Үстел үстіндегі телефон аппараты безілдеп қоя берді. Көзін жұмып, жұмсақ орындықта шалқалай отырған Абылай Әзімханұлы бойын тіктеп, телефон тұтқасын қолына алды. Арғы жақтан абыржулы адамның дауысы естілді.
— Сәлеметсіз. Сәлеметсіз бе. Сіз Қайсеновсіз бе? Жауап берсеңізші. Алло.
— Саламатсыз. Иә. Қайсеновпін. Тыңдап тұрмын.
— Кездесу керек. Шұғыл түрде. Қай жерде жолығамыз?
— Сіз кімсіз? Не себепті хабарласып тұрсыз?
— Мен осы қалада тұрамын. Жарты сағаттан соң жолығайық.
Бейтаныстың дауысына өктемдік араласты. Жеке юрист- кеңесші болып жұмыс істеп жүрген зейнеттегі подполковник мұндайды ұнатпайды. .
— Сұраққа жауап беріңіз. Сіз кімсіз? Не үшін жолығуымыз керек?- деді ол дауысын қатайтып.
— Кешірерсіз. Жолығайықшы. Маған сіздің кеңесіңіз қажет. Ақша төлеймін. Жарты сағаттан соң дендросаябақ жақтағы «Самал» дәмханасына келіңізші. Күтем.
Абылай онымен кездесуге зауқы соқпаса да, түйсігі әлденені меңзегендей болды.
— Мен сізді қалай танимын?
— Келсеңіз, сізді қарсы алады.
«Ақша төлеймін» дегенінен кейін ғана кездесуге келіскендей болғаны кәнігі тергеушінің көңіліне жақпады. Қайсенов күрсіне көтеріліп, бөлмеден шықты.
* * *
«Самал» дәмханасы көзден тасалау жерде ағаштармен көмкеріліп тұр екен. Ішке кіре салысымен лыпылдаған даяшы жігіт оны ғимараттың бір бұрышындағы жеке бөлмеге ертіп келді. Іште жасы қырықты алқымдаған ер кісі отыр екен. Мұны көргенде орнынан ұшып тұрып, қол беріп амандасты. Абылай Әзімханұлы оң қапталдағы бос орынның біріне жайғасты.
— Мұнда отырсаңызшы,- деп жаңа танысы төрдегі орынды нұсқап, жік-жапар болып жатыр.
— Жоқ. Маған осы орын ыңғайлы.
Ол төрде отырғанды бұрыннан ұнатпайды. Қажет бола қалғанда сыртқа атып шығу үшін есікке жақын болғанды дұрыс көреді.
— Істің мән-жайын талқылайық,- деді Абылай жаңа танысына тесіле қарап.
Даяшы бөлмеден шығып, есік жабыла салысымен шақырушы жігіт ағасы қипақтай сөз бастады:
— Былай ғой… Есімім- Серғали. Сіздің аты-жөніңізді білем. Былай ғой… Менде біраздан бері біршама қиындықтар пайда болды. Ол… Қалай десем екен?
— Тікелей айтыңыз.
— Тікелей айтқанда былай ғой.. Қысқасы- мені бопсалап жүр. Нақты кім екенін білмеймін. Ұйымдасқан топқа ұқсайды. Әртүрлі нөмірмен телефон соғады. Дауыстары өзгертілген. Жұмысымдағы біраз қызықты біледі. Ара-тұра әлеуметтік желілерге мені масқаралайтын ақпараттар шығарып тұрады. Түрлі жолдармен күресіп келем. Олар курьер жібереді. Сол арқылы ақша беріп тұрам. Соңғы кездері олардың араны ашылды. Тым көп сома беруімді талап етіп жатыр.
— Сіз кім болып жұмыс істейсіз?– деді Абылай сөзін бөліп.
— Басшымын. Жоғары оқу орнында.
— Сіздердің жұмыстарыңыз шәкірт тәрбиелеу емес пе? Онда қандай қызық болуы мүмкін?
— Баласына диплом әперу үшін барын салатын адамдар көп. Алған соң ол диплом сандықта жатса да. Мен басшымын. Жұмысым сондай… Осыншалықты лас әлемде мен жалғыз таза адам болуға міндетті емеспін. Мүмкін оңбаған шығармын. Бірақ ең сорақы оңбағандықты жасап жүрген мен емес.
— Жарайды. Жеткілікті мөлшерде ақталып болдыңыз делік. Іс барысын сипаттауға көшіңіз.
Серғали оған көзін аларта бір қарады да, сөзін жалғады.
— Менде біршама ақшалай қор пайда болды. Оны бір өзім пайдаланбай, жоғарыдағылармен бөлісіп отырам. Ал қазір мені бір қырсық айналдырып жүр. Қырсық деймін-ау, қырсық емес, жемқорлар айналдырып жүр. Ол топтың ішінде менің айналамдағы бір адам бар деп ойлаймын. Әлде оларға менің бір танысым жүйелі түрде ақпарат беріп отыр ма екен? Менің астыртын істерім жайлы тым көп біледі. Бұған дейін мұртымды балта шаппайтынына сенімді едім. «Крышасы» бар адаммын ғой, қанша дегенмен. Бірақ соңғы кезде олар қарқынын үдетті. Ақпараттық шабуылмен ғана тоқтамайтындығын білдіріп жатыр. Оны мен кеше жақсы түсіндім. Маған шабуыл жасады.
