Ұлдана шипажайдан өте көңілді оралды. Келген күні-ақ Саямен хабарласып, жолыққысы келетінін айтып, қиыла қолқа салды. Екеуі кешкісін кішігірім дәмханада кездескенде жас қыз өкіл әпкесін көрген бойда құшақтай алды. Жұқалтаң өңінде қызыл шырай пайда болыпты. Кеш бойы Саяға шипажайдың қызықтарын айтумен болды.
- Мен онда көптеген адамдармен таныстым. Ой, әпкетай, әлемде жақсы адамдар көп екен ғой. Солардың ықпалымен мен қатты өзгердім. Бұрынғы өмірге өкпелі, бәрінен қорқатын Ұлдана енді жоқ. Оның орнына сұлу да батыл Дана пайда болды. Енді менде бәрі басқаша болады. Мен бақытты болам, бай болам.
- Құдай қаласа, боларсың. Жаңа есімің құтты болсын! Өзгергеніңе қуаныштымын.
- Мені енді тек Дана деп атаңызшы.
- Жарайды. Атасам, атайын. Денсаулығың дұрысталды ма?- деді Сая оның өрекпіген көңілін байыз таптыруға тырысқандай рай танытып, шипажайға баруының негізгі себебін еске сала.
- Ой, әрине-әрине. Денсаулығым зор. Ем алдым ғой. Білесіз бе? Денің сау болу үшін жаның сау болу керек. Ол үшін дұрыс энергия керек, мотивация керек, ақша керек.
- Мақсат керек, жоспар керек, еңбектену керек.
- Ой, менде сондай керемет жоспар бар,- деді Ұлдана «керемет» деген сөзге ерекше екпін қоя.
- Қандай жоспар?
- Интернет арқылы сауда жасаймын.
- Ол жайлы естуім бар. Бірақ айналысқан емеспін. Интернет деген дүдәмал нәрсе ғой. Нақты адамдармен нақты шаруа жасаған дұрыс емес пе?
- Ой, әпкетай, сіз өткен ғасырдың адамы сияқтысыз. Интернет деген- мықты мүмкіндік қой. Қолдан келіп тұрғанда қарманып қалу керек. Мұндай оңтайлы сәт ұзаққа созылмайды.
- * * Ұлдана бірер күннен кейін қоңырау шалып:
- Әпкетай, күшті медициналық халаттар бар. Қымбат емес. Құрбыларыңызға көрсетіңізші. Қазір фотоларын жіберем. Үстіне ақша қосып сатсаңыз да, болады,- деді өрекпи.
Амандаспайтын, жағдай сұраспайтын болыпты. Ақша адамды қатты өзертеді екен. Сая телефонына келген суреттерді бір қарап шықты. Сапасы жақсы сияқты, қымбат емес. Бір-екеуін сатып алмақ болды. Құрбыларына көрсетіп еді, оларға да ұнады.
Ұлдана Саямен жолыққанда түрі бал-бұл жанып, енді не істемек ойы барын айтып, аузы- аузына жұқпайтын. Оның айтуынша саудасы қызып тұр. Айналымы артқан сайын жеңілдік бонустары көбейеді екен. Киімнен басқа алтын бұйымдар, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника сатып жүргенін айтты. Саяхаттау турларын ұйымдастыруды да қолға алмақ. - Сатылатынның бәрін сатып, ақша табу керек. Көп ақша. Өте көп ақша,- деді Ұлдана.
- Ақша қуалап жүріп, абыройдан айырылып қалма.
- Мен абыройдан баяғыда-ақ айрылғанмын. Енді жоғалтарым жоқ. Табарым бар.
- Ұлдаш, айналайын сіңлім, асық айтпа, асық ойлама.
- Өзім білем! Ұлдаш деп атама мені! Біреулерге ұл керек болғаны үшін мен сонша жыл осыншалықты жексұрын атты жамылып жүрдім. Жетер! Енді мен Данамын.
Ол темекі алып шекті. Қою түтінді будақтатып отырып, көз алдына үйірілген жасты сілкіне сүртті де, бірнеше минуттан соң түк болмағандай сықылықтап күлді. - Әпкетайым менің, жақсы нәрселер жайлы айтайықшы. Ой, айтпақшы, мен сізге сыйлық әкелдім. Беруді ұмытып барады екенмін ғой.
Сөмкесінен қып-қызыл қорапша алды да, ішінен алтын сырғаларды жылтыратып әкеліп, Саяның құлағына тақты. Сая дәмхана қабырғасына жапсырылған айнаға бетін бұрып, ондағы өз бейнесіне сұқтана қарады. Сырғалар ерекше әдемі екен. - Данаш, мұның артық болды. Өзің аяғыңа тік тұрмай жатып, басқаға ақша шашқаның не? Алған жеріңе қайта өткіз де, ақшаңды қайтып ал. Пәтер сатып алуды, оқуға түсуді ойласайшы.
