12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

САТҚЫН

        Қылмыстың ізі – көлеңкеде, шындықтың жүзі – жарықта

Бұл шығармада адалдық пен сатқындық, әділет пен қылмыс, бауырмалдық пен қызғаныш арасындағы психологиялық тартыс терең ашылады. Оқиға желісі – шынайы өмірден алынған. Басты кейіпкер, тергеуші Абылай – әділдік үшін күресетін, кәсіби шеберлігімен танылған заманауи Шерлок Холмс. Ол – отбасының тірегі, ел сенімін ақтаған тұлға. Мұнда бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері: жемқорлық, сатқындық, сенім дағдарысы мен адамгершілік құндылықтары көркемдік тәсілмен бейнеленеді. Оқиғаның әр сәті – оқырманды ар, ұят, адалдық пен жауапкершілік жайлы терең ойға жетелейді.

          Жомарт – кішкентайынан маңдай термен еңбек етіп, әр саланы дөңгелетіп жүрген іскер азамат. Ол Тараз технология институтының «Тері өңдеу» факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын Кеңес үкіметі тұсында Шымкенттегі тері-галантереялық фабрикада цех бастығы ретінде бастады. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған тұста елде жаппай өндіріс ошақтары жабылып, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу басталды. Мемлекеттік қолдаудан айырылған кәсіпорындар бірінен соң бірі тоқтап, шикізат пен қаржы тапшылығы бизнеске ауыр соққы болды. Осы кезеңде галантерея фабрикасы да жабылды. Жомарт бұл қиындықтарға мойыған жоқ. Ол өз ісін бастауға бел буды. Бірақ нақты қай салаға бет бұру керектігін ойланып жүрген күндердің бірінде таныс өзбек досы Ташкенттегі тері өңдеу цехтарында химиялық заттардың тапшылығы туралы айтты. Жомарт бұрынғы зауыттарда жұмыс істегенде тері өңдеуге қажет химиялық реагенттердің қай жерде сақталғанын білетін. Ол бұл мүмкіндікті жіберіп алмауды жөн көріп, кәсіпті осы саладан бастады. Қасына сенімді үш жігітті ертіп, тоқтап тұрған зауыттардан тастай қатып қалған, керексіз болып жатқан химиялық заттарды арзан бағамен сатып алды. Оларды қайта өңдеп, Ташкенттегі тері өңдеу цехтарына жөнелте бастады. Бастапқыда шағын гаражды шеберханаға айналдырып, темір келіге салып, келсаппен ұнтақтап, химиялық заттарды қаптарға толтырды. Қарапайым тәсілмен басталған бұл кәсіп алғашқы табысын бере бастады. 1995 жылы ол тоқтап қалған бір тері зауытын сатып алды. Бұл – үлкен тәуекел. Жомарт қолда бар бар қаржысын салып, шикізат тапшылығы, бәсекелестік, кеден кедергілері мен қаржылық дағдарысқа қарамастан кәсібін жалғастырды. Ташкенттің тері өңдеу цехтарымен жасаған келісімшарттар уақыт өте келе тұрақты табыс әкеле бастады. Тоқтап қалған зауыттардан алынған реагенттерді тиімді бағада сатып, қайта өңдеу арқылы нарыққа шығаруы – бұл кәсіптің табысты моделіне айналды. Уақыт өте келе, ол енді мұнымен шектелмей тері өнімдерін де өңдеп, экспорттауды қолға алды. Қазақстанда жаңа цехтар ашып, өз өндірісін бастады. Оның табысы бірнеше есеге өсті. Жомарттың кәсібі тек тері өңдеу саласымен шектелмеді. Ол логистика саласына да кірісіп, өнім тасымалдау жүйесін реттеді. Кедендік мәселелермен бетпе-бет келсе де, оларды шешудің тиімді жолдарын тауып отырды. Кейін ауылдардан мал терісін жинап, Қытайға экспорттауды бастады. Бұл іс те үлкен жетістікке жетіп, кәсібі кеңейе түсті. Жүре келе тек шикізат жеткізіп қана қоймай, дайын былғары өнімдерін сатумен де айналысты. Қытайлық кәсіпкерлермен сенімді әріптестік орнатып, ұзақ мерзімді келісімдер жасасты. Осылайша, оның бизнесі халықаралық деңгейге көтерілді. Жомарт ауыл тұрғындарымен де жақсы қарым-қатынас орнатып, олардан әділ бағамен мал терісін сатып алып отырды. Ауыл халқы да оған сеніп, өз өнімдерін өткізуді жөн көрді. Оның әділдігі мен кәсіпкерлік интуициясы қаржылық айналымды жақсартып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл тек тері жинау ғана емес, ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа қадамы болды. Осы машахаты көп жолдардан жиған тәжірибесі оның бойына кез келген кәсіпке деген үлкен сенімділікті ұялатты. Ол ендігі бизнес жолын құрылыс саласына бұруды жөн көрді. Шымкент пен оның маңындағы қалаларда коммерциялық ғимараттар мен тұрғын үйлер салуға инвестиция салды. Мемлекеттік құрылыс жобаларына қатысып, мектептер, ауруханалар, әкімшілік ғимараттар тұрғызды. Элиталық, орта және эконом-класс үйлер салып, аймақтың дамуына үлес қосты. Бастапқыда бұл салада да түрлі қиындықтар кездесті: рұқсат құжаттары, бәсекелестік, жұмысшылар мәселелері. Бірақ Жомарттың іскерлігі, табандылығы мен адалдығы оның құрылыс саласында да табысқа жетуіне кедергі болмады. Құрылыс саласындағы жетістігі оны өңірдегі ықпалды кәсіпкерлердің біріне айналдырды. Ол халыққа тек бизнестегі табыстарымен ғана емес, қайырымдылық шараларымен де танылды. Әрдайым айналасына көмектесіп, адамдарға жанашырлық танытты. Еңбектегі адалдығы мен әділеттілігі оны құрметті кәсіпкер абыройына жеткізді. Жомарттың өміріндегі ең басты құндылығы – отбасы. Ол балалары мен жақындарына әрдайым қолдау көрсетіп, олардың білім алып, өз жолдарын табуына жағдай жасады. Алғыр жігіттің еңбекқорлығы, адалдығы оның кәсібін өркендетіп, Қазақстан мен көршілес елдердің нарығында беделді кәсіпкер болуына мүмкіндік берді. Оның өмір жолы – табандылық пен қайсарлықтың, адал еңбектің жарқын үлгісіне айналды. Қажырлы еңбектің арқасында Жомарт ірі құрылыс компаниясының иесі атанды. Уақыт өте келе, оның бизнесі тек құрылыс саласымен шектелмей, жаңа бағыттарға да қанат жайды. Үлкен ұлы Астанаға мемлекеттік қызметке тұрған соң, отбасылық кәсіпке көп араласа алмады. Ал екінші ұлы студент. Сондықтан әкесінің қасында жүріп, бизнесін бірге өркендетуге мүмкіндігі болмады. Сол себепті Жомарт қасына сенімді, еңбекқор, іскер жігіттерден команда, яғни компаниясына  сайдың тасындай жас жігіттерді жинады. Оны естіген жан досы Айбар жиені Болатты Жомартқа жіберді. Жүрегі алып-ұшқан Болат бірден Шымкентке қарай жолға шықты. Көңілі алаңдаулы, жүрегі біртүрлі күпті.  Қаланың шетіндегі аялдаманың бірінде таксиден түсе сала, адамдардан Жомарттың кеңсесінің мекенжайына қалай жетуге болатынын сұрап алды. Ұзақ күттірмей автобуыта келе қалды. Алаңдап, қайта-қайта терезеге қарап отырғанда көшенің арғы бетіндегі биік ғимараттың маңдайшасынан «Jomart Construction» деген атау жарқырап көрінді. Бұл – оның діттеген жері. Болаттың жүрегі дүрсілдеп қатты соға бастады, көңілі алаңдаулы, аяқтарын жылдам басып келеді. Шымкенттің қақ ортасындағы кеңсеге жақындаған сайын, ойы сан-саққа жүгірді. «Жомарт – ағамның жан досы. Ол мені ренжітпейді. Бірақ мені қасына ала ма? Киімім ескі, түрім жүдеу… Қанша дегенмен бай-бағландардың ортасы ғой. Қабылдай ма екен?» Жол бойы қалың ойда болғандықтан қарны ашқанын енді сезінді. Базардың жанынан өткенде, самса мен ыстық шайдың иісі мұрын жарып барады. Бірақ қалтасында соңғы ақшасы ғана қалған. Оны үнемдеуге тура келді. Қаладағы зәулім ғимараттардың арасымен жүріп отырып, ақыры «Jomart Construction» кеңсесіне де жетті. Биік әйнек есіктің ар жағында іскер адамдар ары-бері өтуде. Болат бір сәт өзінің бұл ортаға сай келмейтінін ойлап, жүрексініп қалды. Бірақ кейінгі айларда көрген қиындықтары есіне түсіп, бойын тез жиып алды. «Мен де адаммын! Тек мүмкіндік керек. Егер Жомарт ағам қолдау көрсетсе, мен де оның сенімін ақтаймын!». Жігерін жиып, есікті ашты да, ішке кірді. Қыбылдау бөлмесінде аққұба келген, орта бойлы әдемі хатшы қыз күлімсірей қарсы алып, жөн сұрап, «бірер минут күте тұрыңыз» деп Жомарттан рұхсат сұрап, Болатты ішкі кең бөлмеге өткізді.

Жомарт кабинетінде маңызды құжаттарды қарап отырған. Есіктің ашылғанын естігенде, басын көтеріп:

— Кіріңіз! — деді қатқыл даусы кең бөлмеге жаңғырып.

Есіктен Болат сыптай болып кірді де, шалт қимылмен Жомарттың алдына жетіп барып, сәлем берді:

— Ассалаумағалейкум, Жомарт аға! Ағам сізге дұғай сәлем айтты. «Жомарттың бір жақсылығы өле-өлгенше мойнымда, амандығын біліп қой» деді. Жомарт орнынан көтеріліп, Болатқа қол соза бергенде, үстел үстіндегі қаламсабы жерге қарай сырғып бара жатты. Бірақ ол жерге жетіп үлгермеді – Болат лып етіп оны қағып алды да, әдемі қимылмен Жомарттың қолына ұстатты.

— Аға, сізге адал еңбек етуге келдім! – деп, дауысын жұмсартып, еркелеп сөйледі. Жомарт оның көздеріне бір сәт қарап тұрды да:  «жалт-жұлт еткен жанарында от емес, есеп бардай, өзін сенімді ұстайды, сөзі майда, қимылы шапшаң екен» деп іштен ой түйді. Бірер минуттан кейін:

— Ағаң аман-есен бе? – деп сұрады Жомарт.

— Шүкір, аға. Жағдайым жаман емес. Мені  осында, ағам Сізге жіберді. Қолыңызда қандай жұмыс бар? Кез келген жұмысқа дайынмын. Талапқа сай болуға тырысамын! Жомарт бір сәт ойланып, орындыққа қайта отырды. Алдындағы қағаздарын реттеп жатып, асықпай сөйледі:

— Жарайды, Болат. Менің қасымда тек сенімді адамдар жұмыс істейді. Сен маған қаншалықты адал боласың?

Болат іркілген жоқ:

— Құдай мен жүрегім куә, мені жаныңызға алсаңыз, артық сұрақ қоймай, берілген істі бұлжытпай орындаймын! Адалдыққа берікпін, аға.

Жомарт ернін жымың еткізіп күлді.

— Сен пысық жігіт екенсің. Жарайды, көреміз. Ертеңнен бастап менің жігіттеріммен бірге жұмысқа кірісесің. Бірақ бір нәрсені есіңде сақта: мен тек адал адамдармен жұмыс істеймін. Болат Жомарттың сөзін іліп алып кетті:

— Ағатай, адалдық – мен үшін бірінші орында! – деді Болат шын сендірген кейіппен.

— Жасың нешеде? –

— 18 жастамын, аға, – деп Болат жылдам жауап қатты.

Жомарт сәл жымиып:

— Онда сенің үйренетінің көп. Құрылыс – ең күрделі, машақаты мол саланың бірі. Алдымен сені осы салаға баулып, үйретуім, тәжірибеден өткізуім керек. Қолыңнан не келеді?

Болаттың көздері жайнап кетті. Мұндай сұрақты күтіп отырғандай, жылдам жауап берді:

— Көп нәрсе қолымнан келеді, аға! Қандай жұмыс болса да тартынып қалмаймын!

Жомарт сәл ойланып, сұрақты нақтылай түсті:

— Көлік жүргізе аласың ба?

Болат қуанып кетті.

— Жүргіземін! – деді ол бар дауысымен. – Бала күнімнен әкемнің көлігін айдап үйренгенмін. Ауылда кім көлік айдамайды дейсіз?

Жомарт басын изеп, ойға шомылды.

— Жақсы. Ертеңнен бастап біздің жүргізушілермен бірге жүресің. Қалада көлік жүргізудің ауылдағыдай емес екенін білесің ғой?

— Білемін, аға. Бұйырса ертең-ақ қаланың әр бұрышын меңгеріп аламын. Оған еш алаңдамаңыз!

— Жарайды, – деді Жомарт. – Бірақ есіңде болсын, мұнда сенің әрбір әрекетің сыналады. Адалдық, жауапкершілік, тәртіп – бізде басты қағида. Егер осы талапқа сай болсаң, орныңды табасың.

— Аға, мен сіздің сеніміңізді ақтаймын! – деді Болат қуанышты үнмен.

              Болат  бірінші күннен-ақ томпаңдап жүріп, Жомарттың компаниядағы барлық тапсырмаларын тиянақты орындай бастады. Ол ештеңеден тартынбай, қандай жұмыс берсе де екі етпейтін пысықтығын көрсетті. Құрылыс алаңына барса – жүк тасиды, кеңседе жүрсе – қағаз тасиды. Қажет болса, қонақтарға шай құйып, есіктің алдындағы көліктерді жуып тастайтын болды. Жомарт оған таңғала бастады. «Бұл бала шын ниетімен жұмыс істеп жүр ме, әлде жай ғана жағымпаздық па?» – деп кейде іштей ойланып қояды. Бірақ Болаттың пысықтығы мен тыңғылықтылығы оған ұнап қалды. Бірде кеңседе отырғанда, Болат жүгіріп келіп, аяқ киімін шешіп, қораптағы жаңа туфлиін қолына ұстатты:

— Аға, жаңа аяқ киіміңізді әкеліп қойдым. Қазір ескісін тазалап қоямын!

Жомарт сәл жымиды.

— Сен тым асыра мақұлшылдыққа салынып кетіп жүрген жоқсың ба?

— Жоқ, аға! Бұл – құрметім ғой. Сіз маған сенім арттыңыз. Мен сізге адал қызмет етемін! Осылайша, Болат Жомарттың жанынан бір елі ажырамайтын сенімді көмекшісіне айналды. Қайда барса да бірге жүреді, айтқанын екі етпейді. Жомарт оған бауыр басып, ерекше сенім арта бастады. Болат жай ғана қызметкер емес, Жомарттың сенімді серігі, туған бауырындай болып, ортаға тез сіңіп кетті.

         Зымырап 20 жыл өте шықты. Жомарт бүгін ерекше сезіммен жұмысына ерте келіп, терезеден сыртқа қарап, Шымкенттің таңғы көрінісін тамашалады. Күзгі салқын самал оның ойларын одан сайын алыстарға жетелей түсті. Ол үшін бұл таң ерекше. Себебі, қасында 20 жыл жүріп, сенімді бауырына айналған Болатқа жаңа жобаны тапсыруға бел буды. Ұзақ ойланып тұрды да қолына ұялы телефонын алып:

— Болат, маған келші, – деді кең кабинетінің ішінде тұрып.

Болат есікті ақырын ашып кірді. Оның көзі жайнап тұр. Соңғы жылдары Жомарттың оң қолы болып, бизнесінің ең маңызды тұтқаларын басқаруға мүмкіндік алған. Жомарт:

—Болат,  сен маған біраз жылдан бері адал қызмет етіп келесің. Мен сенің еңбегіңді бағалаймын. Сондықтан осы жолы саған аса маңызды жобаны сеніп тапсырайын деп жүрмін – деді байыппен.

Болат екі көзі шамдай жанып, іштей қуанып тұрса да, сырттай салмақты кейіп танытып:

— Рахмет, Жомарт аға. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Сеніміңізді ақтауға тырысамын. Жомарт Болаттың көздеріне тіке қарады. Бірақ бұл сенімнің соңы неге апарарын ол  білмеді…

Болатжан, құрылыс оңай сала емес. Әлемдегі ең ірі және күрделі индустриялардың бірі. Ол тек ғимараттар мен инфрақұрылым салумен шектелмейді, сонымен қатар экономикаға, технологиялық дамуға және әлеуметтік өзгерістерге тікелей әсер етеді. Жобалау және жоспарлау, архитектура мен инженерия. Материал өндіру: цемент, болат, ағаш, шыны. Құрылыс процестері: жер қазу, монтаж, әрлеу. Қауіпсіздік пен экология: еңбек қауіпсіздігі, экологиялық нормалар. Басқару мен қаржы: инвесторлар, мердігерлер, тендерлер сияқты көптеген қиындықтар бар. Сонымен қатар, бұл салада тәуекел жоғары – бюджеттің артуы, мерзімдердің кешігуі, жұмыс күшінің тапшылығы, техникалық қиындықтар сияқты мәселелер жиі кездеседі. Бірақ дұрыс басқару мен заманауи технологияларды қолдану арқылы құрылыс индустриясында үлкен жетістіктерге жетуге болады. Осының бәрін саған үйретуім керек.  Жұмыстан соң қаласың, бизнес сабақтар өткіземін. Бір ай өткенде Жомарт:

-Болатжан, саған өткенде мемлекеттен жаңа жоба алғанымды айтқанмын. Сарыағаш пен Шардара қаласындағы жаңа құрылыс алаңдарын біздің фирма жеңіп алды. Сол себепті, жаңа фирманың басшысы етіп, сені тағайындадым. Мемлекеттік үлкен жобалар – үлкен мүмкіндік қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Сен осы сенімді ақтайсың деп ойлаймын! Болат тыпыршықтап бір орнында тұра алмай кетті.