— Қайда және қандай шабуыл жасады?- деп сұрады Абылай.
— Бір жерде. Мені ұрды. Көлігімді өртеп жіберді.
— Нақты қай жерде екенін білесіз бе?
— Иә. Қала сыртындағы құрылысы бітпеген аккумулятор зауытында.
— Біріншіден, сіз заңсыз іс-әрекеттер жасаған болсаңыз, ол үшін жауап бересіз. Заңды түрде жауап бермесеңіз, заңнан тысқары болуы да мүмкін. Ол жағынан мен сізге көмектеспеймін. Екіншіден, түнде қала сыртына шығуға келіскеніңіз қисынсыз. Мен сізге сенбеймін,- деді Абылай.
— Сеніңізші маған. Құтқарыңызшы мені. Мен барлық жағынан пайдалы адам бола алам.
— Мен барлық жерден пайда іздемеймін.
— Бұл істі сеніп тапсыруға болатын ақылды, тәжірибелі адам іздедім. Сұрастырдым. Маған сіз жайлы айтты. Қателеспепті. Сіз маған ұнап отырсыз. Біз жақсы жолдас, тіпті дос бола аламыз.
— Біз дос болмаймыз. Сізге мен жайлы кім айтты?
— Асыл деген көмекшім. Ол- сенімді адам. Сіз мені құтқарасыз ғой, ә?
— Ойланып көрем. Анықтап айтыңыз. Кеше не себепті қала сыртына шықтыңыз?
— Мен бір әйелді сүйемін. Соған қауіп төнді. Құтқару үшін бардым, -деді Серғали.
— Қандай қауіп төнді? Сіз оны қайдан білдіңіз?
— Оған қазір ажал төніп тұр. Маған ол жайлы кеше кешке телефон арқылы хабарлады. «Сүйіктіңді тірі көргің келсе, түнгі он бірде қала сыртындағы зауытқа кел. Бір өзің кел»,- деді.
— Сіз оған сендіңіз бе?
— Иә. Сендім. Мені сүйіктіммен сөйлестірді. Ол дір-дір етіп, «Сероша, құтқаршы мені, құтқаршы. Мен қорқамын»,- деп айтып үлгерді.
— Оны айтқан нақты сіздің сүйіктіңіз екендігіне сенімдісіз бе?
-Иә, сенімдімін. Мені «Сероша» деп тек сол атайды,- деп басшы жас балаша бұртия қалды.
— Жарайды, сендім делік. Сіз межелеген жерге бардыңыз. Сосын не болды?
— Бардым, машинадан түстім. Ғимарат ішіне кіргенімде мені арт жағымнан басымнан ұрып құлатты. Есімді жисам, еденде жатыр екенмін. Жанымда сүйіктім жылап отыр. Үсті-басы шаң-шаң, киімдері алба-жұлба. Көзінің асты көгеріп тұр. Аяқ-қолы байлаулы, ауызына шүберек тығылған. Маған жалына қарады. Артқы жағымнан бір адамның «Біз ойнап жүрген жоқпыз. Үш күннен соң елу миллион теңге әкеп бер. Өйтпесең, мынау өледі. Сен тек алаяқтық үшін емес, адам өлтіргенің үшін де сотталасың»,- деді. Бұрылып қарай алмадым. Сүйіктім шыңғырмақ болып еді, ауызындағы шүберектен дауысы шықпады. Тыпыр-тыпыр етіп, жылай берді, жылай берді. Одан кейін не болғанын білмеймін. Тағы есімнен танып қалған шығармын. Бетіме ыстық леп шарпығанынан ояндым. Көзімді ашсам, жойпат өрттің жанында жатыр екенмін. Өрт сөндірушілер келіп отты сөндіргенде жанып кеткен менің көлігім екенін білдім. Азимханыч, құтқаршы. Сенен басқа сенетін кімім бар менің?
Серғали жылап жіберді. Иығы қушиып, селкілдеп отыр. Қайсенов оған жирене қарады. Осындай қолында билігі бар, көзі ашық, сыпайы жемқорлар- қоғамға ең қауіпті адамдар. «Басқалар менен асқан жемқор. Бастапқыда солар жөнделсін. Маған кезек сосын келер» дейтінін қайтерсің? «Ұрыны қарақшы тонайды» деген рас. Бір жаманды екінші жаман талап жатыр екен. Жеп қойсын. Індет таратқыштар саны азаяды. Жер тазарады, ел тазарады. Қайсенов орнынан тұрып, кетуге ыңғайланды.
— Құлың болайын, Қайсенов! Құтқаршы. Мені аямасаң да, Айжанды ая. Ол не үшін зардап шегуі керек? Мені сүйгені үшін бе? Мені қойшы. Азар болса, сотталармын, немесе өлермін. Айжанды құтқар. Құлың болайын, Қайсенов! – деді Серғали ұшып тұрып, алдын кес-кестей.
Абылай Әзімханұлы ойланып қалды. Айжан… Оның да есімі Айжан еді. Қайсеновтің бала махаббаты. Жүрегі шым етті. Басшыға жоғарыдан төменге қарады. Дауысы қарлыға шықты.
— Жарайды. Көмектесем. Құл болма, бауырым.