Сая алтын көрді. Қызықты. Бірақ туа бітті мінезіне сап, тегін батпан құйрықтан бас тартты, жолдан таймайтындығын білдірді. Құлақтары ауырлап кеткендей. Сырғаларды шешпек болды. - Жоқ, жоқ, жоқ! Шешпеңіз! Әдемі құлаққа әдемі сырға керек. Сіз маған көп көмектестіңіз. Сіз болмағанда мен қазір қайда жүрер едім? Енді үйіңізге үлкен, әдемі айна сатып әперем. Адам құлағына ілінгенді басқаның көмегінсіз көре алмайды,- деді Ұлдана сиқырлана жымиып.
- Сен өзгеріпсің.
- Өзгеріппін бе? Бәлкім, өзгермеген шығармын. Ішімдегі бұрыннан бері бар қасиеттерім ашылып жатқан болар. Мәрт Құдай маған көптеген қасиет пен мүмкіндік берді. Соларды пайдаланып қалайын. Шың басына қалықтап жететін қыран бола алмаспын. Жылан секілді жорғалап жетсем, несі айып?
- Әйтеуір, шошаңдап жүріп, шоқ баспасаң, болғаны. Мен сенің тілекшіңмін ғой.
- Әпкетайым менің, айналып кетейін сізден! Ал, енді сәттілік үшін алып қояйық! Біз өзіміздің кім екенімізді бәріне көрсетеміз! Біз өте бақытты боламыз! Біз өте бай боламыз!
Бокалдар сыңғыр қақты. Қызғылт шарап көбіктене шыр айналды. - * * — Әпкетай, жұмысыңыз бітті ме? Дәмханада күтіп отырмын. Келіңіз. Тойлатайық!- деді бір күні Ұлдана Саяға телефон соғып.
- Мен құрбыммен бірге театрға бармақпын. Қаласаң, сонда жолығайық.
- Ой, театр… Оның несі қызық? Іш пыстыратын түсініксіз бірдеңе.
- Театр- үлкен мәдениет ордасы. Бүгін онда премьера болады. Кел. Саған ұнайды.
- Бармаймын.
- * * Түнде Сая телефонның безілдей шырылдағанынан шошып оянды. Жалма-жан құрылғыны қолына алып, бетіне үңілді. Қоңырау шалған Ұлдана екен. Жас қыздың дауысы құмыға шықты.
- Мен ешкімге керек емеспін. Менің қуанышымды ешкім бөліскісі келмейді. Туған күніммен ешкім құттықтамайды. Бір өзім тойлап отырмын.
- Білмедім ғой. Соңғы кезде сенің тойың көбейіп кетті ғой. Сондайдың бірі болар деп ойладым мен.
- Қазір кел! Мен жиырма беске күнде толып жатқам жоқ.
Арғы жағында біреудің шиқылдай күлгені естілді. - Біреу күліп жатыр ғой. Жаныңда кім бар?- деп сұрады Сая.
- Ешкім жоқ. Басқа үстелде отырғандар күліп жатыр. Маған күліп жатыр. Мен күлкілімін.
Байланыс шорт үзілді. - * * Ертеңгі күні Сая жұмыс уақыты біткенше тағаты таусылардай болып, ертерек сұранып шықты да, Ұлдананың үйіне қарай тартты. Жолшыбай гүл шоғын, торт, картина алды. Күндіз бірнеше рет қоңырау шалғанда оның телефоны сөндірулі еді. Пәтер есігінің қоңырауын ұзақ басты. Есік ашылғанда шашы қобырап, өңі боп-боз болған Ұлдананы көріп шошып кетті.
- Жаным-ау, саған не болған?!
Ұлдана есік жақтауына сүйенген күйі төмен сырғып бара жатты. Сая қолындағыларын еденге қоя сап, оны сүйемелдеп жатын бөлмесіне жеткізді де, төсегіне жатқызды. - Іш. Ішіп ал, — деді әлден соң Сая оның ауызына қасықтап айран құйып жатып.
Ұлдана тыржия бас шайқады. - Дана, неге сонша көп іштің?- деп сұрады Сая.
- Ішіп жатқанда көп емес сияқты еді. Көңілді сияқты еді.
- Сен кеше көңілді болмадың. Кеше кешке және түнде жаныңда кім болды?
- Біреу болды. Кеше сонда таныстық. Келеді, кетеді. Пайда болады, жоқ болады. Көп қой ондайлар. Кездейсоқтар, кеудемсоқтар, уақытшалар, бөтендер,- деді Ұлдана ысылдай.
- Сөйтіп жүріп, бірдеңеге ұрынсаң, қайтесің?- деді Сая.
- Ұрынсам, тағы бір рет шекем көгерер. Бірінің артығы не, кемі не?
- Соңғысы болса ше?
- Әпкетай, мораль оқитын уақытты тапқан екенсің. Маған шынымен жаның ашыса, көп сөйлемеші.
Сая орнынан тұрып, әкелгендерін ішке алып кірді. Гүлді су құйылған ыдысқа салды, тортты тоңазыттқышқа салды, картинаны жатын бөлмеге әкеліп, қабырғаға сүйеп қойды. - Әдемі. Рақмет,- деді Ұлдана әппақ гүлдер бейнеленген картинаға мұңая қарап.- Неге өмір картинадағыдай, театрдағыдай болмайды?
