12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

АНОНИМ-АГЕНТ және ҚАРА КӨБЕЛЕК

Әңгіме

Солтүстіктегі сәуірдің салқын кеші. Астананың самаласы төгілген көшелерінен жарық шапақ шашқанымен, қараңғылық түнегі қалың қалтарыстары мол.

Қылмысты жедел іздеу инспекторы, аға лейтенант Абылай Қайсен компьютерден назарын аударып, терезеден сыртқа көз жүгірте осыны ойлады. Әлгіндегі ананың кейпі жүрегін әлі сыздатып тұр. Жалғыз ұлынан хабар үзілген соң, Аралдың Қаратереңінен тіке тартқан. Қалалық Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасының Жедел іздестіру қызметіне арызын әкеліпті.

– Ауылдан Елордаға жұмыс іздеп кетіп еді, күнім, – деді айғыз-айғыз аққан жасын бет орамалымен сүртіп. – Төрт ай болды, ешкім ештеме білмейді. Көрдім деген адам жоқ. Оны шақыртып алған осындағы досы, ақыры сол түбіне жетті. – Көкірегі қарс айырыла күрсінді.

Жедел іздестіру қызметінің инспекторы Абылай шағымды қолына алып, үйреншікті сауалдарын қоя бастады.

– Суретін ала кеп пе едіңіз, апа?

Пырс-пырс жылаған қалпы сөмкесінен шеті сынған фотосуретті шығарып, үстелге қойды.

– Әбден қартайғанда тапқан қарағымның кәртішкесі.

– Бірден сол деп танитын оқшау белгісі бар ма?

– Оң көзінде тарыдай қызыл қал…

Аға лейтенант суретке үңілді.

– Тағы.

– Тұрған бойы оқшаулық еді ғой, шіркіннің…

Ізкесушінің мұнысы «ілік болар әлдененің ұштығы шыға ма?» дегені. Соңғы кезде үшті-күйлі жоғалатындардың қатары артып бара жатқаны алаңдатады. Тергеу мен іздестіру саласының тығырыққа тіреліп, біраз жағдайда істің ашылмайтынына қынжылды.

Дәл қалт еткенін аңдып тұрғандай монитор болмашы сәтке жыпылық қағып, басылды. «Әлде қайтты» деген күмәнмен пернетақтасын шұқылай бастады. Екі көзі тесірейе сыр аңдай экранға аңтарылады. Әбден кибер кеңістіктің кезбесіне айналған кәнігінің бірі шабуылдап жатқанға ұқсайды. Пошта-жәшігіне беймәлім «GhostBit» мекенжайдан хабарлама келіп түсіпті. Шұқшия қадала қалды. Файл атауы: «Оrganmap.img.enc».

Көзі бақшырайған Абылай басын шайқады. Тінтуірін тигізсе, «вирус атаулы процессорын тас-талқан жасай ма?» деп кібіртіктеді. Сосын, нар тәуекелге бекінді. Себебі, ішкі түйсігінің аңғартуынша мынау кездейсоқ нәрсе емес. Міне, файл шифрланған. Айлакерліктің әралуанымен арпалысып жүрген тергеуші мұны тосындық санамады.

Файлды ашқанда экранда карта бедері пайда болды. Шым-шытырық жолақтардың арасынан әлдебір GPS координаттар белгіленген. Келесі файл одан да қатыгездеу – адам ағзалары бөлшектеліп, арнайы контейнерлерге салынған. Сыртында «Human organ for transplant» деген жазуы бар. Әлдебір жаққа жөнелтілмекке ұқсайды.

Локацияда көрсетілген ғимараттарды үлкейтіп қарап, олардың уақытша сақтау орындары екенін бағамдады. Сызбалардың арасынан әлдекімнің аты-жөні назарына ілікті. «Серік Сейітұлы». Сондай таныс. «Донорға тиесілі» деп топшылады. Сол сәтте осыдан екі апта бұрын қайғылы жағдайда жан кешкен кәсіпкердің Серік Сейітұлы екені миына сақ ете түсті. Абылай дереу Ішкі істер министрлігінің дерекқорына кірді. Серіктің ісі «жол апаты» ретінде жабылған. Бірақ суреттегі көлік оқиғасы тым күмәнді. Машина түгі қалмай өртенген, ал мүрде ДНК-мен толық сәйкестендірілмеген. «Бұл – қолдан жасалған қастандыққа ұқсайды. Шын мәнінде біреулер ағзасын пайдалануды көздеуі ықтимал». Күдікті ой бой көтерді. «Мәліметті астыртын жөнелтуші кім? Әдейі қызықтыратын ақпаратпен түртпектеп, әлденені көздеген қуаяқтың бірі болмасына кім кепіл? «Кімсің?» деп сұрайын. Жоқ».

Тікенектене өскен сақалын сол қолымен сипалай ойлана бөгелді де, сағатына қарады: 22.43. «Қой, ертең жалғастырайын, тым жай болып кетіпті».

Ертеңіне Абылай медицина мекемелерінің серверлеріне қашықтан қосылды. Түнде жұмыстан кеткенінен кейін әлгі бейсауат жан әлдебір логин мен пароль жіберіпті. Сол арқылы астыртын трансплантология орталығының жүйесіне кірді. Бірден-бірге жылыстай, ерекше файлдың үстінен түсті: «BlackList-recipient-2025». Мұнда медициналық кодтар ғана емес, донорлардың «сәйкестендіру рейтингісі», жасырын атаулары және ағза бағалары бар. Жанына түрпідей тигені «№4876: Бүйрек, жасы 38-де, қан тобы О(I); белгі: «құжатсыз» деген мәлімет. Яғни, ағзалар биопараметрлер арқылы жөнелтіледі, оның иесінің кім екеніне ешкім бас қатырмайды. Тек, сәйкестік өлшемдері маңызды. Қайта дәйексіз, дерексіз болғаны трансплант бизнесінде қолайлырақ сияқты.

Ақтарып отырып, Абылай құпия арна арқылы «Қара дәліз» делінген VPN-платформасына ұшырасты. Әлдебір операцияға әзірлік жүріп жатты. Координат сол жағалаудағы клиникаға апаратын жолды көрсетіп тұрды. Дереу әрекетке көшіп, оқиғаның шын-өтірігін анықтау қажет екенін ұқты.