* * *
Қайсенов қас қарайғанда қала сыртындағы аккумулятор зауытының ғимаратына барды. Жарығы алысқа тарамайтын арнайы қол шырағын байқап жағып, ішке кірді. Құрылыс жұмыстары тоқтап қалған зауыт түрі көңіл құлазытады. Соңғы жылдарда елді емін-еркін жайлаған бей-берекеттікке қойылған ескерткіштей. Сырт көзден таса орналасқан алаңқайда іздер сайрап жатыр екен. Ер кісінің қырық төртінші мөлшерлі аяқ киімінің іздері, әйел адамның отыз алтыншы мөлшерлі аяқ киімінің іздері және бір ауыр нәрсені сүйрелеген іздер. Ер адамның іздерінің орта тұсы қаттырақ басылыпты. Демек ол аяғы қырық төртінші мөлшерден кішірек, денесі шағын адам. Адастырудың біршама әдісін біледі екен. Іздерді неліктен өшіріп кетпегені белгісіз. «Келер адам болса, көрсін» деп арнайы тастап кеткен болар. Әлде «Серғалиды жеткілікті мөлшерде қорқыттық, ол енді ақшаны алақанымызға әкеп бере салады» деп ойлады ма екен? Абылайдың тұла бойы сигнал қабылдағыш құралға айналды. Тырс еткен дыбыстың бәрін назарынан тыс қалдырмады.Телефон фотоаппаратын қосып, айналасындағының бәрін суретке түсіріп алды. Дерек болардай бірдеңе қолға ілінер деп ойлап, түртінектеп іздеп көріп еді, ештеңе таппады. Сақ адамдар екен.
Ол жерден шыққасын Абылай үйіне бармай, бірден кабинетіне келді де, телефонын компьютерге қосып суреттерді қайта- қайта қарап шықты. Тәжірибелі із кесуші ілік таппауы мүмкін емес. Фотоларға тек көзімен емес, бүкіл түйсігімен тінткілей қарады. Ұзақ іздеді. Тапты. Іздер… Айжанның аяқ іздері шаңды еденге тым айқын түсіпті. Қамауда болған, таяқ жеген, қорыққан-үріккен әйел тым бұлай түп-түзу жүре алмаса керек. Телефонын қолына алды да, Серғалиге қоңырау шалып, бағанағы әңгіме барысында келісілгендей шартты сөздермен сөйледі.
— Секе, ертең ертелеп «басқармаға» келіңіз. Шұғыл шаруа бар,- деген Абылай көңілі марқайып, үйіне қайтты.
* * *
— Айжан деген кім?- деп Абылай сұрақты төтесінен қойды.
— Ол- керемет жан!- деп жауап берді басшы.
— Лириканы қоя тұрайық. Фотосы бар ма? Жасы нешеде? Қай жерде тұрады? Жұмыс істей ме?
— Фотосы жоқ. Біздікіндей жағдайда фото деген артық болады ғой. Жасы… Жасы шамамен отызда. Қай жерде тұратынын білмеймін. Жұмыс… Істемейді ғой деймін,- деді Серғали абдырай.
«Дым білмейді. Оқу орнының басшысы…»,- деп ойлады да подполковник, сұрауын жалғастырды.
— Онымен қайда, қалай, қашан танысып едіңіз?
— Бір жыл бұрын, шет елде, демалыс орнында танысқам. Ол ерекше адам ғой. Еркін, батыл әйел. Өзі маған жақындап, таныспақ ниетін ашық айтты. Бөгде елде отандасыңды көру ерекше құбылыс. Таң қалғаным, риза болғаным, сүйсінуім көп ұзамай ғашықтыққа ұласты. Бірер айдан соң мен тіпті әйеліммен ажырасып, оған үйленбек болдым. Ол бас тартты.
— Ол жайлы қандай мәліметіңіз бар?
— Ол өзі жайлы көп айтпайтын. Күміс ғасыр ақындары жайлы, импрессионист суретшілер жайлы, Франция, Жапония жайлы әңгімелесуді ұнатушы еді.
— Жанұясы жайлы сұрағансыз ба?
— Сұрағам. Жауап бермеді. Әкесі барын білем. Ол екеуі бір-бірін өте қатты жақсы көреді.
— Әкесі қайда тұрады екен?
— Осы қалада тұрады ғой деймін.
— Құрбыларымен таныс емессіз бе?
— Жоқ.
— Мүмкін итін немесе мысығын бір ветеринарлық клиникаға апарған шығар. Сізге бір сыйлық берген шығар. Әңгіме арасында бір мекен жай жайлы айтқан шығар. Бір туысы жайлы айтқан шығар. Есіңізге түсіріңіз. Кез-келген мәлімет маңызды,- деді Абылай бастырмалата сұрақ жаудырып.
— Есіме түсіріп көрейін. Болса, айтармын.
— Сіз ештеңе білмесеңіз де, онымен қарым-қатынаста болдыңыз ба? – деген Абылай таңданысын жасырмады.
Серғали үндемеді. Абылайды таң қалдыра алғанына масаттанғандай болды. «Мен осылай сүйе алам. Сен ше?» деген ойы көз қарасынан байқалады.
— Белгісіз адам тарапынан қауіп төнуі мүмкін. Ол жағын ойладыңыз ба?
