12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

РЕЦЕПТ

           Өң мен түс арасындағы бір сәт…О,тоба! Қызығын-ай…Пәуескесі несі?! Иә, иә, қоңыраулатқан пәуескеге мініп келеді екен. Апыр-ау, мынау Айша ғой, қолынан тарта ма, пәуескеге мінгіз дегені шығар…Жаңбыр жауып кетті ме, немене?! Ол бетін сүртпекке қолын көтере бере оянып кетті. Сөйтсе, бетіне су бүркіп тұрған әйелі Айша екен. Әдеттегідей қалжыңын күлкімен көмкерген:

           -Ау, Мэгре мырза! Оқуға кететін болдым деп едің, соның әсері ме, ұйықтап жатып сөйлегенің не? Біреулер еске түсіп жатыр ма, а? Ал енді мені тыңда…Сірә, оқуың кейінге қалар, қалтафонға да, қалалық телефонға да маза болмай кетті ғой. Шырылдап жатыр, шырылдап жатыр… Тұр! Тамағың дайын…

           Полиция полковнигі Қайсенов Абылай жуынуға бет алғанда санасында «Бір аптадан бері шулатып жатқан дәрігерлерге қатысты істі маған бермесе болар еді» деген ой қылаң берген болатын, бірақ, сол сәтте бұл болжамының шындыққа айналарын білмеген еді. Облыстық полиция департаментінің бастығы мен оның тергеу жөніндегі орынбасары мұның «Менен де басқа важняктар бар ғой» деген уәжіне мән де берген жоқ, бастық оң қолының сұқ саусағын шошайта жоғары көтеріп: «Бұл ана жақтың контролінде тұр. Оқуға кейін де үлгіресің»,– деп әңгімені шорт кесті. Иә, аймаққа ғана емес, республикаға белгілі кәсіпкердің мезгілсіз қаза болуы туралы ел сан саққа жүгіртіп, түрлі әңгіме, электр сымдарына, пойыздар мен ұшақтарға, жел қуған бұлттарға ілесе кеткендей, бір облыстан екіншісіне тарап жатыр еді.

                                           ***                       ***

           Өткен жылы ғана алпысқа толғанын атап өткен Әмірхан Шерханұлының кенеттен қайтыс болуын жұрт түрліше қабылдады, туған-туыстары, балалары қайғыдан бас көтере алмай қалды, жамағайын «Алланың ісіне не шара» деп болуы тиіс жұмыстай көрсе, көбісі оның жүрегі ауыратынын білетіндіктен «Жеткен жері осы да» десті, ал, енді біреулер «Қалай байыды дейсің, кешегі кеңес үкіметінің байлығын басып қалғанның бірі шығар, ішін тесіп шыққан ғой» десті. Алайда, қамыс басы желге ыға уілдей сарнап тұрған қара күздегі жерлеу рәсімінде бәрі де: «Жақсы адам еді», «Алдынан жарылқасын», «Иманды болсын» десіп жатты.

           Бүкіл әңгіме марқұмды жерлеген күні кешке басталды. Оның барлық қағаздарын, құжаттарды, әйелі, бала-шағасы, жақын туыстарының қатысуымен реттеу басталды. Киімдерінің қалталары да тексерілді. Осы кезде Алматыдан бауырының қазасына келген кардиолог-дәрігер Жарасханның көзі жұрт барсетка атап кеткен қол сумкасынан шыққан бір жапырақ қағазға түсті де, оны қарай бастады. Бұл – дәрігер тағайындаған ем-дом еді. Оны оқи отырып бұл орнынан ұшып тұрды.

        – Мұнысы несі? Жынды ма? Мынау деген…Мынау деген… Өлімге итеру ғой… Бұлай болмайды ғой… Кім деген дәрігер өзі…

           Сол сәтте-ақ ол туыстарына ағасына берілген рецепттің күдікті екенін, мұнда жүрек-қан тамырлары ауруына мүлде қолдануға болмайтын дәрілер жазылғанын түсіндірді. Ертеңіне марқұмның әйелі мен балалары қалалық ішкі істер басқармасына, прокуратураға арыз түсіріп, іс қозғалған болатын. Бұдан хабардар болған марқұммен жақын аралас-құраласы бар биліктегілер де ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураның мазасын ала бастады.     

                                        ***                       ***

           Аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Абылай Қайсеновтің іспен танысқанына үш күн өтті. Оның барлығын толық зерттеп, біліп алмай іске қатыстылармен кездеспейтінін білсе де бастықтар кезек-кезек күніне екі-үш рет телефон соғып қояды. Барлығының айтатыны: «Іс не болып жатыр? Сдвиг бар ма? Жоғарыдағылар басты ауыртып жатыр…».

