12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қайта оралған қылмыс

Біз ол кезде Көкшетау қаласындағы қарапайым ғана қос пәтерлі барақта тұрамыз. Үйдің алдынан небары бес яки алты жүз метр шамасында айдыны шалқар Қопа көлі мен мұндалап тұр. Таяқтастам жерде ғана болғанымен оған жетудің өзі бір күш. Жолы үнемі лайсаң болып жатады. Батпаққа батқан аяғыңды кейін қарай алып шығудың өзі мұң. Жол деген құр аты ғана. Бұрын бір кездері теп-тегіс қара жол болып сайрап жататын жердің бәрін түгелдей арамшөп басқан. Адамның бойымен тепе-тең келетін сорайған қурай, тікенекті ошаған шөптер мен жусанның арасынан онсыз да тозығы жеткен киімің жыртылып, онымен қоса теріңді тілім-тілім етіп қанатып кетеді.  Қалың шөптің арасында жұрт ордалы жылан бар деп те айтатын. Бірақ бала кезден бұл жерде қанша жүрсек те бірде-бір жылан көрген емеспін. Бәлкім «Қорыққанға қос көрінетін де шығар»…  Осыны ойлап көлге қарай алқына басып жүре береміз. Дегенмен, көлдің иірімді толқындары мен айнадай жарқырап су бетіне шағылысқан күннің жалт-жұлт еткен сәулесін, кешкі ымырт шақта көлдің айналасын қып-қызыл етіп арайлана бататын күннің шұғылалы нұрын тамашалау үшін қиын болса да барамыз.

Балалық шақта бейқам өткен қызықты күндердің қайта оралмас сәттері Көкшетауға қарай тақтайдай тегіс жолмен заулап келе жатқан ескі ПАЗ автобусында отырып көлге қарай жақындаған кезде көз алдымнан кинолентадай сырғып өте бастады. Ұзақ жол болған соң ба жұрттың көбі шырт ұйқыда жатқан. Анадайдан тербей соққан самал желмен буырқана толқып жатқан Қопа көлі «Сен келдің бе?» дегендей мен мұндалап тұр. Алқынған көңіл дәл сол бала кездегідей көңілді көтеріп, жүрек дүрсілдей соғып кетті. Жүгіре басып көл жағасындағы топыраққа аунағысы, құмын шашып ойнағысы келеді. Бірақ өрекпіген көңіл сол сәтте-ақ тұншығып, мұның бәрі бос бала қиял екенін түсінеді.

Күре жолмен гүрілдей жүйткіген ескі автобус қалаға еніп барып ентіге тоқтады. Күрт тежелген кезде ұйқылы ояу жатқан жұрт алға қарай біріне-бірі, соқтығысып барып есін жиды. Онсыз да тар автобустың іші азан-қазан у-шу болды да кетті. Автобустан шығып таныс ауаны құшырлана жұттым. Қасымда бала кезден бірге өскен Андрей бар. Оның артынан іле-шала бізден онша алыс емес тұратын мұрны біздей ілмиген қара шал түсті. Шамамен кешкі бестер шамасы. Алайда, қапырық ыстықтың әлі беті қата қоймаған. Көлдің беті шиырланған сәл толқынданып тұрғанымен жел жоқ. Айдынды Қопа көл қапырық ыстықтан қанша қорғағысы келгенімен ешқандай салқын леп білінбейді. Құмды борпылдақ топырақ басқан сайын шаңы аспанға көтеріледі. Бір сәт бала кезді оймен сапарлап кеткен менің үнсіз ойымды саңқ еткен шалдың даусы оқыс бұзды.

  • Мынадай қара қарғаның миы қайнаған қапырықта ауырып қалуың әбден мүмкін. Ыстықта сырқаттанып қалуың оп-оңай. Көлеңкеге барып отыра қалдың ба? Бітті суық ұстай алады. Содан соң біттім дей бер… Мұны естен шығармаңдар! Әрқашан жалаңаштанбай тым құрығанда майка киіп жүрген жөн.
  • Дәл мына Сізге майканың түкке қажеті жоқ. Сізге екі дүние бір қадам емес пе еді, — деп тырқ-тырқ күлді қасымдағы Андрей.

Бірақ шалдың айтуы іс жүзінде бәрі дұрыс еді. Оның бізге қарағанда өмірге құлшынысы да өте жоғары. Осыдан бірнеше жыл бұрын шалдың немересі ме, әлде жиені ме екен сонау Америкаға барып белгілі режиссер болған еді. Тіпті, бірнеше жақсы фильмдер де түсіріп, атағы жер жарған. Оның ақшасы анадайда еңкіштеніп, тозығы жеткен біздің ескі барақтарды түгелдей жөндеп шығуға да жетер еді.

Шал немересінің үйге келуін қатты күтеді. Үйінің ішін түгелдей немересінің фотосуреттерін іліп толтырып қойған. Болаттың автокөлік жанындағы суреті, фильм түсірілімі кезіндегі тұрысы, әйелімен тұрған бейнесі, Калифорниядағы, Нью Йорк сияқты тағы да басқа АҚШ-тың ірі қалаларда түскен суреттері бөлме бойына жағалай ілініп қойылған. Шал оған ұзынсонар етіп хат та жазады. Үнемі маңындағы біздерді, көршілерін жамандап, полиция мен биліктің ақымақтығын ешқандай көмектің берілмейтінін ашына жазады. Бірақ Болаттан хат сирек келеді. Шал қанша мақтағанымен немересінен ақша да түспейді. Бірақ қария газеттің қиындыларынан немересінің суреттерін қиып алып, қабырғасына жапсыруын қоймайды.

Шалдың бұл қылығын түгел білетін қырсық Андрей оның қытығына тиіп, әдейі тиісе сөйлейді.

  • Қалай, немереңізден жауап келді ме? Хат жаза ма?, — деген Барақбай төтесінен бір-ақ кетті.

Бізден қалмауға тырысып ахылап-үхілеп келе жатқан тарамыс қария бұл сөздерден кейін қарасұр жүзі күреңітіп, күмілжіп қалды. 

  • Мұның бәрі құрғыр поштаның кесірі ғой. Ұшақтар жылдам ұшқанымен хат-хабар тез жете бермейді. Мәселен Францияның бір қаласында бір көшеден екіншісіне он төрт жылда бір-ақ жеткен екен. Мұны мен газеттен оқыдым. Бұрын мұндай болмайтын, — деп барып әрең тоқтады.
  • Иә, дұрыс айтасыз. Бірақ хат жазылмаса ол расында да өте ұзаааақ жол жүреді, — деді Андрей де қайтпай.
  • Сендер солай ойлайсыңдар ма?
  • Жоқ! Ештеңе де ойламаймын. Жазсаңыз жаза беріңіз. Бізден де оған жалынды сәлем жолдаңыз, — деді Барақбай.

Бір сәтте үйілген қоқыстар мен қалың бұталардың арасынан арс-арс еткен қара-ала төбет атып шықты. Ырылдаған иттің азу тістері сақылдап маған қарай атылып келеді. Жете берген тұста бүйір тұсынан дәлдеп тұрып тептім. Бірақ ала төбет шыбын шаққандай құрлы көрген жоқ. Біздің артымыздан одан сайын өршелене ұмтылып, арсылдап үріп келеді. Алқына басып алды-артымызға қарамай жүгіріп келе жатқан бізді өкшелей жетіп, әне-міне дегенше арандай аузы мен ақсиған тістері менің аяғыма тиюге шақ қалды. Аузынан ақ көбігі шұбырған ала төбет шаңдатып келеді. Қасымдағы Андрей қашып келе жатып жерде жатқан жұдырықтай тасты іле кеткен екен. Ала төбеттен сәл алға қарай шыға бере бұрыла беріп көздеп тұрып қақ маңдайдан дәл тигізді. Тастың қатты тигені соншалық ала төбет қыңсылай құлап барып, артына қарай бұрыла салып тұра қашты.

  • Мынау кімнің иті екен. Балаларды қауып алуы әбден мүмкін ғой, — деді Андрей.
  • Қорықпа. Бәрі менің кесірімнен. Бүкіл ит мен қатты жек көреді. Өмірімде бір де бірін ешқашан ренжіткен жоқ едім. Бірақ бәрібір мені көрсе кез-келген ит осылай тұра ұмтылады. Бірде тайыншадай бульдог ит алдымнан атып шыққан. Екі шақырым бойы жанымды шүберекке түйіп, бар күшіммен жүгіре қашып зорға құтылғанмын, — дедім мен.
  • Қойшы-ей! Дәл мұның енді жалған, — деді Андрей.
  • Оллаһи шыным. Дәл осылай болды. Мен осы төрт аяқты тажал иттерден талай қашып, тіпті таланғаным туралы жарты күн бойы айтып бере аламын.

Дәл осы кезде жол ортасынан жақында тойға арналып сойылған семіз жылқының майлы жілігін өткір тісімен қарш-қарш шайнап алаңсыз жатқан сабалақ жүнді қара ит бізді көре сала, сүйегін тастай салып, маған қарай тұра ұмтылды. Жалп-жалп еткен ұзын құлағы мен  мен ақсиған тістерін ыржита көрсетіп арсылдап келеді.  Шабалана үрген иттің даусы қатты шыққаны соншалық, маңайдағы бар ит абалап үріп әп-сәтте азан-қазан болды да кетті. Мұндай жағдайға әбден әдістеніп алған мен жете берген сәтінде оң аяқпен бүйірден тептім. Ауыр соққыдан тіпті өз аяғым да ауырып кетті. Арсылдап үріп келе жатқан ит шәңкілдей қыңсылап тұра қашты. Қасында үріп келе жатқан екі ит те еш қайран қыла алмастарын түсініп кетіп қалды.

  • Мәә, расында да сұмдық екен! Ит – адамның досы, жақсы адамды ит те сезеді деп жатады. Сонда мұнысы қалай болды, — деді Андрей.

Маған бұрылып қараған оның көзінен осыған дейінгі әңгіменің жалғасын күтіп тұрған қызығушылығын бірден сездім.

  • Ылғи да осылай сені көрсе иттер қарсы ұмтыла ма, — деді ол таңырқаған жүзбен.
  • Иә, дәл солай. Өмірімде бірде-бір ит маған тұра ұмтылмаған кезі болған емес дедім мен.

Үй жаққа да аман-есен жетіп, Андрей оның әйелі Мария және оның екі жастағы кішкентай қызы Лена үстел үстіне жайғасып, кешкі ас іше бастадық. Дәл сол күні Мария үйде соңғы қалған кішкентай ғана ғана етінен қуырдақ дайындапты. Азғантай ғана тамақ алыс жолдан арып-ашып келген бізге жетіңкіремей қалды. Қуырылған ет пен картоп әбден күйе басып қарайып кеткен табаның түбінде азғантай ғана тұр. Тіпті үйдегі сары-ала мысыққа да жетпейді.

  • Үйде ет те таусылып қалды. Сіздерден ұят болды. Алыс жолдан келгенде жақсылап күте де алмадым деген Мария байғұс абдырап қалды.
  • Ештеңе етпейді. Бізге туған елге жетіп туған жердің ауасымен тыныстаудың өзі тойғызып тұр емес пе, Андрей? Солай ғой?, — дедім мен даусымды көтеріп.
  • Кешір достым. Жағдай осылай болып қалды. Көзімен әйелін ата қараған жүзінен онсыз да жіңішке көзі сығырайып кетті. Ол кінәлі емес. Ол мұндайды түсінбейді деді, — сұрланып.
  • Енді не істеймін?  Азғантай ғана етті қалай бөліп жеткіз дейсің, — деді Мария да тайсалмай.
  • Қажеті де жоқ енді. Мұның түкке де жарамайды, — деді Андрей.

Сөйтті де ортада тұрған табаны жұлып алып, түбінде қалған етті барақ үйдің есігін жұлқи ашып қап-қараңғы далаға лақтырды да жіберді. Дәл сол секундта есік алдын торуылдап жүрген иттер қалған етке тұра ұмтылып, ырылдаса жей бастаған дыбысы анық естілді. Самаладай жарқыраған электр шамының түбінде үстел үстінде отырған мен иттердің қалған етті ту-талақай етіп тартып жатқандай сезілді. Бұл әрине менің қиялым еді. Ал іс жүзінде олар кішкентай етті бірден қылғыта жұтып та жіберген.

  • Міне, керек болса, — деді Андрей табаны қайта плитаға қойып жатып.
  • Бірде бір адамнан сені патша етіп сайласа не істер едің?, — деп сұрапты. «Он алтын теңгені ұрлап аламын да қашып кетемін», — деген екен ол. Мария, еш көңіліңді түсірме… Қандай жағдай болмасын бір амалын табуға болады.
  • Ал баланы қайтпекпіз?, — деді Мария жұлып алғандай.
  • Мен оның жасында-ақ көрмегенді көргенмін. Өте ауыр күндерді бастан кешірдік, — деді Андрей.

Құр шайды сіміре жұтып алып, сыртқа шықтық. Мария үйде қалған. Көл жағалауындағы күндізгі ыстықтан әлі де суымаған жып-жылы құм үстіне жайғасып отырып, темекі шеге бастадық. Көл беті самал желмен шымырлай ғана толқып жатыр…

  • Тыңдашы, Андрей. – Мен бүгін бір бейтаныс жігітпен сөйлесіп қалдым. Ол менен тапаншамды сатып алғысы келеді. Қалай ойлайсың сатамын да жіберемін. Қайтемін оны, — дедім.
  • Қажет емес. Сатпа тапаншаңды, — деді Андрей.
  • Сатамын. Қажеті қанша оның маған.
  • Жоқ, сатып қажет емес. Қару-жарақ сатуға болмайды. Оның сенде болғанында тұрған не тұр.

Расында да менің сонау Еуропадан әкелген қап-қара тапаншам бар. Сондай-ақ, христиандардың қасиетті кітабы «Библия» мен бір жезөкше қыздың фотосуретін қоса әкелгенмін. Өйткені, дәл сол жезөкше қыздың суреті менің бір кездері ғашық болған қызға қатты ұқсас еді. Бірақ мұның қазір еш маңызы жоқ. Маңыздысы сол құм үстінде отырған екеуіміз де тұтас екі айдан бері жұмыссыз едік. Ең соңғы рет мен түрме ішінде ғана тоя тамақ жегенім есіме түсті. Бұл сәтте маған махаббат туралы ойлаудың өзі артық еді. Ал Андрей менен гөрі басқаша ойлайды. Мүмкін тұңғиық ойлар оны дәл мендей мазаламайтын да шығар. Өмірде адам басынан не келіп, не кетпейді?!. Бәрі тағдырдың ісі… Мүлгіген тыныштықты Андрей бұзды.