Абылай кешкі апақ-сапақта «Жедел жәрдем» көлігімен клиникаға «науқас тасушы» ретінде енді. Ішке кірген бойда операцияға дайындалған жігітке назары ауды, мөлшері отыздар шамасында. Жанына таянды. Ол дәрінің күшінен әрі-сәрі күйде есін жоғалтып, кілгіре кірпігін жұмды. Қатыгездердің шеңгеліне іліккен дәрменсіз жан екенін топшылады. Кенет, түпкі бөлмелерден әлдекім телефон арқылы «Донор дайын. Тасымалдау екі сағаттан соң. Динара бекітті» деп, күбірлей үн қатты.

«Динара…» Мына есім құлағына тым етене.

Ізкесуші клиниканың астындағы құпия қабатты анықтады. Ол жерде рентгендік операция бөлмесі, биохимиялық тоңазытқыш, вакуумдық орган қаптағыш жабдықтар үрейлі кепте үдереді. Бір палатадан реанимациялық аппаратқа қосылған ес-түссіз науқас әйелге жолықты. Дерексіз, аты-жөні беймәлім.

Аға лейтенант құрылғылардан мәліметтерді жүктеп алды. Қайран қалдырғаны – операцияны іске асыратын хирургтардың дені Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және қытайлықтар. Қылмысты топтың тамыры тереңде екенін ұқты. Тыңшы шығарында әлгі өлі мен тірінің арасында жатқан жігітті өзімен ала кетуге бел буды. Әттең, жедел әрекет ету үшін көмек қажет еді.

Оның түртіншектеп, емделушінің маңында ұзағырақ айналғанынан дүдәмалданған күзетші дереу бұған қарай жүрді.

– Неғып тұрсың? – Қабағын түйе дүңк етті.

– Анестезия қаншалықты әсер еткенін көріп жатырмын. Шамалыдан соң кіргізеді оны. – Абылай әдеткі кісідей байсалмен тіл қатып, қызметкерлер қолданатын торапқа бет алды.

Мұндағы шаруа жолға қойылып, бір ізге түскенін байқады. Мамандар айналасында бөтен көздің жоқтығына әбден сенімді, дабырласа үн қатысады. «Келесі операция – миллионер қытайлық клиент үшін! Үш сағаттан соң ұшақ! Қарсылассаң, өзің донор боласың!» деген кесімді сөзді естіді. Хирургтің әлде басшыларының үрейлі де қатал пәрмені. Оны кімге айтты, не үшін айтты – белгісіз. Белгілісі – мәжбүрлеп, күштеп, адам ағзасының саудасын жүргізіп жатқаны.

Үйіне жеткен соң барлық деректерді сүзгіден өткізді. Қара тізімге елу үш адам енгізіліпті. Олардың отыз төрті – еш жерде тіркелмеген, жетеуі – психиатриялық есепте тұрғандар. Көзіне оттай басылған Қанат Айбаров – кешегі шешейдің іздеу салған ұлы. Байыптап қараса, тепсе темір үзетін жігіттің жоғалу мерзімі – шетелдік реципиенттің тіркелу күнімен тұспа-тұс.

Қанатты қайткенде табуға, тым құрмағанда анығын білуге бел байлады. Әрі, шектен асқан зұлымдықпен бетпе-бет келгенін топшылады. Комадағы әйел мен айналасын сезінуден ажырап бара жатқан міскіннің суретіне үңілді. Есіне осыдан сегіз жыл бұрынғы оқиға оралды.

Қара трансплантологтар алғаш сонда бой көрсеткен. Екі жыл ішінде әлгілер елу жеті операция жасап, адам ағзасы мен тінін саудалаған. Онда Украина, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары өз денелерін «қасапшылардың» қолына берген еді.

Қылмыс ошағы қалталы реципиенттерді батыс пен Израиль елінен әкеліпті. Жасырын жолмен бүйрек, бауыр, ұйқы без, көк бауыр, жүрек алмастыру отасы жүзеге асқан. Тергеу анықтағанындай табыстары он миллион АҚШ долларынан асып жығылған. Қаражүректер мен клиникадағылар арсыздығы соншалық, донорларды өзара «ет» деп жұмбақтаған.

Сол жолы күдікке елдегі әйгілі хирург, жоғары санатты трансплантолог-дәрігер Әли Мұратов іліккен. Оған ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа барғаны және адам тіндерін заңсыз алғаны бойынша іс қозғалып, үкім шығарылды. Онымен бірге донорларды әкелуге атсалысқан қырғызстандық және бандылар тобының бір мүшесі Словенияда ұсталып, сотталды.

Ал, 2012-ші жылы Қазақстанда тұңғыш рет осы Мұратов жүрек алмастыру отасын өткізгенде мемлекет басшысы «қашықтан» өзі қадағалап отырған еді. Дамушы қазақ жұрты үшін бұл үлкен сенсация болғаны рас және ел медицинаның қарыштауын мақтан көрген. Ізгі ниет пен қарау пиғыл қатар жүретінін адам кейде, біле тұра аңдамайды.

Әттең, құрамында кәсіпқойлар бар ұйым құрықталғанмен ешкімнің құзыры жүрмейтін құлқын құрықталмаған екен. Міне тағы да сондай қанішер обырлардың қандауырын халыққа кезеніп тұрғаны мынау. – Абылай Қайсен ауыр күрсінді. – Енді қарақшылар бұрынғыдан да әлеуетті күшті иеленіп, мейірімді медицинаны өздеріне кеңінен қаратып алғандай көрінді.

Кішкентай қызын бауырына басып, мұрыны қусырыла түсіп, ұйықтап жатқан жұбайы Айшаға қарады. Зайыбы педиатр дәрігер. Жүрегі елжірей жөнелді. Оны қарау ниетті транспланттармен еш салыстыра алмайды.

Аға лейтенанттың сенім-поштасына тағы да анонимді хабарлама түсті. Бұ жолы да GPS координат: сол жағалаудағы қойма, бұрынғы фармацевтикалық база.

«Неге бұл адам құпия мәліметтерді жолдайды? Қалай болғанда да мені жақсы білетін біреу. Ізкесуші екеніме, немен шұғылданатыныма мейлінше қанық. Керісінше ол жөнінде ештемеден бейхабармын» деп ойлады. «Байланысқа шығып көрсем қалай болмақ?»