- Бәрі өз қолымызда.
Ұлдана бетін жастыққа басып, солқылдап жылады. Сая жанына отырып, шашынан сипады. - Бұл күн де өтеді. Өтпей қалған не бар? Уайымдама.
- Оңайшылықпен өтпейді-ау,- деді Ұлдана өксігін әзер басып.
- Неге олай дейсің?
- Айтсам, көмектесесіз ба? Соңғы реет көмектесіңізші,- деді жас қыз көздері ерекше ұшқын шаша. -Сіздің қолыңыздан бәрі келеді. Мені бүгін кешегідей лақтырып кетпеңізші.
- Не болды? Түсіндіріп айтсайшы. Мені қорқытпай…
- Мені бір адамдар ақшаға лақтырып кетті,-деді Ұлдана төсегіне жүрелей отырып.
Ұлдана бірнеше ай бұрын Айман, Шолпан есімді апалы-сіңлілі қыздармен танысып, олармен жан құрбыдай болып кетіпті. Олар Ұлданаға жаны ашып, интернет сауданың барлық қыр-сырымен таныстырыпты, бірнеше бай клиенттер тауып беріпті. Интернет дүкенінің деңгейі жоғарылауы үшін өз саудасының біраз бөлігін бұның атынан жасап, көмектесіп жүріпті. Соның арқасында Ұлданаға көптеген дүкендер өз тауарларын арзан бағаға, тіпті кейде алдын ала төлемақысыз беретін болыпты. Мониторда миллиондаған теңгені көрген сайын жас қыздың делебесі қоза түсіпті. Алған үстіне ала бергісі, сатқан үстіне сата бергісі келетін болған. Үш қыздың бизнестері араласып кетіп, тауарлары мен клиенттері үш интернет дүкеннің арасында сапырылысып жүреді екен. Ұлдана құрбыларына бір ай бұрын он бес миллион теңге жібергеннен кейін Айман мен Шолпан хабар-ошарсыз кетіпті. Ақша да жоқ, тауар да жоқ, хабар да жоқ. Клиенттері Ұлданаға қайта-қайта телефон соғып, тауарларын тауып беруін талап етіп жатыр екен. Оларға не жауап берерін білмей дал болған қыз бірнеше рет апалы-сіңлілі байерлерге телефон соғады. Телефондары өшірулі. Шақшадай басы шарадай болған Ұлдана жан-далбасаға түсіп жүр екен. Клиенттеріне жағдайды айтып түсіндірмек болыпты. Олар түсіну пиғылынан ада. Бұны алаяқ санап, қорқытып жүр. Ұлдана телефонына түскен хабарламаларды Саяға оқытты. Онда «Тауып алсам, аямаймын!», «Өз обалың- өзіңе!», «Желкеңнен шығарам!», «Ұрып өлтірем» сияқты сөздер жазылған. - Полицияға шағымдану керек,- деді Сая жұлып алғандай.
- Шағымданғанда не айтам? «Ешқашан түрін көрмеген адамдарға сонша ақшаны беріп жібердім» деймін бе? Ондай сөзге кім сенеді? Полицияға бармаймын. Олар маған сенбесе ше? Менің өзімді алаяқ санап, соттап жіберсе ше? Түрме жайлы видео көрдім. Қорқынышты.
- Енді қайтпексің?
- Айман, Шолпан хабарласатын шығар. Мүмкін оларда бір күтпеген жағдай болып, сол себепті менімен сөйлесе алмай жатқан шығар.
- Жоқ. Күдеріңді үз. Бір айдың ішінде сөйлесуге жүздеген мүмкіндіктері болды.
- Күдерімді үзе алмаймын. Мен оларға ешқандай жамандық жасамадым. Олар да маған жасамайды.
- Солай болса, қанекей? Ұзаққа созбайық. Тұр орныңнан. Полицияға барамыз.
- Ертең барайықшы. Шала мас адамға кім сенеді?
Сая сүйрегендей болып сіңлісін ішкі істер бөлімшесіне алып келді. Арыз жазбақ болғанда Ұлдананың төлқұжаты жоқ екендігі анықталды. Оны қайда жоғалтып алғанын жас қыз есіне түсіре алмады. Екі қыз салы суға кеткендей болып үйлеріне қайтты. - Төлқұжатты табу керек. Табылмаса, жаңасын жасату керек,- деді Сая жолда келе жатып.
- * * Сая сіңлісіне күн сайын телефон соғатын болды. Ол кейде жауап бермейді, кейде жылап отырып бір-екі сөз айтады да, телефонын сөндіріп тастайды.
- Мен бәрін тез арада шешіп беретін бір адамды таптым,- деді Ұлдана бір кездесу кезінде жүзі бал-бұл жанып. – Оның есімі Жанайдар. Полиция капитаны. Жақында ойда жоқта бір сыныптасымды көріп қалдым. Соның ағасы екен.