  • Мұнда айналаны кезіп жүрген бұралқы иттер көп. Қараңғы түнде ол қолын аспанға көтерді. Жан-жақтан қараңғы түнде шам сияқты жанып тұрған иттердің көздері от шашады.
  • Бізден тағы тамақ дәметіп жүр.
  • Жоқ, — дедім мен. Олар мұнда мені көріп келеді. Шын айтамын Андрей. Тек мен үшін келеді. Мені неге соншалықты жек көретіндерін бір құдай білсін.
  • Олардың не ойлайтынын кім біледі, — деді аузын ашып ухілей есінеген Андрей.

Темекісін құшырлана сорған ол қалған тұқылын қараңғы түнекке қарай лақтыра салып, маған қарай бұрылды. Маған оның жүзі біртүрлі ерекше әрі қаталдау болып көрінді. Маған тіке қараған ол қайтадан:

  • Тапаншаңды сатпа, — деді.

Иттер тағы да үре бастады. Бірі бастап, қалғаны оны қостағандай шабалана үреді. Біреулері аспандағы аппақ табақтай толысқан айға қарап ұли бастады. Айналадағы торуылдаған бұралқы, ашқұрсақпен иттердің ашуы мен тыныс алғанына дейін сезіп тұрмын. Тіпті бәрі де менің осы жерге келгеніме қарсы сияқты болып көрінеді. Мұндағы барлық жамандық атаулы менімен бірге келгендей өршелене арсылдайды. Андрей екеуіміз үнсіз отырмыз. Жел де тынып, тек Қопа көлдің әлсіз ғана толқыған дыбысы ғана естіледі. Біраз өткен соң шабалана үрген иттердің де даусы өшті.

  • Мен өмірімде мұндайды көрмеппін. Мүмкін бір итті өлтіріп тастап, олар оны иісіңнен сезіп қалған шығар.
  • Жоқ. Имандай шыным. Мұндай ешнәрсе де болған жоқ. Мүлде болмаған.

Біз тағы бір сағат шамасында отырып, одан кейін бір адам жүк көлігімен жақындай келді. Жарығын сөндіріп машинасынан сыртқа секіріп түскен жігіт бізге қарай жүрді.

  • Қайырлы кеш, — деді ол.

Қолтығына қысып алған пакеті сыра шөлмегіне толып тұр. Біз үндемедік. Дала тастай қараңғы болғанымен біз оның қандай екенін сырт жүзінен байқап тұрмыз. Жап-жас ірі денелі жігіт. Шамамен отызға келіп қалған. Білеуленіп тұратын бұлшық еттерін біртіндеп май басып толыса бастағаны көрініп тұр. Әйелі тыңқита тойдырып жүретін сияқты. Бірақ бұл жігіттің әйелі де жоқ. Төбесінде шаштары селдіреп таз бола бастаған. Үстіне бұрқырата әтір сеуіп алыпты.

  • Андрей, қалың қалай? Неге амандаспай тұрсың?, — деді ол жақындай беріп.
  • Әй, кетші сен… Мұнда не ғып келдің? Бұл жаққа не іздеп келгеніңді білемін ғой.

Қолтығына қысқан пакетіндегі сыра шөлмектері тағы да сыңғыр ете түсті. Бұл дыбысты естіп өзімді шөліркей бастағандай сезіндім. Андрейдің де дәл солай сезінгеніне сенімдімін.

  • Андрей тыңдашы. Келесі аптадан бастап менде саған жұмыс болады. Айына үш жүз елу мың теңге. Қалай келісесің бе?
  • Сен мұнда күнде кешке келесің бе, — деді Андрей. Анда-санда демалып, менің Марияма да кіріп-шығатын шығарсың-а? Ал мен ана жақта сендерге осы үшін ақша жіберіп тұрған екенмін ғой? Солай ма?

Келген жігіт бір жөткірініп, оң жағына қарай қақырына түкірді. Бұл кезде қолтығындағы шөлмектер тағы сыңғырлай ала жөнелді. Оның да тамағы құрғап кеткендей. Жігіт кеңкілдеп күлді. Мұнысы мазақ еткендей көрінді.

  • Қанекей табаныңды жалтырат, боқмұрын! Сенің қылмысың әлі әшкере болар!

Сол сәтте-ақ сарт та сұрт болды да кетті. Мен ешнәрсе байқап үлгермедім. Сыра шөлмектері қараңғы түнде қаңғыр-күңгір етіп тасқа тиіп күл-паршасы шықты. Бірден сыраның иісі мүңкіп кетті. Қолыммен бетімді көлегейлеп тіземді жоғары көтеріп,  алға ұмтылдым. Ол Андрейді ұрмақ болып жұдырығын сілтеп жатқанын анық көрдім. Мен аяғымды сілте көтеріп оны ішінен тептім. Қатты соққыдан жігіт ыңырси шегінді. Бірақ оған ешнәрсе болмады. Мықты жігіт екен. Андрейді бірден алып ұрды. Енді күрзі жұдырығын көтеріп маған қарай ұмтылды. Мен сытылып бұрылып үлгердім. Ол қайта Андрейге қарай атылды. Екеуі де жерге құлап, ылдидағы барақ үйге қарай ұмар-жұмар домалай жөнелді. Үйдің іргесін қоршаған шарбақ тақтайшаға барып соғылған екеуінің артынан жүгіре жеткен мен оның қолынан шап беріп ұстап енді ұра бергенде аяғымнан арс етіп қапқан иттің тісі балтырымды тіліп сүйекке жеткенін сездім. Қолым еріксіз төмен түсіп итпен арпалысып кеттім. Иттен құтылып енді бұрыла бергенде желкемнен ұстаған дүлей күш шарбақтан асыра лақтырып жіберді. Аштықтан бұралып жүрген иттердің тап ортасына құлап түстім. Иттердің арылдаған даусы жан-жағымнан шығып арпалысып жатып есімнен танып қалыппын. Құлағыма кетіп бара жатқан жүк көлігінің дыбысы еміс-еміс естілді.

Мен ұзақ уақыттан кейін ғана есімді жинадым. Көзімді ашқанда Андрей басымды тізесіне қойып, қол орамалымен итке оңбай таланған денемнің қанын сүртіп жатқанын көрдім. Құлағым әлі шыңылдап тұр. Дәл қазір ұзақ уақыт бойы ұшақта ұшып келіп жаңа ғана қонғандай дыңылдайды. Қан-қан болып ісіп кеткен ернімді жалап қойып, орнымнан тұрмақ болғаныммен тұра алмадым. Тұрсам басым айналып қайта құлап түстім.

  • Андрей, мұның бәрі мені ит аяғымнан қауып алғанынан болды. Тісім шақырлап кетті. Өз-өзімді ұстай алмай қалдым.
  • Қойшы-ей!
  • Бұлай болмағанда жаңағы жігіттің тұмсығын бұзып, басын жарар едік. Әттең, бір соғып үлгермедім. Өйтпегенде, бірден сұлатып салар едім. Қолын қалай ұстап алып бұрағанымды көрдің бе? Мені бір десантшы үйреткен. Бірақ дәл сол сәтте бір ит аяғымды қауып алғаны…

Ол үндемеген күйі отыр. Жүзі сұрланып, күреңітіп кеткен.

  • Енді ол бұл жаққа аттап баспайтын болады. Біз оған кімнің кім екенін көрсетер едік. Өкінішті, — дедім мен.

Андрей маған қарай жалт бұрылып, ақшылт жасыл көзі жарқ етіп, қадала қарады.

  • Сен де өтірікті суша сапырады екенсің. Біз ештеңе де істей алмас едік. Неге екенін білесің бе? Өйткені, оған біздің шамамыз жетпейді. Екеуіміз бірге жабылсақ та оңбай таяқ жегеніміздің себебін білесің бе? Өйткені біз екі айдан бері адам сияқты тамақ та ішкен жоқпыз. Ашқұрсақ жүрдік. Кез-келген мырқымбайдың өзі екеуіміз сияқты он шақты жігіт болса да, жан-жаққа шашып тастап кете берер еді.

Сөйтті де үндемей отырып қалды.

  • Сен қатты күйзеле берме. Ол мұнда тағы да келеді. Әлі келеді. Ал одан кейін, мүлде келе алмайтын қыламыз, — дедім мен.

Андрей, мені қолтығымнан сүйеп орнымнан тұрғызды. Есікті ашып, мені барақ үйге кіргізді. Үй ішіне кірген кезде жарқ еткен жарықтан Андрейдің оң жақ бетінің қып-қызыл болып қанталай көгеріп, ісіп кеткенін көрдім. Көзінің іші түгелдей қанталап, көгергенінен көзі ашылар-ашылмас күйде қалған.

Осы оқиғадан кейін мен ұзақ уақыт төсек тартып жатып қалдым. Көзімді жұмсам оның қанталап көгеріп кеткен жүзі көз алдымнан кетпейді. Біраз жатып ұйықтап кеттім. Түсімде де оның көк-ала қойдай көгерген жүзі мен қанталаған көзін көріп шықтым. Басым мең-зең болып шулап тұр. Оның жүзі тағы да қап-қараңғы түнектен тағы пайда бола кетті. Одан кейін мен бала кезімде көрген бір неміс түсіме енді. Оның оң жақ иығында әйелдің бейнесі болатын. Астында «аспан айналып жерге түссе де сенің бейнең мәңгілік болады» деген жазу болған еді. Бұл қасиетті сөздер болғанымен, әлгі неміс француз сауда флотында қызмет ететін. Оған дейін талай шөлдерді де басып өткен. Оған өмірдің құны бес тиын. Бұдан кейін маған немістің иығындағы әйелдің суреті емес Андрейдің көгеріп, қанталап кеткен бейнесі сияқты елестеді.

Бір сәтте ұйқылы ояу есеңгіреп жатқан маған Марияның Андрейдің қасында отырып жылап жатқан даусы естіліп жатыр. Мария үйден бағанағы етті лақтырып жібермеу керек еді деп жатыр. Тіпті оның сау-тамтығы қалмаған қорқынышты жүзімен қарамай әрірек жатуын сұрағанын анық естідім.  Андрей әйелді сабасына түсіріп,  Мария қорланып жылап жатқанын да сездім. Иә ол шынында да мықты жігіт деп ойладым. Расында да осыдан бір сағат бұрын болған жағдай кездейсоқтық сияқты көрінді. Әйелдің жылағаны көңіліме майдай жағып, сол күйі қайта ұйықтап кеттім.

Келесі күні таңертең біз екеуіміз әдеттегіден кешірек тұрдық. Қырынып, жуынып-шайынып алдық. Андрей көзінің маңына жапсырма басып, таңып қойыпты.  Май қосылған арпа жармасын соғып алдық. Андрей, әлі ұйқыдан оянып үлгермеген Марияны бетінен сүйіп, екеуіміз барақтан шықтық. Немересі Америкаға кеткен кешегі шал бізді күтіп отыр екен. Ол әбден жуынып, қырынып алыпты. Мойнына үшкіл орамал байлап алған. Шалбары үтіктеліп қыры сынып тұр. Біздің кешегі жағдайдан кейін үсті-басымыз кір-қожалақ болған. Оның қасында кәдімгі от жағушыдан еш айырмашылығымыз жоқ. Шалдың қолында хаты бар.

  • Сендер бәрібір пошта жәшігінің қасынан өтесіңдер ғой. Менің сендерге бір өтінішім бар.

Ол қолындағы қалың конвертті бізге қарай ұсына берді. Түн ортасында күрсініп отырып, көз жасына ерік беріп жазғаны көрініп тұр. Мен хатты алмақ болып қолымды создым. Бірақ Андрей мені ұстап қалды.

  • Біз бірден Омбы трассасына жолға шығамыз. Ал ол жақта бірде-бір пошта жәшігі жоқ. Сізге өзіңізге ақырын серуендеп барып қайтуға тура келеді, — деді Андрей.

Шал үндемей наразы көзқараспен бір қарап кері бұрылып кете барды. Мен сұраулы жүзбен Андрейге қарадым.

  • Ей, біздің Омбы трассасында не бар? Оған жету үшін үш шақырым жол жүруіміз керек қой. Ал автобус мынау қолсозым жерге ғана тоқтайды, — дедім мен.
  • Онда тұрған не бар. Кешір, сенің шұғыл шаруаң бар екенін білген жоқпын. Біз тоғызға дейін бәрібір ешқандай көлікті ұстай алмаймыз. Кейде қыдырып, серуендеп жүрген де артық болмайды, — деді Андрей.
  • Бірақ Андрей үш шақырым жер ғой…
  • Иә, дәл солай. Мұндай серуен сенің жұқарып кеткен жүйке-жүйеңе жақсы әсер етеді.

Біз жазық даламен ұзақ жүріп трассаға да жеттік. Одан кейін Қопа көлін жағалай жүріп тағы жүрдік. Көл жағасындағы азғантай ғана аумақта құмды жағалау бар. Онда суға түсіп жатқан ешкім көрінбейді. Бос жатыр. Құм толы жағалау мен ақжал толқындармен шиырланған көлдің айнадай беті әдемі көрінеді. Біз Бұқпа тауына қарай көтерілдік. Қала көз алдыңда түгелдей көрініп жатыр. Төбеден төмен түсіп, қаланы өрлеп қайта жүрдік. Қос қабатты коттедж үйлердің бәрінің айналасы ағаштарға толы. Жеміс ағаштары гүлдеп тұр. Қаланың бұл ауданында кілең шылқыған байлар тұрады. Дуалдары өте биік. Іште не бар екенін ешкім көре алмайды. Үйдің дуалынан екі аяғы мен басы шығып тайыншадай алабай ит тұр. Бізді көріп арсылдап қоя берді.

  • Мына үйлерге ұрлыққа түссе ғой. Бір-ақ күнде байып шыға келер едік, — дедім мен.

Бірақ түрмеден жаңа шыққан бізге бұлай етуге әсте болмайды. Қалаға келгенде бір күн ішінде ғана бірнәрсе міндетті түрде ойластырамыз деп үміттендік. Бұл үміт сол екі айдан бері күн сайын бізді қуаттандырып, алға қарай ұмтылуға қанаттандырып келеді.

Қаздай тізілген ақшаңқан коттедж үйлер бірінен-бірі өтеді. Аулалары кең, дарбазалары биік етіп әдемі өрнектермен көмкеріліп, шебердің ойып түріп әрлеген дизайнымен ерекше келбетті көренеді. Андрей, сол үйлердің біріне жақындаған тұста тоқтай қалып, қалтасынан қаңылтыр қорапшаны алып шықты. Қақпағында сақалды капитан бейнесі бар. Сөйтті де тізесін бүгіп арқасын қоршауға сүйей салып отыра кетті.

  • Отыр, темекі шегіп алайық, — деді маған бұрылып.

Мен сәл әрірек барып, беті тегістеу тасқа жайғастым. Сағат небары таңғы сегізге жақындаған. Алайда, тастың үсті күн сәулесінен қатты қызып қалыпты. Құйрығымнан біреу шоқпен қарып алғандай болды. Мұны байқап қалған Андрей тырқ-тырқ күліп алды.

