12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ІСІ

Айжанның өлімінен кейін Саяның өмірі тоқтап қалғандай. Сұрықсыз күндер, ұйқысыз түндер. Ол бәрінен жалықты, әсіресе жалғыздықтан. Құрбысы екеуі «Біз жалғыз емеспіз! Біз еркінбіз!»- деп өзеуреуші еді түнгі клубтарда жарқылдап-жырқылдап, коктейльді сыздықтатып отырғанда. Бірақ оның бос жұбаныш екендігін іштері сезіп тұратын. Айжан Саяға «Тым кеш болмай тұрғанда бала туып ал. Ет жақының сол болады. Сенің орныңда болғанда баяғыда-ақ сөйтер ем»,- дейтін. Енді ол да жоқ. Құрбысы қатерлі ісікке душар боп, жатырын алып тастағасын жүрегі езіліп тұрып, ана болмақ  арманынан бас тартты. Сая Айжанға «Суррогат ана көмегіне жүгінсейші» деп ақыл қосса, ол «Мендейлердің көбеймегені дұрыс. Құдай бәрін оң шешті» дейтін ащы күйікпен. Ол өзіне тым қатал болатын. Кейде тіпті қатыгез. Сая онысын құптамайтындығын білдіргенде «Өз өмірім. Өзім білем» деп тыйып тастаушы еді. Өз өмірін өзі білді ме? Өлімін ше? Бейшара әйелді шыр айналдырды. Кім? Құдай ма? Басқа ма? Кім?

* * *

    Сая таңертең төсегінен тұрып, киімін ауыстырды, жуынды. Балконда тұрып ішілген бір шыныаяқ кофе, шегілген бір тал темекі. Сосын… Сосын жұмыс. Жарымайтын айлыққа бола жарытпас әйелдің күйбең тірлігі. Ол емханада мейірбике болып жұмыс істейді. Адамдардан алыс болу үшін архивке ауысып алған. Адамдар… Сая оларды жақсы көреді-ақ. Кейбірін жек көреді. Әсіресе бір сөзді он рет қайталайтындарды, жоқ жерден пәле тауып, шу шығаратындарды. Айналасындағыларға көзқарасы  өзіне деген көзқарасымен ұштасып жатыр. Ол өзін де жақсы көреді. Кейде жек көреді.

* * *

    Сая ұзақ ойланып, экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы ана болуға бел буды. ЭКҰ орталығына барып, кеңес алмақ болып, дәрігер кабинеті есігін имене ашты.

  • Саламатсыз. Кіруге бола ма?- деді ол.
  • Иә. Кіріңіз. Отырыңыз, — деді жас дәрігер.
  • Мен ана болғым келеді. Табиғи жолмен ана болу жасынан өтіп кеттім. Сондықтан ғылыми жолмен бала сүймекпін.
  • Бұл өте дұрыс шешім. «Құдай берді- бермеді» деп өмір сүру- өткен ғасырлық үрдіс. Ғылымның дамығаны соншалық, бермегенді тартып алуға әбден болады.
  • Сіз тым батыл екенсіз.
  • Иә. Білімім мен тәжірибемнің арқасында батыл болып жүрмін.

  Сүйкімді келіншек кербездене қасын керіп, үстел тартпасынан Саяға бір парақ қағаз ұсынды да:

  • Мына анкетаны толтырыңыз. Сосын сізге Жанночка көмектеседі, — деді ол бөлме бұрышында  отырған мейірбике қызға иек қағып.

