12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше тұрғындары мен жүргіншілердің тыныштығын бұзып жіберді. Көше бойында ары-бері өтіп бара жатқан жүргіншілер кафедегі атысты есітіп, не істерін білмей үрейленіп, абдырап қалды.  Кафеден жүгіріп шыққан адамдар алды-артына қарамай, үлкен жолдың жағасына тұра қалып қолдарын бұлғап, такси тоқтатып, оған асығыс отырып, «тез айда, алға қарай айда» деп асықтырса, тағы біреулері кафеден етігіп жүгіре шыққан күйі, басы ауған жаққа қарай жаяу шауып қашып бара жатты… Мына бір кісі жүгіріп келіп машинасының есігін ашып, қайтадан кафенің ауласына  кіріп, жараланған адамды бір қолымен құшақтай ұстап, денесімен сүйемелдеп әкеліп, кабинаға жатқыза салып, көлігін тез оталдырып айдай жөнелді.  Кафе алдындағы  осындай қорқыныштан үрейленіп, ары-бері шапқылаған қарбалас көріністі көзбен көріп тұрған тротуардағы жүргіншілер: «Атысып жатқан кімдер екен? Бұл не қылған атыс? Әйтеуір кафедегі адамдар аман ба екен?» деп алаңдап, бір-бірінен сұрап состиып тұрып қалды.    
Сол сәтте сиренасын жарқылдатып, сигналын қиқулатып, келе жатқан полицияның көлігі де көрінді. Полиция қызметкерлері ішке қарай кіріп кетті де, біреуі кафенің ауласының алдына жиналып қалған адамдарды ішке кіргізбей, «Топырламай, шуламай ауладан шығыңыздар! Үйлеріңізге қайтыңыздар, қайтыңыздар!» деп барлығын ауладан шығарып, кері қайтарып әлек. Осылай біраз шуылдасып тұрғанда  «Жедел жәрдем» машинасы келіп, аулаға қарай кіріп кетті.                                   
Үлкен көшенің бойындағы кафеде болған бұл атыс кешкі сағат 5-тер шамасында болған еді.  Сол күні түнге қарай қалалық Полиция департаментінің  (бұдан әрі – ҚПД) Баспасөз хатшысы «Қаладағы бір кафеде атыстың  орын алғаны және ол бойынша ҚПД тарапынан жедел-тергеу тобы құрылып, тексеру-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.» деген қысқа ақпаратты жариялады.         Шымқалада орын алған осы атыс туралы әлеуметтік желіден және кейбір бұқаралық ақпарат құралдарынан (бұдан әрі – БАҚ) есітіп-көрген және интернеттен оқығандардың, сондай-ақ кейбір «білгіш сымақтардың» болжамдап айтуынша, кешегі қырғын атыс өзара жауласқан екі топтың арасындағы келіспеушіліктің салдарынан болыпты-мыс?.. Бірнеше адам өліп, оншақты адам жараланған-мыс?!» деген өтірік-шыны аралас жел сөз бен түрлі өсек желдей есті. 
Әрине мегаполис қаланың қақ ортасындағы үлкен көшенің бойындағы кафеде белгісіз біреулердің арасындағы болған атыс шаһар тұрғындарын алаңдатып әрі қобалжытқаны рас.                                           
Шымшаһардың шырқын бұзған бұл атыс кімдердің арасында және не үшін болғанын анықтау мақсатында қалалық Полиция департаменті жедел іске кірісіп, кафеде белгісіз екі топтың арасында болған атыстың салдарынан сол жерде бір адамның өліп, бірнеше адамның ауыр жарақат алғанын анықтады. ҚПД басшылығы кафеде атыс болған күні жедел-тергеу тобын құрып, олар оқиға орын алған жерде тексеру және нақтылау жұмыстарына кірісіп, тергеу әрекеттерін бастап кеткен болатын. 
Кафеде болған атысқа байланысты көрген-білгендерден сұрап, олардың жауаптары бойынша хаттама жазып, фотосуретке және бейнетаспаға түсірді..
Шымқаланы шулатқан кафеде бұрын сотталған екі топтың арасында болған атыс, аса ауыр қылмыстық іс болғандықтан, оны ашу үшін шұғыл түрде Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің Қаулысымен осы күрделі істің күрмеуін шешуге тәжірибелі тергеуші полковник Абылай Қайсеновті Астанадан арнайы Шымкентке іссапарға жіберді.
А.Қайсенов 30-қазан күні Шымқалаға ұшып келісімен бірден Полиция департаментіне барып басшыларымен сөйлесіп, кешелі бері осы іске қатысты жүргізілген құжаттарды өз өндірісіне қабылдап  алды. 
Ол жаңадан Тергеу тобын құрып, атыс болғаннан бастап қылмыстық іске қатысты жүргізілген алғашқы тексеру және нақтылау жұмыстары барысында жинақталған құжаттармен танысып шықты. Сөйтіп жедел-тергеу тобын ертіп, оқиға орын алған жерге келді. Ең алдымен кафедегілерге өзін таныстырып, атыстың қайсы кабинкада болғанын, оны кімдер қалай бастағанын және ол кабинкада қанша адам болғанын, кімдердің жарақаттанып және қайтыс болғаны жөнінде кеше кафеде жұмыс істегендер мен оны көрген куәлердің өзіне келіп, айтып беруін өтінді.
Бірінші болып өзіне кірген кафенің әкімшісі В.О. мен кафенің даяшысы, куәлер Л.Х. мен  Н.Е. көзбен көргендерін тергеуші Абылай Қайсеновке айтып берді.
Жәбірленуші В.О. кафеде болған атыс туралы өзінің көргендерін және орын алған оқиға туралы тергеушіге баяндап берді: «Мен, «Сәлем» кафесінің әкімшісі болып істеймін. 2019 жылы 29-қазан күні сағат 15:00-ден кейін кафеге еркектер мен әйелдер жинала бастап, олар бір-бірімен миллиондаған ақша жайлы сөйлескендерін құлағым шалды. Сағат 17:00 шамасында екінші қабатта өзімнің балаларыммен отырғанда, төменгі қабаттағы кабинкадан бірнеше рет атылған оқтың дыбыстары шыққанын есітіп, терезеден кафенің ауласына қарағанымда, бір жігіт қолына автомат ұстап тұрғанын көрдім. Дереу оны ұялы телефонына түсіріп алдым. Сол сәтте ол жігіт мені байқап қалды, содан қорыққаныман, балаларымды құшақтап бөлмеде отыра бердім. Полиция қызметкерлері келген соң, мен төменгі қабатқа түсіп, кабинканың терезелері сынғанын және оның ішінде қансырап жатқан екі жігітті байқадым. Оның біреуі қайтыс болған екен, ал екіншісі ауыр жараланған адамды «жедел жәрдем» машинасы алып кеткенін көрдім» — деп жазыпты ол.   
Полковник оған екі сұрақ қойды.  1) Атыс қалай басталып, кімнің-кімге және қанша адамның оқ атқанын білесіз бе? 2) Полковник В.О.-ға бірнеше фотосуретті көрсетіп, «Кімдерді таныдыңыз? — деп сұрады.
В.О. – Мен кімнің кімге және қанша адамның оқ атқанын білмеймін. Ал мына фотосуреттен өзім көрген екі жігіттің біреуі, мынаны таныдым, — деп Б.И.-ді көрсетті.
      «Сәлем» кафесінің даяшысы Л.Х. кафеде болған атысқа қатысты көрген-білгенін айтып берді: «29-қазан күні сағат 15.00 шамасында кафеге келе бастаған адамдардың ішінде еркектер мен әйелдер болды. Олар кабинканың ішіне кіріп, өзара ақша туралы сөйлескендерін байқадым. Кейіннен адамдар көбейіп, кафенің ауласында тұрып, топ-топқа бөлініп, ақша туралы әңгімелесе бастады. Сағат 17.00-ден кейін кафеде жүрген бір әйелдің артынан қолдарына автоматқа ұқсас қаруларды ұстап тұрған екі жігіт кіріп, кабинкаға қарай барғанын көрдім. Біреуі кабинканың есік ауызына барып тұрды, ал екіншісі содан екі-үш метрдей қашықтықта тұрған. Сонымен қатар тапшан жақта тұрған бір сары жігіт қолында тапаншаны ұстап, оны кабинкаға қарай бағыттағанын көрдім. Сол кезде атыс басталып кетті. Мен қорыққанымнан кафенің екінші қабатына жүгіріп шықтым. Атыс басталған соң, кафеде болған азаматтар жан-жаққа қаша бастағанда, автомат ұстаған екі жігіт, кафенің екінші қабаты арқылы қашып кеткендерін байқап қалдым. Атыс аяқталған соң, мен төменге түсіп, кабинканың ішінде екі жігіттің қансырап жатқанын көрдім. Кейіннен полиция қызметкерлері және тағы басқалар келді.» — деді.      
Тергеуші оған бірнеше фотосуретті көрсетіп, — мынаның ішінен кімдерді таныдыңыз? — деп сұрады. 
Л.Х.: «Мына автомат ұстаған жігіттерді және  орысқа ұқсаған кісіні таныдым.» — деп жауап берді.
Тергеушіге келіп, куә ретінде жауап берген Н.Е.-нің айтқаны,  даяшы Л.Х.-ның айтқанына мағыналас болып шықты.
Кафедегі атыс бойынша тергеп-тексеру жұмысына кіріскен полковник олардың жауаптарын тыңдап, хаттама жазып, қылмыстық іске тігіп қойды. 
 Сол жерде Абылай Әзімханұлы, жедел-тергеу тобының мүшелеріне атыс болған күнгі, оқиға орнын қарап тексеру хаттамасы мен фотосуреттерді және бейнежазбаны көрсетіп, оларды таныстырды. 
Бұл құжаттарда: 1) Арыстанов көшесінің бойында орналасқан «Сәлем» кафесінің кабинкасында Қ.Б.-ның (бұдан әрі — Қажым) мәйіті табылған. Мәйіттің астында «STALKER» модельді дыбыс шығаратын тапанша оқ-дәрісімен табылып, айғақ зат ретінде алынған. Кабинканың есігі мен терезесі және дуалдары оқтың  бытыраларынан зақымданған. Кабинканың ішінде «Макаров» модельді тапаншасы мен гильзалар, оқ-дәрі бөлшектері және қанның іздері табылып, айғақ зат ретінде алынған. Кафенің ауласында екі «МР» модельді жарақаттаушы тапанша мен оқ-дәрі бөлшектері және калибрі 9мм, 12-калибрлі, 410-калибрлі гильзалар мен оқтар табылып, айғақ зат ретінде алынған.   2019 жылғы 30-қазандағы сот-медициналық сараптамасына сәйкес: жәбірленуші Қажымның өлім себебі оқтың бытыралары оның кеуде қуысына еніп, оң өкпені, жүректі және іш қуысына өтіп бауырды жарақаттаған салдарынан, геморрагиялық шокқа алып келген. Кеуде торының оң жақ алдыңғы беткейінің жарақаты денсаулыққа ауыр зақым келтіріп, өлімге әкелген, деп жазыпты қорытындысында. 
2)«Сәлем» кафесінің алдында мемлекеттік белгісі (бұдан әрі — м.б.) 10 LMB 13 «Лада приора» маркалы, м.б. 211 DAA «LEXUS» маркалы және м.б. 070 YYU 17 «Toyota Camry 70» маркалы автокөліктері тұрды. «LEXUS» автокөлігінде  М.М.-ға тиесілі аңшы рюкзагына салынған 12-калибрлі жалпы 81 дана оқ-дәрілер мен қол іздері табылып, айғақ зат ретінде алынған. «Toyota Camry 70» автокөлігінде аңшы мылтығының қапшығына салынған 6 дана (410 калибрлі) оқ, 3 дана 9мм газды оқ, 1 дана 9мм жарақаттаушы оқ, 5 дана 9мм оқтар мен қол іздері және 4 500 АҚШ доллары, 1 800 000 теңге болған. Бұдан бөлек В.Самсоненконың атына берілген «Сайга-410» модельді мылтыққа рұқсат куәлігі табылып, айғақ зат ретінде алынған. 3) Арыстанов көшесінің бойында орналасқан бос жер учаскесіндегі бетон блоктардың арасында 12-калибрлі №А-01426 «Вепрь» маркалы тегіс ұңғылы және 410-калибрлі №Н12270428 «Сайга 410» маркалы тегіс ұңғылы атыс қарулары оқ-дәрілерімен табылып, айғақ зат ретінде алынған.  
4) Арыстанов көшесінің бойында орналасқан бос жер учаскесінде, бетон блоктардың арасында 12-калибрлі «Вепрь» маркалы және 410-калибрлі «Сайга 410» маркалы атыс қарулары оқ-дәрілермен табылып, айғақ зат ретінде алынған.  5) Жәбірленуші В.О.-ның смартфонына түсірілген фотосуреттерден «Сәлем» кафесінің ауласында қолында автоматқа ұқсас қару ұстап тұрған «басқа тұлға» кабинкаға қарай келе жатқаны көрінеді. 
6) 30-қазан күні кафедегі нәрселерді қарап тексеру хаттамасына, фотосуреттеріне және бейнежазбасына сәйкес, оқиға орнынан алынған атыс қаруларға, оқ-дәрілерге, олардың бөлшектеріне қарау жүргізіліп, иіс үлгілері алынған.  7) 30-қазан күні фотосурет бойынша тану үшін көрсету хаттамаларына сәйкес, жәбірленуші В.О. және куәлер Л.Х., Н.Е. фотосурет арқылы іздеуде жүрген адамды (О.Ы.-ны) танып, ол адам қолына автоматқа ұқсас қарумен кабинкаға қарай атқанын көрсеткен.  
 
