12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Таңғы қоңырау

Әсемге әлдебір «жанашыр жанның» қоңырауы  оқыстан түсті. Күйеуі Батырбек әжептәуір жілікті фирманың басшысы еді, «Мұнда сізді бей-жай қалдырмайтын қызық болғалы жатыр, жылдам келіп кетіңіз…»,-деді беймәлім нөмірден  хабарласқан бейтаныс дауыс. Соңғы кездері күйеуінің жүріс-тұрысы сұйықтала бастағанын байқап жүрген келіншекке алғашқыда  бұл қоңырау арандату болып көрінгенімен, түйсігі не болса да барып көрмеймісің деп ақыл қосқан соң, қолды-аяққа тұрмаған жас келіншек  жылдам киінді. Алтыншы қабаттан түсіретін лифті күтуге мұршасы жетпей, жүгіре басып жаяу түсті.

Сыртта шыңылтыр аяз бар екен. Асығып жүріп, жеңіл киініп еді, күйеуіне жеткенше жаурап қалатын түрі бар. Ағылып жатқан көп таксидің бірін әзер ұстады. Заулап келе жатқан көліктің артқы жағында отырып, ерінің телефонын осымен нешінші мәрте теріп еді, өшіп жатыр.

Қаланың орта тұсындағы сәнді ғимараттың бірінде орналасқан офистің астыңғы қабатына кіре берістегі күзет қызметінде тұрған күзетші жігіт бұны көріп, жылы жымиды. Бұрын да бұл жерге жиі ат басын бұратын келіншектің бет-бейнесін  әбден жақсы танып алғаны сөзсіз. Тіпті, аты-жөнін де біліп алған тәрізді.

– Қош келдіңіз, Әсем ханым! – деп қалбалақтап жатыр.

Ашық жігіттің сәлемін алып тұрып:

– Біздің үйдегі ағаңыз орнында шығар?  – деп сұрады.

– Әрине, – деді күзетші жігіт күле жауап беріп: – Ол кісілер манадан бері туған күнді дүрілдетіп тойлатып жатыр. Корпоративке  қатысушылардың көбісі тарқап кетті, ендігі қалғаны  ішімдікке құламайтын ең мықтылары, – деді.

Сұлу әйелдің өңі сұрланып сала берді. Бір бәленің боларын түйсігі сезгендей тұла бойы түршігіп кеткендей болды. Күйеуі бұрын өз ұжымындағы ондай-мұндай қызықтардан  мұны да қалдырмай, ара-тұра бірге алып келіп, қатыстыратын. Тек соңғы кездері ғана бұл әдетінен жаңылып, шақырмайтын болып жүр.

Әсем биік өкшелі туфлиін тықылдатып үстіңгі қабатқа көтерілді. Офистің үлкен залына таяй бергенде, іштен қызара бөртіп қызып алған кісілердің қатты күлкісі ап-анық естілді. Есікті  кенет ашып, ішке кіріп келгенде, айқай дем дегенде басыла қалды.

Күлкілері сыртқа ерекше естілгенімен, іште тек үш-төрт қана адам отыр. Төрге таяу фирманың басбухы Қарақат жайғасыпты. Елуді алқымдап қалған осы әйелдің киімі киісі ерекше. Жарқ-жұрқ еткен әлем-жәлем киінуге әуес. Оның жанында отыздың үстіндегі қой көзді қараторы  тартымды жігіт оқыста кіріп келген  сұлу келіншекке ішіп-жеп қоярдай тесіле қарады. Бұл ерсілеу көзқарас  Әсемнің қолайына жақпай, бойын бір түрлі діріл билегендей болды. Ал есікке тақау отырған жігіт күйеуінің фирмасының тұрақты шопыры Әсет болатын.

Әсемді көре салысымен жік-жаппар болып, орнынан көтерілген Әсет:

–Келіңіз, жеңгей! – деп жайылып жастық болып жалпылдап барады.

Бұл екі арада Қарақаттың Әсетке қарата көрсеткен бір түрлі жұмбақ ым-ишарасын Әсем байқап қалды.

–Батырбек қайда? – деді Әсем әлденедей  бір құпияның төркінін түйсігімен түйсініп,  денедегі дірілі әлі де басылмай. – Осында ма? Әлде шығып кетті ме?

Басбух әйел сасқалақтап:

–Жо-жоқ, – деп алды да, іле:

––Иә, шығып кетті…, – деді сенімсіз үнмен. Әсем күмәнді жайға енді шүбәсі  қалмай:

– Қайда ол?! –деп  нығарлай  сұрап еді, сұлу келіншектің мысы басқан Қарақат:

– Ана жақта-ау деймін…, – деп Батырбектің түкпірдегі кабинетін нұсқай берді.