- Төлқұжатыңды таптың ба? Полицияға арыз жазу керек. Сен қыз соны ойласайшы, біреулермен ымдасып-жымдасуды емес.
- Таппадым. Жаңа төлқұжат жасатуға құжат жинау керек. Ол үшін ауылға бару керек. Онда мені біреу күтіп тұр дейсіз бе? Менің туу туралы куәлігімді әкем «сендей қызым жоқ» деп, жыртып-жыртып бетіме лақтырып жіберген. Бізде бір ғана жол бар. Жанайдармен сөйлесу керек. Білесіз бе?.. Былай боп тұр… Ол «жеті миллион ақша берсең, мәселеңді шешіп берем» деді. Менде ондай ақша жоқ. Құжатым болмағандықтан банктен несие де ала алмаймын,- деді Ұлдана күмілжи.
- Жеті миллион? Не үшін бересің сен оған ондай ақшаны? Сен күдікті емес, жәбірленушісің. Бұралаң жолды емес, тура жолды таңдасайшы,- деді Сая ашуланып.
- Енді не істе дейсің маған?! Ақыл айту оңай, ә?! Саған күн сайын әркім телефон соғып, қорқытып, қарғап-сілеп жатқан жоқ. Мені өлтіріп кетсе ше?
- Телефон нөміріңді ауыстыр. Басқа жерге көшіп кет.
- Нөмірімді ауыстыра алмаймын. Ол көп нәрсеге байланып тұр. Клиенттерімді жоғалтып алам. Тұратын пәтерім маған ұнайды. Оны да ауыстырғым келмейді.
- Ақымақ қыз-ай, өлгің келмесе, ауыстырасың.
- Әпкетайым менің, көмектесіп жіберіңізші! Жеті миллион тауып берсеңіз, бұдан құтыламыз. Ол ақшаны мен сізге бір-екі айдың ішінде тауып берем.
- Сен жынды болған шығарсың. Жеті миллионды қайдан тауып берем? Мен бар болғаны мейірбикемін. Алатын айлығым жүз елу мың теңге,- деді Сая Ұлдананың қолдарын итермелей.
- Әпкетайым менің, алтын әпкетайым, банктен несиеге ақша алып беріңізші. Құтқарыңызшы мені!
- * * Бір күннен соң олар Жанайдармен сөйлесуге барды. Капитан басқарма ғимараты жанында аула сыртында тұр екен.
- Мен әрдайым осындай істермен шұғылданам. Қаншасын шешіп бердім. Бірдеңе бола қалса, бәрі менімен хабарласып, көмек сұрайды,- деді ол.
- Кабинетіңізге кіріп сөйлесейік,- деді Сая дауысын қатайтып.
- Анау жерде жақсы дәмхана бар. Сонда барып сөйлесеміз. Кабинетімді жөндетіп жатырмын. Бастық өз кабинетін жөндетуге көмектесуімді сұранған еді. Бір бригаданы жалдап, бастық кабинетінің қабырғасын, еденін, терезесін, ауыстырттым. Менің кабинетімді тегінге жөндеп жатыр. Бай клиент тауып бергенім үшін бонус,- деді Жанайдар жымыңдап, полиция басқармасы ғимаратынан ұзап бара жатқанда.
- Сіз форма киіп жүрмейсіз бе?- деп сұрады Сая дәмханаға кіріп, үстел басына жайғасқасын.
- Мынадай аптапта формамен жүрсең, пісіп қаласың ғой. Оның үстіне бастықтың оң қолы болғасын мен еркін жүрем.
- Қызметтік куәлігіңізді көруге бола ма?
- Сен қыз кімді ертіп келгенсің?- деді Жанайдар Ұлданаға зілдене қарады. Сосын Саяға басын бұрды.- Менің куәлігімді тексеруге сіздің хақыңыз жоқ.
- Жәке, Жәкетай, кешіріңізші бізді. Ренжімеңізші. Әпкетайым артық кетті,- Ұлдана.
- Сіз мәселені қалай шешпексіз?- деп сұрады Сая.
- Алданған он бес адам. Соның ішінде біреуі үш жарым миллион теңгесінен, екіншісі бес миллион екі жүз мың теңгесінен айырылған. Полицияға арыз жазған сол екеуі. Мен олармен хабарласам да, «ол қыз әрқайсыңа екі миллион теңгеден береді. Оған келіспесеңдер, арыздарың сотта қаралады. Сот қанша жылда төлеп береді деп шешім шығарса, қарызды қайтару сонша уақытқа созылады. Ай сайын он-жиырма мыңнан алып отырасыңдар» деп айтам. Қалған он үш адамның ішінде белсенділер табылып жатса, оларға да аздап ақша беріп қою керек. Мұндай жағдайда көбі тек қарғап-сілеумен шектеледі. Ондайларға ақша бермесек те, болады.
- Төрт миллион арыз жазған екеуіне, қалғандарына тағы екі миллион кетсін делік. Қалған бір миллион кімге бұйырмақ?- деп сұрады Сая.
