– Алло, Абылай аға!
– Иә, құлағым сенде.
– Үйге кірейін бе, жоқ сіз сыртқа шығасыз ба?
– Ішке кіре бер, – дедім мен.
Іле-шала домофон қоңырауы безектеп, келіншегім едел-жедел есікті ашуға бара жатты. Қонақ бөлмедегі диванда «Цифровая криминалистика» деген еңбекті оқып жатыр едім. Кітабымды үстел үстіне қойдым да, кең бөлменің терезеге таяу бұрышында қол компьютерін шұқылап, ішіне кіріп кеткен Арыстанға қарадым. Биыл тоғызыншы сыныпта оқып жүрген балам әзір ғана телефонмен сөйлескен маған тіпті назар аударар емес. Дәп бір меңіреу адам секілді есіктің қоңырауын да естімеді. Әжептәуір жігіт болып қалса да, далаға шығып бір ауық серуендеп қайтуды білмейді. Күнұзаққа арқандаулы аттай компьютердің алдында отырғаны. Біз мұның жасында қыз қуып, қызық іздеп, үй бетін көрмей, қаңғырып жүруші едік. «Дала безер боп кеттің» деп анам ылғи да ренжитін.
Ауызғы үйден Нұрбектің үні естілді.
– Амансыз ба, Әйгерім жеңге? Жағдайларыңыз қалай? Мынау сізге! – деп сампылдап сөйлеп жатыр.
– Түу, несіне әуре болдың, айналайын! Ағаң сыйламайтын құшақ-құшақ гүлді қайныларымнан аламын, әйтеуір, – деді Әйгерім риза болып.
– Абылай Әзімханұлының сыйлығы деп қабыл алыңыз, жеңге!
Нұрбектің кейде осылай ресмилене сөйлейтін мінезіне езу тарттым.
– Мақұл, айналайын, мақұл!
Келіншегім дауысын бәсеңдете сыбырлай сөйлеп жатты. «Нұрбек жан, кешелі бері Әбекенің көңіл-күйі жоқ. Абайлап сөйлесерсің» деп тұрғаны анық еді.
– Ассалаумағалейкум, Абылай Әзімханұлы!
Қонақ бөлменің есігі айқара ашылып, арғы жақтан Нұрбектің қасқа басы көрінді. Кере қарыс маңдайына көзім түссе болды, Хасен атам ойыма оралады. Ол кісінің де басы жып-жылтыр, қылпық шаш болмайтын.
– Уағалейкумуәссалам, – дедім қонағымның ресми амандасатын әдетіне тағы да жымиып. Күлген кейіп көрсеткеніммен жан-дүнием құлазып, дегбірсізденіп тұрғанымды Нұрбек бірден түсінді.
– Кел, отыр! Жұмыс қалай? – дедім туыс ініме компьютерімнің алдындағы орындықты көрсетіп.
Арыстан осы сәтте ғана үйге Нұрбектің келгенін біліп, «Көке, қалайсың?» деп қолын берді де, бөлмеден шығып кетті. Баяғыда Нұрбек келді деген сөз, екеуі алысып-жұлысып, күресіп ойнап, үйді әлем-тапырақ етуші еді. Арыстан кейде ағасының артқы жағынан байқатпай келіп, қасқа басынан тоқай алып қашатын. Нұрбек Арыстанды қуып жетіп, мойнынан қылғындыра қысып, екінші қолымен шырылдатып шашын жұлып жататын. «Аға де», «ағатай де», «көке де», «көкетай, енді өйтпеймін де» деп үйдің ішін азан-қазан етіп жіберетін. Нұрбек келсе, «көкелеп» бауырына тығылатын Арыстанның салқын амандасқаны есейгені болар деп түсіндім. Қалай байқамағанмын, кеше ғана Нұрбекті «ағалап, көкелеп» айналсоқтап жанынан шықпайтын балам ержетіпті.
– Жұмысымызды білесіз ғой, аға. Күні-түні кеңседе байлаулы иттей тапжылмай отырамыз, – деді қонағым күліп.
– Сендерді қойшы, бұ күнде біз де байлаулы ит сияқтымыз, – дедім мен.
– Жеңгем айтты, денсаулығыңызға байланысты демалыс алыпсыз. Бір жеріңіз ауырып жүр ме?
– Денсаулық орнында Нұрбек жан. Тепсем, темір үзем. Ауырғаннан сақтасын, Құдай! Алаңдама. Бірақ, өтірік ауырғаннан басқа жол қалмай тұр. Былайша айтсам, өз өзімді үй қамақта ұстап отырмын. Ішім бір сұмдықты сезеді. Хакерлер бұлай тайраңдай берсе, бастықтар мені тірі қоймайды, – дедім көмейіме кептеліп тұрған өксік шерді лақ еткізіп ақтара салып.
Бұрын-соңды таусыла сөйлегенімді көрмеген Нұрбек:
– Өткендегі мәселе ме? Қиын, өте қиын, – деді мені аяғандай бәсең тіл қатып.
– Осы іске мүлдем бас сұқпау керек еді. Қызметі құрысын, баяғыда тыныш жүре бермей, пысықсынып от басыппын.