Әсем бөлмеден  жұлқына шығып, күйеуінің кабинетіне аптыға адымдады. Шопыр Әсеттің:

– Апай-ау, бәрін бүлдіріңіз ғой…, – деген шарасыз сөзін шығып бара жатып шала естіді.

Кабинетке тақап келгенде іштен әлдеқандай әрбір әйел затына  етене таныс тылсым, тұншыға шыққан сиқырлы сылқым үндер құлағына жетті. Әсем кабинеттің есігін сілки ашты. Есік ішінен жабылмапты.

Көзі бұдан жарты жыл бұрын Батырбектің фирмасына қызметке орналасқан Ботагөз деген  бойжеткенді құшағына қысып, ашқарақ, арсыз нәпсісін тия алмай  аймалап жатқан күйеуін бірден шалды.

Бұл қызды алғаш көргенде, тайсалмай қарайтын жанарынан  әбден дағды алған нәпсінің тойымсыз тілегін байқап қалып еді Әсем. Түйсігі алдамапты. Батырбекті ақыры қармағына түсіріп тыныпты…

Қыздың қынай белінен жоғары жағы мүлдем ашық. Көзі жұмулы. Көйлегінің көкірек тұсындағы түймесі ағытылып, аппақ төсіне төңкерілген қос анары  көріктей көтеріліп, дірілдейді. Үлбіреген балғын бейне көзін жұмып, Батырбектің ырқына көніп, жандүниесі қорғасындай балқып, құшағында шалқиды…

Сасып қалған Батырбек  шешілген шалбарының ауына жармасты. Бұдан әрі мынау жағымсыз көрініске қарап тұруға дәті де, намысы да жетпеген Әсем кілт бұрылып, есікті серпи жапты да, құйындай ұшып офистен шықты. Ұзай бергенде ұялы телефоны ызыңдап қоя берді. Күйеуінің нөмірі. Көтермей, басып тастады.

Бағана өзін қарсы алған күзетшіден: «Бұл нендей мереке?!», – деп сұрауға ғана шамасы келді.

– Ә, анау Ботагөздің туған  күні ғой…, – деді болған жайдан хабарсыз күзетші қаннен-қаперсіз.

Әсем сол қалпы тоқтамастан көше бойлап белгісіз бағытта жүріп келеді. Ойы сан-сапалақ. Мынадан кейін күйеуімен қалай бірге тұрмақ? Қалай ғана бір төсекте құшақ айқастырып жатпақ?  Сонда қалай, айырылысудан өзге жол жоқ қой тегінде?! Осындай беймаза ойлар бірінен соң бірі келген  келіншектің көз алдына ана бойжеткеннің өзінен он жастай кішілігі, оның талшыбықтай бұралған тартымды дене бітімі, әсем ажары келді.

Қолға ұстаған бақыт құсының осыншалықты айнымалы болып шығып, енді міне уысынан шығып бара жатқанын ойлағанда, шығарға жаны қалмай, тым беймаза күйге түсті. Жаралы аңдай, бір мезеттің ішінде суық тартқан  қала көшелерімен беті ауған жаққа келе жатқан келіншекке Батырбек осы уақыт ішінде кемі он рет телефон соққан шығар. Қоңырауға жауап беруге құлқы соққанды қойып, әлдебір жеккөрінішті сезімнің жетегімен жауап беруге арланды.

Бір жағы тапталған әйел намысы, екінші жағынан әп сәтте бұлыңғыр тартқан белгісіз болашақ та үркітіп, Әсемнің жан дүниесі алас  ұра сілкінді.

Алай-дүлей сезімнің жетегімен жаны аласұрған келіншек осы шарасыз қалыпта көшеде көп жүрді. Тек бір мезетте  ғана әлдеқандай  шешімге келгендей, телефонын шығарып, әлдебір нөмірді терді. Ар жақтағы дауыс ілезде жауап қатты:

– Иә, Әсем Мұратовна, – деген  шопыр Әсеттің ашық дауысы естілді.

– Әсет, маған жедел арада Ботагөздің  мекен-жайы керек!

Әсет бірден жауап бере алмай, күмілжи берді.

– Қобалжыма, менің тек ол қызбен ұрыс-керіссіз әңгімелесуім керек.

Шопыр жігіт енді әрі қарай тартынудың орынсыз екенін түсініп қыздың адресін берді.

Бұл кезде уақыт түн ортасына тақап  қалған шақ еді. Жолай такси ұстаған Әсем тоғыз қабатты биік үйді қиналмай тапты. Кіреберіс есікке келісімен, әлгіндегі аласапыран ашу бәсеңсіп, енді нендей амал жасауы керектігін түсінбегендей,  абдырап тұрып қалды. Сосын батыл бір шешімге келіп, есіктің қоңырауын қаттырақ басты. Бірақ ешқандай жауап болмады. «Неге, әлі келмеген бе?», – деп ойлады.

