spot_img
spot_img

КҮЛ АСТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң ата Қазына ауылының үстін қалың тұман басты. Ауадағы иіс – түтін мен дымқыл топырақтың аралас иісі. Бұл кезде ешкім көшеде ұзақ жүргісі келмейтін. Ертерек тұрған Сәрсенкүл сиыр саууға далаға шыққанда, көрші Тұрысбайдың иесіз қалған үйінен түтін шығып жатқанын байқап қалды. «Мынау түтін бе, басқа ма?» Көзіне сенбей, біраз тұрып қалды. Үйдің мұржасынан жіңішке көкшіл түтін бұрқырап көкке көтеріле берді. – Бұл үйге біреу кірген бе? – деп күбірледі ол.

Тұрысбай шал осыдан екі ай бұрын қайтыс болған еді. Ол үйде жалғыз өзі ғана тұратын. Туыстары да, балалары да, әйелі жоқ. Содан бері үй бос тұрған. Есігі құлыптаулы, терезелеріне мал, не ойнаған балалар сындырып кетпесін деп тақтай қағып тастаған еді көршілері. Енді сол үйдің мөржесінен түтін шыққаны… Біртүрлі түсініксіздеу…

Ол дереу учаскелік полиция өкілі Шәріпке хабарласып, болған жәйтті жеткізді. Аудан орталығынан алыс орналасқан бұл ауылға келудің өзі біраз уақыт алатын. Қатты жүрсе керек жарты сағат өтпей Шәріп те жетіп, Тұрысбайдың үйі алдына тоқтады. Ол алдымен үйдің ауласын шолып шықты. Үй есігі ашық. Құлып бұзылған. Ескі ағаш есік желмен ашылып жабылып сықыр-сықыр етеді. Сыртта жан баласы көрінбегесін ол үйге кірді. Үй салқын, бірақ пеш ыстық екен. Пештің айналасы күл, ал пештен күйген иіс мүңкіп тұр.

Шәріп қолшамын жақты да, пешке үңілді. Әуелі көмір сияқты көрінген нәрсені көзі шалды да, дереу қолғап киіп, темір қысқышпен күлді түртіп қарай бастады. Сол кезде темір қысқыш күл арасынан бір нәрсені іліп алып шықты. «Тас па екен?» – деп ойлап, қолымен түртті де, әлгіні үрлеп жібергенде… Шошып кетіп, бойын тіктеді. Көзі шарасынан шықты. Бұл – адам  саусағы еді. Дереу аудандық полиция бөліміне хабарласып жедел тергеу тобын сұратты.

Облыстық ПД-нің басшылары қылмыстың ауырлық дәрежесіне қарай және резонансты іс болғандықтан бұған аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші полковник Қайсенов Абылайды арнайы жіберуге шешім қабылдады. Қайсенов Абылай 42 жаста, отбасылы, полиция академиясын үздік бітірген, бойы сұңғақ, көзі өткір, адам байқамайтын кішкене детальдарға мән беретін, тік мінезді, өз ісінің маманы еді. Алайда оның бір аптадан кейін демалысқа шығатыны, Астана қаласында тұратын әке-шешесіне бармақшы екені жайлы басшылар білгенмен, бұл істі басқа тергеушіге сеніп тапсырудың өзі қиын, мұндай күрделі істі ашу тек тәжірибелі маманның ғана қолынан келері белгілі еді. 

Қызметтік телефон шырылдады.

     – Қайсенов Абылай тыңдап тұр!

     – Қайсенов, маған жолығып кетші, саған тапсырма бар – деді облыстық ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Әділжан Баймұратов.

  • Құп болады! – деп Абылай дереу қызметтік кітапшасын ала басшы кабинетіне беттегенде «Осы күл арасынан табылған саусақ үшін шақырып жатқан секілді. Менің келесі аптада еңбек демалысына шығуым керек екенін білетін еді ғой…» – деген ойда еді. Сәлден соң ол Әділжан Баймұратов кабинетінің есігін қақты.
  • Кіріңіз. Абылай… жақынырақ отыр!
  • Тыңдап тұрмын бастық мырза!
  • Абылай! Сенің келесі аптада еңбек демалысына шығуың керек екенін білемін. Алайда оны кейінгі қалдыруға тура келер. Қазына ауылында пеш ішінен, күл арасынан саусақ табылып жатыр. Осы істі ақырына дейін жеткізіп барып еңбек демалысына шығуға қалай қарайсыз?

Абылай әке-шешесін көруге асыққан болатын, алайда басшылықтық өзіне сенім артқаны оны жігерлендіріп:

  • Құп болады! Іске қатысты түпкілікті шешім қабылдаған соң Сізге баяндаймын, – деп бөлмеден шығып кетті.

Ол іссапарға шыққан ауыл да, ол ауыл қарайтын аудан орталығы да облыс орталығына алыс емес болатын. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде жедел тергеу тобының автокөлігі Қазына ауылындағы оқиға орнына жетті.  

Болған жәйтті Шәріп баяндап болысымен Абылайдың бұйрығымен Тұрысбайдың үй ауласы лентамен толық қоршалды, өзі оқиға орнын қарап тексеруді бастап кетті. Үй ауласынан тергеу қызығушылығын тудыратын дәлелдемелер таппаған соң ол үй ішіне кірді. Үй асүйді қосқанда екі бөлмелі, орындық пен үстел, көне жиһаз бен көне пеш. Тек адамның аяқ іздері бар, заттар шашылмаған, барлығы өз орнында. Үй ішінде төбелестің де белгісі жоқ, қан немесе өзге белгілер байқалмайды. Пеш айналасы шашылған күл. Бәлкім учаскелік полиция қызметкерінің пешті қарауынан кейінгі салдар шығар. Ол пештің ішін қарай бастады. Қабырғалары ыстық, мұндай ыстық тек көмір жаққан кезде ғана болады, ал ағаштан бұндай қызу шықпайды және пеш осыншама уақыт қызып тұрмайды. Яғни, біреу әдейі от жаққан сияқты. Көмір қайдан келген? Не үшін от жаққан? Неге осы үйде? Сұрақ көп…