- Ол екеуі саудаласады. Екі миллионға көнбеуі мүмкін. Бұл біріншіден. Екіншіден- басқа да шығындар болады. Үшіншіден- менің еңбегім де бағалануы керек шығар,- деді Жанайдар.
- Өзіңе қанша алмақсың?
- Уайымдамаңыз. Көп емес. Мен Алдар көсе де, Қожа Насыр да, Робин Гуд те емеспін. Жанайдармын. Сіздерге мен өзім жабысқан жоқпын. Қаламасаңыздар, өз еріктеріңіз. Сіңліңіз сотталады, түрмеде отырады. Үш жыл мен бес жыл арасындағы мерзімге,-деді Жанайдар жайбарақат.
- Біз келісеміз. Жәкетай, көмектесіңізші бізге! Жеті миллионды ертең тауып әкеп береміз,- деді Ұлдана жанұшыра.
Жанайдар менменси орнынан тұрып, дәмханадан шығып кетті. - Жеті миллион менің өмірімнен артық па саған?- деді Ұлдана Саяға тістене қарап.
- * * Сая ертесіне банкке барып, несие рәсімдеп, аталған соманы сөмкесіне салды да, кешегі жерге Ұлданамен бірге қайта келді. Жанайдар күтіп отыр екен. Ақшаны көрген бойда лып еткізіп, қол сөмкесіне салып алды.
- Жанайдар, біз сізге сеніп отырмыз. Істі көпке созбай, дұрыстап бітіріп беріңіз. Ақшаны алғаныңыз жайлы қолхат жазып беріңіз,- деді Сая қатулы дауыспен.
- Әпке, мен сізді түсінем. Сеніңіз маған. Сөзімде тұрам. Ол айғайшылармен жақсылап сөйлесіп, келістіріп берем. Арыздарын қайтарып алады. Қолхат жазып бере алмаймын,- деді Жанайдар.
- Не себепті жаза алмайсыз?
- Ұмытпаңыз. Мен полиция қызметкерімін.
- Бүгіннен бастаңызшы. Қиналып кеттік,- деп Ұлдана әңгімеге араласты.
- Әрине. Қазір шыға салысымен ана екеуіне телефон соғам. Ақша беріп, арыздарын қайтып алдырып, «Ұлданаға қояр кінәм жоқ» деп қолхат жаздыртамын. Арғы жағын көре жатармыз. Не боп жатқанын айтып тұрам ғой. Уайымдама. Бәрі дұрыс болады.
Жанайдар шығып кеткесін Ұлдана: - Әпкетайым менің, айналып кетейін сізден! Мен сізге өмір бойы қарыздармын. Енді бәрі жақсы болады,- деп, жүзі ерекше алаулап, Саяны құшақтай алды.
- * * Бір күннен соң Сая Ұлданаға телефон соғып, қандай жаңалығы барын сұрап білмек болды.
- Кейін өзім хабарласам,-деп ол телефонын сөндіріп тастады.
Одан кейін бірнеше рет қоңырау шалғанында да сөйлесуге мүмкіндік болмады. Бір-екі сөз айтады да, байланысты үзіп тастайды. Сая уайымдап жүрді. Кешқұрым оған сіңлісі өзі телефон соқты. - Әпкетай, мені екі адам бір жерге әкетіп барады. «Ақша таппасаң, өлесің» деді. Қорқам,- дегенді ғана айтып үлгерді.
Сая жалма-жан қайта хабарласқанында телефоны сөндірулі болып шықты. Жас әйел жанұшырып, полицияға хабарласты. Олар басқармаға келіп арыз жазуы керектігін айтты. Сая құстай ұшып жетті. Бірақ оның арызын қабылдамайтынын білгенде де, есеңгіреп тұрып қалды. Заң бойынша жапа шеккен адамның өзі немесе оның жақын туысы ғана арыз жазуына рұқсат етіледі екен. Сұраушысы жоқ адам жоғалып кете беруі керек пе? Оған заң да араша тұрмай ма? Мұндайға көнетін Сая емес. Ол полиция басшысымен жолыққысы келетінін айтты. Саяны сержант бір кабинетке ертіп келді. Үстел басында жасы ортадан асқан ер кісі отыр екен. - Полковник Қайсенов,- деді ол өзін таныстырып. – Қандай шаруамен келдіңіз?
- Сіңлімдей болған бір қыз бар еді. Біраз уақыттан бері оны біреулер қорқытып жүрген. Ал енді оны ұрлап кетті. Тауып беріңіздерші.
- Аты-жөні кім? Не болды? Қысқаша айтып беріңіз,- деді полковник.
Сая тапырақтап отырып есіне түскен жайларды айтып берді. - Бізде Жанайдар деген капитан жұмыс істемейді,- деді Қайсенов тыңдап болғасын.
- Қалайша? Біз онымен осы жерде жолықтық қой.
- Осы ғимарат ішінде ме? Форма киіп жүрді ме? Түрі қандай?- деді Қайсенов қабағын түйіп.