Сөйтіп тұрғанда, іштен ит жетелеген бір еркек атып шықты. Әсем де көп ойланбастан, ішке қарай  зып беріп кіріп кетті.

Бесінші қабатқа да жылдам көтерілді. Алаңқайда тек екі ғана пәтер бар болып шықты. Қажетті пәтердің қоңырауын қайта-қайта басқанымен, тағы да еш жауап болмады. Тек бір мезетте ғана есіктің сәл ғана ашылып тұрғанын байқады. Мыналар  сорақы қылықтарын енді қыздың үйінде жалғастырғаннан сау ма өзі деген сумақай ой заматта санасын тілгілеп өтті. Осы оймен есіктен ішке аттай бере тың тыңдағандай  тұра қалып еді, ешқандай сезікті үн не дауыс естілмеді. Амал жоқ:

– Ботагөз! – деп әлденеше рет дауыстап еді, оған жауап берер ешкім болмады. Оң жақтағы ас үйде жарық бар екен, аяғын ептеп қана басып сол жаққа жақындап келді. Үстел үсті жиылмапты. Жеңіл тіскебасар, басталған бір шөлмек шампан мен екі фужер стақан тұр. «Мәссаған, мыналар ұяттан жұрдай екен, махаббат ойындарын енді түк болмағандай, үйлеріне келіп жалғастырған болып шықты ғой!» деп ойлаған Әсемнің қаны қайтадан басына тепті. 

Дәліз бөлме арқылы енді төр бөлмеге қарай аттай берген Әсем едендегі қалы кілемнің үстінде шалқасынан үнсіз жатқан Ботагөзді көріп қалт тұрып қалды. Қыздың екі қолы екі жаққа жайылған, беті қан, тіршілік белгісінан ада қалыпта сұлық жатыр. Мына көріністен зәресі қалмай ұшып кеткен Әсемнің төбесінен әлдекім суық су құйып жібергендей шошып, қалшиып   тұрып қалды. Жылдам есін жиып, қыздың денесіне арқасын бере қалт бұрылып, инстинкті түрде сыртқа атып шықпастан бұрын, жерде жатқан  таныс қаламға көзі түсті. Таныс болатыны, онда күйеуінің фирмасының логотипі жазылған еді. Әсем қаламды еңкейе бере тездетіп қалтасына салып ала қойды.

Ботагөздің қонысынан шыға бергенде, қарсы жақ пәтердің есігі ақырын ғана жабылып, есіктің көзшесі жарыққа жарқ етіп көрінді. Яғни, көрші адам мұны байқап қалып, енді тесіктен қарап тұр.

Әсем тез есін жиып, сыртқа жүгіре шықты. Оқиғаның бұлай боларын болжамаған келіншекке енді бағанағы байбаламы ойыншық тәрізді көрініп кетті. Мына жерде кісі өліп жатыр. Және де оған алғашқы күдіктілердің бірі өзі.

Таксиде келе жатқан келіншектің  шақшадай басы шарадай дейтін күйге енді анық түсті. Бұл не болғаны сонда?  Жағдайдың бұлайша аса қатерлі болып өрістеуіне кім кінәлі? Әрине, өзі. Күйеуінің офисіне барып несі бар еді?! Бағанағы көріністің үстінен түспесе, тап осындай оқыс оқиға болар ма еді?! Тегі, күйеуі Әсемнің телефон қоңырауына мүлдем жауап бермеуінен қорқып, ыза болып мына қыздың үйіне келіп, екеуара жанжал шығып, бойжеткенді әдейі болмаса да, қапыда өлтіріп алған.

Әсем үйіне  осындай ауыр ойлардан әбден қажып оралды. Келсе, Батырбек өң-түс жоқ, боп-боз болып мұны күтіп отыр екен.  Жалма-жан кешірім сұрауға көшті.

Оның әрнәрсенің басын бір шалып, ақтала сөйлеген сөзін шала-шарпы тыңдаған Әсем бір кезде есін жиып, ызаға толы болса да, сабырлы дауыспен: 

– Батырбек, ендігі жерде сенің сөзіңнің ешқандай мәнісі жоқ, – деп барып тыныстаған сәтте:

– Кешірші мені…, – деп сандырақтаған кісідей бір сөзін қайталай берген күйеуіне Әсем:

–Ботагөз өлі…, – дей бергенде, Батырбектің көзі шарасынан шығып кете жаздады.

–Не дейсің?! Қалайша? Кім оны? Сен қалжыңдап тұрсың ба? …, – дей берді бозарған үстіне бозара түсіп.

–Жоқ! Ол өлі. Мен оны өз көзіммен көріп келіп тұрмын.., – деді Әсем дауысы шығар-шықпас болып.