           Ол ой үстінде. «Жалпы барлығы дұрыс сияқты. Істі бастап жүргізген тергеушінің тиянақтылығы байқалады. Куә ретінде сұралғандар жауабы да, іске қатысты алынған анықтама, мінездемелер де мұқияттылықты аңғартады. Сонда қай жерден қателесіп тұрмыз. Неге дәрігер рецепті дұрыс болмай тұр? Егер дәрігер қателесіп кетті делік, онда бұл немқұрайдылық па, ал, егер әдейі жасалса ше? Мұны қалай ажыратамыз? Бірақ қол қойылып, мөр басылған рецепт – құжат қой. Сонда қасақана қылмыс жасалып тұр ма? Дәрігер болса «Қол мен мөр менікі болғанмен бұлай жазуым мүмкін емес, өйткені мұндай комбинацияны дені дұрыс дәрігер ешқашан бермейді. Ал, әзірге менің есім орнында» дегеннен қайтпай отыр екен. Бұрынғы тергеуші дәрігерді қамаққа алыпты. Ал, дәрігер өзі айтқандай ол кінәсіз болса ше? Бұл жерде бір кілтипан болып тұр ғой… Шытырман қиырына тартып кетпесек болар еді…»

           Кабинетке шақырылған қамақтағы кардиолог Гүлмира Асанованың түрі кетіп қалыпты. Әйелі Айшаның да дәрігер екені бір сәт есіне түсіп кеткен Абылай санасында түрлі ойлар сапырылысып жүре берді. «Балаларына обал болды-ау. Қазір не күйде екен олар…» деген ойды «Қызметіне адал болмай ма. Сонда бәле де жоқ еді» деген ой бастырмалата жөнелсе, іле-шала оны ығыстыра «Түрі қылмысқа баратын адам емес сияқты. Бәлкім, бұл жерде біз білмейтін бір құпия жатқан болар» деген ой бой көрсетті. Ой жетегінде біраз отырып қалса керек, күдіктінің жөткірінгені тез қалыпқа келтірді.

– Сіз Әмірхан Шерханұлын қай кезден бері танисыз?

– Менде емделіп жүргеніне алты-жеті жылдай болды. Демек содан бері…

– Ол туралы, науқасы туралы не айтар едіңіз?

– Не айтамын?.. Бүкіл елге белгілі кәсіпкер екенін, Совет заманында қызметте тез өсіп, үлкен ПМК-ның бастығы болыпты дегенді естігенмін. Жақын араласқан адам емеспін, ол мен үшін тек пациент қана. Бойында біраз науқастың ізі бар, повышенный давление, гипертоник, мұнымен де есепте тұр, бауыры да ауырады, ал, жүрегі ауырғанына біраз жыл болған. Астанада кардио центрде коронарография жасатқан. Өзін үнемі күтімде ұстайтын. Тек соңғы бір айда қайта-қайта қан қысымы көтеріліп, жүрегі де сыр беріп жүрген болатын.

– Бұрын да жігіттер сұраған болар, мына рецепт туралы не айтасыз?

– Сол бұрынғы айтқаным – айтқан. Қағаз, қойылған қол, мөр менікі болғанмен менің бұлай назначение беруім мүмкін емес. Мұндай менде мүлде болған емес. Себебі – рецепте көрсетілген алты дәрінің үшеуі, әсіресе дихлофинакты күніне екі реттен бір апта алу дегенің бірден ондай науқастарды өлімге айдайды. Венадан жіберілетін диклофинакты күніне бір рет үш күнге ғана береміз. Одан көп болса жүрегі ауырмайтын адамдардың өзін бірте-бірте науқас қылып шығарады. Ана екі таблетка да бірте-бірте жүрек қызметін нашарлататын дәрілер. Ал, менің бұлай рецепт беруім мүмкін емес.

– Бәлкім біреулер сіздің жеке мөріңізді пайдаланған шығар?

– Оны да айта алмаймын. Мөр кабинеттегі темір жәшікте сақталады. Кілті менде…Айтпақшы… медбике Бақтыгүлде де бір кілт бар…

– Ол қандай жан? Бұл соның ісі емес пе?

– Оны айта алмаймын…

– Науқастың туыстары сізді қылмыскер деп отыр. Айтыңызшы, соңғы күндері күдікті жағдай байқамадыңыз ба? Медбике, санитаркаларға қатысты болса да оғаштық, бұрынғыдан өзгешелік байқалмады ма?

– Ондай жәйтті байқамаппын…Тоқтай тұрыңыз… Тоқтай тұрыңыз…Иә, иә… Бақтыгүл соңғы кезде мазасыздау көрінді маған… Бұрын іштарта қарап, менің ойымнан шығуға тырысатын. Соңғы оншақты күн менен қашқақтайтын сияқты, кейде түрі мен жанарынан бір бөлекшелікті сезгендей болдым. Бірақ, ол мұндай іске бара қоймас…

– Оның сізге таза рецепт қағазына қол қойдырып алуы мүмкін бе?

– Ол мүмкін емес…Мен таза қағазға ешқашан қол қойған емеспін…

– Сізге дұшпандық ойлаушылар бар емханада?

– Оны білмеймін.

– Достарыңыз кімдер?

– Жұмыс орнындағылармен әріптес ретінде сыйласпын…Жақын достар басқа салада, мұнда қатысы жоқ.