– Жоқ, аға, Алланың басқа салғаны осы. Ертең-ақ ештеңе болмағандай бәрі ұмытылып кетеді. Уайымға салынып, өзіңізді қатты қинай бермеңіз, – деді інім компьютерді қосып жатып.
– Хакерлердің кім екенін анықтамай ұйқы жоқ, енді.
– Уайымдамаңыз, бастысы, міне, келдім ғой. Ақысыз демалыс алдым. Қанша күн қадалып отырсақ та, қылмыскерлердің бір ізін табамыз. Көр де тұрыңыз, табамыз!
– Таппасақ, екеуміздің де талқанымыз осы бөлмеде таусылады, – дедім оның көзіне тіке қарап.
– Абылай аға, Құдай тас төбеден ұрып, сіз менен күдіктеніп отырғаннан саусыз ба? – деді інімнің көзі атыздай болып.
– Бұл күнде өзіме де сенбейтін болдым, – дедім ауыр күрсініп.
– Бәлкім, прокуратураның санкциясымен мені тергеуге аларсыз, подполковник мырза? – деді Нұрбек баяғы әдетімен ресми кейіпке ене қойып.
– Асықпай тұра тұр, өйтіп қызбаланба! Сен өзің ойлашы, хакерлер елдегі дөкейлердің жеке деректерін қолға түсірген. Бір адам болса жарайды, жүзден аса лауазымды тұлғаның құпия ақпараттары жария болып кетудің алдында тұр. Енді, шенеуніктерді сауын сиыр сияқты сауа бастайды. Айдың, күннің аманында миллиондап долларды алаяқтарға санап беріп, қарап отыра ма, олар?
– Киберполдың ІТ-шниктері не дейді?
– Қауіптің сырттан келмегенін анықтады.
– Қазақстанның хакерлері ме екен, сонда? – деді жөтеліп. Нұрбекті жөтел ұзақ қысып еді, жағаға шығып қалған балықтай дем жетпей қалды.
– Қазақстан болса бір сәрі, масқара болғанда олар иек астында жүр. «Хакерлер Астанада тұрады» деді киберпол.
– Мүмкін емес, – деді інім таң қалып. – Бұлай болуы мүлдем мүмкін емес, – деді бағанағы сөзін қайталап.
Жанарына үрей ұялап алғандай көрініп кетті. Қобалжығаны соншалық, дыбысы да дірілдей шықты.
***
Осыдан төрт жыл бұрын Астана қаласының Есіл аудандық Полиция бөлімінің қатардағы майор шенді «жедел із кесушісі» едім. 2019 жылы Астанада «Жиһаз ұрылары» деген қылмыстық топ пайда болды. «Жиһаз сатып аламын» деп алданып қалған тұрғындар жылап-еңіреп бізге келетін. Олардың арызын қабылдағанмен, күдіктілерді құрықтау қиынға түсетін.
Әлеуметтік желілерде мүлік жарнамалап, қармағына түскендердің үйіне барып, жиһаз тұратын бөлменің өлшемін алып, келісімшартқа қол қойғызып, жартылай ақшасын төлеттіріп, табанын жалтыратады екен, ұрылар. Алаяқтарды ұстау үшін Нұрбектің көмегіне жүгінуге мәжбүр болғам.
Нұрбек – туысым. Атам Қайсеннің туған ағасы Қасеннің немересі. Әлемдік банктер жүйесінде ІТ маман болып қызмет етеді. Сонымен бірге Астана қаласындағы Назарбаев университетінде мамандығы бойынша ұстаз. Қазіргінің тілімен айтсақ, «батыс көрген», компьютердің құлағында ойнайтын ұрпақ. Қызмет пен ғылымды қатар алып жүрген осындай інімнің .барлығына шүкір етемін, әрине…
Нұрбек студент кезінде біздің үйде жатып оқыды. Әйгерім әр мейрам сайын қазанға ет салып, қайнысының достарын да қонақ етуші еді. Заманауи ғылымның тілін меңгерген жас жігіттер үйге жиі келетін болған соң, балам Арыстан олардың бәрін туған ағасындай жақсы көрді. Арыстанға ағалары ылғи түрлі кітап сыйлайтын. Сол кітаптар баламды «білім санарға»* құштар етті («билги саяр» – компьютердің түрікше атауы, қазақша мағынасы «білім санар». Нұрбектің достарының көбі түрік лицейінің шәкірттері болатын).
Нұрбек университетті қызыл дипломмен тәмамдап, «Болашақ» бағдарламасымен Америкаға оқуға аттанғанда, үйімізді кепілге қойдық. Менің бұл тәуекелімді ағайын-туыстарым түсінген жоқ. Себебі, Нұрбектің әкесі, менің немере бауырым Әди өмірден ерте қайтты. Әди қайтыс болып, арада үш ай өткен соң, Нұрбек дүниеге келді. Біз бауырымыздың артында із қалғанына шүкір етіп, жас қазаның қайғысын жеңілдеткендей болған едік. Арада жыл өтпей жатып, анасы бесіктегі сәбиді алып туған жеріне, Ресейдің Орынбор қаласына көшіп кетті. Содан кейін немере ағамның келіншегінен де, баласынан да біржола хабар үзілді. Екі мыңыншы жылдарға дейін ел әлеуеті тұралап, бәріміз жан бағыс қамымен кеттік қой. Немере ағайынның сыртқа кеткен баласын іздеуге күйбең тіршілік жар бермеді.