Пештен біртүрлі иіс шығады, Абылай бұл иіспен бұрын да кезіккен еді. Иә, бұл күйген сүйектің иісі болатын. Ол бұл иісті ешнәрсемен шатастырмас, мұны тек мәйіттермен жұмыс жасаған адамдар ғана түсінеді. Сүйектің өзіндік, тек өзіне ғана тән иісі болады. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Пеш ішінде толық өртеніп біткеннен кейінгі күл ғана қалған. Күлдің арасында сақинасы бар сұқ саусақ жатыр. Саусақ шамамен 8-10 см, от сақина болған соң саусақты толық өртей алмаған. Шамасы күл астында қалып от толық тимей қалды-ау. Буындары мен тырнақ қалдығы байқалады. Саусаққа қарап, адам денесі ірі болу екенін болжауға болады. Бірақ адам өртелсе бұл жерде күл көп болушы еді. Дереу саусақты алып, дактилоскопиялық іздер алып, ары қарай медициналық сараптамаға жіберді. Үй ішінде басқа ешнәрсе жоқ.  

Сол күні кешке ауыл іші гу ете қалды. Әркім әртүрлі болжам айтып жатты:

  • Данияр жоғалған еді ғой, соны өлтіріп пешке жаққан шығар…
  • Мына жақта баяғыда бір қаңғыбас жүретін, сол шығар…
  • Жын-пері болмағай…

Абылай оқиға орнынан оралған соң аудандық полиция бөліміне хабарласып, ауылда із-түзсіз жоғалып кеткен адамдар туралы деректерге сұрау салды. Арада жарты сағат өткенде, алғашқы мәлімет келді. Екі апта бұрын Қосмұрынов Данияр есімді ауыл тұрғынының жоғалып кеткені тіркелген екен. Бұл екі бөлек іс болғанымен, бір адамға қатысты секілді. Дереу саусақтың Даниярға тиесілі ме, жоқ па екенін анықтау үшін ДНК сараптамасына жіберілді.

Данияр – отыз сегіз жаста, жалғызбасты, ауданға жақын тұстағы шахтада жұмыс істейтін, жұмысынан ешқашан қалмайтын, көп сөйлемейтін тұйық,    тәртіпті, бірақ көпшілікпен араласа бермейтін жігіттердің бірі болатын. Шешесі ерте қайтқан, ал әкесінің бұларды тастап қалаға кетіп қалғанына жиырма жылдан астам уақыт өткен. Туған-туысы жоқтың қасы. Ауыл тұрғыны Айжан Шөкеева деген әйел оның жоғалғанын алғаш байқаған.

Бұған бастапқыда ешкім мән бермей,«Қалаға кеткен шығар», «Жұмыспен жүр» дегендей сөздер айтылып жүрді. Тек үш күн өткен соң ғана, оның телефоны сөнгені, ешкімге хабарласпағаны, тіпті банк картасынан да ешқандай әрекет болмағаны жайлы жедел уәкілдің баянаты тіркелген. Оны қайтып келер деген оймен қылмыстық істі дұрыс тергемеген екен.

Абылай тергеуді алдымен Даниярдың үйін қарап, тексеруден бастау керек секілді деп солай қарай бет алды. Көне үй. Қабырғалардан сыз сезіледі. Ішке кіргенде оның бірден аңғарғаны – заттар орнында, ұрлық болмаған. Ас үй үстелінде су құюлы шайнек, тоңазытқышта қуырылған тауық тұр. Төргі бөлме есігінен коридорға шығар есікке дейін іздер байқалады – бұл жерден асығыс кеткен адам болмағаны байқалады. Бірақ ең таңғаларлығы – жатын бөлмеде үстелдің үстінде қара сиялы қаламсап жатты. Бояуы үстел үстіне жұққан, жазылғаны анық, бірақ қағаз жоқ. Ол керует маңынан қоқыс салған пакет тауып алды. Ішінде умаждалған парақ жатыр екен. Парақты ашып қарай бастағанда қара сиямен жазылған: «56 240.19» деген сандарды оқыды.

Абылай терең дем алды. Бұл сандар нені білдіреді? Біреуге қарыз ақшаның сомасы ма? Әлде басқа ма? Бұл сандар – мәселенің түп тамырына сілтеме сияқты. Осы жазудан бастап тергеу мүлде басқа бағытта өрбіді… Оның нақты Даниярдың қолтаңбасы екенін анықтау үшін қолтаңба сараптамасына тағайындауға жіберілді.

Келесі күні оқиға жайлы Айжаннан қайта жауап алу үшін Абылай Қазына ауылына барды. Айжанның үйіне келгенде есік алдындағы скамейкада отыздың жуан ортасындағы әйелдің инемен ер адамның киімін жамап отырғанын көрді. Абылай Айжанның бойдақ, қарапайым жан екенін істен оқыған. Ойға келген күдікті ысыра ол:

  • Саламатсыз ба Айжан апай! Мен тергеуші Қайсенов Абылаймын. Жоғалып кеткен Данияр жайлы қосымша сұрақтар қоюға келіп едім, –  деді   танысуын бастап.
  • А-а-а, иә, кел отыр. Бірақ бар білетінімді бұрын айттым ғой, басқа қосарым жоқ, – деді Айжан.
  • Сіз Даниярдың біреумен төбелескенін, жанжалдасқанын, әлде қарыз болғанын, болмаса мінез-құлқында өзгерістер болғанын байқадыңыз ба?  
  • Мен өз үйімнің тіршілігімен жүремін, біреудің үйін бақылап нем бар. Тек Данияр үйінде жоқ екенін біраз уақыт өткесін, малды өріске, жоғары тау бөктеріне шығарып жатқанда ғана байқадым.
  • Сіз басқа ешқандай күмәнді зат байқамадыңыз ба?  
  • Мен ауыл әйелдері әңгімесінен оның Ғалымжанмен қатты дауласып қалғаны жайлы естідім. Бәлкім өсек болар…Өзім көрген емеспін.
  • Сіз қай Ғалымжанды айтып отырсыз және оны неге енді айтып отырсыз?  
  • Менің ол әңгімені естігенім кеше ғана, пеш ішінен табылған саусақтан соң, ал, Ғалымжан дегеніміз Назаров қой. Басқа сұрағың болмаса мен тіршілігіме оралайын.
  • Иә, рахмет қосымша сұрақтарым болса қайта келермін.