Саяның жауабын есіткен соң орынбасарын шақырып, сұр папканы алып келуді тапсырды. Папканың ішінде оншақты адамның фотосы мен олар жайлы жазылған мәліметтер бар екен. Сая Жанайдарды бірден таныды. Оның шын аты-жөні Сарқұлов Нәзір болып шықты. Бірнеше рет алаяқтық бойынша істі болған. Соңғы рет қамақтан бір жыл бұрын босаған екен. - Бірнеше күн бұрын сіздер онымен осы басқарма жанында жолықтыңыздар ма? Өзін полиция капитаны деп таныстырды ма? Қызық екен. Тым батыл болып кетіпті. Біздің қызметкерлер оны қалайша байқамаған?- деді Қайсенов таңданысын жасырмай.- Бізде ол жайлы мәліметтер бар. Ұстаймыз. Арыз жазып қалдырыңыз. Есіңізге тағы әлденелер түссе, маған тікелей телефон соғыңыз.
- Ұлдананы құтқарыңызшы. Ол бейшара қыздың менен басқа іздеушісі жоқ. Оның өміріне қауіп төніп тұр,- деді Сая жалыныншты үнмен.
- Ол жайлы сіз не білесіз? Қай жерде туған? Қанша жаста?
- Аты- Ұлдана. Фамилиясын білмеймін. Таукен ауылында туған. Төрт күн бұрын жиырма беске толды.
- Сізде оның фотосы бар ма?
- Жоқ.
- Мәлімет аздау екен. Іздестіріп көреміз. Фоторобот жасайтын бөлмеге барып, фотосын барынша ұқсастырып жасаңыздар.
Сая басшы орынбасары Қайсармен бірге кабинеттен шығып бара жатып, есікке көңіл бөлді. Көптен бері жөндеу көрмесе де, қалың темірден жасалған есік мықты екен. - * * Түнде Саяға бейтаныс телефоннан біреу хабарласты.
- Сен қатын қаза бастапсың ғой. Біз ойнап жүрген жоқпыз. Бір күнде Ұлдана сияқты жоқ боп кетесің. Арызыңды қайтып ал, — деді бейтаныс зілді дауыспен.
Сая бірден Қайсеновке телефон соқты. Мән-жайға қаныққасын полковник оған жедел түрде қала шетіндегі «Қараңғы» атты түнгі клубқа келуі керек екендігін айтты. - Олар шұғыл іс-әрекет жасады. Демек біздің беталысымыз дұрыс,- деді полковник клубтың тасалау бөлмесінде жолыққанда.
- Сіздер түнде де жұмыс істейсіздер ме? Үйлеріңізге қайтпайсыздар ма?- деп сұрады Сая оның шаршаңқы түріне қарап.
- Қайтамыз ғой… істер біткесін,- деп жауап берді полковник қарлыққан дауыспен. – Сіздің телефоныңызды «тыңдау»-ға қоямыз. Телефоныңыз үнемі қосулы тұрсын. Бізбен тығыз байланысыңыз барын ешкімге сездірмеңіз. Бұл әңгіме жайлы ешкімге айтпаңыз. Мына пакетте киім бар. Соларды киіңіз. Өз киімдеріңізді маған беріңіз. Сізді қала сыртындағы бір үйге апарамын. Біраз уақыт сонда боласыз. Онда біздің бұрынғы қызметкеріміз Мәке деген кісі бар. Сізге барлық жағынан көмектеседі, керегіңіздің бәрін тауып береді. Менің рұқсатымсыз ол үйден шықпаңыз. Керек болғанда маған мына телефонмен хабарласасыз,- деді полковник Саяға пакет пен телефонды қолына ұстатып жатып.
Сая киімін ауыстырып, кішірек көлікке отырып, қала сыртындағы үйге келді. Көлік жүргізіп отырған Абылай Қайсенов түрін адам танымастай етіп өзгертіп үлгеріпті. Мәке орта бойлы, қыран көзді, ширақ қозғалатын, томаға тұйық адам екен. Амандық-саулықтан соң Саяны үйдің жертөлесіндегі ұядай бөлмеге ертіп келді. Онда кереует пен шкаф тұр екен. - Шкафтың ішінде керек заттың бәрі бар. Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз. Бірдеңе керек болса, айтарсыз,- деді де бөлмеден шығып кетті.
- * * Сая таңғы шәйін ішіп отырғанда телефоны шыр ете қалды.
- Дауысын шығарып қойыңыз. Шынайы дауыспен сөйлеңіз,- деді Мәке.
- Алло,- деді Сая жайбарақат сөйлеуге барынша тырысып.
- Жақсылап тыңдап ал,- деді бейтаныс әй-шайға қарамай.- Біз сенің қайда жүргеніңді, не істеп жүргеніңді білеміз. Тағы да айтам, арызыңды қайтып ал. Полиция ештеңе шешпейді. Жарымайтын айлық алатындар қашан мардымды іс қылып еді? Ұлдана сияқты алаяқтар үшін ешкім тер төкпейді, жанын бермейді. Қаза берме. Ерекше қазба тауып алып, есіңді жоғалтып аларсың. Ақылды адамсың ғой. Ойлан.