— О не дегеніңіз?! Айжан- әлемдегі ең таза, ең бейкүнә жан.
— Сіз жоғары лауазымды адамсыз, басшысыз. Осындай деңгейге көтерілген адамдар тек өзін ойламай, айналасындағыларды да, жалпы жан-жақты, тереңнен ойлауы керек. Ал, сіз қара басыңызды да ойламапсыз. Не себепті?
— Ол тым әдемі әйел. Еліктіріп әкетті. Менен ешқашан ештеңе сұрамаған, ешқандай сыйлық дәметпеген. Ол тек сүйеді, сүйікті болады.
«Басшының сыйлық дәметпейтін көңілдесі- қауіпті көңілдес. Ол сыйлықтан анағұрлым үлкеніне, маңыздысына ауыз салады. Айжан тұрмысқа шығудан бас тартты. Демек басқа ойлағаны бар. Адамның мақсатын тап, сонда жолын табасың, ізін табасың, өзін табасың»,- деп ойлады Абылай.
— Кездесу уақытын, орнын айтты ма?- деп сұрады Қайсенов әңгіме ауанын өзгертіп.
— Жоқ. Тек күнін айтты. Екі күннен соң ақша беруім керек.
— Сіздің телефоныңызды бұдан кейін тыңдап отырамыз. Келісесіз бе?
— Келісемін.
— Ақша жинаңыз. Беруге барасыз. Сол жерде біз оларды ұстаймыз,- деді де Абылай орнынан тұрды.
* * *
Абылай Әзімханұлы полицияда қызмет жасайтын Болат есімді жолдасына хабарласып, Серғалидің телефонына түсетін қоңыраулардың тізбесін алып тұратын, айтылған сөздерді тыңдап отыратын болып келісті. Капитан істің мән-жайына қаныққан соң барынша қолдау көрсететініне сөз берді. Сенімді жолдастың тигізер көмегі көп.
Екі күннен соң басшыға ерекше адам қоңырау соқты да:
— Бір сағаттан соң ақша салынған сөмкені алып, «Магнум» дүкенінің алдындағы аялдамаға кел. Бір өзің кел. Қызық болмасын! Әйтпесе соңы шыжық болады,- деді өктем үнмен.
Кіші қызметкерге телефон нөмірін тексеріп, қоңырау соғушы жайлы барынша толық ақпарат беруін тапсыра салысымен Болат бастаған, Абылай қоштаған топ атқа қонды. Серғали қоңыр сөмкені қолына қыса ұстап, аялдамаға келгенде телефоны шырылдады. Із кесушілер олардың сөздерін қосарлана тыңдап отыр.
— Аялдамадағы сәкіге отыр, сөмкені жаныңа қой. Сосын бес минут отыр да, сөмкені қалдырып, орныңнан тұрып кет.
Басшы бұйрық берушінің айтқанын бұлжытпай орындады да, тез-тез басып, ұзап кетті. Өзін барынша сабырлы ұстауға тырысуда. Бірақ өн бойынан қобалжу мен өкіну байқалып тұр. Аялдамада алдын ала келісілгендей екі полиция қызметкері автобус күткен қыз бен жігіттей болып, бей-жай сөйлесіп тұр. Үстеріне киген киімдеріне қара көзілдіріктері жараса қалыпты. Болат бәрін алдын ала ойластырған. Абылай өзінің жеке көлігінде жалғыз отыр. Қолына рацияны тас қылып ұстап алған. «Сөмкеден көз алмаңдар. Үстіне қонған шыбынды да ескеріңдер. Айналасында болып жатқандарды да жіті бақылаңдар»,- деген Болаттың дауысы саңқ ете қалды. Аңдуға тек өте тәжірибелі, бір-бірімен етене таныс қызметкерлерді алып келді. Өте жауапты, шешуші кезең. Мүлт кетуге болмайды. Аялдамаға автобустардың бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Егесіз сөмкеге үш-төрт адам ежірейе қарады. Бір-екеуі ашып көрмек болғандай. Егде тарқан ер кісі телефонын қолға алып, сөмкені қолымен нұсқап, бірдеңе деп сөйлеп жатыр. Телефонын қалтасына салғасын абайлап басып, сөмкенің жанына барып тұрды. Полиция қызметкерлері келгенше күзете тұрмақ болар. Мұндай саналы, байқампаз азаматтардың бар болғаны қуантады. Сол сәтте үй артынан бір топ қыз-жігіттер шыға келді де, аялдамаға тоқтаған автобусқа өре жүгірді. Абылайдың іші қылп ете қалып, машинасынан шыға жүгірді. Рация арқылы Болаттың «Әбеке, тоқта!» дегенін тыңдамады. Аялдамада топалаң басталды. Топ ішіндегі бір бозбала сөмкені ала жөнелмек болды. Байқампаз аға жас жігіттің жағасына жармаса кетті де, қыз бен жігіт болып тұрған полиция қызметкерлерінің бір-екі сөзінен кейін олардың қолына ұстата салды. Аға қарымды екен, бозбала қанша жұлқынса да, құтылып кете алмады. Қыз-жігіттер жан-жаққа шашырай қашты. Екеуі қолға түсті. Ұсталғандарды полиция бөліміне алып кетті. Арнайы операция біткесін машинасына қайтып келген Абылай көлігінің фары