    Сая анкетаны толтырып болғасын дәрігерден бірнеше жолдама алды да, тексерілуді бастап кетті. Ана болудың қиын екендігін әзірден-ақ түсіндіре бастағандай. Көптеген зертханаларға қан тапсыру, ультрадыбыстық тексерулер, рентгендік тексерулер. Олар мұның тәнін тінткілеп, ұрық қондыруға кедергі болатын себеп іздеп жатыр-іздеп жатыр. Ал жанын ше? Жанын ешкім тексермеді. Онысы да дұрыс болды. Құбыжықтарын көріп қойса, ұрықтандырудан бас тартар еді. Жаны… Ол тек өзіне қызықты. Жан қалтарыстарын тінткілеу- Саяның сүйікті ісі. Бірақ одан да жалықты. Мылқау- саңырау адамдай ештеңені көрмейді, естімейді. Меңіреу болып қалған. Алдында бір ақ жалау желбірегендей. «Ана болам, бала сүйем, жалғыздықтан құтылам» деген арманы. Сая өршелене алға ұмтылды. Бірақ, байқап қараса, көңілін күдік түрткілейді екен. Түтіктен шыққан бала қандай болады? Есейгенде денсаулығы, мінез құлқы қалай қалыптасады? Тексізден алынған ұрық болса, өсе келе қасырет әкелмесіне кім кепіл? Ал Сая ше? Балаға сая бола ала ма? Ана болуға толықтай дайын ба? Егілген ұрықтан пайда болған нәрестеге емірене ала ма, тәрбие бере ала ма? Сая ауыр ойлардың шырмауына түсті. Ақылдасайын десе, жақыны жоқ, жанашыры жоқ. Анасы маскүнемдікке салынып кеткен. Ақылшы болуға жарамайды. Жақындап кеткеннің бәрінен ақша сұрайтын болғандықтан Сая баяғыда-ақ онымен ат құйрығын кесіскен. Әкесі бұның бала кезінде сылқия араққа тойып алып, өзенге ағып кеткен. Бұл әжесінің қолында өсті. Әжесі он жыл бұрын қайтыс болған. Саяға құрбысы Айжан тіреу болып еді. Оның өзінің де төрт құбыласы түгел болмаса да, Сая үшін жайнамаз бола білді. Соған барып, бар әңгімесін айтушы еді, күнәһар екендігін мойындаушы еді, медет сұраушы еді, қара ойларынан босаушы еді, жарық нұрға толушы еді. Енді ол да жоқ. Жан досы алыста, қайтпасқа кеткен. Сая құрбысын жүрегі сыздай сағынып жүргендіктен қыз туып, оны Айжан деп атамақ болды.

* * *

Кезекті дәрігер қабылдауы кезінде Сая:

  • ЭКҰ сәтті болып, мен бала көтерсем, Кесар тілігі арқылы тусам бола ма?- деп сұрады.
  • Неліктен ота арқылы тумақсыз? Өзіңіз туа алатын шығарсыз,- деді дәрігер қасын кере таңданып.
  • «Толғақ деген ащы болады» деуші еді. Шыдай алар ма екенмін?
  • Оны күні жақындағанда шешейік. Қазір басқа мәселелеріміз бар.
  • Түтіктен шыққан бала қандай бала болар екен? Кәдімгі адам сияқты ма?- деді Сая күдігін жасырмай.  
  • Қызық адам екенсіз. Әрине кәдімгі адам сияқты бала болады. Біз тек ұрықтандырамыз да, жатырға саламыз. Басқа шаруаның бәрін Құдай жасайды ғой. Баланы ойламай, сіз өзіңізді ойлаңыз. Сіз қандай ана болады екенсіз? Жас шағыңызда балалы болу үшін өзіңізге сай келетін жігітпен көңіл қосып, шаңырақ көтеруден бас тарттыңыз. Қазір толғатудан бас тартып отырсыз. Дап-дайын, оп-оңай туа салатын адам сияқты бала керек екен. Сіз қандай ана боласыз? Бала туу бір бөлек. Оны өсіру ше, тәрбиелеу ше?  Бір сәттік, бір күндік шаруа емес қой. Ол кезде де жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өте алам деп ойлайсыз ба?
  • Мен ол жағын көп ойлаймын. Сұрақтарға жауап тапқам жоқ,- деді Сая күрсіне.

 Үнсіздік ұзаққа созылды.

  • Болашақ баламның қыз жынысты болғанын қалаймын. Қыз өсіру оңайырақ сияқты,- деді Сая әлден соң.
  • Әйел жынысты да болады, еркек жынысты да болады,- деген жауап алды дәрігерден.
  • Қалайша? Мен егіз туам ба?
  • Біз сіздің жатырыңызға бес-алты ұрық салып береміз.
  • Мен көп бала туғым келмейді,- деді Сая жанұшыра.
  • Жалғыз  бала туғыңыз келсе, жалғыз бала туасыз. Бірақ біз бірнеше ұрық саламыз,-деді Санталат дәрігер міз бақпай.
  • Неліктен бірнеше?
  • Нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі көп болуы үшін.
  • Мен бір бала көтерем де, бір бала туам. Жалғыз емес, бірнеше емес. Бір бала.