Арада табаны күректей 17 жыл өткен соң, інімді өзім тұратын Астана қаласынан таптым. Ол Назарбаев университетіне оқуға түсіпті. Курсында біздің ауылдың қызы да оқиды екен. Сол қызға өзінің басынан өткен ауыр тағдырды әңгімелеп беріпті. Анасы Нұрбекті еден жуып жүріп тең қатардан қалдырмай оқытыпты.
Нұрбекті оқу орнына алғаш іздеп барған күнім дәл кеше болғандай әлі есімде. Ол жүгіріп келіп, көзінен жас саулап, құшағыма еніп кеткен. Анасы әкесінің суретін төрге іліп қояды екен. Сол суреттегі әкесі тіріліп келгендей бетімді сілекейлеп, шөлп-шөлп сүйе берді. «Вы как похожи моего отца, Вы как похожи моего отца (Әкемнен аумайсыз, әкемнен аумайсыз)» дейді еңкілдеп жылап.
Полицияда қызмет еткенмен, адаммын ғой. Екі туып, бір қалған туыс інімді 17 жыл бойы бір рет те іздемегеніме өзімді кінәлап, ішім қан жылап тұрды. Содан бері Нұрбектің алаңсыз білім алуына қолдан келгеннің бәрін жасадым. Жатақханада жәутеңдеп аш жүрмесін деп, үйге көшіріп алдым.
Ол «Болашақпен» әлемнің ең мықты университеттерінің бірінде екі-үш жыл магистратурада оқып, елге оралды. Астанаға келе сала ұстаздық қызметін бастады. Араға жыл салмай әлемдік банктің Орталық Азиядағы ІТ маманы болып шыға келді. Астанадан үй алды, келін түсірдік. Құдалық, той-томалақ бәріне өзім шапқыладым. Кейде мүшел жас қана үлкен бола тұра өзімді Нұрбектің ағасы емес, әкесі секілді сезінемін. Нұрбектің анасы оныншы сынып оқып жүргенінде көлік апатынан қайтыс болған екен. Ұзақ жылдардан кейін табысқан інімнің арқа сүйер ешкімі болмаған соң, біздің отбасыға тез сіңісіп кетті.
Нұрбек менің «жиһаз ұрыларын» анықтау жайлы өтінішімді жерде қалдырған жоқ. Күдіктілер жарнама жасаған Instagram желісіндегі парақшалар туралы ақпараттарды алып, үйіне кетті. Араға екі-үш күн салмай, олжалы оралды.
Осылай Есіл аудандық Полиция бөлімі Астанада отырып-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде жасалған бірнеше эпизодты қылмыстық істің бетін ашты. Нәтижелі жұмыс ұжымдағы абыройымды асқақтатып жіберді.
Сол күннен бастап, интернет арқылы жасалатын киберқылмыстар туралы іздене бастадым. Нұрбек «WhatsАpp» әлеуметтік желісінен түрлі сілтемелерді атады. Әлемдік полицейлердің киберқылмыстарды қалай ашатыны жайлы қызықты деректер мені еріксіз өзіне байлап тастады. Осы тақырыптағы кітаптарды «Amazon» секілді онлайн кітап дүкендері арқылы алып оқитын болдым. Тіпті, ағылшын тіліндегі кітаптарды еркін түсіну үшін тіл үйрене бастадым.
Нұрбек қарап жүрмей ұстазым болды. Ағылшын тілін тез меңгеріп, заң факультетінің магистратурасына оқуға тапсырдым. Дипломдық жұмыс тақырыбын бекітіп, «Киберқылмыстың қалай алдын алуға болады?» деген сұрақтарға бас қатырып, іздене бастадым. Қазіргі замандағы киберқылмыстар туралы мәліметтерді жинап, алаяқтардың айла-тәсілдерін жеке-жеке сараптап, олармен күресудің нақты жолдарын көрсетіп, екі жыл ішінде магистратура дипломын жаздым. Әлемдік ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып пайдаланған сызбалар мен түрлі киберқылмыс жайлы сараптамалар үстел үстінде қобырап жататын болды.
Шетелде оқып келген ІТ маманның жөн сілтеуімен өзіме етене таныс криминалистика ғылымымен ұштастыру арқылы дайындаған дипломым министрліктің назарына ілігіпті. Арада алты ай өтпей подполковник шенін алып, Қазақстанда жаңадан құрылып жатқан киберпол басшысының орынбасары болып шыға келдім.
***
Ұйқысыз арпалысты үш күн өтті. Ішетініміз – кофе мен энергетик сусындар. Бұрындары келіншегім Әйгерім дастархан үстінде шашылып жатқан кофе ыдыстары мен босаған бөтелкелерді уақытылы жинап тұрушы еді. Ауылдағы ағайындардың тойы болып, бағана ғана ұзақ жолға шығып кеткен.