сынғанын көрді. Жоғарыдан оқ атылған. Ол төбеге қарады. Жанындағы бес қабатты үйдің шатырынан атылғанға ұқсайды. Машина астында жатқан оқты қолына алып, қарады. Қазір жиі қолданылып жүрген автомат оғы екен. Сосын Болатқа хабарласып, болған жайтты айтты. Әлден соң полиция қызметкерлерімен бірге шатырды тексеріп шықты. Із қалмапты. Подполковник жолдастарын шығарып салып, машинасының жанына қайта келді. Осы сәтте Абылайдың жанынан мөлдір көзді сұлу әйел бұған сұқтана қарап, өте шықты. Таныс көз, таныс көзқарас. Қайдан көргені есіне түспеді. Кездейсоқ кездесу емес екенін түйсігімен ұқты да, соңынан жүрді. Әйел жылдам басып, бұрышты айнала берді де, дайын тұрған таксиге мініп кетті. Абылай көлігіне жүгіріп келіп, от алдырды да, сұлудың соңынан қуды. Такси жүргізушісі шебер екен, машинаны жылдам айдап, бұны адастырып кетті. Абылай салы суға кетіп, полиция бөлімшесіне барды. Болатқа такси нөмірін айтып, жүргізушіні тауып беруін өтінді. Кіші қызметкер мәлімет берді. Серғалиге бұйрық берген адамның нөмірі психикалық ауытқуы бар науқасқа тіркелген екен. Одан басқа мәлімет табу мүмкін болмады. Ұсталғандардан сұрақ-жауап алып жатыр екен. Еш жерде тұрақты түрде жұмыс істемейтін, оқымайтын жастар болып шықты. Олар бүгін стадионда өткен атышулы әншінің концертінде танысыпты. «Концерттен кейін жұлдыз-әнші «Жарқыра» дәмханасында таңдаулы адамдарға арнайы кеш өткізеді, сұхбат береді» дегенді естіп, солай қарай бара жатқан беті екен. Болат ол әншінің продюсеріне хабарласып, аталғандай кеш өткізу олардың жоспарында болмағанын білді. Сөмкені алмақ болған жігіттен басқа екеуін босатып, тергеушілер басты күдіктіні арнайы тергеу бөлмесінде жан-жақтан қыспаққа алды. Абылай жапсарлас салынған, жасырын бөлмеде тергеу барысын бақылап отырды.
Бозбала тергеу бөлмесіне кіре салысымен:
— О! Мына жерді жөндеп қойыпсыңдар ғой. Айлықтарыңнан ақша жинап, адам жалдап жасаттыңдар ма, әлде өздерің боядыңдар ма?- деді еркінси сөйлеп.
Сосын қабырға орнына жапсырылған арнайы шыныға барынша жақындап, көзімен тесіп жіберетіндей қарады да:
— Саламатсыз ба?- деді жымысқы жымиысын жасырмай. — Мынаның орнына жұмсақ орындық қоюға ақша жетпей қалды ма?- деді орындыққа отырғасын.
— Аты-жөнің кім?- деп сұрады Болат оның сөздеріне мән бермей.
— Жамандықұлы Шабыт.
Шабыттан мардымды жауап ала алмады. Ол сөмкені досының сөмкесі деп ойлап, сондықтан алмақ болған екен. «Мен ештеңе айтпаймын. Себеп- мен ештеңе білмеймін» дегеннен танбады. Абылай оның ештеңе айтпасын түсінді де, бөлмеден шығып, Болаттың көмекшісіне барды. Ол такси жүргізушісін тапқанын, оны қызметкерлер бөлімшеге алып келе жатқанын хабарлады.
— Мен ол әйелді өз өтініші бойынша «Грамад» сауда орталығының алдында қалдырып кеттім. Одан басқа ол жайлы ештеңе білмеймін,- деді жүргізуші тергеу барысында.
Подполковник тағы біраз жайларды жәукемдеп көріп еді, онысынан түк шықпады. Әлден соң Болат Шабыттың дәретхана терезесінен қашып кеткенін хабарлады. Сол арқылы істің ақ-қарасын ажыратамыз деген үміт үзілді. Із кесу жұмыстары тағы да тұралап қалғанын түсінген Қайсеновтың ұнжырғасы түсіп үйіне қайтты. Дәлізге кіре берісте оны такси жүргізушісі соңынан қуып жетті.
— Сізді «Алтын» дәмханасындағы үшінші бөлмеде күтіп отыр. Барыңыз. Қызық кездесу болады, — дегенді айтты да, ол кері бұрылып, тез-тез басып кете барды.
Абылайдың желкесі тартып, шаршап тұрса да, айтылған жерге баруға асықты. Жолшыбай Болатқа телефон соғып, өзінің қайда бара жатқанын айтып, өзіне қорған қажет болуы мүмкін екенін ескертті. Капитан жарты сағаттан соң аталған жерге барып, мұны сыртта тосып отыратын болды. Дәмханада Абылайды мөлдір жанарлы сұлу қарсы алды.
-Абылай хан, таныдың ғой. Әзер таныдың. Қатты өзгеріппін бе? Балалық шақтан бір сәлем.
Ол көзін төмен түсіріп, иіліп сәлем берді. Сосын кекете жымиды да, бұраңдай басып, орнына қайта отырды.