–Сенбеймін! Сене алар емеспін! – деп Батырбек есі ауысқан кісідей, бақырайған көздері шарасынан шығып кетердей Әсемге алақ-жұлақ етіп қарай берді. Сөйтті де, есіне бір нәрсе түскендей, Әсемге әлдебір жұмбақты сұраулы түрмен үңіле көз жүгіртті. Әсем бұл көзден «Сен өзі ашу-ызамен ана қызды өлтіріп алған жоқсың ба?!» деген үрейді  оқыды.

– Иә, Ботагөз бұ дүниелік емес енді, – деді әйел барынша сабырмен. – Жанынан мына қаламды таптым. Бәлкім, сен білерсің оның мұнда қалай жатқанын? Әлде байқамай қолың қатты тиіп кетіп, сасқаныңнан қызды тастай қаштың ба?

Батырбек бұған сен шын айтып тұрсың ба осыны дегендей  шошына қарады. Күйеуінің болмысы мен жан-дүниесін жатқа білетін Әсем бұл көзқарастан күйеуінің мына қылмысқа қатысы жоқ екенін түйсігімен сезді.

Өң-түсі қалмаған Батырбек  сұлық отырған қалпы:

–Сен ашулы күйде шығып кеткен соң, Әсетке  қалған қызметкерлерді үйді-үйлеріне таратып таста деп тапсырдым. Өзім жұмыста қалып, саған қайта-қайта телефон соғумен болдым. Жарты сағат өтті ме-өтпеді ме, Әсеттің көлігінен Ботагөз қоңырау шалды. «Үйге кел, сөйлесетін сөз бар», – деді. Мен барсам барайын деп ұйғардым. Саған Алланың атымен ант етейін, шынымен де, бұдан былай арамыз осымен тоқтасын, өзіңе басқа жігіт тауып ал, жұмыстан да шығасың деп айтпақшы болдым, – деді.

– Сосын…

– Дәл солай жасадым да. Бірақ Ботагөз менің сөзімді естігісі келмей,  ашу-ызамен ағайлай сөйлеп, байбалам сала бастады.  Мына түрімен адам тыңдайтындай еместігін түсініп, кеудесінен қатты итеріп тастап, шығып кеттім. Бар болғаны сол…, – деді шарасыз Батырбек бұдан көмек сұрағандай жалынышты кейіпте.

– Сонда кім? – деп Әсем бөлме ішінде арлы-берлі жүре бастады. – Шынын айтқанда, мен оған өте ашулы келгенмін. Ашуымның қатты болғаны соншалық, тіпті, жазым етуім де мүмкін еді. Оның өлі денесін көргенде, ол жерден кеткенше асықтым. Ең сорақысы, менің одан шығып бара жатқанымды қарсыдағы көрші әйел көріп қалды…

Еркек емес пе, алдымен есін Батырбек жылдам жиды. Сағатына қарап:

– Қазір түнгі сағат екі. Таңертең оның өлі денесі табылады. Біз осы бес-алты  сағаттың ішінде оның өліміне нағыз кінәлі адамды  анықтауға тиіспіз!

– Қалайша?! – деді Әсем үрей аралас таңданыспен.

– Бізде басқадай жол жоқ! Кешіре алсаң, кеш мен, Әсем!

Келіншек күйеуіне еркінен тыс емірене қарағанын сезбей де қалды. Қаншама қиналып тұрса да:

– Кешірдім. Абақтының алдында кешірмеске не шара?! – деп қыршаңқы тілмен   зілді әжуасын да  ұмытпады.

– Қайдағыны айтпа, жаным! Жүр ас үйге өтейік, қағаз бен қалам алып келші.

Тумысынан сабырлы жігіт еді, дегенмен, уақиғаның тым қауіпті  белең алып бара жатқанын сезгендіктен, уақыт тым кеш болса да бала кезден бірге өскен қимас досы, бүгінде қаладағы криминалдық полиция басқармасының тергеу бөліміне жетекшілік ететін Абылай Қайсеновке қоңырау шалуды ұйғарды. Мұндай түнгі қоңырауларға әбден еті үйренген подполковник телефонды бірден көтерді. Және де ол түнгі қоңыраудың иесі өзінің жақын досы болса ше!

Батырбек қысқаша амандық-саулықтан соң болған жайды жылдам баяндады. «Күтіңдер, қазір келемін!», – деген Қайсенов жеткенше, қолына қағаз алып,  сызба жасай бастады.