Тергеу тобының мүшелері тиісті құжаттармен танысып болған соң, А.Қайсенов оларға қазіргі тергеп-тексеру жұмысының жағдайын түсіндіріп өтті. Одан кейін полковник:  «Атыс кезінде кафеде көп адамның және қарудың да бірнеше түрі болғанын, олардан оқ атылып, жаппай атыстың салдарынан Қажым қаза болып және М.М. мен М.Д. , А.Б., Р.Р. ауыр дәрежелі жарақат, ал Б.Ж. орта дәрежелі дене жарақатын алған. Олардың барлығы да ауруханада емделіп жатыр. Бізге атыс кезінде қолданылған қарулардың түрлері мен олардың кімдерге тиесілі екендігін, атысты кімдердің ұйымдастырғанын, оның себебі неден шыққанын және кімдердің қашып кеткенін анықтау үшін, жұмысқа жедел кірісіп, тездетіп бірнеше сараптамаларды уақтылы әрі сапалы жүргізуді қолға алуымыз керек. Сонымен қатар, ауруханада жатқандарға барып, оларға жолығып, қажет болған жағдайда заң шеңберінде жасырын тереу әрекеттерін (бұдан әрі – ЖТӘ) жүргізіп, олардың жауаптарын хаттамаға түсіріп, қылмыстық іске енгізуіміз керек. Сондықтан, бүгіннен бастап осы айтылған сұрақтарға күндіз-түні жауап іздеп, күдіктілер мен жәбірленушілерді тез арада анықтау үшін, әрбіріңізге қай бағытта атқаратын жұмыстарыңызды бөліп, бекітіп қойдым. Біздің мақсатымыз – қылмыстық істі заң талабына сай әділ жүргізіп, оны ашу үшін, барлық жұмысты сапалы әрі тез орындауға қазірден бастап кірісіңіздер.» деп шұғыл тапсырмалар берді. 
         Бір күннен кейін А.Қайсенов өзі қалалық ауруханаға барып Р.Р.-ға жолығып, адвокат Д.-ның қатысуында құқықтарын түсіндіріп, оны күдікті деп танығанын айтып, тергеу әрекеттерін жүргізіп, оның жауаптарын хаттамаға енгізді.   Алайда, Р.Р. өзін жәбірленуші деп санап, күдікті деп танылғанымен келіспей, күдікті ретінде ұстау хаттамасына қол қоймаған соң, тергеу тәртібіне сәйкес, «Р.Р.  бұл құжатқа қол қоюдан бас тартты» деп жазба жасап, іске тігіп қойды. Р.Р. тергеушіге берген жауабында: «Өзінің «Сәлем» кафесіне кездейсоқ барғанын, ал М.М.-ны, О.Ы.-ны, Б.И.-ді танымайтынын және олармен телефон арқылы сөйлеспегенін айтты.   
Полковник А.Қайсенов кафедегі атыс кезінде қылмыстық құқықбұзушылық жасап, оқиға болған жерден қашып кеткен, Р.Р.-ды күдікті ретінде іске тіркеп, оған екі айға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы Шымкент қаласының мамандандырылған Тергеу сотына Өтінішхатын беріп, күдікті Р.Р. екі айға қамауға алынды.  Айтпақшы, Р.Р. жеке тінту хаттамасына және күдіктінің іс-әрекеттерін саралау туралы қаулысына да қолын қоймағаны туралы тиісті жазбалар жазылды. 
Келесі күні полковник А.Қайсеновтың айтуымен қалалық Полиция департаментінің Баспасөз қызметі тарапынан кафедегі атыстың ортасында болған бір күдіктінің қамалғанын және өзгелерін іздеп табу мақсатында тергеп-тексеру және іздестіру, жұмыстарының жүргізіліп жатқаны хабарланды. Сонымен бірге кафедегі атыс кезінде ауыр жарақат алған бірнеше кісінің ауруханада емделіп жатқаны, ал  екі бұзақының (фотосуреттері көрсетіліп) оқиға орнынан  бой тасалап, іздерін суытып, белгісіз жаққа қашып кеткені жөнінде ресми ақпарат таратылды.
       Кафедегі атысқа куә болған Н.Т. ҚПД-іне келіп, полковникке жолығып, білетін ақпаратымен бөлісті: «Осы оқиғадан бір апта бұрын, Ленгір қаласында жолдың бойында бір топ адамдардың жиналғанын көріп, олардың қасына тоқтап, өзім танитын Абылайдан: «Неге жиналып тұрсыздар?» — деп сұрағанымда, ол «Қарындасым «Пирамидаға» ақша салып, соны ала алмай жүр.» — деді. Менен қарындасына көмек беруді өтініп, Бахтияр деген жігіттің телефонын берді. 2019 жылы 29-қазан күні сағат 16.:00-16:30 шамасында мен,  Бахтиярға қонырау шалып, екеуіміз «Сәлем» кафесінің алдында кездестік, сол жерде салымшыларға ақша қайтарып жатқанын естіген едік. Кафенің сыртында 20 шақты адам жиналыпты, біз екеуіміз кафенің ішіндегі кабинкаға кірдік. Сол жерде ер кісілер мен әйелдер ақша туралы сөйлесіп отырған. Отыратын орын болмаған соң, мен сыртқа шығып кеттім.  Сыртта тұрған бір жігіттен: «Бүгін ақша қайтара ма?» — деп сұрағанымда, әлгі жігіт: «Бәріміз де соны күтіп тұрмыз.» — деді. Мен қайтадан кабинкаға кіргенімде, іштегі адамдар: «Шыға тұрыңдар, біз шешіп алайық, кейін сіздерге айтамыз.» — деп өтініш жасаған соң, кабинкадан шыққан кезімде кафенің ауласында тұрған адамдардың сыртқа қарай қаша бастағанын байқадым. Сол сәтте мен, қолдарында автомат ұстаған екі жігіттің кафеге кіріп келе жатқанын көріп, қорыққанымнан дәретханаға кіріп, тығылып қалдым. 2-3 минуттан кейін атыс басталып, шамамен 15-20 секундқа жалғасты. Бірақ мен, кім-кімді атқанын көрмедім. Мен дереу 102 телефонына хабар беріп, полиция қызметкерлері келген соң сыртқа шықтым.» — деді.                                            
Тергеуші оған бірнеше адамдардың фотосуретін көрсетіп, «Осылардың ішінен кімді таныдыңыз?» — деп сұрады. Ол: — Бахтиярды танимын — деп көрсетті. Тергеуші: — Бұл Бахтияр Жетписбаев қой! — деді.
Сонда ол: — Бахтиярдың фамилиясы Жетписбаев екенін енді ғана білдім.- деп қалды.. 
      Полковник А.Қайсенов жәбірленуші Ж.Бакированы  шақырып, кафедегі атысқа қатысты не білетінін сұрады, сонда ол, Қажым өзінің ұлы екенін, ал жәбірленушілерді танымайтынын айтты. 
Одан әрі ол: «2019 жылы 29-қазан күні ұлым Қажым сағат 16.00-де жарты сағатқа бір жерге барып келемін, деп үйден шығып кеткен. Кешке қарай менің ұялы телефоныма «суық хабар» түсіп, Қажымның қайтыс болғанын білдім.Менің баламда тек дыбыс шығаратын тапанша болғанын, ұлымның киімдерінің арасынан бұрын көргем. 