           Оны камераға қайтарған Абылай тағы да ойға шомды. «Жігіттер маған дейін де жаман жұмыс жасамапты.Жедел жәрдем берген өлімнің неден болғаны туралы анықтама, дәрігер кабинетін қарау нәтижесі, марқұмның құжаттарының тізбесі – бәрі де іске тігілген. Бәрінен бұрын марқұмның екі телефонын да сараптамаға жібергендері қандай оңды болған. Әлде эксгумация жасау керек пе, мәйітті ашып қарағанда не ұтамыз? Ештеме де ұтпасымыз анық…Әлгі кардиолог ештеме айтып қарық қылмады-ау. Бір ілік тапай тұрғанымыз, рецептен басқа. Жоқ, жо-жоқ, оның Бақтыгүл туралы айтқаны ше? Оны  тереңірек тексеру керек шығар… Бұған тағы кімнің қатысы бар екен? Бақтыгүл Мыңбаева қылмыскер ме? Ол қылмыскер болса бұған не үшін барды? Мотив қайда? Бәлкім, қылмыскер басқа болар… Мыңбаевамен кездесуді кейінге қалдырған дұрыс болар. Өйткені, оның кісі өліміне қатысы болса тергеуге шақырмай жатқан себебін ойлаймын деп-ақ аяғын шалыс басуы мүмкін. Иә, иә… солай жасаған дұрыс болар. Іспен танысқан бойда-ақ рецептіні сараптамаға жіберген еді, қорытындысы қашан келер екен? Неге жігіттер рецептіні әу баста сараптаға жібермеді екен? Алайда, дәрігердің өзі «Мөр де, қойылған қол да менікі» дегесін қажет деп таппаған болар. Мұны да түсінуге болады…Ал, егер, сараптама қолтаңба мен мөрдің түпнұсқа екенін көрсетсе оның жағдайы қиындайтын болды-ау. Өзі жалған сөйлейтін адамға ұқсамайды… Бірақ, кім білген, жұрттың бәрі әртіс болып кеткен заман боп тұр ғой бүгінде… Марқұмның отбасы мүшелерімен сөйлесіп көрейін, бәлкім, ол жақтан ізге түсер бірдеме табылар…».

                                           ***                       ***

           Абылайдың марқұмның отбасына баруы тергеу бағытын басқа жаққа бұратындай сыңай танытты. Әмірхан Шерханұлының бұл аймақта ғана емес, еліміздің басқа қалаларындағы бірнеше үлкен құрылыс компанияларына үлескер екенін білген соң ол бірден ресмилікке көшіп, марқұмның балалары мен әйелінің қолына келу уақыты көрсетілген шақыртуды ұстатты.

           …Бұл бағытта жүргізілген зерттеу, іздестіру жұмыстары марқұмның үлескерлермен арасында бірнеше рет келіспеушіліктер болғанын анықтады. Компаниялар құжаттарын тексеру тергеушіге қарсылық көрсетушілер санын көбейте түсті. Бұған жаны ашығансып «Болмайтын іске басыңды ауыртып қайтесің, қысқарта салмайсың ба…Мына жақта біз бармыз ғой» дегенді айтушылар прокуратура қызметкерлері арасынан да шыға бастады. Бұл жәйт Абылайдың күдігін молайта түсті. «Апыр-ай, марқұмның өліміне кәсіпке қатысты жағдайлардың ықпалы болды ма екен?»

      Ол марқұмның баласын түске дейін, әйелін түсен кейінге шақыртқан еді. Тергеу кезінде марқұмның ұлы Ерханның айтқан әңгімесі оның есінен шығар емес. «Әкемнің бизнесін қызғанушылар аз емес. Тіпті, ағайын-туыстардың ішінде де бар. Ал, әкемнің компаниондары қолдарынан келсе – жойып жіберуге бар. Тіпті біреуі әкеме көптен «Үлесіңді сат»–деп жүрген. Олармен телефонмен сөйлескен сайын әкемнің мазасы кетіп, давлениесі көтеріліп, ауырып қалатын-ды…Солар ақ әбден жүйкесін жұқартып, ауруға душар етті…». Бұл да өлімге кәсіпкерлік даулары ықпал етті ме деген болжамды нығайта түскендей болды.

      Тергеу барысын өзіне ғана мәлім сызбаға түсіріп отыру Абылайдың алғаш тергеушілік қызметке келгеннен бергі дағдысы еді. Мұны бұл қызметке келгенде ақылшы болған, үш айдан соң отставкаға шығып кеткен полковник Ғалымжан Жарымбетов үйреткен болатын. Сызбаларына көз сала отырып ол тергеудің екі бағытқа бөлінгенін, қай бағыт болмасын ешқандай күдікті жәйттің назардан тыс қалмауы керектігін түсінді.

       Марқұмның әйелі Сарамен арадағы әңгіме тергеушіні онсыз да ойлар құрсауында жүрген санасына тағы бір салмақ салғандай болды.

– Күйеуіңіздің жаулары болды ма?

– Ол жағын білмеймін. Мені жұмысына араластырмайтын…

– Ұлыңыз Ерхан: «Әкемнің компаниондары қысым жасады. Үлесін сатуға көндірмек болғандар да бар. Олармен телефонмен сөйлескен сайын әкем ауырып қалатын» – дейді. Бұған не айтасыз?

– Кім екендерін білмеймін, бірақ кейде біреулермен айқайласып жататын.

– Кардиолог Гүлмира Асанова туралы не айтасыз?

– Ештеме айта алмаймын. Күйеуім «Мықты, білікті дәрігер» деп мақтайтын. Соңғы жеті жылдай соған ғана емделетін.

– Оның қаскөйлікке баруы мүмкін бе?

– Ол жағын айта алмаймын. Біз тек дәрігер қайным айтқасын барып рецептің қате екенін білдік. Сосын арыздандық. Алдында жүрегі ұстап қалған ғой деп отырғанбыз.

– Соңғы рет күйеуіңіздің телефонмен болса да біреумен керісіп, айқайласқанын есіттіңіз бе?

– Қайтыс болатын күні түске дейін малшымен қатты айқайласқан.

– Малшысы кім? Аты-жөні бар адам ба?

