мен оны қатты жақсы көремін, – деп міңгірледі ол тергеушіге назар салмастан. – Сені өзімен бірге қонаққа апара ма? – Жоқ. Оның қолы тимейді… – Жарайды, дəу жігіт бол! – деп орнынан көтерілген ол Нұрболдың басынан жеңіл сипап сыртқа беттеді. ***** Қабылжан қатты жүдеді. Отбасының жалғыз асыраушысын абақтыға қамап күдікті ретінде ұстағалы екі ай зырлап өте шықты. Ара-тұра əйел, бала-шағасы келіп ас-ауқатын беріп тұрғанымен, өз бетінше еркін жүріптұрып қалған ол тар қапаста жаралы бөрідей аласұрып, тыным таппады. Тор терезенің ар жағындағы əрбір тықыр мен дауысқа елегізіп, есі кетіп жүр. Тергеуші мен адвокаты əрəкідік келіп бірді-екілі сауал қойғаны болмаса, артық ауыз ештеңе айтып жарытпады. «Ойпырма-ай!..Мұндай болар деп кім ойлаған?…» деп өз ойымен əуреге түскен ол түн баласы ұйқыдан да қалған. Бастырылып оянатын болған. Түнеугүні марқұм Жаппар алқымынан қысып жатқандай шошып оянған. Еріксіз қорқыныш өне-бойын билеп, дегбірі қашып жүр. «Соттаса да бала-шағамды ескеріп аздаған мерзім берсе жарар еді…» деп өзінөзі «жұбатуға» көшетінді шығарды. Əнеугүні адвокаты Қанат есімді жас жігіт келіп «жаныңыздан қосып ештеңе айтпаңыз. Сізді ертерек шығару мүмкіндігін қарастырып жатырмын», – деп сөнуге айналған үміт шоғын үрлеп кеткен еді…
Сарғалдақ ауылында Жаппар мен Зура өлімінен кейін ел ішін үрей жайлап, көп ешкім бір-біріне ашылып сыр айтпайтын болған. Барлығы бұйығы тірлік кешіп, түтін түтетіп жүріп жатты. Тек ауылдан бұрын көшіп кеткен Қажытайдың сотқар баласы жиірек төбе көрсететін болған. «Қос бірдей өлімнің құпиясы осы бəледен болмаса нетті…» деп жұрт сыпсың əңгіме де таратып көрді. Бірақ ұшарын жел, қонарын сай білетін Саматтың бар есіл-дерті арақ ішіп, аяқ босату. Учаскелік уəкілге бірнеше рет бас сұққан сотқарды өлім болған күні өлесі мас күйінде көрші ауылдан көргендер де бар болып шықты. Дегенмен тексеру қажет деп тапқан учаскелік уəкіл Қазтаев оның таныстарын аралап шыққан. Бəрі бір ауыздан Көкөзекте құрылыста болғанын, тапқан ақшасын жартылыққа жұмсап жүргеніне куəлік етті. Қасымханов майор Қазтаевқа күдікті азаматтан көз жазбауды тапсырған болатын… * * * Тергеуші Қасымхановтың кабинетіндегі телефон безілдей жөнелді. Тыста темекі шегіп тұрған ол ұзақ шырылды құлағы шалып, жұмыс кабинетіне жүгіре кірді. – Капитан Қасымханов тыңдап тұр! – Капитан, бұл Қазтаев қой, Сарғалдаққа шұғыл жетуіңіз керек! – Не болып қалды, майор? – Самат ауруханада, сандырақтап жатыр. Арақтан уланған. – Қазір жетем, қасынан кетпе! Ауданнан «Уазикпен» шаңдатып жеткен тергеушінің алдынан бірінші шыққан Қазтаев қаздиып тұра қалып баяндауға кірісе бергенде, қолын сілтеп «қоя бер!» деп белгі берген Қасымханов бірден аурухана палатасына озды. Ес-түссіз жатқан маскүнем жігіт «су-су…» деп қана сыбырлайды… – Қазтаев, бұл не деп сандырақтады? – Əлдебіреудің атын атап, «көмектес» деп қайталай берді… – Анық естідің бе? – Иə, Мұратқан аға! Көмек… дегенін ғана ұқтым. Қасымханов Саматтың жанына тақау отырып тіл қатып еді, анау селт етпеді. – Түсінікті. Өз-өзіне келсе дереу ауданға жеткіз.