Менің топшылауымша: «Дина Нургожанова (бұдан әрі —  Дина) ұйымдастырған «Қаржы пирамидасының» бірнеше салымшылары өз ақшаларын ала алмай жүргендіктен, Қажымға ақшаларын қайтарып әперуге өтініш білдірген. «Сәлем» кафесінде осыған байланысты ұрыс-жанжал болған.  Сол кезде Динаны қорғап жүрген М.М.-ның ұйымдастырумен менің ұлым Қажымға және басқа да жәбірленушілерге қарсы оқ атылған. Кейбір адамдардың айтуына қарағанда және жан-жақтан есітіп-білуімше, Қажымды М.М. мен Р.Р. және іздеуде жүрген белгісіз екі жігіт алдын ала ойласып өлтірген деген ойдамын. Осылар қылмыс жасап, М.М.-ның ұйымдастыру-ымен олар баламды атып кеткен деп есітіп жүрмін. Өйткені олар алдын ала дайындалып, кафеге қаруларын алып барған. Сондықтан да, оларға қатаң жаза тағайындауды талап етемін.» — деді Қажымның анасы.               
         Куә ретінде сұралған Дина (Д.Нургожанова) тергеушінің қойған сұрақтарына жалпылама түрде көп нәрсені жасырмай айтты: «2019 жылдың ақпан айынан бастап «Биржа» деген жұмысты істеп жүрдім. Мен салымшылардың ақшасын Айжангүл есімді азаматшаның атындағы шотына аударып тұрдым. Ол алған ақшаны айналдырып, маған қосымша пайызбен қайтарып тұрды. Алғашында жұмыс жақсы жүріп, күзге қарай салымшылардың ақшалары уақтылы түспей қалды. Содан кейін салымшылар ақшаларын қайтарып алу үшін «бұзық балаларды» шақырып, бізді қорқыта бастады. «Черный Қанат» деген жігіт менің Т. деген қызметкерімнің автокөлігін тартып алды. Осы жағдайды есітіп, менің сіңлім Наздың күйеуі Асыл Мухатов пен оның ағасы Мейрам Мухатов маған Алматыдан келіп, менің қасымда жүріп, өздерінің таныс жігіттерін шақырды. Солардың ішінде А.Барпиев те болды. Сол жігіттер арқылы «Черный Қанатпен» проблемамды шешіп берді. Сонда (Қ.Б.) Қажым маған «Сестренка, көмек керек болса хабарлас» — деген болатын. Бірақ мен, Мейрамның айтуымен (Қ.Б.) Қажымның көмегінен бас тартқам. Бұл Қажымға ұнамаған еді. Бір-екі күннен кейін салымшылардың атынан С. деген жігіт келіп, мені қорқыта бастады.
Мен қайтадан Мейрамға хабарласып, көмек сұрадым. М. келіп, мені М.М.-мен таныстырды, ол маған көмек беруге келісті. М.М. мені қорғап жүргені үшін, мен М.М.-ға ақша төлейтін болғам. Бірақ, оған нақты төлейтін соманы өзара келіспеген едік. М. менің қасымда жүріп-тұруы үшін, мен оған абысыныман «Toyota Camry 70» автокөлігін 1-2 күнге сұрап алдым.  
29-қазан күні М. мен М.М. және тағы басқалар, С. деген жігітпен түске таман «Фаррух» кафесінде кездесті, сол жерге салымшылар да келген. Содан кейін «Стамбул» кафесіне барып сөйлесейік дедік, бірақ ол кафеде салымшылар айқай-шу шығарған соң, олар «Сәлем» кафесіне барған. М. мен бірге төрт жігіт жүрген, ал М.М.-ның қасында екі жігіт болды. Мен олардың қолдарынан қару көрмедім. Кафенің ішінде біз, салымшылармен есептесіп, ақшаны екі-үш аптаның ішінде пайызсыз қайтаратын болып келістік. Содан кейін олар қайтайын деп жатқанда, кафеге топырлап жігіттер және бір-екі салымшы келе бастады. Біз, қайтадан кафеге кіріп, кабинкада салымшылармен сөйлесіп, мен ақшаны пайызсыз қайтаратынымды айттым. Алайда, салымшылармен бірге келген Қажым пайызсыз дегенге келіспей, ақшаны пайызбен қайтаруды талап етті.  Содан мен кабинкадан шыққан кезде М. мен М.М. маған «Әпке, сіз қайта беріңіз» — деп айтқан соң, мен автокөлікке қарай кеткем. Ал М. мен М.М. және басқа жігіттер кафеде қалған. Мен автокөлікке отырғанымда кафе жақтан атыс естіліп, адамдар кафеден шығып қаша бастағандарын көрдім. Содан кейін мен Ленгір қаласына кетіп қалдым.  Кейінірек М.-ға ұялы телефон арқылы хабарласып, «Не болды? Ана жақта атыс болды ма, не істедіңдер?» — деп сұрағанымда, ол маған «Дина, еш уайымдама, жігіттер кішкене бір-бірін қорқытқаны болмаса, бәрі дұрыс.» — деп жауап қайтарды. «Toyota Camry 70» автокөлігінің ішінінен табылған ақша, ол салымшылардың ақшалары болатын. Мен оны М.-ға сақтау үшін берген едім. Менің атысқа ешқандай қатысым жоқ. Кім-кімді атқанын және қару ұстап жүрген адамдарды көрмедім» деді Дина.
         А.Қайсенов жәбірленуші К.Жетпісовтен: — Қажым мен Динаның арасындағы қарым-қатынасы туралы не білесіз?  — деп сұрады. 
Қ.Ж.:   «2019 жылы 25-қазан күні менің танысым Қажым  Динаның тірліктерін шешіп бергені үшін, Дина Қажымға бір млн. теңге берген. Қажым ол ақшаны өзінің жігіттеріне бөліп берген болатын.» — деді.
  — Кафедегі атыс қалай басталды? — деген тергеушінің сұрағына, жәбірленуші Б.Жетпісбаев: «2019 жылғы 29-қазанда сағат 16.00-16.30 шамасында маған танысым Қажым қоңырау шалып «Сәлем» кафесіне шақырды. Сағат 17.00 шамасында кафеге барсам, ол жерде Қажым бір адамдармен сөйлесіп тұр екен. Мен олармен бірге кабинканың ішіне кіргенімде, кабинкадан М.Д. және кейін келген А.Б.-ны көрдім. Ал кабинкадағы бөтен екі жігітті танымадым. Сол жерде Қажым жанындағы жігітпен сөйлескенін, бірақ олар не туралы әңгімелескенін білмедім. Бір кезде атыс басталып кетті, бірақ кім-кімді атқанын байқамай қалдым. Менің бетіме, қолдарым мен аяқтарыма бытыралы оқ тиіп, соның салдарынан есімді жоғалттым. Содан есімді жиғанымда А.Б. кабинканың ішінен шығып бара жатқанын көріп, мен де еңбектеп шықтым. Ауладан шыға салып, Азат екеуіміз бір автокөлікке мініп, ауруханаға бардық. Атыс кабинканың есігінен басталғанын білемін, бірақ кімнің атқанын, мен көрмедім. Мына фотодағы сары жігітті оқиға орнында көрдім. Үстелдің басында бес адам отырған, сол жағында, есіктің алдында А.Б., ал мен танымайтын жігіт үстелдің басында отырған. Мен үстелдің оң жағында отырғам. Қажымнан кейін М.Дж.. отырған. Ал бір сары жігіт үстелде отырмай, кабинканың ішіне кіріп-шығып жүрген.» — деді.
 