«Сен кімсің, «GhostBit» мырза?» деген сауалын жөнелтті. Жауап көп күттірген жоқ, ар жағындағы адам жаза бастады.

«ІТ-маманымын».

«Менен саған не қажет?»

«Көмегің.»

«Қандай?»

«Бәрінің жолын кес.»

«Оның саған не қажеті бар?»

«Мен осы қылмыстық топтың электронды-үйлестірушісі болғанмын…»

«Расымен бе?..»

«Рас. Әділетсіздікке ұшырадым, тиісті ақшамды бермеді.»

«Мен арқылы жазалағың келе ме?»

«Иә. Сол үшін құпия мәліметтерді бөлістім.»

«Ертең өзіңе жаман болады деп қорықпайсың ба?»

«Жоқ, әлдебіреу емес, құзіретті мемлекеттік органның жедел уәкілімен мәмілеге барып отырмын. Бұрынғы әріптестерімнен кек қайтарғым келеді.»

«Солай де…»

«Олар ешкімді аямайды, қолына түссең, бүйрегіңді бір жаққа, бауырыңды әлдекімге, жүрегіңді біреуге ұстатып жібереді.»

Полицейдің денесі тітіренді. Анау әлі жазып жатыр. Міне, жаңа хабарлама келіп жетті. «Абылай, сен адал да батыл инспектор болсаң, қылмыскерлерді тоқтатуға мүмкіндігің бар. Ал егер сөзімді қате десең, мені де тұтқындайтындарыңның тізіміне қос.»

«Кездесейік.»

«Қазақстанда емеспін.»

«Жер шарының қай жері болса да, іздеп баруға әзірмін.»

«Ойланам. Қазір шешуші уақ. Қылмыскерлерді қолға түсіруге ең қолайлы сәт. Ертең қапы қалма. Соны бітір. Кездесу жөнінде содан соң сөйлеселік.»

Ертеңгі іңірде Абылай бұрынғы фармацевтикалық базаға жедел топты бастап барды. Жабық мекемеге прокуратураның ұрықсатымен енді. Күтпеген тұста сау ете түскен сұсты жасақты көрген мед-қызметкерлер үрпиісе қарады.

– Тоқтаңыздар! Қозғалмаңыздар! – Инспектордың пәрмені қаһарлы. Самаладай жарқыраған үлкен дәлізде әп сәтте артық қимыл тиылды. Ота жасалатын арнайы бөлмелер бос, өз «клиентін» күтіп тұрғандай. Тек шеткі опперациялық жабдықта «қасапшылық» жүріп жатыр екен. Науқастың ішін жарып тастапты, сол бүйрегін сылып алуда.

Бұлар тұтқиылдан баса-көктей кіргенде бәрі үдере іркілді. Маңдайларындағы бинокулярлы шырақ, тұмшаланған әппақ киім, қолғаппен ұстаған қандауыр кейіптерін үрейлі көрсетеді. Шешуші сәтке дөп келіпті, әйткенмен адам өмірі бірінші кезекте.

– Алаңдамаңыздар, шаруаларыңызды тындыра беріңіздер, – деді, алақанын көтере сабырға шықырып. – Еш абыржымай отаны тиянақты бітіріңіздер. – Жанындағы видео-опператорға иегін қақты. Сақадай сай ол тірлігін жедел бастай жөнелді. Асықпай материалды керегінше түсірді. Содан соң дәлізге беттеді.

Зертханалық қойма ішіндегі тоңазытқыштарда төрт түрлі ағза сақтаулы тұр екен. Пакеттерде «бүйрек», «бауыр», «көз», «ұйқы без» деп жазылған. Көзді қолына алды. Әскере[1] үлбір тін талшықтары қанталаған, ноқатқа ұқсайды.

– Мына ағзалардың бәрін дәйек ретінде әкетіңдер, – деді қасындағы көмекшісіне.

– Ойбай, оған тиюге болмайды! – Ағза сақтау бөлімінің меңгерушісі жанұшыра шырыл қақты.

– Ненің болатынын-болмайтынын бүгін біз анықтаймыз. – Аға лейтенанттың үні зілді.

Сол заматында био-материалдық дәйектер тәркіленіп, сот сараптамасы орталығына жөнелтілді. Ота жасау бөлімі мен зертханалық-қойма меңгерушілері уақытша қамалды. Бірқатар мамандардан ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат алынды.

Әлгі жерден бірден кешегі клиникаға тартты. Қос мекеменің тығыз байланысы бары күмән тудырмайтын…

Ашық әшкерелеген батыл қадам күнәһарға жақпайтыны аян. Әлдекім бұлар кетісімен медициналық қоймаға от қойып жіберіпті. Бұл – қылмыстық ұйымның әрекеті мен ізін жасыруға ұмтылған тірлік екені белгілі.

Айғақты істің үстінен басқан жедел бөлімше абыройлы оралды. Бұлтартпас дәлелдері жеткілікті. Сөйтсе де, өртенген ғимараттың ішінде одан әлденеше мол дәйектер жойылғаны ішін удай ашытты. Әрі, сол түні-ақ сыбайластардың серкелері ылым-жылым жоғалған. Төтеннен төнген қатерден қорқаулар қашып құтылғанымен, құқық қорғаушылар алдында арттары ашылды.

– Алпауыттары қармаққа ілінбеді, бәрін тұтқындай алмадық, – деді аға лейтенант Тергеу басқармасының бастығы полковник Ерсұлтан Құсайыновқа. – Қолымызда бұлтартпас дәлел бар. Бастылары бой жасырып үлгергенмен, бәрібір құзғындар ортасына оралады.

– Бомаған екен… – Лауазым иесі қынжыла басын изеді. – Дегенмен, тастүйін қамалды бұздың, аға лейтенант Қайсен. Сен істеген нәрсе – астыртын жүйеге ауыр соққы. Енді, ақырына жеткіз.

– Құп болады, полковник мырза. Егер уәде байлассақ, аноним-агентпен кездесуге барайын.

– Оның берген ақпараты дәл шықты ғой?..

– Тап солай, ол – трансұлттық қылмыстық топтың ньюсмейкері.

– Қапы жіберме, жолық!

– Кетуге рұқсат етіңіз!

– Рұқсат!

***

Астанадан көтерілген ұшақ Ыстамбұлға қонды да, одан әрі қарай Абылай ішкі рейспен Газиантеп қаласына аттанды.