  • Сонымен? Біреулердің мынадай кең сарайдай үйлеріне сен де қызығып келесің-ау, ә? Солай ма? Бірер уақыттан кейін оларда мұның бірі де болмайды. С***н…
  • Мені біреулердің бұлай боқтағанын қаламас едім, — дедім мен иығымды қоршауға сүйеп Андрейдің қасына жақындай отырып.

Екеуіміз біраз темекі шегіп, отырып қалдық. Мен «Көз жұмулы, көңіл мас» күйде отырмын. Адам бақытты болуы үшін аса көп нәрсе қажет емес екен ғой. Осында алғаш рет келгенде бұл жер маған қатты ұнайтын еді ғой. Бірақ, біраз уақыт осында тұрған соң әрі көбірек білген соң ойымның мүлде қате екенін түсіндім. Мен өзім оны сезініп білместен бұл жақты қатты сүйіп қалыппын. Мына төменде жатқан кең алқапты жасыл даланы, мөлдіреп жатқан Қопа көлін, анадай жерде мен мұндалаған Бұқпа тауын, сонау төбені қиялай өрлеп өскен қарағайы мен қайыңын бәрін жақсы көремін. Мұндай керемет әдемі көріністі, мұндай жерді құдайдың өзі де сүйетін шығар… Бұл елге қандай ауыр кесапат пен қиындық келсе де мен осы ойымнан қайтпаймын. Оған нық сенімдімін. Мен осы ойлағанымның бәрін Андрейге айтпақ болып бұрыла бердім. Бірақ сол сәтте қорқыныштан жүрегім су еткендей болды. Денемдегі миллиондаған жасушалар бір сәтте дір еткендей тұла бойым түршігіп, арқамнан сұп-суық тер бұрқ етті. Тамағым кеуіп, тынысым тарылып барады. Тіпті, бір қасық суға зар болғандай күйге түстім.

Бұл жын ба, шайтан ба? Алғашында көз алдымда құбыжық тұрғандай болды. Анықтап қарасам қарсы алдымда үлкендігі тайыншадай, ұзын тістері ақсиған алып қара ит тұр. Қара болғанда кәдімгі смоладай қою қараның нақ өзі. Құлақтары тікірейген, аяқтары жуан басы қазандай үлкен. Арандай аузындағы ақсиған сояудай тістері қанжардай өткір екені байқалып тұр. Мұндай иттерді мен көптен білемін. Бұл дәл сол – ризеншнауцер деген өте сирек әрі өте қымбат тұратын ит тұқымы еді. Мұндай иттер суда мүлде қорықпайтындықтан соғыс кезінде фашистер оларды полиция иттері ретінде қолданған екен. Өйткені олар овчарка иттерден де қауіпті. Ризеншнауцердің адамға шауып, бірден тамақтан салып жерге алып ұрғанын сөйтіп бір-ақ сәтте талап өлтіргенін өз көзіммен көргенмін.

  • Сонымен, жалғасы болмайтын болды ғой, — дедім мен Андрейге қарап.

Иә, дәл сондай алып ит енді дәл менің алдымда екі-ақ аттам жерде құйрығын бұлғаңдатып тұр. Мен қатты қорықсам да орнымнан қозғалмадым. Қолымдағы темекінің қып-қызыл шоғы саусақтарыма жетіп күйдіріп барады. Бірақ оны жерге тастай салуға да қорқып тұрмын. Елеусіз ғана түсіп қалғаны дұрыс. Аяғымды еппен артқа қарай шегіндірдім. Егер ит тамағыма атылса аяғымды тіктеп алып бүйірден оңдырмай бір теппекпін. Бірақ ол нені күткені белгісіз еш қозғалыссыз қатып тұр.  Иттің тұмсығының алдынан дәу қара шыбын ызылдап өтіп барады. Ит шыбынды арандай аузын арс еткізіп қағып салды. Сосын маған қарай баяу келіп, бетімнен ылғал тұмсығымен иіскей бастады. Мен қатты үрейленіп тұрсам да сыр берместен отыра бердім. Мені жуан алдыңғы жүндес аяқтарымен бір түрткен ит ойнағысы келді ме артқа содан кейін оңға қарай бір секіріп үре бастады. Сол кезде оның алқызыл тілін көрдім. Ит аз-кем үрді де онысынан түк шықпаған соң жөніне кетті. Мен Андрейге қарай ұмтылдым.

  • Әй, топас, сенікі не? Бір тас алып тұмсығынан тар еткізуге болмады ма? Мені көз алдыңда талап тастай жаздады ғой. Ал сен тіліңді жұтып қойғандай мелшиіп отырсың…
  • Мұны өзіңе айт. Сен өзің де тасты ала салып, оған қарай лақтыруыңа болар еді, — деді Андрей.
  • Мен қасымды қимылдатуға да қорықтым.
  • Мен қорықпады деп кім айтты? Мен де қатты үрейлендім.

Бұл дәу ит қайдан ғана шыға келді өзі?!. Өмірімде мұндай ірі денелі итті көрген емеспін, — дедім мен.

  • Әдемі ит екен. Ызыланып тұрғаны бірден көрінді. Өзі де қорқып кеткеніне ұялған шығар. Бірақ расында да сені қауып алуы да ғажап емес еді…

Андрей сөзін аяқтамастан ит кеткен тұсқа сұрланған жүзімен бір қарады. Маған тіке қарауға батпай тұр. Оның ұялып тұрғанын анық сездім де аяп кеттім.

  • Кеттік, Андрей. Ештеңе етпейді. Бәрі дұрыс қой.
  • Иә, әйтеуір құтылдық, — деді Андрей.

Біз автобусқа қарай жүрдік. Жаңағы дәу ит біздің артымыздан қалмай келеді. Жолың кесілгір, Андрейдің емес менің ізіме түсті. Мен артыма бұрылып қарамасам да бір сәтте ол маған арт жағымнан атылып келіп сұлатып салуға әзірленіп келе жатқанын түсіндім. Аялдамаға жете бергенде ол мені бір рет итеріп те көрді. Автобус тоқтап біз жүріп кеткенде ол соңымыздан ұзақ уақыт жүгіріп, шабалана үрді. Қасымда отырған жолаушы таңырқай қарап тұрып:

  • Итіңіз әдемі екен, — деді.
  • Иә, өте әдемі! Алғыңыз келе ме Сізге берейін, — дедім мен тер басқан маңдайымды сүртіп жатып.
  • Құдай сақтасын!, — деді ол қолын жоғары көтеріп.

Бірақ іштей бағамдап көргені бірден білінді.  

  • Ал, ол тамақты көп жей ме?
  • Бір күнге екі шөлмек шампан мен бір банка уылдырық болса жетеді. Есесіне жұбайыңызға алаңдамасаңыз да болады. Ол оны көзінен таса қылмай күзетіп жүрері анық, — деді қуақы Андрей.
  • Бұл не деген көргенсіздік!
  • Таяқ сұрап тұрғанның кебі осы…
  • Сіз мұнда жуырда келген сияқтысыз ғой.
  • Иә, – деді Андрей. – Жақында келдім. Бірақ соған қарамастан, денеге зақым келтіргенім үшін түрмеге де отырып шықтым. Ол жақта былайша жаман емес.

Жолаушы ренжіп қалып, барлығына бірдей дөрекі сөйлеп, даусын көтере бастады. Ол бұрын адамдардың бір-біріне құрметпен қарап, сыйластықпен сөйлескенін, үйлерін кілттемесе де ештеңенің жоғалмайтынын, сондай-ақ терезелерге темір тор қою тек соғыстан кейін, жаңа эмигранттар келгеннен соң ғана қойылғанын айтып қынжылды.

Оның айтуынша өзі осы жердің жолдарын салып, безгекпен ауырған. Ал Андрей сол уақытта Еуропада уақытын еш уайымсыз өткізген. Сонда Андрей:

  • Сен маған безгегің үшін шот жібер, мүмкін қолымнан келсе көмектесермін, – деді.

Осы кезде қасымызда тұрған ер адам: «Неге жай қарапайым ғана дүниеден ұрыс шығарып тұрсыздар?» – деп сұрады. Мен «Білмеймін», – дедім. Ұзақ уақыт жүріп ақыры Алматыға да жеттік. Автобустан түскенімде тіземнің дірілдеп тұрғаны әлі басылмаған еді. Содан Андрейге:

– Бұл жолмен енді жүрмейміз. Анау нақұрыс екінші рет те мұрша бермейді, – дедім.

Абай көшесін бойлай келе жатып біз осыған дейін бір танысымыз жөн сілтеген денесі жұмыр келген төртпақ қара жігітті көрдік. Ол жөнінде «жұмыс тауып бере алады, себебі өзінің жоғарыда жақсы байланыстары бар» дегенді естігенбіз. Әлгі төртпақ қара шағын кафеде бірдеңе жеп отырған. Ал не жеп отырғанын сұрамағанымыз жөн болар еді. Аузы толған күйде ол Андрейге қарап: қазір жұмыс табу аса қиын, жаңа келгендер тым көп, қайда сыйдырарыңды білмейсің, – деді. Әңгімесін де, асын да қатар аяқтап, бізге жазықсыз көзбен біраз қарап отырды да, қайтадан аузын толтыра салып, сөйлей жөнелді. Жұмыссыз жүрген екі жігітті көру оған да ауыр тиетінін, өзі бұл елге алғаш келгенде мұнда безгекпен ауырып қиналғанын, соның өзінде күнін көргенін айтты.

– Сонымен, – деді Андрей. – Бізді қайда орналастыра аласың және қаншаға? Сенің бос сөздеріңді тыңдауға уақытымыз да құлқымыз да жоқ.

Төртпақ қара аузына салған нанын бірден жұтып жіберіп, іркілместен:

– Үш жүз мың, – деді.

– Бар болғаны сонша ма? – деп сұрадым мен.

– Үш жүз, – деді ол саусағымен маған нұсқап. – Екеуің үшін. Сонда тұрақты жұмыс аласыңдар.

– Үш жүз фунт саған, – деді Андрей. – Ал біз қанша табамыз?

– Күніне сегіз жарым мың, – деді ол. – Ставка солай.

– Демек, айына екі жүз жиырма мың теңге үшін арқаңды жазбай күні бойы еңбек етесің. Оның үстіне сен үш жүз талап етесің.

– Мен талап етем бе? – таңданды ол. – Мен тек қана тамағымды тыныш ішкім келеді. Ал бұл сендерге керек. Жұмыс тапқыларың келсе, еңбек биржасына барыңдар. Олар міндетті түрде табады. – Сөйтіп, Андрейдің көгерген бетіне саусағын шошайтып: – Жол апатына түстің бе? – деді.

– Жоқ, – деді Андрей. – Қызыммен ойнадым.

Мен орындықты жақындатып, төртпақ қараның қасына отырдым. Ол ыңғайсызданып, тарелкесін сәл шегіндірді.

– Жарайды, – дедім мен. – Үш жүз мың теңгеңді аласың. Бірақ біз қашаннан бастап жұмысқа кірісеміз?

– Қашан дейсің бе? Ертең. Ақшаны бүгін берсеңдер, бүгін-ақ бәрін тиянақтап беремін. Ертеңнен жұмысқа кірісесіңдер.

– Қара, – дедім мен. – Біз ол үш жүзді тек теледидардан  ғана көргенбіз. Айлықты алайық, содан соң ақшаны аласың. Келістік пе?

Мен оған қолымды ұсындым. Аз-кем тосқаным сол еді, Андрей қолымды бар күшімен қағып жіберді.

– Кездесеміз әлі, – деді ол.

– Әрине, – деді төртпақ қара. – Үш жүзді тауып алсаңдар, тағы келесіңдер ғой.

Осылайша біз жөнімізге кеттік. Егер Мария болмағанда, үйге қайтып келуге болар еді. Бірақ таңғы сағат онда ештеңе шықпады деп оралуға болмайды – бұл біз үшін масқара еді. Сондықтан амалсыз төрттен кейін, жұмыстан қайтқан жұртпен бірге қайтып, шаршаған кейіп танытуға тура келетін. Кейде шаршағаныңды мінсіз көрсетудің өзі – ең азапты шаруа. Алда әлі бірнеше сағат бар еді, сондықтан біз әдеттегідей Алатаудың етегіне қарай бет алдық.

– Жалпы жаман жігіт емес, – деді Андрей. – Тек басқаша қолынан келмейді. Сәл үнсіз отырып тағы қосты: – Ол бәріне де осылай қарайды ғой.

– Ал сен өзің оны ұрмақ болып едің.

– Иә, – деді Андрей. – Тек оны ғана емес.

— Тыңдашы, Андрей, — дедім мен. — Ол үш жүз мың теңге сұрап жатыр. Мендегі тапаншаны сатайық. Одан жүз жиырма, тіпті жүз қырық мың пайда көрер едік, қалғанын несиеге ала саламыз. Бір-екі күннен кейін жұмысты бастап кетсек бәрі қалпына келеді.

— Жоқ, — деді Андрей, — қаруды сатпа. Саған әлі керек ол пистолет.

Мен қатты ашуланып кеттім.

  • Сонда кімге тапанша кезенбексің?

— Реті қалай болады солай, — деді Андрей. Болатын жайт табылады. Ал неге болмасқа: Бұл бізге ештеңе таба алмаса не болады? Яки ол біздің ақшамызды алып тайып тұрса, біз оны қайдан іздейміз? Ондай ақылдылардың талайын көрдім. Дәл шекесінен тапаншамен тарс еткізгім келетін. Артын күтейік.

—  Мен бұған дейін де қанша күттім, — дедім мен булығып.

— Ал сенің — әйелің бар, Андрей, және кішкентай қызың Лена бар.

— Ойланып алып, үйлен, — деді Андрей. Сонда бәрі тең бөлінеді. Жүрегің де тынышталады.

— Қазір жүгіріп барып үйленіп келемін, — дедім мен де тырысып.

Біз тау  етегінде осылай қоштастық. Андрей таудан төмен қарай түсіп кетті. Мен Уәлиханов көшесін бойлай жүріп бір таныс қызды іздеуге бет алдым. Оны табу ойлағанымнан да оңай болды. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, іздегенім «Арман» дәмханасының террасасында отырып, темекісін бұрқыратып тартып отыр екен. Оның жеңіл жүрісті әйел екені алыстан-ақ мен мұндалап көрініп тұр. Расында да келісті жас әйел толған айдай толысып, құлын мүшесі бұзылмағандай өте сұлу көрінеді. Дәл осы жағы жағдайды одан сайын күрделендіре түсетін.