Полковник А.Қайсенов кафедегі атыстың салдарынан ауыр жарақаттанып ауруханада жатқан жәбірленуші А.Барпиевке  барып, атыс болған күнгі көргендерін  айтып беруді сұрады: «Мен 29-қазан күні шамамен сағат 17:00-де танысым Қажымның шақыртуымен «Сәлем» кафесіне бардым. Кафенің ішінде адамдардың бір-бірімен айтысып, ұрысып жатқанын көрдім. Кабинканың ішінен әйелдер шығып кеткен соң, кабинкаға кіргенімде жігіттер өзара сөйлесіп отырғанын, бірақ әңгіменің не туралы болып жатқанын түсінбедім. Кабинкада мен танитын Қажым, М.Дж, Б.Ж. отырған және маған таныс емес 4-5 адам болды. Мен атыс басталар алдында кабинканың ішіндегі жігіттердің шошып, тез тұрып кеткенін байқадым. Мен есіктің қасында отырғандықтан, есіктен кіріп жатқан автоматтың ауыз жағын көріп, сол сәтте автоматтан атылған оқ менің ішіме тиді. Содан мен есімді жоғалтып қойдым, бірақ маған кімнің оқ атқанын біле алмай қалдым. Кафенің ауласында тұрған және кабинканың ішіндегі жігіттердің қолдарынан қару көрмедім. Менде ешқандай қару болған жоқ. Бірнеше минуттан кейін мен өзіме келіп, Қажым және оның жанында қатар жатқан жігітті көрдім. Содан кейін кабинкадан ақырындап шығып, бір автокөлікпен ауруханаға жеттім.» — деп сөзін аяқтады.
Тергеуші А.Б.ға фотосуретті көрсетіп, — кімдерді таныдыңыз?- дегенде, ол «Р.Р.-ды таныдым, ол кабинкаға кіріп-шығып жүрген.» — деді.    
«29-қазан күні түстен кейін қайда болдыңыз?» деген тергеушінің сұрағына Н.Сұрабалды: «29-қазан күні сағат 16:00 шамасында маған танысым Руслан Рахметов «Билайн» номерімен қонырау шалып, «Сәлем» кафесіне апарып тастауды өтінді. Мен Русланды сол кафеге өзімнің м.б. 310 LMB 13 «Лада приора» автокөлігіммен апардым, Р.Р. кафенің ішіне кіріп кеткенде, мен автокөліктің жанында қалдым. Сол кезде Р.Р.-дың қолынан ешқандай қаруды байқамадым. Кафенің ішінде мен Р.Р.-дың танысы М.М.-ны көрдім, ал О.Ы. мен Б.И.-ды көрмедім. Бұл жігіттер Р.Р-дың жолдастары, оларды бірнеше рет Р.Р-дың қасында жүргенін көргенмін. Кафенің ішінде атыс басталып, адамдар шулап кеткенде, мен қорыққаныман автокөлікті кафенің алдында қалдырып, өзім қашып кеттім.» — деп жауап берді. 
«Дина Нургожановамен қандай байланысыңыз бар және кафедегі атыстың қалай басталғаны туралы айтып беріңіз» деген тергеушінің сұрағына байланысты, куә М.Маратов біраз нәрсені ашып айтты:  «Менің інім Асыл Маратов, Динаның күйеу баласы. Динаның бизнесінде проблемалар басталып, салымшылар адамдарды ертіп келіп, одан ақша талап етіп, қорқытып жүрген. Соған байланысты, мен  Динаға көмек беріп, оның қасында жүруге келістім. Сөйтіп, мен Динаны М.М.-мен таныстырдым, М. Динаны қорғап жүргенідігі үшін, ақшалай сыйақы алатын болып өздері келіскен.  
29-қазан күні мен, Дина тауып берген «Toyota Camry 70» автокөлігімен, інім Асыл мен оның досы А.Котшибаев және менің досым Жәнібекпен бірге салымшылармен кездесу үшін «Сәлем» кафесіне бардық. Сол жерге екінші автокөлікпен М.М. екі інісімен және үшінші автокөлікпен Дина күйеуімен бірге келді. Бізден бөлек, сол кафеге салымшылар да келіпті. Олар кабинкаға кіріп, Дина салымшыларды бір біреуден қабылдап, есептесіп, ақшаны бір-екі аптадан кейін қайтаратын болып келіскен. Олар кетейін деп жатқанда, М.-ға, бір күн алдын Динадан ақша талап еткен жігіттер қоңырау шалып, салымшылармен бірге келетіндерін айтқан.
Сағат 17.00 шамасында кафеге күдікті жігіттер жинала бастады, солармен бірге, бір күн бұрын кездескен кісілер және екі салымшы да келіпті. Келген жігіттер қолдарын қалталарында қаруы бар сияқты ұстап тұрғандықтан, оларда қару бар деп ойладым. Содан кабинканың ішіне Динамен сөйлесу үшін екі салымшы мен бір-екі жігіт кіріп кетті, мен сыртта тұрғам. Бір кезде Дина ашуланып кабинканың ішінен шығып, «Ақшаны ешкімге қайтармаймын, ақша салғанын дәлелдейтін құжаттарын алып келсін!» — деп айқайлағанын есіттім.  Осы кезде, М.М. маған келіп, автокөліктің кілтін сұрап, қасында жүрген інісіне бергенін көрдім. Салымшылардың атынан келген Қажым Динаға «Ақшаны пайызбен қайтарасың!» — деп, талап қойды. Содан кейін,
Қажымның жағынан келген М.Дж., А.Б., Б.Ж. және Динаның жағында жүрген М.М. және мен кабинканың ішіне сөйлесу үшін кірдік.
Сол жерде Қажым М.М.-ға дөрекі сөйлеп, «Дина, ақшаларын қайтарсын! Сен Динаға гарант боласың ба?» — деп сұрай бастады.
Осы сәтте менің ұялы телефоныма қоңырау келіп, кабинкадан шығып, Дина тұрған жерге барып,  Динамен сөйлесіп тұрғанымда, қасымнан М.М.-ның інілері О.Ы. мен Б.И. қолдарына автомат сияқты қаруларды ұстап, оқтап, кабинкаға қарай жүгіріп кеткен. 
Мен атыстың неден басталғанын, кім-кімді атқанын білмеймін. Тергеу барысында мен айдап жүрген автокөліктің ішінде, атыс қарудың қапшығы мен оқ-дәрілер табылғаны туралы білемін. Бірақ бұл қару маған тиесілі емес. Негізі автокөліктің кілтін М.М.-ның інілері алып, олар бір жерге барып келгенін немесе келмегенін білмеймін. Бірақ олар автокөлікті жолға қаратып қойғанын байқағам. Автокөлікте табылған қомақты сомадағы ақшаларды маған Дина сақтау үшін берген. Бұл салымшылардың ақшалары, оларды Дина банкіге салуы керек болатын. Мен Р.Р.-ды оқиға орын алған жерден көрмедім.» деді М.Маратов.