Халықаралық қылмыстық топты әшкерелеген опперация сәтті өткен күннің ертеңінде «GhostBit» мырза жолығуға келісті. Ішкі істер министрлігі салалық органға шұғыл телефонограмма жөнелтіп, қатерлі сапарды мейлінше қауіпсіздендіру жағын қарастыруға ықпал етуін сұрады. Елді дүр сілкіндіріп, жоғары жақтың назарына іліккен істі барынша нәтижелі аяқтауды діттеген.

Әуежайда ізкесушіні қалалық қылмыстың алдын алу департаментінің өкілі қарсы алды.

… Жағажайдағы «Микла» мейрамханасы. Күн ұясына енді ғана еңкейіп, теңіз жағалауына алтын сәуле сеуіп тұрған шақ. Толқындар баяу ырғақпен ернеуге соғады. Әсем ресторанның террасасына жайғасқан инспектор көз ұшында көкжиекпен астасқан айдынға ойлана қарайды. Сырт пошымы бейқам көрінгенімен, талаураған кештің салмағы ауыр екенін сезе іштей алабұртады. Алдындағы кофесі меймілдеген қалпы, бірақ ол оның дәмін де, иісін де байқамайды. Бар ойы жұмбақ жан жайлы. Осында жолығамыз деп уәделескен. Көрмеген, білмейтін адамы, әлде бот… Әйтеуір әлдекімді күтіп отыр, «келмей қалса қайтпек?» Беймағұлым дүние сәл қобалжытады. Аноним-агент. Осы атау ғана санасында, оны да өзі қойып алған, әйтпесе «GhostBit» мырза. Ол кім? Қай жақтан? Қандай хабармен келеді? Бәрі жұмбақ. Тек бір нәрсе анық: бұл кездесу жай танысып, тілдесу емес, шешуші сәт. Әлдебір құпияның беті ашылады. Мүмкін, өткен шақтың елесі, әлде, болашаққа қарай жол сілтер тылсым белгі қылаңытар… «Неге ол бұған барынша көмектесуге құлықты?..»

Абылайдың жанынан жеңіл көлеңке өте шықты, жаурынымен байқағанда тұсында жүдемдете ілгерлеген дәйекші барады. Ол дереу көз қиығын есік жаққа тастады. Сол сәтте мейрамхана ішінен қара көзілдірік таққан, қоңыр жейдеше киген бір адам баяу басып, бері аттады. Сабырлы, сонадайдан мұқияттылық пен сақтық оның әр қимылынан аңғарылады.

– Абылай бауырым, түндіксіз Түркияға хош келдің!

– Өзіңді хош көрдік, «GhostBit» мырза!

Екеуі қол алыса амандасты.

– Мен Сирия азаматымын, сондықтан артық әрекетке барудың қажеті жоқ екенін ескертемін.

– Сені тұтқындау негізгі мақсатым емес, кәзіргі көкейкесті нәрсе, заңсыз трансплант схемасын ұйымдастырушылардың тамырына балта шабу. Соған, өзіңнің құнды ақпаратпен бөлісемін дегенің үшін, бірнеше мемлекетті асып, келіп отырмын.

– Оның жөн. – Қарсы орынға жайғасты. Кітаптың үлкендігіндей ғана қолсөмкесінен темекісін шығарды. Бір талын Абылайға ұсынды. Ол басын шайқады. Сигаретті өз ерніне қыстырды. – Өте сәтті операция! Ағзалар сақталатын қойма меңгерушісін қамағандарың дұрыс болды. – Оттық тұтатып, түтінді бұрқ еткізді. – Ол бәрін біледі, бар мәлімет қолында.

– Рақмет. Маған көмектесуіңнің себебін ұққаныммен, түсіне алмай далмын.

– Мәселе ақшада емес, оның сомасында. Бұл – бүгінгі күннің қағидасы. Сөйтсе де, адамшылықтың шегінен аспау керек. Ал, олар – ешкімді аямады. Бәрін саудаға салды. Ананы да, баланы да, отбасын да… – Шылымының бозғыл түтінін тереңінен тартты. – Соған төзбедім. – Қой көздерінен шам мен ызақорлықтың ұшқыны байқалды. – Бір бейбақ үш жыл бұрын қарызын төлеу үшін бүйрегін сатты, – деп өрбітті әңгімесін. – Осы сәттен бастап оның өмірі үрейлі түске ұқсайды. Астыртын әрекеттің иелері қолынан келгенін істеп, одан бәрін сығып алды. Әуелгіде донор, сосын серіктеске айналдырды. Соңында қажетсіз етіп, лақтырып тастады. Әйелі Алтынай да ошағы үшін жанкештілікпен басын қатерге тігіп, ол да жарым жанынан айрылып тынды. Әттең, уәде етілген ақшаны ақыры көрмеді.

– Заң жүзінде ағза сатуға тиым салынған. Қандай жолмен саудалайды?

– Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша тіндік үйлесімділік табылса, әркімнің донор болуы ықтимал. Егер адам өз еркімен ешқандай ақысыз ағзасын ұсынса, қылмысқа жатпайды, ондайға рұқсат етілген. Міне, министрліктің осы бұйрығы заңды айналып өтуге мұрындық. Әйтсе де, ағза сатып жатқан сәтті дәлелдеу қиын. Сендер бұл ретте өте олжалысыңдар. – Өңі сазарған қалпы езу тартты. – Отаның өзін түсіріп алдыңдар.

– Оны қатерге итермелеген қандай қажеттілік? – Абылай қайыра негізгі арнаға бұрды.

– Қазір, айналаңның бәрі алаяқ… Кірпіш зауытын жалға алған тамыры Сейдаққа жақсы жалақы төлейтініне уәде етеді. «Жұмысты жүргізуге таныстарыңды, достарыңды шақырсаң болады» дейді. Арасында туыстары мен достары бар қырыққа тарта азаматты жұмылдырып, шаруаны бастап кетеді. Істің басындағы оны бригадир етіп бекітеді. Ол көпшілікпен теңдей ауыртпалықты арқалап, өліп-тіріле тыраштанды.

Жазғы қызу науқан аяқталған кезде әлгі үшті-күйлі жоғалып, барлығын жалақысыз қалдырды. Жеті миллион сегіз жүз мың теңгені бермей, жалтарады. Жұмысшылар көздеріне көрініп тұрған бригадирден еңбек ақысын талап ете бастады. Уақыт озған сайын ақша сұрап, үйіне ағылды. Соңыра басқан ізін аңдып, жүргізбеді. Көшеде ұшырасып қалса, қайсыбірі күш көрсетіп, қысым жасады.