Ұқтың ба? – Жақсы… Қасымханов қайта ауданға аттанған соң, ымырт үйіріле Самат көзін зорға ашып: «Мен білем… оларды…Мен… кеш…» деуге ғана шамасы келіп үзіліп кетті. Көп ұзамай майор Қазтаев Қасымхановқа байланысқа шықты. Изолятордағы Қабылжанға кестеден тыс кірген Қасымханов шұғыл бірекі сауал қойып үлгерді: – Қабеке, айтыңызшы, сіз Мұратқан деген есімді естуіңіз бар ма? – Жоқ. Есіме түспей отырғаны… Сонда да мықтап ойланып көріңіз. Есіңізге түскен жағдайда бір хабарын айтарсыз… * * * Сарғалдақ ауылындағы сыпсың өсек: «Қажытайдың жүгермегін өлтіріп кетіпті. Соның қатысы бар көрінеді Жаппар өліміне. Бəсе, жүрісі жаман еді» деген тіркестермен шұбатыла берді. Əсемгүл келіп мəн-жайды естірткенде Қабылжан қапелімде не дерін білмеді. «Мүмкін емес қой бұл. Араққа салынып кеткен жігіттің қаншалық қау қары бар дейсің. Жаппекең оны жапыра салмас па?» Екі шынтағын басына төсеп төбеге қарап жатқан Қабылжан қым-қиғаш ой иіріміне батты. «Иə бір жерден естіген тəріздімін. Мұратқан… Мұратқали ма еді…Тоқта! Бұны кім айтып еді? Иə, иə, марқұм Жапекеңнің өз аузынан естіп едім ғой. Бір танысы болар. Сірə, кəсіпкерсымақ біреу болар». Тергеу жұмысына қаңғыған қауесеттер соншалық соны мəліметтер жеткізбесе де, сол бағыттағы болжамдарды сүзіп шығу қажеттілігін ескерткендей.
Тергеушінің кəсіби интуициясы алдамаған тəрізді. «Енді тек марқұмдардың араласқан ортасымен жұмыс жасау қажеттігі сұранып тұр». * * * Саматтың мəйітіне жүргізілген сараптау қортындысы да дайын болып, ол араққа қосылған «мышьяктан» уланған деген қорытынды шығарылды. Яғни, қасақана кісі өлтірудің тағы бір фактісі! Тергеуші іс материалдарының барысы туралы есеп беруге прокуратураға барып, күдіктілерді қамауға рұқсат алып шықты. Қасымханов Ақтоғайда көп бөгелмеді. Іздеу, сұрау салған адамдардың қалада болмауы себепті, ол сезік ұялатпас үшін туыстарын беймезгіл мазаламастан кері қайтты. Арақтан уланып өлді деген Самат жер қойнына тапсырылған соң, барлық дүкендер мен шағын киоскілерге «тексеру» өршіп кетті. Ауыл- ауылдарда жеке үйлерде тығылып спиртті ішімдік сататындардың да басына қара бұлт төнді. Тым-тырыс ештеңе болмағандай, олар да өмір көшіне ілесіп кете барды. Өз ойымен əуре болып отырған Қабылжан Жаппар өлімінің себебін өзінше топшылап көрген. «Жаппардың азды-көпті табыс тауып жүргені, əрине, таныстарының ішін тырмалайды. Бір жағынан ол мінезді адам. Бар, жоқ деп кесіп айтып, қажетті тұста тіке сөйлеп жүре береді. Үйден көп сомадағы ақшаның жоғалуына қарағанда, оның біреулерге берешегі болуы да кəдік. Қанша жерден табыскер болғанымен, оның да біреу лерге күні түсуі заңды. Менің отырысым мынау. Пышақтың кесірінен шатылғаным. Қанша жерден қаттылау болғанымен, қайырымы бар пенде еді жарықтық», – деп ауыр күрсініп алды. Шамалыдан соң камераның ауыр есігі сықырлай ашылып, адвокаттың төбесі көрінді. «Қабеке, айтып едім ғой, əділдік бізде деп. Қолхат арқылы