Қиындық тудыратын себебі — оған аяушылықпен қарағанымда еді. Мен әдетте жезөкшелерді аса аямаушы едім. Өйткені, жезөкшеге айналу мүмкін емес, олай тек туылуға болады.  Сондықтан мен оларға аяушылық танытпаймын. Мүмкін сондықтан да олар мені жақсы көретін. Мен олардың ішімдікке сылқия тойып алып мас күйінде келген түрлі ақымақтарға көз жасын төгіп ішіндегісін ақтарғанын көрдім. Ал жігіттер оның бәрін кейін достарына айтып мазақ етіп жүретін. Шынында олар әңгімелескенді жақсы көреді. Айтқаны өтірік пе, жоқ шындық па бірден ажыратып алу оңай. Әрі сол сезімнің өзі ләззат береді.

Бірақ дәл осы қыз мені аяп тастап кетті деп ойладым. Өйткені ол шын мәнінде сұлу еді. Өзімді тоқтата алмадым. Тағы бір жағы, мен оның қасында екі ай бойы тұрған едім. Сол үшін де оған қатты қарыздармын. Бәлкім, сол кезде сезім ұшқыны да пайда болған болар. Барлығы болуы мүмкін. Өз ойыммен өзім алысып келе жатырмын. Көз жұмулы көңіл мас күйдемін. Қыздың жанына қалай жеткенімді де сезбей қалыппын.

 — Қалай екен? — деді ол, мен дәмханада бос тұрған креслоға отыра бергенде қап-қара мөлдір көзін жалт еткізе қарап.

Әбден кірлеп кеткен өрнекті орамал қойылған орындыққа отырып, темекімді тұтаттым.

— Тағы да ештеңе ме?

— Ештеңе, — деп жауап бердім.

Мен оның стақанынан дәмі біртүрлі тәтті сусынды ішіп қойдым. Сол сәтте даяшы алдыма «Шымкент» сырасын әкелді. Өйткені мен әрдайым осы жерде дәл осы сыраға тапсырыс беретінмін. Бәрі әрдайым осы көз алдымда көлбеңдеп жүрген дәл осы қыздың есебінен болатын. Шымкенттің салқын сырасын сіміре ішіп, жаныма рақаттана түсті.

Қыз алдындағы сусынды таяқшамен сорып, мен бұған дейін мүлдем көрмеген дәмі тұтқыр шәрбатын ішіп отыр.

— Қалай? Үйленіп, Алматыға келесің бе? – деді Арай маған қарап.

— Жоқ, — дедім мен.

— Тағы біраз нәрсені байқап көремін.

Ол менің сөзіме сыңғырлай күліп жіберді.

— Сен ешқандай жұмысқа бара алмайсың. Біріншіден, сен темір торлы түрмеден шыққан адамсың. Жұмыс істеуге ешқандай рұқсатың жоқ. Екіншіден, ешкіммен сиыспайсың. Сені ешкім алмайды, ол анық. Мұнымен қоса сенің ешнәрсе істей білмейтініңді айтпай-ақ қояйын.

— Мен бес жыл жүргізуші болдым. Тіпті мұндағылардан жаман машиналарды да жүргіздім. Маған жұмыс табу керек, Арай. Машина жүргізуді ұмытқан жоқпын.

— Мұнда әр ақымақ машина жүргізеді. Ал ондай жұмысты табу қиынның қиыны. Өйткені ең жақсы жалақы алатын солар.

Мен оны онсыз да білемін. Расында да мұндағы жүргізушілердің «жегені алдында, жемегені артында. Ақшаны бәрінен көп табады. Кеше ғана Көкшетауда екеуімізді оңдырмай сабап, қорлап кеткен сондай шопырлардың бірі еді. Есіме түскен сәтте еріксіз тісім шықырлап кетті.

— Келіссек, тағы сөйлесеміз. Сен, бәлкім білмейсің, бірақ айтайын. Бұл жерде жүргізушілер машиналардан да көп. Ол темекенің күлін саусағының ұшымен шертіп тастап, мен үшін жұмбақ болған сусынын тағы бір жұтты.

— Жоқ, Арай. Мен сенімен бармаймын.

Осы кезде даяшы келіп: — Біреу сізбен сөйлескісі келеді. Ол сіздердің арттарыңызда отыр, — деді.

— Айт, мен бос емеспін, — деді Арай, басын бұрмастан. Арай бұл жердегі ең сұлу жезөкшелердің бірі еді. Ол тағы бір тұтынушы-клиентінен айырылғанына еш қиналмайтыны анық. Бірақ олардың көбі сағаттап күтуге әзір болатын.  Тіпті қанша қараса да Арайдан артық ешкімді таппасы да анық еді.

— Сонымен, «жеңгетай» болғың келмей ме?

  • Келмейді. Мен сені жақсы көремін. Бірақ саған жеңгетай болмаймын.

Дәл осылай айтқаныммен сөзім біртүрлі сенімсіздеу шықты. Бір жағынан арт жағымдағы жігітті ойлап мазасызданып кеттім. Мен сені сүйемін, — дедім тағы қайталап.

  • Айтпақшы, Андрейдің қалы қалай?
  • Аман-есен жүріп жатыр.

Бір сәт бойымда белгісіз бір күш пайда болып, бар ойымды жинақтап айтып салдым.

  • Тыңдашы, Арай. Маған үш жүз мың теңге керек. Мен жұмыс таба аламын. Осында бір таныс жігіт бар. Сол көмектесетін болды. Бірақ оған бірден ақшасын қолма-қол беруіміз керек. 
  • Италияға кетейік. Болды. Ақша туралы сөйлескеніміз жетер.

Ол сөмкесінен қалың бір бума теңгені үстел үстіне тастай салды. Бірақ буманың ішіндегі ақша әлі жеткіліксіз еді.

  • Кеттік, — деді Арай.
  • Мен отырған орнымда сол күйі үн-түнсіз отырмын. Артық сұрақ қойғым келмейді. Мен оның өзі бәрін үнсіз ұққанын күттім.
  • Қорықпа, ешкіммен болған жоқпын.

Дәмханадан тысқа шықтық. Артымыздағы жаңағы жігіт түсі күреңітіп  үнсіз ғана тымырайып отыр. Соңына дейін шыдап күтуге бел буған сияқты. Ол бірінші болсын, екінші болсын оған бәрібір. Ал мен үшін екеуіміз кездескен сәтте тым құрығанда дәл сол күні бірінші болуым шарт еді. Бізде осындай келісім бар-тын.  

Арай алғашқы күні жезөкшелер үйіне барған кезде осылай деп ант-су ішкен. Мен, бәлкім, оның артынан шетелге еріп те кетер ме едім, өйткені сонау Италияда «жеңгетай» болу — жаңа әрі тым қызықты идея сияқты көрінді. Бірақ мен Арайды тым жақсы танитынмын. Менің білетінім әр кеш оның ауыр қызметінен кейін ол түнеп келіп, менімен тар төсекте шортандай тулап, менің бар жандүниемді селт еткізіп жұбатады деп күтеді. Өйткені олардың тазалануы дәл солай жүзеге асады. Өкінішке орай, барлығы бірдей адамға қамқорлықпен қарамайды.

Біз екеуіміз дәл осы басты көшелерді талай тоздырдық. Қол ұстасып ұзын көшелерді бойлай жүреміз. Сол сәттерде оның көңілі көкке бір елі жетпегендей көтеріліп, айналасындағыларға «Көрдіңдер ме? Менің де жігітім бар…» дегендей қарайды. Балауса жүзі құлпырып, қап-қара мойылдай көздері ойнақшып, жайнап шыға келеді.

Оның күнделікті қанша еркек қабылдайтыны бір құдайға аян. Осыны іштей ойлап, ішкі ойларыммен арпалысып тұрмын. Күн тас төбеден түсіп шақырайып тұр. Аспан айналып жерге түскендей қапырық ыстық. Тіпті көлеңкенің өзінде қырық градустан асып кеткен. Маңдайдан ащы тер сорғалап ақты. Бойымды ашу қысып тұр. Арай, әлі қасымда тұр. Көкірегіндегі жұп-жұмыр алмадай төсі, аппақ тамағы, сұлу бөксесі, тіп-тік ұзын балтыры көз қызықтырады. Оны өзі де жақсы біледі. Әдейі барлық құлын мүшесін көрсетіп киінеді. Тек көздері ғана тым ашулы көрінеді.

Екеуіміз дәмханадан шығып, дәл бұрынғысынша мейманханаға келіп, нөмірге кірдік. Мен оның үстінен барлық киімдерін шешіп, тас еденде темекісін құшырлана сорып тұратын сәтін қарап тұрғанды жақсы көремін. Мен кереует үстінде тап-таза аппақ жайманың үстінде керіліп күтіп балбыраған сезімде жатырмын. Көз жұмулы, көңіл мас. Сылқым әйел оны білсе де кербезденіп, найзадай кеудесі көкке шаншылып, бөксесі мың бұрала майысып бұраңдап жүр. Екі ай бойы жөндеп тамақ ішпеген жігітте қандай шама болсын, қапырық ыстықтан көшені жаяулай кезіп жүріп әбден шаршап қалыппын. Бірақ сыр білдірмеймін.

— Бадырақов келе жатыр, — деді Арай. Мен атып тұрып ақ жайманы үстіме орай салып терезеге келдім. Кеш басталса да қара қарғаның миы қайнайтындай қапырық ыстық болып тұр. Көше бойындағы ағаштар да салқын ауаны аңсағандай мелшие қатып қалған. Қапырық ыстықтан адамдар да дүкенге асығыс кіріп жылдам шығып кетіп жатыр.

  • Кеттік Италияға барамыз, — деді тағы терезеден төмен қарап тұрған Арай.
  • Бармаймын, — дедім мен.
  • Мұнда өліп қаласың.
  • Жоқ. Өлмеймін. Өлместің күнін көрермін. Бірақ өлмесім анық…

Ол төсекке қарай барып екі қолын басының астына айқастырып алып жатты. Мен терезені қайта жаптым. Терезеден төменге тағы көз тастадым. Бесінші қабатта болсақ та төмендегі асфальт тастың қатты қызғаны айқын сезіледі.

  • Біз бұл мейманханаға алғаш келдік емес пе? Төмендегі қонақүй қызметшісінен тым құрығанда екінші қабаттан сұрамадың ба?
  • Қойшы соны!
  • Бірақ жоғарыда тіпті жақсы екен. Жарты қала алақандағыдай көрінеді. Әдемі көрініс.
  • Италияда бұдан да керемет… Айналаның бәрі сұлу көрініске толы. Бірақ сенің барғың келмейді ғой. Солай ма? Мүмкін бұл туралы айтудың өзі артық шығар.
  • Иә, қажеті жоқ.
  • Жезөкшемен бірге тұрғың келмейді ғой. Өзіңе одан да жақсысын тапқың келеді. Бірақ сенің айтып отырғаныңның бәрі әншейін сандырақ. Барлық әйелдер – жезөкше, ал еркектердің бәрі – клиент. Махаббат дегенің осы. Бірақ сен клиент болмайсың. Сен маған сутенер боласың. Жалпы саған бәрібір емес пе?

Мен өз ойыммен әлі де арпалысып тұрмын. Жезөкшелер өзінің ой-толғамы ешкімді қызықтырмаса да пікірін айтып тықпыштай бергенді жақсы көреді. Бәрін бала сияқты ойлайтынын қайтерсің. Бірақ тағдыры алдын ала шешіліп, кім болары анықталып қойғандай көрінеді. Тағы бір байқағаным олар өлім, адамды жерлеу жайлы көбірек айтады. Ойымды сан-саққа жіберген тұңғиықтан шығуға ұмтылып төтесінен кеттім. Әрі әңгімені басқа арнаға бұрғанды жөн көрдім.

Арай, маған үш жүз мың теңге қажет. Қарызға бере тұршы. Андрейдің де әйелі мен кішкентай баласы бар. Баланы ойласайшы…

  • Андрейдің әйелі әдемі ме?
  • Білмеймін. Сұлу болса сұлу шығар.
  • Онда ертең оны Андреймен бірге ала кел. Әдемі киінсін. Ал кешкісін үш жүз мың теңге қолдарыңда болады. Мен оған көмектесемін. Маған да алғашқыда бір қыз дәл солай көмектескен.
  • Егер мені жақсы көрсең… деп бастап жатыр едім…
  • Беремін. Тек Италияға барсаң ғана… Тіпті үш жүз мың емес үш миллион да беремін. Күндіз бассейнде жүзіп келіп, кешкісін бірге көңіл көтереміз. Бірақ тек Италияда.
  • Андрей әйелін мұндайға жібермейді. Ол одан да оны өлтіре салады.
  • Бірақ мен айтсам қарсы бола қоймас? Ол жақсы досың емес пе? Сені ренжітпес үшін ақшаны қайдан алғанын да сұрамайды. Ол әйелін жақсы көреді. Ал сен мені жақсы көресің. Бәрібір емес пе?
  • Сонда сен мені асырамақсың ба, Арай? Мен дұрыс түсіндім бе?
  • Мен сені сүйемін ғой. Жезөкшелер де жақсы көре алады. Сенбесең Андрейдің әйелінен сұрап көр.

Иә, әйелдерге бәрібір. Айтты ма алған бетінен қайтпайды. Қадалған жерінен қан алмай қоймайды. Өмір олар үшін кәдімгі драма сияқты, тіпті жалығуды білмейді.

  • Осы әңгімені осымен доғарайық, — дедім мен онымен қатарласа жаттым. Бойымды тағы ашу билей жөнелді. Мейманхана түбінде тағатсыздана күтіп отырған бағанағы Бадырақовты да есімнен алып тастауға тырыстым.
  • Мен сенің алғашқыңмын ба?

Ол сәл үнсіз жата берді.

  • Біріншімін! Сенде менен басқа өмірі ешкім болған емес!

Ол үндемеді. Ыза болғаным соншалық бетінен бар күшіммен бір соқтым. Екінші рет жұдырық сілтей бергенім сол еді:

  • Иә, — деді ақырын.

Содан кейін Арай кетті. Мен жайлы төсекте біраз жатып ұйықтап кетіппін. Мені көрші қабырғаның ар жағынан шыққан оқыс дауыс оятты. Діндар көршім дауыстап дұға тілеп отыр екен. Үндеместен тыңдап жатырмын. Қарт адам дұғасын сарнап айтып отыр. Өмірімде ешқашан көрмеген қарияның дауысы өмірімде ұмытылмастай көңілімде жатталып қалғандай болды. Дұға тілеп отырған қария шаршаңқырап қалды ма кейбір сөздері естілмей қалады. Мен еш қозғалыссыз жатырмын. Дәл осы сәтті, ешқашан білмейтін әрі көрмейтін қарияның дауысы есімнен кетпейтіндей әсердемін. Төмендегі көзілдірікті жігіттің тұрғаны елестеп көз алдым қарауытып, жүрегім жиі соға бастады. Тынысым тарыла түсті. Бойым дел-сал күй кешіп, тұңғиық ойлар мазалап жатып тағы ұйықтап кеттім.