– Е…Ол… былай ғой. Күйеуімнің қаладан елу шақырымдай жерде үлкен шаруашылығы бар. Кезінде, совет заманында күйеуімнің мекемесі Атырау мұнайшыларына арналған үлкен құрылыстар жүргізген, сөйтіп жатқанда үкімет тарап кетті де олар бұларға ақша тауып бере алмай, бартер ретінде бір состав солярка жіберген еді. Ал, мындағы егіс колхоздары жағармай таппай қиналып жатты да, күйеуім әлгі солярканы соларға берді, күзде бидай алатын болып келісіп. Не керек ақыр соңында әлгі колхоздар бұған қарыз болып қалды. Егістен түскені диқандардың айлық жалақысына кетеді де, олар амалсыздан бір колхозды бұған жекешелендіріп береді.

– Күйеуіңіз өз жұмысшыларының жалақысын қалай төледі?

– Ол кезде солярка тіпті арзан еді ғой. Күйеуім оны қалаға жақын аудан орталығындағы мұнай базасында сақтады, ондағылармен ұн арқылы есептесті. Содан екі жылдан соң солярканың бағасы шарықтап кетті, міне, сол кезде ол барлық қарыздарынан құтылды.

– Мана күйеуім жұмысына араластырмайды – деп едіңіз. Мына әңгімеңіз басқаша ғой…

– Е…Ол алғашқы кез ғой, оның енді ғана бизнске араласып жүрген кезі. Барлығын маған айтып отыратын. Солярка қымбаттағанда ол қатты қуанып: Сарочка, құдай бізге бақ берді ғой… Бұл басқа қонған бақ қой – деп шаттанғаны әлі есімде… 

– Иә, айта беріңіз…Сосын…

– Күйеуім ол колхозды тек егін бағытындағы ғана емес, мал өсіру бағытындағы шаруашылыққа айналдырды. Балаларда есебі бар, жеті жүздей жылқы, бес жүздей түйе, бес жүздей сиыр, үш мыңдай қой болуы керек. Түйе, жылқыға ағайында екі отбасы, сиыр мен қойға ағайынды үш отбасы қарайды. Біз олардан қымыз, шұбат, айран не құрт, ірімшік талап етпейміз. Тек мал басы өссе болды бізге. Содан ба, малшылар күйленіп, қаладан бір-бір үй салып алды зәңкитіп, соңғы кезде тіпті «Кетіп қаламыз» –деп қорқытуға шықты. Күйеуім ауық-ауық «Мал баққаннан, малшы баққан қиын болды-ау» – деп отыратын…Солардың үлкені Омар ғой біздікімен айқайласып жүрген. Он күндік уколының соңғысын алып болған кезі еді… Телефонмен үлкен айқай болған…

– Не себеп екенін білмейсіз бе?

– Білмеймін…Бірақ, ол біраз сиырды жоқ қылса керек…Соның айқайы шығар. Біздікі «Ойбай-ау, мына шірік, күні кеше ағалап жалынып жүрген маласөл… Сиыр емес, керек болса өзіңді де құртып жіберемін» – дейді ғой маған» – деп күйінген сол құлар күні.

– Імм…Өзіңді де құртамын деп пе?

– Иә…

– Күйеуіңіз уколды қайдан алатын, процедуралық кабинеттерден бе?

– Жо-ға, үш медсестра бар, солардың қолы босы үйге келіп салып кетеді.

– Олардың телефондарын, мекен-жайларын жазып берсеңіз дұрыс болар еді.

       Сараны қайтарып жібергесін тергеуші тағы да әңгімені іштей бір қорытып шықты. «Мына жақтан тағы бір әңгіме шықты ғой… Ертең оперларды жіберу керек екен оларға. Мұқият тексерсін. Сара айтқан үш медбикені өзім осында шақыртқаным жөн. Марқұмның әйелін тергеудің хаттамасын тағы бір қарап шығайын. Байқамай қалған нәрсем болуы әбден мүмкін ғой… Малшыларға қатысты балаларына, әйеліне арыз жаздырып алған дұрыс болар… Ал… қылмыскер кім болды енді? Дәрігер ме, медбике ме, кәсіпкерлердің бірінің ісі ме, әлде малшылардан келген бәле ме? Қай бағытпен жүрген нақты нәтиже берер екен…Жуық арада сараптамалар қорытындысы да, Астанадағы үлескерлерге қатысты жігіттер жүргізген жұмыстардың да нәтижесі келіп қалар…Онсыз қимылдай алмасымыз анық…».

                                    ***                             ***

      Абылай жұмысқа ерте келді, ондағысы – медбике Бақтыгүл Мыңбаевамен кездесуге алдын-ала дайындық жасау еді. «Иә, ойланбаса болмайды, қолыңда нақты ұстап тұрған ешнәрсе жоқ – не деп кінә тағасың. Біреудің, заң тілімен айтқанда жалғыз күдіктінің «Секем алдым» – дегені ме? Сол да сөз боп па, дәйегі жоқ, дерегі жоқ құр сөз ғана…Байқау керек…Ол тіпті, жала жапты деп шағымдануы да мүмкін…Сонда не істейсің…Ойлан Мэгре, ойлан… Мэгре?! Ойына қайдан түсті, құрғыр, студент кездерінде Айшаға комиссар Мэгре туралы көбірек айтамын деп ол мұны қалжыңдап Мэгре атандырып жіберген. Енді соны өзінің қайталап тұрғанын қара…». Ол іштей мырс етіп, жымиып қойды да іске кірісті. Аздан соң ол кейбір керек емес деген сұрақтарын сыза отырып, нақты мақсатқа негізделген сұрақтар тізбесін жасады. Тағы да ой көшіне ілесті. «Бұл заман не болып барады…Алайда қай қоғамда болмасын қылмыс болғаны белгілі емес пе. Бұл дегенің қоғам мен адам байланысының үйлесім таппай қалуынан, жекелеген адамдар тәрбиесі мен мінез-құлқынан, дүниеқұмарлық және тағы сондайлардан шығып жатпай ма. Сайып келгенде бұл бала кезден тәрбиеге ерекше мән берілу керектігін көрсетпей ме… Сұрақ көп, жауап жоқ… Осы мен Бақтыгүлмен кездеспей тұрып, сол емхана маңын шолып қайтсам қалай болар екен? Сірә, сөйткенім дұрыс болар… Емханаға келген ел не дейді екен, оны да біліп қойған артық болмас…».