— Отыз бір жыл өтті,- деді сөзін жалғап.
— Айжан, бұл сенсің бе? Амансың ба, жарқыным! Мұнда қайдан жүрсің?- деді таңдана.
— Мен сені іздеп таптым. Сен ғана емес, мен де із кесе алам.
— Айжан… Жарайсың! Неткен тосын сый… Осындай да кездесу болады екен-ау! Отыз бір жыл ішінде қалай жолықпадық екен?
— Жолығу… Керек пе еді сол?- деп Айжан зорлана мырс етті.- Мен сенің дәмді өміріңді бұзып жіберуім мүмкін ғой. Абылай хан, ойланып сөйле.
— Неліктен бұзып жібересің? Біз достар емес пе едік? Достық қалайша өмірді бұзады?
— Жолдас подполковник, көлгірсіме! Біз дос емеспіз. Қашан махаббат достыққа ұласып еді? Ешқашан. Мен саған ғашық едім, — деп Айжан тағы да мырс етті- Өлердей ғашық едім. Сен тастап кеткенде мен өлдім. Өлді аңқау, таза Айжан. Оның орнына басқа адам пайда болды. Менің мінезім де, тегім де, түрім де, жасым да, құжаттарым да өзгерген. Есімімді де өзгерту керек еді. Өзгерте алмадым. Бірақ… Мен шынында да Ай жанмын ғой. Күн емеспін, гүл емеспін, жұпар емеспін, сұлу емеспін.
Айжанның жасаурап бара жатқан көздері бір нүктеге қадалды да, әлден соң жарқ етіп қайта жанды.
— Біз бұрын жолыққанбыз. «Қайда?» дейсің бе? Сот залында. Сен маған бірнеше рет қарадың. Қарадың. Бірақ көрмедің. Неліктен көрмедің? Білесің бе? Өйткені көргің келмеді. Мен ол кезде сен үшін тек бәлеқор, оңбаған едім.
— Қай сотта жолықтық?
— Сенің қатыныңды соттағанда.
Абылайдың үстінен біреу сұп-суық су құйып жібергендей болды. Бірнеше жыл бұрын мұның әйелі- Зылиха істі болған. Ол қатерлі ісікке шалдыққан бір науқас әйелге ота жасап, жатырын алып тастаған болатын. Ауруханадан шыққасын ол әйел Зылиханың үстінен арыз жазды. Бастапқыда ол шу алысқа ұзамай, тоқтайтын шығар деп ойлап еді. Олай болмады. Ашынған әйел «мен жатырымды алып тастауға келісімімді берген жоқпын. Менің ана болғым келеді. Ол менің арманымды, үмітімді, өмірімді күл-талқан етті»,- деп, үсті-үстіне арыз жазып, дауды ушықтыра түсті. Зылиха жадап-жүдеп, қатты қиналды. Іріген жатырды алып тастаудан басқа амалы болмағандығын айтып, шырылдаса да, оны бәрі жүре тыңдады. Жәбірленушіні ұйып тыңдады. Медицинаға қандай да бір өкпесі барлардың бәрі жиналып, бір жұдырық болып, дәрігерді тоқпақтады. Ол іске бірнеше атышулы блогерлер араласып, әлеуметтік желі арқылы бүкіл елді дүрбелеңге салды. Халық толқуын басу үшін құрбандық керек. Әлімсақтан бері келе жатқан заң солай. Ол жолы құрбандық Зылиха болуы тиіс екен. Оған Абылай жол бере алмады. «Дәрігер сотталып, түрмеге тоғытылғаннан кім, қандай пайда табады? Жеңіл жүрісті әйелдің бажылдағаны үшін тәжірибелі маман білімімен, біліктілігімен адамдарды емдеп, елге пайда берудің орнына қамақта сарылып отыруы тиіс пе?»- деп ойлаған Абылай әріптестерімен бірге істі жан-жақты қарастырып, әйелін ақтайтын көптеген жайды анықтады. Жан досы Ақыл Зылиханың адвокаты болуға келісті. Мықты адвокат ату жазасына кесілген адамды да ақтап ала алады. Абылай мен Ақыл сот отырысына сақадай сай болып, дайындалып келді. Бұған дейін барынша қарсыласып, Зылиханы соттатпай тоқтамайтындай болған жәбірленуші істі талқылау басталмай жатып-ақ бір сөзбен бар мәселені шешіп беріп еді. «Кештім» деген сөзімен. Абылай абдырап, оған тесіле қарады. Еліктің лағындай сүп-сүйкімді, жап-жас әйел екен. Көздері түйісті. «Жанары тым мөлдір екен» деп ойлағаны есінде. Одан бері оншақты жыл өтті. Сол арыз жазушы Айжан болғаны ма? Жоқ. Олай болуы мүмкін емес.
Айжан бұған сынай қарап отыр екен. Ойының үстінен дөп түсті.
— Иә. Сол Айжан менмін. Көбейгім келіп еді. Әкемнен басқа жақыным жоғын білесің. Ал сенің жан жарың менің жатырымды алып тастады. Мен екінші рет өлдім. Өліктің өлгені қызық болады екен.
Айжан төмен қарап, көзімен үстелді тесіп жіберердей болып отыр. Қол-аяғы қарысып қалғандай. Әлден соң бойын тіктеді де, сөзін жалғады.