Жаңа үйленген өндірдей әйелінің көзінше соққыға жығылғанға намыстанды. Жанұшыра мәселені шешудің жолдарын қарастырды. Сөйтіп сарсаңдық кешкенде әлеуметтік желідегі «Қазақстандағы донорлар» парақшасына тап келді. Көп ойланбай қатерлі шешімге бекінді. «Бүйрегімді сатамын» деп жазып, телефонын қалдырды. Ізінше-ақ оған қан тобын нақтылаған сауалдар жолданып жатты. Бірер сағат өткенде қоңырау соғылды. «Алматыға кел» деді.

Ұзақ айналмай алып шаһарға жөнелді, екі ер адам вокзалдан күтіп алды. Будан дегені жол-жөнекей мәміленің амал-шарттарын түсіндірді. Өз ара әңгімелерін телефонға жазып жүрмесін деген сақтықпен рөлдегі Бүкжан музыканы бақыртып қойды. Бірден клиникаға әкеліп, дәрігерге оны донор ретінде таныстырды.

Сейдақты қарап, тексеріп шыққаннан соң: «Бүйрегің үшін саған алты миллион теңге төлейміз. Бүйрек іздеген адаммен жолықтырғанда бағасы жөнінде, басқа да мәселелер жайлы тіс жармайсың. Ақшаға қатысты барлық мәселені біз шешеміз. Ағзаны сатып алушымен сен ештеме талқыламайсың» деп, ескертті.

Ертеңінде реципиентпен кезіктірді. Мұқтаж жан дәрігерден «Бұл кісінің денсаулығында ақау жоқ па, әуелгі донорда проблема бар еді?» деп сұрады.

– Алаңдамаңыз, бәрі во-о! – Дәрігер бас бармағын көрсетті. – Органның дімкәссіз болғаны бізге де маңызды. Опперация алдында сіздер екеуіңіз толығымен медициналық қараудан өтесіздер. Әсіресе, тіндік үйлестікті мұқият тексереміз, қан тобы сәйкес келуі – басты шарт. Содан кейін барып, ота. – Үміт пен күдік шарпыған қалпы науқас екі ойлы қарады. – Ол жағынан қам жемеңіз. Тәжірибеміз жеткілікті, төрт-бес күнде үйге қайтарамыз.

Көзбе-көз сөз байласқаннан кейін жігітке анализ тапсыруға жолдама берді. Әуелгі дәрігерлік талдаманың қорытындысы шығып, сәйкестік мақұлданғаннан соң хостелге орналастырды. Пұлын өздері төледі, әрбір түн бес-алты мың теңгеге айналды. Күн артынан күн жылжып, бүйрек алмастыру жайы созыла берді. Әуелде Будан «екі айдан соң алты миллион теңгеңді алып, отбасыңа ораласың» деген. Олай болмады. Әртүрлі анализдер, тексеру мен құжаттар толтыру жарты жылға созылды. Уақыттың ұзап кеткендігінен Сейдақ мәміледен айныды. Өйткені әне-міне қол-аяғын бауырына алатын сүйген жары күтіп отыр. Оның бұл ниетін білісімен дәнекерлердің көздері шатынап, қорқытып-үркіту басталды.

– Саған жұмсалған қаражат он бір миллион бес жүз мың теңгеден асты. Ол ақшаны анализдерге, жамбаспұлға, тамақ пен киімге, көлікке шығындадық. Егер кететін болсаң, сол соманы қайтаруың тиіс. – Бүкжан алара қарады. – Қашып, із жасырам деп ойлама, жердің тесігіне кірсең де біз сені табамыз! – деп, қабағын түйе шомбалдай жұдырығын біледі. Сонымен, қалуға мәжбүр болды.

Қыс ішінде делдалдар тамақ пен киімге бөлінетін ақшаны азайтты. Сейдақ өзі амалдай бастады. Түнімен «сау жүргізуші» ретінде жұмыс істеді. Дәл осы сәтте несиелік төлем уақыты таянған еді. Ал несие берушілер сотпен қорқыта бастады. Будан барлық мәселелерді бір айдан кейін шешетініне сендірді. Сөйте тұра қатал ескертті: «Егер бас тартсаң, әйеліңді әкемейміз, несиеңді жаппаймыз және ақшаны да көрмейтін боласың!»

Осылай дәміл-дәміл дегбірін ала үрейлендірді. Ақырында кезекті қысымнан кейін шыбын жанын қатерге тігуге көнді: бүйрегін беруге үн-түнсіз бас изеді. Делдалдар ауылдан әйелін алып келді, несиесінің шамалы бөлігін жапты және ұсақ-түйек мәселелерді шешті. Ота – көктемге салым өтті.

Ертеңгілік жылдам есін жиып, тез қалпына келе бастады. Түске қарай орнынан тұрды. Сол күні делдалдар бес жүз мың теңгені қолына ұстатып, қалған ақшаны бөліп төлейтінін жеткізді. Жігіт ауылына оралды. Алғашқы екі айда елу, сосын жүз мың теңге жіберді де Будан мен Бүкжан із-түзсіз жоғалды. Қайраны таусылған Сейдақ хирургке хабарласып, «полицияға шағымданамын» деп қорқытты. Іле Будан кездесуге шақырды. Жолыққанда шамалы күте тұруын өтінді. Бір ай мөлшерінде сыбайластарының бірі төрт жүз елу мың теңге әкеліп, ақшаны бергенін смартфонға түсіріп алды.

Ақырында жас отбасының Жетісу облысындағы қайынжұртына көшпеске амалы қалмады. Өйткені, жалақысы тимеген жұмысшылармен аядай ауылда жолықпай жүру мүмкін емес. Жаңа қонысқа келген соң, әйелі бала күтушілікке жалданып, өзі үйде кішкентайын бақты. Байызсыз көңілі ақшасына алаңдаулы еді. Күтіп жүргенінде Будан қоңырау шалды. Қуанып кетті. Әкімшісі «кел» деді. Олар вокзалда жолықты. Дәнекер «донор табуға жәрдемдесуін сұрады, бұған әр кісіге миллион теңге ұсынатынын» айтты.