Нұрбек шексіз кодтар әлемінің ішінде адасып жүрген сияқты. Компьютер мониторы – зеңгір көк, жыпылықтап тұрған сансыз сан мен түсініксіз әріптер – жұлдыздар. Зеңгір көкті аралап, жұлдыздардың ішінде «жау» іздеп қиялымен қалықтап жүрген інімді аяймын. Осы үш тәулік ішінде дұрыстап тамақ та ішпеді. «Білім санар» бетіндегі көп сан жыбыр-жыбыр етіп, ұйқыға жетелесе де орнынан тапжылар емес.
Мен де өз-өзіммен арпалысып, көз ілмеуге тырысамын. Кірпіктерім айқаса кетсе болды, Нұрбек те ұйықтап қалатын сияқты. Аяғымның ұшымен жүріп, ток шәугімге су қайнатып, қоюлап кофе демдеймін. Нұрбектің кофесі кейде суып та қалады. Оған да қарамай, хакерлердің ізін аңдып, көз ілеспес жылдамдықпен ұзын-сонар сандарды тізіп жазып жатады, әйтеуір.
– Ох-хо, бір айғақ табылған сияқты, – деді кенет Нұрбек айғайлап. Қуанғаннан шыққан жарғышақ дауысы бөлме ішін жаңғыртып жіберді. – Абылай аға, міне, мына жерде хакер із қалдырыпты.
– Дерекқорға шабуыл жасаған осылар ма? – дедім дәп бір арғы жақтағы күдіктіні жағасынан бүріп ұстап, бері қарай жұлып алатындай ентелеп.
– «Shadow» деген логин. Лауазымды тұлғалардың құпия ақпараттарын сүзіп шығыпты. Точно, осының қатысы бар болуы мүмкін. Қазір IP-мекенжайын қарап көрейін…
– Сенен басқа сенер, сүйенер ешкімім жоқ, – дедім жыларман хәлге түсіп. – Қарашы, Нұрбек жан! Қарашы…
– «Shadow, Shadow» – деді інім әндете жымиып. – Қазір құлағыңнан ұстап тұрып, тартып қалсам, аяғымның астына жығылып, қаншық иттей қыңсылайсың!
Мен Нұрбектің сөз саптауына күліп жібердім. Бір жасқа толмай жатып Ресейге кетті. Арада 17 жыл өткен соң елге оралды. Алғашында қазақша бір ауыз сөз білмейтін. Сосын, сөздік кітаптарды жата жастанып оқып, жаттап жүріп, ана тілін үйренді. Қазір қызығы сол, «қаншық иттей қыңсылатам» деген сияқты кітаби тіркестермен сөйлейді. «Абылай Әзімханұлы» деп ресмиленетіні де содан қалған әдет.
– Абылай аға, уайымсыз ұйықтай беріңіз. Мен де демалып алайын. Тынығып алған соң, мына логиннің соңына шам алып түсеміз.
– Құдайға мың шүкір, – дедім күдіктіні құрықтап тастағандай шаттанып. Ұйқым шайдай ашылып кетті.
«Shadow, Shadow, Shadow, ай,
Сені қайдан табам, ай,
«Билгисаярдан» көрсетші,
Көлеңкеңді маған, ай»…
Мен Нұрбектің аузына таңғала қарап қалдым. «Кеше ғана қазақшаны сөздікпен үйренген інім мына өлеңді өз жанынан шығарып отыр ма?». Әкесі Әди «ақын шалыс» адам еді! Біздің балалық шағымыз айтыс дәуірлеген заманға дөп келді. Әр сенбіде теледидардан айтыс беріледі. Бүкіл ауыл балалары суырып салма ақындардың додасын зарыға күтетін едік.
Бізді қойшы, Әди күн санап, дегбірі қашып, ақын болып кететін, сол күндері.
«Әй, Абылай, Абылай!
Абылай деген ханым, ай!
Әди деген көкеңді
Неге жүрсің танымай?
Жалаң аяқ, жалаң бұт
Бала едің сен, о Құдай…
Әди ағам осыны айтып алып, жырқ-жырқ күлетін. Немере ағам шығарған өлеңнің «Жалаң аяқ, жалаң бұт, Бала едің сен, о Құдай» деген тармақтарын ауыл балалары жаттап алып мазақтап, зығырданымды қайнатушы еді.
– Ох, шешеңнің, – деп қасқа басын сарт еткізіп бір ұрды, Нұрбек. Оның үрейлене шыққан даусынан селке еттім.
– Құрыдық! Ана «көлеңке» бізді көрді.
– Көлеңкесі несі? – дедім.
– «Shadow»-ды айтам.
– «Shadow»-ың кім, тағы?
– Ой, Абылай аға, сізді де ағылшынша біледі деп… «Shadow» деген қазақша «көлеңке» деген сөз емес пе?
– Ә, бәсе! Бір жерден естіген сөзім, әйтеуір. Көлеңке дегенің ағылшынша аудармасы «darkness» емес пе еді?
– «Shadow» бізді біледі, болмаса, біз оны кешелі бері бір рет көргенбіз. Қалай байқамай қалдық. Мүмкін емес, – деді інім қынжылып. – Құрыдық, Абылай аға!
– Құрығаны несі?
– Қазір, кибер шабуылдың астында қаламыз. Қараңыз он секундта компьютер беті жыпылықтайды да, деректерді тасымалдаушы сервер істен шығады.
Нұрбектің қолы қалтырап дір-дір етеді. Көзін жұмып, басын пернетақтаға қойды да, асықпай санай бастады.
– Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он… Абылай Әзімханұлы, өтінем! Сервер жұмыс істеп тұр деп айтыңызшы. Бір, екі, үш…
– Серверіңнің жұмыс істеп тұрғанын мен қайдан білем?
– «Билгисаярдың» бетінде «Еrror» деген қызыл жазу шыққан жоқ па?
– Жоқ.
– Иә, Құдай, қолда… Бір, екі, үш…
Нұрбек басын көтерместен қайтадан онға дейін санап шықты.
– Абылай Әзімханұлы, «Еrror» деген қызыл жазу шыққан жоқ па?
– Шықса не болады, шықпаса ше?
– Шықса құрыдым! Менің он жыл бойы ешкім білмейтін сырларым ашылады. Біз серверді қайта қосқанша, хакер біз туралы бүкіл мәліметті өзіне көшіріп ала қояды. Өмір бойы олардың құлы болып өтетін болдым, ау, енді, – деп қасқа басын пернетақтаға тарс-тарс ұрып еді, қалшылдап-қалтырап кетті, Нұрбек. . Пернетақтаның беті шытынап, түймелері шашылып қалды.
– Ешқандай да қызыл жазу шыққан жоқ, – дедім мен оны сабырға шақырып.
– Шын айтасыз ба, – деді Нұрбек менің сөзіме сенбей.
Сөйтсе де, көзін қинала ашты. Жанары қызарып, кинодағы вампирдікі секілді қанталап кетіпті.
– Енді екеуміз де ұйқы жоқ. Кибер шабуыл жасауға тас түйін дайын тұруымыз керек. Ол «билгисаярын» қосқанда серверін «бомбалаймыз». Масқара болып ұйықтап қалсақ, «Shadow»-дың қақпанына түсіп қаламыз, басқа пернетақта әкеліңіз, Абылай аға! – деді түймелері ұшып, ортасынан қақ бөлінген клавиатураның жібін ағытып жатып.
***
Компьютердің бетіндегі әр сызық, әр сан, әр код тынымсыз жыбырлайды. Қыбырлаған сандарды құмырсқаларға да ұқсатамын. Көп құмырсқа әрлі-бірлі жөңкіледі. Олардың ішінде жасырынған қылмыскер бар. Дене тұрпаты ұқсас, арқалаған азығы да бірдей құмырсқалардың қайсысы хакер екенін аңдып, інім із бағады. Бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қайдағы бір шенеуніктердің құпиясы жария болып кетпес үшін Нұрбек екеуміздің арпалысып, күні-түні ұйқы бетін көрмей, «майдан даласында» жүруіміз қаншалықты әділетті?
Осыдан екі күн бұрын мені вице-министр шақырды. Кабинетіне кірген жерден әдеттегідей психологиялық қысым жасауды бастады.
– Киберполдың жұмысы – нөл. Мемлекетке қауіп төніп тұрғанын біз сіздерден емес, Интерполдан естиміз. Неге?
Шені жоғары қызметкерге бағынып үйренген дағдымен қолақпандай дәу, пұшық мұрынды вице-бастыққа үндей қоймадым. Креслосында қаздиып тік отырған оның көзі емес, үңірейген мұрнының тесігі маған қарап тұрғандай көрініп кетті.
– Киберқылмыс күн санап өсіп барады. Мәселен, соңғы бір жыл ішінде киберпол қанша қылмысты ашты? Айтыңызшы ал!
– Ресми дерекке сүйенсек…
– Ресми дерек, статистикаңды қоя тұр! Міне, Интерполдың мәліметі. Сіздер ай қарап, жұлдыз санап отырғанда, хакерлер 128 лауазымды тұлғаның құпия ақпараттарын ұрлаған.
– Интерпол сонда…
– Қысқарт, тыңда мені. Бұл құпия мәліметтер әлемдік баспасөзге жарияланып кетсе болды, ең бірінші сенің басың кетеді. Ұқтың ба?
Вице-министр «кішкене бөбек» саусағын апанның аузындай үңірейіп тұрған пұшық мұрнының тесігіне тығып, қайыра суырғанда іріген сағыздай маңқасы созылып ере шықты.
Бұдан ары шыдау мүмкін емес еді.
– Интерпол, сізге хабарласты ма? – дедім мұрнынан ере шыққан «сағызын» қайда жасырарын білмей сасып қалған бастығымның көзіне тіке қарап.
– Жоқ, министрге! – деді вице-министр сөзін бөліп жібергеніме жақтырмаған түр байқатып. Киберполдың жұмысын жіліктей шағатын адамның кейпін сомдап отырғаны болмаса, әліпті таяқ деп білмейтіні жанарында тұр еді. Содан болар, психологиялық қысым жасауды қате бастағанын түсінген де жоқ.
– Телефонмен айтып па? – дедім әлемдегі ең ірі халықаралық полиция ұйымының атын ойланбай айта салған вице-бастықты мысқылдағандай. Интерполдың полиция департаменттері сияқты бастықтарына жан-жақты мәлімет беріп, хат жазып, иә телефонмен қоңырау шалып отырғанын елестетіп едім, мені күлкі қысты.
– Министрге айтқан.