Тергеп-тексеру барысында 2019 жылғы 14 қарашада жәбірленушілер А.Барпиев пен Б.Жетпісбаевтың арасындағы ЖТӘ-1 нәтижесінде жазылған бейнежазбадан және оның стенограммасынан анықталғандай, оқиға барысында күдікті М.М. «Макаров» модельді тапанша шығарып, өз сыбайластарына басымен изеп, атуға белгі берген. Атыс басталған кезде, Қажым М.М.-ға жабысып, алысып кеткен. Атылған алғашқы оқ А.Б.-ға тиген. Осыған қарағанда, М.М. заңсыз атыс қаруын алып жүргені, сыбайластарына атуға тапсырма бергені және атыс басталған кезде Қажымның М.М.-мен алысып кеткені анықталып отыр.
Куә М.Маратовтың тергеп-тексеру барысында берген жауаптарынан, ол «Toyota Camry-70» маркалы автокөліктің кілтін М.М.-ға берген кезде, Мухтар сол кілтті өзінің інісі О.Ырсалыға беріп, өзара әңгімелескенін айтқан.
Полковник А.Қайсеновтың болжамы бойынша, М.М. сол кезде О.Ы.-ға атыс қаруды дайындауды тапсырған. Өйткені осыдан кейін О.Ы. мен Б.И. атыс қаруын алып, кафенің ішіне кірген. Тергеу барысында осы айтылғандар мен тағы басқа да белгілі болған мәліметтерді ескере келе, А.Қайсенов М.М. қылмысты ұйымдастырып, өз сыбайластарымен алдына ала сөз байласқан «күдікті» деген тұжырым жасады.                        Абылай Әзімханұлы, кафедегі атыстың барысында ауыр жарақаттанып ауруханада жатқан М.М.-ға барып,  адвокаттың қатысуымен одан жауап алып, хаттама толтырды. Содан кейін кафедегі атыс кезінде қылмыстық құқықбұзушылық жасауды ұйымдастырып, оқиға болған жерден ізін суытқан, қылмыстық оқиғаға қатысы бар М.М.-ны күдікті ретінде тіркеп, оған екі айға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы қалалық Тергеу сотына берген Өтінішхатына сәйкес, сот қаулысымен М.М. қамауға алынды. 
  Тергеп-тексеру барысында жәбірленушілер мен куәлар тарапынан  айтылған жауаптар мен сараптамаларға, т.с.с. деректерге қарағанда М.М., Р.Р. және «басқа тұлғалардың» арасында алдын-ала сөз байласуы болған, олар оқиға орнына атыс қаруды алып келіп, Қажым келген жағдайда оны Р.Р. өлтіруге келіскен. Р.Р. және «басқа тұлғалар»  М.М. белгі берген кезде ата бастағандары дәлелін тауып отыр.  Бұл ЖТӘ-1 нәтижесі сотталушы Р.Рахметовтың сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында берген жауаптарына сәйкес келеді, яғни өзінде жарақаттаушы тапанша болғандығы және сол тапаншадан өз адамдарын танымай қалып, соған қарай атқанын дәлелдейді.
Оған дәлел, оқиға орнында екі жарақаттаушы тапанша табылған, біреуі «МР-79-9» модельді, ал екіншісі «МР-371» модельді тапанша, бірақ бұл тапанша ойық ұңғылы оқ-дәрімен атылатын қылып, қайта жасалған. Сараптама анықтағандай, «МР-371» тапаншадан екі рет оқ атылған, ал «МР-79-9» тапаншасынан оқ атылмаған, Сонымен қатар, «МР-371» модельді тапанша Р.Р. арыққа түскен жерде табылған, демек Р.Р.-да «МР-371» модельді тапанша болған.
  Тергеуші Абылай Әзімханұлына куә ретінде жауап берген С.Аширбаев: «Біз әйеліміз екеуіміз Динаның «Биржасына» ақша салып, ала алмай жүргендіктен, Б.Ж.-баев мен Қажымға жолығып, ақшамызды алып беруді өтініп, оларға көмектескендері үшін алған ақшаның 50 пайызын беретінімді айтқанда, олар келіскен. 29-қазан күні түс қайта маған Б.Ж. хабарласып, «Сәлем» кафесіне шақырды. Кафеге барып Динаға жолыққанымда, ол ақшаны 10 қарашада пайызсыз қайтаратынын айтты. Сол кезде Қажым Динадан ақшаны пайызбен қайтаруды талап еткенде, Дина ашуланып кабинкадан шығып, «ақша жоқ!» — деп айқайлай бастады. Қажым Динаға «Ақша алуды білесің, қайтаруды да білсей!» — деп, Динамен келісе алмайтынын түсініп, оның ертіп келген жігіттерімен сөйлесу үшін кабинкаға кіріп кетті. Мен әйелімен бірге, кафенің сыртына шыққанымда, бір жас бала «Toyota Camry 70» автокөлігінен автомат алып, кабинкаға қарай жүгіріп барып, ата бастағанын көрдім.» — деп айтты. 
А.Қайсеновтың В.С.-ға  «Сайга-410» модельді карабин сіздің қаруыңыз ба?» деген сұрағына ол: «Оқиға орнында табылған «Сайга-410» модельді карабин менің меншігіндегі қаруым болған. Мен 2019 жылы қыркүйек айында жол апатына түскем, сол айдың соңында аталған қаруымның рұқсат қағазын создыру үшін, оны полиция басқармасына алып барғам. Содан үйіме қайтып келген соң қаруды автокөлігімнен шығарып, қорғанға қойып, ұмытып кеткем. Ал, 8 701 722 28 28 номерлі телефон менің балдызы А.Ордабековаға тиесілі. Мен бұл номермен 2015 жылы бір ай ғана пайдаландым. М.М.-ны, Б.И.-ды, О.Ы.-ны танымаймын, олармен ұялы телефон арқылы хабарласпағам. «Сайга-410» карабинімнің ақауы болғаны рас, ол бір рет атылса, екінші рет атылмай қалатыны бар.» — деп жауап берген.
 