Осы сәтте Абылайдың ұялы телефоны хабарлама келіп түсті. Онда ауыл тұрғындары айтып жүрген қаңғыбастың полиция бөліміне жеткізілгені айтылыпты. Абылай дереу қалаға бет алды. Бөлімге жетісімен қаңғыбасты шақыртты. Қаңғыбас Рашид Омаров деген 1965 жылы туған, бойдақ, тұрғылықты мекен-жайы жоқ, әбден тағдырдың тауқыметіне түсіп қажыған адам екен. Жауап алу барысында оның тек азанда бөтелке теретіні, кешке араққа тойып ішетіні белгілі болды. Бұл біреудің саусағын кесіп алмақ түгіл өзін әрең көтеріп жүрген адам, яғни, бұл емес деген ойға келді Абылай.

Енді кезек Ғалымжанға келді. Ғалымжан – ауылдағы жалғыз дәнекерлеуші, төрт баланың әкесі, жұртқа ашық көрінгенімен, Даниярмен аралары жақсы еместігін ел айтып отыр. Абылай оны учаскеге шақыртты. Ескі болғанмен жағдайы жақсы «Москвич» көлігімен келген Ғалымжан ештеңеден бейхабар кейіпте. Таза киінген, сақал-мұрты алынған, көзі өткір.  

     – Ғалымжан мырза, отырыңыз! Сізден Данияр жайлы сұрайын деп едім. Соңғы рет оны қашан көрдіңіз?   

– Екі апта бұрын. Көшеде кездесіп қалып, амандастық. Сол күні жұмыста едім. Асығыс болғасын әңгімелесуге уақыт болмады.

– Айжан ханым сіздерді бірде сөзге келіп қалды, – деді. Не болды?

Ғалымжан сәл жымиды: – Иә, рас. Жәй ғана түсініспеушілік. Үйімнің жанынан шелекпен су тасып жүр екен. Аздау тасы, суымды тауысарсың, – деп қалжыңдап едім, ренжіп, күңкілдеп, иығымнан итеріп, кетіп қалды.

– Қолыңыздағы жарақат ізін байқадым. Оны қай уақытта алдыңыз?

Ғалымжан сәл іркілді: –Иә…Шеберханада темір қиып жатып кесіп алдым. Сол мезетте ауыл ауруханасына барып көріндім. Бәрі тіркеуде тұр.

– Түсінікті… Қосымша сұрақ болса өзім хабарласамын, ал қазір боссыз.

  Ғалымжанды шығарып салды. Ғалымжанның бірнәрсені айтпай, жасырып қалғаны анық. Оны анықтау тағы бір бөлек жұмыс болды.

Абылай өзінің қойын дәптерін ашып жаза бастады. Тергеушінің басты қаруы уақытылы дұрыс шешім қабылдай білу. Сол себепті іс бойынша фигуранттарды тізе бастады.

Сәрсенкүл – марқұм Тұрысбайдың үйінен түтін шыққаны жайлы хабарлаған.

Айжан – көрші, Даниярдың жоғалып кеткенін бірінші байқаған.

Ғалымжан – Даниярмен жанжалдасып қалған.

Рашид – ауылдың маскүнемі, қаңғыбас

Тұрысбайдың үйі – неге кенеттен дәл соның үйінде от жағылған?

Дәптерге жаза салысымен, Абылайдың ойында бірнеше сатылы жоспар құрылды. Сол күннің кешінде-ақ тағайындалған сараптамалар қорытындысы келді. ДНК сараптама қорытындысы бойынша пеш ішінен табылған саусақ Даниярға тиесілі екенін, алайда күлдің арасында ешқандай адамның іш құрылысы немесе адам денесінің молекулаларының жоқ екені расталды. Дактилоскопиялық сараптама да саусақ іздерінің Даниярға тиесілі екенін растады. Қолтаңба сараптамасы хаттағы жазу Даниярға тиесілі екені жайлы тұжырымдама берген. Демек өртенген саусақ Даниярға тиесілі болса, онда дене қайда? Ол тірі ме, жоқ па, ол да белгісіз. Дәлелдемелерге байланысты іс-түссіз жоғалу дерегі мен кесілген саусақ дерегін бір қылмыстық іске біріктіріп тергеуге шешім қабылдады. Абылай өзінің ішкі түйсігіне сенетін. Бұл түйсігі оған: «Бұл жай ғана өрт емес. Біреу ізді жасырып жатыр…» – деп тұрғандай еді,

Ол тергеудің келесі сатысына өту үшін Ғалымжанның шеберханасына барды. Шеберхана іші тап-тұйнақтай болғанымен, оның назарын пештің алдындағы қара күйе аударды және күйік иісі қатты сезілді. Пештің ауқымы үлкен. Бәлкім шеберхана болған соң әдейілеп үлкен қылып салған болуы мүмкін. Пештің ішкі бетінен түрі өзгешелеу ыс байқалды. Абылай дереу сараптама тағайындау үшін, сүртінді алды.

  • Пеш жақпайсың ба?
  • Кейде от жағам… Бірақ қазір көп қолданбаймын…  

Бұған оның теріс қарап тұрып сөйлегені ұнамады. Шеберхананың ішін қарап шықты, алайда қызығушылық танытатын ештене таппады. Абылайдың ойындағы басты сұрақ – Данияр тірі ме? – деген еді.

«Қанша дәлел болса да, ақиқат бір-ақ жерде жатады – адамдардың  жүрегінде және сол жүректің тылсым тереңінде…»

Данияр жоғалған түн – ауыл үшін бейбіт, жай түн болған сияқты. Алайда Абылай егжей-тегжейін тергей келе сол түні қараңғылық астарында талай сыр жатқанын анықтай бастады. Абылайдың ойында полиция академиясында жиі айтылатын «Идеалды қылмыс болмайды, тек идеалды емес тергеушілер болады» – деген нақыл сөз қалып қойған еді. Бұл қылмыс идеал тергеушіні талап ететінін түсінген ол екі есе қарқынмен жұмысқа кірісті.

