Астанадағы Назарбаев әуежайы төрт жылдан бері орынды жалға алып, үздіксіз жұмыс істеп келген «Сервис-АСТ» ЖШС-ға неге қысастық жасады? Осы сұрақтың жауабын іздеп, құқығын қорғауға тырысқан компания сотқа шағым түсіріп, барлық инстанциядан жеңген болатын.
Тіпті, Жоғарғы соттың үкімі де әуежай әкімшілігінің әрекетін заңсыз деп танып, жалдау шарты бойынша құқықты «Сервис-АСТ» ЖШС-не қайтаруды ұйғарған. Бірақ неге екені белгісіз, 2024 жылдың қараша айында шыққан үкім әлі орындалмай отыр. Мұны Астана әуежайы да, «Сервис-АСТ»-ге тиесілі орынды жалға алған «Байлық финанс» ЖШС де елер емес. Есесіне, ақша айырбастау пункті жұмысының жандануы үшін жарнамаға қаншама қаражат құйып, өзінің тұрақты клиентін қалыптастырған «Сервис-АСТ» біраз шығынға батқан. Соған байланысты компания сотқа қайтадан арыз түсіріп, 2024 жылдың 2 сәуірі мен 2025 жылдың 2 маусымы аралығында уыстан шығарылған пайданы өндіріп алу үшін Астана әуежайынан 129 млн 833 мың, ал «Байлық финанс» ЖШС-нен 63 млн 989 мың теңге өндіріп алуды талап етті. Ең бастысы, сот үкімі «Сервис-АСТ» ЖШС пайдасына шешілсе де, әуежай әкімшілігі ақша айырбастау пунктінің орнын әлі күнге жалға беріп, төлемақысын алуды жалғастырып отырған көрінеді.

Алайда, 10 қыркүйек, 16 және 23 қыркүйек күндері өткен сот процесінде тараптар әртүрлі желеу айтып шықты. Мәселен, Астана әуежайының өкілі Аманжол Мұхамедьяров «Сервис-АСТ» ЖШС-на басқа орын ұсынғанын, бірақ компания дәл сол кассаны қайтаруды талап еткенін тілге тиек етті. Ал бұған «Сервис-АСТ» ЖШС қорғаушысы Алма Мусинаның да пікірі ұтымды шықты. «Себебі, әуежай қаншама жылдан бері орныққан және қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған орынды заңсыз түрде басқа компанияға берді. Демек, біздің құқымыз тапталды».
16 қыркүйек күнгі отырыста әуежай әкімшілігі мен «Байлық финанс» ЖШС келісіп алғандай, сараптамалық есептер мен корпоративтік табыс салығы жөнінде құжаттар талап етті. Бұл құжаттың бәрі тиесілі тарапқа жөнелтілсе де, 23 қыркүйекте тағы да «жіберілген құжаттар түгел емес» деген уәж айтты.
Мәселен, кешегі отырыста «Байлық финанс» ЖШС талап-арыздағы сомамен келіспейтінін алға тартып, «Сервис-АСТ» ЖШС-нан тағы да тоқсандық және алғашқы бухгалтерлік есептеріне сараптама жасауды сұрады. Бірақ судья Айжан Әбенова бұл талапты қанағаттандырусыз қалдырды. «Себебі, қолда бар құжаттың бәрі жеткілікті. Зерттеу жүргізіп, сараптама жасаудың қажеттілігі жоқ. Оған бола уақытты соза бермейік», – деді судья.
Ал Назарбаев әуежайының өкілі Аманжол Мұхамедьяров: «Біз ешқандай да ымыраға келген жоқпыз. Әзірге кеңесіп жатырмыз. Мәмілелік келісім туралы әңгіме жоқ» деп қысқа қайырды.
«Сервис-АСТ» ЖШС қорғаушысы Алма Мусина сот отырысы жайында: «Судья екі жақтың да позициясын тыңдады. Яғни, жауап берушілер Астана әуежайы мен «Байлық финанс» ЖШС талап-арызбен келіспейтінін тағы да тілге тиек етті. «Байлық финанс» ЖШС директоры Айнұр Сағадиева келісім-шарттар мен бухгалтерлік есепті беруді, сондай-ақ тағы да қосымша сараптама жасау туралы өтінішті сұрап еді, бірақ сот қанағаттандырусыз қалдырды. Себебі, сот шешім қабылдау үшін екі жақтың берген дәлелдемелері жеткілікті деп есептейтінін айтты. Одан соң екі тарап та «Сервис-АСТ» ЖШС-не келген шығынға сараптама жасаушылардан жауап алу туралы өтініш берді», – деді А.Мусина.
Сонымен, келесі сот отырысына «Сервис-АСТ» ЖШС-ның уысынан шығарылған шығын көлеміне сараптама жасап, қорытындысын ұсынған эксперттер қатысатын болды.