– «Global Complex for Innovation» (Интерполдың киберқылмыспен айналысатын бөлімі, кеңсесі Сингапурде орналасқан) ұйымы шығар қоңырау шалған, бәлкім? Жоқ, әлде «Cyber Fusion Centre» (ақпарат алмасу бөлімі) орталығы ма?.
Вице министр не деп жауап берер білмей, шын састы. Сосын, «сезікті бірінші секіреді» керімен:
– Сен өзі қайда отырғаныңды ұмытпа! Біз сенің «Еурополдың» тыңшысы екеніңді білмейді деп ойлайтын шығарсың! Бәрін білеміз! Кітабыңның Германиядан басылып шыққанын да естіп жатырмыз. Қатардағы жедел із кесушінің айналдырған 3-4 жылда киберпол болып, кітап жазып тастауы мүмкін емес. Шетелдік агент болмасаң…
– Құрметті, вице-министр мырза! Сіз маған жала жауып отырғаныңызды білесіз бе? – дедім жарылардай ашуланып. Нақақ айыптауға бұдан әрі төзу мүмкін емес еді. Аяқ-қолым қалтырап, қарсы алдымда отырған бастықты ұрып жіберуге аз қалдым.
– Жала ма, басқа ма, онда шаруам жоқ. Егер лауазымды тұлғалардың құпия құжаттарын қолға түсіргендерді таппайды екенсіңдер, бәріне сен кінәлі боласың. Алдыңда екі жол тұрады. Қайсысың таңдасаң да, таңдау өзіңде…
Виценің айтқан екі жолын жақсы білетіндіктен түрім бозарып сала берді.
– Вице-министр, мырза! Тұлғалардың құпия ақпараттары мен мемлекет қауіпсіздігінің арасында қандай байланыс бар? Қорғаныс, иә Ішкі істер министрлігінің электронды базасына шабуыл басталса, түсінемін. Ал, лауазымды тұлға деген…
– Сонда сен, саусағыңды қимылдатып, жұмыс істемей отырғаның аздай, лауазымды тұлғаларды айыптағың келе ме?
– Мәселе айыптауда емес. Құпия ақпараттардың артында сыбайлас жемқорлықтың төбесі көрінбей ме?. Жүзден аса мемлекеттік қызметкердің тыққан-сыққаны ашылып қалса, ол қара бастарына ғана қатер. Шенеуніктің қылмысын жабу киберполдың міндетіне кірмейді. Мұны бір деңіз. Екіншіден, сіз айтқан құпия ақпараттардың ұрланғаны туралы мәліметті министрге мәлімдеген Интерпол емес, лауазымды тұлғалардың өзі. Соңғы аптада жеті шенеунікке хакерлер хабарласып, әр қайсысынан миллион доллар қаржы аударуды сұраған. Әйтпесе, олардың құпия ақпаратын жарияламақшы екен. Егер шенеуніктер сүттен ақ, судан таза болса, хакерлердің бопсалауына көне қояр ма еді? Үшіншіден, бұдан кейін сіз вице-министрі басыңызбен маған «шетелдің агентісің» деп жала жабушы болмаңыз. Еурополдың «European Cybercrime Centre», БҰҰ-ның «Counter-Terrorism Committee», Дүниежүзілік Киберқауіпсіздік Орталығы (Global Forum on Cyber Expertise — GFCE) секілді ұйымдардың ешқайсысы «тыңшы» ұстамайды, ұстаған да емес. Интернеттен төте ақпарат алу мүмкіндігі бар заманда олар тыңшыны қайтпек?
Вице-министрдің жүзі түтігіп, қап-қара болып кетті.
– Сіз, – деді бағанағы сенін ұмытып. – Сіз мені өйтіп оқытпай-ақ қойыңыз, – деді тұтыға сөйлеп. – Әңгіменің тоқетері мынау. Құпия ақпараттарды ұрлаған хакерлерді табасыз. Таппасаңыз екі жолдың бірін таңдайсыз. Боссыз.
Министрліктен ұнжырғам түсіп, басым салбырап, көңілсіз шықтым. Хакерлер шенеуніктердің шетелге тыққан активтері туралы мәліметтерді қолға түсіріп, қоғамдық резонанс жасаса, біраз шендінің басы кетеді. Бірақ, оларға бұл керек емес. Керісінше, лауазымды тұлғаларды қорқытып, миллиондаған қаржыны бопсалағаны тиімді.
Ал, вице-министр айтқан екі жолдың бірі – суицид. Өз-өзіме қол жұмсауым керек. Оған көнбесем, көлік апатынан ба, басқа жайдан ба, әйтеуір көп ұзамай татар дәмім таусылары кәміл. Жанымды қинап өлтіре ме, жоқ у беріп, ұйықтата сала ма, оны өздері біледі.
Жұмысқа іле-шала жетіп, төрт сағат ішінде ІТ мамандары арқылы хакерлердің Астанада тұратынын анықтадым. Сөйттім де, кибер қылмысты ашуы тиіс орган қызметкерлерін шенділердің былығын жабуға жұмылдыруға дәтім бармай, денсаулығыма байланысты демалыс алып үйге тарттым.
Өз өмірімді сақтап қалудың жалғыз үміті Нұрбектің қолында тұрғандай көрінді.