Абылай ең алдымен ауыл тұрғындарынан, көршілерден сұрастыру жұмыстарын жүргізе бастады. Алдымен зейнеткер – Оразбай ақсақалға барды. Себебі оның ауылдағы барлық жаңалықты естіп, көріп-біліп отыратынын естіген болатын.

    – Ассаламағалейкум ақсақал! Жоғалып кеткен Данияр жайлы сұрастыра келіп едім. Ауыл кішкентай ғой, білген-көргеніңіз болса…?

     – Иә, балам… Осыдан екі апта бұрын түнде құдды біреу айқайлап жатқандай болды. Терезеден қарасам, қараңғыда біреу үйдің артына қарай жүгіріп бара жатыр екен.

– Таныдыңыз ба?

– Жоқ. Анық көрінбеді. Бұзақылар шығар деп бөлмеден шыққан жоқпын.

Абылай осыдан кейін келесі көшедегі Данияр үйінің сырт жағындағы көршісі Дина есімді жалғызбасты әйелдің үйіне барды. 

    – Сәлеметсіз бе Дина ханым! Мен Данияр жайлы сұрауға келіп едім? Соңғы рет қашан көрдіңіз?

      – Сәламатсың ба балам! Менің Даниярды көрмегеніме біраз болды. Екі апта бұрын түнгі 02:00 шамасында біреу аула жақтан тарс еткізіп қақпамды жапты. Шам жағып үлгермей қалдым. Бірақ Даниярның үйі жағынан кетіп бара жатқан біреудің көлеңкесін көрдім. Қолында бір зат бар сияқты болды…

– Сіз бұл адамды таныдыңыз ба?

– Жоқ…Бірақ, жүрісі таныс көрінді… Бірақ кім екенін айта алмаймын…

Абылай терең ойға батты. Оқиға куәгерлерінің бәрі бір бағытты меңзеп тұр. Бірақ олардың айтуымен ғана ешкімді кінәлау мүмкін емес. Сол түні Даниярдың не үшін сыртқа шыққаны, не істегені, не көргені жұмбақ болып қала берді. Бірақ енді сол түннің пердесін ашатын бір ғана жол бар еді,             ол –Даниярның телефоны болатын. Иә, ол табылса, бәрі белгілі болар еді…

Абылай тергеуді тереңдете түсті. Ол Даниярдың телефонын табу үшін операторлармен байланысып, соңғы сигнал берген орынды анықтауға тырысты. Байланыс орталығы бір сағат ішінде жауап берді: Даниярдың ұялы телефоны соңғы рет ол жоғалған түнгі 2:17-де белсенді болған. Орны – ауыл  шетіндегі ескі диірмен маңы. Абылай сол жаққа қарай жол тартты.

Ескі диірмен– ауыл балаларының қорқатын орны. Иесіз жер. Қарағайлардың арасында бұғып тұрған көне ғимарат. Ішінде жартылай құлаған баспалдақтар, тозған қабырғалар. Көп уақыт алса да, іздеу кезінде сол жерден, шөптің арасынан шаң басқан ұялы телефон табылды. Телефон жартылай жарамды, экранда жарық жоқ. Абылай оны техникалық сараптамаға жіберді. Бір күннен соң сараптама қорытындысы келді. Телефон жадында бірнеше дыбыс жазбалары бар екені анықталды.

Абылай оларды тыңдай бастады. Бірінші жазба жай ғана күнделікті дыбыстар: Данияр шәй құйып жатыр, сірә, кешкі уақыт. Бірақ, екінші жазба бәрін… бүкіл ойды төңкеріп жіберді.

– Сен не істедің, Ғалымжан?! Бұл не сұмдық?!

– Данияр, тыныш бол! Ешкім білмейді. Бұл сенің де мүддеңе сай.

– Жоқ, мен полицияға барам. Бұл адам өлімі!

  • Онда… кешір…

Одан кейін – шуыл, алыс-жұлыс, ыдыс-аяқ сылдыры, ауыр тыныс алу, артынан тып-тыныш үнсіздік… Абылай жүрегі суып, басын көтерді. Бұл      жазба – дәлел. Жазбадағы екі дауыстың бірі Даниярдікі екені күмәнсіз.  Екіншісі – Ғалымжанның дауысы. Егер жазбада Данияр адам өлімі деп Ғалымжанды кінәлі етсе, өлген адам кім? Бұл іс бара-бара шым-шытырық қиынға тартып барады. Түсініксіз. Тергеу барысында Даниярды өлтірген Ғалымжан ба десек, мына жазба барлығын өзгертетін сияқты ғой. Апырай ә! Енді не істейміз? Бұл – қасақана кісі өлтіру ісі екені анық. Бірақ кімге қарсы? Тағы жұмбақ. Телефондағы жазбалар – шындыққа жол ашатын есік болды. Бірақ біреуді айыптауға әлі ерте…

Даниярдың телефонынан табылған жазбадан кейін Абылай полиция бөлімшесіне шұғыл бұйрық беріп, Ғалымжанды тұтқындауға шешім қабылдады. Оған қатысты – адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс бойынша күдікті екені түсіндірілді. Ол шеберханада жұмыс істеп жатқан жерінен ұсталды, қарсылық көрсеткен жоқ. Бірақ көзі тік, түрі сабырлы еді. Полиция бөлімінде жауап алу басталды. Абылай алдымен бейтарап сұрақтар қойды. Содан кейін Даниярдың телефоны туралы айтты.

– Біз Даниярдың телефонын таптық Ғалымжан. Онда сен екеуіңнің сөйлескендерің жазылған. Өте анық…

Жазбаны тыңдаған Ғалымжан сәл үнсіз қалды. Содан соң мырс етіп күлді.

– Мен сендерге ештеңе айта алмаймын. Басқа айтар жауабым жоқ. Түрмеге жабам десеңдер жабыңдар, бірақ сендер соңында қатты таң қаласыңдар…

Бұдан соң ол бір ауыз тіл қатпады.