     Ол келгенде емхана коридары құжынаған халық екен. Жастарына қарай дәрігерлік тексерілуден өту кезі болса керек кезек күтушілер көп. Бұл ішекше созылған тар коридор бойын жағалай қойылған скамейкалардың біріне орналасты. Сәлден соң-ақ кезек күтушілер арасындағы әңгіме бұл күткен арнаға ауысып жере берді. Әңгімені көзілдірікті қартаң әйел бастады.

– Ал, қыздар не білдіңдер…біздің кардиологтың тергеуі не болып жатыр екен?

– Не білетіні бар…Түрмеде емес пе?!

– Апырай, кім білген…Адам аласы ішінде деген ғой…Тура өлімге айдағаны…Біз болсақ әуелі Алладан, сосын осылардан жәрдем күтіп жүрміз ғой.

–  Оған не болатын еді. Осы кезге дейін дәрігер сотталыпты дегенді естімеппін. Олар адамды қолдан өлтірсе де бірін бірі жақтап шыға келеді. Қарға қарғаның көзін шұқымайды деген емес пе…

– Қой, олай демеңдер. Өте жақсы врач еді, біреулер подстава жасаған болар…

– Біреулер медсестрасының қатысы бар екен деп жатыр…

– Менің естігенім – замглавврач біраздан тиісіп жүреді екен, сол істеген шығар. 

– Олай болуы да мүмкін. Мен уколды күнде таңертең ерте осы жерден аламын. Соңғы кезде ылғи бір бомжды көремін замглавврачпен сөйлесіп тұрған. Оны бұрын бұл маңнан көрмейтінмін, осы тегін емес…

– Ой… оны мен де көрдім…Ол бүгін де осында…Даладағы талдың астында тұр… Сірә, сол замды күтіп тұрған болар…

       Абылай тез сыртқа шықты, шынында да талдың ық бетінде бет әлпеті бұзылыңқыраған жігіт ағасы тұр екен. Бұл оған жақын келе бергенде автокөлік қоятын тұрақ беттен бірсыдырғы сәнді киінген жігіт ағасы көрінді де бұларға беттеді. Бұл тез оларға арқасын бере жақындай түсті. Жел солар жақтан болғасын екеуінің әңгімесі толық естіліп тұрды. Бұл қалтафонымен әлгі екеудің кездесу сәтін оларға байқатпай бірнеше рет суретке түсіріп алды.

– Тағы келдің бе? Енді келме дегенім қайда?

– Неге келмеймін…Келемін. Менің қолымда вещдок бар…Айттым ғой о баста менен бірден құтыл – деп. Көнбедің. Енді бас жазу үшін келемін де тұрамын. Ақша бергің келмей тұр ма…Бересің! Әйтпесе сенің не істеп жүргеніңді жұртқа жаямын…Әне…Қорқасың. Маған бес мың бер…Он берсең тіпті жақсы. Біздер біраз адамбыз… Екі бөтелке жұғым да болмайды. Отын арақтан төртеу алуым керек…Закөске дегенің де керек. Прадөкті удай қымбат болып кетті ғой…Давай, тездет! Менің уақытым жоқ, жұрт күтіп отыр…

      Бұдан соң үнсіздік орнады, анау сұрағанын беріп құтылған болуы керек, екеуі екі жаққа кетті. Абылай емханаға беттегеннің кезектегілер айтып отырған замглавврач екенін түсінде де, оны бопсалап тұрғанның соңынан ерді. Ол болса ешқайда бұрылмай темір жол стансасына қарай тартты да бір кезде теміржолға жақын орналасқан бес қабатты үйдің жертөлесіне кіріп кетті. Бұл телефонмен оперативниктерді шақыртты.

      Полиция нарядтары да, қылмысты іздестіру бөлімінің жігіттері де тез жетті.

– Қара суық түсті дегенше қаладағы бүкіл бомж темір жол бойына жиналады. Мұнда жылу қалаға қарағанда оншақты күн ерте беріледі ғой. Соны білед подлецтер… Полковник мырза! Мына үй подвалындағылардың барлығын ұстаймыз ба?

– Сөйтеміз.

– Ойбай, бұлар кемі қырық-елу шығар…

– Мейлі. Бәрін алып шығу керек. Сосын топтастырамыз ғой.

– Бұларды қалай топтастырасыз? Бұлар бомждар ғой…

– Оны кейін көрерсің…

      Барлығын сыртқа алып шыққанда жертөледегі қаңғыбастар жиырма бес екен, оларды уақытша ұстау абақтысына жөнелтті де, жертөлені толық қарап шықты. Күлімсі иіске толы жертөледен іске қажетті ешнәрсе де табылмады да, ол шұғыл басқармаға жетіп, иіріліп тұрған қаңғыбастарға күле сөйледі.

