Қазақстанда әйелдерге пайдалы дағдыларды үйрететін, өз ісін ашуға және жаңа дағдыларын негізгі табыс көзіне айналдыруға көмектесетін қандай жобалар бар? Massaget.kz тілшісі еліміздегі әйелдерге арналған әлеуметтік жобаларды ұсынады.
«Әйелдер әйелдерге» әлеуметтік жобасы
«Әйелдер әйелдерге» әлеуметтік жобасы 2023 жылы Алматы қаласында бастау алды. Бұл жоба аясында 22 ерекше баланың анасы жеке кәсіп ашуға тегін көмек алды. Содан соң жоба республикалық деңгейге жетіп, қазір ол тек Алматы қаласында емес, сондай-ақ Астана, Шымкент, Өскемен, Қостанай қалаларында да өтеді.
Жобаның мақсаты — ерекше балалардың аналарына көмектесу. Оларға өз ісін/бизнесін ашуды үйрету және жұмысқа орналастыру.
Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы әйел ісі және отбасы-демографиялық саясатының ұлттық комиссиясының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.
Жоба қалай іске асырылады?
- жобаға қатысушыларды іріктеу, оларға кәсіпкерлік негіздерді үйрету, психологиялық қолдау — MamaPro ҚБ;
- 3 ай бойы ментор болу — АДЖК, ЕҚДБ, «Атамекен» ұлттық палатасы;
- бизнес иелерінің мастер-кластары және заңгер кеңестері — АДЖК;
- сұраныс болса, психологиялық қолдау — АДЖК;
- коучинг — ICF Kazakhstan халықаралық коучтар қоры;
- бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері бойынша консультациялар — мемлекеттік органдар.
IT-Aiel жобасы
Astana Hub Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп, IT саласында жұмыс істегісі келетін әйелдерді оқытады.
Жобаның мақсаты — әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту, олардың табысын арттыруға жағдай жасау, әйелдердің цифрлық құзыретін дамыту.
18 жастан асқан жұмыссыз және декреттік демалыстағы әйелдер IT-Aiel бағдарламасына қатысуға өтініш беріп, No Code School, Freelance School, сондай-ақ негізгі компьютерлік сауаттылық курстары бойынша оқи алады. Қатысушылар жаңа істі онлайн форматта қазақ және орыс тілдерінде игере алады. Бағдарлама қызықты вебинарлар, воркшоптар, тікелей эфирлер, Q&A-сессиялары және т.б. тұрады.
IT-Aiel жобасының іске асырылуына қатысты ақпаратты @astanahub/@technowomenkz аккаунттарынан таба аласыз.
Tomiris білім беру жобасы
Tomiris бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының және «Аманат» партиясының Саяси менеджмент академиясының қолдауымен өткізіледі. Жоба қыз-келіншектердің елдің саяси-экономикалық өміріне араласуына жол ашады.
Бұл бағдарлама бойынша 30 әйел білім алады. Әйелдер жобаға конкурстық комиссияның іріктеуінен өтеді. Қыз-келіншектер көпшілік алдында сөйлеуді, қарым-қатынас орнатуды, эмоционалды интеллектіні дамытуды және жобаларды басқаруды үйренеді. Оқу бағдарламасы 5 күнге созылады.
«Микробизнестегі әйелдер» жобасы
«Микробизнестегі әйелдер» — ҚР Үкіметінің қаржылық қолдауымен «Даму» қорының серіктесі – ЕҚДБ ұйымдастырған тегін білім беру жобасы.
Жоба мақсаты:
- Бизнесті масштабтау және оны келесі деңгейге көтеру;
- Заманауи басқару құралдарын меңгеру;
- Серіктестік желіні кеңейту және пікірлес адамдар табу;
- Жұмыс тобын күшейту;
- Іскерлік ойлауды дамыту;
- Мықты және сенімді көшбасшы болуды үйрену.
Оқыту бағдарламасы бизнестің барлық салаларын қамтиды және қазақ және орыс тілдерінде өтеді.
Жобаға 15 адамнан аспайтын қызметкері бар микробизнес иесі қатыса алады. Бизнесіңіздің жылдық айналымы жылына 100 млн теңгеден аспауы керек. Жобаға банк немесе қаржы қызметтері, әскери өнімдер/қызметтер, ойын және темекі өндірісі салаларындағы компаниялар қатыса алмайды.
Көпбалалы аналарға арналған жеңілдіктер
Елімізде 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасылар бірден көпбалалылар санатына жатқызылады. Алты бала туған көпбалалы аналарға «Күміс алқа», ал жеті не одан көп бала туған көпбалалы аналарға «Алтын алқа» беріледі.
Әлеуметтік баспана
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан алуға немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйді алуға бірінші кезекте құқылы. Яғни көпбалалы аналар тұрғын үй кезегіне тұрып, баспана ала алады.
Салық жеңілдігі
«Алтын алқа» алқасымен марапатталған және «Батыр ана» атағына ие болған көпбалалы аналар тұрғын үй қоры иеленген жер учаскелері, оның ішінде оның жанындағы құрылыстар, үй жанындағы жер учаскелері бойынша салықтан босатылады.
Сондай-ақ «Батыр ана», «Алтын алқа» не «Күмiс алқамен» наградталған көпбалалы аналар бір көліктің салығын төлеуден босатылады. Олар нотариалдық қызметтерге жүгінгенде мемлекеттік баж салығын төлемейді.
Көлік құралдарында тегін жүру
2023 жылдың 1 наурызынан бастап «Автомобиль көлігі туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Заңға сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың тегін жол жүруге құқығы бар.
Зейнетке ерте шығу
Қазіргі заңнамаға сәйкес ерлер үшін зейнетке шығу жасы — 63 жас, әйелдер үшін — 60 жас деп белгіленген. Ал 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
Жалғызбасты аналарға қандай көмектер қарастырылған?
Жалғызбасты ана — заңды некеге тұрмай, дүниеге сәби әкелген әйел және оларға алимент төленбейді. Ал күйеуімен ажырасқан немесе жолдасы қайтыс болған, балалары бар аналар толық емес отбасы санатына кіреді. Жалғызбасты аналарға және толық емес отбасы санатындағы отбасыларға мемлекет тарапынан мынадай жеңілдік түрлері қарастырылған:
Жалғызбасты аналар халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшесі ретінде мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегiне тұра алады.
Жалғызбасты аналар бала тууына байланысты тағайындалатын бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты төленетiн ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы ала алады.
Жалғызбасты ана көпбалалы ана болса, балабақша кезегін ертерек алуына болады.