   Санталат алдында жатқан көп қағазды бұрқыратып, ішінде пациенттің аты-жөні тайға таңба басқандай жазылғанын тауып алды да, соны оқып барып:

  • Сая, тынышталыңыз, дұрыс түсініңіз. Біз осы іспен айналысып келе жатқанымызға бірнеше жыл болды. Біз білікті, білімді мамандармыз. Қызмет ұсынушымыз. Сіз қызмет пайдаланушысыз. Біз нені, қалай жасауды нақты білеміз. Сөзіме сеніңіз. Менің айтқаныммен іс жасасақ, бәрі дұрыс болады. Сіз үшін дұрыс болады,- деді «сіз»-ге ерекше екпін қоя.
  • Мен қызмет тұтынушымын. Мен клиентпін. Қызметтеріңіз арзан емес. Сонша ақшаны несиеге алып, сіздердің алақандарыңызға салып бермек болып отырмын. Сондықтан менің айтқаныммен іс қылайық. 
  • Сіз ресторанға келіп, тамаққа тапсырыс беріп отырған жоқсыз. Дұрыстап сөйлеңіз!
  • Сіз менің үкілеген үмітімді тамақ, тауар деңгейіне түсірдіңіз. Сізбен басқаша қалай сөйлесу керек? Мен өзім де медикпін, көзі ашық, оқыған адаммын. Не себепті анализдерді сіз айтқан зертханаға ғана ақылы түрде тапсыруға мәжбүрлейсіз? Басқа зертханаға, тегін тапсыруға неліктен болмайды? Неге келісімшартты тек осы жерде оқып, қол қоюға мәжбүрлейсіз? Неге ол жыпырлаған сөздерді үйге апарып, асықпай оқып, юристермен кеңесіп, өзіңе ұнамаған жерлерін өзгертіп барып қол қоймасқа? Не себепті тек сіздің айтқаныңыз болуы керек? Ертеңгі күні не болса да, сіз сүттен ақ, судан таза болып, сытылып шығып кетуіңіз керек те, ал мен сонша қарызға батып, дәмеленіп, жүйкем жұқарып жүргенде нәтиже болмаса, өз басымды өзім тоқпақтап қала беруім керек пе?- деді Сая ашуға булығып. 

   Санталат үндемей бөлмеден шығып кетті де, әлден соң егде жастағы әйелмен бірге қайта кірді.

  • Сая, түсініңіз. Біз әрдайым пациенттерміздің мүддесі үшін жұмыс істейміз,- деді бейтаныс.
  • Сіздің есіміңіз кім?
  • Қымбат Байғарақызы. Осы мекеменің басшысымын.
  • Мен Сая Елемесқызымын. Елегендеріңізді, есте сақтағандарыңызды қалаймын,- деді Санталатқа адырая қарап.

Осы кезде есік ашылды да:

  • Қымбат Байғарақызы, сыртқа шығып кетіңізші,- деген мейірбикенің дауысы естілді.

    Басшысы асыға басып шығып кеткесін Санталат алдында отырған Саяға:

  • Ертең таңертең келіңіз. Әзірше сау болыңыз,- деді есікке қарай иек қағып.

   Сая сыртқа шықты да, дәретханаға барғысы келгендей рай танытып, дәліздің қарсы бетіне қарай беттеді. Мұның соңын ала дәрігер шықты да, тез-тез басып көрші кабинетке кіріп кетті. Мұны байқаған Сая да солай қарай беттеді. Кабинеттің есігі жартылай ашық қалыпты. Іштегілердің сөздері  естіліп жатты.

  • Сіздер маған бәрі дұрыс болады деген едіңіздер. Ештеңе де дұрыс болмады. Мен ауырып жатырмын. Ауруханада емделіп шықтым. Бірақ  толық айықпадым. Аурухандағы дәрігер маған «жұмыртқаларыңдағы қабыну жатырыңа шапқан. Енді сенің ана болуың неғайбыл» деді. Менің өмірімді бұздыңыздар ғой, — деді бір жас қыз жыламсырай.

Қымбат Байғарақызының:

  • Сіз болуы мүмкін асқынулар жайлы толық хабардар болғансыз. Келісімшартқа қол қойғансыз. Онда «қандай жағдай болса да, орталық қызметкерлеріне қояр кінәм жоқ» деп жазылған,- деген ашулы дауысы естілді.
  • Апайлар, көмектесіңіздерші. Маған тағы емделу керек екен. Дәрі алуға ақшам жоқ,
  • Сіздің қызметіңізге біз толық ақша төлегенбіз. Сау болыңыз.
  • Мен арызданам.
  • Біздің тарапымыздан заңбұзушылық жоқ. Ештеңе өндіре алмайсыз.
  • Сіз… Сіздер қатыгезсіздер.
  • Бұл өмір, балақай. Сау бол. Шық бөлмеден!- Санталат бұйыра.
  • Мен… Мен… Бар болғаны…

    Сая бұдан ары тыңдап тұрса, қолға түсіп қалуы мүмкін екендігін түсініп, асыға басып сыртқа шығып кетті де, арырақ барып, тосып тұрды. Бірнеше минуттан соң аяғын әзер басып, жұпыны киінген жас қыз шықты. Қалтарысқа жақындай бергенде Сая оны шақырып алды.