– Қаңғыбас мырзалар! Бізде бос камералар аз болып тұр, сондықтан сендерге тек төртеуін ғана бөле аламыз. Камераны таңдау өз ықтиярларыңда, бірақ таңдайтын да ештемесі жоқ, барлығы бірдей ғой…

– Бастық! Сендердің бізді ұстауға праволарың жоқ. Неге қамайсыңдар? Біз ештеме бүлдірген жоқпыз. Біз да арыз жаза аламыз…Бұған жауап бересіңдер…

– Әрине…Жауап береміз…Араларыңда қылмысқа қатысы бар адам жүр. Бізге сол ғана керек. Қалғандарыңды сөйлескеннен кейін босатып жібереміз.

     Қызметкерлер олардың киімдері тексеріп шығамын дегенше, мамандар төрт камераға тыңдау құрылғыларын қойып үлгірген еді. Шашы иығын жапқан манағы қаңғыбастың қалтасынан он мың теңге ақша шықты.

– Мына ақшаны қайдан алдың?

– Кластас досымнан бүгін ғана қарызға алғанмын.

     Қалған қаңғыбастар шу ете қалды: «Бастық ол рас айтып тұр. Кластасы нағыз азамат екен. Бізге соңғы кезде қарасып тұрған сол ғана».

– Онысы дұрыс екен. Біз бір ұрлыққа байланысты іздестіріп жүрміз. Қазір мына ақшаны ұрланған ақшалар нөмірімен салыстырып көрейік. Сәйкес келмесе қайтарып береміз. Қарсы емессіңдер ғой…

     Абылай сол жерде он мың теңгелікті суретке де түсіртті, ақша нөмірлерін көрсете хаттама да толтырды.

– Бастық мырза! Бұл неге керек? Айттым ғой адал ақшам – деп.

– Бұл бізге керек. Ертең сен ақша емес, фалшивка қайтарды – деп шығуың мүмкін. Соны болдырмау үшін заң талабына сай құжаттап отырмын. Ие… мында қолыңда қой…Мына адамдардың көзінше алдым ба, осы адамдардың көзінше саған қайтарамын. Келістік пе?

– Пажалыста…

      Абылай жалба шаштың ақша нөмірін есте сақтай алмай қалғанын түсінді, себебі, ол қайта бір қарамақ болып сыңай танытқанмен бұл ыңғай бермеді. Бұдан соң қаңғыбастар бірден төртке бөліне камераларға кіріп жатты.

      Оның есебі дұрыс болып шықты – қаңғыбастар өздерінің жақтастарымен топқа бөлініпті. Басқа камерадағылар тым-тырыс, бірі ұйқыға кетсе, бірі қалғып отыр, ал, манағы жалба шашы иығына түскенмен бір топтағылар арасында күңкіл әңгіме өрбіді.

– Менттер жаңағы ақшамызды қайтарар ма екен?

– Қайтарады…Қайтармаса прокурорға арыз жазамыз. Тек ұрлық ақша болмаса…

– Әй, қодожник, ақша ұрлық емес пе? Ұрлық болса – біттің.

– Ұрлық емес болуы керек, портманьесінен шығарып берді ғой…

– Қазір көреміз…Осы кластасың неғып сені мүсіркеп қалды? Бұрын оның бар екенін де білмейтінбіз. Осыныңда бір шикілік жоқ па?

    Тыныштық орнады. Абылай мана қаңғыбастан ақшаны алысымен жедел іздестіру бөлімі жігіттеріне он мыңдық теңгелер тауып әкелуді тапсырған еді, қызмет үшін бөлінген қаржыдан алынғаны бар, өз қалталарынан шыққан бар жиырмасы жиналыпты. Бұл әдеттегі қисынға сүйене адамдардың қай кезде де көп сандардың соңғыларын жаттап қалуға тырысатынына назар аудара отырып, қаңғыбастан шыққан ақша нөмірінің соңғы сандарына ұқсас келетін бірін таңдап алды. Сонан соң ол ақшаны бүкіл қаңғыбастардың көзінше жалба шашқа табыстап, мұны да хаттамаға түсірді. Бір қызметкерді бас дәрігер орынбасарының саусақ таңбасын алу үшін емханаға жіберді, ол курьер ретінде емхана нөмірін шатастырған болады да, құжатты бас дәрігердің орынбасарына береді. Ол басқа емхана екенін айтып қайтып беретіні анық. Бұларға да керегі сол, қағазда оның саусақ іздері қалары анық. Жігіттер тез оралды, бәрі бұл ойлағандай болыпты, қалтадан шыққан ақша мен бас дәрігер орынбасарының саусақ ізі бар парақты сараптамаға жіберді. Осы кезде аудиоқұрылғыда дауыстар естіле бастады:– Мына мент мужик екен, сөзінде тұрды.

– Айттым ғой ақша таза – деп. Бұл жалба шаштың дауысы.

– Ал, сен қодожниксің, Сонымен-ақ мол ақша таппайсың ба…айтпақшы сурет салатын құралдарың қайда? Шамасы өтірік айтып жүрсің-ау.

– Оны өзіммен алып жүрмеймін ғой. Арғы беттегі ағайдың үйінде тұр. Заказ болса – сонда бара саламын.