***
– Кел көлеңке, кел «Shadow» – деді Нұрбек баяғы Хасен атам сияқты қасқа басын сипалап. – Оян, хакер, ояншы! – деді сосын темір қалбырдағы энергетик сусынды қылқылдата ішіп. – Мынау Shadow-ыңыз оңай хакер емес. Біздің елді айналдыра бастағанына бар болғаны екі ай болған. Бірақ, оның іздері, тамыры тым тереңде тұрғаны сезіледі. Қандай серверлерге тұмсық тыққанын көру үшін, ол «білім санарын» тезірек қосса екен. Бұған Қазақстан неге керек бола қалды? Неге?
– Күн батарда кішкене адамның көлеңкесі екі-үш еселеніп, ұзарып кетпей ме? Бұл да соның бірі шығар. Әйтпесе, оның ізіне үш күнде түсе қоюымыз мүмкін емес қой, – дедім ішімді кемірген күдікке жауап таба алмай.
– Соған менің де ақылым жетпейді. «Shadow» неге ашықтан ашық із қалдырды?
– Оны біз емес, ол бізді аңдып отырған жоқ па? – дедім жымиып.
– Күлер дүние емес, Абылай Әзімханұлы, күлетін дүние емес, – деді інім пернетақтаға қайта басын қойып.
– «Shadow»-ың атып шығып, андағыңның түймелерін тағы да шашып тастап жүрме, – дедім бұл жолы даусымды шығара жарқылдай күліп.
– «Shadow»-дың ІР мекен-жайын анықтасақ қой. Жұмбақтың бәрі шешілер еді. Бақсыдай бал ашып, отырмас едік, – деді Нұрбек энергетик сусынға қайта қол созып.
– Осы энергетик сусынды ішуді тоқтату керек. Қаншама жас жігіттердің қан қысымын көтеріп, жүрегін тоқтатып тастап жатыр, – дедім әңгіменің арнасын басқа жаққа бұрып.
– Ох, шешеңнің, – деді Нұрбек тағы да бағанағыдай қасқа басын сарт еткізіп бір ұрып. – «Shadow»-ыңыз аз болғандай, «Shadow-2» пайда болды, мұнда! «Ептей алмайдылар» (інімнің әзіл-ысқақ театрларынан үйренген сөзі) арандататын болды. Дайын шабуылды осылай қарай бағыттамасақ, құримыз, Абылай аға. Иә, Құдай! «Shadow»-ды он-он бес секунтқа оята көрме. Бір, екі, үш…
Нұрбектің қанталап тұрған көзіне қарап едім, жүрегім дір етті. Біздің тұқымда жоқ, өте сұсты кейіпке еніп үлгеріпті, ол. Қайдан сап ете түскенін білмеймін, «мынау Хасен атама да, Әди ағама да ұқсамайды. Мүлдем, басқа адам» деген ой келді. Орнымнан атып тұрып, сейфке қойған тапаншамды алмаққа тұра ұмтылдым. Нұрбекте менің қайда асыққанымды ұғар шама жоқ, «білім санарға» баспен кіріп кеткен. Осы сәтте пайдаланып, тапаншаны алып, оғын салып, шүріппесін ағытып үлгердім.
– Он бір, он екі, он үш, он төрт… Абылай Әзімханұлы, сүйінші, қараңыз «Shadow-2» қармақты қапты. Оның сервері быт-шытын шығарып, бомбалап тастадық. Қазір, қазір Абылай Әзімханұлы!
– Ох, шешеңнің, мынау «Shadow-3» қайдан шықты. Бұған да соққы берелік. Біләт, «Shadow-4», «Shadow-5», «Shadow-6», «Shadow-7», «Shadow-8», «Shadow-9″… Мына көлеңкелер неге көбейіп жатыр? Неге? Өздері сұранып келіп, қақпанға түсетіндей жын соққан ба, бұларды?
Жыбыр-жыбыр сандар көбейіп, компьютердің беті жап-жасыл жазуларға толып кетті.
– «Shadow-10», «Shadow-11», «Shadow-12», «Shadow-13», «Shadow-14», «Shadow-15″… Бітті. Абылай Әзімханұлы, қорқынышты, мынау! Бір емес, 15 хакер өздігінен беріле салды. Бұл не сойқан?
– Не сойқан болуы мүмкін?
– Біздің қолмен от көсегелі отыр, бәлкім!
– От көсегені қалай? – дедім түкті түсінбей.
– Абылай Әзімханұлы, мен білсем, бір әккі хакердің торына түсудің алдында тұрмыз. Шешесінің, нем бар еді, шатылып. Қазір бұлардың IP-мекенжайын тексеруге отырсам, ұзақ уақыт кетеді. Ол арада «Shadow»-дың оянбауы, «билги саярын» қоспауы мүмкін емес. Құримыз. Құртады, бізді. Қалаңыз, қаламаңыз, мынау киберқылмыскерлер құрған топың мүшесі болып шыға келеміз. Ал, хакерлердің ақпаратын көшіріп алмасақ, тағы болмайды. Не істеу керек, айтыңызшы, Абылай Әзімханұлы!
– Бірінші «Shadow»-ды күтейік, – дедім мен.