-Жомарт аға, көп рахмет – деп, оның қолын жібермей ұзақ қысып ұстап тұрды:

-Көке, көресіз, сеніміңізді ақтаймын! Бұл үшін әлі маған рахмет айтасыз- деп, басындағы кепкасын көкке лақтырып, қайта қағып алып, балаша секіріп қуанды. Жомарт Болатты қасына алып, мемлекеттік тапсырысты орындаудың бірнеше негізгі қиындықтарын тағы да нақтап түсіндірді.

         Жаңа лауазымдық қызмет Болаттың мінез-құлқын күн өткен сайын өзгерте берді. Дүниеге деген ашкөздік оның жүрегін қарайтып, ішкі әлемінде қақтығыстар туғызып, қатал шешімдер қабылдауына әкеп соқтырды. Ол ешкімді аямайтын, билікке, байлыққа жетуге барын салатын қатыгез жанға айналды. Оның ішкі жан-дүниесінде үнемі күрес жүріп жатты. Оның бойындағы адамгершілік қасиеттер жоғала берді. Қанағатсыздың ішкі тар ниетін Жомартқа бәсекелес болып жүрген әккі Тезекбай баяғыдай байқап қалған. Енді оны өз мақсатына пайдалануды жөн көрді.  Болаттың әлсіз тұсын дөп басып, өзіне жақын тарта бастады.  Бір күні оңаша кездесуде  Болатқа сыбырлай сөйлеп, ішіне күмән ұялатты.

— Әй, Болат, сен осы Жомарттың көлеңкесінде жүргелі неше жыл болды? Болат:

-Жиырма жыл! Тезекбай:

-Ал осы жылдарда не пайда таптың? Анау әбден шіріп байып алды. Осы сенің еңбегіңнің өтеуі бар ма? Болат үндемеді. Бірақ Тезекбайдың сөзі жанын тіліп өтті. Ол одан әрі арам ойын жалғады.

— Бері қарашы, бізге де бірігіп, бірдеңе жасау керек. Сенің фирмаңа түсіп жатқан қаражатты тиімді пайдаланып, өз кәсібімізді ашып алуымыз керек? Жомарт білмей қалады, оның ақшасы көп, бірер миллионның жетіспегенін аңғара да қоймас. Болат азғыруға көнгісі келмесе де, бұл ой оның санасын біраздан бері мазалап жүр. Тезекбайдың сөзі сол ойына май құйды. Болат жаңа қызметке келгелі Жомартқа адалдық туралы берген уәдесін ұмытқан. Тек қана осы мүмкіндікті қалай өз мүддесіне пайдаланып кетудің жолын таппай жүргенде «сұрағанға тілегін беремін» дегендей Тезекбайдың алдынан шыға қалғанын өмірдің олжасы деп қабылдады.  «Досым шынында да дұрыс айтады. Жомарттың байлығы күн санап артып келеді. Мен ұзақ жыл адал еңбек еттім, сол жылдардың өтемін қалайда қайтаруым керек» деп өзін өз қамшылаумен болды. Жыланның аяғын көрген Тезекбай оның  ойын жүзінен оқып, одан әрі үгіттей түсті:

— Болат, сен өмір бойы біреудің қасында жүре бересің бе? Қазір өзіңе жұмыс істейтін уақыт. Бір-екі құрылыс нысанасының қаржысын біздің фирмаға аударсақ, Жомарттың жұмысы тоқтап қалмайды, бірақ біз өз алдымызға аяққа тұрып кетеміз. Ол ештеңені байқамайды. Болат күмәнмен басын шайқады:

— Жоқ, Тезеке, мен опасыздық жасай алмаймын. Тезекбай күліп жіберді:

— Сенім дейсің бе? Байлар үшін сенім деген жай сөз. Егер сен әлсіз болсаң, сені бір-ақ күнде лақтырып тастайды. Сен бүгін барсың, ертең жоқсың. Жомарт өз басын ғана ойлайды. Ол саған тек қана тиын-тебен беріп, қасында ұстап отыр. Біз ше? Біз нағыз кәсіпкерлер болуымыз керек. Сенің бұл салада мол тәжірибең бар!

Болаттың жүрегінде шайқас басталды. Ар-ұяты мен ашкөздігі күресті. Бір жағынан, Жомарттың «адал бол» дегенін ұмытқысы келмеді, екінші жағынан, мол ақша, еркіндік, билікке деген шексіз құмарлық оны өз құрсауына байлап алды. Көп ұзамай, ол шешім қабылдады…

Тезекбай Болаттың көкейіндегі күмәнді ойын сейілту үшін одан әрі оны әңгімеге тарта бастады. Оның дауысы сенімді әрі жарқын шықты:

— Болат, сен білдей бір фирманың директорысың. Сен енді жай қызметкер емессің. Өзіңе жұмыс істеуге уақыт келді. Осындай мүмкіндік әркімнің қолына түсе бермейді. Бұл шанс екінші рет қайталанбайды.

Болат ойланып қалды. Тезекбай оны иығынан қағып:

— Қаражат сенің қолыңда. Біз осы ақшаны айналымға салып, үлкен бизнес бастаймыз. Менің билікте таныстарым бар, бізді ешкім тоқтата алмайды. Қорықпа! Сенің де өз бизнесің болады. Болат терең дем алды. Тезекбайдың сөзі санаға әсер ететіндей күшті.  «Жомарт осы уақытқа дейін маған сенді, енді міне, үлкен жобаларды тапсырды. Жоқ. Опасыздық жасай алмаймын»- деп Болат өз ойынан өзі шошып кетті де:

— Жомарт ағам  байқап қояды— деп күмәнін жасырмады.

Тезекбай қулана қарады:

— Ол қайдан білсін? Оның ақшасы көп, әр жерде шашылып жатыр. Біз бір нысанның қаржысын өзімізге бұрсақ та, оған еш зиян келмейді. Екеуміз осы мүмкіндікті жіберіп алмай өз болашағымызды жақсартып аламыз. Болат басын қасып, ойланып қалды. Ол бұл ұсынысты қабылдаса, өмірі түбегейлі өзгеріп кететіндей күй кешті. Болат ақыр соңында  Тезекбайдың ұсынысын қабылдады.  Азғырудың буы мен оңай олжаға кенелу арманы оның ар-ұятын көлегейлеп тастады. Екеуі жоспарды мұқият құрды. Мемлекеттен бөлінген қаржының бір бөлігін басқа есепшотқа аудару үшін, құжаттарға ұсақ өзгерістер енгізілді. Болат  құрылыс материалдары мен жұмысшыларға арналған қаражатты жалған фирмалар арқылы айналдырып, үлкен соманы жымқырды. Тезекбай өз байланыстарын пайдаланып, бұл істің сырт көзге ешқандай күдік тудырмауын қадағалады. Жомарт болса, ештеңеден бейхабар. Ол Болатқа үлкен сенім артты, туған бауырындай қарады, сеніп тапсырылған жұмыстың әділ атқарылып жатқанына еш күмәнданбады. Болат күн өткен сайын бұрынғыдан да сенімді бола бастады. Жымқырған қаржысы еселеніп, енді өз өмірін басқаша елестетті. Ол енді біреуге тәуелді емес, өзін жеке кәсіпкер ретінде қабылдады. Адамгершілік шекарадан аттап өткен соң, тоқтауды ойлаған жоқ. Жымқырған ақшасы оның өмірін күрт өзгертті. Бұрын Жомарттың көлеңкесінде жүрген ол енді өзін  қожайын сезінді. Бірақ бұл өзгеріс оны басқа адамдардың ықпалына түсірді. Тезекбай Болатты өз ортасымен таныстырды. Бұл – билікте байланысы бар, көлеңкелі істермен айналысатын топ. Олар Болатқа жаңа мүмкіндіктер ашты.

— Сен сияқты ақылды адамдар бізге керек, – деді біреуі, – Құрылыс бизнесінде үлкен ақшалар айналып жатыр. Сен бізбен бірге болсаң, бұдан да көп табасың. Бұл сөздер Болатқа сары майдай жақты. Ол енді үлкен ойынның ішіне кіріп кеткенін түсінді. Алғашында қарапайым жымқырумен басталған ісі енді аса үлкен деңгейге көтерілді. Жаңа «серіктестері» оған шенеуніктермен келіссөз жүргізуді үйретті. Мемлекеттік тендерлерді жеңіп алған қаражатпен қандай қулық-сұмдықтар жасауға болатынын көрсетті. Осылайша Болат ақша жымқырудың жаңа әдістерін меңгерді. Тезекбай:

— Мұның бәрі тегін емес, Болат. Енді сені біз қорғамасақ еркін жүре алмайсың, – деп арқасынан қақты. Сол топтағы тағы бір жуан сары:

 – Енді сен бізге қарыздарсың. Бізге де көмегің керек уақыт келеді. Болаттың жүрегінде бір сәтке қорқыныш пайда болды. Ол бұған дейін өзін еркін сезініп келген. Бірақ енді біреулерге тәуелді іспетті. Қанша ақша тапса да, бұл адамдардан бас тарту оңай болмайтынын іштей болжағандай.

           Компанияның жұмыстарын тексеріп отырған Жомарт құжаттарды парақтап отырып, біртүрлі сәйкессіздіктерді байқады. Мемлекеттік қаржының белгілі бір бөлігі есепте жоқ. Ал шығындар бойынша көрсетілген сандар бір-біріне сай келмеді. Ол тағы бірнеше құжатты мұқият тексеріп шықты.

— Бұл қалай болғаны?.. — деп сыбырлап қойды ол өзіне.

Жомарттың жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Осынша жылдар бойы адал жұмыс істеп келемін деп ойлаған едім, ал енді көз алдымдағы сандар мүлде басқа нәрсені көрсетіп тұр. Мұның бәрі біреудің қолымен істелгені анық. Ол орнынан баяу көтеріліп, кеңсенің терезесінен сыртқа көз тастады. Күнделікті тіршілік қарбалас жүріп жатты, бірақ Жомарттың көңілі күпті. Оның көкейінде бір ғана сұрақ тұрды: «Мұны кім жасады?» Көп ұзамай, оның күдігі нақты бір адамға ауды – Болат. Соңғы уақытта оның мінезі өзгеріп, қымбат көлік мініп, өзін тым еркін ұстауы күмән туғызған. Жомарт одан жауап алуға бел буды. Ұйқыға кеш жатса да, түні бойы дөңбекшіп шықты. Таң бозарып атқанда төсегінен тұрып, далаға серуенге шығып, біраз бой сергітті. Үйге кірсе, Жанар самаурынды бұрқыратып, дастарханды жайнатып қойыпты. Бір-екі кесе шайын іше сала, жылдам киініп, жұмысына асыға шықты.

Ішке ашулы кірді. Хатшы қызға: — Болатты маған шақыршы! — деді.

Болат бұл шақыруды естігенде, денесі тітіркеніп кетті. Бір сәтке жүрегі тоқтап қалғандай болды. «Барлығын біліп қойды ма?» деген ой санасын жайлап, қолдары дірілдей бастады. Кеңсеге кірмес бұрын ол асығыс түрде Тезекбайға қоңырау шалды. Даусы дірілдеп шықты:

— Жомарт мені шақырып жатыр. Ол бірдеңені сезіп қойған сияқты. Не істеймін? Тезекбай сабырлы үнмен:

— Өзіңе ұстамды бол. Ештеңені мойындама. Ол тек күдіктеніп отыр. Егер қорыққаныңды білдірсең біттің. Ешқандай сыр берме!-

 Болат басын изеп, телефонды қойды. Бірақ іші алай-дүлей болып тұрды. Есікті баяу ашып, Жомарттың алдына келді. Жомарт үстелдің арғы жағында көзін тік қадап тұр.

— Отыр, Болат. Айтар әңгімем бар, — деді дауысы салмақты, бірақ суық шықты. Болат орындыққа баяу отырды. Оның жүрегі дүрсілдеп, алақанынан суық тер ақты.

— Маған шындық керек, Болат — деді Жомарт көзін тайдырмай. — Компания бюджетінен біраз қаражат жымқырылған. Мемлекеттік қаржы біздің есепшотқа түспеген.

Болат бір сәт үнсіз қалды. «Енді не істеймін? Мойындаймын ба, әлде Тезекбай айтқандай, бәрін жоққа шығарамын ба?» – деді ішінен. Жүрегі кеудесінен атып шығардай соғып тұрды. Жомарттың көзқарасы өткір, суық. Ол бірден шындықты айтқысы келгенімен, Тезекбайдың сөзі санасында жаңғырып тұрды: «Ештеңені мойындама! Онда ешқандай дәлел жоқ!» Болат терең дем алып, өзін жинақтап алды.

— Жомарт аға, бұл… жай ғана бухгалтерлік қателік шығар. Мен өзім де толық тексеріп көрейін, — деді ол сенімді сөйлеп. Жомарт қабағын түйіп, орнынан көтерілді.

— Болат, сен мені ақымақ санайсың ба? — деп даусын қатайта сөйледі. — Менің қолымда құжаттар бар. Кімнің қайда, қанша ақша аударғанын да көріп отырмын. Мен саған сендім! Ал сен не істедің?

Болат бұдан әрі не айтарын білмеді. Басы салбырап, көзін төмен түсірді.

— Кешіріңіз, Жомарт аға… — деп күбірледі де, орнынан атып тұрды. — Маған аздап уақыт беріңізші. Мен бәрін реттеймін.

— Жақсы, — деді Жомарт.

— Егер шындықты айтпасаң, мен бұл істі өзім реттеймін –деп Болатқа қарады. Бірақ, ол шындықты айтып кешірім сұраудың орнына кеңседен шыға сала, бірден Тезекбайға қоңырау шалды. Даусы дірілдеп шықты.

— Болды, бәрі бітті! Жомарт аға бәрін біліп қойды! Не істеймін?

Тезекбай асықпай жауап берді:

— Сабыр, Болат. Қазір бар болғаны сенің қорыққаныңды тексеріп жатыр. Егер әлсіздік танытсаң – біттің. Болат:

— Бірақ оның қолында құжаттар бар! Тезекбай:

— Сен туралы ешқандай дәлел жоқ. Егер мойындасаң, түрмеден бір-ақ шығасың. Ал егер дұрыс әрекет етсең, жағдайды өз қолымызға аламыз.

— Қалай?

Тезекбай аздап үнсіз қалды да, ауыр сөз айтты:

— Жомартты жолдан тайдыру керек.

Болат селк ете қалды.

— Не дейсіз?!

— Егер ол тірі жүрсе, сенің түбіңе жетеді. Оны тоқтатудың жалғыз жолы — осы. Болаттың денесі мұздап кетті. Бұл ұсыныс оған тым ауыр көрінді. Бірақ басқа амалы жоқ. Болаттың санасында алай-дүлей ойлар шарпысты. Жомарттың ашулы жүзі, оның сенімін сатқаны, енді өз өмірінің құрдымға кету қаупі… Барлығы бір сәтте өзгерді. Тезекбайдың сөзі құлағында қайта-қайта жаңғырып тұрды:

«Жомарт тірі жүрсе, біздің күніміз қараң». Ол көп ойланған жоқ. Ақыры, өз мүддесі үшін шектен шығуға бел буды.

— Қалай істеу керек? — деді Болаттың дауысы дірілдеп.

— Сен тек ақша бер. Қалғанын мен ұйымдастырамын, — деді Тезекбай суыққанды қалыпта. Құпия кездесу түнде, қала сыртындағы қараңғы қоймада өтті. Киллердің шарты бірден айтылды: 5 миллион теңге. Жарты ақша алдын ала, қалғаны – жұмыс аяқталғаннан кейін. Болат бұған дайын. Ол бес миллион теңгенің жартысын төлеуге бірден келісті. Киллер – қалың қабақ, суық жүзді, мойыны күжірейген, көздері ащы тұздай сұсты, орта бойлы қара жігіт. Бұрын бокспен айналысқан. Кейін жолы болмай, спорттан кеткен. Тезекбай:

— Бұл – біздің кедергілерді шешетін адам, — деді киллердің арқасынан қағып. Болат қорқып тұрса да, артқа шегіну үшін тым кеш екенін түсінді.

— Маған бір мәселені шешу керек — деді Болат, қара жігіттің бетіне тіке қарап.

Ол қатқыл дауыспен:

— Қалай шешкенімді қалайсың? — деп сұрады.

— Мәңгіге… Тез әрі таза шешілуі керек. Ешқандай із қалмасын! — деді Болат, қаны басына шауып. Ол ұзақ киллердің бетіне үңіліп қарап тұрды да:

— Атың кім? — деп сұрады.

— Тұман,— деді жуан қара.

— Тұман, біз саған сеніп, осы тапсырманы беріп отырмыз. Барлығы таза орындалсын, — деді Болат. Киллер басын изеп, қысқа жауап қайтарды:

— Еш уайымдама! — деп суық көздерін Болаттың көзіне қадады.

— Тезекбай ағаның телефонына бір нөмір жіберемін. Қаражатты сол шотқа сал, — деді Тұман.

— Жақсы. Ол жағына уайымдама, — деді Болат.

         Мұндай тапсырманы алғаш рет алған Тұманға бұл жұмыс оңайға түспеді. Қолын қайта-қайта жұдырықтап, терең тыныстап, өзін сабырға шақыруға тырысты. Бір жағынан, Болат ұсынған бес миллион теңге ол үшін сол сәтте ауадай қажет болды. Өз-өзін: «Бұл мүмкіндікті жіберіп алмайын…» — деп әрең жұбатумен болды.

         Мұндай тапсырманы алғаш рет алып тұрған Тұманға бұл жұмыс оңайға түспеді. Қолын қайта-қайта жұдырықтап, терең тыныстап, өзін сабырға шақыруға тырысты. Бір жағынан Болат ұсынған 5 миллионға ол сол сәтте қатты зәру болды. Содан өзін «бұл мүмкіндікті жіберіп алмайын» деп жұбатты. Бірақ тапсырысты орындауға жақындаған сайын ішкі түйсігі талай рет қарсылық көрсетті. Алайда, өкінішті! Алған ақшасын жаратып қойды. Енді артқа шегінерге жол жоқ.

