12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ІШКІ БІР ТҮЙСІК

Қалалық ІІД Тергеу басқармасының басшысы, полковник Абылай Қайсеновтің кабинетіне бір жас келіншек  келіп, ірі сауда орталығында күзетші болып жұмыс істейтін күйеуі Серіктің өзін-өзі өлтіруі мүмкін еместігін, оны біреудің қасақана өлтіргеніне сенімді екенін жыламсырап тұрып айтты. Полковниктің түсінгені оның күйеуі тірісінде түрлі қиыншылықтарға қарамастан өмірге жарқын көзбен қарайтын азамат болған екен. Сондай-ақ, қайтыс болған азаматтың көптеген қызметтестері әріптестерінің бұндай әрекетке не себеппен барғанын  түсінбепті. Осы жайларды негізге ала отырып, ол бұл іспен шұғылданған тергеушімен сөйлесіп, сол іспен жақсылап танысқанында оның бір жағынан әдеттегі өзін-өзі өлтіру ісіне ұқсағанымен, мүрдені тапқан екі күзетшінің сөздерінде сәйкессіздіктер барын көргенде ішкі бір түйсігі бұл қылмысты істің артында бір шикіліктің барын айтып тұрғандай болды…

  Мұндай ішкі түйсік онда тұңғыш рет, алғашқы қылмысты іспен шұғылданған кезінде пайда болған еді. Содан бері бұл сезім оны еш алдамапты. Абылай сол кезде арнайы оқу орнын жаңа бітіріп, «Шұғылалы» деп аталатын шағын қалашықта тергеуші болып қызметтік жолын бастаған  болатын. Жаңадан келген маманға әріптестері барынша қолдау көрсетсе, басшылығы да оған былайша жеңіл көрінген істі тапсырды. Дәл сол уақытта қалашық жанынан ағатын шағын өзеннен бір адам мүрдесі табылған еді. Дәрігерлік тексеру қайтыс болғанына үш күн өткен адамның қанынан спирттік ішімдіктің ізін тауыпты. Жүргізілген тексерулер оның кешкі уақытта осы қаладан өтіп бара жатқан пойыздан бір азаматпен бірге түсіп қалып, кейіннен жалғыз өзі түннің бір уағында мас күйінде жергілікті кафеден арақ сатып аламын деп жұрттың мазасын алғанын, содан кейін өзенге қарай кеткенін анықтапты. Сырт киімінен табылған  төлқұжаты мен ақшасы тіпті қолындағы сағаты да оның бір қарақшылық шабуылдың әсерінен емес, байқаусызда өзенге құлап өлген деген жорамалға сеп болды. Сол себепті де басшысы оның бұл істің тез арада жабатындығына сенімді еді. 

Жас тергеуші де басында осындай ойда болғанмен, қолындағы мәліметтерді сараптай отырып, бұл жерде біраз анықтауды талап ететін жайлардың барын ішкі бір түйсігімен сезді. Суда біраз уақыт болғандықтан бет-бейнесі қанша жерден өзгерді дегенмен, түрі төлқұжаттағы суретке сәйкес еместей көрінді, сондай-ақ тергеушіні неге екені қолындағы шынысы сынған қол сағатында тоқтап қалған уақыт мазасын ала берді. Онда сағат 11-ден 10 минут уақытты көрсетіп тұрса, куәгерлер оның түнгі 12-ге жақын кафе маңында мас болып жүргенін көрген екен. Бірақ ол сол мас болып жүргенде байқаусызда қол сағатын сындырып алуы мүмкін деп ойлауға болғанмен, тергеушіні қосымша оның иығындағы үлкен күйік шалған жердің орны ойландырып қойды. Мұндай ерекше белгіні оның  бір жерден көргені анық еді. Ақыры есіне түсті.  Дереу жоғалған адамдар туралы  деректерді ақтарып, сондай белгісі бар адамды туыстары  екі күн бойы іздеп жатқанын білді. Оның туыстарына хабарласып, ерекше белгілері бойынша оның шын мәнінде іздеудегі адам екенін анықтады. Ал сонда төлқұжаттағы адам кім? Ол қайда? Үш күн бұрын қалашықта бір оқыс оқиға болмады ма екен деп тексеріп көргенде, сол күні түнде бір адамды көлік қағып кеткені анықталды. Екі күн бойы қалалық «Жансақтау» бөлімінде ес-түссіз жатқан сол адамның ешбір құжаты болмағандықтан және жол апаты кезінде бетіне қатты соққы тигендіктен,  оның кім екенін нақты анықтаудың сәті түспепті. Бір қызығы ол адамның да сырт киімі өзеннен табылған адамныңкіне ұқсас болып шықты. 