Мәкең қағазға «Кім екен? Талаптары қандай? Ұлдана қайда. Сөйлестірсін. Уақыт соз» деп жазып, Саяға көрсетті. - Сіз кімсіз? Ұлдана қайда? Оны көрсем деп едім. Тым болмаса, сөйлестіріңіздерші. Ол қарыздарын қайтаруға барынша тырысып жатыр ғой. Босатыңыздаршы оны,- деді Сая тапырақтай.
- Ұлдананы көргің келсе, жарты сағаттан соң орталық әмбебап дүкен алдына кел.
Сая Мәкеңе қарады. Ол бас изеді. - Келем. Сізді қалай танимын? Нақты қай жерде кездесеміз?
- Біз сені өзіміз тауып аламыз. Бір өзің кел.
Әңгіме біткесін Мәке: - Кездесуге барғанда өзіңізді шынайы ұстаңыз. Жан-жағыңызға жіті қараңыз. Кез-келген ұсақ-түйек ең маңызды болуы мүмкін. Егер олармен сөйлесе қалсаңыз, сіздің қайда тұрып жатқаныңызды сұраса, мен жайлы білетін болса, мені нағашым деп айтсаңыз болады. Өміріңізге қауіп төнсе, өзіңізді аман алып шығу үшін кез-келген амалды қолданыңыз. Сіздің қайбір әрекетіңіз қылмыстың ашылуына кедергі жасаған болса, сол үшін сот алдында да ақталып шығатыныңызға мен кепіл. Біздің жігіттер сыртыңыздан бақылап тұрады. Қажет болса, көмекке ұмтылады. «Қараңғы» клубы арқылы қайтасыз. Ол жағын Қайсенов ұйымдастырады,- деді.
- * * Кездесуге Сая үркектей аттанды. Дүкен алдында адам көп екен. Ұлдана бір бұрыштан шыға келердей жүрегі өрекпіп тұр. Жанында бөтен адамдар болса, қайтпек? Сая жан-жағына жалтақтай қарап, үлкен есік жанында тұр. Кіріп – шығып жатқандардың әрқайсысының бетіне үңіле қарайды. Адамның бәрі күдікті, қауіпті тәрізді. «О баста бұған бекер араластым. Біреулер жетіп келіп, бір бұрышқа сүйрей жөнелсе қайтем? Нем бар еді сау басыма сақина тілеп?» деп ойлады. Осынша үлкен қалада оған тығылуға бір қуыс табылмайтындай, бұған шынымен жаны ашитын бір де бір адам жоқтай. Тырс еткеннің бәріне селк ете қалады. Қашып кеткісі келеді. Бейшара әйел осындай халде бірнеше сағат тұрып қалды. Оған ешкім жақындамады. Кеш батқанда Саяның құр сүлдері түнгі клубқа барды да, әлден соң арнайы машинамен Мәкеңнің үйіне жетті. Уақытша қорығына айналған бөлмеге кіре салысымен кереуетке сұлай құлады да, еңіреп жылады. Бастан кешкен барлық қиындығы есіне түсті. Маскүнем анасына лағнет айтып жылады, тым ерте қайтыс болған әкесіне ренжіп жылады, алдап кеткен, тісін батырғандардың бәрін жек көріп жылады. Әлемнен, өмірден шошынып, қорланып жылады. Телефоны бірнеше рет шырылдаса да, көтермеді.
- * * — Сабаңызға түсіңіз. Қылмыскерді ұстау кинодағыдай романтика емес. Көрші бөлмеде сізді Әбекең тосып отыр. Әңгімелесу керек. Шығыңыз,- деді Мәке.
- Телефон соғушы ол жерге аяқ баспаған тәрізді. Бұл сізге жасалған психикалық шабуыл. Қарсыласын сабырынан айыру айласы. Мойымаңыз,- деді полковник Сая жатын бөлмеден шығып, үстел басына отырғасын.
- Сіздердің бар ойлағандарыңыз- қылмыскерді ұстау. Ал мені кім ойлайды? Өлтіріп кетсе ше? Ұлдананы өлтіріп, бір жерге көміп тастаған шығар,- деген Саяның дауысы жарықшақтана шықты.
- Сізді біз ойлап жүрміз. Ол жерде бірнеше тәжірибелі жігіттерміз болды,- деді Қайсенов.
- Жүйкеңіз тозыпты. Қажет болса, психологпен сөйлестіреміз,- деді Мәке
- Маған психолог емес, қорған керек. Ұлдананы табу керек.
- Шегірткеден қорыққан егін екпейді. Бұл іске араласуға сізді ешкім мәжбүрлеп көндірген жоқ. Соңына дейін жеткізу керек. Өйтпесек, бәрі зая болады, қылмыскерлер құтылып кетеді. Ұлдана тірі. Менің түйсігім сезеді,- деді Мәке шай қамдап жүріп.
- Дастархан жаймай-ақ қойыңыз. Онсыз да сізді жиі әурелейтін болып кеттік. Сөйлесем де, кетем. Басқа да шаруалар бар,- деді полковник зейнеткер досына.