  • Сіңлім, бір жерің ауырып тұр ма? Көмек керек пе?- деді жанашырланып.
  • Сіз кімсіз?
  • Мен де сен сияқты бейбақпын. Көмектесе алатын шығармын. Сөйлесейік. Қорықпа менен. Ана бір жерде жақсы дәмхана бар. Сонда барып сөйлесейік.

   Олар дәмханаға келді. Сая шай мен самсаға тапсырыс берді. Жаңа танысының жүзі сынық. Самса жеуге зауқы соқпады. Шай ішіп отыр.

  • Атың кім, айналайын.
  • Ұлдана,- деді ол үркектей қарап.
  • Мен орталыққа келіп, дәрігерлердің көмегімен бала туғым келіп жүр.  Сен де сонда келіп жүр екенсің. Бұларды бұрыннан бері білесің бе?
  • Сенбеңіз оларға. Олар- өтірікшілер. Пациенттеріне адам деп қарамайды. Біз олар үшін тек материалмыз. Мен қолданылған материалмын. Өздеріне керектің бәрін менен сорып алды да, пайдам таусылғанда қоқыс сияқты далаға лақтырып жіберді,- деді Ұлдана жыламсырай.
  • Түсіндіріп айтшы. Не болды саған?

    Ұлдана Саяға қорқақтай көз тастады. Сенуге тұрарлық адам деп таныса керек, әлден соң сөз бастады.

  • Мен бұларға бірнеше рет жұмыртқа торша тапсырғанмын. Оны ұзын инемен ішіңнен алады. Жасар алдында олар бұлбұлдай сайрайды. «Бәрі дұрыс болады. Қорықпа. Біз тек жұмыртқаларыңның шетінен ғана кертіп аламыз. Мүшелеріңе ешқандай зақым келмейді. Бұдан кейін сен өз бетіңше қалағаныңша бала көтеріп туа аласың» деген. Екі жұмыртқама да зақым келген. Қабынудан сіңірленіп, қатып қалған. Олар енді жұмыртқа торшалар шығара алмайды. Қабынуды тоқтату үшін мен ұзақ емделуім керек. Ал оған менде ақша жоқ,- деді күрсіне.
  • Айналайын-ай, қақшадай басың қазандай болыпты ғой. Уайымдама. Бір реті болар,-деді Сая шай құйып отырып. – Тамақ алдырайын. Ішесің бе?

   Ұлдана бас изеді.

  • Қандай тамақ ішесің?
  • Ыстық сорпа болса… Тоңып отырғандаймын.
  • Денең күйіп тұр ғой. Мен сені үйіңе дейін шығарып салайын. Қайда тұрасың? – деді Сая даяшыны шақырып, тапсырыс беріп болған соң маңдайына қол тигізіп.- Сен бұл іске о баста неге араластың?
  • Ақша табу үшін.
  • Басқаша жолы болмады ма?

    Ұлдана жылап жіберді. Тамақ ішіп болғасын Сая оны тұрғылықты мекеніне шығарып салды. Жатақханада тұрады екен. Қуықтай ғана бөлмеде ауру қыздың жағдайын жасап, бәйек болды. Дәрі ішкесін Ұлдананың жаңдайы жақсарайын деді. Көңіл күйі оңалып, әңгіме айта бастады. Ол ауылдың қызы екен. Көп балалы жанұяда туыпты. Бес жыл бұрын оқуға түсуге келген екен.  Оқуға түсе алмаса да, ауылға қайтқысы келмей, қалада қалыпты. Дүкенде сатушы болып жұмыс істеп жүргенінде тауар алып келетін фирмада жұмыс істейтін бір жігіт күйем-сүйем деп алдап, дегеніне жеткен соң жүкті екенін есіткен бойда ізін суытыпты. Бейшара қыз жылап-еңіреп, құрбыларының ақылымен дәріханадан шарананы түсіретін дәрі алып ішкен екен. Ол дәрі өтірік болды ма, әлде басқа себеп болды ма, бала түспепті. Қайыр болмағасын перзентханада жұмыс істейтін Ася есімді гинекологқа ақша беріп түсік жасатыпты. Ақшаны қайдан табарын білмеген бейшара қыз жалғыз қымбат затын- әкесі сыйлаған алтын сырғасын сатыпты. Түсіктен кейін жағдайы қиындай берген көрінеді. Қиналса да, қаладан қайтқысы келмей, болашақтан жақсылық күтіп жүргенінде дүкен қожайыны мұны ақша ұрладың деп жала жауып, мойнына қарыз іліп, жұмыстан шығарып жіберіпті. Амалының жоқтығынан жұмыртқа клеткаларын қайта –қайта алдырып, содан түскен  ақшамен қарызын жауып, қалғанын керегіне жаратып жүрген ұқсайды. Ол да таусылуға жақын. Соңғы рет жұмыртқасына ине шаншуы сәтсіз өткендіктен ағзасына инфекция еніп, қабыну басталған. 