Абылай оның есін жиғанын естіп, жолығуға келгенде ол бар жайды айтып берді. Қасындағы серігі екеуі кездейсоқ вагонда танысып қалыпты. Елдің батысынан Алматыға қарай жолға шыққан олар ұзақ жолды қысқарту үшін «біраз жүз граммдатыпты». Осы «Шұғылалыдан» басқа бір пойызға мінетін болғандықтан, кешке темір жол вокзалдан түсіп қалып, әлі де біраз уақыттары болғандықтан сол маңнан бір бөлме жалдапты. Заттарын сол жерге тастап, өздері жергілікті кафеден тағы да біраз спирттік ішімдік ішкен екен. Кейіннен екеуі өзен жағалауында біраз серуендеп жүрген соң, жолдасы мұны араққа жұмсапты. Ол кафеге барғанда қалтасында ақша жоғын, қателесіп қасындағы адамның  сырт киімін киіп алғанын біліп, кафедегілерге жағдайды түсіндірмек болғанмен, олар оны  «ақша болмаса, арақ жоқ» деп қуып шығыпты. Содан ол ашу үстінде өзенге қарай жүгіріп бара жатқанда бір көлік қағып кеткен екен.  Демек, бұл кафеге қарай кеткен кезде, жолдасы байқаусызда суға құлап кеткен болды ғой деп Абылай іштей қорытындыға келді. Жас тергеушінің бұл болжамы рас болып шықты. Темір жол вокзалы мен кафедегі куәгерлер және олар жалдаған бөлменің иесі жолаушының сөзін растаса, қосымша жүргізілген экспертизалар оқиғаның дәл сондай бағытта өрбігенін анықтады. Сол алғашқы істен кейін тергеуші Абылай Әзімханұлы тергеу ісінде әрбір жайға ерекше назар аударатын болды.     

Мынау жас күзетші Серіктің «өзіне-өзі қол жұмсау ісінде де» бір түсініксіз жайлардың барын сезген  кәнігі тергеуші оның өлі денесін тауып алған екі қызметтісі – Ерлан мен Алматты қызметтік кабинетке жауап алуға шақыртты. Себебі, олардың жауаптары былайша бір жерден шыққанмен, кейбір жерінде сәйкессіздіктер бар болатын. Сондықтан неде болса, ол бұл іске нақты нүкте қою үшін сол қызметкерлерді  тергеуге  жеке қатысуға бел буды.