Түсімде де бәрі маған бір түрлі жат мүлде бөтен болып көрінді. Жан-жағымда қыбыр еткен жан жоқ. Әлемді меңіреу тыныштық басқан. Айғайласам да еш дыбысым шығар емес. Бәлкім мен өліп қалдым ба деген қорқынышты ой келді. Өңім бе, түсім бе сезе алар емеспін. Бар денем шылқылдай терлеп, тынысым тарылып барып оянып кеттім. Иә, расында да мен өмірде бәрінен де айырылған адаммын. Түгім де қалмады. Дәл қазір Алматының шылқыған кілең байлары мен шетелдік қонақтар ғана кіретін ең қымбат мейманханаларының бірінде шалқамнан түсіп жатқаныммен, қалтамда соқыр тиыным да жоқ. Бірақ мен дәл осы сәтте шексіз бақыттымын. Осыны кереуетте жатып та, жуыну бөлмесінде де ойладым. Бәлкім қонақ үй қызметшісі келіп есігімді бірнеше мәрте тарсылдатып та кеткен шығар. Мүмкін, біреулерге дәл осы қонақүй бөлмесі сол сәтте қажет те болған шығар. Бірақ, өз ойыммен арпалысқан мен мұндай сәттерде ешкімді естігім де көргім де келмейді. Өйткені, менің қиялымдағы керемет әлемді тек мен жалғыз өзім ғана тамашалаймын. Жалғыз көрермені – менмін.  Мұны көрмеуге маған ешкім тыйым сала алмайды. Қиялымдағы ойлар одан сайын тұңғиыққа қарай тарта берді.

Келесі күні таңертең Андрей жетіп келді. Маған трассаға қарай шығайық деп тұрып алды.

  • Бірақ ол жақта ит бар ғой. Сен мені иттердің қалай «жақсы көретінін» білесің ғой. Құдай сақтасын. Егер өткендегідей дәу ит тарпа бас салса менің парша-паршамды шығарады ғой.

Андрей екі езуі екі құлағына жетіп, тырқылдай күлді.

  • Күлсең, күле бер. Бірақ, осымен жетер.
  • Ит болса не болыпты. Ол ит саған тиіскен де жоқ қой. Маған салсаң таңғы салқынмен біраз жүргенді жөн көремін.

Шынында да оның айтуы дұрыс деп те ойладым. Мүмкін ол ит дәл сол жерге кездейсоқ тап болған шығар. Сөйттім де Андрейдің айтқанына келісім беріп жолға шығатын болдық. Сөйтіп көп ұзамай межелі жерге де жеттік. Кешегідей дәл сол уақыт. Дәу қара ит дәл солай жол ортасында шоқиып отыр. Кәдімгідей телефон арқылы кездесуге келісіп қойып бізді күтіп отырған сияқты. Мен жалт бұрылып білдірмей кейін кетіп қалмақ болдым. Бірақ ол мені бірден көріп қойған екен. Жүгіріп келіп алдыңғы екі ап-ауыр аяғын көтеріп иығыма асырып салды. Салақтаған тілімен бетіме қарап тұр. Мен не істерімді білмей әбден састым. Батылданып басынан ақырын сипай бастадым. Мұным оған ұнаған сияқты. Қара ит қуанғандай қып-қызыл тілімен менің бетімді жалап-жалап алды. Одан соң біздің соңымыздан автобусқа қарай жүрді.

  • Андрей, мен оған ұнаған сияқтымын. Миллиардтаған иттің ішінде біреуі әйтеуір маған жақты. Бұл жақсы ырым.
  • Сен ойлағандай жақсы ырым емес.
  • Неге?
  • Иттер оңбаған келеді. Сөйтті де өтірік ыржиып күлген болды. Менің одан гөрі қорқауларға жаным ашиды.
  • Неге?
  • Өйткені олар ешқашан бұл қаладан шыға алмайды, деді де итке жұдырығын көрсетті. Ал сенің мына итің кетеді. Әрі өзін керемет сезінеді.
  • Неге ол кетуі керек? Дәл сол сәтте Андрей есінен ауысты ма деп ойладым.
  • Солай.

Жұмысқа орналасу бюросында Андрейге оған лайықты ешқандай жұмыстың жоқ екенін айтты. Сосын біз қайтадан кешегідей қаланың шеткі жағына қарай тартып, тауға қарай бет түзедік. Кешкі алтыларда автобус аялдамасында кездеспек болып жөнімізге кеттік. Мен Андрейден екі дана темекі алып, қайтадан Арайды іздеуге кеттім. Ол дәмханада болмады. Бірақ мені танитын даяшы әдеттегідей бір шөлмек сыраны алдыма әкеліп қойды. Арада бес минут өтпестен ұзынша бойлы жігіт қасыма таяу келіп:

  • Мен сізбен сөйлескім келеді, — деді.

Мен оның кім екенін түріне бір қарап-ақ білдім. Оның қолында бірнеше қыздары бар. Мұндайларды тануды әбден меңгеріп алғанмын. Тіпті, қандай киім кисе де «жеңгетай» екенін бірден түсіне қоямын.  Олар кәсіби сеніммен қарап көзқарасымен-ақ баурап алмақ болады.

— Арай — сенің қызың ба? Мен қателескен жоқпын ба? Саған жұмыс істей ме? — деді ол.

  • Солай-ақ болсын. Ал саған мұның не қатысы бар?
  • Өте жақсы бизнес бар. Жақсы ақша табуға болады. Саған ақша керек қой.

Мен оның не айтқысы келгенін емеурінінен бірден түсіндім. Сөйттім де рақаттана күлдім.

  • Оны бір уақыт сенімді жерге жасырып қойғанымды қалайсың ғой. Солай ма?
  • Иә, дәл солай. Арай сонау Италияда тұрады. Сонда тұра берсін. Ал мұнда келіп клиент табу қиын іс емес. Ешкімге қызды жақсы көріп онымен мейманханаға бірге баруына тыйым сала алмайсың ғой. Солай ма?
  • Дәл солай. Бірақ менің жасымда махаббат деген ең жағымды жақсы тамақ ішу. Сондықтан дәл осы тақырыпта менімен әңгімең құр бекершілік болар.
  • Міне-міне, дәл солай. Ол мені мүлде естімегендей кейіп танытты. Мұндай қызға ешқандай мін таға алмайсың. Ол бұдан кейін ештеңе болмағандай Италияға кері қайтып, кәдімгі тәрбиелі адам сияқты өмірін жалғастыра береді. Ал біздегі осында қалған қыздарға не істеу керек?
  • Сенің қыздарыңның маған көк тиын қажеті жоқ. Бұл дүниеде бәрінің жатып-тұрғысы келеді. Саған да біреуі қалар.
  •  Сен қателесесің, жігітім. Бұл ойың құр бекершілік. Мысалы, сен өткен жылы құрылыс алаңында бес ай бойы рұқсатсыз жұмыс істедің.  Мұны бәрі біліп жүрді. Бірақ ешкім саған тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Онда жұмысыңды неге тастап кеттің?

Мен оған оң жақ алақанымды ұсындым.

  • Жастау кезімде бұзақылармен бірге жүріп бір топпен бетпе-бет келіп шартпа-шұрт төбелесіп қалдық. Бір сәтте біреу тапаншамен мені көздеп тұрып сарт еткізді. Мен бұрылып үлгердім. Оқ оң алақанымнан тиді. Қолымнан қан саулап ақты. Сол жерде оң қолымды да сындырып алдым. Содан бері жұдырығымды жұма алмаймын. Ауыр зат көтере алмаймын.

Ол менің алақанымды ып-ыстық қолымен ұстап тұрып ұзақ қарап алды.

  • Саған жеңіл жұмыс керек.
  • Қамқорлығыңызға рақмет.
  • Мен саған көмектесемін.
  • Қажеті жоқ. Маған Арай көмектеседі. Сенің бикештеріңнің де арт жақтарын демалдырып алатын мүмкіндігі болады.

Ол қолын менің иығыма қойды.

  • Арайдың олардан еш айырмашылығы жоқ. Бәрі де алғашында кіршіксіз мөлдір әрі таза болады. Ол күндердің бір күні аңқау біреуді жолықтырам деп ойлайды. Әлгісі оған үйленіп, тапқан ақшасын қалтасына басып, ештеңе болмағандай жүре береді деп үміттенеді. Бірақ сен, мысалы, ондайлардың қатарынан емессің ғой, дұрыс па? Сен оған үйленбейсің де, онымен бірге тұрмайсың да. Демек, одан көк тиын да көрмейсің. Бұл – сенің ісің емес. Жетер, осы жерден бәрін таста.

Ол оң қолын тағы да иығыма қойды.

– Ешкімнің де жеңгетай болғысы келмейді. Бірақ бір рет сүрініп кетсең бар өмірің құрыды дей бер. Менің айтқанымды тыңдасаң – таста. Сен маған Араймен көмектес, ал мен саған қомақты ақша берем. Екі-үш ай өміріңе еркін жетеді. Сол уақыт ішінде, кім біледі, жұмыс та тауып қаларсың. Таста, өтініп сұраймын.

Көздері ісіңкіреп тұр. Маған қарап зорлана жымиды.
— Мен саған мүмкіндік беріп тұрмын ғой. Сен бол, басқа бол мен үшін бәрібір. Мұны мен үшін кез келгені істейді. Бірақ саған бәрінен де қатты керек екенін мен ғана байқап тұрмын. Сен әлі де өз жолыңды тауып, өз наныңды тауып жей аласың. Ал Арай бұл жерде бәрібір көп жүрмейді.

  • Сіз оған не істейсіз?
  • Бірдеңе қылармыз. Не қажет болса, соны істейміз. Бірақ сен бұл жолы ештеңе алмайсың.

Ол орнынан баяу қозғалып кетіп қалды. Жалпы өзі де ауыр, сылбыр біреу көрінеді. Бірақ, шамасы, жаман адам емес сияқты. Бәлкім, оның әйелі мен баласы бар шығар, және бір кезде өмір оны омақаса сұлатып түсіріп, содан бері қайта оңала алмай жүрген болар.

– Кешке маған бір келіп кет. Бірге ішіп, көңіл көтереміз. Қаласаң, киноға да барамыз.

Сосын кенет дәрменсіз күйде өзінің осал тұсын мойындап қойды.

 – Ех, киноны сүйем ғой, бәрінен де артық жақсы көрем. Жарайды, сен ойланып көр. Келем десең, кел. Мен әдетте анау тау беткейіндегі дәмханада отырамын. Ол Алатау жақты қолымен нұсқады. Қалибек деп сұра, егер мен болмай қалсам, сәл күте тұр.

— Сонда саған Арай үшін обал емес пе? – дедім сәл қытығына тигім келіп. — Өзі жас, әдемі қыз, ал сен оны түрмеге жапқың келеді. Шыныңмен-ақ аямайсың ба?

Ол маған басын сәл еңкейтіп сөйлеп тұр. Үстінен сыра мен темекінің иісі мүңкіп барады. Бірақ бұл – дені сау адамның иісі еді.

– Обал. Обал әрине. Тіпті сенен де артық жаным ашиды. Сен ғой жеңгетай емессің. Бұл сен үшін жай өткінші нәрсе ғана. Ал мен үшін – өмір бойғы тағдыр.

Қалибек шығып кетті. Мен бір сағат тіпті одан сәл көбірек уақыт бойы күттім. Бірақ Арай сол күйі келмеді. Сыра шөлмегінің бос тұрғанын көрсетіп даяшыға әйелім келгенде төлесін дегендей ымдап ишара жасадым. Даяшы бәрін қимылымнан-ақ түсініп дәмхана менің толықтай қызметімде дегендей кейіппен қолын сермеді.

Мен осы шағын асхананы жақсы көретінмін. Сегіз ай бұрын дәл осы жерде Араймен таныстым. Әлі күнге дейін есімде. Ол музыкалық аппарат жанындағы үстелде отырды. Ал мен шет жақ үстелдердің бірінде жайғасқанмын. Оның жезөкше екенін сырттай білетінмін. Бірақ оған қарамастан ол маған өте қатты ұнайтын. Қалтамда тіпті екі жүз теңге де жоқ еді. Бірақ бағымды сынамақ болып оған қарай жақындадым.

– Жүр кеттік менімен, – дедім.

– Қайда баруды қалайсың?

– Білмеймін. Мүмкін, қонақүйге барармыз.

– Ал бөлме ақысын төлейсің бе?

– Жоқ, – дедім. Бұл мүмкін емес.

– Қалайша? – деді Арай. – Бөлме ақысын ер адам төлейді. солай емес пе. Сен білмеуші ме едің?

  •  Білемін. Әрине білемін. Бірақ менің қалтамда көк тиын жоқ. Мен сенімен ақша үшін барғым келмейді.  Мен бұлай деген жоқпын.

Ол маған бастан-аяқ қарады. Сол сәтте оның қап-қара мөлдір көзін алғаш рет көрдім. Түнгі құс сияқты түнеріп тұр. Оның қит етсе ашуланшақ екенін білетінмін. Сондықтан менің батыл әрекетім үшін бөтелкемен басымнан бір ұрып жібере ме деп, не басқа бір оғаш қылық жасай ма деп қорықтым. Бірақ, бәрі тыныш болды. Ол жай ғана маған ойлы жүзбен қарап тұрды. Ал мен күлімдеп тұрмын.

  • Демек, махаббатпен болғың келеді ғой?
  • Иә, дәл солай, — дедім мен.
  • Шын сөзің бе?
  • Имандай шыным.

Қыздың көзінде бір ұшқын жалт еткендей болды. Сол кезде маған солай көрінді ме деп ойладым. Бірақ қазір бұның шүбәсіз шындық екеніне көзім жетті.
– Ал сен менің немен айналысатынымды білесің бе?
– Білемін.
– Саған бұл кедергі емес пе?
– Әрине, кедергі. Бірақ адам бір нәрсе кедергі болса да, қызға ғашық бола алады ғой. Қалай дегенмен де, өмірде үнемі бірдеңе кедергі болады.

  • Жақсы, — деді қыз.

Біз тысқа шығып бірге жүріп кеттік. Алдымен қаланың орталық көшесіне шет жаққа қарай шығатын тыныш бір көшемен аяңдадық. Ол жерде жас солдаттар көлік жүргізуді үйреніп жүр екен. Аспан ашық, ауада дымқыл сыз иісі бар. Кейін қала шетіндегі шағын ғана мейрамханаға кіріп, жаңа ғана ауланған балық жеп түстендік. Бәрі қарапайым, бірақ сол сәттің тыныштығы мен біртүрлі жақындығы есімде қалып қойыпты.