***    ***

Ғалымжан қамақта. Тергеу жалғасып жатыр.Бірақ басты мәселе –Даниярдың  денесі табылған жоқ, ал, пештен шыққан саусақ қана нақты айғақ. Бұл жеткіліксіз. Абылай пеш ішінен алынған саусақ пен Ғалымжанның үйінің пешінен қырып алынған күйік қалдықтарын сараптамаға жіберіп қойған еді. Бір апта өткенде сараптама қорытындысы келді. Басты жаңалық – Ғалымжанның  пешінен алынған қалдық адамға тиесілі. Бірақ ол Даниярға тиесілі қалдықтар емес. Адам шамамен екі күн жоғары температурада жанған. Сол себепті адам толықтай өртеніп кеткен. Даниярдың саусағы мен белгісіз адамның ДНК-сы басқа. Абылай сараптама қорытындысын оқып отырып, таң қалып, іс бойынша сұрақтарды ойша тізе бастады.

  1. Бұл қылмыста нақты қанша адам өлген?  
  2. Саусақ Даниярға тиесілі болса, мәйіт қайда?
  3. Өртеніп кеткен белгісіз адам кім?
  4. Ғалымжан не жасырды?
  5. 56 240.19 сан нені білдіреді?

Сұрақтар өте көп болғанымен, жауап мүлде жоқ. Ауыл тұрғындары           бір-біріне ренжісе болды саусақ кесіп, пешке өртей сала ма? Тәрбие, әдеп, иман қайда адамдарда? Тек қылмысын жасыру үшін осындай әрекетке бара ма? – деп қатты ойға кетті Абылай.

Техникалық сарапшылар Даниярдың ұялы телефонынан өшірілген фотоларды қайта орнына келтіріпті. Ол диірмен маңында түсірілген екен. Фото бұлдыр болғанымен, адам жоқ. Құдды бір абайсызда түсірілген фото секілді. Тек онда үш адамның көлеңкесі көрінеді… Бірі – бойы аласа, бірі – орташа, үшіншісі – биіктеу. Бұл үш көлеңкенің біреуі Даниярдікі, біреуі Ғалымжан болар. Ал үшіншісі – белгісіз адам. Абылай бұл суретті үлкейтіп, кәсіби фототехникалық сарапшыларға берді. Олар көлеңкелердің ұзындығы мен орналасуына қарап келесі тұжырымға келді:

«Фото диірменге жақын маңда, шамамен таңғы 6:00-де түсірілген. Сол жақтан бастап санағанда бірінші көлеңке иесі – бойы 167 см, екіншісі – 175-180 см, үшінші көлеңке иесі – бойы 185 см-ден жоғары, денелі адам».

Демек, үшінші адам бұл Ғалымжанның пешінде өлген адам. Абылай ауыл маңындағы ірі денелі ер адамдар тізімін қарап шықты. Солардың ішінде күдік тудыратын бір ғана адам болды, ол–Қанат Жүнісов, бұрынғы учаскелік полиция өкілі, қазір жеке мал шаруашылығымен айналысады. Бұл кездейсоқтық па? Дереу Ғалымжан жайлы сұрау салдырғаны сол еді, учаскелік полиция қызметкерінен Қанаттың туысқандары іс-түссіз кету дерегі бойынша арыз жазып жатқанын хабарлады. Енді түсінікті болды фотодағы үшінші адам осы болды ғой. Нақтылау үшін ДНК сараптамасына Ғалымжанның пешінен табылған күйік пен Қанаттың жеке заттары берілді. Шамамен 15 күн ішінде жауабы келді. Күмән сейілді. Белгісіз өртеніп кеткен адам қалдығы Қанатқа тиесілі болып шықты. Туысқандарына адам денесін емес, тек 2-3 кг болатын күлді беру үйреншікті жағдай емес. Қанаттың туыстары да бұны алғаш естігенде түрлері бозарып, есеңгірегендей халде болды.

Мәселенің бірі шешілді. Белгісіз мәйіт Қанатқа тиесілі. Алайда Ғалымжан бұл бойынша өз кінәсін мүлде мойындамай отыр. Не сөйлеспейді, не жауап бермейді. Келесі мәселе – Данияр қайда? Мүмкін оны да Ғалымжан өлтірген шығар. Адамды өртегеннен не сұрайсың, адам өлтіру шыбын өлтіргенмен тең ғой бұған. Сөйтіп ойланып отырғанда түн ортасы болғанын да байқамай қалыпты, асығыс үйіне қайтты.

Алдынан жұбайы Айша алдынан күтіп алды. Ол қалалық ауруханада дәрігер болып қызмет атқаратын.

    – Айша амансыңдар ма? Балалар не істеп жатыр?  

    – Аманбыз, Медғат пен Қасым демалып жатыр. Ал Еркеназ әкем келген соң жатамын деп сені күтіп отыр.

Бұл сөзден кейін жүрегі елжіреген Абылай, ортаңғы бөлмеде күтіп отырған қызына барып

    – Күнім-ау! Ұйықтамадың ба, мені кеш келетінімді білесің ғой.   

    – Әке мен тоғызыншы сыныпты бітірейін деп жатырмын ғой. Соңғы қоңырауға өзіңнің келгеніңді қалаймын. Келесің бе?

Бұл сөзден кейін әке жүрегіның соғысы жиіледі. «Әрине қызым», –дей беріп еді, ол қуана құшақтады да, бөлмесіне қарай кетті.

Тамақтанып болған соң сәл миды тынықтыру үшін Абылай диванға жайғасып, теледидар қосып, бірер минуттан соң ұйықтап кетіпті. Бір кезде Айшаның «Демалсаңшы» – деген сөздерінен оянып кетті.  Теледидарды өшіріп жатын бөлмеге бармақ еді, теледидар экранынан жүгіртпе жол көрінді. Бір сандар берілуде. Үңіліп қараса «платина — 32.324,00, алюминий – 12 363,25, никель – 75016,9,  паллади – 5056,50, цинк – 10645,13, алтын — 56 240,19. Мұны көрген сәтте Абылай санасында найзағай ойнағандай болды. «Өңім бе, түсім бе?! Енді тапжылмастан қайта-қайта жаңалықтардың астындағы жарнаманы қарауға көшті.

