Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды өзінің басты міндеті деп таниды. Бұл міндеттің жүзеге асырылуы көбінесе сот жүйесінің әділеттілігіне, ашықтығына және ең бастысы – халыққа шынайы қолжетімділігіне байланысты. Сот төрелігі – қағаз жүзіндегі ғана құқық емес, ол – азаматтың күнделікті өмірінде өз құқығын қорғауға, әділдікке қол жеткізуге бағытталған нақты іс-әрекет.
Сот төрелігіне қолжетімділік – әрбір адамның Конституциямен бекітілген басты құқықтарының бірі. Қазақстан Республикасының Конституциясының 13-бабы бойынша азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқығы бар. Бұл қағидат – заң үстемдігінің, азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік органдарына деген сенімнің негізі, қоғамдық тұрақтылықтың кепілі.
Алайда бұл құқықтың қағаз жүзінде жазылуы жеткіліксіз – оны нақты түрде қамтамасыз ету қажет. Ол үшін азаматтар сотқа жүгінуге тек ресми рұқсатқа ие болып қана қоймай, шын мәнінде қол жеткізе алатындай жағдай жасалуы керек. Бұл дегеніміз – сот ғимаратына баруға мүмкіндік, заңгерлік кеңес алу құқығы, сот отырыстарына қатысу мүмкіндігі, істің барысы туралы ақпаратты қолжетімді түрде алу және шешімдердің әділеттілігіне сенім.
Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесінде бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл реформалар ең алдымен халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттыруға және оны қолжетімді етуге бағытталған. Солардың ішінде сот процестерін цифрландыру айрықша орын алады.
Мәселен, «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы азаматтар мен заңды тұлғалар сотқа жүгінудің негізгі рәсімдерін онлайн режимде орындай алады. Бұл талап арызды беру, процессуалдық құжаттармен танысу, хат-хабар алмасу сияқты көптеген қызметтерді жылдам әрі қолайлы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ сот отырыстарына бейнебайланыс арқылы қашықтан қатысу тәжірибесі де бүгінде қалыпты жұмыс тәртібіне айналды. Әсіресе COVID-19 пандемиясы кезеңінде бұл тәсілдің маңыздылығы мен тиімділігі нақты дәлелденді. Бүгінгі күні де шалғай ауылда тұратын азаматтар үшін бұл әдіс – уақытты үнемдеудің әрі құқық қорғауға кедергісіз қол жеткізудің бір жолы.
Сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз етуде азаматтардың құқықтық көмекті алу мүмкіндігі үлкен рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда енгізілген мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесі – әлеуметтік әділеттілікке жетудің маңызды тетігі.
Бұл жүйе арқылы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, зейнеткерлер, жұмыссыздар мен кәмелетке толмағандар сияқты әлеуметтік осал топ өкілдері тегін құқықтық көмек алады. Алғашқы құқықтық кеңес беруден бастап, сот процестерінде өкілдік етуге дейінгі қызметтер қарастырылған.
Бұл бастама – «заң тек ауқатты адамдар үшін емес» деген түсінікті жоққа шығарып, сот төрелігін барша азамат үшін бірдей қолжетімді етуге бағытталған нақты қадам.
Халық пен сот билігі арасындағы сенімді қарым-қатынас – құқықтық мемлекеттің қалыптасуының негізі. Азаматтар соттың әділ әрі бейтарап шешім шығаратынына сенген кезде ғана олар заң аясында өз құқығын қорғауға ұмтылады. Керісінше жағдайда бейресми, заңсыз жолдарды іздеуге мәжбүр болуы мүмкін. Бұл – мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей қатер.
Осы орайда сот процестерінің ашық, жария түрде жүргізілуі, шешімдердің жариялануы, судьялардың кәсіби жауапкершілігі мен моральдық бейнесі – басты назарда болуға тиіс. Ақпараттық ашықтық – қоғамдағы құқықтық мәдениеттің артуына ықпал ететін маңызды фактор.
Сот төрелігінің қолжетімділігі халықтың құқықтық сауаттылығымен тікелей байланысты. Егер адам өз құқығы мен міндетін білмесе, ол құқық бұзушылықтарға қарсы тұра алмайды, сотқа жүгіну қажеттігін сезінбеуі де мүмкін. Осыған орай, құқықтық білім беру мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарына дейін жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, азаматтық қоғам институттары құқықтық ақпарат таратуда белсенді рөл атқаруы тиіс. Бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдардың, ерікті заңгерлердің жұмысы ерекше маңызға ие.
Қорытындылай келе айта кететін жайт, сот төрелігінің халыққа қолжетімді болуы – тек құқықтық категория емес, ол – әлеуметтік әділеттілік, қоғамдық тұрақтылық және азаматтық жауапкершілік қағидаттарымен тығыз байланысты. Бұл бағытта мемлекетіміз айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Соның ішінде сот жүйесін цифрландыру, әлеуметтік топтарға тегін құқықтық көмек беру, соттардың ашықтығын арттыру – мұның бәрі әділдікке қол жеткізу жолындағы маңызды қадамдар.
Алдағы уақытта бұл бастамалар өз жалғасын табуы қажет. Себебі құқықтық мемлекет тек заңнамалық актілермен емес, оны жүзеге асыратын сот төрелігінің сапасымен, ашықтығымен және қолжетімділігімен өлшенеді.
Халыққа жақын, әділетті және сенімді сот жүйесі – ел болашағының берік кепілі.
Асылхан МИЗАНБАЕВ,
Жалағаш аудандық сотының төрағасы