– Жоқ. Ол шын айтып отыр. Бір рет оған еріп барғанмын. Шәкәрім 23 үй. Бұл өтірік айтпайтын жігіт…

     Бұдан соң ол барлық қаңғыбасты босатты да, аталған мекен-жайға сыртқы бақылау қойды. Бұл кезде медбике Бақтыгүл Мыңбаеваның шақырылған уақыты да таяп қалған болатын. Аздан соң кабинетке кірген медбикенің өңі сынық еді, назары төмен кеткен. Мұны байқаған тергеуші тіке сұраққа көшті.

– Гүлмира Асановамен қызметтес болғаныңызға неше жыл?

– Үш жыл.

– Ол туралы не айтасыз?

– Білікті маман. Жақсы дәрігер.

– Оның Әмірхан Шерханұлы өміріне қауіп әкелетін рецепт жазуына не себеп?

– Доктордың олай жазуы мүмкін емес.

– Бәлкім, сол рецептің жазылуына сіздің қатысыңыз бар шығар?

– Құдай сақтасын…Мен ешқашан рецепт жазған емеспін, оған құқығым да жоқ.

– Онда неге соңғы кезде Гүлмира Асановадан қашқақтап жүрсіз? Шамасы оның алдында айыпты сияқтысыз…

     Медбикенің өңі қуарып кетті. Сәл үнсіз отырды да жылап жіберді. Абылай ұсынған стакан суды сіміріп салды да, бұған қарады. Жанары жасқа толы еді.

– Ол кісінің алдында айыптымын. Бірақ оның әлгі рецептіге қатысы жоқ. Біздің доктордың ізіне көптен зам Садық Отарович түсіп жүр, әкесі Астанада  депутат,  соған сүйенеді ол. Сол кісі біздің доктордан қорқады, өйткені бұл өте білімді адам, сосын, ананың былық-шылығына көнбейді. Бірнеше рет оның қателісін коллектив алдына бетіне басқан болатын. Ал, анау сұрқия ғой…Бізде есепте тұратын жүрек-қан тамыры ауруларына тегін дәрілер беріледі. Олар аптектерде өте қымбат.Соны біздің зам науқастар атынан үш рет маған алдырды. «Сұраған науқастарға әлі келмей тұр»,– деп айтасың деді. Әйтпесе жұмыстан қуатын болды. Сосын амал жоқтықтан оның айтқанын жасадым. Ол сол дәрілердің барлығын таныс аптек басшыларына өткізіп, ақша жасап жүр. Осыдан кейін бетім күйіп, докторға қарай алмай жүрмін…Оның үстіне мына бір айып… Сұмдық. Олай болуы мүмкін де емес, біздің апай ондайға бармайды да. Тергеуші мырза, жаным азапқа түсіп, мазам қашып жүр. Көмектесіңізші…

     Абылай тағы да ойға берілді. «Апыр-ау, мынау не болып кетті. Егер мынаның айтып отырғаны шын болса – ананың ашкөздігі сұмдық екен. Не деген тойымсыз ит еді. Жүрегі ауыратын науқастар екі дүниенің арасында жатпай ма, олардың дәрісін ұрлау дегенің… Бірақ, біздің іске қатысы жоқ сияқты.Імм…не істеу керек? Дегенмен, мұның жолын кеспесе де болмайды-ау».

     Ол Бақтыгүл Мыңбаевадан оның өз кестесі барын, енді екі күннен соң неврология бөлімінен дәрі алатынын білді де, қаскөйдің жолын кесу жоспарын жасады да, тез іске кірісті. Оны қолма-қол қылмыс үстінде ұстамаса бұларға дес бермей кететінін, биліктегі талай мықтының іске араласарын сезді.

                                      ***                                  ***

      Екі күнен соң Садық Отарұлы аптекаға дәрі өткізіп тұрған жерінен ұсталып,

қамаққа алынды. Оның көлігі басқарма гаражына қойылды. Бұл жұма күні еді. Алдағы демалыс күндері оны іздеуші бола қоймас деп ойлаған Абылай өз болжамын тексеру мақсатында оның үйіне телефон соққан еді, әйелі: «Садық енді дүйсенбіде келеді, жігіттермен охотаға кетті», – деп әңгімені шорт үзді.

       …Күткен сараптамалар келе бастады. Марқұмның екі телефонына қатысты сараптама дауыстардың айқай, ұрыс, жанжал төңірегінде болғанын, кәсіпкердің де, малшыны да «Құртамын, жойып жіберемін», – дегендері шындық екенін көрсеткен. Үлескерлерге қатысты Астанадағы жігіттер жүргізген іздестіру жұмыстары да олармен марқұм арасында жанжал барын, бірақ, олардың соңғы айда Астанадан аттап шықпағанын көрсеткен. Сол сияқты малшының да ауылдан шықпағаны белгілі болды.

       «Бұл не болды? Бүкіл версия құрдымға кетіп бара ма?» Абылайдың дел-сал күйде диванға қисайғаны сол еді, есік қағылды. Курьер екен. Сот-медициналық сараптамасы рецептегі қол мен мөр Гүлмира Асанованыкі екенін көрсетіпті. Алайда, рецептегі алты дәрінің үшеуінің, біріншісі мен соңғы екеуінің атын жазған қол Гүлмираныкі де, қалған үшеуі басқа адамдікі болып шыққан. Бір қызығы – бланкі түрлі-түсті принтерден шығарылыпты. Қаңғыбас қалтасынан шыққан ақшаға қатысты сараптама ондағы саусақ іздері Садық Отарұлы мен Орақ  Есбергенге, яғни, қаңғыбасқа, тиесілі екені көрсетіліпті.