шығатын болдыңыз!» Қуанудың орнына сықырлауық темір тапшаннан сүлесоқ сырғып түскен Қабылжан енді барар жер, басар тауы жоқ жандай ілбіп, есіктен еріксіз шыға берді… Ол жол бойы Жаппар үйіне келіпкетіп жүрген бейтаныстардың түртүсінің нобайын електен өткізумен болды. «Еңгезердей біреу бұл мал жайғап жатқанда келіп Жаппармен оңаша ұзақ сөйлескенін аңдаған. Мұратқаны сол болмаса нетті». * * * Басқармаға шұғыл шақыртылған Қасымханов бастықтан оқыс оқиға туралы хабар алды. Жаппардың таудағы малшыларын əлдекімдер аяусыз соққыға жығып, байлап-матап бар жылқыларын қуып кеткені, сол жаққа суыт жетуін, жапа шегушілерден сұрақ-жауап алу мен күдіктілердің дерегін анықтау тапсырылды. Атаспас шатқалында қорада отырған малшыларды бұлар жеткенше өзге көрші малшылар байлаудан босатып, əл-қуат жиғызып та үлгеріпті. Бет-ауыздары көкпеңбек домбыққан екі жылқышыны ес жиғызбастан сойып салғаны көрініп тұр. Ішіндегі үлкені – қысық көз, бəкене бойлы, кəрі жылқышы қарақшылардың алыстан келмегенін айтумен болды. – Мен білсем мына құзғындар бұрыннан Жаппарды білетін, есебі бар қулар ма дедім. Дауыстары аса кексе адамдардың дауысы емес, жас шамалары 40-50-дің арасындай көрінді. Қарлығыңқырап сөйлегендері жасанды екені білініп-ақ тұрды. Жылқы құрысын, табылар. Бұлар бізді Жаппардың соңынан жіберуге шақ қалды емес пе?! – Ақсақал, қарақшы топ кеткелі шамамен неше уақыт өтті? – Таң сібірлеп келе жатқан. Шамалауымша бес-алты болса керек. Жылқыларды Өртен сайға өрлетіп келе жатқан бетіміз еді. Қайырып тастап кері қайтуға оқталғанымызда, ту сыртымыздан бес-алты атты шауып жетіп, соққының астына ала жөнелді. Жылқылардың жас құмалағын байқастаған жылқышы: – Олар ұзап кеткелі бес-алты сағат. Шамамен Қызылсайға тұмсық іліктіріп алды. Басқа бағыттың бəрі жазық алқап, – деп сауатты пайым білдірді. – Онда не тұрыс?!… Оперативті топпен рация арқылы байланысқа шыққан Қасымханов Қызылсайдың алдын тосуды қадап тапсырды. Барымташылар бес-алты сағат ішінде Қызылсайдан өтіп кетсе, Қырғыз асып кетуі əбден мүмкін. Онан соң ағайындық дау-дамайға ұласып кетуі де ғажап емес. Қырғыз дардан қарақшылар қайтарылғанша, қадым уақыт қарыштап кетері тағы бар. Қарақшы топ қарулы болуы да бек мүмкін. Сол себепті ерекше мақсаттағы жауынгерлерді де жасақтап алған жөн деп ескертілді. * * * Бассыз барымташылар шынымен тау бөктерлеп қиялай қайырып, шекаралы аймақтағы Қабансай шатқалына бой тасалауға ұмтылды. Қас қарайғанша бөктерлерден жылқыларды аман-сау өткізсе, ар жағы – жеңіл асу. Шаруа тəмам. Келісілген ақыны алып ізім-ғайым жоқ болуды ғана көксеп келеді. Ішіндегі ірі денелі, сом білекті сотқардың тақымына қысқан қосауызының ұңғысы үңірейіп үрей шақырып тұрғандай еді. Өңгесінің белінде қысқа дүмбілі шолақ мылтық сандарын соғып салаңдап келеді. Бес басбұзардың басшыларынан алған қатал тапсырмасы – Қабансай арқылы асудан өтсе, əр жақтан қырғыздар күтіп алмақ. Басқа шаруа өзгенің бас қатырар ісі. Келісілген құнның жарымы алдын-ала өтеліп