12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Еркеш МАУКЕНҚЫЗЫ, Жоғарғы Cот судьясы: «Әр шешімнің артында адам тағдыры тұр»

– Еркеш Маукенқызы, алдымен төл мерекеңізбен құттықтаймыз. Қиындығы мол судьялық қызметіңіз жемісті, абыройлы болсын!

– Үлкен рақмет!

– Елімізде сот төрелігін толыққанды əділ жүргізу қаншалықты мүмкін? Жалпы, судья қандай болу керек?

– Əділ жəне тəуелсіз сот жүйесі – қоғамдағы тұрақтылық пен əділдікті қамтамасыз етеді. Судья болу – үлкен жауапкершілік. Судья білімді əрі білікті болып, өз қызметінде заңды дұрыс қолдана білуі керек. Сонымен қатар бұл лауазым иесі адал, сыпайы, сабырлы, салмақты, яғни мінез байлығын иеленуі тиіс. Судья өз қызметінде абыройына нұқсан келтіретін əрекеттерден аулақ болуы керек. Кез келген қылмыстық істі қарауда, дауларды шешуде судьяның қызмет тəжірибесі де айрықша рөл атқарады. Мысалы, жуықта барлықтарыңыз Шерзат Полаттың өліміне қатысты онлайн сот отырысын көрдіңіздер. Сот отырысы барысында кей азаматтар төраға неге кісі өлтіргендермен жылы сөйлесіп отыр, оларға тіпті ескерту де жасамайды деген мағынадa көптеген пікір айтып жатты. Төраға қылмыс жасаған тұлғаға ұрсып, азаматтық ар-намысына тиіп немесе тəрбиелеуге тырыспауы тиіс. Сот отырысына қатысып отырған барлық тараптарға құрметпен қарап, процессуалдық заңда көрсетілген тəртіптерді сақтап, тек тиісті талап аясында əрекет етуі керек. Қылмыс жасағанның да, жəбірленушінің де заңды құқықтарының сотта сақталуын төраға қамтамасыз етеді. – Еліміздің сот жүйесінде кассациялық сот сатысы жаңа мазмұнға ие болып, оған жүктелетін міндеттер ауқымы кеңейді. Осы жайлы толық мағлұмат беріп, бұл қаншалықты дұрыс қадам болғанын айтып берсеңіз. Кассациялық соттың құрылуымен не өзгереді? – Иə, биыл 1 шілдеден бастап елордада 3 (қылмыстық, азаматтық, əкімшілік) кассациялық сот өз жұмысын бастайды. Кассациялық соттар жергілікті соттардың шығарған сот актілерін тараптардың шағымы бойынша қайта қарап, оларға құқықтық баға береді. Кассациялық соттарды құру Президентіміздің бастамасы. Бұл сұрақ бизнес өкілдерімен кездесу барысында көтерілген. Қазір Жоғарғы Сот кассациялық тəртіппен істерді қарап жатыр. Қайта қарау туралы өтінішхат түскен соң біз оны алдын ала қараймыз, негіз болса ғана кассациялық тəртіппен қараймыз. Негіз болмаса, бас тартамыз. Ал кассациялық соттарда алдын ала қарау болмайды, «тұтас кассация» тəртібі бойынша, яғни барлық шағымдар үш судья құрамымен сот отырысының талқылауына ұсынылады. Кассациялық сатыдағы сотта іс алты айдан аспайтын мерзімде қаралады. Дербес кассациялық соттар қызметі сот төрелігін жақсартуға үлкен ықпал жасайды. Істердің мұндай тəртіппен қаралуы азаматтардың сенімін арттыруда үлкен рөл атқаратынына сенімдімін.

– Бұл орайда əлемдік тəжірибе қаншалықты ескерілді?

– Əлемдік тəжірибеге қарасақ, ең алғаш кассациялық соттар Франция мемлекетінде ХІV ғасырда пайда болған. Ол кезде жоғарғы сот сатысы төменгі соттың шешімін бұзуға құқылы болған. Осы Францияның кассациялық сот жүйесін бүгінде бірқатар елдер пайдаланып отыр. Егер Италия мен Франция мемлекетін алатын болсақ, онда кассациялық сот ең жоғарғы сот болып есептеледі. Мысалы, кассациялық сотта қаралған үкім қайта талқыланбайды. Əлемдік тəжірибеге қарасақ, кассациялық өндірістің екі моделі бар. Ол «жаппай кассация» жəне «таңдап алу» арқылы сот актілерін қайта қарау. Жаппай кассациялық сотқа жүгінеді, кассациялық өндіріс қозғалады, кассациялық сатыға тараптар шақырылып сот отырысы өтеді, сот актісі қайта қаралады.

– Бұған дейін осы қызметті атқарып келген Жоғарғы Соттың ендігі рөлі қандай болады?