  • Сен бұл айтқандарыңды полицияда қайталап бере аласың ба?- деп сұрады Сая.
  • Мен сияқтыларды кім тыңдайды? Олардың «крышасы» мықты ғой,- деді Ұлдана мұңая.
  • Бір амалы табылар. Ең бастысы, сен сөзіңде тұрсаң болғаны.
  • Сөзімде тұрам. Енді менің аянарым жоқ. Ауылға қайтып бара алмаймын. Әке-шешемнің бетіне шіркеу болғым келмейді.

    Өзін түбі тесік шелектей сезінеді. Сондықтан кез-келген жолмен ақша тауып, басқа қалаға кетіп қалғысы келіп жүр екен. Бірақ ауруы жолын байлап тұр.  

* * *

     Сая сол күні үйіне кеш қайтты. Ұлдананы ойлап, жүрегі езілді. Ара-тұра дәрілер, азық-түлік апарып беріп тұрды. Жағдайы жақсарғасын Сая Ұлдананы ертіп, жеке юрист кеңесшіге келді.

  • Саламатсыз. Сіз Қайсенов Абылайхансыз ба?- деді Сая кеңсеге келгесін.

Орта жастағы қалың қабақты жігіт ағасы күрсіне көзілдірігін шешіп, бұларға қарады да:

  • Иә. Мен Қайсеновпін. Тыңдап тұрмын. Айта беріңіздер. Не болды?- деді.  
  • Біз сізден кеңес алуға келіп едік. Менің атым Сая. Сіңлімнің аты Ұлдана,- деді жас әйел орындыққа жайғасқасын.- Біз бір себептермен медициналық орталыққа барып едік,олардың жұмысында былық көп екен. Солардың кесірінен Ұлдананың денсаулығы нашарлаған. Толық емделуге ақшасы жоқ. Ал орталықтың қызметкерлері өз кінәларын мойындамай отыр. Не істерімізді білмей жүрміз.
  • Ол қай орталық? Қандай қызмет көрсетті сіздерге?
  • ЭКҰ орталығы. Мен ана болмақ ойым бар еді. Бірақ Ұлдананың әңгімесін тыңдағасын ол ойымнан айнып отырмын. Бұл қызымыз донор ретінде бірнеше рет аналық торшаларын тапсырған екен. Сол іс-шарадан кейін Ұлдананың жыныстық мүшелері қабынған. 
  • Менің сіздерге айтар кеңесім- полицияға жүгініңіздер.
  • Жоқ. Мен бұл іспен сіздің айналысқаныңызды қалаймын. Соңына дейін жеткізіп берсеңіз…
  • Соңы деген сіздер үшін не?
  • Ұлдананың аурудан айығуы, кінәлілердің жазалануы. Абылайхан, сіздің қолыңыздан келеді ғой. Көмектесіңізші. Сізден басқа сенер кіміміз бар біздің?

    Таныс сөздер. Ауыр сөздер. Абылай жолда жүк қалдырмаудан шаршады. Нар болудан шаршады. «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң…» Зейнеткер подполковник телефонын алып, сан терді.

  • Болат, саған бұйымтайым болып тұр. Бір қарындастарға көмек керек. Қазір саған барса бола ма?- деді амандық-саулықтан соң.

Әңгіме біткесін телефонын өшіріп, үстел үстіне қойды да, бұларға қарап, сөзін жалғады.

  • Сая, Ұлдана, айналайын қарындастарым, ағаларың көмектесуден қашты деп ойламаңдар. Қажет болсам, осы жердемін. Сендерді күтіп отыр. Ал, жолдарың болсын!

    Мұңлық пен зарлық болған екеу полиция басқармасына келіп, капитан Болат Саймасайдың қабылдауында болды. Ол бұларды мұқият тыңдады да, істі өз қолына алатынын айтты.

* * *

   Сая  Ұлдананы ақылы клиникаға емдеуге жатқызды.  Емдеуші дәрігері Зылиха апай өте мейірімді жан болып шықты. Ұлданаға қызындай қарап, аналық мейірімін сыйлады. Көптен бері мұндайды басынан кешпеген бейшара қыз майдай еріді. Күн көзінен тыс қалған жас шыбық енді ғана жылуға қарық болды. Өкіл әпке мен өкіл шеше тапқанына қуанышы шексіз. Ұлдананың емі ұзаққа созылды. Стационарлық емнен кейін, амбулаторлық ем, соңынан шипажайда ем қабылдауы тиіс. Зылиха онда жолдаманы өз ақшасына сатып әпермек болды.