                                           ***

Батырбектен қозы көш жерде, дәрігер әйелімен қызметтік пәтерде тұрып жатқан подполковник Қайсенов досының үйіне жарты-ақ сағаттың ішінде жетіп келді. Ойы пышырап, санасы шашыраған  Батышты (бала кезінен солай атаушы еді)  сабырға шақырған подполковник болған жайды асықпай тыңдап алып, ойланып отырып қалды. Сосын Батырбекке тесіле қарап:

– Ботагөздің үйіне сағат тоғызға таман барған екенсің. Ал, сен ше? – деп Әсемге  бұрылды.

– Түнгі он бір жарым шамасында.

– Сонда оны тоғыз бен он бірдің арасында өлтірген болды. Пәтеріне кіргенде, ең алдымен көзіңе не шалынды?

– Ас үйге өттім. Үстел үсті жиылмапты. Екі адамның шай, шампан ішкені көрініп тұрды…, – деп Әсем  бұл жолы күйеуіне еркінен тыс  тесіле қарады.

Келіншегінің не айтқысы келгенін бірден түсінген Батырбек:

– Мен онымен шай ішкен жоқпын. Бірден үлкен бөлмеге өттік. Шындығын айтқанда, мен бәрін орын-орнына қойып, cоңғы нүктесін қойып, саған  жеткенше асықтым.

Қайсенов:

– Әлде бұл кешегіден  жиылмай қалған дастархан ба екен? Не болса да, кім онымен шай ішті, бұл іс соның қолынан келді ме екен?…, – деді терезе алдына тақап барып, біреуді іздегендей сыртқа қарай үңіле беріп.

Батырбек айтайын ба, жоқ па дегендей дүдәмалданып тұрды да:

– Мен кеше ол үйде болған едім, бірақ та екеуіміз шай ішпедік…, – деді. – Ал бүгін оның келген кісіге есік ашқанына қарағанда, ол  жақсы танысы. Және де сол адаммен  екеуі бірге отырып ішкен.

Батырбек бір нүктеге қарап ойланып отырды да, бір кезде селт етіп:

– Ал егер оның жүріп жүрген, немесе одан үмітті жігіті күтіп тұрып кірсе ше? Мен офистегі жағдайдан соң ұзаса араға жиырма минут салып Ботагөзге келдім. Онда болсам, бір он минут болған шығармын. Ботагөздің шатақ мінезі бар. Жігітімен қолма-қол сөзге келіп қалып, шартта-шұрт төбелесіп қалды ма екен? Бірде сөз арасында  соңынан бір байшыкештің қалмай жүргенін айтып қалып еді…

Батырбектің ойына әлдене түсіп, Әсетке қоңырау шала бастады.  Көпке дейін көтермей, трубканы әйелі көтерді.

– Ұйықтап жатса,  оятып жіберіңізші. Өте жедел керек болып тұр.  

Ұйқылы-ояу Әсеттен сұрап білгені – Ботагөзбен бірге басбух Қарақат қалған сияқты. Ойы зерек Батырбек бұл ақпараттан кейін тағы ойға шомды. Бір кезде дүр сілкініп, өз-өзімен күбірлеп сөйлескендей  болып:

–Менің күдігім тегін болмаған  секілді. Соңғы уақытта бізге тиесілі тендерлер уыстан оп-оңай шығып кететін болды. Не шықса да өз ішімізден бір пәле шығып жүрмесін деп, Ботагөзге қызметкерлерді аңдуды тапсырған едім. Олармен жақын тартып сөйлесіп, мүмкін болса қоңырауларына құлақ салып, басқа да жолдармен ақпарат жина деп едім. Сонда күдікке ең алдымен шалынған осы Қарақат еді.

Қарақат та оңай  шағылатын жаңғақ емес. Ол кісі де бірдеңені сезген болуы керек. Темірді қызған кезінде соқпақ болып, Ботагөзге жаны ашыған боп бірге еріп баруы мүмкін. Сөзден сөз шығып, екеу қатты ерегісіп қалған болды.

Батырбек көп ойланып тұрмай, бірден телефонын алып, Қарақатқа қоңырау соқты. Арғы жақтағы әйел телефонды көтерісімен, бірден ашық атакаға шығып:

– Сіз Ботагөзге неге   бардыңыз? – деп сұрақты  тікесінен қойды. – Сіздің сол үйден шыққаныңызды әйелім көріпті.

Түнгі беймезгіл  қоңырауды тосырқаған  басбух:

– Ботагөзбен ашық сөйлескім келді…, – деді  бәсең үнмен.

– Не туралы?

– Ол қыз соңғы кездері менің  жұмысыма ашық араласа бастады. Сөмкеме дейін ақтарып жатқанының үстінен түстім ана жолы. Бүгін не болса деп осы әңгімеге нүкте қойғым келді.

– Қарақат, шынын айтыңызшы, сіз кімге жұмыс істеп жүрсіз?! Менің сыртымнан басқа фирмаға жалданып жұмыс жасап жүргеніңізді білмейді дейсіз бе?