          Жомарт адам танитын, кімнің қандай екенін ішкі түйсігімен бағамдайтын сезімтал болғанымен тура қанатының астында жүрген, балапан кезінен өзі баптаптаған, жан досының інісінен күдіктенуді ешқашан да каперіне алған емес. Ол Болатты ешқашан да жамандыққа қимады. Соңғы кездері Болаттың мінезінен секемденіп жүрсе де, оның сатқындыққа дейін баратынына сенбеді. Бірде ол Болаттың әрекеттерінен біртүрлі жаттық мінездер байқап, оны жұмыстан қуып жіберген кезде  Болат оңай берілмеді. Ол біраз уақыт өткен соң қайта оралып:

— Көке, мен ақымақ болдым, қателестім. Бірақ сіз мені білесіз ғой, жамандық ойлаған жоқпын. Сізге адал қызмет еткім келеді, — деп, жалбарынып, кешірім сұрады. Жомарт оның жалынышты түріне қарап, ауыр күрсінді. Ол әрқашан адамға екінші мүмкіндік беруді жөн көрді. Болатты қайта жұмысқа қабылдауға асыл жары Жанар үзілді-кесілді қарсы болды. Жомарт болса:

— Бір рет қателескен адам түзелуі мүмкін. Қайта келіп тұрса, тәубесіне келген болар. Мен адамгершілікті алға қоямын. Болат, жұмысыңды жалғастыр — деп кеңдікке салды. Жанар:

— Сенің жүрегіңнің жұмсақ екенін білемін, бірақ кейбір адамдарға сенуге болмайды! Ол ертең тағы да қателік жасаса не істейсің? — деді даусы қатқыл шығып.

— Жанар, мен де ойландым. Бірақ адам өз қатесін түсінсе, оған мүмкіндік беру керек. Біз де АЛЛАНЫҢ алдында пендеміз ғой, кешірімді болайық, — деді Жомарт байсалды үнмен. Жанар көңіліне күдік ұялап тұрса да, сүйікті жарының көңіліне қарап үнсіз қалды. Жомарт оны кешірді. Алайда, қулығына құрық бойламайтын Болаттың санасында басқа ой тұрды. Ол өзінің Жомартқа ешқашан адал болмайтынын білді. Оның мақсаты – тек сенімге кіріп, қайтадан компанияның қаржысына қол жеткізу. Ол ішінен: «Бұл жолы сақ болуым керек. Бірден емес, ақырын әрекет етемін…» — деп ой түйді. Жомарт Болатты жұмысқа алғаны оның ең үлкен қателігі боларын сол кезде қайтан білсін?!…

Жанардың жүрегі қателеспеді. Ол Болаттың қара ниетін бірден сезгенімен шарасыз күй кешті. Бұл шешімге разы болмаған Жанар:

– Ол өзгерген жоқ, – деді күйеуіне тағы бірде жеке қалғанда. Қарада тұр. Ол сеніміңді тағы да сатып кетеді. Бірақ Жомарттың жүрегі жұмсақ. Жанар ешқашан Болатқа жылы қабақ танытқан емес. Оның амандасқан қолын талай рет сілкіп тастағаны бар, тіпті көзіне тура қарағысы келмейтін. Қанша уақыт өтсе де, ішкі түйсігі оны алдамайтынын білді. Бірақ бұл сезімін дәлелдеу қиын болды. Ал Болат болса, сырттай сыпайы көрінгенімен, іштей күңіреніп жүрді. Ол жоспарын ешкім байқамай жүргенін көріп, іштей масаттанатын. Бірақ Жанар оның бетпердесін аша алатын санаулы адамдардың бірі екенін ол ескермеді.

         Болат Жомартқа есеп беруді созып, түрлі сылтау айта бастады.  «Құжаттар әлі қаралып жатыр», «Бухгалтерияда қателік кетті», «Мемлекеттен қаржы кешігіп жатыр» деумен болды. Бұл уақытта қаражат басқа есепшотқа аударылып, ол ақшаны өз пайдасына жұмсап жатты. Жарылқап алғашында сенгенімен, уақыт өте келе қаржының мүлде компанияның есепшотына түспегенін анық байқады. Басқа сенімді адамдардан сұрастырып, ресми орындарға хабарласқан кезде шындықтың беті ашылды. Жомарт бухгалтерлерге, банк өкілдеріне тексеріс жүргізіп, қаражаттың басқа есепшотқа аударылғанын анықтады. Бұл шот Болатқа тиесілі екенін немесе оның сенімді адамдарының бірі арқылы тіркелгенін білді. Шындық ашылуға тақағанда, Жомарт Болатты шақырып, тікелей сөйлесу немесе заң органдарына жүгінуді жөн көрді.  Жомарт оны әңгімеге шақырғанда, Болат өзін ақтап алуға тырысты. Бірақ оның сөзі мен іс-әрекеттері бір-біріне сәйкес келмеді, оның қобалжуы немесе тым салқынқандылығы Жомартқа шындықты түсінуге көмектесті. Жарылқап нақты дәлелдерді көрсеткенде, Болаттың шынайы бет-бейнесі көрінді. Жарылқап ұзақ ойдан соң, құрылыс алаңына келді. Күн еңкейіп барады.  Құрылыс біткен, бірақ көңіл-күйі жоқ. Жомарт өз-өзіне:

«Қанша жылдық еңбегім. Қанша тер төктім. Елге пайдалы іс қыламын деп тыным таппай келемін» – деп көзін жұмып, терең дем алды. Жомарт… Сен қалай қателестің? Адамдарға сендің. Болатқа сендің… Ол болса, адалдықты сатып кетті. Тек мені ғана емес, бүтін еңбекті, халықтың несібесін ұрлады. Аяғымен топырақты түрткілеп, жерге қадала қарады. Мына іргетас, мына қабырға бәрі менің маңдай терім. Бұл құрылысты тұрғызған жұмысшылар қанша қиындық көрді. Оларға уәде бергенмін. «бәрі уақытында төленеді»- деп… Бірақ ол ақша қайда? Болат қайда? Күн батып барады. Жомарт көкжиекке ұзақ қарады. Ашулы. Қолындағы қағаздарды жұдырығына түйіп, іштей күйіп-пісіп тұр.

— Ішім удай ашып тұр. Болат! Сен мені ғана емес, бүтін сенімді аяққа таптадың! Ұзақ жылғы еңбегімді, адалдығымды бір сәтте жоққа шығардың. Ызыға булығып, асығыс жүре бастады, әр қадамы ауыр. Өзімен өзі күбірлеп сөйлеп келеді:

— Мемлекеттің қаражатын жымқырып, не таптың? Бір сәттік пайда үшін бар абыройыңды төктің бе? Мен саған сендім. Қаншама жобаны қолыңа тапсырдым. «Адал адам» деп ойладым. Ал сен не істедің?! Жұдырығын түйіп, бір сәт тоқтады. Тынысы жиілеп кетті.

— Сенім деген қасиетті нәрсе… Оны сатып кеткен адам қайта қалпына келтіре алмайды. Болат, сен менің сенімімді өлтірдің! Ол сеніммен бірге қаншама адамның маңдай тері, арманы кетті…Кенет бір күрсініп, аздап сабасына түскендей.

— Жоқ, мен бұлай жеңілмеймін. Мұны жай қалдырмаймын! Сенің жасағаның – тек маған емес, елге жасалған қиянат! — деп, көзі бір нүктеге қадалып, терең ойға шомды.

— Ал сен, Болат, бұл әділетсіздіктің жауапкершілігін сезінетін күнге де жетесің. Бірақ… ол кезде бәрі кеш болады…

Жомарт кеңсеге келді. Үстелінің үсті қағазға толы. Ол телефонын алып, Болатқа қоңырау шалды. Бір-екі рет гудок кеткен соң, ар жақтан Болаттың дауысы естілді:

— Алло, Жомарт аға, ассалаумағалейкум! Қалайсыз?

Жомарт салқын үнмен:

— Уағалейкумассалам, Болат. Кездесейік, сөйлесуіміз керек.

Болат сасқалақтап:

— Қазір ме? Неге телефонмен айта салмайсыз? Жомарт:

— Бұл телефонмен айтатын әңгіме емес. Қашан келе аласың?

Болат дауысын жұмсартып:

— Бүгін шаруалар көп. Біраз жұмыспен жүрмін. Ертең бола ма?

Жомарт дауысын қатайтып:

— Болат, ертең болса, ертең. Жақсы. Бұл маңызды кездесу. Болат сәл үнсіз қалды:

— Жарайды, қайда келейін? Жомарт:

— Ескі құрылыс алаңына кел. Ертең кешкі жетіде күтемін. Болат:

— Жақсы, барамын… Бірақ мәселе не туралы? Жомарт қысқа қайырды:

— Келгенде білесің.Телефонды қоя салды. Беті қатулы. Терең күрсініп, бір сәтке ой жетегінде кетті.

       Таң сәрімен жұмысқа келген Жомарттың ойы тек Болатта болды. Ол кешті асыға күтті. Сағат тілі 18:30-ды көрсеткенде, құрылыс алаңына беттеді. Кеш батып бара жатқан. Жомарт көлігінен түсіп, айналасына көз жүгіртті. Көп ұзамай Болат та келді. Қобалжулы, бірақ сыр білдіртпеуге тырысып тұр.

Жомарт қолын артына ұстап, Болатқа тіке қарады:

— Мен сені не үшін шақырғанымды білесің, иә? Болат жұтынып, алға бір қадам жасады:

— Жомарт аға, тыңдаңызшы… Мен бәрін түсіндіремін. Жомарт даусын көтермей, салмақты үнмен:

— Түсіндір. Ақша қайда? Болат көзін тайдырып, қолын қалтасына салды:

— Қаражаттың біраз бөлігі жобаларға кетті. Қалғаны… уақытша басқа есепшотқа аударылды. Жомарт бір қадам жақындап:

— Басқа есепшотқа? Ол ақшаны мемлекет бөлді. Сен оны не үшін басқа жаққа аудардың? Болат даусын жұмсартып:

— Жомарт аға, сен өзің де білесің, бизнесте кейде маневр жасау керек… Мен жағдайды реттемек болдым. Жомарт қабағын түйіп, суық үнмен:

— Маневр? Бұл – ұрлық, Болат. Сен мені алдадың. Маған «бәрі дұрыс» дедің, ал шын мәнінде компанияның есебіне тиын түспей қалды. Болат даусын көтеріп:

— Менің де жағдайым қиын болды! Мен тек уақытша пайдаландым… Бәрін орнына қоямын! Жомарт күліп, басын шайқайды:

— Уақытша? Білесің бе, сен менің сенімімді ғана емес, халықтың несібесін де ұрладың. Мемлекетке өткізілген нысандар бар, жұмысшылардың еңбек ақысы бар… Оларды қалай төлемекшісің? Болат көзін төмен салып, сыбырлай сөйлейді:

— Мен… Мен қайда кеткенін білуге тырысамын… Жомарт бір сәт үнсіз тұрып, сосын байсалды дауыспен:

— Тырысу аз. Сен бұл жауапкершіліктен қашып құтыла алмайсың. Немесе ақшаны толық қайтарасың, немесе заң алдында жауап бересің. Болат үрейлене қарап:

— Жомарт аға,… Олай демеші… Жомарт күрсініп, жүрісін жылдамдатып кетіп бара жатты да, тоқтады:

— Жан досымның бауырысың.  Достық – сенімде. Сен сенімімді ақтамадың.

Жомарт көлігіне отырып, үйіне қайтты. Болат алаңда жалғыз қалады. Ол қиналған кейіпте тұрғандай кейіп танытты…

            Жомарттың үйі. Түн. Жанар мен Жомарт ас бөлмеде дастархан басында отыр. Үстелде шай суып қалған. Жомарт терең ойда, ал Жанар сабырлы, бірақ көзінде мұң бар. Жанар ақырын байыппен, өкпелі дауыспен:

— Мен сені талай рет сақтандырдым, Жомарт… Болаттың ниеті таза емес екенін ертеден-ақ сезіп келемін. Жомарт басын көтеріп, күрсініп:

— Иә, сенің айтқаның рас болды. Бірақ мен не істей аламын? Болар іс болды. Жанар бір сәт үнсіз қалып, сосын байыппен:

— Жомарт, мен саған бұл туралы қанша рет айттым.  Жомарт басын көтеріп, күліп қояды, бірақ көзінде мұң бар:

— Не туралы айтып тұрсың? Жанар кесе ұстаған күйі, сәл жақындап:

— Болат туралы. Сен оған сеніп, барлық жұмысыңды тапсырдың. Ал мен саған қанша рет айттым? «Ол арам, жылпос, өтірікші» дедім. Содан абайлауыңды өтініп сұраймын. Жомарт терең күрсініп, көзін төмен салады:

—  Жанар, мен адамдарға сенуді қалаймын. Сенімсіз өмір сүріп көрші? Жанар қабағын түйіп:

— Сенім! Ол сеніміңді пайдаланған жоқ па? Қанша рет сездім, көрдім. Ол сенің адалдығыңды әлсіздік деп ойлады. Жомарт:

— Иә, мен қателестім. Бірақ енді қайтар жол жоқ. Жанар жақындап, қолын Жомарттың қолының үстіне қойды:

— Қайтар жол әрқашан бар, Жомарт. Сен тек әділдігіңнен тайма. Болат өз ісінің жазасын алады. Жомарт көзін бір нүктеге қадап:

— Ол ақшаны қайтармаса, заң алдында жауап береді. Жанар жымиып, басын изейді:

— Мен сенің осындай әділдігіңді жақсы көремін. Бірақ енді біреуге соқыр сенім артуға болмайтынын ұмытпа. Жомарт күлгендей болып, бірақ ойлы күйде:

— Оны енді жақсы түсіндім, Жанар. Енді кеш болмай тұрғанда, бәрін дұрыстау керек. Олар үнсіз қалады. Жанардың айтқаны Жомарттың жүрегіне жеткенін екеуі де сезді.

             Болат не болып жатқанын бағдарлау үшін бастығының үйіне келді. Жомарт көлігінен түсіп жатты, қабағы қатулы. Болат қарсы алдынан жымиып, майлы қасықтай жылпылдап келіп, екі қолын жая, даусын жұмсартып:

— Ойпырмай, көке-ау, мұнша қабағың түсіп кеткені несі? Мен сізді сағынып қалыппын!

Жомарт салқын жүзбен:

— Болат, артық сөзді қой. Басты мәселемізге көшейік?

Болат күлкісін жимастан, жақындап келіп, Жомарттың қасына келді, бірақ Жомарт шетке тартылды:

— Ой, көке, ашу-араздық жараспайды ғой. Құдайға шүкір, тірі жүрміз, денсаулық бар, одан артық не бар дейсіз? Жомарт қабағын түйіп:

— Болат! – деп бар дауысымен екі көзіне ашулана қарады. Болат жалма-жан өзін ақтағысы келіп:

— Туһ, көке не болды?  Мен сізді түсінемін, әрине. Жұмыс көп, жауапкершілік үлкен. Бірақ бұның бәрі уақытша нәрсе. Ақша бар, бірақ кішкене айналымда жүр. Құдай қаласа, реттеледі! Жомарт көзіне тік қарап:

— «Айналым» дейсің бе? Ол ақшаны мемлекет бізге айналдыр деп берді ме?

Болат жымиып, екі алақанын ысқылап:

— Көке, сіз мені қанша жылдан бері танисыз, а? Мен сізді қапыда қалдырған кезім бар ма? Мына жағдайды да тез арада шешеміз. Уайымдамаңызшы, бастысы амандық емес пе? Жомарт жұдырығын түйіп, өзін сабырға шақырып:

— Болат, мені айналдырып, алдаусыратқаның жетеді. Соңғы рет сұраймын – ақшаны қайда жібердің? Болат жүзіне жалған өкініш білдіріп, қолын көкке жайып:

— Көке, мен де қателестім. Бірақ ниетім түзу. Сіз мені білесіз… Жомарт басын шайқап, қатты дауыспен:

— Сен мені «көке, көке» деп алдаумен болдың! Сенің ниетіңнің қандай екенін енді түсіндім! Болат әлі де жылы сөйлеп, ашуын басқысы келді:

— Көке, ашуланбайықшы. Келіңіз, отырып сөйлесейік. Шай ішіп, сабырмен ақылдасайық. Жомарт суық дауыспен, бетіне тік қарап:

— Сабыр дейсің бе? Сен менің сабырымды сынап болдың, Болат. Енді заңмен сөйлесетін уақыт келді. Болаттың жүзі күреңітіп кетті. Оның жылпылдаған күлкісі сейіліп, көзінде үрей пайда болды.

        Болат жағдайдың күрделене түскенін анық сезді. Қанша айлакер болса да, енді бұл тығырықтан оңай шыға алмайтынын білді. Жомарт есеп-қисаптың дұрыс жүргізілуін талап етіп, мемлекетке өткізілген құрылыс нысандарының қаржысы қайда кеткенін егжей-тегжейлі тексере бастады. Оның адалдығы мен қырағылығы Болаттың мазасын қашырды. Бірнеше рет есепті кейінге шегеріп, түрлі жалған уәделер айтса да, Жомарт оған сенген жоқ. Болат бұл істен енді заңды жолмен құтылып кете алмайтынын ұқты. Болат жалдаған киллер тапсырма бойынша көше тазалаушы болып жұмысқа орналасты. Болат аңдуға берген ескі көлікпен Жомарттың үйінің қасына келіп, көшені тазалай жүріп, оның жүріс-тұрысын бақылаумен болды. Жомарт үнемі кеңсесінен кеш қайтатын, кейде қала сыртына шығып, жалғыз жүретін.  Болат киллерге нақты нұсқау берді:

— Барынша кездейсоқ оқиғаға ұқсат. Қажет болса, жол апатын ұйымдастыр.