    Айналаңдағылар саған мейірім төгуі үшін көп нәрсе керек емес. Шыншыл болсаң, шынайы болсаң, қателігіңді мойындасаң, дұрыс қорытынды жасай білетін адам екендігіңді білдірсең, сол да жетеді.

    Сая жұмысынан бір айға еңбекақысыз демалысқы шықты да, іске белсене кірісті. Ұлдананың жәудіреген нәркес жанары оны сол жолға итермеледі. Шегінуге жол жоқтай. Қолында билігі мен білімі бар аз ғана шоғыр өздерін басқалардан артық санап, үстемдік орнатқысы келеді екен. Байлыққа құныққандар басқалардың бақытсыздығынан да ақша жасайды екен. Қарапайым адамдарды ақымаққа санап, құрт-құмырсқадай көзіне ілмейді. «Ұятты ұятына қараса, ұятсыз жеңеді» немесе «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды. Жамандар жақсымын деп айғайлайды» дегеннің кері. Демек, таразы басын теңестіру үшін Сая сияқтылар күреске шығады. Бүкіл әлемдегі әділетсіздікті жойып жіберуге күші жетпесе де, Ұлдана сияқты аңғал, әлсіздердің басына үйірілген бұлтты қуып жіберуге шамасы жетер. Жас әйелдің екі қолына тиген бір күрек сол болды.

* * *

      Сая ауыр ойлардың шырмауына түсіп, кеш ұйықтады. Таңертең төсегінен тұрып, киімін ауыстырды, жуынды. Балконда тұрып кофе ішті, темекі тартты. Сосын басқармаға келді. Болат кабинетінде екен.

— Сіз бұл іске не себепті араласып жүрсіз? Ұлдана туысыңыз емес, құрбыңыз емес. Ол сізге мүлдем бөтен адам.

— Еріккеннен…

— Еріккеніңіз қызық екен.

  • Менде одан басқа қызық жоқ.
  • Жарайды. Өзіңіз білесіз. Іске көшейік. Ақ-қарасын ажырату үшін үш бағытта жұмыс жүргізу керек. Біріншісі- ЭКҰ орталығындағы былықтарды әшкерелеу, екіншісі- түсік жасайтын дәріні заңсыз сатып жүргендерді әшкерелеу, үшіншісі – астыртын аборт жасайтындарды әшкерелеу. Ол үшін бізге жасырын камерамен видеоға түсіретін «құпия сатып алушы» қажет. Қылмысты істеу барысында қолынан шап беріп ұстамасаң, жалтарып кетеді.
  • Мен барам. Олар бір-бірін танымайды. Сондықтан үшеуіне де «құпия сатып алушы» бола аламын.

    Болат Саяға таңырқай қарады да:

  • Еріккеніңіз ерлікке ұласып кетті ғой. Өміріңізге қауіп төнуі мүмкін. Оған жол бере алмаймын. Басқа, дайындалған адамдар барады.
  • Сақадай сай адамдарыңыз дап-дайын тұрған жоқ шығар. Сіздерде де кадр тапшы екен. Мен барайын. Жағдай ушығып кетсе, ешкімге қояр кінәм жоқ.
  • Ойланып, ақылдасып көрейін.  

      Полиция бастығы Саяның арнайы операцияға қатысуына рұқсат берді. Дайындықтан өткен соң видео құрылғы орнатылған сөмкені иығына асып, Сая ЭКҰ орталығына қайта келді. Санталат дәрігер бөлмесінде екен. 

  • Жасым қырық беске келді. Уақытым тығыз. Тез арада ұрықтану үшін кез-келген шарттарыңызға келісемін. Маған бәрін ашық айтып беруіңізді өтініп сұраймын,- деді Сая сиқырлана жымиып.
  • О! Бүгін көңіл-күйіңіз жақсы ғой. Өткен жолы ашулы едіңіз,- деді дәрігер мұның ығына жығылғандай рай танытып.
  • Мен жақсылап ойландым. Өткен жолы дұрыс істемеппін. Кешіріңізші. Енді бәрі басқаша болады. Маған бала тууға көмектесіңізші.
  • Әрине көмектесеміз. Біз сіздер үшін жұмыс істеп, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүр ғой. Бірақ оны көп адам түсінбейді,- деді бұртия.  
  • Сөзіме сеніңіз. Мен түсінем. Мен бәрін түсінем. Сондықтан еш бүкпесіз айта беріңіз.
  • Түсінсеңіз сол. Нәтиже сізге де керек, бізге де керек. Жақын арада болғаны керек. Ешқайсымыз мәңгілік өмір сүрмейміз. Көрерімізді ертерек көргіміз келеді. Сондықтан тездетейік.
  • Иә, иә. Дұрыс айтасыз. Тездетейік.

