Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын қанша ұшақтың мерзімі 20 жылдан көп екенін айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тек билет бағасы көтеріле береді — депутат Нұртаза.
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әуе тасымалы саласындағы қауіпсіздік туралы сұрады.
«Жолаушыларды тұрақты тасымалдауға 100-ге жуық авиаборт жұмылдырылған деп айтып жатсыз. Әуе компанияларының сайттарын қарасақ, біраз ұшақтың жасы Тәуелсіздігімізбен бірдей, 30 жылдан асып кеткен. Әуе компаниялары заманауи ұшақтар алуы керек, санын көбейту керек деп көп айтамыз. Бірақ билеттің бағасы ғана көтеріле береді. Осыған байланысты 102 борттың қайсының 25 жыл мерзімі өтіп кеткен?»- деп сұрады ол.
Депутат тальго пойызына қатысты мәселені де көтерді.
«Тальго пойызы кешікпеуі үшін не істеу керек? Ылғи тальго кешігеді. Соның сағатын қысқартуға бола ма? Астанадан Алматыға 16 сағат емес, 12 сағатта жетуге бола ма? Не кедергі?» — деді ол
Мерзімі 25 жылдан асқан ұшақтар бар — министр
Көлік министрі Марат Қарабаев 102 ұшақтың бесеуінің мерзімі 25 жылдан көп екенін айтты. Шенеуніктің сөзінше, бұлар — «Южное небо» әуе компаниясына тиесілі ескі АН-24 ұшақтары.
«Біз неге оны ұстап отырмыз? Мысалы, Зайсанда, Үржарда басқа типті борттарды қабылдай алмайды. Бірақ жергілікті халық сол жаққа ұшсын деп сұрайды. Былтыр да жабамыз деп едік, халық сұраған соң қалдырдық. Зайсанды толығымен реттеген соң ол ұшақтар толығымен шығып кетеді (қолданыстан — еск.). Ішкі нарықта 671 бағытта рейстер болса, 97 пайызында 10 жасқа дейінгі ұшақтар ұшып жүр. Олардың қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілген», — деді шенеунік.
Сондай-ақ көлік министрі тальгоның уақытын қысқарту мүмкін емес екенін айтты.
«Тальгоны 12 сағатқа қысқарту бойынша қай бағыт екенін қарау керек. Кешігу мәселесі жазғы уақытта неден болды? 57 пайыз теміржолдардың жағдайы тозу деңгейінде. Биыл өте үлкен ауқымда жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Белгілі бір учаскелерді тек жазда жөндеуге мәжбүр болдық. Сол әсер етті. 16-дан 12-ге қысқарту, жылдамдығын арттыру дегенде, басқа пойыздарды алып тастау керек болады. Қарастыруға болады. Бірақ 12-ге дейін қысқарта алмаймыз. Шамалы қысқартуға болатын шығар. Ол үшін желіні мүлдем босату керек. Ондай мүмкіндік жоқ, басқа салалардағы тиімділігін қарау керек», — деді Қарабаев.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту туралы Үкімет сағаты өтіп жатыр. Көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселесі бойынша көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.