Жомарт компаниядағы алаяқтықты білгеннен кейін іштей мазасыз күй кешті. Болатпен тағы бір мәрте ашық сөйлесуді ойлады. Бірақ бұл кезде Болаттың жоспары іске аса бастаған. Жомарт алдында қандай қауіптің төніп тұрғанын білмеді. Киллер өз ісіне мұқият дайындалды. Күн сайын таң атпай көше тазалаушының киімін киіп, қолына сыпырғыш пен күрек ұстап, Жомарттың жұмыс орны мен үйінің маңында жүрді. Оның қозғалысын, күн тәртібін, қай кезде жалғыз қалатынын зерттеді. Бетін көлегейлеген қара көзілдіріктің ар жағынан бәрін бақылап, әр әрекетін жадына тоқып отырды. Алты ай бойы еш күдік тудырмай, қала көшелерінде бейбіт жұмысшы кейпінде жүрген ол мақсатына біртіндеп жақындап келе жатты.  Соңғы кездері Жанар Болаттың әр қимылын көз алдына елестетіп, оның әр сөзін еске алғанда, іші суып, жүрегінен әлдебір күмәнді сезім жүгіріп өтетін. Ол өз күдігін нақты дәлелдей алмаса да, Болаттың екіжүзді екенін анық сезетін. Бірде Болат үйге мән-жайды бақылауға келгенде, өтірік мүләйімсіп:

— Жеңеше, қарашы, көкемнің денсаулығы болмай жүр. Соңғы кезде қатты жүйкесі тозып кетті. Қатты уайымдаймын, – деді қамқорлық танытқан кейіппен. Әдетте оның даусы сенімсіз шығатын. Бірақ бұл жолы ерекше жылы көрінуге тырысқаны байқалды. Жанар оған салқын қабақпен қарап:

— Сенен қамқор адамды бірінші рет көріп тұрмын, – деді. Болат сәл мүдіріп қалды да, тез жымиып:

— Әй, жеңеше, сіз де күмәнданғышсыз. Мен Жомарт көкемді өз ағамдай көрем. Қолымнан келгенше жұмысын азайтып, көмектесейін деп жүрмін, – деді. Жанар оның қулығын білсе де, дәл осы сәтте ашық қарсы шыға алмады. Болат ертеңгі жоспарларын айтып, үйіне қайтты. Күндердің сұлтаны – жұма күні Жомарт отбасылық дәстүрмен мешітке барып, жамағатпен бірге жұма намазын оқыды. Жаны ерекше жеңілдеп, көңілі көтеріліп шықты. Ол мешіт алдында сәл бөгеліп, айналасына көз жүгіртті де, Жанарды үйден алып кетуді ойлап, көлігіне отырып, үйіне қайтты. Жанар оны есік алдында күлімсіреп қарсы алды. Кешкі сағат 16:30-ға дейін түскі асын ішіп, аздап демалды. Үйден шығар алдында Болатқа телефон шалды.

— Болат, қайдасың? – деді ол.

— Банкте ақша шешіп отырмын, – деп жауап берді Болат байсалды үнмен.

— Жақсы, қазір сағат 17:00-де үйден шығып, саған барамын, – деді Жомарт.

— Күтемін, көке – деді Болат, бірақ дауысы суық шықты. Жомарт бұл сәтте Болаттың сөздеріне күмәнданған жоқ. Ол әлі де оның адалдығына сенгісі келді. Бірақ дәл осы кезде Болат басқа біреуге қоңырау шалды:

— Бүгін бәрі бітуі керек. Орайды жіберме, – деді Болат. Бұйрықты естігенде, Тұман сәл үнсіз қалды. Алты ай бойы аңдыған нысан енді қолына түскелі тұр. Ол қолындағы сыпырғышты бір шетке қойып, көзілдірігін түзеп, қара рюкзакқа шолақ мылтығын салып, дайындала бастады. Жомарт өзінің соңғы сапарына шыққалы тұрғанын білмеді.

       2019 жылдың 19 шілдесі. Бұл күн – Жанар үшін ең ауыр күннің бірі. Осыдан жиырма жыл бұрын, дәл осы 19 шілде – оның әкесінің мәңгілік сапарға аттанған күні. Содан бері бұл күн Жанардың жүрегіндегі орны толмас жараға айналған. Бүгін үлкен ас берілмек. Соған арнайы жылқы сойылады. Туған-туыстар ақылдаса келе, жылқыны күннің аптап ыстығы қайтып, салқын түскенде, яғни кешкі сағат 19:00-де соятын болып келісті. Жанар үй шаруасымен жүр. Балалардың бірі жұмыста, бірі мешітте, кенжесі бассейнге кеткен. Жомарт алдымен анасының үйіне кіріп шығуды жөн көрді де, Жанарға:

— Сені үлкен шаңыраққа апарып тастайын. Ал мен бір айналып келемін. Маған сол жақта қуырдақ пісіріп қойшы, – деп сұрады. Жанар жарының сөзін құп алып, үйден халатын, фартугін және перчаткаларын алып шыққанша, Жомарт көліктің ішінде оны 15 минуттай күтіп отырды. Жомарт рульге отырды. Жанар әдетінше көліктің артқы жағына жайғасты. Жомарт үйдің алдындағы қақпаның кілтін қолынан түсіріп алып, еңкейіп қайта алды да, пультпен қақпаны жауып, көлікті жүргізіп, үлкен көшеге қарай бұрыла бергенде уақыт баяулағандай көрінді. Сағат 17:15-ті көрсеткенде, үйдің бұрышынан белгісіз біреу атқып шықты. Үстінде қара күртесі бар, басында капюшон, бетінде қара маска. Бір қарағанда, ешкім мән бермейтіндей. Арқасында қара дорба бар. Жүгіре келіп, көліктің терезесіне қадала қарап тұрды. Көздері қасқырдың көзіндей суық, өшпенділікке толы, жансыз, мейірімсіз. Сол көздерден атылуға дайын тұрған жыртқыштың ызғары көрінеді. Бір кезде қара дорбадан шолақ мылтықты алып шыққанда, Жанардың жүрегі атқақтай жөнелді. Ол демін ішке тартып:

— Жомарт, абайла! – деп жан дауысымен шыр ете қалды. Бәрі көзді ашып-жұмғанша орын алды. Жомарт жалт қараған сәтте, мылтықтан оқ атылды. Жомарт қолын көтеріп қалғанда оқ қолына тиіп барып, ұшып дәл жүрек тұсына өтіп кетті. Жомарт екіге бүктеліп қалды. Жанар не болғанын түсінбей, көліктен жүгіріп шығып, құбыжықтың соңынан қуа жөнелді. Әлгі қара киімді қаскөй болса жолдың арғы бетіне өтіп, көзден ғайып болды. Жомарт көліктен түсіп, Жанардың соңынан барғысы келіп, сыртқа ұмтылды, алайда жерге қансырап құлады. Жанар жүгіріп келе жатып, жан дауысымен «көмектесіңдер!» деп айғайлады.  Мылтықтың ащы дауысы мен Жанардың көмекке шақырғанын естіген көршілер далаға жүгіріп шықты. Балаларға, жедел жәрдемге хабар берілді. Бәрі аласапыран болды да кетті. Жанардың жүрегі алай-дүлей. Жан-дүниесі тұншығып барады.  Ол күйеуінің қанға боялған денесін көрген сәтте бүкіл әлем төңкеріліп кеткендей болды. Көз жасынан үзіліп түсіп жатқан ауыр тамшылар бетіне сырғып, жүрегінің ең түбіне барып шаншу боп қадалды. Оның сөзін тыңдаса, бұлай болмас па еді? Әлде, тағдыр дегеніне бәрібір жетер ме еді? Жанар қаскөйдің көздерін көріп үлгерді. Жедел жәрдем көлігі келгенше Жанар Жомартты құшағына алып, кеудесінен ағып жатқан қанды қолымен басып отырып, Жаратқанға жалбарынды: «Құдайым, асыл жарымды алып кетпе! Өтінем, алып кетпе!  Сен мені тастамайсың! Сенің армандарың бар! Біз бірге боламыз, Жомарт!..». Жанар маңайына жан ұшыра айғайлағысы келді, бірақ үні шықпады. Ішкі жан айқайы шексіз кеңістікте жоғалып бара жататты. Қолындағы қанға қарап, жанын шырқыратып тұрған әділетсіздікке лағынет айтты. «Кім? Неге? Ол ешкімге жамандық жасаған жоқ! Ол адал!» деп талықсып кетті. Өксік қысып, кеудесі күйіп жатыр. Өмірінің мәні, сүйенері, сүйгені осылайша қолынан сусып бара жатқанын сезіну—мың пышақтың жарасынан ауыр. Қанға боялған алақанын көкке көтеріп: «Құдайым, егер шын әділдік бар болса, оны аман алып қал!  Тек оны алып кетпе!». Көз алды қарауытып, айналасы тұманданып барады. Өмір мен өлім арасындағы арпалыста Жанардың жалғыз үміті – АЛЛА! Жанар:

– Жомарт! Қимылдашы! Көзіңді ашшы! Жомарт үнсіз…

Қан жерге жайыла бастады. Жомарттың демі ауырлай түсті. Ол көзі жасаураған әйелі мен балаларын көрді.

— Жанар… Балаларға қара… – деді ол үзіліп.

Жедел жәрдем көлігімен келген дәрігер әйел Жанардың әлсіреп қалғанын көріп, балаларының қасына тастап, үлкен ұлының досын Жомарттың қасына отырғызып, ауруханаға қарай асыға зымырай жөнелді. Ауыр хәлде жатқан сүйікті жарын жедел жәрдем көлігі алып кеткенде, Жанар қалай үйде отрысын. Бірден ұлының жеңіл көлігіне отыра сала, жедел жәрдем көлігінің соңына ілесті. Жүрегі дүрсілдеп, ойы сан-саққа жүгірді. «Тек аман болса екен…» деп күбірледі ерні. Тұлабойы дірілдеп тұрғандықтан Жанар ұлына Болаттың телефон нөмірін теріп беруді сұрады. Ар жағынан Болаттың:

— Ау, жеңеше, не болды? – деп өзінен еш күдіктенбесін дегендей жайдарлы үнмен мүләйімсіп сөйледі. Жанар Болаттың сөзінде шынайы алаңдаушылық жоқ екенін жан-тәнімен сезді. Даусының ар жағында бір мысқыл тұрғандай көрінді. Оның мынадай жасандылығы одан сайын зығырданын қайнатты.

— Не болғанын сен менен сұрайтын ба едің, Болат? – деді Жанар салқын үнмен. – Бәрін білесің ғой. Телефонның ар жағынан ауыр тыныс естілді. Бір сәтке Болат дағдарып қалғандай болды, бірақ тез есін жиып:

— Жеңеше, мен қайдан білейін? Сіздер жақта бәрі дұрыс па өзі? – деп сұраған болды. Бұл сөздер Жанардың жүрегіне найзадай қадалды. Қалай ғана мұнша арсыз, екіжүзді болуға болады? Оның жауабын күтпей-ақ, сөзін тіктеп, қатқыл сөйледі:

Сенің тірлігің ғой бұл?!

Болат үнсіз қалды. Ол өтірік таңырқаған болды, бірақ оның дауысы дірілдеп шықты. Жанар:

Сен қайдасың – деп қаттырақ сөйледі.

Жеңеше не болды? Мен банктемін…

— Болат, естіп ал. АЛЛАНЫҢ әділ сотынан ешкім қашып құтыла алмайды. Бәрінің уақыты келеді! Жанар оған «ауруханаға кел» деп бұйырды.  Жүрегі тыныштық таппады. Жол бойы терезеден сыртқа телміріп, көзінен ыстық жас ыршып, көйлегін жуды. Бұл көз жасы – шарасыздықтың, адалдыққа жасалған сатқындықтың, ауыр қасіреттің белгісі. Жедел жәрдем көлігі ауруханаға жеткенде, Жанар ұлының көлігінен асығыс түсті…. Болат ауруханаға жәдел жәрдем көлігінен бұрын жетіпті. Жанардың қолы дірілдеп, телефонын қыса ұстап тұрды. Ол Болатқа қарап, бірден ішкі түйсігі алдамағанын сезді.

— Сен ғой, Болат? Жомарттың басына түскен бұл қасіреттің артында сен тұрсың! – деп ашулы үнмен ішкі ойын жайып салды.

Болат жасанды таңданыспен басын шайқады.

— Жанар жеңеше,  Сіз не деп тұрсыз? Менің бұл іске еш қатысым жоқ. Мен де Жомарт ағам үшін уайымдап келдім. Жанар:

Болат, менің көзіме тура қарашы. Болат көздерін жыпылықтатып, басын төмен түсіріп, Жанардың жанарына қарай алмай, мұздай су шашып жібергендей тұлабойы дірілдеп сала берді. Жанар осыдан-ақ өтірік айтқанын сезді.

— Сен өтірік айтқанда да, көзіңді басқа жаққа бұратыныңды білемін, Болат! – деді ол ызамен.

Болат қолын қалтасына салып, жан-жағына қарады.

— Жомарт ағам тірі ме? – деп сұрады суық үнмен.

Жанар оның бұл сұрағынан денесі мұздап кетті. Болаттың ойында тек бір нәрсе бар – Жомарттың көзін толықтай құрту. Сол сәтте ауруханадан ақ халатты дәрігер жүгіріп шықты.

— Сіз Жомарт Құдайбергеновтың зайыбысыз ба?

— Иә! Ол қалай? – деді Жанар, көз жасын әрең тыйып.

Дәрігерлер оның жағдайының өте ауыр екенін айтты.

— Біз қолдан келгенін жасаймыз, бірақ оқ маңызды артерияны зақымдаған…

— Ол аман қалуы мүмкін, бірақ жағдайы өте ауыр. Оны жансақтау бөліміне жатқыздық. Жанардың жүрегі үміт пен үрей аралас соқты. Болаттың жүзі құбыжықтай сұрланып кетті. Ол асығыс телефонын шығарып, біреуге хабарласа бастады. Мақсаты істің соңын таза бітіру керек… Жанар енді Болат аурухананың ішінде Жомартты өлтіруге тапсырыс бермесін деп үйрейленді… «Боран» күзет агенттігінен сайдың тасындай жігіттерді алдырып, күзет қойды. Аурухананың суық қабырғалары, дәліздегі дәрігерлердің асығыс жүрісі, аппараттың дыбысы бойына үрей тудырды. Жанар аурухана ішінде күн-түн демей бір жақсы хабарды асыға күтіп, аласұрып дәлізде ұзақ жүрді. Үмітін үзбеді. Жомарттың жанында отырып, оның қолынан ұстап:

— Сен мықтысың, сен бұдан да өткенсің, біз сені күтеміз… – деп айтқысы келді. Алайда,  түн ортасында Жомарттың жағдайы күрт нашарлап кетті. Дәрігерлер жансақтау бөліміне жүгіріп кіріп, аппараттар дабыл қаға бастады. Жанардың жүрегі дүрсілдеп, тамағына өксік тығылды. Төрт-бес сағаттан соң дәрігерлер дәлізге шықты. Жанар қастарына жүгіріп барды. Көзі жасаураған дәрігер:

— Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық – деді ақырын.

Аппараттың дыбысы үзілді. Жомарттың денесі тынышталып, жүзі бозарып, мәңгілік мекеніне сапар шекті… Жанар:

— Жоқ, жо-оқ! – деп қасындағы ұлын құшақтап дамылсыз көз жасына ерік берді. «Бұл әділетсіз. Бұлай болмауы керек» деп есінен таңып қалды.

             Келесі күні таң арайлап атысымен Тезекбай әдетінше шәйін қайнатып, теледидарды қосты. Бір арнада жаңалықтар басталып кеткен екен. Ақпарат жүргізушісі:

— Белгілі кәсіпкер Жомарт Құдайбергенов кеше түнде өз үйінің алдында белгісіз біреудің оғынан қаза тапты. Қазір полиция күдіктіні анықтап жатыр.

Тезекбай шәйін асықпай ұрттап, аузын сәл қисайта күлді.

— Бітті. Енді бәрі біздің қолда— деп күбірледі. Кеудесін жеңіс кернегендей. Жоспар ойдағыдай жүзеге асты. Енді тек Болатпен келесі қадамды ақылдасу керек. Таңғы асты асықпай ішіп алған соң, Тезекбай өзінің қара «Лексусына» отырып, Болаттың үйіне қарай тартып кетті. Көлік ішінде сабырлы. Артында талай құпия жатқан көзқарасымен көше бұрылыстарын баппен айналып отырды. Радиода баяу джаз ойнап тұр. Бірақ Болаттың үйіне таяп келгенде, кенет алдындағы көрініс зілдей ой салды. Үйдің алдында екі полицейлік көлік. Жарқ-жұрқ еткен маяктар. Ал Болат есіктің алдында сілейіп тұр.

— Болат Қожабаев, сіз кәсіпкер Жомарт Құдайбергеновтің өліміне байланысты күдікті ретінде тұтқындалдыңыз. Қолыңызды ұсыныңыз, — деді сары шенді форма киген офицер. Дауысы темірдей суық, жанарында аяушылықтың ізі де жоқ.

Болаттың түсі сұрланып кетті.

— Бұл, бұл мүмкін емес, мен ештеңе істеген жоқпын.

— Бірақ деректер басқа нәрсе айтып тұр — деді полиция бастығы.

— Сізбен бірге әрекет жасаған адамдардың да, банктік аударымдар да тікелей сізбен байланысты. Болат есін жия алмай қалды. Тек бір нәрсені түсінді — қылмыстың қадамы қысқа. Бірақ кім сатты? Не үшін? Ол жауап іздеп үлгермей, қолына кісен салынды. Тезекбай көліктен түскен жоқ. Барлығын алыстан бақылап отырды. Жымиып, асықпай телефон терді. Ар жағында біреу бірден көтерді.

— Жоғары жақпен сөйлес. Болатты ұстап алды, шығару керек. Ол көп нәрсе біледі — деді қысқа ғана. Бір сағаттан соң Тезекбай қалалық ІІБ-нің артын айналып өтіп, ішкі есік арқылы кіріп, біреулермен сәлемдесті. Кейбір есіктер оған өзі ашылып жатқандай. «Темные люди» деп бекер айтпаған. Сол кештің өзінде Болат еш түсініктеме берместен босатылды. Бірақ ол еркіндікке шыққан адам емес еді — ол енді біреудің қолындағы жіппен байланған қуыршақ екенін анық сезінді. Ал Тезекбай болса, мейрамханадағы жеке VIP-залда оны күтіп отырды. Қолында қымбат шарап. Жүзінде ешқандай уайым жоқ. Тезекбай:

— Болатжан, бір сатыдан сүрінбей өттік. Енді кезек — құрылыс тендерінде.