— Сол күндерде менің жанымда бейшара әкем ғана болды. Менімен бірге құлады. Менімен бірге жылады. Есімді жиып, етегімді жапқасын мен тас түйін боп алға ұмтылдым. Түрлі қарекет жасадым. Ақша жинадым. Өзіме және әкеме пәтер сатып алдым. Біз баспаналы болдық. Ал ендігі арманым- әкеммен бірге ел мен елді аралап, саяхаттап жүру. Мүмкін сонда ауыр ойлардан құтылатын шығармын.
Бірер минуттан кейін есіне бірдеңе түсіп кеткендей болып:
-Айтпақшы, біздің тағдырымыз тағы да бір рет түйіскен. Бірер жыл бұрын сенің үлкен қызың Айғаным Дарын есімді жігітке тұрмысқа шықпақ болмап па еді? Ол жігіт оны тастап кетті. Қызың ұзақ қайғырды ма? Айғанымға айт, қайғырмасын. Арманның орындалмауы Құдайдың ең қымбат сыйы болуы мүмкін. Дарын- Жақсылық Дәметкен деген өте нашар адамның ұлы. Мен оны азғырып, үйленбек болған райынан қайтардым. Не қыласыңдар ондай құданы, күйеубаланы? Солай, Абылай хан. Мен сенің періштеңмін. Көзге көрінбейтін. Қазір тағдырымыз төртінші рет түйісіп тұр. Өтінгенім әрі құтқарғаным деп біл, ойыннан шық. Серғали- көптеген арсыз жемқордың бірі. Аяудың қажеті жоқ. Біз оны жем қыламыз. Сенде менің шаруам жоқ. Басқалардың шаруасы бар. Серғали үшін амалдауды емес, өз амандығыңды сақтауды ойла, Абылай хан, -деді.
Серғалиді бопсалап жүргендердің бірі Айжан екен. Абылай сене алар емес. Құлағы шулап, соңғы сөздерін есітпеді.
Әлден соң жөткірініп барып, қабағын түйді де:
— Айжан, мен сені о баста тастап кеттім. Оның- рас. Балалық болды. Ақымақтық болды. Ол үшін кешірім сұраймын. Сен менің жақындарымды құтқарған екенсің. Ол үшін алғыс айтамын. Бірақ кінәлі болу мен қарыздар болуды артып тұрып, мені жолымнан тайдыра алам деп ойласаң, қателесесің. Серғали менен көмек сұрады. Мен оған көмектесем,- деді Қайсенов.
— «Көмектесем» дейсің бе? (Айжан ысылдай күлді) Жолдас подполковник, жалған сөйлеме! Ол сені жалдады. Абылай хан, сен жалшы ма едің?!
Айжанның көздері найзағайдай болып Абылайдың өн бойын тіліп өтті.
— Ол сені қанша ақшаға жалдады? Сол ақшаны мен берем саған. Араласпа!
— Біріншіден, сендер оған тым көп салмақ салдыңдар. Ол оны көтере алмайды. Оның сотталып кеткенінен сендер ештеңе ұтпайсыңдар. Екіншіден, ол мені жалдаған жоқ. Мен одан бір тиын да алмадым. Үшіншіден, мен қолыма алған істі соңына дейін жеткізбей қоймаймын,- деді Қайсенов байыпты үнмен.
— Қандай салмақ салдық? Сонша жылдан бері жалаңдап жинағанымен бөліскенін қалаймыз. Бар болғаны сол. Елу миллионы болмаса, үйін сатсын, дамбалын сатсын. Арын, абыройын баяғыда сатып жіберген. Одан кейін не тұрыс?
— Бұл жерде мәселе тек ақшада болып тұрған жоқ. Оның сүйіктісі сендердің қолдарыңда. Оған ажал төніп тұр. Серғали сол үшін де күреске шықты.
— Абылай хан, сен әлі түсінбедің бе? Оның сүйікті Айжаны менмін.
Абылайдың оң жақ самайы жыбырлады, жүрегі соғуынан жаңылды. Ежелгі кеселі нышан берді. Айжан… Ай… Жан…
— Айжан, сен мұндай емес едің ғой.
— Мен қартаюдамын. Құжат бойынша жасым отыз бесте. Ал шынында қырық жетідемін. Пластикалық оталар сыртыңды жасартады, ішіңді жасартпайды. Бізге ақша керек, саяхат керек. Біз қашанға дейін жетім- жесірдің кебін киюіміз керек?! Шалқып өмір сүргіміз келеді. Хақымыз жоқ па? Бұл- менің соңғы аларым. Аянбаймын. Аямаймын. Жолымнан қаш, Абылай! Бұл жолы қағып өтем!
— Жоқ, Айжан. Өте алмайсың.
— Ескерттім. Өзіңнен көр!- деді де Айжан жұлқынып орнынан тұрып кетті.
Абылай жойпат төңкерісті бастан кешті. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» дегенде қазақ жақсы қызды жаман күйеу бұзатынын меңзесе керек. Бірақ Айжан сияқтылар күйеусіз-ақ жаман қатынға айналады екен.