– Не деп тұрсыз өзіңіз?! Кім айтты оны?!

– Ботагөз пәтерінен өлі күйінде табылды, – деп Батырбек енді әңгіменің төтесіне көшті.

Қарақат мұндай суық хабарды күтпеген болуы керек, үнсіз тұрып қалды да, бір кезде:

– Қалайша?! – деген  шошынған дауысы қатты шығып кетті.

– Сіз ол үйде сағат нешеде болдыңыз?

–Түнгі онға таман. Батырбек Бұланович, ал андағы сөздеріңіз жалған де бекер.  Мен ешкімге жалданып, сіздің сыртыңыздан жұмыс істеген емеспін! Қайта басқа қызметкерлеріңіз есеп беру үшін менен отчет сұрап алып тапсыратынын сіз білмейсіз ғой… 

Батырбек сөздің аяғын тыңдамай:

– Ботагөздің үйінде қанша уақыт болдыңыз? – деп бөліп жіберді.

– Жиырма минуттай болар. Әңгімеміз жараспады. Ақыры айқайласуға дейін барыстық. Бірақ қол жұмсайтындай, мен ондай қатігездікке, хайуандыққа әйел басыммен бара алмас едім… 

Жыламсыраған Қарақатпен арадағы  телефон байланысы осы арада  үзіліп кетті.

Енді кісі өлімі түнгі он бір мен он екінің арасында орын алғаны анық  болды. Екеуі де бір сәтке  ойланып қалды. Бір кезде алғаш болып тіл қатқан Әсем:

–Менің Ботагөзге қол көтеретін себебім бар екенін сенің қызметкерлеріңнің бәрі көздерімен көрді. Оның үстіне пәтеріне кіріп-шыққанымды байқаған көршісі бар. Саусақ іздерім де қалған болуы керек…, – өңі сұрланып отырып қалды. Бұны байқаған  Батырбек орнынан кілт көтеріліп келіп, түсі қашып кеткен келіншегін қапсыра құшақтап тұрып:

– Кешірші, жаным, бәрі менің кесірімнен болды. Бірақ мен саған уәде беремін, кінәлі адамды қайтсек те табамыз, – деп барып, ойына бір нәрсе түсіп, қайта телефонын қолға алды.

Арғы жақтағы дауыс бірден қосылды.

– Қарақат, сіз әлгіде отчеттеріңізді кімге беріп жүрмін дедіңіз?

Басбух бірден:

–– Мысалы,  бізде жақыннан бері жұмыс істеп жүрген жігітті айтуға болады, – деп салды.

– Тұрсынбек пе?

–  Иә.

Әңгімені естіп тұрған Әсемнің ойына күндізгі отырыста көзіне түскен отыздың үстіндегі қой көзді қараторы  тартымды жігіт оралды.

– Бірақ менен естідім деп айтпай-ақ қойыңыз… Отау көтеріп, үйленейін деп жүрген жігіт.

– Оны қайдан білесіз?

– Ана бір жолы кездейсоқ жас жұбайларға арналған салоннан бір әдемі қызбен бірге шығып келе жатқанын  көрдім. Жұмысын барынша жақсы атқаруға тырысып жүрген азамат. Жаман жігіт деп айта алмас едім…

Басбух сөзін аяқтап үлгермей қалды. Телефонның арғы жағынан ер адамның боқтық аралас үні ап-анық естілді. Батырбек өзіне де таяқтың бір ұшы тиіп, өз атына қатқыл сөздер айтылып жатқанын өз құлағымен естіді. Жай уақытта болса, ол еркекті бұл сөздері үшін заматта орнына қояр еді. Бірақ дәп осындай жаны мұрнының ұшында тұрған сәтте емес.

Бүгінгі сергелдеңнен әбден шаршаған Әсемді екі дос екі жақтап жүріп тынығуға көндіріп,  жатын бөлмеге жіберген соң біраздан кейін Қарақат қайта байланысқа шықты. Дауысы үдетіліп, ап-анық естіліп тұр:

– Сіз кешіріңіз, Батырбек Бұланович! Күйеуім ғой бұлқан-талқан ашуланып жатқан. Үш ұйықтасам түсіме кірмейтін пәлені басыңа қалай үйеді деп қатты ашулы. Маған да бұл  айып ауыр тиіп отыр. Ертеңнен, яғни, бүгіннен бастап жұмыстан кетуге арыз жазуыма тура келеді. Ботагөз ең болмаса кетер алдында өз айбын мойындап, кешірім сұрап кетті ғой…

Басбух осылай деп дауысы кемсеңдегендей болып тұрды да, байланыс үзіліп кетті.