те қойған. Бұл іске ұрылар тұмсық тыға алмайды. Ендігі ойлары қырғыз сыбайластармен ары өтіп, көлікке мініп айналма жолмен елге қайту. Алайда шұғыл іс-əрекетте полиция олардың орынсыз армандарының алдын орап кеткендерінен хабары жоқ еді…. * * * Қасымханов басқарған шұғыл оперативті топтың жедел тұтқындау қызметкерлері арнаулы жол талғамайтын көліктермен Қабансайдың етегінде бекітілген нүктелерге орналасып та үлгерген болатын. Ет пісірім уақыттан соң жылқылардың шұбырған шаңы көзге шалынды. Олар Қабандының қақпасына тұмсық іліктіре қоршауда қалғандарын кеш бағамдап қалды. Барымташылардың басы болып келе жатқан ірі денелі «Көксоққан» қосауызды қайда бағыттарын біле алмады. Ол атын борбайлата қия бетке шапқанымен, шалт қимылды əбжіл топ адым аштырмады. Пышырап қай бағытқа тізгін жіберерлерін біліп болмады. Автоматтан əуеге дүркін-дүркін атылған оқ оларды ат үстінен аударылып етпеттеп жерге жатуға мəжбүрледі… Жылқылар тиісті аумаққа жеткізіліп, арнайы қораға қамалғанымен, қолға түскендер тегіс Қосөзен ауданына əкетіле бастады. Қасымханов барымташыларға жеке қылмысты іс ашуға кірісті. Ұрлық қылмысы бойынша қолға түскен «алтылықтың» артында қалайда қаржылы топ бары онсыз да мəлім еді. Қасымхановтың басын қатырғаны, егер де бұлар құр барымташы ғана болса, істің құрдымға кеткені. Тапсырыс берген де, тапсырманы берген адам да ізімғайым болары сөзссіз… Барымташы топ «лидері» «Көксоққаннан» алынған сұрақ жауап ешбір нанымды фактіге арқау бола алмады. Əрнені бір шалып қырғыздарға қарыз есебінен мал айдап жеткізуге келіскенін келістіре айтқанымен, тергеу ісіне нақты жауап болып тіркелмеді. «Көксоққан» көрші елге жеткізбек болған жылқыларды күтіп алмаққа əрекеттенген қырғызстандық күдіктілер сол жақта тұтқындалды. Қыр ғызстандық сақшылар берген мəліметте Сабиров дегеннің дерегі қылаң берді. Ол Қазақстан жақтан мал өткізбекке уағдаласып, ақшаны қырғыз банкісінде қалдыруға келісім берген болып шықты. * * * Мұратқали Сабиров пен Қажы мұрат Қабаев деген екеудің дерегі су бетіне қалқып шыққан қалтқыдай бірте-бірте айқындала бастады. Барымтаға барғандардың басым көбі осы екеудің айтағымен жылқы ұрлағандарын айғақтап берді. Қасымханов қалайда Ақтоғайдағы күдіктілердің пəтеріне қарауыл қоюды, кезі келсе тұтқындауды қолға алуға кірісті. Қанша қырағы бақылау орнағанымен, күдіктілер төбе көрсетпеді. Араға апта салып тыңшылардың берген мəліметі бөтен екеудің көрші Қосөзен жақта өзге біреудің үйін жалға алып, «жантайып» жатқанын мегзеді. Қабылжанды өздерімен бірге алып шыққан Қасымханов жетекшілік еткен шұғыл əрекет ету тобы күндіз бақылау орнатып, ет пісірім уақыттан соң тысқа шыққан мығым денелі кісіні көрсеткенде: «Дəл осы! Жаппардың үйінде көргенім…» деп көзі атыздай болған. Шұғыл тұтқындау тобы күдіктілерді еш қарсылықсыз бас-аяғы отыз минут ішінде қолға түсіріп, кісендеп алып кетті. Ауданға əкелінген соң дəйекті дəлелдер мен айғақты заттар алдыға қойылып, беттестіру барысында Мұратқали мен