   Дәрігер күлімсірей орнынан тұрып, шкафты ашты. Қаздай тізілген папкалардың ішінен Саяның аты-жөні жазылғанын алды да, үстел үстіне қойып, ішіндегі бұрқыраған қағаздарды ақтара бастады.

  • Сіз біраз тексерулерден өткен екенсіз. Енді тағы бір-екеуінен өтуіңіз керек. Мына тексеруіңіздің нәтижесі көңілге қонымсыз. Ондай сандармен ЭКҰ жасауға рұқсат бермейді. Сондықтан оларды өзгерту керек,- деді.
  • Мен ондайларды түсінбеймін. Шынымды айтсам, түсінгім де келмейді. Бәрін өзіңіз тындырыңызшы. Мен сізді риза қылам,- деді Сая.
  • Риза қылғанда… Мен бір өзім емес қой,- деді дәрігер күмілжігендей.
  • Тағы кім бар? Қанша адамды риза қылу керек? Тоқ етерін айтыңызшы. Қанша теңге болады?
  • Бастықтар бар, тексерушілер бар дегендей…
  • Айтсаңызшы. Қанша?
  • Айта алмай отырмын ғой.
  • Жүз мың теңге бола ма?- деді Сая.
  • Осы соманы беске көбейтіңіз. Сол болып қалар. Ол сіздің құжаттарыңызды жөндеп бергенім үшін. Ұрықтандыруға ақшаны арнайы кассаға төлейсіз.  
  • Тым көп екен. Одан арзандау болмай ма? Мен банктен несие алып едім. Ол да жетпейтін болып жатыр ғой.
  • Жоға. Керісінше мен сізге жаным ашып, азайтып отырмын. Ойланып көрерсіз.
  • Жарайды. Келісем ғой. Басқа амалым жоқ. Бір амалын табармын. Қашан келсем де, сіз жұмыста болатын шығарсыз. Жақын арада бір жаққа кетуді жоспарлап жүрген жоқ па едіңіз?
  • Мен әрдайым осындамын,- деді дәрігер жымыңдап.  

     Сая бірер күннен соң видео қондырғы орнатылған сөмкеге боялған ақшаларды салып орталыққа қайта келді. Ақшаны алу барысында Болат бастаған топ ақшаға құныққан дәрігерді құрықтады. Орталық жұмысы толық тексерілетін болды.

* * *

     Сая таңертең ертелеп «Арзан» дәріханасына келді. Ол жердегі жас провизор қыз біразға дейін бұлтақтап, айтқанға көнбеді.

  • Жоқ, апай. Біз ешқашан мұндай дәрі сатпағанбыз. Мұның не екендігін де білмеймін мен,- деді дәрінің аты жазылған қағазды қолына ала салысымен.
  • Айналайын сіңлім-ай, «Құдай керек қылмасын» деген дәрінің бірі ғой бұл. Басқа амалым болмай тұр. Сендердің дәріханаларыңда бар екендігін жақында дәрігерден есіттім. Бере қойшы. Мен бір бейшара апайыңмын ғой,- деді Сая мүләйімси.
  • Жоқ, апай. Бере алмаймын. Неліктен дәрігер рецепт жазып, мөрін басып бермеген? Онсыз біз бір де бір дәрі сатпаймыз. Жігітіңізге «мүшеқап қолдан» деп айтпадыңыз ба? Түк те қиын емес шаруа ғой ол.
  • Әй, сіңлім-ай, дәрігер де адам емес пе? Ұмытып кеткен болар. Еркектің шаруасы тек ойнақ салу, әйелді пайдалану ғой. Ал ол ойнақтың  салдары әйелдің мойнына ауыр жүк болып асылады. Іс бітті, қу кетті. Мен қалдым… Не істерімді білмей…  Бастығыңды шақыршы. Сонымен сөйлесіп көрейін,- деді Сая жалынышты үнмен.

Жас қыз бұраңдай басып шығып кетті де, әлден соң орта жастағы бір әйелді ертіп қайта келді.