Батырбек подполковник досына сұраулы жүзбен қарады. Жылдам ойланып, жылдам тұжырым жасайтын Қайсенов:

–Тұрсынбектің  жүріп жүрген қызы бар екені айғақ-дәлелдің бәрін бұзайын деп тұр-ау, – деді алаң үнмен.

– Бұл нені білдіреді? – деді Батырбек досына  ұмсына  қарап.

– Бәрін! Сенің жұмыс есептерің үй компьютерінде сақталған ғой? Соларды қазір ақтарып, Тұрсынбектің отчетын тексере аласың ба?

– Әрине! – деп Батырбек кабинетіне кіріп кетті де, Қайсенов қонақ бөлмедегі креслода терең ойға шомған күйі отырып қалды.

Батырбек жұмыс кабинетінен  арада жарты сағат өте шықты. Тұрсынбектен күдіктенетіндей көп жағдайдың басы ашылғанын айтты досына. «Біздің фирманың  құпия мәліметтерін бәсекелестерге беріп отырған осы жігіт пе деген күмән жүз пайыз шындыққа айнала ма деп қорқамын», – деді қызарып кеткен көзін уқалап тұрып.

– Бұл жерде Ботагөздің  қатысы  қаншалықты?

– Тұрсынбектің алдында анау-мынау бойжеткеннің  буыны босап, қарсылық көрсете алмай қалатынын байқап келдім. Ботагөзге қырындаған түр  көрсетіп, өз жағына шығарып алғысы келгенін енді сезіп отырмын. Қыздан нені сұрап-білгісі келгенін енді біле алмаймыз… Егер, басбух айтқандай, үйленгелі жүрген қызы бар жігіт қанша жүргіш болса да, бұндай сәтте бөтен қызға қырындай қоймас еді. Шынын айтқанда, менің де Ботагөзге кетары емес екендігімді ол да байқағаны шүбәсіз.

Соңғы сөзді айтқанда Батырбек жатын бөлме жаққа ұрлана, қуыстана қарап қойып, дауысын бәсеңдете сөйледі.

– Ал, досым, нендей ақыл қосасың? – деп Батырбек органда жүріп, терең ойлануға дағдыланған досына сұраулы жүзбен қарады.

– Ізін суытпай Тұрсынбекке қоңыраулатқан дұрыс па деймін. Менің пайымдауымша, ол да оңай алдырта қоймайтын сияқты. Байқап сөйлесерсің, – подполковник.

Батырбек көп ойланып тұрмай, телефонды тере бастады. Қатты ұйқының мезеті болса да, Тұрсынбек көп күттірген жоқ, тұтқаны бірден көтерді.

–Тыңдап тұрмын, басеке!

Дауысы ұйқыдағы кісінің емес, тың отырған, тіпті, масаң кісінің дауысы. Батырбек ептеп таңданып та қалды. Бірақ көп ойланып тұрмай, бірден шабуылға көшті.

– Ботагөзге қалайша дәтің барып  қол жұмсадың?

– Кімге? Неге? Қалайша? – тосын  сауалдан  сасып қалған  Тұрсынбек бірнеше сұрақты еркінен тыс қатар қойды.

Қайсенов басын изеп, досына осылай жалғастыра бер деген белгі берді. Батырбек одан әрі:

– Сенің манада, он екі кезінде Ботагөздің үйінен шығып келе жатқаныңды Әсем көріпті. Үстіңгі қабаттың алаңқайында Ботагөзге кірейін бе, кірмейін бе деп ойланып тұрған кезінде. Сен кеткеннен кейін пәтерге кірмек болған екен, есігі іштен жабылмапты. Не болса да деп, табалдырықтан аттағаннан-ақ, залда еденде қан-қан болып  сұлап жатқан Ботагөзді көріп, қорыққанынан   далаға  қалай атып шыққанын білмей қалыпты. Үйге әлгіде ғана келіп, осының бәрін маған жаңа ғана баяндап берді.

Тұрсынбектің қапелімде ләм-мим дерліктей ештеңе аузына сөз түспей қалды.

–Ол мені түнгі он екіде қайдан көре  қойды?! Мен басқа жақта болдым ғой…, – деп міңгірлеп тұры да, сасқанынан телефонды жалма-жан өшірді.

«Шиқ-шиқ» еткен телефонды  қолынан түсірмеген Батырбек сұраулы жүзбен досына қарады. 

Әр уақиғаның арасынан логикалық байланыс іздейтін, талай жыл тергеуде тер төккен, бүгіндері қылмыскерлерге құрық салудың майталман маманы болған сақа тергеушінің әлдеқандай бір ерте тұжырым жасауға асықпауы заңды еді. Бір жағынан, кездейсоқ сәйкестікке арқа сүйеу тергеуге абырой әпермейді.  Екінші жағынан, кейде өмірдің өзі де ебедейсіз сәйкестіктерден де тұратынын жоққа шығаруға тағы да болмайды. Ал мына жәйтті  кездейсоқ сәйкестік десеңіз де, ебедейсіз сәйкестік десеңіз де, келеді.