Жомарт кедергі, Болат — құрал болатын. Олардың ойыны енді басталды…

            Жомарт тірі кезінде үйінің есігі ешқашан жабылмайтын. Ол келген қонағын төріне отырғызып,  дос пен ағайынды құшақ жая қарсы алатын.  Құрылыс саласында абырой жинап, көптеген игі істердің басы-қасында жүргенде маңайында доссымақтар қаптап жүрді. Бірі – іскерлік байланыспен, бірі – пайдакүнемдікпен, енді бірі – Жомарттың мәрт мінезін ұнатқансып, жанынан табылды. Ал енді Жанардың басына күн туған сын сағатта сол қалың орта сиреп қалды. Жанар талай есікті қақты. Кеше ғана оның қасында жүрген, шарап ішіп, шапан жамылған ағайын-туыстар бүгінде түрлі сылтау айтып, теріс айналды. Бірі телефонын көтермеді, бірі «қолым тимей жатыр» деді, енді бірі «өзім де қиналып жүрмін» деп шығарып салды.

– Не болды, бауырым, кеше ғана бірге жүрмеп пе едік? – деп Жанар бір-екі сенімді деген достарына барғанда, олар бетін жылы шырай танытқандай етіп бұрып, өз қамдарын күйттеді. Бұрын дос санап жүргендердің ішінде екі-үшеуі ғана қол ұшын созды. Бұл –  шын тілеулес адамның ғана жанында қалатынын көрсеткен ащы сабақ. Кеше ғана әңгімесін тыңдап, асын ішіп, дастарханынан дәм татқан жұрт енді онымен аман-саулық сұрасуға да жарамады. Жанардың көңілі құлазып, басына түскен қиындықтың ауыртпалығын енді ғана сезінді. Кешқұрым даланы ымырт басқанда қараңғы бөлмеде отырып, өткен өмірін көз алдынан өткізді. Достыққа адал болуды, шын көңілден жақсылық жасауды үйреткен әке-шешесі есіне түсті. Бірақ өзі жақсылық жасаған адамдардың бүгінгі сатқындығы жанын ауыртты. Ол бір-ақ нәрсені ұқты: қиындық келгенде кімнің кім екені анық білінеді…

         Жерлеуге жүздеген қарақұрым адам жиналды. Отбасы, достары, тіпті жаулары да келді. Жомарттан жақсылық көрген қарапайым халық – әділдікті талап етті. Ол — тек кәсіпкер ғана емес, айналасындағы адамдарға жақсылық жасаған жан. Жанар оның қабірінің жанында үнсіз тұрды. Көзінен жас ағып, жүрегі қақ айырылды. Бірақ ол білетін – Жомарттың тек тәні ғана кетті. Оның артында қалдырған ізі, жасаған жақсылығы, армандары халықтың жадында қалды. Жанар басын көтеріп:

— Сенің ісіңді жалғастырамын, Жомарт. Сенің арман-жоспарларың орындалады. Сен әрқашан біздің жүрегіміздесің!

        Болат өз қылмысын ұзақ уақыт бойы мойындамады. Себебі, киллер қолға түспеді. Жанар есін жиғанша екі-үш ай зу етіп өте шықты. Сол уақыт аралығында тергеу ілгерілемек түгілі, мүлде басталмады. Ішкі істер басқармасына қанша барса да, тұщымды жауап ала алмады. Қайда барса да, алдынан бір шенеунік шығып:

– Тергеу жүріп жатыр – деп құрғақ уәдемен шығарып салып отырды.

Бірде Жанар ашулы үнмен:

– Қылмыстық іс неге қозғалмай жатыр? – деп сұрады тергеушіден.

– Бізде тергеу жасырын жүргізіледі – деді ол жай ғана.

– Жасырын болса да, жәбірленушіден жасыруға болмайды! – деп Жанар шорт кесті. Алайда бұл сөздің ешкімге әсері болмады. Жанар күн сайын бір үмітпен тергеушінің алдына барған сайын жаңалық естимін деп ойлайтын. Бірақ бәрі бекер болды. Екі ай бойы бақыласа да, іс орнынан қозғалмады. Ақыры шыдамы таусылып, Шымкент қалалық Ішкі істер басқармасының бастығына қабылдауға жазылды. Бірақ оған жету оңай болмады – әр есіктің алдында бір тосқауыл, «уақыты жоқ», «қабылдай алмайды» деген сылтаулармен шығарып салды. Бірақ Жанар алған бетінен қайтпады. Мемлекеттік қызмет порталдарына жазып жүріп, ақыры Шымкен Іскі Істер басқармасының басшысының қабылдауына кірді:

– Ассалаумағалейкүм, Ерлан Дүйсебайұлы!

– Уағалейкүмассалам. Қандай мәселемен келдіңіз, Жанар ханым?

– Мен Жомарттың жесірімін. Оның өліміне қатысты қозғалған іс тоқтап қалды. Тергеу дұрыс жүрмей жатыр. Полковник:

– Бұл істі қараған тергеушімен сөйлестіңіз бе?

– Сөйлестім. Ол үнемі «тергеу жалғасуда» дейді, бірақ нәтиже жоқ. Кім кінәлі, кім тапсырыс берді – бәрі жабулы қазан күйінде қалып отыр.

Полковник терең күрсініп:

– Бұл – күрделі іс. Тергеу оңай жүрмейді.

– Ерлан Дүйсебайұлы, мен заң алдында әділдік бар деп сенемін. Күйеуім қастандықпен өлтірілді. Оның себебі – мемлекеттен бөлінген қаражаттың ұрлануы. Бірақ кінәлілер жауапқа тартылған жоқ. Егер осы жерде әділдік болмаса, мен бұл істі жоғарғы жаққа жеткізуге дайынмын.

Полковник сәл ойланып:

– Сіз не талап етесіз?

– Маған жаңа, білікті тергеуші керек. Адал, әділетті адам. Бұл істі жылы жауып қоя алмаймын! Полковник үстеліндегі құжаттарға көз жүгіртіп:

– Жақсы. Мен істі қайта қарауға тапсырма беремін. Бірақ сізге айтарым – шындықты іздеу оңай емес.

– Егер оңай болса, мен бұл жерге келмес едім. Маған шындық керек. Жомарттың әруағы әділдікті талап етеді.

– Жарайды. Мен жаңа тергеуші тағайындау туралы бұйрық беремін. Бірақ бұл істің артында жай адамдар тұрған жоқ, абайлаңыз!

– Олар қанша мықты болса да, мен қорықпаймын. Жомарт – қазақтың біртуар азаматы. Оны өз үйінің алдында атып өлтірді. Ал қылмыскерлер әлі бостандықта жүр.

                         АР ЖАЗАСЫ – АҚИҚАТ АЙНАСЫ

Ақиқатты іздеген тергеуші – тек маман емес, азамат болуы керек

                                                                   А.Қайсенов

          Шымкент қалалық Полиция департаментінің Тергеу бөлімшесіне  жаңа тағайындау туралы бұйрық шыққан сәтте-ақ, қызметкерлер арасында басшылыққа  Полковник Абылай Қайсенов келе жатыр екен! — деген сөз  бүкіл қабатты шарлап кетті.

Кеңсе бөлімінде отырған Айжан:

— Жаңа бастық тым қатал екен деп естідім — деп қасында отырған Гүлмираға қарады. Ол полковник жайында көп білетін болып шықты:

— Айжан, бұл есім – бізде аңызға айналған әділдіктің символы. Абылай Әзімханұлы – қылмыстың түбіне үңілмей тынбайтын, шындықты шегіне жетпей шегінбейтін хас тергеуші. Халық: «Тәңір оны әділдік үшін жаратқан» – деп бекер айтпайды. Оның көзқарасы – мұздай, сөзі – салмақты. Бір сөз айтса – тасқа басқандай. Ешкімге жалтақтамайды, ешкімге жағынбайды. Ар-намысты бәрінен биік қояды. Оның болмысы – Көкбөрідей: жалғыз жүріп, әділетсіздікпен күреседі. Әр істі шегедей қағылып, ақиқаттың тамырын тапқанша тыным таппайды. Басқа тергеушілер қағазға үңілсе, ол – шындықты адамның көзінен оқиды. Бір ымнан, бір тыныстан, кейде үнсіздіктен де айғақ таба алады. Тергеу бөлмесіне енсе, ақиқаттың тылсымы ашылады. Қылмыс – тізе бүгеді. Ұйқысыз түн, тынымсыз күн оған жат емес. Жүйелі ойлау мен орасан еңбек оны уақыттың өзінен озық қылған. Ол – парасат пен тәртіптің үйлесімін мінсіз меңгерген маман. —

Осы кезде кеңсеге жұмыс бабымен кірген майор Асқар Ермекбаев қыздардың әңгімесін естіп, олардың сөзін жалғастырып алып кетті:

— Иә, Гүлмира ханым дұрыс айтады. Абылай Әзімханұлы нағыз хас шебердің өзі. Мамандардың маманы. Қай іссапарға барса да, күрмеулі істің сеңін бұзады. Жемқорлыққа жаны қас — деп күлімсіреді.

          Полковник Қайсенов қызметке кіріскен күн – бұл мекеме үшін жаңа бетбұрыстың бастауы. Енді бұл жерде жалған куә, жасырынған қылмыс, өтірік есеп өмір сүре алмайды. Енді бұл мекеме ар мен әділеттің иесі – Абылай Қайсеновтың қадағалауында.

        Абылай Әзімханұлы – қырықтың қырқасынан асқан жігері мен рухы мықты, тұлғалы азамат. Бойы – 175 см шамасында, салмағы – 83 кг. Кішкентайынан спортқа құмар, еркін күресті кәсіби деңгейде меңгерген. Кең иықты, дене бітімі жинақы, тік жүрісті. Қадамы – сенімді, көзқарасы – өткір. Ол бір қарағаннан адамның жан-дүниесін шолып, ішкі ниетін көзінен таитын бірегей жан. Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектептің түлегі. Төзім мен тәртіпке жастайынан бейім. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультетінің студенті кезінде қаһармандығымен ерекше көзге түскен. Ел аузында жүрген бір оқиға бар: бірде, аялдама маңында бір топ бұзақы жас қызды қорлап жатқанда, ол ойланбастан араша түсіп, жалғыз өзі әлгілерді сабасына түсірген. Ол үшін марапат күтпеді. Себебі, оның ұғымында бұл – қарапайым адамдық міндет. Абылай – тек тергеуші емес, логика мен түйсікті қатар меңгерген интуитивті стратег. Іс материалдарын парақтамай тұрып-ақ, оқиға орнындағы ұсақ белгілерден-ақ тұжырым жасайтын, адамның бет-жүзіндегі болмашы гримасадан шындықтың ізін табатын хас маман. Ол – сезімге берілмейді, бірақ жан жарасын жазатын дәрігердей. Қылмыстың сызбасын қағазға емес, ақыл мен жүрекке салады. Әрбір істі – тағдыр ретінде қарайды. Сондықтан да ол сенімге лайық, тәртіпке мінсіз. Қызметте мансапқа емес, ар алдындағы жауапкершілікке жүгінеді. Оның келгені – әділеттің келгені. Қазірдің өзінде халық: «Енді өрісіміз кеңейеді, тынысымыз ашылады» – деп, шүкірлік айтып, қуанып жүрсе,  қылмыстың тасасында жасырынып жүргендер: «Қашан бетпердеміз ашылады? — деп мазасыздануда. Бұл мекемеде енді тек бір заң үстемдік етеді. Ол — шындық!. Абылай: «Ақиқат — ол түнгі шам секілді» — дейді үнемі. Иә, жан-жағың жарық болу үшін үнемі жанып тұру керек. Ал кейде жанып тұру — өзіңді құрбан етуі де мүмкін. Абылайдың қатал қағидаға берік болуына әкесі Жақсылықтың да ықпалы зор. Ардагер полицей ұлына үнемі: «Тура жол – тайғақ, балам. Бірақ сол жол ғана адамды азамат етеді», – деп айтып отырады. Анасы Жамал да ұлының тағдырына алаңдай береді. Бірақ оның тік мінезі мен әділеттілігі жүрегіне мақтаныш ұялатады. Жұмыстан тыс уақытта Абылай отбасын бәрінен биік қояды.  Асыл жары Айнұр өз саласының нағыз білгірі, Алматы қаласындағы №12 емханада дәрігер. Үш балалары – өмірінің шуағы. Үлкені Медғат – IT маманы, екінші ұлы Қасым университет қабырғасында заңгерлік білім алып жүр, кенжелері Еркеназ – әкесінің көзінің ағы мен қарасы. Отбасымен демалыс күндері Іле өзенінің жағасына барып, шомылып, балық аулап, арқа-жарқа болып қайтады. Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден»- дегеніндей Абылай кез келген адаммен тез тіл табысып кететін ақжарқын жан болғандықтан достары да көп. Курстастары – Айдар мен Нұрлыбек қазіргі таңда аудандық соттардың төрағалары. Олармен арадағы сыйластық – тек достық емес, елдік ортақ мұрат. Кездесе қалса болғаны ақиқат пен әділдік жайлы сөз қозғайды.

          Соңғы уақытта тергеу бөліміне түскен бір іс – Абылайдың түн ұйқысын қашырды. Жай ғана алаяқтық емес, жемқорлық белгілері де бар. Мұның артында әлдеқайда бір ірі тізбек, ұйымдасқан топ жатқандай. Жәбірленуші – Жанар есімді келіншек. Көзінде үміттен гөрі шарасыздық бар. Ол өте батыл, алған бетінен қайтпайтын қайсар. Абылай сәл кідіріп, қаламын қойып, орнынан тұрды. Терезе алдынан көше көрінеді. Ол бір сәтте ойланып тұрып қалды. Содан кейін ішінен: «Мен бұл істі соңына дейін жеткіземін. Бұл – менің азаматтық борышым», – деді. Сол сәттен бастап ол іске кірісті. Әр қағазды аударып-төңкеріп, әр деректі жіті тексеріп, әр куәні жеке тыңдап шықты. Ұсақ-түйек деп аталған бір анықтамадағы қате мерзім, бір адамның айтқан уақыттағы дәлсіздік – оны тығырықтан шығар жолға жетелейтін жіпке айналды. Оның жанарында бір ғана мақсат қалды: шындықты жарыққа шығару. Әзірге қолында ақиқатқа апарар нақты деректер пен дәлелдер жоқ.  Шымкент қаласында жаңа күн туып келе жатқанымен, тергеу бөлімінде күрделі ойын басталды. Бұл ойынның ережесі – адалдық пен айла, шындық пен жалғанның шарпысуы. Ал Абылай Қайсенов – бұл ойында жеңілетіндердің қатарында болуға келіспейтін азамат. Ол қарсыласының кім екенін білмесе де, оның артында қандай көлеңке тұрғанын сезеді. Бірақ бір нәрсе анық: «Шындық – судың бетіне қалқып шығатынындай, қылмыстың да қадамы қысқа. Тек соған дейін сабыр мен сенім керек».

        Жанар ұзақ күткен жаңа тергеушімен танысу үшін Шымкент Полиция департаментінің Тергеу бөліміне қарай  асықты.  Қабылдауда екі-үш адам отыр. Ішінен: «Жанар, сабырлы бол!» деп өзін өзі тежеп қояды. Түскі уақыт болмай кезегі келді. Кең бөлмеде сұңғақ бойлы, иығын тік ұстаған, жүзінде қатқыл сабыр бар полковник отыр. Қайсенов Абылай Әзімханұлы. Жасы қырықтан асқан, өткір жанарлы, көп сөйлеуден бұрын тыңдай білетін сұңғыла азамат.Жанар:

— Ассалаумағалейкум, бауырым! — деп, сәлем беріп кірді. Абылай:

— Уағалейкумассалам, әпке! Кіріңіз, отырыңыз. Жанар:

— Абылай Әзімханұлы, мен Жомарт Құдайбергеновтың мәселесімен келіп отырмын. Абылай:

— Иә, мен әлі бұл іспен толықтай танысып үлгермей жатырмын. Іс нәтижелі болуы үшін сізбен тығыз байланыста жұмыс жасайтын боламын. Жанар:

— Сіз менің ұзақ күткен тергеушім боласыз. Қылмыстық іс қозғалмай көп жатып қалды. Киллер мүлдем табылар емес. Ол болмаса Болатты мойындату оңайға түспейді. Абылай:

— Жанар ханым, сабырлық танытайық. Бұйырса, мен өзіне адал ас берген адамды сатқан опасызды таппай, жазаламай қоймаймын. Әділдікке жету үшін аянып қалмаймын. Жанар:

— Мен алдымен АЛЛАҒА, содан кейін Сізге сенемін. Абылай:

— Іспен толық танысқан соң сізді арнайы шақырамын. Жанар:

— «Жүзі жылыдан түңілме» дейді ата-бабаларымыз. Келбетіңде жылулық нұры бар екен. Бұл жақсылықтың белгісі. Бастысы, амандықта болайық, бауырым!, сенен хабар күтемін—деп Жанар үйіне қайтты.

       Абылайдың бір істі қолына алса – соңына жеткізбей қоймайтын бөрідей алғыр мінезі бар. Жұмыс үстеліндегі жаңа түскен істердің арасында жатқан қызыл түспен белгіленген «Жомарт Құдайбергенов. Қылмыстық кодекс 99-бап. Кісі өлтіру» – деп жазылған папканы суырып алды да, тағы да мұқият қарап, ішінен бір іліп алар дәлел іздеді.  Абылай терең тыныс алып, бір сәт үнсіз қалды. Саусағы қаламға барып тірелді. Ол кісі өліміне қатысты істі қарағанда, алдымен құрбан болған адамның кім екенін толық зерттеп алуды әдет қылған.