Полковник Абылай Әзімханұлы, кафедегі атыста адам өліміне қатысты бірнеше айдан бері жүргізіліп жатқан қылмыстық іс бойынша жинақталған құжаттардың алпыс бумадан асқанын байқап, оларды тағы  бір асықпай қайталап оқып, әрқайсысын ой таразысынан сараптап өткізіп, логикалық жағынан талдауға кірісті. 
Ең алдымен қандай қарулардан оқ атылғанын көріп шықты. Мысалы,
сараптамаға ұсынылған 9 дана гильзалар (№8 пакеттен алынған) 12-калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтықтарына арналып, зауыттық тәсілмен жасалынған патрондардың құрамдас бөліктері-гильзалары болып табылады және бұл гильзалар «Вепрь-12 Молот» модельді карабиннен атылған.  Сараптамаға ұсынылған №9-пакеттен алынған 1 дана гильза мен №12 пакеттен алынған 1 дана гильза калибрі 410 тегіс ұңғылы карабиндерге арналып зауыттық тәсілмен жасалған оқ-дәрілер құрамы – калибрі 410 гильзалар болып табылады және олар «Сайга-410К» модельді, жартылай автоматты карабиннен атылған.  Сондай-ақ, мұңдағы №11 және №18 пакеттерден алынған 3 дана гильза «ПМ» модельді, сериялық номері «ША-1002» тапаншадан, №16 пакеттен алынған 1 дана гильза ұңғы калибрі 9х18 мм. қолдан даярланып, қайта жасалынған «МР-371» модельді, дыбыстық белгі беретін тапаншадан атылған. Ал №14 пакеттен алынған 1 дана, №21 пакеттен алынған 1 дана оқтар ұңғы калибрі 9х18 мм. қолдан даярланып, қайта жасалынған «МР-371» модельді, дыбыстық белгі беретін тапаншадан және №22 пакеттен алынған 1 дана оқ сериялық номері «ША 1002»  «ПМ» моделді тапаншадан атылған.  Тағы бір сараптамаға ұсынылған №17 пакеттен алынған 3 дана гильза калибрлері 5,6 мм сәйкес келетін атыс қаруларға арналып зауыттық тәсілмен жасалған калибрі 5,6 мм дыбыстық белгі беретін оқсыз патрондардың құрамдас бөлігі гильзалары болып табылады және олар сараптамаға ұсынылған «STALKER-М 906» модельді,  дыбыс шығаратын тапаншадан атылған.  
Сонымен қатар, 2020 жылғы 28 қаңтардағы және 30 қаңтардағы сот-наркологиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, күдікті М.М. және Р.Р. нарко-маниямен, алкоголизммен ауырмайды.  Ал 2020 жылғы  21 қаңтардағы және 4 ақпандағы сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес Р.Р. мен М.М. созылмалы психикалық аурумен, кем ақылдылықпен немесе психикасының өзге де дерттерімен ауырмайды және ауырған емес, сот және тергеу органдарына жауап бере алады. 
М.М. мен Р.Р. екеуі де бұрын сотты болған, бірақ олардың соттылығы мерзімінің өтуіне байланысты жойылған. Өкінішке қарай, олар кертартпа «қылмыстық дәстүрді ұстанып», оқиғаның қалай болғанын және оларды кімдердің атқанын айтпай, жасырып отыр.
Жәбірленуші А.Б. мен Б.Ж. бұрын ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотты болған, олар да атыстың қалай басталғанын, өздерін кімдердің атқанын айтып, көрсетпеді.
Осыған байланысты, полковник А.Қайсенов күдіктілер мен кейбір жәбірленушілердің тергеп-тексеру барысында берген кей жауаптарына сын көзбен қарап, логикаға салып байқады. Олардың берген кейбір жауаптары тергеушіні жаңылыстыру үшін айтылған сияқты? Мысалы күдікті М.М. мен Р.Р. және куә М.Маратов пен жәбірленуші А.Б. тергеп-тексеру барысында берген жауаптарында, «басқа тұлғалар» қолдарына қару ұстап, кабинкаға жақындаған кезде, М.М. кабинкадан шығып, оларға «Кетіңдер!» — деп, ұрсып бергенін айтқан. Бірақ, тергеуші А.Қайсенов бұл жауаптар шындыққа жатпайды деп есептейді. Себебі бұл жауаптар өзге куәлердің айтқан жауаптарымен үйлеспейді. А.Қайсеновтың пікірі бойынша, егер бұл жағдай орын алса, оны тергеп-тексеру барысында басқа сұралғандар мұны міндетті түрде айтатын еді.
А.Қайсеновтың болжамы бойынша күдіктілердің сыбайластары, атыс қаруын жақын жерден  пайдаланғандығы, адамды қасақана қазаға ұшыратуға және адамдардың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру пиғылы болғанын көрсетеді. Жасаған қылмыстық әрекеттері жәбірленушілердің өмірі мен денсаулығына қауіпті екендігін ұғынып және бұл әрекеттері жәбірленушілердің денсаулықтарына ауыр зиян келтіріп, олардың өліп кетуі мүмкін екенін біліп, жақын жерден атыс қаруымен атқан.
Сондай-ақ, М.М. алдын ала «басқа тұлғаларға» тапсырма бермесе, олар М.М.-ның меншігіндегі «Вепрь» модельді атыс  қаруды өз бетінше алмайтын еді және М.М.  оларға нұсқау бермесе, олар адамдарға қарай оқ атпайтын еді. Одан бөлек, тергеп-тексеру барысында анықталғандай, О.Ы. өзінің «LEXUS RX-350» автокөлігімен М.М.-ны, оның шаруалармен үнемі алып жүретіні, яғни ол күдікті М.М.-ны құрметтеп, оның қасынан шықпай, тапсырмаларын бұлжытпай орындайтынын дәлелдейді.
Күдікті Р.Р.-дың «Сәлем» кафесіне кездейсоқ барғаны және М.М.-ны, О.Ы.-ны, Б.И.-ды танымаймын деп айтқан жауаптары шындыққа жанаспайды. Р.Р.-дың бұл азаматтармен бұрыннан бері таныс екендігі ЖТӘ-1 нәтижесімен, куә Н.С.-ның жауаптарымен және Б.И.-дың ұялы телефонына жасалған детализациясымен толық дәлелденді.
      Күдікті М.М.-ның туысқандары жәбірленуші Ж.Б.-дан кешірім алу мақсатында, оған 2021 жылы 6 ақпанда 10.000.000 (он млн.) теңге төлеген.  Бірақ Ж.Б. кешірім бермей, тек М.М.-дан материалдық залал мен моральдық зиянды өндіруден ғана бас тартқан.
Тергеуші Абылай Әзімханұлының пікірінше, бұл жәйт М.М.-ның осы қылмыстық іс бойынша кінәсін дәлелдейді. Егер ол кінәсіз болса, жәбірленушіге осындай қомақты ақша бермес еді.       
Осы дәлелдемелерге  полковник жан-жақты баға беріп, күдікті М.М.-ның өз  сыбайластарымен топ құрып және алдын ала сөз байласып, ұйымдастыру-ымен атыс қарулары мен оқ-дәрілерді заңсыз иемденіп, сақтап, тасымалдап алып жүрген. Оның басшылық етуімен, сыбайластарына тапсырма беріп, адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен, яғни оқ атып адам өлтіру, адамдардың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында, «басқа тұлғаларға» қолдарындағы атыс қарулармен кабинкада болған адамдарға қарай бірнеше рет оқ атқызған кінәсі толық дәлелденді.       