– Бәрі түсінікті, – деді Қайсенов. – Енді басыңды аса қатырмасаң да болады. Сенің өзіңе деген алдамшы махаббат сезіміңді шын көріп қалған Ботагөз сен келіп, екеуіңнің араларыңда жанжал шығып, саған қатты ашуланған соң, өзінің ойлауынша  сезімінен үмітті Тұрсынбекті шақырғаны анық. Бәлкім, сенен осылайша  махаббат кегін қайтармақшы болған шығар. Әйел жаны деген әлі ашылмаған бір құпия әлем ғой… Біраздан соң екеуі әлденеге келісе алмай қалып, сөзге келіп қалған. Ашуына мінген Ботагөз Тұрсынбектің фирмадағы былықтарын бетіне айтып салған болуы ықтимал. Бәлкім, бастыққа бәрін айтамын деп бопсалауы да мүмкін. Қысқасы, Тұрсынбек қатты ашуланып, қолы бата тимей, қата тиіп кеткен деп ойлаймын. Несін болжап тұрмыз?  Ол мекенжайға жедел топ шақырту керек. Басқасын  уақыт көрсетеді.

Қайсенов біраз уақ ойланып тұрды да:

– Жедел топ шақырту үшін, «102»-ге қылмыс туралы хабар немесе арыз түсуі қажет. Сондықтан Әсем осы нөмірге телефон шалып, кісі өлімінің үстінен түскенін хабарласын. «102»-дегі кезекшілер осындай хабар алған соң, міндетті түрде іле-шала маған баяндайды. Қауырт жұмыстар мен іс-шаралар содан соң басталады. Былайша айтқанда,  «Таңғы қоңырау» операциясы, – деді Батыш досына қарап  салқынқанды  өңін жоғалтпай. Сосын:

– Әсемді оят! Қалай көрді, солай айтып берсін! Бір минутты да текке жіберуге болмайды. Мен кеттім. Хабар өзімнен, – деп тұжырды.

                                ***

Ойдан алынбаған, осынау қым-қуыт өмірде расымен де орын алған  бұл оқиға ары қарай  қалай  өрістеді дейсіз бе, құрметті оқырман?

Қылмыстың ізін суытпай подполковник Абылай Қайсенов Тұрсынбекті оңай құрықтады. Жауап алу барысында  тәжірибелі тергеушінің тегеуірінді тәсілінен тығырыққа тірелген ол жағдайды рет-ретімен  баяндап берді. Ботагөздің үйіне барғанын, ойламаған жерден дастархан басында дау туып, даудың соңы ұрыс-керіс, жанжалға жалғасып, қанды оқиғамен аяқталғанын  мойындады. Даудың шығуына Ботагөздің: «Мен сенің не істеп жүргеніңнің бәрін білемін. Фирманың барлық құпия көрсеткіштерін жіпке тізгендей етіп жинап, бәсекелес фирмаға қомақты ақшаға сатып жүргеніңді бастыққа айтамын», – деген сөздері себеп болған. Мастықтың қызуымен Тұрсынбек Ботагөзді соққыға жығады. Өзін-өзі тоқтата алмай, ұрып құлатып, тепкілеп тастайды. Асханадан жатын бөлмесіне сүйреп әкеле жатқанда, Ботагөздің жан тапсырғанына көзі жетіп, ол жерден алды-артына қарамай қашып шығады.

Қарсы пәтердегі көрші әйел Қарақаттың келіп, оның көп ұзамай шығып кеткенін, есікті Ботагөздің өзінің жауып алғанын, содан соң Тұрсынбектің келгенін, біраздан соң пәтердің ішінен айқай-ұйқай, тарсыл-гүрсіл естілгенін, пәтерден оның алды алқам-салқам болып жүгіріп шыққанын, есіктің ашық қалғанын уақыт-уақытымен қолға ұстатқандай айтып берді. Әсемнің көтеріп алған қаламы Тұрсынбекке тиесілі болып шықты.

Ал, Батырбек пен Әсемге келер болсақ, екеуі бәрібір де ажырасып кетті. Бедел мен абыройына дақ түскен Батырбек пәтерін де, жиған-терген мүлкін де Әсемге қалдырып, тасы өрге домалап тұрған фирмасын сатып, басқа қалаға көшті…

Сайлау Төлеу

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ІСІ

Айжанның өлімінен кейін Саяның өмірі тоқтап қалғандай. Сұрықсыз күндер,...

ПАХАННЫҢ АЖАЛЫ

1 Еңбек демалысы бітіп, кабинетке енгені сол көп дүниені басынан...