– Сен, әуелі, менімен толық есептескен жоқсың! Соны біліп тұрып, қалай сенімен жұмыс жасаймын? – деді.

Екеуі тіл табыса алмай айырылды. Қаржылық қиыншылық жігітті жан-жақтан қысып бара жатты. «Ағзасын беруге кім көнеді, кімді пышаққа жығады?» Аласұрды. Ақыры жоқшылықтан отбасында жанжал өрбіді.

– Не істе дейсің?!. Қолымнан келгені – бүйрегімді бердім! Енді кімді жетелеп апарам?!.

– Бір донор тапсаң, саған бір миллион бермек пе?

– Иә.

– Әлде сен келісесің бе? – Жабыңқы әйелінің жүзіне жаси қарады. –Бүйрегіңе алты миллион, маған бір миллион, сонда барлығы жеті миллион аламыз.

Жеті миллион бүкіл проблемаларын шешіп тастайтындай көрінді. Амалсыз келіншек сұп-сұрқай тірлікке мойынсұнды. Сейдақ сөйтіп, емізулі баласы бар әйелін донор болуға итермеледі.

Қанқұйлы нойыс жас отбасының қиын жағдайын өз пайдасына жаратты. Келіншекті қомақты ақша алатынына сендірді. Алматыға келген оны өзге қыздармен бірге орналастырды. Әйткенмен, отаның мерзімі тағы созылды, өйткені делдалдың бірі Бүкжанды кісі өлтіргені үшін түрмеге қамап қойған еді. Әйелі үйге құрқол оралды. «Жарайды, бұл да жақсылық нышаны шығар» деп іштей тынды. Екі жұмадан соң қайта шақыртты. Будан келіншекке аванс ретінде үш миллион теңге ұстатып, қалған қаржыны операциядан кейін табыстайтынын айтты. «Мен алдамаймын, егер алдасам мына ақшаны көрмес едің» деді. Ол сондай-ақ, туғаннан қолының мүкістігі бар нәрсетесін Түркияға апарып емдетуге де уәде етті. Осының бәріне иланды.

Операция өтті, бүйректі сылып алды, ал қалған ақша төленбеді.

Бәрін мұқият тыңдап, жаны ауырған Абылай еріксіз күрсінді. Аноним-агенттің жүзінен назарын тайдырмады. Ол сөзін:

– Оқиға осымен аяқталудың орнына, керісінше қорлап, келемеждеудің жаңа түрімен жалғасты, – деп сабақтады. – Бірде бейне көрініс жібереді. Онда Сейдақ Алматыға алғаш келген беті, қайдағы шәрмеңкемен[2] ырғынға батып жатыр еді. Оларды саунада жолықтырып, «құрметтеп» жүрген де Буданның өзі болатын. Сөйтсе, тапжылтпаудың қамын әуелден көздеп, тұзаққа әбден матаған екен. Мұны әйелі көріп қап, барлық ақиқатты айтуға тура келді. «Одан мен енді ақша талап ете алмаймын, әрекетімді әшкерелейтін материалды сол заматында жариялайды» деді. Арада бірер күн өткенде әлгі телефон шалып, өзге екі донорды Алматыға әкелуді тапсырды.

Сөйтіп, ділгір жанды қитұрқымен қылмыстық ұйымның шаруасына еріксіз жегіп, байлап қойды. Құпия тірліктің адамына айналдырды. Момын бейшара мына жайдан қалай құтылудың амалын білмеді. Лажсыздықтан айтқанының бәріне көнді. Бірақ, шаруа мұнымен де тынбады.

Буданның Түркия мен Индияда дәрігерлермен байланысы бар екен, донорларды сол жақтан да әкелді. Елден сыртқа жөнелтті. Қиюына қарай үйлестірді. Қаскелеңдік үш кісіні Түркияға апарып, бүйректерін сатуға уағдаласқан. Алтынайды да кішкентайын емдетуге ала жүрді. Ағзасын беретін екеуіне ота жасалып, біреуі жеме-жемде тайып отырады. Жергілікті үйлестіруші-дәнекер қашқын жігітке шығындаған жиырма төрт миллион теңгені орнына қоюды немесе адамды тауып, алып келуді талап етті. Тығырыққа тірелген тұста Будан айыбына мұның әйелін бауырының бір бөлігін беруге көндірді. Өйткені оның сол бүйрегі онысыз да жоқ еді.

– Адамды мәжбүрлеп көндіруге, ағзасын күштеп алуға тиым салынған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 209-бабы аяққа оңбай тапталған екен…

Аноним-агент салқын ғана жымиды.

– Ол аздай ашуына булыққан әкімшілері Сейдаққа қашқынды әуежайдан ұстап, жеткенінше ешқайда тапжылтпауды табыстады. Жігіт бұлтара алмай, келісті. Себебі дөкір «Сенің өмірің мен отбасыңның тағдыры менің қолымда! Не айтсам, соны істейсің! – деп тепсінді. – Әумесерді тап, немесе жиырма төрт миллион теңге бер!»

Кіріптар міскін бірнеше күн әуежайда түнеді, әуреленгенімен қашқынды ұстай алмады. Сосын бұрынғыша донорларды Алматыға тасыды. Бірде көлігіне GPS-трекер қойылғанын аңдады. Ешқайда жасырына алмайтынын түсінді. Бағыттан сәл бұлтарса, қылмыстық топ тергеп-тексеріп, соққыға жықты. Әдейі оны бірнеше мәрте таяқтың астына ап, үстіне бензин құйып, өртеп жібереміз деп қорқытты. Барлық тапсырманы мүлтіксіз орындайтын «мақұлбай» өзінің құлдыққа түскенін енді білді.

– Адамның бостандығы мен құқығын шектеу Қылмыстық кодекстің 145-бабы. – Абылай шыдамай тағы күбір етті.

– Мұнда қилы жолдармен тиісті шаруаға жұмылдыру схемасы мұқият әзірленген. Әуелгіде Сейдақ мәжбүр жан ретінде бас сұқса, кейін белсенді кісісіне айналды. Заңсыз ағза алмастыратын ұйымға хирургтар ғана емес, сонымен қатар нотариустар, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да тартылған. Соңғылары «донор мен реципиент арасында туыстық байланыс бар» деген жалған құжаттар әзірледі.