Күдікті Р.Р.-дың ұялы телефоны арқылы басқа абоненттермен байланысқа түскені туралы мәліметтерге (детализация) сәйкес, Р.Р. мен іздеуде жүрген Б.И-дың 2019 жылы қыркүйек айының басында және ортасында барлығы 18 рет қоңырау шалғаны анықталды. Бұл деректер Р.Р.-дың және М.М.-ның, іздеуде жүрген О.Ы.мен Б.И.-ды танымаймын деген уәждерін жоққа шығарды. Сондай-ақ, 2020 жылғы 23 сәуірде тергеушінің қайталама жауап алу хаттамасына сәйкес, Р.Р. адвокатының қатысуы кезінде өзінің кінәсін ішінара мойындап, жарақаттаушы тапаншаны ол сол кафенің ішінде тауып, атыс барысында аяғанын жарақат алғандықтан, осы тапаншадан атқанын айтқан. 
 Күдікті Р.Р.-дың өз сыбайластарымен алдын ала сөз байласып, атыс қарулар мен оқ-дәрілерді заңсыз иемденіп, алып жүрген және басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған адам өлтіру, адамдардың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында, оның сыбайластары қолдарындағы атыс қаруларымен бірнеше рет кабинкадағы адамдарға қарай оқ атқан кінәсі дәлелденіп отыр.  
 М.М. және басқа түлғалар адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, атыс қарулары мен оқ-дәрілерді заңсыз иемденіп, сақтап, және алып жүріп, басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған адам өлтіру және денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында, басқалардың қолдарындағы атыс қарулармен бірнеше рет кабинкадағы адамдарға қарай оқ атқан. Соның нәтижесінде Қ.Б. оқтың жарақатынан оқиға орнында қаза болған. Ал жәбірленуші А.Б. мен М.Д. ауыр дене жарақатын алса, тағы бір жәбірленуші Б.Ж. орташа дәрежелі дене жарақатын алған.