— Жомарт Құдайбергенов. 55 жаста. Жеке кәсіпкер. Көпшілікке сыйлы, елге танымал. Досының кедей інісін байытып, оған қол ұшын беріп, қызметке тағайындап жүріп, соның опасыздығынан мезгілсіз көз жұмған.

Абылайдың іші қайнап, қасы көтерілді.

— Ал сол «досы» –  Болат Қожабаев. Қазір жеке бизнесмен, соңғы екі жылда күрт байып кеткен.

Ол орнынан тұрып, картаға қарап:

— «Жақсы адамды өлтірсе – пасық, опасыз, зұлым адам болғаны», — деп сыбырлады өзіне ғана естілер үнмен.

— Бұл — тұрмыстық кек емес. Бұл — ішкі сатқындық.

Абылай дереу көмекшісі, жас тергеуші Асанға:

— Асан, жедел-тергеу тобын құр. Ертең таңғы 8-де оқиға орнына барамыз. Камера жазбалары, куәгерлер, жедел жәрдемге дейінгі деректер — барлығы қажет. Асан орнынан тұра бергенде, Абылай сәл аялдап:

— Айтпақшы, Асан… Ертең намазға апта сайын баратын жұрт арасынан біраз адамдарды сөйлетіп алшы. Халық естігеннің көбін айтпайды. Бірақ шындықтың үні кейде құлақта емес – жүректе тұрады. Абылай бөлмеде жалғыз қалды. Терезеден түнгі қаланың жарығына қарап тұрып:

— «Сен өлген жоқсың, Жомарт. Сенің шындығың енді менің мойнымда…».

        Таңғы сағат 07:50. Көшелерде көліктер аз, бірақ сары лентамен қоршалған Жомарттың үйінің алдында адам жоқ. Полиция көліктері, криминалистер, жедел топ мүшелері қозғалыс үстінде. Полковник Абылай Қайсенов оқиға орнына жай кірмейді. Ол әрқашан сырттан бақылап, ішкі әсерге беріліп барып қадам басады. Жол шетінде 2 минут үнсіз тұрды. Үйге, көлікке, жаяу жүргінші жолына қарады. Қарап тұрып мынаны байқады:

Көлік жүргізуші орнында тұр. Оң жақтағы есік — ашық. Жол жиегінде қан тамған, бірақ шашыраған емес — бұл жәбірленуші бірден құлағанын білдіреді. Үйдің кіреберісі – таза. Ешқандай тартыс болмаған. Ал есік алдында бір байланыс парағы (визитка) жатыр. Су тиіп, кейбір жазулары өшіп кеткен. Әйел адамның есімі жазылған сияқты Абылай, еңкейіп, оны пинцетпен көтеріп алды. Көмекшісі Асан таңырқап қалды:

— Полковник, бұл елеусіз зат сияқты ғой…

Абылай жымиып:

— Асан, қылмыс ешқашан толық болмайды. Артында үнемі бірдеңе қалады. Ең маңызды айғақ – көбіне ең кішкентай деталь. Криминалистер үй маңындағы төрт камерадан жазбаларды әкелді. Бірақ екеуінің көру бұрышы шектеулі. Үшеуінде күдікті тұлға қара күртеше, капюшонмен, бет-жүзін жасырған. Бірақ Абылай камерадағы кадрлардан күдіктінің аяғының көлеңкесіне назар аударды. Ол тоқтады:

— Көлеңке адамға опасыздық жасамайды. Қарудан бұрын, адам алдымен өз қозғалысымен байқалады. Ол бейнені кері айналдырып, жіті қарап шықты. Содан кейін көмекшісіне:

— Мына адамның оң аяғы жүріс кезінде сәл сыртқа қарай қисайып, сол иықпен қатарласа қозғалады. Бұл – солақай адамның жүріс ерекшелігі. Ол – солақай.

Асан көзі жайнап:

— Яғни, сіз оны бір бейнеден анықтадыңыз ба?!

— Жоқ, Асан. Мен тек көлеңкеден күдікті шығардым. Анықтайтын – дәлел. Ал әзірге біз болжамды нақтылауға қадам жасап жатырмыз. Қылмыстың анық-қанығына жету үшін Жомарттың жары Жанардың тергеу тобына беретін түсініктемесі үлкен көмек. Сол үшін Абылай онымен жеке сөйлесуді сұрады, Жанар бірден келісіп, тергеу бөлімшесіне барды. Абылай:

— Жанар ханым, марқұм күйеуіңіздің соңғы күндері кіммен байланысы күшейіп еді?

Жанар ойланбастан:

— Болат. Жомарт оны ұлындай көрді. Ақша берді, бизнес бастатты, үй әперді. Тіпті өзіне арнайы фирма ашып, оның басшысы етіп тағайындады. Сол бекер болды. Ол осы биікке жеткен соң қатты өзгерді. Мінезінде құбылмалық пен кісілік пайда болды. Соңғы кездері екеуінің арасы алыстап кетті. Жомарттың оған деген сенімі мен көзқарасы суып бара жатты.

— Неге?

— Себебі, құрылыс компаниясының Болат басқарып отырған бөлімшесінде қаржы жымқыру жағдайлары жиі орын ала бастады. Ортақ есепшотқа ақша түспейтін болды. Жомарт бұл күмәнді жағдайды соңғы кездері анық байқай бастады. Бұл Болатқа ұнамады. Ол түрлі сылтаулар айтып, үнемі сытылып кетіп жүрді. Сондай-ақ бірде мен Болаттың жасырын байланыстары бар екенін байқап қалдым. Есіктің артына жасырынып, бір әйелге ақша аударып жатқан кезде әңгімелерін құлағым шалып қалдым. Ал Жомартқа: «Мен саған бауырмын», – деп алдады.

Абылай дәптеріне бір ауыз сөз жазды:

«Аударым — әйел — айғақ».

Сосын сәл ойланып тұрып:

— Жанар ханым, марқұм күйеуіңіздің телефоны кімде? — деп сұрады.

— Менде. Бірақ бұғаттаулы.

       Абылай үнсіз отырып, ұлы Медғатты есіне алды. Ол – IT маманы.

«Сенің қабілетің енді әкеңе емес, ақиқатқа қызмет етеді, балам…» – деді іштей. Абылай Медғатты жұмыс орнына шақырып, Жанардың қолындағы ұялы телефонның бұғауын шешкізді. Жомарттың ұялы телефоны көптеген құпияны ішіне бүккені анық. Абылай сол себепті Жанардан телефонды уақытша қалдырып кетуін сұрады. Ол: «Маған қылмыстық істің тез ашылғаны маңызды» деп Жомарттың қол телефонын үстелге қойды. Абылай Жанарды үйіне апарып салды да, оқиға орнын тағы бір мәрте шолып шығып, Жомарттың ашық қалған көлігінің есігін жапты. Тергеу енді қыза бастады. Ол іштей ойлады:

— Бұл істің түбі – сатқындық. Ең ауыр қылмыс – сенімге жасалған опасыздық. Мен енді тек айғақ іздемеймін. Мен – Жомарттың аманатын арқалап барамын…

              Кешкі сағат сегізден асып кеткен. Абылай кабинетінде жалғыз отыр. Үстел үстінде — Жомарттың қара телефоны. Экранда әлсіз жарық жанып тұр: «Құпия код енгізіңіз». Үстел шамының сары сәулесі оның шаршаңқы жүзіне түсіп, көлеңке мен жарықтың арасында бір сұр әлем орнағандай. Абылай ескі блокнотын жайып, онда мұқият жазып шыққан жазбаларға көз жүгіртті. «Жомарттың туған күні, жұбайының, қыздарының туған күндері, үйдегі Wi-Fi паролі, сүйікті футбол клубы…». Бәрі де мүмкін болатын код нұсқалары. Ол ойланып отырды. Телефон коды — адамның ішкі әлеміндегі құпия сейф. Оған кез келген сан емес, жүрекке жақын, мағыналы нәрсе қойылады.

— іштей

«Адам кодты кездейсоқ қоймайды. Әсіресе, сенетін адам – жүрегіне жақын сандарды таңдайды. Мүмкін, әйелі Жанардың туған күні шығар? Жоқ… балалардың ба? Әлде…»

Кенет есіне Жомарттың еркелете жиі айтатын сөзі түсті:

«Менің өмірімнің ең нұрлы күні — Жанардың туған күні».

Абылай тынысын тартып, саусақтарымен жай басып: 1-7-0-9 — терді.

Телефонның экраны ашыла кеткенде, кабинеттің іші бір сәтке тынышталып қалғандай болды. Абылай терең дем алып, арқасын орындыққа сүйеп, көзін жұмды.

— іштей

«Сенің жүрегіңде шындық бар екен, Жомарт…»

Телефонның ішінен бір-бірлеп хабарламаларды, фотосуреттерді, жазбаларды қарап шықты. Ішкі папкаларда ештеңе байқалмайтын сияқты. Бірақ банк қосымшасын ашқанда, бәрі өзгерді.

— өз-өзіне:

«Міне, шындықтың шұңқыры осы жерде жасырынып жатыр…».

Соңғы 10 айдағы аударымдар тізімінде бір таңсық есім көзге түсті:

«Айгүл Бақытбек» — 5 000 000 теңге.

Аударым Болат Қожабаевтың шотынан жасалған. Анығы — ақша тікелей Айгүлге түскен.

— (Абылай ішінен)

«Болат — киллерге тікелей ақша аудармайды. Ол әрқашан басқаны араға салады. Сатқын — тікелей әрекет етпейді. Ол көлеңкенің арасын бетперде етеді…»

Абылай дереу блокнотына үш атау жазды:

1: Айгүл Бақытбекова – ақшаны алған әйел

2: Болат Қожабаев – негізгі күдікті

3: VPN байланыс – арнайы жасырылған қоңырау арқылы тапсырыс берілген

Сосын рацияны қосып, нық дауыспен бұйрық берді:

— Асан, Айгүл Бақытбекті тауып кел. Тіркеуі, телефоны, мекенжайы, тіпті балабақшада баласы бар ма — бәрін біл. Ол — біздің алтын кілтіміз!

Келесі күн.

Тергеу бөлмесі.

Абылайдың алдында отыздар шамасындағы әйел отыр. Көзі қызарған, қолдары дірілдеп тұр. Бұл — Айгүл Бақытбекова.

— Айгүл ханым, — деді Абылай сабырлы дауыспен. Сіз соңғы 10 айда Болат Қожабаевтан ірі көлемде ақша алғансыз. Себебін түсіндіре аласыз ба?

Айгүлдің ерні дір етті. Ол жанын қинап, сөйлеуге оқталды:

— Мен, мен білмеймін. Болат ағай көмектесші деді. Мен тек банк картамды бердім. Басқа ештеңе…

Абылай қағаз парағын алып, оған қарап қалды:

Банк картасын беру жай көмек емес, Айгүл ханым. Сол карта арқылы бір адамның өмірі қиылды. Сіз болмашы көмектің артында кісі өлімі тұрғанын білдіңіз бе?

Айгүлдің көзінен жас ыршып кетті. Көз жасын сүрту үшін сөмкесін ашып, қол орамалын іздеп жатқанда ішінен байланыс парағы (визитка)  жерге түсіп кетті. Абылай ширақ қимылмен жерден көтеріп алып:

—Айгүл ханым, мына байланыс парағыңызды маған бересіз бе? —деп сұрады. Айгүл ханым:

—Әрине, алыңыз —деп, қол орамалымен көзін сүртіп жатып,

— Құдай үшін, мені кешіріңізші. Мен ештеңе білмедім! Ол тек «бір жұмысты аяқтау керек» деді. Кісі өлтіреді деген ой маған келген емес —деп ақтала сөйледі. Абылай орнынан тұрып, терезеге қарады. Аспан тұнжырап кеткен. Бұлттар қоюланып, найзағай түсейін деп тұрғандай.

— Айгүл ханым, егер Сіз шын мәнінде білмеген болсаңыз — ақиқатты айтуыңыз керек. Болат не істеді? Қайда жіберді? Ақша кімге кетті? Ақиқатты ашыңыз. Әйтпесе, сіздің де атыңыз осы іс бойынша қылмыстық тізімде қалады. Айгүл өзінің көз жасымен жуынып отырғандай:

— Болат маған шотымды бер деді. Мен сол арқылы бір танысына ақша жіберемін деді. Сосын бір-екі күннен кейін: «ештеңеге араласпа, сенің қатысың жоқ» деді. Бірақ, кейін Жомарт мырзаның өлгенін естідім. Абылай Айгүлдің жауаптарын тыңдап отырып, жазбаларға мұқият белгі қойып отырды. Әр сөзі – бір түйін, әр қайтарылған жауап – бір ілмек. Ол орнынан баяу тұрды. Кабинеттің ішін үнсіздік кернеген. Терезеден сыртқа көз тастап, көкжиектегі қою бұлтқа қадала қарады. Жарық шам әлсіз жанып, сары сәуле оның жүзін көлеңкелеп тұрды. Кенет бір ой жарқ ете қалды.

Айгүл бетін басып, жылай бастады. Абылай терең дем алып, оны үйіне қайтарды. Абылай:

— Асан! — деді ол қатқыл үнмен.

— Тыңдап тұрмын, полковник!

— Айгүл айтқан «таныстың» кім екенін анықта. Ақша сол арқылы өтіп кетуі мүмкін. Сондай-ақ Болаттың соңғы бір айдағы барлық қоңырауларын көтер. VPN-мен байланыс жасаған нөмір кімге тіркелгенін де табыңдар. Абылай үнсіз қалды. Бір сәт үнсіздікте өзі мен үстелдің арасындағы кеңістік қалың тұмандай қоюланып бара жатқандай сезілді.

Асан Болаттың VPN-мен байланыс жасаған нөмірлердің тізімін әкеп берді. Абылайдың көзіне Болаттың +998 90 123 45 67 номеріне жіберген хабарлама шоқтай басылды.

Халықаралық нөмір.

Өзбекстанның коды.

Хабарламада тек үш сөз ғана жазылған:

«Бәрі келіскендей болады…»

Абылай қалың ойдың ішіне сүңгіп кетті.

Бұл кім?

Ол дереу орындыққа қайта отырды. Ақ қағазға үңіліп тұрып, әлгі нөмірді іздеуге кірісті.

Сол сәтте есік сарт етіп ашылып, Асан ентіге кіріп келді:

— Полковник! Айгүлдің шотынан екі рет аударылған

2 000 500 теңге шетелдік осы есепшотқа түскен. Шот иесі…

Абылай басын көтеріп, Асанның бетіне сұсты қарады.

— Кім?

Асан жұтынып алды да жылдам сөйледі:

— Ниязхан Төлебаев.

— Ол қалай?!

— Иә, ол – кім?…

Абылайдың жүрегі зырқ етті. Жаңағы «бәрі келіскендей болады» деген хабарламаның бұл іске қатысы  барын түсінгендей болды.

Ол іштей қайталады:

«Жомарттың өлімі – тек қана сатқындық емес. Бұл – іштен шыққан жау, сыбайлас жемқорлық. Бөлмеде ауыр тыныштық орнады. Бірақ бұл тыныштықтың ар жағында дауылдың лебі сезілді.

Бәрі енді ғана басталды…

         Полковник Абылай кабинетінің терезесінен қалаға көз жүгіртті. Қара түннің көз жасындай мөлдіреген таңғы шық кеппеген әйнектің арғы жағында өмір өз ағысымен өтіп жатқанымен, оның кеудесінде тыным таппаған бір алапат ой құйыны шыр айналып тұр. Түнгі тергеу материалдары мен криминалдық сараптама нәтижелерінің барлығы Болатқа нұсқайды. Дегенмен, ішкі сенім мен сыртқы айғақтың арасында әлі де болса сызат бар. Ал әділеттің есігін дәлелсіз ашу мүмкін емес — бұл Абылай үшін өзгермейтін қағида. Ол қалтасына қолын жүгіртіп еді, саусақтары Айгүл ханымның байланыс парақшасына ілікті. Осы сәтте есіне түсті — дәл осындай парақшаны Жомарттың үйінің алдынан да тапқан болатын. Дереу екеуін қатар қойып, мұқият салыстырды. Иә, айқын ұқсастық бар. Бұл жаңалық бір жіптің ұшын беріп тұрғандай әсер етті. Сонымен, Айгүл — Болаттың туысы да, жақыны да емес. Екеуі өмір жолында жолығып, кейін белгілі бір мақсатта байланысқа шыққан. Яғни, Болат оны өзінің қылмыстық әрекетіне алдап-арбау арқылы тартқан. Айгүл оның арам пиғылынан мүлде бейхабар. Күдікті парақшаны Болат Жомарттың үйіне барған кезде әдейі немесе байқамай түсіріп алған болуы да мүмкін. Абылай терең тыныстап алды да, көмекшісіне бұрылды:

— Болатты шақыртыңдар.

        Болат тергеу бөлімшесіне келе сала бірден төрге озды. Иығында сенімділіктің жалауы желбірегендей. Қара көк костюмі үтіктелген, галстугі мінсіз түйілген. Көзіндегі паңдық – жылдар бойы үйренген екіжүзді маскадай.

— Қайырлы таң, полковник. Мені шақырдыңыз ба? – деді ол, іскер адамға тән сыпайы үнмен. Абылай креслосында түзу отырды. Қарсы алдында отырған адамға емес, оның жан дүниесіндегі көлеңкеге үңілгендей көз тастады.

— Иә, Болат мырза. Қош келдіңіз. Сізбен ашық әңгімелескім келеді. Бұл – ресми тергеу емес. Бірақ, сіздің сөзіңіз – шындыққа жол ашуы мүмкін.

Болат жымиды. Қолын үстел үстіне қойып, сағатына бір қарап қойды.

— Мен дайынмын, Абылай мырза. Тек шындық үшін.