Қажымұрат өз айыптарын біртіндеп мойындарына алған болатын. Алайда олардың арнайы есепшоттары бұғатталып, тексеру кезінде дəл Жаппар өлімінен соң көп ұзамай ірі сомадағы қаражат есептеріне аударылғаны расталды. Тиісті одорологиялық сараптау мен саусақ таңбалары сарабының қорытындысы дайын болған соң, олар жалтаруға еш себеп таба алмады. – Бəрі ақшадан басталды. Жаппар маған көп сомада ақша қарыз еді. Жартысын қайтарғанымен, қалғанын созып жіберді, – деді басын төмен тұқыртқан Сабиров, – Қайтаратынын білсек те, біз оның көп сомада ақшасы барына көз жеткізбекке түнделетіп үйіне жеттік. Əйелі екеуі бізге есік ашпаған соң, сол ауылда арақ сұрап жүрген Самат деген маскүнемді алдыға оздырдық. Дереу оны Жаппардың үйіне жібердік. Ол мастығынан айықпаған күйі Жаппардың өзін алдау сыратып сыртқа шығарған сəтте лап қойдық. Бетперде киіп алған бізді тек сол Самат қана танып білді. Кейінірек оның өзін араққа у қосып өлтірдік. Сол түні ауласында Зураны да, Жаппарды да біздің баскесерлер бауыздап өлтірді. Үйді ұзақ тінте алмадық. Табылғанын алдық. Шамамен 20 миллион. Мүмкін басқа орынға тыққан болар. – Ал мал жайғайтын кездікті неге өздеріңмен бірге алып кетпедіңдер? Қасымханов отты жанарымен Мұратқалиға ұзақ тесілген. Қапелімде аузына сөз түспеген Сабиров: – Ол кездікті резеңке қолғап киіп Жаппардың қанын жағып, арыққа лақтыра салдық. – Қандай мақсатпен?… – Себебі қасапшыны күдікке іліктіріп, із жасырармыз деген үміт басым болды. – Түсінікті. Ал өз сыбайластарың тек екеуіңнің тапсырмаңмен əрекет еткенін жоққа шығармайсыңдар ғой?. – ….. – Ал жылқылар Жаппардың өзіне тиесілі мал екенін біле тұра, неліктен тағы бір қылмысқа қадам бас тыңдар? – Бұл менің жеке тапсырмам… Мұратқали мүдіріп барып сөзін қайта жалғады: – Қырғызстандағы досым Бейшеннен он мың доллар қарызға ақша алып, қайтарымы ретінде мал айдап əкеп беруге уəде еткен болатынмын. – Бейшен де ұсталды. Оның банк есепшоттары толық бұғатталды. Сіздің де астыртын шоттарыңыз анықталды… Мұратқали басын төмен салған күйі жұдырығын түйіп тергеушіге тіке қарамастан: – Бұл біздің маңдай термен тапқан бизнесіміздің ақысы, – деді тұтығып. – Сонда сіз біреудің маңдай терімен тапқан нəпақасын қанмен тартып алғанды бизнес деп түсінесіз бе? – Бұл – өмір, бастық. Кім күшті, сол жеңеді… – Жоқ, айыпталушы! Сіздің өмір ол. Біздің өмір адал еңбектен тұрады… – Басқа сауалыңыз жоқ па? – деген Мұратқалиға ұзақ тесілген Қасымханов: – Ендігі сауал сот залында болады, Сабиров мырза! – деп қара папкасын тарс жапты. * * * Келесі тəулікте Қабылжан Қайнаров тың үйіне соққан Қасымханов оның заңсыз қамақта ұсталғанына байланысты ақталғаны туралы сот шешімін қолына ұстатқанда, ұзақ үнсіз отырған ол еңкілдеп жылап жіберді. Қабылжан Жаппар өлгенде булығып, қыстығып жылай алмағанын енді сезді. Көз алдына келген Жаппар бейне иығынан ұстап сабырға шақырғандай еді… Еріксіз өн бойы дір еткен ол жасты көзін ашқанда, Қасымханов оған басу айтып тұрған болатын…
Арман ЖУСАНБАЙ