«Иә, шынымен 56 240.19. Шынымен 56 240.19. Бұл сонда алтынның бағасы болғаны ма? Даниярдың үйінде табылған қағазда алтынның бағасы жазылған ба? Енді мұны көре салысымен менде ұйқы қайдан болсын». Абылай ой үстінде, таң атқанша көз ілмеді. Ертеңіне  08:30-да жұмысқа келісімен Абылай  керекті қағаздарын реттеп, қамақта отырған Ғалымжанға кіруді жөн көрді. Уақытша ұстау абақтысы болғанымен бұл жер талай адамды ойынан айнытқан болатын. Темір тор, тамақ мезгілімен, бас бостандығың өз еркіңде емес, тек төрт қабырға… Әрине, ойландырады.

…Ғалымжанды полиция қызметкері алып келді.

– Иә, Ғалымжан жайғас, бері отыр. Сенің менімен сөйлескің келмейтінін білемін, бірақ саған бір қызық оқиға айтайын ба? Тыңдағың келе ме…Мен алтын жайлы білемін…

Ол әдейі орнынан тұрып, шығуға беттеді. Ғалымжанның түрі бұзылып кетті.

Абылай мұны сезіп, артына қарамастан кете берді. Бірақ Ғалымжанның алтын деген кезінде көзінің жанары үлкейіп, сасқалақтап қалғанын, психологиялық шабуылдың сәтті болғанын сезді. Мұндай психологиялық   әдіс-тәсілдер өте көп. Тек нақты қолдану уақытын білу керек және де бұл полиция академиясында арнайы сабақ ретінде өтіледі.

Ендігі мәселе алтын жайы боп тұр. Алтынның бағасы неге Даниярдың үйінен табылды? Бұл жерде алтын үшін Қанатты өртеп жіберген секілді. Ал Ғалымжан мен Данияр алтын үшін төбелесіп, соңғысын осы себепті өлтіріп, саусағын кесіп алды ма? Алтын қылмыс жолымен келген болуы мүмкін. Бұл тек болжам ғана. Нақты дәлел жоқ.

Полиция бөлімінен ұрланған алтын жөнінде деректерді іздеп көрді. Алайда соңғы уақытта ешқандай алтынмен байланысты қылмыс болмаған. Демек алтынның бағасын қағазға жазса бұл үлкен көлемде болу керек. Егер алтын алқа, сырға болса оны ломбардқа ақ өткізе салар еді. Түсінікті, бұлар алтын тауып алған болуы керек. Ауылдың аты да «Қазына» деп босқа аталмаса керек.

     Абылай мұрағатқа барып, ауыл жайлы дереккөздерді қарай бастады. Бір жазбадағы ауыл маңына кәмпеске-аштық кезінде бір бай бір сандық алтынын тығып кеткен деген дерекке көзі түсті. Бірақ бұл сенімсіз дерек. Аңыз ба, шындық па белгісіз. Алайда бұны да ойдан шығармау керек. Не болса да Даниярдың телефонынан табылған суреттің абайсызда түсіріліп, одан соң өшірілгені тегіннен тегін емес. Сол жерге барып қайта тексеру керек.

Ол көздеген жеріне шамамен 30-40 минут ішінде жетті. Диірмен сол баяғы диірмен. Ішіне кіргенде, төбесі құлап кететіндей кейіпте. Қабырғалары әзер тұр. Аяқ асты толған қоқыс, қабырғаларда неше түрлі жазулар «89 алға» , «Жанар сені жақсы көрем», «Здесь был Антош» т.б. Диірменнің түкпіріне қарай кіргенде үлкен домалақ қақпақтай тас тұр. Қалыңдығы бір елідей, сірә, ұн тартатын диірмен тасы жұқарған түрі болуы керек. Тас қатты соққыдан екі бөлініп, орнынан ығысқан. Астында үлкен қуыс тұр. Іші бос. Басқа ештене жоқ.

Диірмен жайлы сұрау үшін Абылай ауыл қариясы Оразбай ақсақалдың үйіне қайтадан барды.

  • Ассаламағалейкум ақсақал! Қалайсыз… Амансыз ба?
  • Уағалейкумассалам балам! Шүкір! Аман-есенбіз. Не сұрағың бар еді, сен әшейін келмеген боларсың.

Абылай мырс етіп күліп: — Ақсақал осы ауылдағы диірмен жайлы сұрайын деп едім. Ол қай жылдардан бері тұр, кім тұрғызды, кімдер жұмыс жасады?

  • Е-е-е-, бұл диірменнің тұрғанына нақты қанша жыл болғанын білмеймін. Мен бала кезімнен білемін. Менің өзім 78 демін. Ол оның алдында бар. Патша заманынан қалса керек, бұл совет одағының кезінде жұмыс жасап тұрды да, 1990 нан бері қарай жұмыс істемей қалған. Ішінде жұмыс істеген адамдар қазір бұл дүниеде жоқ. Күрсіне сөйледі ақсақал.
  • Осы диірмен жайлы қандай да бір әңгімелер естіп па едіңіз?
  • Бала кезімде әжемнен еститінмін, сонау аласапыран заманында бір бай келіп, диірменшіге бір қап ұнға бір сандық алтынды айырбастап кетіпті дегенді. Бірақ диірменші бір сандық алтынды алғанымен, көп ұзамай қайтыс болыпты. Ауыл тұрғындары диірменшінің үйіне кіріп, алтынды іздегенімен ештене таппаған. Содан бұл тек жәй әңгіме екен ғой деп ұйғарады. Бірақ әжем айтатын, «Қарғыспен келген байлық адам түбіне жетер, жетпесе ұрпағына берілер» деп.
  • Түсінікті ақсақал, аман болыңыз.  
  • Балам саған айтарым, не болса да алтын бар жерде қауіп бар, қарғыспен келген заттан сақтан. Сенің не іздеп жүргеніңді білмеймін, бірақ абай бол…

Ақсақалдың бұл сөзі бір нәрсені сезіп жорығандай. «Бірақ, алтын табылса оны мемлекетке тапсырамын ғой». Енді  Данияр алтынды табу мақсатында жұмыс жасады. Қаланың барлық ломбардтарына, базардағы саудагерлерге, теледидардан және радиодан хабарламалар беріліп жатты. Іске қызуғышылық танытқандарда аз емес. Соның бірі аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Еркін Шерімбетов еді.