Абылай басын төмен түсіріп, даусын жұмсартып: — Жомарт Құдайбергенов – біздің арамыздан ерте кеткен азамат. Ол тірі болғанда, бұл кабинетте сіз келмес едіңіз. Болат кірпігін қақпастан:

— Жомарт мен үшін ұстаз болды. Одан үйренгенім көп. Оның өлімі… жүрегімді жаралады.  —

Сол сәтте Абылай столдың шетінде жатқан қалың папканы ақырын ашып, ішінен бір құжатты суырып алды да:

— 2023 жылдың 4-ші қаңтарында сіз 2 000 500 теңге, одан кейін 6 айдан соң, дәл Жомартты атып кеткен күні, яғни 19 шілдеде тура түнгі 12.00-де тағы 2 000 500 теңге, сонда барлығы 5 миллион теңгені Айгүл Бақытбекова есімді әйелге аудардыңыз. Бұл мәлімет бізге шындықтың есігін сәл-пәл ашты. Бұған не дейсіз? Болат селт етті. Көзі бір сәтке ойнап кетті. Бірақ ол өзін тез қолға алды.

— Ол менің танысым. Отбасында қиын жағдай болды, көмектестім. Соңы қайда барып тірелетінін қайдан білейін.

— Біз VPN арқылы жүргізілген келіссөздердің жазбасын алдық. Күдіктінің дауысы – сіздікі. Сіз Айгүл арқылы әлдекіммен делдал болып байланысқансыз. Және сол күні сіздің телефоныңыздан күмәнді нөмірге үш мәрте қоңырау келген. Абылайдың сөзі бәсең, бірақ өткір. Ол темірді қызған кезінде соғып тұрған нағыз тергеуші. Болат орнынан атып тұра жаздап, қайта отырды. Саусақтарының ұшы дірілдеп, тізесінің үстін сипалай бастады.

— Мен кетем. Бұл – менің құқығым. Сұрақтарыңыз шектен шықты.

Абылай орнынан тұрмастан есік жаққа көз тастады. Сол сәтте ішке жас офицер кіріп, үнсіз Болаттың иығына қолын қойды. Ол қайта отырып, ашулы дем алды.

— Жалған сөз – жүрекке салынған қарғыс, – деді Абылай, үнін қатайтып. – Ал сіздің сөзіңізде шындықтың иісі жоқ. Мен талай өтірікшіні көрдім. Бірақ сіздей бейбіт күнде бауырын сатқан, қолын қанға бояған жалған дос сирек.

Болат көзіне жас толғандай кейіп танытып: — Мен киллермен еш байланыста емеспін. Бұл – жала! Абылай Болатты қорқытып, шындықты мойындату үшін әдейі:

— Киллер ұсталды. Қазір тергеу изоляторында. Ол біреуден тапсырыс  алғанын мойындады. Көп ұзамай беттестіру болады. Сол кезде шындық өзінен-өзі сөйлейді. Ал сен сол кезде не істейсің, Болат? Айгүлді тағы да «танысым» деп құтылып кетесің бе?

Болат қасарысқан күйі, сыр білдірмей үнсіз отыр. Сенгені сол баяғы Тезекбай. Бір сәтке тыныштық орнады. Кабинеттің ішіндегі ауа қоюланып кеткендей. Абылай орнынан тұрып, терезеге барды. Далада күн қарайып барады. Жарығы мол қала – алдамшы нұрға оранып тұрғандай. Ол баяу бұрылып:

— Сен Жомартты емес, өзіңді өлтірдің, Болат. Жаныңдағы аз ғана ар-ұятты тұншықтырып, мәңгілікке қапасты таңдадың. Мен заң алдында ғана емес, АЛЛА алдында да жауабың бар екенін саған ескертіп тұрмын.

Офицер Болатты орнынан тұрғызды. Абылай қолын көтеріп, тоқтатты.

— Соңғы сұрақ. Егер бәрі әшкере болса Жанар мен Жомарттың балаларының көзіне қалай қарайсың? Болат бұл жолы үн қатпады. Беті бозарып, көзі боталап барып, басын төмен салды. Есіктен шыққан кезде ғана ернін сыбырлата жымиды: Абылай:

— Шындық бәрібір жеңеді.

Абылай ауыр күрсінді. Бұл – күрестің бастамасы ғана. Ал шындықтың жүгі – әрқашан да ауыр. Абылай Болаттың үйін тінтуге санкция алды. Үйінің бір бұрышынан жасырылған флешка табылды. Ішінде – Жомарт туралы жазбалар, жеке суреттер және аудио файлдар. Абылай бір түн бойы сол жазбаларды зерттеді.

Аудиода Болаттың даусы анық естілді:

– Жомарт тірі қалмауы керек. Бұл – соңғы мүмкіндік. Егер ол сөйлесе, бәрі бітеді. Алайда бұл дәлелдер жеткіліксіз. Басты айғақ киллер табылар емес. Жанар түсініктеме беру барысында киллердің түрін көріп қалғанын айтқан болатын. Абылай Жанарға бірден телефон шалды:

— Жанар ханым, амансыз ба!

— Жақсы, шүкіршілік! Тергеу қалай жүріп жатыр? Қандай жақсы жаңалығыңыз бар?

Абылай:

— Сіз киллердің көзін және жартылай түрін көргенсіз. Сондықтан суреттеп айтып беруіңіз керек. Біз фоторобот бағдарламасы арқылы оның бет-бейнесін жасап шығаруымыз керек. Сосын суретін жан-жаққа таратамыз. Бұл қылмыстық істі ашуға көмек береді. Басқа тәсілді көріп тұрған жоқпын.

Жанар:

— Маған қылмыстық істің тез ашылуы маңызды. Әрине, қазір тергеу бөлімшесіне барамын. Абылай киллердің суретін фоторобот арқылы жасап шығарып, жан-жаққа таратты.

          Полковник Абылай таңертең жұмыс орнына әдеттегіден ерте келді. Жолай тек өзі білетін кішкентай мешітке соғып, ішінен үнсіз дұға жасады:

«Я, Раббым, әділет үшін, адалдық үшін тілегімді қабыл ет. Бұл жерде бір адамның емес – тұтас сенімнің қаны төгілді…». Ол жұмысқа келген бетте Болатты тағы да кабинетіне шақыртты. Болат бұл жолы да кешікпей келді. Өзін сенімді ұстап отыр. Костюм киіп, сағатын түзеп қойып, іскер кездесуге келген адамдай сықиып отыр. Абылай оны психолог іспетті сөйлетіп, шындықты өз аузынан шығартуға тырысты. Абылай сабырлы, жұмсақ дауыспен бастады:

— Болат мырза, сіз Жомарт Құдайбергеновтың қазасына қатысты істің басты куәгерісіз. Қылмыстық істі ашу үшін сізді амалсыз тағы шақырып отырмын.

Болат жымиып:

— Мен Жомартты туған ағамдай көретінмін. Ол үшін сіздерге көмек беруге әрқашан да дайынмын. Қазасы мені де есеңгіретіп тастады.

Абылай көзін төмен салды. Бір сәт үнсіз қалды. Сосын кенет:

— Ал сіздің 2023 жылдың 4-ші қараша күні Айгүл Бақытбекке аударған  5 миллион теңгелеріңіз туралы анық ақпарат бермедіңіз? Айгүл ханымның шоты арқылы кімге аударма жасадыңыз?  Болаттың жүзі бозарып кетті. Қолын үстелге қойған күйі саусақтары дірілдей бастады.

— әлсіз күлкімен

– Болмашы көмек екенін алдында да айтқанмын. Жомарт ағамның құрған компаниясы бүгінде Қазақстанға танымал. Сондықтан бізде қайырымдылық жиі жасалады. Біз көп адамдарға жәрдем береміз. Оның бәрін қалай есімде сақтаймын. Абылай  өткір үнмен:

– Жалған жауап – шындықтың дұшпаны. Біз Сіздің үйіңізге тінту жасағанда біраз дәлелдер таптық. Біздің қолымызда аудиожазба бар. VPN арқылы сөйлескен күдіктінің номері – сіздің телефоныңыздан табылды. Сіз тапсырыс бергенсіз.

Болат орнынан тұруға ұмтылды:

— Мен кетем! Бұл сұрақтар заңсыз!

Абылай жай ғана алдында тұрған түймешекті басты. Есіктің сыртында тұрған жас офицер ішке кіріп, Болатты қайта отырғызды.

— Қылмыс жасаған адамның айқайы – өз шындығынан қорыққан адамның үні – деді Абылай, көзін қадай қарап. – Мен мыңдаған қылмыскер көрдім. Бірақ ең ауыр қылмыс – бауырлықты сатып кеткен адамдікі. Сен – сол бауырды өлтіріп, сатып кеткен опасызсың.

Болат:

— 5 миллион – киллер жалдау үшін жіберілген ақша емес. Ол – көмек ақша. Мен киллерді мүлдем танымаймын. Жомарт маған аға болған адам!

Абылай:

— Киллер де табылады. Сонда басқаша сайрайтын боласың. Болат:

— Онда шындық ашылады. Менің бұл іске еш қатысым жоғы анықталады. Мен енді ешқандай сұраққа жауап беруге тиісті емеспін. Аман-сау болыңыздар! Абылай Болаттың бетпақ мінезіне таңғалды. Ішкі түйсігі, барлық дәлелдер Болатты нұсқап тұр. Алайда нақты айғақ – киллер.

           Қанша жерден ақылды, сақ, байсалды офицер болса да, бұл жолғы іс полковник Абылайды алаңдатпай қоймады. Жомарттың өлімі — біреудің кегі емес. Бұл – салқын ақылмен жоспарланған, жүйелі қылмыстық топтың ізі бар, тым күрделі іс екенін ол бірден түйсінді. Бірақ кім ұйымдастырды? Не мақсатпен? Қалай? Түнде кабинетінде жарығы өшпеген жалғыз терезе – Абылайдікі. Ол үстелге жайылған істі бірнеше мәрте шолып шықты. Болаттың үйінде тәркіленген телефон деректерінде ерекше нәрсе сол баяғы Айгүл Бақытбекова деген әйелдің есепшотына екі рет 2 000 500 теңге аударған. Бірдей сома. Мұндай дәлдік – кездейсоқтық емес. Бұл — қылмыстық әлемнің «қызмет ақысы». Және сол қаржы Айгүл арқылы бір беймәлім Өзбекстандық номерге аударылған. Аты – «Жүкші Нияз». Алайда, бұл адам туралы ашық базаларда ешқандай ресми дерек жоқ. Бәрі күмәнді. Абылай қалтасынан телефонын алып, байырғы досы Мұратқа қоңырау шалды. Бұл екеуін кезінде еркін күрес кілемі табыстырған. Аяқтарын сан мәрте майыстырған, арқаларын сүйеген сенімді достар. Қанша жыл өтсе де, арадағы сыйластық сөнбеген. Екеуі де құқық саласында адал еңбек етеді.

— Абылай бауырым! Не жаңалық? Көп уақыт болды, хабарсыз кеттің — деді Мұрат көңілді дауыспен. Абылай:

— Мұрат, амансың ба? Жұмыс бабымен хабарласып тұрмын. Дереу сенің көмегің керек. Бір адамды тапқым келеді. Аты – Ниязхан Төлебаев. Ташкент жақта болуы мүмкін. Мұрат:

— Айттың болды. Бір-екі күнде іздеймін.

Абылай телефон арқылы досымен ұзақ сөйлесті. Өткен-кеткенді естеріне алды. Содан орнынан тұрып, қабырғадағы картаға көз салды. Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы. Ташкенттің маңы. «Жүкші Нияз». Бәрі бір-бірімен тығыз байланысқан. Бұл – ақша аудару тізбегі  – қылмыскерді жасыру тізбегі.

          Наурыз мейрамы жақындап қалған. Тергеу барысында мейрамды сезінбестен жүрген Абылай бір сәт тыныс алып, үйіне оралды. Жұбайы мен балаларының жарқын жүзін көріп, көкірегіндегі мұз ерігендей болды. Көрісу күні болғандықтан үлттық киім киген қыздары мен шапан жамылған баласы, дастархан басындағы көже мен әжелердің батасы – барлығы жүрегіне жылу сыйлады. Бір күнен кейін қалада Науырыз мейрамы аталып өтіледі. Абылай ерте тұрып, дүкенге барып,  өзіне жаңа шапан, әйелі мен балаларына ұлттық киім сатып алып, бәріне тамаша сый жасады. Ауладағы киіз үйге барып, наурыз көжеден дәм татты. Әжелердің батасын алды. «Ұлыс оң болсын!» деген тілектер жүрекке жылу сыйлады. Көңілі бір сәтке тынышталғандай.

Бес күннен кейін Мұрат хабарласты:

— Абылай, таптық. Бұл Ниязхан деген кісі менің ауданымда тұрады. Бірақ бір қызық бар. Үйінде туысқаны тұрып жатыр екен. Келбеті сен жіберген фотодан — аумайды. Абылай қуанып кетті. Ол — дәл сол! Жомартты атып өлтірген қандықол киллер! Бір сәтке ішкі түйсігі селт етті.  Бұл — жай ғана кезекті бір қылмыс емес. Бұл — үлкен құрылымның шетін сырып, тереңге үңілетін сәт. Түйсігі соны сезді. Көптен іздеген тізбектің алғашқы буыны қолына түскендей. Абылай шұғыл түрде Бас прокуратурамен, ІІМ-мен, Интерполмен байланысқа шықты. Бәрін заң шеңберінде істеу керек: экстрадиция, дәлел, айғақ, қаржы іздері. Бір түннің ішінде бірнеше томдық қылмыстық істі сүзгіден өткізіп, шетелге аударылған қаржының ізін нақтылап берді. Ташкентке жіберілген қаржының қай шоттан шыққанын, қай банкте тоқтағанын, қандай атпен тіркелгенін — барлығын мұқият ашып шықты. Өзбекстан полициясы Ниязханнан түсініктеме алды. Айтуынша, жиен інісі «жұмыс іздеп келдім» деп келген. Алайда, ол «жиеннің» шын бейнесін білмеген. Паспортты ауыстырғанымен, түрін өзгерте алмаған. Киллердің аты — Тұман. Қызық. Абылай бұл есімді алғаш естіп тұр. Қазақстандық база да, Интерполдың тізімі де бұл атты білмейді. Бұл не деген шеберлік? Демек, бұл — көлеңкеде көптен бері жасырын жүрген жан, бәлкім, бұл — оның алғашқы тіркелген қылмысы.

          Ташкент әуежайынан көтерілген әскери тәртіптегі ұшақ таңғы сүттей бозалаң тартқан сәтте Шымкент қаласының ІІМ арнайы қону алаңына келіп жаймен орнықты. Абылайдың өзі сол сәтте қону алаңында тұрды. Шекара, Интерпол, прокуратура — бәрі келісілген. Ұшақтың ішінен кісенделген, басы салбыраған бір адамды екі арнайы жасақ қызметкері жетектеп шықты. Ол – Тұман. Күдікпен бүркемеленген жанар, суық үнсіздік, ішкі қарсылық сезімі — бәрі жүзінен-ақ байқалып тұр. Күдікті Өзбекстаннан Қазақстанға экстрадицияланған сәтте Абылаймен бірге Асан да еріп барды. Жол бойы үнсіз отырды. Бір сәт, бір мезет жадында қайта жаңғырды:

— Камерадағы бейнеде күдіктінің оң аяғы сәл сыртқа қарай қисайып, сол иықпен қатарласа қозғалады. Бұл — солақай адамға тән жүріс, — деген еді Абылай. Осы бір көреген сөз — жай жорамал емес екенін уақыт дәлелдеді. Асан киллерді сырттай бақыладв.  Оның жүрісі полковниктің болжауымен тап басып сәйкес келді. Абылайдың шеберлігі — қағазға емес, адамның болмысына үңілуінде. Ол үшін видео — жай кадрлар емес, қылмыскердің көлеңкесімен сырласатын дерек. Ол үшін қозғалыс — сөзсіз куәгер. Міне, осыны көргенде Асанның өзі таңғалды. Полковник Абылай – жай тергеуші емес, қылмыстың шетінен ұстаған сәтте соны түбірімен қопарып шығатын хас шебер. Абылай бірден тергеу басқармасына қарай асықты. Алда – аса күрделі жауап алу процесі. Ол өзіне сөз берді: кім бұйрық берді, не үшін және қанша адам бұл тізбектің ішінде екенін түгел анықтаймын! Жомарттың өлімі — жай ғана нүкте емес. Бұл – бір үлкен парақтың бас әрпі ғана. Енді бастысы — шындықты суырып алу. Жолда келе жатып, Абылай бір нөмірге қоңырау шалды. Қоңырау сәл кідіріп барып, көтерілді.

— Алло?

— Жанар ханым, бұл — полковник Абылай. Істің барысы бойынша жаңалық бар. Телефонның арғы жағындағы үн бір сәтке үнсіз қалды. Жанардың жүрегі қатты дүрсілдеп кетті.

— Иә… Тыңдап тұрмын…

Абылай даусы нық шықты.

— Күдікті — Жомарт мырзаның өліміне қатысы бар адам Қазақстанға жеткізілді. Енді біз нақты шындыққа жақындадық. Жанар егіліп жылап жіберді. Бұл — жеңістің емес, әділетке бір табан жақындаудың көз жасы.

— Рахмет… Сізге сеніп едік… Шүкір…

Абылай үндемей тұрып қалды. Оның да көкірегін бір ащы тыныштық тырнап өтті. Бірақ қазір эмоция емес — нақты жауаптар қажет.

Тергеу бөлмесі. Қабырғада сағаттың тықылы ғана естіледі.

Күңгірт жарық, сұр қабырға, сұрақ пен жауаптың шекарасы ғана бар. Тұман үстел басында отыр. Оның екі қолы үстелдің астында кісенделген. Басында бейнебақылау жұмыс істеп тұр. Абылай жайлап кірді. Қолында қалың папка. Фотосуреттер, ақша аударымдар, телефон жазбалары.

Полковник Абылай Тұманмен жеке өзі сөйлесті. Тергеу изоляторында, темір есіктің ар жағындағы сұр киімді, мұздай көзді, қылшығы қырылмаған жас жігітпен бетпе-бет келді.

— Тұман, — деді ол орындыққа отырып жатып. Киллер үндемеді. Қабағы түйілген күйі қарап отыр.

Абылай стол үстіне Жомарттың фотосын қойды.

— Бұл адамды танисың ба?

Тұман бір көз тастап, қайта жерге қарады.