Бірде әуелгідей донорларды Алматыға әкеле жатқан. Ақ «Lexus» пен минивэн соңдарынан тіреле ілесіп, секем тудырды. Шелек ауылында май құю бекетіне тоқтап, әйеліне телефон соқты. «Егер маған бірдеме болып қалса, Буданға қоңырау шал» деп ескертті. Сол тұста полиция қоршап та үлгерген еді.

Біраздан бері басқан ізін аңдыған құзырлы органның өкілдері Сейдақтың бүйрегін бергенін білетін, өзгедей мәліметтері аз. Қаттырақ қысыңқырап жібергені сол, әбден шошынған бейбақ отыз жеті донор жайлы, хирург, нотариустар және былыққа байланысы барлар туралы жайып салды.

Біраз жайға қаныққан тыңшылар қылмыстың бетін ашу үшін бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Алайда уақытша оқшаулау камерасына тоғытқан соң, қараларын батырды. Ол онда жарты жылдан астам бұғатталды. Жағдайы өте нашар еді: жататын орны қу тақтай, су да татырмады. Күзеттегілер келемеждеп, «өл, егер өлсең, іс тезірек жабылады» деп күлкіге айналдырды. Мазаққа шыдамай он төрт мәрте өлуге әрекеттенді. Күзет ылғи аңдап қап, әріге жібермеді.

Сонда отырғанда Буданмен көздесті, екеуі бет жыртысуға барды. Делдал өзіне тағылған айыптың ешбірін мойындамай, соңында тіпті, мұнымен таныс емес екенін мәлімдеді. Сейдақтың қосақ арасында кеткенін байқаған тергеушілер былтырғы жылғы желтоқсанда босатты.

Бостандыққа шығысымен кәсіп тауып алуға ұмтылды. Шынжау неме әлге тиетін жұмыс істеуге жарамайды. Ағзаны алғаннан кейін донорға мүгедектік берілмейді. Өйткені ол – өз таңдауы. Адамдар күтінсе, бір бүйрекпен де өмір сүреді. Қанжілік халдегі жігітте ондай мүмкіндік жоқ, бар қолынан келгені – «сау жүргізуші» деген құлақтандыруын «ОLХ»-ға жариялады. Оның үстіне Сейдақ қазіргі кезде «күмәнді» ретінде істі. Әрі, өзін мұрынынан тесіп, жетелеп жүрген делдалының аты мүлде басқа екенін іс қағаздарымен танысқанда бір-ақ білді. Шын есімі Жынысбай боп шықты.

Абылай қозғалақтап кетті. Аноним-агент жағы суалып, сұрлана қалған.

– Бейшара сергелдеңдік кешуде. Тергеудің әділетті жүруіне сенеді, адвокатқа беретін бір тиыны да жоқ. Ешкімнен ақша да, жәрдем де сұрамайды, тек ақиқаттың орнауын тілейді. Көп адамның көз жасына қалған күнәһарлар лайықты жазасын алса дейді. Мен осыларды көріп тұрып, одан әрі «қасапшылар қауымымен» жұмыс істей алмайтынымды білдім.

– Бұлар қылмыстық топтың жаңа бір ұясы болды ғой?

– Жоқ. Тамырын жан-жаққа жайған бір ұйым. Мен содан кейін саған бәрін егжей-тегжейлі баяндадым. Жас отбасын жоқ еткен жалмауыздар.

– Алтынай мен баласы қайда?

– Жаркентте. Жарымжанға айналды… Сондықтан, жөйіттерге[3] аяушылық жоқ. Көзін құрт!

– Өзің Газиантеп қаласында не бітіріп жүрсің?

– Мен дімкәстерге Сириядан көмек қолын созамын. Дәл шекарада тұрғанымыз сондықтан.

Абылайдың өңі қуқыл тартты.

– Онда адамдар арам пиғылдың кесірінен қырылуда. Біз қапияда өліп бара жатқан кісінің іш-құрылысын алып, ділгір жандарға өмір сыйлаймыз… Бір күндік жарық сыйлау, үлкен сауапты іс.

Аға лейтенант басын шайқады.

– Сыртқы түрі үрейлі көрінгенімен, қайырымдылық біреу. Бұған түсіністікпен қарау керек. Украинаның жанында да осындай қайырымды іспен шұғылданатын адамдар шоғырланған.

– Сенің шын атың кім?

– Ғабиден. Таразданмын. – Офицерге күле көзінің қиығын аударды да смартфонын шұқылап, сәл бөгелді. – Ал, қара. – Иегімен жігіттің алдында жатқан телефонын нұсқады. Абылай пошта жәшігіне үңілгенінде «GhostBit» мекенжайынан «ReAnima» деген файл түскен екен. Бейнежазба. Әлдебір жиын. «Астана – идеалды қала. Мәртебелі емделушілерге VIP қызмет. Донор жеткізушілер сенімді. Бүгін түнде экспорт. Біз – біргеміз!» деп, әйел есіле сөйлейді.

– Танимын. – Ғабиден-агенттің жүзіне тура қарады. Бұл – жетім балалар мен мүгедектерге, жалпы, мұқтаж жандарға көмек көрсететін «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының төрайымы, іскер бике.

– Қайырымдылық қорының төрайымы, мұқтаж жандарға жәрдемші. – Жұмбақ жымиды. – Ол – медиа алдында ғана «қайырымды қайраткер», әйтпесе нағыз алаяқ…

– Қой, не деп тұрсың?!. – Тұтастай қоғам назарында имандылықтың бейнесіне айналған адам жайлы сөлекет сөйлеу ақылына қонбады.

– Бірақ, сенбессің… Адам ағзасын астыртын сату желісін уысында ұстаған қаражүректің нақ өзі! – Арада құлаққа ұрғандай үнсіздік орнады. Алғаш жүздескен қос бөгде бір-біріне аңтарыла қарап, шарпыса арбасатындай. – Ол – «қара көбелек»! Көзіңді ашайын. – Қайта смартфонын қолына алды. Ізінше екі сурет пен бір дыбыс жазбасы жетті. Фотода – Еревандағы қонақүй. Әйел мәз, қолында жаңа төлқұжат. Дауыстық хабарламада: «Қапелімде жолықсаң, қолқа-жүрегіңді суырып аламын, сілімтік! Жобамды бұздың, енді сен менің ең құнды донорымсың!..» дейді еш қымсынбай.