Оның кезекші бөлім жанынан өткені сол еді, кезекші Шерімбетовтің өзін шақырып жатқанын баяндады. Қылмыстық іс облыстық ПД-нің өндірісінде болғандықтан, бұл жерде тергеу сатысы жайлы баяндалмайды. Алайда Абылай шақыру себебін білу үшін Шерімбетовтің қызметтік бөлмесіне барды.

  • Рұқсат па полковник мырза. Шақыртыпсыз…
  • Иә. Кір Абылай. Мына жерге отыр. Сенің тергеп жүрген қылмыстық ісің жайлы сұрайын деп едім. Қандай алтын жайлы әңгіме болып жатыр?
  • Әзірге белгісіз….
  • Бір сандық деп естідім ғой.
  • Деректер көзі әлі нақты емес, бұл тек әзірге тергеу нұсқаларының бірі ғана.
  • Абылай сен бір сандық алтын жайлы ешкімге айтпай тұра тұр. Егер ол жайлы тіс жаратын болсаң, ауыл тұрғындары тергеуге кедергі келтіріп, сенен бұрын Данияр мен алтынды тауып алар. Басқа қылмыс болмай тұрғанда әзірге бұны жасырын ұстау керек. Сол себепті алтынның көлемі мен санын көрсетпей тұра тұру керек.  
  • Ескертуіңізге рахмет.

Абылай ойы сан тарауға бөлінді. «Бұл шынымен маған айтқан ақылы ма, әлде …. Періште алтын көрсе жолдан таяды. Періште жолдан тайса біз не істер екенбіз? Неге осы уақытқа дейін менің ісіме қызығушылық танытпаған адам қазір көмектесе қалды. Табылған саусақ бар, бірақ денесі жоқ, күл болып кеткен мәйіт, қамаудағы адам осының барлығы бола тұра алтын дегенде ғана мені өзіне шақырғаны қалай. Жо-жоқ. Бұлай болуы мүмкін емес. Бірақ шынында алтын жайлы әзірге айтуға болмайды».

Сапырылысқан ойдан басы қатты. Ұйықтаса да, жүрсе де, тамақ ішсе де осы оқиға есінен кетпеді. Бұны қалай болған да ақырына жеткізу керек. Әйтпесе жынданып өлерміз – деп іштей күле жұмысын ары қарай жасай бергені сол еді ойына бір нәрсе сап етіп түсті. Тоқта!

Мен Даниярдың үйіне барып тексергенімде, тоңазытқышта қуырылған тауық тұрды. Ал Даниярдың жоғалғанына екі апта уақыт өткен. Бірақ тауықтың пісірілгеніне қарағанда екі апта уақыт өтпеген. Мен неге бұған мән бермедім. Сонда ол тірі ме? Тірі болса ол қайда. Әлде түнделетіп үйіне келіп кетіп жүр ме екен. Бұны білудің тек бір ғана амалы бар. Абылай Даниярдың үйін күзетуді жоспарлады. Алайда ауыл кішкентай, барлық қадамың алақандағыдай көрініп тұрады. Демек үй ішіне тығылу керек. Бұны іске асыру үшін үй ішіне жалған тергеу әрекетін жасап, өзі үйдің бір жеріне тығылып қалып, қалғандарын қайтарып жібергені жөн сияқты. «Дұрыс, дәл осылай жасаймын».

Келесі күні Абылай тергеу тобымен бірге Даниярдың үйін қарап тексеру тергеу әрекетін жасағансымақ болып жүріп, үй ішін аралап жүрді. Үй ішінде тығылатын жер көп, бірақ өзіне ыңғайлы жер іздеп жүріп қоқыс қабына кезікті. Сол жерде қоқыс қабын үстіне киіп, қалғандарын шығарып, өзі күзетуге кірісті. Қалған қызметкерлер өзара дабырлай сөйлесіп, кетіп қалды.

Барлығы кетті. Үй іші тым тырыс. Жүгіріп жүрген тышқандар ғана. Үнсіздік. Түн болды. Аяқ ұйып қалды. Шөл қысты. «Кішкене шөлмек су мен нан алғаным қандай жақсы болды», – деп ойлап отырғанда сырттан тарс ете қалған дауыс шықты. Бірақ бұл көршінің үйінен шыққан дауыс сияқты. Тағы да бір-екі сағат уақыт өтті. Ешкім жоқ, тым-тырыс. Ол осы уақыт ішінде осы күнге дейінгі барлық іс-әрекетін саралап шықты. Жалғыздықтан адам іштей өзінен өзі сөйлесіп кетеді екен. «Адам жалғыз болса философияға көп көңіл бөледі екен. Байырғы заманда үйін тастап, медитацияға не үшін кетеді десем…».

Сыртта дауыл басталды, шайқалған ағаш-жапырақтар дауысы, ауланың жабылмай кеткен ағаш есігінің сықырлаған дыбысы шықты. Бір кезде үйдің табалдырығын біреу басқандай болды. Иә, иә, шынымен баспалдақпен біреу көтеріліп келе жатты. Бірақ ол жалғыз емес. Олар екеу. Әйел адамның дауысы шықты. Бірақ дауылдан дым естілмейді. Есік ашылды. Ақырын баса үйге кірді. Қаптан сығалап қарап еді, ол өз көзіне өзі сенбеді. Алдында Данияр тұр, суреттен көріп, санада жатталып қалған бейненің өзі. Данияр тірі ме? Қалайша? Даниярдың артында тұрған әйелдің бет-жүзі көрінбейді. «Еш кідірмей ұстау керек. Әйтпесе айырылып қалармын». Абылай іске кірісті.