Абылай екінші фотоны шығарды. Бұл жолы — көшеде түсірілген бейнебақылау кадры. Тұманның жүгіріп келе жатқаны анық көрініп тұр.

— Бұл сен бе?

— …Қайдан білейін. Бәрі бірдей болып кеткен — деді Тұман міңгірлеп.

Абылай жымиғандай болды. Бірақ көзінде күлкі жоқ.

— Сенің Өзбекстанға кеткен жолың, Айгүлдің саған ақша аударғаны, Болатпен байланысың — бәрі дәлелденді. Енді тек бір-ақ нәрсе керек: тапсырысты кім берді?

Тұман үнсіз қалды. Сәлден кейін:

— Мен ақша алдым. Бірақ мен ешкімді танымаймын.

Абылай үстелге бір парақты жайып қойды. Бұл — Өзбекстанда Ниязханның үйінде тұрып жатқан кездегі құжат. Төлқұжаттағы есім — Сұлтанбек. Бірақ сурет Тұмандікі.

— Сен жалған құжатпен жасырынып жүрдің. Бұл — халықаралық қылмыс. Ал егер қазір өз еркіңмен жауап берсең, сот жеңілдік жасамайды. Әйтпесе — он жеті жыл емес, өмір бойына кетуің мүмкін.

Кенет Тұман басын көтерді. Көзінде болмашы шындық ұшқыны жылт етті.

— Мен тапсырысты тікелей алған жоқпын. Байланысқан адамым — Айгүл.

— Сонда Болаттың бұйрығы ма?

Тұман терең дем алды. Бір сәт ойланып:

— Иә, «Мына адам көзден ғайып болуы керек», — деді. Суретті көрсетті. Қанша алғанымды өзің көрдің.

Абылай орнынан жайлап тұрды.

— Сенімен сөйлесуге Жомарттың жесірі келеді. Оған бәрін айт. Қалғаны — заң мен АЛЛАНЫҢ үкіміне қалды.

Киллер басын изеді.

Абылай есікке бұрылып бара жатып, бір сәт кідіріп:

— Неге өлтірдің? — деді Тұманның көзіне тік қарап.

— Ақша үшін — деді киллер селт етпестен.

— Ал сен, Тұман… енді шындық айтатын уақыт келді, — деді де, сыртқа беттеді.

          Тұманмен сөйлесуге Жанар келді. Кішкентай сұрақ-жауап бөлмесі. Үстелдің арғы жағында – киллер. Көздері суық, міз бақпай отыр. Кеудесін ащы шер кернеген Жанар оның көзіне тіке қарады, сұрқия көздерін бірден таныды. Сұр қабырға. Төбеден түсіп тұрған жарықтың астында екеуі. Кішкентай үстел. Арғы жағында – Тұман. Мұздай көз. Ал қарсысында – Жанар. Жүрегі шоққа оранған, көзінде жас, бірақ дауысында — темірдей салмақ бар. Жанар тісін тістей, көзінен жас ағып:

— Сен… сен менің күйеуімді өлтірдің.

Тұман кекесінмен, мұздай күлкімен:

— Иә. Бірақ мен өзім үшін емес. Жанар:

— Білемін. Сен – жалдамалы жауызсың. Ал мен шындық іздеп келдім. Айт, кімнен тапсырыс алдың?

Тұман иығын қиқаң еткізіп:

— Менің атымнан тек адвокат сөйлейді.

Жанар ашумен орнынан тұрып, үстелді нұқып:

— Сенің адвокатың енді сені бұл тозақтан құтқара алмайды!

Саған бұйрық бергендер, олар сені қазірдің өзінде сатып кетті.

Қалған ғұмырың темір тордың ар жағында, не көрде аяқталады!

Тек қазір ғана аз да болса адам болып қалуға мүмкіндік бар. Шындықты айт!

Тұман көзін тайдырып:

— Егер мен шындықты айтсам, мені өлтіреді. Жанар жан даусымен:

— Ал менің күйеуімді сендер өлтірдіңдер!

Ол тірі болу үшін күресті. Халыққа қызмет етті.

Ал сен не үшін өлтірдің? Ақша үшін бе? Бес-ақ миллионға арыс азаматтың өмірін қалай қидың?! Жомарттың өмірі бес миллион ғана болғаны ма?

Сол ақшаны сен еңбекпенде таба алатын жігітсің. Тепсең темір үзесің.

Тұманның дауысында өкініш бар:

—Иә, ол маған ештеңе істемеген еді…

Білесің бе, мен спортшы едім… ел үшін күрестім…

Бірақ бір сәттік әлсіздік, бір қате таңдау…

Қарыз, қысым, бопсалау…

Сосын келді олар. «Бәрі оңай болады», — деді.

Оңай болмады…

Жанар жылап:

— Сен оның өмірін тартып алдың. Менің үмітімді өлтірдің, балаларымды әкелерінен айырдың. Сенің қателігің бір адамның тағдырын ғана емес, бүтін ұрпақтың болашағын күйретті. Сен тек бір адамға оқ атпадың,  сен әділетке оқ аттың.

Тұман төмен қарап:

— Маған қорған керек. Егер Прокуратура қорғауға кепіл берсе, мен тапсырыс берушінің атын атаймын.  Жанар кең тыныс алып, көзіндегі жасты сүртіп:

— Жақсы. Мен сенің сұрауыңды полковникке жеткіземін. Бірақ есіңде болсын: мен шындық үшін соңына дейін барамын! Киллер үнсіз. Болаттың жасаған сатқындығы мен қаржылық алаяқтығы ашылуға жақын.

 Жанардың ішінен:

«Жомарт, сенің сеніміңе кірген адамның түбіңе жеткенін көру қандай ауыр… Сен оны бауырым деп едің, ал ол жауың болып шықты. Сенің аманатыңды аяққа таптады. Енді не болмақ? Әділет бар ма? Сот бұл зұлымдықтың жазасын бере ала ма?».

            Болат енді тергеуге толық тартылды. Абылайдың алдында соңғы кезең: киллерді анықтап, беттестіру және сотқа дейінгі материалды жабу.

Ауа біртүрлі ауыр. Тергеу басқармасының арнайы бөлмесіне екі адам қатарынан кіргізілді. Бірі – Болат Қожабаев. Екіншісі – ұзын бойлы, бетінде тыртық іздері бар белгісіз ер адам. Ол – киллер.

Кіре бергенде Болаттың беті ду етті. Қаны жүзінен қашты.

Абылай бөлменің арғы жағынан келіп, үстелге отырды.

— Бұл – жабық беттесу. Барлық сөз жазылады. Айтылған әрбір шындық – сот алдында дәлел болады. Киллер алғашқы болып сөйледі. Дауысы сәл дірілдесе де, шынайы.

— Менімен байланысқан адам – Болат Қожабаев. Ақша төлейтінін, іс жеңіл болатынын айтты. «Жай ғана қорқытып қой» деді алғашында. Кейін өлтіруді бұйырды. Ақшаны екі бөліп аударды.

Абылай Болатқа қарады. Ол үнсіз.

— Абылай даусы қатайыңқырап шықты

— Болат Қожанов, не дейсіз? Бұл айыпты мойындайсыз ба?

Болаттың басы салбырап тұр. Көзін төмен салып, тістене жауап берді:

— Мен… мен Жомарттың орнында өзім болуым керек еді. Ол… ол мені әрдайым төмен қойды. Сол себептен ешқашан өз биігіме жете алмадым. Оның көлеңкесінде қалудан шаршадым. Абылай:

— Сол үшін бауырды өлтірдің бе? Сен оның берген мүмкіндігін емес – жарығын көре алмадың. Сен өлтірген адам – саған баласындай сенген жан. Енді сені де ар-ұятың өлтіреді!

Киллер қайта сөйледі:

— Мен түрмеден қашпаймын. Бірақ Жомарттың жары – Жанар болса, кешірім сұрағым келеді. Менің қолымдағы оқ – оның жүрегін емес, армандарын өлтірді. Абылай орнынан баяу тұрды. Көзіне жас келгені байқалды, бірақ түрі сабырлы.

— Жанардың кешірімі – АЛЛАНЫҢ алдында. Ал мен мемлекет атынан істі сотқа жіберемін. Бұл заң – Ақиқатты сөйлейтін заң!

— Мен жеңбедім. Ақиқат жеңді. Ақиқат ауыр, бірақ ол – жалғыз жол. Жомарт енді қайтып келмейді. Бірақ бұл іс – бір адамның ғана емес, тұтас ұрпақтың әділетке жеткен күні. Бұл – адалдықтың бағасы.

Көп кешікпей Сот басталды.

Зал тып-тыныш. Тек төрағаның үстелді жайлап тықылдатқан дыбысы естіледі. Күздің сұрғылт күніне ұқсас ауыр атмосфера орнаған. Қылмыстық істің мән-жайын бәрі білсе де, соттың қандай үкім шығаратынын ешкім дөп басып айта алмайды.

 Сот төрағасы Қасым Жайсанбайұлы:

— ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі – қасақана адам өлтіру бабы бойынша айыпталушы Болат Қожабаевқа қатысты сот отырысы басталды.

Айыпталушылар орындығында – Болат. Жүзі суық. Жанарында өкініштің ізі жоқ. Міз бақпай тұр. Жанында – киллер. Үкім оқылмай жатып-ақ мойнын салбыратып, жерге қарап, екі қолын айқастырып алған. Ол сот басталғалы бері Жанарға қарай берді.

Кенет сот төрағасы Жанарға көз тастады:

— Сіз заңгерсіз бе?

Зал іші күбір-күбір. Жанар тосын сұрақтан сәл тосылып қалды да, тез жинақталды:

— Жоқ, заңгер емеспін. Бірақ колледжде құқық негіздерінен сабақ бердім. Құқықтанушымын, – деді нық дауыспен.

Сот төрағасы басын изеді:

— Сізге сөз беріледі.

Жанар терең дем алып, сөйледі. Даусы сот залын кернеді:

— Болат, сен жарымды өлтірдің. Оған қастандық жасадың. Бірақ сенің ең үлкен қылмысың – сенімге жасалған қиянат. Ол сені бауырына тартып еді, сен оның жанын қидың. Мемлекеттің ақшасын жымқырдың, бірақ ол аздай – адал досыңды саттың. Сен үшін үкімді бүгін сот, ал АЛЛА жазаңды баяғыда  шығарып қойған! Зал сілтідей тынды. Жанардың дауысы қатты шыққан жоқ, бірақ әр сөзі найзадай қадалды.

Киллер көзіне жас алды:

— Мен адастым… Жаңылдым. Кешіріңіз, – деп міңгірледі. Тек Болат қана үнсіз тұрды. Ол тіпті көзін төмен салмады.

Сот үкімі шақты.

Сот залын ауыр тыныштық басты. Адамдардың сыбырлап сөйлескені ғана естіледі. Бәрінің көкейінде бір сұрақ: «Әділет орнай ма?»

Сот төрағасы үкімді жариялады:

— Айыпталушы Болат Қожабаев – 15 жылға бас бостандығынан айырылсын. Қылмысты тікелей орындаушы – 17 жыл 6 айға сотталсын.

Сот төрағасы соңғы сұрақ қойды:

— Жәбірленуші тарап, сіз соттың үкімімен келісесіз бе?

Жанар  күрсініп, терең тыныстап:

— Сіздің шығарған үкіміңіз маңызды емес.

Оған баяғыда үкім шыққан. Бұл – АЛЛАНЫҢ үкімі.

Зал сілтідей тынды.

Жанар соңғы сөзін айтқанда, даусы зілмен шықты.

— Құлқыны үшін адамның қанын жүктеген адам екі дүниенің де азабын тартады. Шындық бәрібір судың бетіне қалқып шығады! Жанардың көзінен жас ыршып түсті. Бірақ ол өзін ұстады. Жанардың бұл сөзінен кейін сот залындағылар тым-тырыс болып қалды. Оның соңғы айтқаны адамдардың жүрегіне мәңгілікке мөр болып басылғандай:

«Құлқыны үшін адамның қанын жүктеген, өзіне сенген жанды сатқындықпен өлтірген адам екі дүниенің де азабын тартады!».

Сот залында Жанар Болаттың көзіне тік қарады.

— Сен бәрін саттың, Болат. Бірақ сатқындық ешқашан жеңбейді. Жомартты өлтірдің, бірақ оның есімі ешқашан ұмытылмайды. Ал сен өмір бойы мойныңа ар жазасын жүктейтін боласың. Өмірде сатқындығың үшін өз-өзіңді жазалап өтесің– деді. Болат басын төмен салды. Ол енді барлығынан айырылғанын түсінді.

Жанар Болат пен Тұманға қарап:

— Сендер мені әлсіз деп ойлайсыңдар. Жоқ! Мен әлсіз емеспін. Ал сендер – нағыз қорқақсыңдар! Біреуің тапсырыс беріп, екіншің орындап, ақыры әділеттен қаша алмадыңдар!

Судья үнсіз қалды. Прокурор құжаттарын жинай бастады. Залдағы адамдар Абылайдың батылдығына, хас шеберлігіне, тапқырлығы мен даналығына таңырқап, бір-біріне қарасты. Кейбірі оның әділдігіне риза болып, бас изеді.  Болат ақырына дейін міз бақпады. Оның жүзінде өкініш те, ұят та байқалмады. Дегенмен, ол Жанардың көзіне тіке қарай алмады.

          Сот залынан шығып бара жатқанда Жанар мен адамдар Абылайға алғыстарын айтты. Бірі мақтанып, бірі қызығып тұрды. Сол сәтте бір журналист иығынан қағып:

— Абылай мырза, қысқаша сұхбат берсеңіз, бұл соттан қандай ой түйдіңіз?

Абылай сәл жымиып, тұтас залға көз жүгіртіп:

— Бұл – жай ғана сот емес. Бұл – адамдық пен арсыздықтың шайқасы.

Әділет – жеңді. Бірақ қуанып тұрғаным жоқ. Себебі әділет орнағанда – бір адам тіріліп келмеді. Тек бір үміт – келесі әділетсіздікке жол бермеу. Содан соң сәл кідіріп, төмен қарап:

— Сот – қағазға қараса,

Ар – АЛЛАҒА қарайды – деді.

Залдағы жұрт үнсіз қалды.

          Сот залынан адамдар шығып жатты. Бірі қабағын түйсе, бірі әділдіктің орнағанына іштей риза болды. Ең бастысы – Абылай сот залынан кеудесін тік ұстап шықты. Ол өзіне артылған ауыр жүкті еңсесімен емес – жүрегімен көтеріп шықты. Оның соңынан Болаттың адвокаты ілесті. Ол әлі де Болатты ақтап алудың амалын жасамақ екен.

— Бұл – кісі өлтіру емес, қасақана жасалған әрекет те емес. Болат оны қорқытпақ болды, бірақ бәрі абайсызда орын алды. Қолымызда әлі де дәлелдер бар. Біз апелляцияға береміз, – деп өзінше біреуге емес, өзіне сендіргісі келгендей сөйледі. Абылай тоқтады да басын жай ғана шайқады:

— Сендер шындықты бұрмалауға қанша тырыссаңдар да, әділдік бәрібір су бетіне қалқып шықты. Қанша уақыт өтсе де, әділет деген нәрсе бір-ақ сәтте жарқ етіп, жалғанның бетін ашады. Апелляцияға еркін беріңдер. Бірақ сендер жеңбейсіңдер. Сендер баяғыда жеңіліп қойғансыңдар! Абылай бұрылып жүре берді. Сот ғимаратынан шыққанда әділдік жеңгенін табиғатта құптағандай аспандағы қара бұлт сейіліп, күн сәулесі маңайға нұрын төкті.

Түнде Абылай аспанға ұзақ қарап тұрды.

Жұлдыздар жымыңдап, оған «әділет орнады» деп жауап бергендей.

Бірақ әділет деген не өзі? Сот үкімі Жомартты қайтара алды ма? Жоқ.

Бірақ жауыздық өз жасасын алды!

     Күндегі әдетінше жұмысқа асыға кеткен Абылай кабинетінде отырып, әйеліне қоңырау шалды:

— Жаным, бүгін ертерек барам. Еркеназдың сабағына көмектесейін. Медғат пен Қасымды да ертіп, табиғатқа шығайық. Біраз демалайықшы…

Әйелінің жылы үні естілді:

— Саған демалыс керек, Абылай. Сен біреудің өмірін емес – ақиқатын алмас қылышысың!

Жаз шықты.

Абылай отбасымен тауға шықты. Жанында – балалары, жарқын күлкі, қолында балық аулайтын қармағы бар. Көлдің жиегінде тұрып, қармағын суға тастаған Абылай терең ойға шомылды:

— Мен тергеушімін! Тағдырдың сынақтарында шындықты іздеген адамның көлеңкесімін. Шындық ешқашан қатты дауыспен сөйлемейді. Ол — ақырын келеді.

Бірақ келгенде…

Бүкіл жалғанды шайқап өтеді.

Абылай отбасында – жай ғана әке. Бірақ сыртта – бір халықтың ар-ожданын арқалап жүрген жауынгер. Ол көлдің бетіне ұзақ қарады. Күннің алтын сәулесі су бетінде ойнап тұр. Кенет көлден Жомарттың бейнесі жылт етіп көрінгендей болды. Сол сәтте жел де соқпай қалды. Бар әлем тыныштық құшағына енгендей. Абылай ақырын ғана көлдің бетіне үңілді.

Ол су бетінен әділеттің нұрын көрді…

Алмагүл Серікқалиева

ІШКІ БІР ТҮЙСІК

Қалалық ІІД Тергеу басқармасының басшысы, полковник Абылай Қайсеновтің кабинетіне бір...

ОРАМАЛ

Алматы бүгін әдеттегідей  жаймашуақ. Шөкімдей бұлт айналып-айналып  жауа алмай кетті. Күздің...

ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей...

Хакердің қолтаңбасы

Қала жұрты шырт ұйқыға кеткенде әлдебіреу ақпарат жүйесіне ұрлана...

ҚИСЫҚ

Айдауыл Жаңбыр себелеп тұр. Алдымда балшық кешіп, аяғын әзер алып...