Ол Саяға сынай қарады да:

  • Сіз кімнен келдіңіз?- деп сұрады.
  • Алима апайдан келдім,- деп Сая аузына түскен атты айта салды. – Қатты қиналып тұрмын. Уақыты өтіп кетсе, ол дәрі де көмектеспей қалады ғой. Айтқан сомаңды берем. Бере қойшы дәріңді, — деді Сая.

    Ана екеуі бір-біріне сұраулы жүзбен қарады. Әлден соң егделеуі жастауына ымдағандай болды.

   Ол сөре астынан бір қорап дәріні үстел үстіне тық еткізіп қойды да:

  • Он мың теңге беріңіз,- деді.

    Сая жалма-жан сөмккесінен ақша шығарып бере қойды. Осы кезде аңдып тұрған полиция қызметкерлері дәріханаға сау етіп кіріп, қаша жөнелмек болған қылмыскерлерді ұстап үлгерді.

* * *

    Келесі жұмыс- астыртын түсік жасайтын Ася есімді гинекологты құрықтау. Бөлімшеге Сая кештетіп барды. Дәрігер мұны зіркілдей қарсы алды.  

  • Не керек? Қанша рет айттық қой, «телімдік дәрігерден жолдама алып, күндіз келіңдер» деп. Келесіңдер де тұрасыңдар өстіп, мөлиіп. Не боп қалды?
  • Апай, көмегіңіз керек болып тұр.
  • Мен Тереза шешей емеспін.
  • Апай, мен… байқамай… жүкті болып қалыппын.
  • «Байқамай» дейсің бе?- Дәрігер қарқылдай күлді.- Желдеткіштен кіріп кетіп пе ішіңе?
  • Апай, маған бала тууға болмайды. Тұрар жерім жоқ. Ақшам жоқ. Баланы алып тастай салыңызшы,-деді Сая жалынышты үнмен.
  • Алып тастай салатындай ол етекке жабысқан тікенек пе еді? Әркіммен бір сүйкене саласыңдар да, болары болғасын, бізге кеп жалынасыңдар. Рахатын сендер көресіңдер. Күнәні біз көтереміз.
  • Апай, ақша берем.
  • Күнәнің өтеуі қанша екен? Қанша бересің?
  • Қанша десеңіз, сонша берем ғой.
  • Өй, желөкпе-желікпе қатын-ай, осынша жасқа келгенше бала құсап, қағынып.

    Сая сөмкесінен ақша алып, үстел үстіне қойды. Дәрігер жан-жағына ұрлана қарады да, буманы қолымен ұстамай, үстел үстінде жатқан газетпен итермелеп, тартпаға сүңгітіп жіберді.

     Сосын түк болмағандай орнынан тұрды да:

  • Жүр соңымнан!- деді бұйыра.

    Полиция қызметкерлері бөлмеге кіріп келгенде дәрігердің түрі сұп-сұр болып кетті.

  • Сіздерге кім керек?- деді байсалды түр танытып.
  • Сіз керексіз?
  • Не бойынша?
  • Түсік жасату бойынша.
  • Қандай түсік?
  • Сіз мына әйелден ақша алып, түсік жасауға келістіңіз. Ақша алдыңыз.
  • Мен мұнымен ештеңе жайлы келіскен жоқпын. Ешқандай ақша алған жоқпын.
  • Ақшаны тартпаға салды,- деді Сая.

   Болат тартпадағы ақшаны алып, үстел үстіне қойды.

  • Мен бұл ақшаны көрген де жоқпын, қолыммен ұстаған да жоқпын. Оны мына оңбаған қатын маған білдірмей тығып жіберді. Сендер мені бопсаламақ болып тұрсыңдар. Мен шағымданам.
  • Әлбетте шағымданасыз. Бізбен бірге бөлімшеге жүріңіз!- деді Болат түсін суытып.
  • Жұмысты тастап кете алмаймын. Мұнда ауру әйелдерге кім қарайды?
  • Басшыңызға хабарласыңыз. Басқа дәрігермен ауыстырар. Жалғыз гинеколог сіз емес шығарсыз.
  • Мені ешкім ауыстыра алмайды. Мен өте тәжірибелі дәрігермін.
  • Ауыстыра алады.

Дәрігер дір-дір етіп, телефонын алып, басшысына қоңырау соқты.

* * *

    Сая таңертең төсегінен тұрып, киімін ауыстырды, жуынды. Темекі шеккісі келмеді. Кофе ішкісі келмеді. Су ішті. Дәмді. Өте дәмді. Көкжиек нұрлана бастағандай.  

      Болай Тұрғынбек

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

ПАХАННЫҢ АЖАЛЫ

1 Еңбек демалысы бітіп, кабинетке енгені сол көп дүниені басынан...

Қатыгез келіншек немесе сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...