Кешкісін қаланың орталығына қайтып оралдық. Арай мені бір қарт әйелдің үйіне ертіп барды. Ол күндізгі уақытқа бөлме жалға беріп тұратын көрінеді, Көбіне сол жерге Арайдың клиенттері келетін. Арай ештеңе айтпастан ішке өтіп, бөлмесіне кіріп кетті. Ал мен қарт кемпірмен асүйде отырып қалдым. Үнсіздік орнады. Біз екеуміз де қабырғаның ар жағынан естілген ыңырсыған дыбыстарды тыңдап отырдық. Ешкім ештеңе айтпады. Тіпті айтуға тұрарлық ештеңе болмаған да шығар. Сол сәт маған ұзақ әрі өте ауыр көрінді, Бірақ, мүмкін, сол үнсіздіктің өзінде біршындық бар шығар…

Арай мені әзілдеді деп ойлап осылай кек алмақ болған сыңайлы. Қабырғаның ар жағында соншалықты ештеңе бола да қойған жоқ. Бірақ жағымды да ештеңе болмады.

— Неге сонша арықсың? — деді қария. — Мүмкін, құрт ауруың бар шығар?

— Жоқ, — дедім мен қысқа қайырып.

— Сыртыңнан солай көрінеді екен. Менің ағам да солай көрінуші еді. Он сегізінде қайтыс болды.

— Өкінішті, Бірақ сіз әлі де жақсы сақталғансыз.

  • Қойыңызшы. Жақсы деп қояды өзі. Менің екі жақты жарығым (грыжа) бар. Жас кезімнен ауыр көтергеннің салдары ғой. Дәрігерлер ота жасауды ұсынып отыр. Бірақ мен келіспеймін, — деді кемпір.
  • Дұрыс істегенсіз.

Ол маған күдікпен қарады.

  • Неге?
  • Сол кезде Арай шықты. Оның клиенті әжетханада суды шалпылдатып жуынып жатыр.

Іштей егер ол қазір әжетханада отырып тореадор ариясын шырқай бастаса шыдамай тұмсығын бұзамын деп ойладым. Арай үстіне алды ашық халат киген. Сол кезде оның аяқтарын алғаш рет көрдім. Ол менің алдыма келіп отырды.

  • Қалай, — деді ақырын.
  • Ешқалай, — дедім мен.
  • Әжемен әңгімелесіп отырмын.
  • Сүйші мені, — деді жұмсақ дауысымен ақырын ғана.

Клиенті әлі әжетханада суды сарылдата ағызып жуынып жатыр. Мен оның шиедей ернінен құшырлана сүйдім. Оның көзі сонда да ашық маған бажайлап қарап тұр. Сол сәтте менің бет жүзімді микроскоппен қарап тұрғандай сезіндім. Бір кезде сырттан тағы біреу келді. Қабырға сыртынан саудаласып жатқаны естілді. Арай, маған естілу үшін әдейі қатты сөйлеп жатыр. Енесінен бір боқтаған ол кері кетуін талап етті. Ал жігіт қолда бар он мың теңгесін ұстатып әлек болды. Ақыры екеуі келісті.

  • Сіз, сірә, онша мықты емессіз, – деді кемпір мені менсінбей қараған күйі. Әрі науқассыз, тек айтуға қорқасыз. Бірақ мен бәрін байқап отырмын.
  • Нені байқадыңыз? – дедім мен.
  • Қойыңызшы, – деді кемпір. Бірден көрініп тұр. Менің ағам да тура осындай болған. Сіз соған ұқсайсыз.
  • О-құдайым! Сізді де айтасыз ау. Бірақ ол кезде дәрі-дәрмек те болмаған ғой.
  • Дәрінің не керегі бар. Міне, менде жарық (грыжа) бар. Ешқандай дәрі-дәрмегің де көмектеспейді.
  • Онда ота жасатыңыз.
  • Қайдағы ота, – деп шоршып түсіп тағы да күңк етті. Маған жетпіс жас. Өлу керек енді.
  • Құдай сақтасын! – дедім шошып. Ондай қорқынышты сөзді айтпаңыз.

Қабырға сыртындағы ахылап-үхілеген,  ыңырсыған дыбыстардың бәрі тынды, Арай қайта менің қасыма келді. Бұл жолы мен өзім оны сүйдім, ол болса көзін жұмды. Кемпір жайма ауыстыруға кетті де, бөтен бір ер адамға ұрсып жатқанын естідім. Ол бөлменің ішін еңбектеп, түсіріп алған бір затын іздеп жүр екен.

  • Сонымен, — деді Арай. Мені сүйесің бе?
  • Әрине, дедім мен. Сен мұның бәрін тоқтатқаныңа байланысты.
  • Сен сонда мұның бәріне көнесің бе?
  • Сен менің қаншалықты төзімді екенімді білмейсің ғой.

Дәл осылай мен батыстың бір фильмдерінде айтқанын естігенмін. Өзімді сол кинодағы басты кейіпкердей сезініп, өзімді барынша салмақты ұстап тұрмын. Шынында қаншалықты төзе алатынымды бір құдай білсін?!.

Сосын мен тағы да кемпірмен оңаша қалдым. Ол осыдан бес жыл бұрын асқазанынының жартысын кестіріп тастағаны туралы ұзынсонар әңгімесін бастады. Сондықтан да кемпір әжетханаға жиі барады екен. Оған Арайдың «қонақтары» да кедергі бола береді. Кемпір олардың не үшін әжетханаға жиі баратынын түсінбейтінін айтты.

Кемпірге олардың немен айналысқанын айтып түсіндіру маған түкке де тұрмайтын еді. Бірақ, әлі күнге дейін не үшін айтпағанымды өзім де түсінбеймін. Содан кейін үшінші клиент те шығып кетті, ал Арай қайта маған келді. Бұл жолы ол менің оған жақындағанымды қаламады. Кенеттен, іштен шыққан ауыр өксікпен бірге көз жасы парлап, тіземнен төмен сырғып, жерге жатып алды да, сол күйі жылауын тоқтатпады. Мен өмірімде мұндай зарлы дауыс естіген емеспін. Ондай үнмен, сірә, өлгендер ғана жылайтын шығар.  Егер оларды біреу тірілтіп алып, бұл өмірді қайта бастауға мәжбүр етсе дәл осылай болар.

Кемпір тағы да жайма ауыстыруға кірісті. Ал Арай болса, жалаңаш күйінде салқын тас еденде жатып, жанын қоярға жер таппай егілді. Мен сағатқа қарадым. Бір сағат өтті. Тағы бір сағатқа таяп қалды. Ақыры Арай басын көтеріп:
— Сен мұны көтере алады деп ешқашан сенбес едім. Ешқашан, — деді.

Мен оны жерден көтеріп алып, бір ескі шүберекпен бетін жайлап сүрттім. Қалай шыдағанымды өзім де түсінбеймін. Құдай-ау, өзімді мұншалықты шыдамды, өзгенің азабын соншалықты көтере алатындай жан деп кім ойлаған?

Бәрі көз алдымнан сырғи елестеп өтті. Есімді жинасам дәмхана ішінде тірі жан жоқ. Алдымда бос тұрған сыра шөлмегіне көз тастап, даяшыны қол бұлғап шақырдым да, тау жаққа қарай беттедім. Андрей жоқ екен. Тау беткейіне орналасқан шағын дүңгіршекті ұстап отырған бір орыс қарт оны көргенін, бірақ Андрейдің кетіп қалып, қайта келемін деп уәде бергенін айтты.

Мен киімімді шешіп, көк майса қалың шөптің үстіне жантая кеттім. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Күн тас төбеден шақырая төніп тұр. Тау жақтан баяу ғана салқын самал еседі. Ой үстіне ой жамалып өткен күндерді тағы бір мәрте қиялыммен шолып шықтым. Бір сәт қалың ойлардан арылып, дел-сал жағдайдан серпілгім келді. Басымды көтеріп, төменге көз тастап отырмын. Күн әлі де болса қапырық ыстық болғандықтан ба қаланың адамдары үйлерінен шықпай тығылып қалған. Тау жақта тірін жан баласы көрінбейді. Тек қатты ыстыққа шыдамай таудың салқын самалын іздеп келген 2-3 турист қана бетіне газет көлегейлеп қойып, алаңсыз жатыр.

  Түр-тұрпаты мүлдем басқаша. Үстеріне созалаңдаған ұзын көйлек сияқты бірдеңе киіп алған. Мен ондай жұртты аса ұнатпайтынмын. Олар қала ішінде бір-бірімен айғайлай сөйлесіп, даңғаза болып кетіп бара жатады. Өздерін керемет сезінеді.  Жалпы бұлардың елінде адамдардың бойы сымбатты, тумысы бөлек келеді. Ерлер мен әйелдері де байсалды, қарапайым, маңдайдан тер сорғалататын еңбекті білетін, балаша қуана алатын адамдар. Ал турист болып келген бұларға қарап тұрып, дәл осы ұлттың өкілі екеніне сену қиын.  Бәлкім, оған өздері де сенбейтін шығар. Жалпы қазір ешнәрсеге таңғалуға да болмайды. Шекарадан күн сайын жас сарбаздардың қаза тауып жатқаны жайлы жаңалықтардан оқимын. Ал бұл халықты бір күні апат жайласа, бәлкім жау келсе бірден бәрі жан-жаққа қашып ел іші бос қалатындай көрінеді.

Ал мен өз елімде болсам да үлкен қиындықты сезіп келемін. Тіпті бір сәтте маған, бұл ел маған да бөтен көрінді. Тұрақты жұмысым да жоқ. Ештеңеге қатысым да, ешкімге керегім де жоқ екенін сезіп тұрмын. Басқа елде болсам, бәлкім, бұл туралы ойланбас та едім…

Андрей үштер шамасында келді. Келді де киімін шешіп тастап тау беткейіндегі шағын көлге қойып кетті. Ол әрдайым суға жүзгенді жақсы көретін.  Мен өмірімде Андрейдей қуатты жанды көрмедім. Арық денесімен-ақ темірдей төзімді еді. Мысықтай жанкешті болатын. Жөндеп тамақ ішпегесін ғой. Әйтпесе алдыкүні әлгі біреу бізді әбден таяқ жегізбес еді ғой. Андрей көлден шықты. Денесіндегі әрбір тамшы күнге шағылысып жарқырап тұр. Үстінен буы бұрқырап кетті.

  • Ішкің келе ме? — деді Андрей.
  • Әрине, бас тартпас едім. Бірақ алдымен асқазанымды тойғызғым келеді — дедім.
  • Армандамай-ақ қой. Қарттың дүңгіршегінен коньяктың бір бөтелкесін қағып кетермін. Бірақ дүңгіршекте жейтін азық жоқ. Жалпы, саған тамақ жеп қажеті қанша? Ашқарынға ішсең, әсері тезірек болады. Бізде, Омбыда , жігіттер кейде масаң күйге тез жету үшін арақты ыстық сорпамен ішетін, — деді Андрей..
  • Ол сендерде Омбыда, — дедім.
  • Андрей орнынан тұрды.  Мен оған қарамастан көк майсаның үстінде шалқалай жатырмын. Қартпен әңгімесі еміс-еміс естіліп тұр. Андрей, сөзді әріден орағытып бастады. Адамдардың басын шыр айналдыруды ол жақсы біледі. Нені айту қажет екенін жақсы білетін кәдімгі әртіс сияқты. Өзіне нық сенімді. Қарттың басын шыр айналдырып тұр.
  • Күн ысып кетті, — деп бастады Андрей.
  • Иә тым шақырайып кетті, — деп қостады шал.
  • Бізде Омбыда да дәл осындай ыстық болатын, — деді Андрей. Шал да Омбыдан екен.
  • Қой, Омбыда дәл мұндай ыстық болмайды ғой. Мында демалатын ауа жоқ қой. 
  • Бірдеңе ішкім келіп тұр, — деді Андрей астарлап.
  • Аа ішкің келе ме. Мұнда ішіп қажет емес. Бір стақанын ішесің. Одан екіншісін сосын әріқарай кете береді. Тоқтай алмай қаласың. Мен сенің орныңда болсам денсаулығымды ойлар едім.
  • Бір шөлмек беріңізші. Келер аптада қайтарамын, — деді Андрей.
  • Ее жоқ. Оның бола қоймас. Мынадай сөзді білесің бе, Андрей. Достық достығымен, ал ақшаға есеп керек. Мен тіпті несиеге де бермеймін, — деді қарт.
  • Ағасы-ау Сізді біреу ауыстырып тастаған сияқты, — деді ауыр күрсінген Андрей. Омбыда Сізді ешкім танымай қалар еді.

Олардың әңгімесін тыңдауды қойып, көзімді жұмып жаттым. Андрейдің мұндай әңгімеде қулығына құрық бойламайтынын жақсы білемін. Аяғында бәрі біз ойлағандай аяқталатын. Қарт бар даусымен айғайлап ұрсып жүріп ақыры Андрейге қарызға берді. Ұрсысуға екеуі де шебер еді. Бірінің сөзін бірі бөлмей театрдағы әртістерше ұрсысты. Расында да орыстарда бұл қасиет керемет дамыған.

Андрей, көңілді келді. Қолында қызыл мойын коньяк пен тіскебасар тағы бірдеңелер бар. Кең орамалды жайып жібердік. Дастархан жайнап шыға келді. Андрей қос стақанға мөлдіретіп коньяк құйды. Шал әлі айғайлап жатыр. Жерлесіңді бұлай алдағаның жарамады, — деп жатыр. Ашқарынға ішкен коньяк тамақты қырып өтті. Бірақ екіншісі еш кедергісіз өтті. Жаным рақаттанып, көңілімде бір сәт тыныштық орнады. Жер мен тұтас әлемнің бәрі де бір сәтке аялдап, уақыт тоқтап қалған тәрізді. Тек көгілдір аспан мен оның ортасындағы күн көзі шақырайып ыстығы шекеден өтіп барады.

— Қалибек бес күнге созылуы мүмкін. Мен солай ойлап тұрмын, — дедім Андрейге.

  • Сегіз күн де болып қалатын.
  • Немене?
  • Ештеңе. Осыған дейін де өмір сүргенбіз. Әлі де сүреміз.
  • Иә сүреміз. Біреулердің Қалибекке түкіргені бар ғой. Олар оны сезбейді де.
  • Қорықпа сезінеді. Осында тұрып көрсе бәрі де сезінеді. Маған да алғашында бәрібір болатын. Бірақ Қалибек бәрін жөнге келтіріп алады. Оған бейімделмеу мүмкін емес.
  • Ол дәл осындай күні қайтыс болған, дедім мен ашық аспанға қарап тұрып.
  • Кім өлген?
  • Ол.

Біз тұрып алып тағы іштік. Қасымыздағы туристер бізге ашулы жүзбен қарады. Бірақ біз оларды елеп те жатқан жоқпыз. Бір кезде Андрей қолын көтеріп оларды бірге ішуге шақырды. Бірақ олар оны байқамағандай кейіп танытты. Кәдімгі жағаға шығып қалған балықтар сияқты серейіп жатыр.

— Баяғыда көршінің ескі москивичі есіңде ме? — деді бір кезде ойымды бөліп жіберген Андрей.

— Әрине, — дедім мен.