 
Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Үкімімен М.М.-ға 18 (он сегіз) жыл мерзімге, ал Р.Р.-ға 16 (он алты) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.   Азаматтық талапкер Ж.Б.-ның талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталған Р.Р.-дан талапкердің пайдасына материалдық залал ретінде 250.000 теңге, ал моральдық зиян ретінде 5.000.000 теңге өндірілді. Сонымен қатар, сотталған М.М. мен Р.Р.-дан ортақ түрде осы іс бойынша іс жүргізу шығындары 869.802 теңге мемлекеттің пайдасына өндірілді және М.М. мен Р.Р.-дан жәбірленушілерге зиянды өтеу қорына әрқайсысынан 75.750  теңге мәжбүрлі төлемі өндірілді
Осылай, кафеде болған атысқа қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды.
Айтпақшы, іздеуде жүрген О.Ы. мен Б.И. басқа қалада жүрген жерінен ұсталып, Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Үкімімен сотталып, екеуі де ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылды.

 Қабыл ДҮЙСЕНБИ, журналист-жазушы

ҚАРМАҚШЫ

Ұлдана шипажайдан көтеріңкі көңілмен оралды. Келген күні-ақ Саямен хабарласып,...

САТҚЫН

Жомарт – кішкентайынан маңдай термен еңбек етіп, әр саланы...

АР ЖАЗАСЫ – АҚИҚАТ АЙНАСЫ

Ақиқатты іздеген тергеуші – тек маман емес, азамат болуы...

Қайта оралған қылмыс

Біз ол кезде Көкшетау қаласындағы қарапайым ғана қос пәтерлі...

Құны

(әңгіме) Адам азды ма, заман азды ма білмедім?-деп есіктен кіріп...