Алдымен жауапты жұмысқа жақында ғана келген Алматтан алуға ұйғарым жасалды. Ол тергеушінің жанынан білдей бір бөлім басшысы, мығым денелі, түрі сұсты полковникті көріп, өз сөздерінен шатаса бастады. Полковник оған ешбір сұрақ қоймаса да, ол өз-өзінен қуыстанып, көп ұзамай қылмыстық оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын түгелдей айтып берді. Сол күні түнде Серік, Ерлан үшеуі кезекшілікте бірге болған екен. Әріптестері Ерлан Серік марқұм екеуін сауда кешенінің төбесінің шетіне шақырып, «іскерлік әңгімені» бастапты. Өзінің біраздан бері «закладчик» болып жұмыс істейтінін, сол арқылы мол табыс табатынын, бұларды да өз «бизнесіне» қосылуға шақырып, олар келіссе тез арада мол ақшаның астында қалатындарын айтыпты. Өзі осы сауда кешені басшыларының бірінің туысы болғандықтан, келешекте бұларды табысы жоғары қызметке де  қойдыртатынын, егер байқаусызда ұсталып қалатын болса, полициядан тез шығарып алуға шамасы жететінін де айтыпты. Ақшадан қысылып жүрген бұл келіскенмен, Серік ондай қылмыстық іске араласпайтынын айтып көнбей қойыпты. Сол кезде Ерлан оны бірден төмен қарай итеріп жіберіпті.  Үш қабатты ғимараттың төбесінен қатты жерге құлаған оның  тірі қалмасы анық еді. Ерлан бұл жайлы полицияға айтса бұны да өлтіре салатынын айтып қорқытыпты. Содан амал жоқ, оның айтқанын істеуге мәжбүр болыпты. Екеуі бірлесіп, камералардағы өздеріне қатысты жазбаларды өзгертіп, оқиғаны тура бір Серіктің өзіне-өзі қол жұмсағандай етіп көрсетіпті. «Марқұм сол күні екеуіне қаржыдан қысылып жүргенін қайта-қайта айта берді. Ғимараттың төбесіне шығып кеткен еді. Алайда ол жақта техникалық ақаудың салдарынан камераны  істемей тұрғандықтан Серіктің қалай өз-өзіне қол жұмсағанын байқамай қалдық, оның өлі денесін кейіннен байқап, тез арада полицияға хабар бердік»-деген сөзді айтамыз деп өзара келісіпті. Алматтан кейін, Ерланнан жауап алу басталды. Ол қылмыстары әшкере болып қалғанын білген соң, алдымен біраз бұлтарғанмен ақырында бәрін мойындауға мәжбүр болды. Бұзақы мінезіне байланысты көптеген мекемелерде тұрақтап жұмыс істей алмапты. Осы жерге басшы туысына  жалынып жүріп, әрең орналасқанмен, аз табыстан әбден мезі болыпты. Содан жақында түрмеден шыққан бір танысының ақылымен «закладчик» болып табыс таба бастапты. Біраз уақыттан соң өзі де «бастық» болғысы келіп, қарауына адамдар алып, солардың үстінен де ақша тапқысы келіпті. Жұмысында Серік пен Алматтың ақшадан қысылып жүргенін жақсы білетіндіктен оларға ұсыныс айтқанда, Серік қарсылық білдіріпті. Содан ол полицияға айтып қоя ма деп қорқыпты. Егер түрмеге түссе, оны «қожайындары» сол жерде-ақ өлтіріп кете ме деп сол сәтте Серікті өлтіруге бел буыпты. Ал қорқақтау Алмат қылмысқа серік болғандықтан ешкімге ешнәрсе айта алмайды деген сенімде болыпты. Кәнігі тергеушіні оның бір жанның өмірін қидым ау деп емес, серігімнің «тоқылдайтынын» білгенімде оны да сол жерде-ақ өлтірер едім ғой деп өкінгені ашуландырды. Кезекшіге оны дереу камераға алып кетуді бұйырды. 

Полковник Абылай Қайсенов осылайша кезекті бір қылмыстық істің әшкереленуіне сеп болып, қылмыскердің қолынан қайтыс болған асыл азаматтың атын ақтағанына риза сезімде болды. 

Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ, 

журналист. 

Жетісай ауданы.

ОРАМАЛ

Алматы бүгін әдеттегідей  жаймашуақ. Шөкімдей бұлт айналып-айналып  жауа алмай кетті. Күздің...

ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей...

Хакердің қолтаңбасы

Қала жұрты шырт ұйқыға кеткенде әлдебіреу ақпарат жүйесіне ұрлана...

ҚИСЫҚ

Айдауыл Жаңбыр себелеп тұр. Алдымда балшық кешіп, аяғын әзер алып...

КӨМБЕСІ КӨП ЖЫЛДАР

(Детектив әңгіме) «Шуақты сити» мөлтек ауданы, 7-үй, 7-қабат, 77-пәтердегі Бұланның...