Тіл – әр ұлттың негізі. Ұлттың ұлт ретінде сақталуы тілінің тағдырына тікелей байланысты. Сондықтан, қай ұлт, қай халық болса да тілін жоғалтпау үшін, тілінің тұғырын биіктетіп, мәртебесін көтеру үшін барын салады. Ол қатарда біздің еліміз де бар.
Біздің негізгі құжатымыз – Конституцияның 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екені тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Біздегі барлық заңнамалардың бастауы Конституция болғандықтан, осы құжаттағы қағидалардың кез келген салада мінсіз сақталуы міндет.
Сот саласында да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, мәртебесін арттыруға қатысты түрлі іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Алматы гарнизоны әскери сотының ұжымы да мұндай ел үшін, елдің келешегі үшін маңызы зор шаралардан шет қалған емес. Сот ғимаратындағы барлық ескертпелер, арыз-шағым үлгілері мемлекеттік тілде жазылған. Азаматтардың қазақ тілінде өз сауалын қойып, тыңғылықты жауап алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ең бастысы, біздің соттағы судьялар мен сот қызметкерлерінің барлығы да мемлекеттік тілді жетік меңгерген.
Сонымен қатар, сот істеріндегі мемлекеттік тілдің үлесін арттыруға қатысты шаралар да назардан тыс қалмайды. Себебі, сот істерінің қай тілде қаралатыны сот қызметкерлерінің немесе судьялардың қалауы емес. Оның тәртібі Азаматтық процестік кодексінде, Қылмыстық-процестік кодексінде нақты көрсетілген. Соған сәйкес, талап арыздар мен іс материалдары сотқа қай тілде түссе, іс сол тілде қаралады. Яғни, сот істері мемлекеттік тілде қаралуы үшін азаматтар өз талап-арызын мемлекеттік тілде жазып, мемлекеттік органдар да хаттамалары мен материалдарын қазақ тілінде жолдауы керек.
Өкінішке орай, мемлекеттік органдар, заңгерлер мен адвокаттар құжаттарды орысша дайындап, арызды орыс тілінде беруді дағдыға айналдырған. Олардың көпшілігі орыс тілінде терминдерді пайдаланған, заңдарға сілтеме жасаған, ойыңды жеткізге оңай деп уәж айтып жатады. Кейбірі көптеген арыз-шағым жазудың орыс тілінде дайын үлгісі болғандықтан, шағымды орысша рәсімдейтінін айтып ақталады. Шындығында қазақ тілін дамытсам деген азаматтар үшін бұл өзін ақтайтын себеп емес. Өйткені, бүгінде барлық арыз-шағымның үлгілері мемлекетттік тілде дайындалып, азаматтарға көмек ретінде беріледі. Қазақша заңдар мен терминдерді қолдануда да қиындық жоқ. Тек азаматтарда өз тіліне деген құрмет, шынайы жанашырлық болса жеткілікті.
Осындай кемшіліктерді сараптай отырып біздің соттың судьялары мен сот қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялап, қазақ тілін сот саласында қолданудың мәселелеріне көпшілік назарын аударып келеді. Сондай-ақ судьялар мемлекеттік орган өкілдері мен адвокат, заңгерлердің басын қосып, «Қазақ тілін қажет тілге қайтсек айналдырамыз?» «Аудармашылар жұмысының сапасын арттыру үшін не қажет?» «Мемлекеттік тілдегі арыз-шағымдардың үлесі неге аз?» деген сауалдарды талқыға тастап, осы мәселелерді бірігіп шешуге күш салуда.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «Бірлігі мықты елдің бағындырар биігі көп» дейді балаларымыз. Сол айтпақшы, мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеру біздің емес, баршамыздың жұмысымыз. Сондықтан елдік мәселеден ешқайсымыздың шет қалмағанымыз абзал.
Дана Тамашаева,
Алматы гарнизоны әскери сот әкімшісінің басшысы