— Иә, көрмегеніміз жоқ қой. Басымыз тауға да, тасқа да соғылды. Көлікті суға батырып, өзіміз зорға шығып кеткен едік. Сол үшін екеуіміз әбден таяқ та жеген едік. Айтпақшы, сол ағай әлі тірі ме?

— Білмеймін. Сол күйі оралмадық қой. Одан кейін де еш естіген емеспін. Өзіміз де содан кейін ұшты-күйлі жоғалып кеттік қой…

— Айтпақшы, би кештеріне барып жүріп сол көлікпен аударылып та қалған едік қой. Қайта жанымыз сірі екен. Аман қалдық. Көліктің түгі де қалмай қирандыға айналды емес пе?!

— Иә, сол күндер де өтті ғой…

— Ішінде сол кезге дейін жинаған біраз ақшамыз да кетті.

Өткен-кеткенді еске түсіріп біраз отырдық.

  • Айтпақшы сен тапаншаңды сатып жібердің бе?
  • Жоқ әлі сатпадым.

Тау беткейінде бірер сағат тағы отырып, орнымыздан тұрдық. Сағат кешкі алты да болып қалды. Екеуіміз аяңдап автобус аялдамасына да жеттік. Автобус ішінде сілеміз қатып екеуіміз де қатып ұйықтап қалыппыз. Бірер күн жүріп әупірімдеп Көкшетауға да жеттік. Қалың өскен шөпті алқапты бойлай жүріп келеміз. Қасымызда немересі АҚШ-қа кеткен ілмиген қара шал бар. Қария немересінің алғашқыда кедейшілікті көріп күнделікті қара наны мен суын әзер тауып жүргенін әңгімеледі.

  • Бірақ ол кейін атынан ат үркетін маңызды тұлғаға айналды. Онымен бәрі де санасып жүреді.

Болат оған өзінің соңғы түскен суретін жіберіпті. Шал оны кеудесін мақтаныш сезімі кернеп тұрып көрсетті. Суретте Болат Нью Йорк қаласындағы ескерткіштердің бірінің жанында түсіпті. Жас та болса иегінің асты салбырап май басып кеткені байқалады.

Аспан айналып жерге түскендей күн шақырайып төбені тесіп барады. Шамамен қырық бес градусқа жоғарылағандай. Айдаладағы Болатқа жыным келіп, егер кездестірсем тұмсықтан дәлдеп тұрып бір ұрар едім деп ойладым. Дәл осы сәтте жанымыздан өткен жүк көлігі бізді қап-қара қою шаңға көміп кетті.

  • Бұл соның өзі, — деді Андрей үсті-басын қағып жатып.
  • Солай ойлайсың ба?, — дедім мен.

Ол үндеген жоқ. Жай ғана қабағын түйіп, жұдырығын құшырлана жұмды.

  • Бұл көлікті енді жеті қат жер астында көрсем де танимын.

Алаңсыз кетіп бара жатқан дәу жүргізуші жігіт бір аяғын терезесінен шығарып алып жүретін. Андрейдің онсыз да қарайған жүзі күреңітіп, екі көзі сығырайып кетті. Аузы жабылмай сөйлеп келе жатқан шал да бір сәт тынышталып үнсіз келе жатыр. Бірақ әдеттегідей мені көрген иттер ғана шабалана үріп артымыздан еріп келеді.

Біз ескі бараққа да жеттік. Мария пеш жанында ал кішкентай Лена кереует үстінде отыр. Бір қолында үстіне шұжық салған бөлке нан мен екінші қолында шокалады бар. Андрей үнсіз ғана әйеліне қарады. Мария бәрін сөзсіз түсінді.

— Ол шоколадты балаға әкелді. Онымен қоса жейтін тіскебасары бар. Меніңше оның бергенін алмауым керек пе еді?

Андрей үнсіз ғана қызының жанына келіп ақырын ғана қолындағы бөлке нан мен шокаладты жұлып алды. Лена жылап қоя берді.

— Баламен шығып қыдырып келші, — деді Андрей маған қарап.

Мен де не істерімді білмей тұрғанмын. Ленаға қарасам түрі жалынышты болып кеткен. Менен бір қайыр болар дегендей қарап тұр.

— Баламен қыдырып келші, — деді Андрей қайталап. Сөйтті де маған жақындай беріп кеудемнен ақырын нұқып жіберді.

— Сен түсінесің ғой. Адамның жаны тек нанмен ғана өмір сүрмейді ғой. 

Мен оған тіке қарадым. Бірақ ол маған назар аударған жоқ. Кішкентай Ленаны қолынан жетектедім де тысқа шықтым. Біз Қопа көлін бетке алдық. Қамыс басқан көлдің жағасында тірі жан көрінбейді. Кішкентай Ленаның салмағы да әжептәуір болып қалған. Көтеруге әлім де келмей барады. Қызды құм үстіне жайлап қойдым. Сөйттім де қызға қарап: Лена, мына құмнан сарай сал немесе үй салуыңа болады, — дедім.

— Сарай салғым келмейді. Үйге кеткім келеді, — деді Лена.

— Үйге неге барасың? Сен қазір бойжетіп қалдың. Жүр қыдырайық.

— Жоқ. Үйге кеткім келеді, — деді ол қайталап.

Қалтамда ақша болса балмұздақ па сол сияқты бірдеңе алатын едім. Бірақ баланы алдайтындай ештеңем, соқыр тиыным да жоқ. Қайтерімді білмей жан-жағыма қарадым. Кенет бір ой сап ете түсті.

— Кеттік, Лена. Мен саған ит көрсетемін, — дедім.

— Ит көргім келмейді!

— Сен оның қандай ит екенін білмейсің ғой. Ол аю сияқты өте үлкен. Өйткені, ол расында да аю. Тек сәл итке ұқсайды. Көргің келе ме?

— Иә, көргім келеді, — деп көңілденді Лена.

— Онда кеттік.

Мен оның кішкентай алақанын еппен қысып ұстап көл жағасын бойлай жүріп кеттім. Аяқ астында құм сусылдап жатыр. Жол бойы жағаға байланған балықшылардың қайықтарының  қасынан өттік. Көл баяу ғана шымырлай толқып жатыр. Мен көгілдір аспанға көз тастадым. Аспан қою шаңға боялғандай қап-қара болып күңгірттеніп тұр. Ал көл ғасырлар бойы зілбатпан салмақтың астында жаншылып жатқандай тым-тырыс.
— Әлі алыс па, — деді Лена.

— Аз қалды. Жақындап қалдық. Сен қайта-қайта сұраудан ұялмайсың ба? Өйткені сенің әкең – ұшқыш. Өзің бір сәт  ойлап көрші. Ол өмірінде қанша шақырым ұшып өткенін білесің бе?
– Бірақ қазір ұшпайды, – деді қыз қулана жымиып.
– Ұшатын болады.
– Қашан?
Мен оның кішкентай қолын қысып ұстап қалдым.
– Өзің сұра.
Содан біз қос қабатты қоршауы биік әдемі үйлерді бойлай өттік. Анадай жерде отырған дәу қара итті бірден көрдім. Біз бір мезетте бір-бірімізді байқадық. Ол жүгіріп келді. Дұрысында, бізді көріп бар екпінімен жүгіріп келді. Қатты келгені соншалық бар пәрменімен мені соғып өтті. Бірақ мен жығылмай тұрып қалдым.
– Міне, қонжық, – дедім мен. Михаил Михайлович.
– Қандай үлкен! – деп айғайлады Лена.
– Мен саған айтып едім ғой. – Бұл қонжық. – Мен иттің басын қолымен ұстап құлағына жақындап сыбырладым: – Сен менімен жақсы қарым-қатынаста болған жалғыз итсің, иә? Тек жалғыз сен ғана. Құдай үшін, мені мас деп ойлама. Біз Андрей екеуіміз біраз ішіп қойдық, бірақ ол маңызды емес. Ақшам болғанда, мен саған келмесең, сені ұрлап әкетемін. Біз бұл жерден қашып кетеміз, әрі сен қасымда мәңгі қаласың.
– Қонжыққа не деп айтып тұрсың? – деді кішкентай Лена.
– Жай сөйлесіп жатырмыз.
Мен биік қоршаулы үйдің қасында отырып, темекі тұтаттым.  Ленаның Михаил Михайловичпен ойнап жүргенін, итті итеріп құлатпақ болып жүргенін көріп тұрдым. Дәу ит бала қанша зәбірлеп жатса да мыңқ етпей жүр. Мен  уақыт өте келе оны ұрлап алмай болмайтынына сөз бердім. Өзіме тамақ таппай жатсам да осы үлкен, алып денелі итті дүниенің бір шетінен екінші қиырына алып жүремін.  Өйткені, ол мені сыйлаған, мен үшін ең қымбат жан.
Біраз уақыт жүріп біз үйге қайттық. Андрей үйінің жанында отырып темекісін шегіп отыр.
– Қалай, татуластыңдар ма? – дедім мен.
– Жоқ, – деді ол.
– Түн сендерді татуластырып қалар.
– Мүмкін. Барып көрші. Не істеп жатыр екен.
Мен бараққа кірдім. Мария төсекте жатыр. Мен олардың отбасылық ісіне ешқашан  араласып көрген емеспін. Бірақ бүгін ол шектен шыққан екен. Әйелдің беті көнектей болып ісіп кеткен, тұла бойы түгелдей көгеріп, көк-ала қойдай болған. Байғұс әйел қайратты еркекке не істей алсын? Шашын жұлып, әбден сабап ұрғаны көрініп тұр. Мария абайлап менің бетіме бұрылды.
– Сонда не үшін? – Баланың тамағын алдым ғой. Өзім үшін де емес.
Мен үнсіз мелшиіп тұрып қалдым. Бұрышта аяқталмаған шоколад плиткасы жатыр. Көзіме бірден түсті. Шоколадты жерден көтеріп алдым. Жылай-жылай әбден шаршаған әйелдің жүзіне тағы бір қарадым.
– Бәрі дұрыс болады, Маша.
– Андрей екеуің ылғи солай айтасыңдар.
– Бәрі дұрыс болады, – деп қайталадым қолымдағы желімдей затқа қарап. Мен дәл солай болатынын білдім. Марияға жақындап келіп қолымды ұсындым. Оны құшақтап аялағым келді. Бірақ ол кері шегініп басын кереуеттің басына соғып алды. Мария менен де қорқып тұр. Мен ешқалай көмектесе алмайтынымды түсіндім. Барақтан шығып Андрейдің қасына келіп отырдым. Қолымда – әлгі қарғыс атқыр шоколадтың қалған бөлігі еріп барады. Бірақ соны лақтырып жіберуге біртүрлі ұялып тұрдым. Кейде адам өз-өзін де түсінбей қалатыны бар.

— Түбің түскір. Менің шаруам емес. Бірақ сен мұны бекер істедің, Андрей. Ол өзі үшін емес қой. Ана — қай кезде де ана. Ал әлгі біреу оған тиісіп жүрсе, ол басқа әңгіме. Оны біз енді жолатпаймыз, Андрей. Мария өте сұлу әйел. Ол маған да ұнайды.

Ол орнынан атып тұрып, қарсы алдыма келіп тұрды.

— Тыңдашы, досым. Қайдан, қайтіп алса да, Мария сол біреудің бергенін өзі жесін. Әлгі төртпақ қара менің әйелімнің  соңынан қалмай жүргеніне екі ай болды. Бірақ менің балама неге береді. Одан да баламның аш қалғаны жақсы емес пе!

Бірер сәт үнсіз қалған Андрей қайта сөйлеп кетті.

— Қалай болғанда да мен бұл елден кетпеймін. Тіпті мені жерлейтін жан қалмаса да ешқайда кете алмаймын. Ал сені түсіне алмаймын. Сенің бұл елден мәңгілік кетіп қалуыңа еш кедергі жоқ қой. Күн сайын өмірімізді жақсарту үшін тырмысып әрекеттеніп жүрмін. Ештеңе өнбей жатыр. Бірақ мен бәрін қайта бастаймын. Күн сайын құлшына кірісе беремін. Іздеп жүріп ақыры бір жұмыс та табармын. Мәселе жағдайдың ауыр болғанында емес. Бәріне қиын болады. Бірақ мен алынбайтын қамал жоқ деп санаймын.  Егер шыдамай кетсем, өзіме ешқашан демалуға рұқсат бермеймін. Ештеңені кейінге қалдыра алмаймын. Өйткені бұл – тым артық. Түсінесің бе?

— Түсінемін әрине, — дедім мен.

Қолымда бір нәрсе жабысып, жаман иіс шығып тұрғандай сезілді. Ол құрғыр шоколад еді. Лақтырып жібердім.

— Міне, бәрі осы, — деді Андрей.

— Иә. Бар болғаны осы. Бірақ әйелдер…

— Не әйелдер? — деді Андрей сөзімді бөліп. Мүмкін, ол маған тұрмысқа шыққанда, мен ақша таба алады деп ойлаған шығар. Бірақ маған бәрібір. Мен бұл жерден кетпеймін.

— Дұрыс айтасың, Андрей. Сен кетпейсің. Жақында жұмыс та табамыз. Көр де тұр.

— Міндетті түрде. Жүзуге барасың ба?

— Барамын. Неге бармасқа?, — дедім мен.

Біз тыр жалаңаш шешініп тастап Қопа көліне қойып кеттік. Бұл арада бізді ешкім көрмейді. Адамдардың бәрі қапырық ыстыққа шыдамай үйлерінен шықпай жатыр. Қара қарғаның миы қайнайтын шілденің шіліңгір ыстығы бет қаратпайды. Тұла бойымнан тер парлап тұр. Құдай адамдарды сынап көрмек болған сияқты. Судан шығып құм үстіне шалқалай жаттық. Ыстықтан құм үсті де әбден қызып денені күйдіріп тұр.

Қалибек айтқан екінші күн де аяқталды.

Мен Алматыға қайта келдім. Үйреншікті дәмханада оны бірден көрдім. Ол сыра ішіп отыр екен. Әдетте мен тапсыратын сол Шымкент сырасы. Оны маған даяшының өзі әкеліп беретін. Қалибек орындыққа жайғасып рахаттанып отыр. Үстінде аппақ таза көйлек. Жеңдерін ұқыптап қайырып қойыпты. Мен оның қасына отырдым:

— Не ішесің?

— Сыра. Өзің ішіп отырғаннан, — дедім мен.

— Жақсы, — деді ол. Сосын даяшыға бұрылып: «Шымкент» сырасы деді.

Осы кезде бір нәрсе есіме сап ете түсті.