–Тоқтаңдар! Полиция! Сендер ұсталдыңдар! – деп қаптан шыға тапаншасын кезегенде Данияр мен әйел қаша жөнелді. Екеуі де епті екен. Данияр әйелді бірінші жіберіп, өзі Абылаймен арпалыса кетті. Абылай еркін күрес шеберіне үміткер, талай өткізілген турнирлердің жеңімпазы болатын.

  • Беріл! Данияр, әшкере болдың. Беріл деймін.
  • Не оттап тұрсың, сені осы жерде өлтіріп кетемін сүмелек.

Ол мұны қылғындыра бастады. Осы сәтте кенеттен шыққан дауыс бәрін тоқтатты. Тарс… Тапанша атылды. Құлақ шыңылдап тұр. Қолына жылы қан төгілді. Оқ өкпесіне тиген екен, Даниярдың аузы-мұрнынан қан шыға бастады. Қақалды. Дыбыс жоқ. Көзі ашық, жұмылмайды. Өлді… Өлді… Өлді. Мен не істедім… Сол жерде Абылай біраз отырып қалды. Даниярдың денесінен жылу кете бастады. Қалтыраған қолымен телефонын алып кезекші бөлімге хабарласып болған жағдайды баяндады. Белгісіз әйел қашып кетті.

Таң атты. Оқиға орнында аймақ прокуроры, өзіндік қауіпсіздік басқармасы, облыстық және аудан полиция басшылары жүр. Бірақ барлығы қажетті қорғаныс, полиция қызметкеріне шабуыл деп білді.

  • Енді белгісіз әйелді табу керек, – деді  Әділжан Баймұратов.
  • Оның мен кім екенін білемін. Ол көрші Айжан болу керек. Мен Айжаннан жауап алу барғанымда ер адам киімін тігіп отырған болатын, алайда ол бойдақ әйел және де Даниярмен оның үйі ауылдың екі бетінде. Малды Даниярдың үйі арқылы тау бөктеріне өріске шығарам деп еді, алайда оның малдары тау бөктеріне емес тау етегіне жайылады екен –деді Абылай.

Бұндай кәсіби адамның өз қарамағында істегеніне мақтанған Баймұратов Әділжан «Дереу Айжанды жеткізіңдер!» – деп бұйрық берді. Көп ұзамай Айжан ұсталды. Жауап алу барысында ол өз кінәсін толық мойындап, болған жәйітті толығымен ашып берді. Оқиға былай болыпты.

Данияр, Ғалымжан, Қанат үшеуі көне диірмен ғимаратының ішінде арақ ішіп отырған екен. Сол сәтте Данияр ұялы телефонын қараймын деп байқамай диірмен маңын фотоға түсіріп алып, артынша өшіріп тастаған. Арақтың кесірінен Ғалымжан мен Қанат арасында жанжал туып, төбелес орын алған. Төбелес барысында диірмен тасына Қанаттың басы тиіп, оны қақ ортасынан жарған сәтте, астынан жылтыраған зат көрініпті. Сөйтсе астында бір сандық алтын бар екен. Сол сәтте өз өміріне қорыққан Данияр екеуінің әңгімесін жазып алған екен. Төбелес кезінде Даниярдың сол қолының сұқ саусағы қайырылып, сынып кетеді. Ғалымжан алтынды екіге бөлуді ұсынған. Бұл ұсыныстан бас тартудан қорыққаннан Данияр келісіп, жарты сандық алтынды үйіне алып барады да, көптен көңілдес боп жүрген Айжанды шақырып болған оқиға жайлы егжей-тегжейіне дейін айтып береді. Бұдан соң Айжан дереу Даниярды ерте Ғалымжанға келіп, түн ішінде оның «Москвичімен» қалаға жетеді де бұрын өзі медбике болып қызмет істеген аурухана хирургін оятып, Даниярдың қолына ота жасатады. Хирург болса бұрын көңілдесі болған Айжанның айтқанын істеп, саусақты алып тастап, барлығын ың-жыңсыз бітіреді де, жансыз саусақты бұзылып кетпес үшін арнайы ерітіндіге салып береді. Бұл кезде Айжан санасында туған ойдан барлығы да бейхабар еді. Ауылға оралған Ғалымжан өзінің шеберханасында Қанаттың мүрдесін екі күн бойы өртеген болатын.

 Қылмыстық істе Айжанның рөлі басталды. Ол Даниярға Тұрысбайдың пешіне от жағып, жансыз саусаққа жүзік кигізіп, от ішіне тастауды тапсырды. Ондағысы – Ғалымжан Даниярды өлтірген екен деген ой туғызу болатын, Ғалымжан сотталса және Даниярдың да көзін жойып, тәйірі, ресми өлген адамды жоқ қылу қиын болып па, бар алтынды иеленбекші болған Айжанның ойы іске асуына сәл-ақ қалған болатын.  

… Іс толығымен тергеліп, сотқа тапсырылды. Абылай еңбек демалысына шығып, отбасымен Астана қаласына кетті. Қазына ауылы баяғы тыныш күйіне қайта оралды. Бірақ ешкім ол оқиғаны ұмытпады. Себебі – бұл ауылда          пеш ішінен табылған саусақ – көп  шындықтың бетін ашып берген еді. Бұл оқиға – бір ғана ауылда, бір ғана қылмыс айналасында өрбігенімен, адам табиғатының тереңдігін көрсетер, кейде жақсы мен жаманның арасы бір қадам ғана екенін, сенім мен сатқындық, кешірім мен өкініш – бәрі де бір адамның бойында қатар өмір сүретінін көрсетті.

Бекмухамбет ӘБДРАСУЛЛАЕВ

Құны

(әңгіме) Адам азды ма, заман азды ма білмедім?-деп есіктен кіріп...

ІШКІ БІР ТҮЙСІК

Қалалық ІІД Тергеу басқармасының басшысы, полковник Абылай Қайсеновтің кабинетіне бір...

ОРАМАЛ

Алматы бүгін әдеттегідей  жаймашуақ. Шөкімдей бұлт айналып-айналып  жауа алмай кетті. Күздің...

ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей...

Хакердің қолтаңбасы

Қала жұрты шырт ұйқыға кеткенде әлдебіреу ақпарат жүйесіне ұрлана...