– Жоқ, күтпейміз! – деді Нұрбек маған атарға оғы жоқ адамдай безере қарап. – Хотя бы, біреуінің мәліметтерін көшіріп алайық. Өлсек те, не үшін жанымызды қиғанымызды біле кетеміз.
– Өлгені несі? – дедім мен түкті түсінбей.
– Екі жолдың біреуін таңдаймыз ғой, одан басқа не қалды, бізге? – деді Нұрбек қасқа басын қайтадан сарт-сарт ұрып.
– Екі жол жайлы сен қайдан білесің? – дедім Нұрбектің жүзіне тіке қарап. Қалтамдағы тапаншаны жұлып алып, қалай тез кезене қойғанымды аңғармай қалдым.
– Абылай Әзімханұлы, қолыңыздағы ойыншығыңызды шошаңдатпаңыз! – деді Нұрбек түк те қобалжымай. Тіпті, қазір шүріппені басып қалсам да, ыға қоятын түрі көрінбейді.
– Абылай Әзімханұлы, енді тығылмақ ойнаудың түкке қажеті жоқ, – деді Нұрбек. – Мен сіздің 17 жыл бұрын шешесіне еріп, Ресейге кеткен Нұрбек ініңіз емеспін. Нұрбек қазір Мәскеу қаласында жанар-жағармай құю бекетінде «пистолетчик» болып қара жұмыс істейді. Осыдан он жыл бұрын Қазақстанның қауіпсіздік қызметі киберпол құру ісін бастады. Компьютердің тілін меңгерген, жетімдер үйінде өскен ешкімі жоқ қыз-жігіттерді арнайы дайындықтан өткізді. Жаңадан құрылған киберполды басқаратын ІТ маман жоқ болған соң, ұлттық қауіпсіздік комитеті менің кандидатурамды бекітіп, сіздің үйге інісі кейпінде жіберді. Содан бері, мен Абылай Әзімханұлы Қайсенов деген атпен киберполға қызмет ете бастадым. Қысқаша айтқанда, екеуміз бір адамбыз.
– Полицейге де, комитетчикке де ұқсамайсың. Мұның бәрін неге менің алдымда жая салып отырсың, – дедім әлемдік банктер жүйесінде ІТ маман болып қызмет етеді деп жүрген інімнің айтқандарына сенбей.
– Міне, сенбесеңіз қараңыз! – деп Нұрбек төс қалтасынан бетінде елтаңба бейнеленген қоңыр түсті қалың куәлікті алдыма қарай лақтырып тастап. Дәл менікіндей құжатты ашып қарап едім, бір жақ бетінде подполковник шенді форма киген Нұрбектің бейнесін, сол суреттің жанында Абылай Әзімханұлы Қайсенов деген тектің жазылып тұрғанын көрдім.
Осы сәтте компьютер беті жыпылықтай бастады.
– Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он… Абылай Әзімханұлы, өтінем! Қандай жағдай болмасын, мен сіздің бауырыңызбын! Бірақ, офицер жеңілгенін мойындауы керек. Менің сіздің көлеңкеңіз болғанымды, болмаса сіздің менің көлеңкем болғаныңызды біреулер біледі. Мен шынында жетім бала едім. Маған Отан дегеннің, отбасы дегеннің не екенін сіз ұқтырдыңыз. Келініңіз, бала-шағам сізге аманат. Мен сізді де, Әйгерім жеңгемді де, кішкентай Арыстанды да жақсы көрдім. Енді қалған ғұмырымды киберқылмыскерлердің құлы болып өткізгім келмейді, – деді театр сахнасында рөл сомдап тұрған актердей тым әсерлі сөйлеп.
Нұрбектің жыларман хәлде айтқан сөздеріне сенер-сенбесімді білмей тұрғанымда тарс еткен дыбыс шығып, ол шалқалап құлап бара жатты. Қалтасында жасырған тапаншасы бар екен, соның шүріппесін басып қалған. Не істерімді білмей, абдырап компьютердің бетіне қарап едім, сервер бұзылып, «билги саярдың» бетінде «Еrror» деген қызыл жазу шықты.
– Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он…
Енді санауды мен бастадым. Компьютер қайта қосылып, бетінде шетелдік банктердің есепшоттары шыға бастады. Барлық шот менің атыма ашылыпты. Аяқ-қолым қалтырап, санап шығып едім 258 миллион доллар.
Кенет компьютердің беті гүлге көмкеріліп, «LION SHADOW» көкеден сіздерге сыйлық» деген жазу шықты.
«Lion» деген – Арыстан. Арыстан деген Нұрбекті көкелеп жүрген он бес жастағы балам емес пе? Нұрбек екеуміз киберқылмыстар туралы іздене бастағалы бері бүкіл қағаз, бүкіл еңбегіміз үстел үстінде шашылып жататын еді. Қателігіміз сол, «білім санарды» да ылғи ашық қалдырсақ керек.
Жүгіріп барып, Арыстан жатқан бөлменің есігін жұлқа аштым. «Аға де», «ағатай де», «көке де», «көкетай, енді өйтпеймін де» деп асыр сала ойнайтын ағасының әзір ғана атылып өлгенін көрші бөлмеде отырып естімеген баламның бетіне үңіле қарадым.
Оның көзіннен сансыз цифр мен әріптерді көрдім.
Ержан Нұрмұқа