- Ешқандай әуре емес. Сендей жігіттерге көмектеспегенде кімге көмектесем?
- Сая, сіз есіңізге жақсылап түсіріңіз де, бізге барлық мән-жайды тағы да бір рет толық айтып беріңізші. Ілік болмауы мүмкін емес. Соны табу керек,- деді Қайсенов.
Сая жалбыз қосылған қою күрең шайды ішіп отырып, бар білерін айтып берді. - Ұлдана сізге өте сауатты түрде психологиялық ықпал жасаған. Бастапқыда жанашырлық сезімін тудырған, сеніміңізге кірген, сыйлық сыйлаған, мақтаған. Соңында болмашыны сылтау қылып, кінә артқан. Сонымен сізді еркіңізден айырып, өз айтқанын істеткен.
- Ұлдана жайлы олай айтпаңыз. Ол бейшара қыз алаяқтарға алданып қалды.
- О баста Ұлданамен қайда таныстыңыз?- деп сұрады полковник.
- «Жаңа өмір» деп аталатын ЭКҰ орталығында. Ол аналық торша доноры болған.
- Ол орталық бір шулы іске байланысты жабылып қалды емес пе?
- Иә. Бірнеші ай бұрын жабылды. Ол бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірнеше адам сотталып кетті.
- Ұлдана жайлы мәліметті сот архивінен аламыз. Бұл жақсы ілік,- деді полковник. – Ал, Мәке, мен қайтайын. Сая, сіз дем алыңыз. Хабарласып тұрамыз.
- * * Қайсенов кабинетінде орынбасарымен сөйлесіп отырды.
- Саяға телефон соққан адамды анықтау үстіндеміз. Арнайы қондырғыны пайдаланған екен. Нөмірді анықтау қиын болып жатыр, — деді Қайсар.
- Компьютер мамандарына айт, ілік болмауы мүмкін емес. Тапсын. ЭКҰ орталығының құжаттарын алып келді ме?
- Иә. Алып келді. Донорлардың ішінде Ұлдана есімді бір ғана қыз бар екен. Ол бойынша мәліметтер мінекей,- деп үстел үстіне бірнеше қағаз қойды.
Ол Санжарова Ұлдана екен. Фотосын Қайсенов телефондағы желі арқылы Саяға жолдады. Сая фотодағы қыз Ұлдана екендігін растады. - Санжарова жайлы бар ақпаратты табыңдар. Оның атына жылжымалы, жылжымайтын мүлік рәсімделген бе? Ұшақ немесе пойыз билеттері сатып алынған ба? Анықтаңдар.
Қайсар кабинеттен шығып кетті де, бір сағаттан соң бастығына мәлімет берді. - Санжарова екі күн бұрын ұшақпен Түркияға ұшып кеткен. Сарқұлов төрт күн бұрын Өзбекстанға кеткен де, бір күннен соң Түркияға жеткен. Олардың қазіргі мекен-жайларын анықтауға тырысып жатырмыз,- деді.
- Жарайсыңдар! Сарқұлов пен Санжарованың соңғы бір ай көлемінде телефон арқылы кімдермен сөйлескенін анықтаңдар. Олардың ішінде бұған дейін алаяқтық бойынша немесе басқа да себептермен істі болғандары бар ма, жоқ па, соны анықтаңдар.
- Құп болады, жолдас полковник.
- * * Тексеру қорытындысы бойынша Санжарованың ешқандай Айман, Шолпан есімді қыздармен хабарда болмағаны анықталды. Оның интернет дүкені арқылы азды-көпті сауда жасалған. Бірақ айтарлықтай үлкен тауар айналымы болмаған. Сарқұлов бес жыл бұрын бас жарақатын алғаннан кейін «мидың жарақаттық ауруы» деген диагнозбен бірнеше рет ем алғаны анықталды. Бір ай бұрын ол шипажайда емделген екен. Содан кейін Санжаровамен күн сайын сөйлесіп отырған. Компьютер мамандары Саяға телефон қоңыраулары Өзбекстан мен Түркиядан түскендігін анықтады.
Қайсенов жұмыс күні біткесін Мәкенің үйіне барды да, Саяға анықталған жайларды айтып берді. - Ұлдана Сарқұловқа алданып қалды. Оны шетелде мәжбүрлеп ұстап отыр,- деді Сая.
- Санжарованың жасы жиырма тоғызда. Жиырма бесте емес. Туған күні оныншы наурызда. Алты күн бұрын емес,- деді полковник.
Саяның көз алдына жас үйірілді. - Арыз жазыңыз,- деп Мәке.
- * * Қайсеновтің жоғары басшылыққа мәлімдеуінен кейін бұл іске шетелдік әріптестері араласып, Санжарова мен Сарқұлов ұсталып, елге әкелінді. Саяның өтініші бойынша Қайсенов екі қыздың жолығуына рұқсат берді.
- Неге мен? – деп сұрады Сая.
Ұлдана мырс етті де: - Қармақты қапқан сен болдың,- деп жауап берді.
Болай Тұрғынбекқызы