  • Жоқ коньяк болса дедім. Ол менің ішкеніме қарсы болған жоқ. Коньяк қатты ащы екен. Бірақ мен не болса да кеңірдегіме қарай лақ еткіздім. Мен өз әйелінің көңілдесімен жолдас болып жүретін жігіттерді білетінмін. Енді оларды түсіне бастағандаймын. Бірнешеуін сілтей келе көңілім жадырап сала берді. Иә, бәрін де сатуға болады, болады. Тіпті достықты да, махаббатты да… Өмір солай… 
  • Сонымен, не болды? Келісесің бе?, — деді Қалибек.
  • Не істеу керек?
  • Міне былай істейсің. Ол қалың былғарыдан жасалған әмиянынан жіңішке бауы бар алтын сағатын алып үстелдің үстіне қойды.
  • Араймен бірге мейманханаға барасың. Шешініп төсекке жатқан кезде одан су әкеліп беруін өтінесің. Болмаса оның әжетханаға барғанын күтесің.
  • Білесің бе? Мен мұндайдың талайын көргенмін. Қолымнан келетін іс. Тап-тұйнақтай ете аламын, — дедім.
  • Өзіңді әдеттегідей ұста. Қателік жасама.
  • Сонымен әріқарай не істеу керек?
  • Бұл шамамен бір-бір жарым сағат уақыт алады. Ол сағатына қарап алды да ал сағат бір жарым шамасында сендерге полиция келіп кіреді.
  • Полиция?! Бұл сөзді мен қатты таңырқағандай болып айттым. Маған ақымақ болып көріну әсте қиын сияқты болатын.
  • Иә, полиция, — деді ол байсалды қалыппен. Олар тексеріспен келеді. Полицияның жезөкшелердің сөмкесін қолына алып ақтаруға құқығы бар. Солай ма? Ол өз учаскесінде кімнің не заты жоғалғанын бес саусағындай біледі. Қойын дәптерінде бәрі жазылған. Бұл сағат осыдан үш сағат бұрын қыздармен көңіл көтермек болған бір нақұрыстан ұрланып алынған. Енді түсіндің бе?
  • Түсіндім, — дедім мен. Сөйттім де үстел үстіндегі сағатты қолыма алып қалтама салмақ болдым. Ол қолымнан ұстап сағатты қол орамалымен мұқият сүртіп маған ұсынды. Орамалын әдемілеп бүктеп төс қалтама салып қойды. Одан кейін қалтама ақшаны да сүңгітіп жіберді. Мен оны санамадым. Бірақ шамамен үш жүз мың теңгеден асып кеткенін білдім.
  • Сонымен келістік қой. Тағы ішесің бе?
  • Иә әрине, — дедім мен.

Мен онымен әлі біраз отырғым келді. Бәлкім ойымнан айнып сағаты мен ақшасын қайтарып беріп кетіп қаламын ба деп те ойладым. Қызыл мойын коньякты ішіп отырмын. Ойым он саққа кетті. Бірақ ақшасы құрғыр көңіліме бекіп алғандай сол күйі келісімімді бердім.

Үшінші күн өтіп жатыр. Дәл осы тұста менің бәрінен тәбетім қашып, ұйқымның берекесі кетті. Арайға жыным келіп отыр. Сол үшін осындай шаруаға бел будым. Маған шақырайған күннің қапырық ыстығында бес жүз метрдегі басқа көшеге өту керек. Тек кешкісін ғана Арайдың қасында жатқанда ғана шаршағаным басылғандай сезілді. Осыдан екі күн бұрын дұғасын оқып жатқан қарияның дауысы тағы естілді. Арай екеуіміз де үнсіз жатырмыз. Меңіреу тыныштық орнады. Тек қарияның дұға тілеген әлсіз дауысы ғана талып естіледі. Мен мұнда тапсырыспен келгенімді білемін. Бірақ не істеу керегі нақты есімде жоқ. Көрші бөлмедегі кейуана менің ойымдағының бірін шатастырып жіберді. Есіме ештеңе түспей жатыр. Көзім терезеге түсіп қарсы үйдің шатырына қарады. Шатыр үстінде бір құс өліп жатыр. Бірнеше минут бұрын ұшып келген құс сол жерде жан тапсырыпты..

Арай төсектен тұрып ақ жаймамен оранып алды. Мен темекі тарттым. Есікке қарай бұрылған ол:

  • Ішетін бірдеңе әкелейін, — деді.

Сол кезде ғана есіме сап ете түсті. Орнымнан тұрып құрғыр сағатты сөмкесіне тастай салу керек екенін түсіндім. Ол шыға бере орнымнан атып тұрып сағатты сөмкеге сүңгітіп жіберіп, төсекке жатып үлгердім. Қалибек берген қол орамал еденге түсіп кетті. Бірақ оны көтеріп алатын шама жоқ. Қандай орамал болса да оны көтере алмаймын. Өмірімде өзімді дәл осындай әлсіз, еш дәрменсіз сезінбеген шығармын. Араға екі минуттай уақыт салып, Арай сыңғырлаған сыра шөлмектерін алып есіктен күлімсірей кірді. Сыраны аузыма апара бердім.

  •  Барасың ба?, — деді Арай.
  • — Барамын, — дедім. Қайда дедім тағы.
  • — Италияға менімен бірге деді.
  • — Жоқ бармаймын. Бұл туралы әңгімені доғарайықшы. Жетер осымен.
  • Арай тұрып киіне бастады. Мен қорқып кеттім.
  • — Бізді ешкім білмейтін жаққа бірге барайық. Сонда одан әрі не істейтінімізді ойластырамыз.
  • Мен ол кетіп қалып барлық істегенім құр босқа қала ма деп ойладым. Мүмкін әлгі топас қате мекенжай берді ме екен. Арай көйлегін киіп алды. Маған әлемнің бар әдебиетін еске түсіріп махаббат жайлы бірдеңе айту керек болды.
  • — Әлі кеш емес қой. Ешқашан да кеш болмайды. Мен бұл туралы ойламай сені ренжітпеуге уәде беремін. Мен сенімен бірге болғанда әрқашан сенің біріншіңмін деп ойлаймын.
  • Ол маған қарай бар денесімен бұрылды.
  • — Олай болған емес, — деді ол қап-қара көзін қадай қарап. Сенің алдыңда әрқашан біреулер болған. Бүгін де солай. Саған айтқан сөздің бәріне ақымақтықпен сене берме.

Менің денем түршігіп қаным басыма шапты. Айтқан сөздері кеудеме инеше қадалғандай әсер қалдырды.  Тісім өз-өзінен шықырлап қайрап жібердім. Ашуым келіп тұрса да ештеңе болмағандай өз-өзімді сабырға шақырдым.

Арай айнаның алдында тұрып көйлегін түймелеп жатыр.

  • Мұны маған не үшін айттың? Одан әрі не айтарымды білмедім. Қабырғаның ар жағында дұға тілеген адамның дауысы одан сайын қаттырақ шыға бастады.
  • Екеуімізге де бірге өте жақсы ғой, — дедім де сағатыма қарадым. Мұның бәрі өтірік деші. Ол еңкейіп барып төсек астындағы туфлиін ала бастады. Мен айғайлап жібердім.
  • Неге дейсің бе? Өйткені мен саған жұмыс табу үшін үш жүз мың теңге берейін деп отырмын. Бірақ мен сені енді ешқашан көргім келмейді. Осы дұрыс болар. Мен саған ақшаны беремін. Бірақ сен ол ақшаның маған қалай келгенін білуің керек. Түсінікті ме?

Мен үндемедім.

  • Андрейіңмен бірге құрып кетші. Маған керемет естеліктердің түкке де қажеті жоқ. Мен оларды ешқашан қалаған емеспін. Сен мені бақытсыз және менде бәрі жаман деп дұрыс ойлайсың. Бірақ олай емес.
  • Ол сөзін тоқтатып тұрып қалды. Мен ол кетіп қала ма деп қорықтым.
  • Білесің бе. Менің де бір кезде жігітім болды. Бірақ ол маған еш ұнамайтын. Ең алғаш рет мен өзімнің мұғаліміме бердім. Ол құлағына қысы-жазы мақта тығып жүретін қақбас шал еді. Сосын мен оның айна алдында тұрып әйелі сезіп қалмасы үшін қол орамалымен денесіндегі далапты сүртіп жатқанын көрдім.  Сондықтан ештеңе айтудың қажеті жоқ. Кешкі алтыда кел. Мен саған ақша беремін. Тіпті ешқайда кетпей мені осында күтсең де болады.

Мен расында да осында қалсам ба деп ойладым. Маған ешқайда барудың қажеті жоқ. Ойымда ештеңе қалмаған.

Үшінші күн осылай өтіп жатыр. Ол ең ауыр күн болды. Басым мең-зең болып тұр. Ешнәрсе ойыма кіріп-шығар емес. Осыған дейін не болғаны есіме түсер емес. Есімді жинап бәрін есіне түсірмек болдым. Бірақ ештеңе түсер емес. Тек кешкі сағат алтыда Арай келіп ақша беруі тиіс екені ғана есімде қалыпты.

Мен мұнда не үшін келгенім есіме түспей қойды. Бәлкім мейманханадан шығып дәмханаға барсам не үшін мұнда келгенім есіме түсер деп ойладым.

Мен қаланың батыс жағымен шығып автобуспен елге қарай оралдым. Автобус әдеттегідей емес бос. Тек екі ұзын бойлы солдат қана отыр. Әбден шаршаған жігіттер жүргізушіден аялдамаға жеткенде өздерін оятуды өтінді. Автобус жылдамдығын арттырған кезде ұйықтап отырған жігіттердің басы бір көтеріліп бір түседі. Жүргізушілерге бәрібір. Біреу жылдамдық үшін ақша төлеп қойған сияқты. Үйге де жеттім.

Есімді елге келген соң бірақ жинадым. Қалибек айтқан соңғы сағаттар өтіп жатыр. Қурай өскен кең алқапты басып жүріп бараққа жеттім. Иттер әдеттегідей мені күтіп жатыр. Қопа көлінің ар жағынан ақырын таң ағараңдап атып келеді.

Андрей барақтың қасында отыр. Мен қасына келіп отырдым. Маған темекі ұсынды. Темекіні алып тұтаттым.

  • Мария тамақ істеді ме, — дедім.
  • Жоқ, — деді Андрей.
  • Ештеңе етпейді, — дедім мен.

Біз қазір бірдеңе сатып алайық. Сосын ол одан не істейтінін ойластыра жатар. Бәлкім бір-екі банка ет алармыз.

  • Жоқ қажет емес.
  • Неге?
  • Өйткені Мария жоқ. Қызды алып кетіп қалған. Екеуімізге кешкі тамақты өзіміз жасауға тура келеді. Күте тұрайық. Әлі ыстық қой.
  • Жақсы дедім мен.

Біз үнсіз отырмыз. Кеш батып айды бұлт басты.

  • Қалай ойлайсың оған сол нақұрыспен жаман болмай ма?
  • Болмайды. Жаман болады деп ойламаймын. Тапаншаны сатуымыз керек еді. Сонда Мария мен Лена бірнеше күн болса да тоқ болар еді.

Андрей бар денесімен бұрылды.

— Мен бәрін жақсы болсын деп істедім ғой. Мен жұмыс таппасам оларға да өзіме де бәрін қоямын деп серт еттім. Бірақ олар кетті де қалды.

Ол ештеңе емес. Екеуіміз ертең соған барып жұмыс істейтін боламыз. Менде ақша бар. Білесің бе үш жүз мың бар.

  • Арай берді ме?
  • Иә.

Екеуміз бараққа кірдік. Андрей жүгіріп барып коньяк әкелді. Түн ішінде дүкеншіні ояту қажет болды. Тамақ істеуге құлқымыз болмады. Коньякты апельсинмен қосып ішіп отырмыз. Бір шөлмек екеумізге аздық етті. Сөйтіп Андрей екіншісіне кетті. Тағы дүкен иесін оятуға тура келіпті. Олардың ұрсысып жатқанын естідім. Екінші шөлмекті барақтың сыртында отырып іштік.

— Ертең қалаға автобуспен жұмысқа барамыз, — деді Андрей сыбырлап. Сосын таңғы алтыдан жұмысқа баратын боламыз.

— Иә. Тек осы жерден емес трассадан шығайықшы дедім мен.

— Жоқ ол жерден шықпаймыз.

— Сол жерде сені жаман шошытқан қара дәу итті білесің бе?

— Әрине. Мен оны өзімнің туған күнімнен де артық білемін.

Андрей күліп жіберді.

Мен ол итті көптен білемін. Ол осындағы бір байдың баласының иті. Осында сонау Швециядан келген көрінеді. Көп ақша әкеліпті.

— Сені иттер жек көретінін көріп маған сол ит қауып алса не болады деп ойладым. Ал сен көп ақша алар едің. Сөйтіп біраз ырғап-жырғап қалар едік. Бірақ ол ит сенімен керісінше достасып кетті.

Мен үндемедім. Ол менің алдымда ақталғысы келіп мен оны білмедім ғой.

Мен стақанды толтыра құйып Андрейді күтпестен тартып жібердім. Мен өзімнің масайып қалғанымды сездім. Бірақ белгісіз бір рахат күйге бөлендім. 

Тек сол сәтте ғана мен осының бәріне тек сол Қалибек кінәлі екенін ұқтым. Андрейден Мария мен Ленаның кетіп қалғаны да, мейманханадан Арайдың терезеден секіріп кеткені де, біздің екі ай бойы жұмыссыз жүргеніміз де сол Қалибектің кесірінен болыпты Мұның бәрін неге кеш ұқтым екен. Қақпас шал бәрін түгел ойластырған екен ғой. Бізді сыртымыздан байқап, бәрін түгел есептеп ретін тапқан екен. Мен бараққа кіріп кереует астынан тапаншамды алып шықтым. Андрей маған құйып қойған екен. Мен бірден қағып салдым. Сосын ұмытпас үшін тағы іштім. Үстімдегі жейдені шешіп есіктің жақтауына сүйеніп тұрмын. Енді маған бәрі түсінікті. Не істеу керектігін бес саусағымдай білемін. Қараңғыда сипалап жүріп жейдемді тауып алып, иығыма іле салдым.

Күт мені, Андрей. Мен де шығып барамын. Қараңғы түнекке қарай екеуіміз шығып барамыз. Мақсатымыз айқын. Тапаншаны алып қақ маңдайдан атамын. Басқа жол жоқ.

Алматыға жеттік. Іздеп жүріп Қалибекті іздеп таптым. Тапаншамен қақ маңдайдан аттым…

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Құны

(әңгіме) Адам азды ма, заман азды ма білмедім?-деп есіктен кіріп...

ІШКІ БІР ТҮЙСІК

Қалалық ІІД Тергеу басқармасының басшысы, полковник Абылай Қайсеновтің кабинетіне бір...

ОРАМАЛ

Алматы бүгін әдеттегідей  жаймашуақ. Шөкімдей бұлт айналып-айналып  жауа алмай кетті. Күздің...

ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей...

Хакердің қолтаңбасы

Қала жұрты шырт ұйқыға кеткенде әлдебіреу ақпарат жүйесіне ұрлана...