– Жоғарғы Сот сот практикасын зерделейді, оған қорытындылар жасайды, нормативтік қаулылар шығарады, оларға тиісті өзгертулер мен қорытындылар енгізеді, судьяларға тəжірибелік көмек көрсетеді. Жоғарғы Сотта істерді тек айрықша жағдайларда қайта қарауы мүмкін. Процессуалдық заңда оның тəртібі толыққанды көрсетілген.

– Қылмыстық істердің бүгінде ауқымы да, сипаты да өзгергені анық. Қазіргі таңда қандай істер көп? Оларды қараудың тəжірибесі қаншалықты жетілді? Қылмыстық істерді қараудың қиындығы неде?

– Қылмыстық істерді қарау оңай емес. Себебі əрбір қылмыстық істің артында адамның тағдыры тұр. Судьяның əрбір қабылдаған шешімі адам тағдырына, оның қоғамдағы орнына, əлеуметтік жағдайына, оның ішінде жеке жəне отбасылық жағдайына əсер етеді. Сотқа дейінгі тергеу барысында заң бұзушылықтарға орын берілмеу керек, тергеу дұрыстап өткізіліп, барлық дəлелдемелерге дұрыс құқықтық баға берілуі қажет. Егер статистикаға қарайтын болсақ, соңғы бес айда қылмыстық істердің сотқа түсуі көбейді. Қылмыстардың түрлеріне саралау нəтижесінде бұзақылық жасағандар, есірткі заттарын сақтап, сатуға қатысты қылмыстық істердің саны көбейгені белгілі болып отыр.

– Сот саласы тəуелсіздік алған жылдар ішінде қаншалықты өзгерді? Қандай реформалармен мақтана аламыз? Əлі де шешімін күткен мəселелер бар ма?

– Қазіргі таңда сот саласында көптеген реформалар жүргізіліп жатыр. Олардың барлығы азаматтардың құқықтарын қорғауға, сот төрелігін қолжетімді етуге, судьялардың тəуелсіздігін қамтамасыз етуге, олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бастамалардың кейбіріне тоқтала кетейін. Жалпы, үш дербес кассациялық соттың құрылуы адамдардың сот төрелігіне қолжетімділігін кеңейтеді. Мысалы, бүгінде апелляциялық сатыдағы соттың рөлі күшейді. Қазір апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық істерді қарау барысында істі бірінші сатыдағы сотқа қайтара алмайды, өзі шешім қабылдап, нүктесін қояды. Одан басқа, аудандық соттың төрағалары сол соттың судьяларының ішінен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Бұл сот төрағасын сайлау процесінің ашықтығын көрсетеді. Судьяларды дайындайтын Академия Жоғарғы Соттан Жоғары Сот Кеңесіне, яғни басқа мемлекеттік органға берілді. Бұл судьялардың тəуелсіздігін нығайтуға үлкен əсерін тигізеді. Жоғарғы Соттың бастамасымен Астанада пилоттық жоба-электрондық бақылауды (электронды білезіктер) кеңінен қолдану жүріп жатыр. Мысалы, қылмыс жасады деп күдікті ретінде түскен адамға электронды білезіктер орнату арқылы үйқамақ бұлтартпау шарасы қолданылады. Бұл азаматтар үйренген өмір салтын жалғастырады, жұмысынан қол үзбейді, отбасымен бірге болады. Сонымен қатар сот саласында жаңа технологияларға аса үлкен көңіл бөлініп отыр, цифрлық жəне смарт соттар бүгінде сот қызметінің бөлінбес бөлшегіне айналды. IT технологияларын қолдануда біздің ел үлкен жетістіктерге жетіп, алдыңғы төрттікке кірді. Жетістіктерді өз көздеріңізбен көрулеріңіз керек. Біздің есігіміз əрдайым ашық, келіп тамашалаңыздар. Жалпы сот саласы да уақыт ағымымен жаңарып, жаңғырып келеді. Бұл үрдіс ешуақытта тоқтамайды.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Сайран көлінде тәртіп күшейтілді: 20 тұрғын әкімшілік жазаға тартылды

Күрделі жаңғырту жұмыстары аяқталмай жатып, айналасын қоқыс басқан Сайранның жағдайы Алматы әкімінің ашуын туғызды.

Қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексеру бойынша жаңа ереже күшіне енеді

Қазақстанда қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексеру бойынша жаңа ереже күшіне енеді. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Үкімет 2,8 млрд теңгеден аса қаржы бөлді: бұл қайда жұмсалады?

Үкімет Жезқазған қаласының жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғыртуға 2,8 млрд теңгеден аса қаржы бөлді.

ЖАС СУДЬЯЛАРДА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУГЕ ДЕГЕН НИЕТ ЖОҒАРЫ

Сот – әділеттіліктің соңғы мекені. Қоғамның заңға деген сенімі де, мемлекеттік жүйеге деген құрметі де көбіне сот төрелігінің әділдігіне байланысты қалыптасады. Ал бұл миссияны абыроймен атқарып жүрген тұлғалардың бірі – тәжірибелі судья, әділет саласында 40 жылға жуық уақыт қызмет еткен ардагер Әділ Құрықбаев.