     Ол ойын жинақтап үлгірмеді, телефон шыр ете қалды. Сыртқы бақылаудағы жігіттер екен. «Полковник мырза! Сіз берген суреттегі адамға ұқсас адам Шәкәрім көшесіндегі 23-ші үйге кіріп барады. Не істейміз?» Абылай тез оперативтік топты бастап айтылған мекен-жайға бет алды. Ол үйді тінтуге қатысты рұқсатты кеше алып қойған еді, сонысы оңды болды. Орақтың ағасы оның келген кезде өздерін мазаламауы үшін бір бөлменің аулаға қараған терезесін есік қылып шығарып берген екен, олар оперативті топтың сол бөлмеге кіргенін байқамай да қалды. Із кесушілер Әмірхан Шерханұлының өліміне әкелген рецептіге байланысты  айғақтар тапты.

      Орақ қамауға алынды да, тергеу күткен нәтижені берді. Ол сараптама қорытындыларымен танысқан соң-ақ барлығын жайып салды.

– Садықпен кластаспын…Біз оны саудегер атайтынбыз. Екінші – үшінші класта жүргенде-ақ үйінен бауырсақ, құрт және сондайлар әкеп бізге сататын. Өткенде кездойсоқ кездестік… Әлде, әдейі іздеп келді ме… Әйтпесе, бұрын төрт-бес рет тұсымнан танымаған адам болып өте шыққан…Оның үйі біздің территорияда, сосын ғой…Қойшы, сонымен ол келіп менен көмек сұрады. Дәрілер жазылған қағаз екен. Соның орта тұсындағы үшеуінің атауын өшіріп, басқа дәрілер жазу керек екен…«Жақсы төлеймін.Художниксің ғой, сенің қолыңнан келеді»,– деді. Сосын мен оның айтқанындай жасадым. Сіздер менің баспанамнан алған, қазір маған көрсетіп отырған қағаздарыңыз – сол  жұмыстың алғашқы қадамдары. Қашан қолың жаттыққанша, латын әріптерін жазып үйренгенше, оны алдыңғы жазумен сәйкестендіргенше біраз шимайлағанмын ғой… Ең соңғысы сәтті шықты да, соны рецептіге түсірдім, тура өзінікіндей болып аумай қалды…Ана саудагер…Ақысын толық бермей қашып жүр…

   …Қанша бұлтақтағанмен Садық сараптама қорытындыларымен, куәлар көрсетулерімен танысқан соң сұлқ түсті, енді шығып кетер жол қалмағанын түсінді. Көңілдес жесір келіншекпен үш күн бірге болуды жоспарлап, үйіне «Дүйсенбіден келемін, жігіттермен охотаға кеттім»,– деп ескерткеніне күйінді. Енді мұны үш күн ешкім іздемесі анық. Сосын барлығын айтуға мәжбүр болды.

   – Ойымда басқа арамдық болған жоқ. Тек ана қатыннан өш алғым келді. Қате рецепт бергені үшін жазалағым келді. Әмірхан Шерханұлы өліп қала қояды деп ойлаған да емеспін. Елге белгілі адам шу шығарса қатып кетер еді дегенмін.

– Оған берілген рецептіні қалай қолға түсірдіңіз?

– Бір медсестраны жіберіп, «Қазір мұны тіркейтін болғанбыз, үш күннен кейін келіңіз мына кабинетке»,– деп айтқызып алдырдым да іске кірістім. Сол күні ана көкмиге бәрін жасаттым да, үйдегі цветной принтерден шығарып алдым. Үш күннен кейін келген ол он күндік ем көрсетілген басқа рецептіні алып кетті.

                                 ***                                

     Абылай жексенбі күні оперативтік топпен Садықты ерте барып, құжаттап, компьютер мен түрлі-түсті принтерді тергеу мүддесі үшін алған еді, онда сақталғандар сараптамасыз-ақ қанқұйлы рецептінің осы құрылғылардан шығарылғанын көрсетіп тұр еді. Онда сақталған материалдар көшірмесін алған тергеуші құрылғыларды сараптамаға жіберді. Сол күні-ақ қала гу ете қалды. Мұның телефонынан да маза кеткен соң, ол барлығын бастықтарға баяндап,, қалтафонды өшіріп тастады да, Гүлмира Асанованы қамақтан босатты.

     Бір аптадан соң құрылғыларға қатысты сараптама қорытындысы келіп, ол істі сотқа өткізді. Айыптылар жазасын алды. Абылай терезеден далаға ойлана қарайды. Алғашқы қар… Иә, осы жылдың алғашқы қары лезде қаланы ақ көрпемен қымтай салды. Бәлкім, бұл да жаратушымның жаман адамдар ізін жоймақ болғаны шығар…Бәлкім, мына аппақ әлеммен адамдарды тазалыққа, адалдыққа шақырғаны болар. Әйтеуір, тынбай жауып тұр.

Алдажар ӘБІЛОВ

Құны

(әңгіме) Адам азды ма, заман азды ма білмедім?-деп есіктен кіріп...

ІШКІ БІР ТҮЙСІК

Қалалық ІІД Тергеу басқармасының басшысы, полковник Абылай Қайсеновтің кабинетіне бір...

ОРАМАЛ

Алматы бүгін әдеттегідей  жаймашуақ. Шөкімдей бұлт айналып-айналып  жауа алмай кетті. Күздің...

ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей...

Хакердің қолтаңбасы

Қала жұрты шырт ұйқыға кеткенде әлдебіреу ақпарат жүйесіне ұрлана...