Абылайдың қабағы шытынды да, соңынан езу тартты. Істің басында жүрген Динара екеніне күмәні қалмады. Төтеннен төнген қатерден қашып құтылғанымен, оның «қайырымды қайраткер» ретіндегі жасанды бетпердесі сыпырылды.

– Жақсы, Ғабиден, екеуміз ізгілік жолындағы ниеттестер болайық. Құнды мәліметтер бердің, алдағы уақытта байланысымыз нығаяды деп сенем.

– Өз тарапымнан әділ әріптес болуға уағда етем. Мен айтқан Сейдақ пен Алтынайға қолыңнан келгенше көмектес. Екіге толмаған сәбилерін ая.

– Оған еш алаңдама, бар мүмкіндігінше жәрдемімді берем. Тек сен уақытылы және нақты іс бойынша хабар жіберіп тұр.

– Келістік.

***

Абылай Әзімханұлы шетелдік іссапардан зіл батпан салмақ арқалап оралды. Түркияда жүріп, уақытша қоймадан алынған көздің Қанат Айбаровқа тиесілігін сараптама қорытындысы негізінде білді. Қызарған тамырдағы ұйыған қан емес, қал болып шықты. Ал, өлімші халде операция алдында жатқан жігіттің Қаратереңнің тумасы екені анықталды. Яғни, Қанаттың досы, оған еш шүбәсі жоқ. Қос азамат аңғырттықпен жауыздардың тырнағына іліккенін ұқты. «Қамақтағы ота жасау бөлімінің меңгерушісі мен зертханалық-қойманың бастығы екеуі нақты жауабын берер, дерегі табылар» деп топшылады. Енді бірде әппақ лайнер әуеге көтеріліп, оңтүстік шығысқа қарай бет түзеді.

Сот залында тыныштық орнаған. Тергеу материалдары жеткілікті: органдық база, куәгерлердің айғақтары, хакерлік серверден алынған бейнематериалдар. Бір кем дүние, басты айыпталушы Динара сот мәжілісінде жоқ. Оған «Қара көбелек» деген шифр берілген, интерполдың іздеуінде.

Адам ағзасын саудалаған трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысты сот әлеуметтік желіде дүрбелең тудырды. Дені полицияның табандылығы мен қаһармандығына ризашылығын жаудыруда. Ара-арасында мәселені бұра тартқан пікірлер де көлеңдейді. Соңғылары, әрине, күңгірт топтың қолдан жасаған «жасанды байламдары» болатын.

Прокурор жаңа дәлел ұсынды: қытайлық клиент пен «Қара көбелектің» келіссөзі – аудиофайл соттың алдына қойылды.

Судья үкім оқып тұрғанда, Абылай өз ойымен арпалыс үстінде еді. Ол – әділдік бұл залда емес, әлеуметтің күнделікті өмірінде жүзеге асуын қалады. Төреші істің күрделі және сотталушылардың әр алуан елдердің өкілдері екенін, сондай-ақ, бірқатар эпизодтардың нақтылануы тиістігін ескеріп, қосымша шаралардың жүруіне тоқталды. Істің бағыты өзгерді. Енді тергеу халықаралық деңгейге көтерілді. Онымен прокуратура өзі айналысады.

Көңілін күптілік жайлаған инспектор А. Қайсен сот аяқталғанда залдан үмітпен шықты.

***

Абылай ертеңінде көпбейінді клиникаға арнайы соқты. Ауладағы сап түзеген солдаттай тізілген теректер самалмен баяу тербеледі. Скверде оңаша күншуақтаған емделушімен сәлемдесіп, орындыққа қатар жайғасты. Ол – тірі қалған «ет» Қанат еді. «Емдейміз» деген желеумен коттеджде жасырын ұстаған екен.

– Мені өлі деп ойлағаныңызға еш ренжімеймін. – Күмілжи үн қатты. Оң жанарын жауып, басын таңып тастаған. – Кеудемде жан бар демесеңіз, ішім қуыс… өлген. Олар жүрегімді алмаққа сәл қалды. Көзімдегі қалды байқап қалғаныңыз қандай жақсы болған…

Аға лейтенант үндемеді. Ғылым мен технологияны меңгерген, жоғары санатты дүниеқоңыздық тарапынан жасалған қатыгездікке жүйкесі тітіренді. Қолындағы самартфонға назарын аударған, «Алматыда 29 жастағы жігіт жоғалып кетті» деген жазуға түйісті. Адам саудасы қылмысының тиылмағанына, тиылмайтынына күйінді. Алматы Ішкі істер басқармасына Сейдақ пен Алтынайға қатысты толымды материалдар жіберген. Жынысбай қамалды. Бүгінгі жапа шеккендерді қорғаштау, жарық жылдамдығымен жарыса қаудай қаптаған қара ниеттен Адамзатты арашалаудың бастамасы секілді көрінді.

Соңғы бір айда Абылайдың пайымы қатты өзгерді. Кешегі функционер кадр емес, қазір әр нәрсеге жан-жақты қарайды. Құқық бұзушылықтың жолын кесу жеткіліксіз, мәселе – ар-ожданды қорғауда екенін терең түсінді. Қоғам мен заң жүйесіндегі бос кеңістік, әділет пен иман арасындағы арпалыс ақиқатын табуы тиіс. Кісілік пен Өркениет аумалы уақыттың алмас жүзінде тұрғанын ұғынды.

Осы кезде егде әйел адам жаулығы ағараңдап, аулаға енді. Бұл Қаратереңнен жеткен Қанаттың анасы болатын.

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ


[1] Әскере – өте-мөте.

[2] Шәрмеңке – жеңіл жүрісті төменетек.

[3] Жөйіт – барып тұрған жыртқыш, жауыз. Кейде жойыт деп те айтылады.

ІШКІ БІР ТҮЙСІК

Қалалық ІІД Тергеу басқармасының басшысы, полковник Абылай Қайсеновтің кабинетіне бір...

ОРАМАЛ

Алматы бүгін әдеттегідей  жаймашуақ. Шөкімдей бұлт айналып-айналып  жауа алмай кетті. Күздің...

ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей...

Хакердің қолтаңбасы

Қала жұрты шырт ұйқыға кеткенде әлдебіреу ақпарат жүйесіне ұрлана...

ҚИСЫҚ

Айдауыл Жаңбыр себелеп тұр. Алдымда балшық кешіп, аяғын әзер алып...