* * *
Абылай бала кезінде ауылда жұпыны тіршілік кешті. Мектеп бітірер жылы бұлардың ауылына Айжан әкесімен бірге қаладан көшіп келіп, көрші Жәмилә апаның кепе тамын жалдап тұрып жатты. Ауылды жерде сөз жатпайды. «Әйелі өлгесін қаладан безіп кетіпті. Әкесінің туыс-тумасы жоқ, жетімханада өскен адам екен» десті жұрт. Өзінен екі жас кіші мөлдір көзді, мұңды қызға Абылай ғашық болған. Ол тым әлжуаз еді. Жиі ауырып, мектепке бармай қалатын. Жас жігіт ол үшін бақшаға барып, қызыл алмаларды таңдап жүріп, үзіп алып, үйіне әкеп, езіп, балғын шырын апарып беруші еді. Жемісті жерге құлатпай, қолмен үзіп алу үшін ағаш басына өрмелеп шыққанында талай рет құлап, денесін жарақаттап алатын. Қайран, жастық шақ-ай! Аңғал, албырт, ертегіге сенетін кез. Бар дүние ғажайыптан ғана құралғандай болып көрінуші еді. Алғашқы махаббат, асыл армандар, ұшқыр қиялдар, ұйқысыз түндер. Оған бар әлем алма бақтай болып көрінуші еді. Бар да, керегінше тәтті алмаларды жинап ала бер, ала бер. Ғашығыңа сыйлай бер, сыйлай бер. Бірақ аяқталмайтын ертегі болмайды. Өмір оқиғалары ертегідей жақсылықпен бітпейді. Бір жолы Абылай Айжанның шырынды өзін зорлағандай, қиналып ішетінін байқады. Сол бір көзге ілуге де тұрмайтындай жағдайға Абылай көп мән берді. Одан кейін оған басқа да жағдайлар қосыла берді. Тіпті Айжанның мұңдана беруі де жалықтырып жібергендей болды. Мөлдір көздерінің түбінде беймәлім құбыжық тығылып жатқандай болып көрінетін. Ол Айжанға құл болып жүргенін түсінді. «Абылай хан» деп атауы да мақтағаны емес, мазақтағаны екен. Айжан- алуды ғана білетін адам. Бір де бір рет рақмет айтқан емес. Абылайдың ғашығынан жерінуі бір күнде шегіне жетті де, онымен мүлдем араласпай кетті. Айжан талай рет сөйлеспек болды, суынып кетуінің себебін сұрады. Бозбала жауап бере алмады. «Сен шырынды рахаттанып ішпегендіктен менің сезімім суып кетті» деп қалай айтсын? «Дос болып қалайық» деген жылы сөздермен Абылай Айжанды өмірінен шығарып салды. Көп ұзамай жас жігіт мектеп бітірді де, жоғары оқу орнына түсіп, қалаға кетіп тынды. Аралары алшақтағасын алғашқы махаббаты ұмыт болды. Студенттік шақ, жаңа достар, жаңа көкжиек оны еліктіріп әкетті. Зылиханы жолықтырғанда Абылай өзіне не керек екенін түсінді. Қара торы, орта бойлы, жұмсақ мінезді бойжеткен оған жан тыныштығын сыйлады.
* * *
Ауыр ойлардың шырмауына түскен Абылай таң алдында әзер ұйықтады. Таңертең басшы телефон соғып, тез арада «басқармаға» келуін өтінді.
— Кеше менің көмекшім Асылдың өлі денесі табылды,- деді Серғали мұны көре салысымен.- Тоғайдағы алаңқайда жанған оттың жанында жатыр екен. Беті отқа қақталып қалған, қаңғыбас иттер денесін боршалап тастапты.
— Саламатсыз. Денені кім тауыпты?– деді Абылай оң жақ қапталдағы орындыққа отырып жатып.
— Саңырауқұлақ теруші қария.
— Өлік көрсе, тұра қашатын, ол жайлы ешкімге тіс жармайтын адамдар көп. Тіпті өлікті тінтіп, бағалы заттарын алып кететіндер де бар. Ол қария жақсы адам екен.
— Тұра қашатындарды түсінем. Тіс жармайтыны не себепті?
— «Пәлелі жерге бармағыңды тықпа. Тырнағың қалар ішінде» деген сөз бар. Қорқынышты жағдайға байланып қалудан қашады адамдар. Көп қылмыстың ашылмай қалуының бір себебі сол. Ол қарияны табу керек. Сөйлесу керек.
— Оны не қыласыз? Оның менің ісіме на қатысы бар? Менің көмекшім өлді, оны өлтірді. Түсінсеңізші. Маған баскесерлер жақындап келеді. Сіз мені құтқаруға міндеттісіз. Шалды іздеп, уақыт жоғалтпаңыз.
Серғалидің дауысы шіңкілдей шықты. Тыпыршып, бөлмеде ерсілі-қарсылы жүруде.
— Тығылуым керек. Қайда барсам екен? Тауып алады ғой. Олар сондай… Сондай… Қайтсем екен? Сен… Сіз маған тығылуға көмектесіңіз. Таныстарыңыз бар шығар. Мені түрмеге жапсын. Жол ережесін бұзайын. Дөрекі түрде бұзайын. Тәртіп сақшыларын балағаттайын. Неге түк болмағандай аңырып отырсыз? Құтқарыңыз мені!- деп басшы тергеушіге ашулана қарады.
— Мен сізді құтқаруға міндетті емеспін. Сіз мені жалдаған жоқсыз. Өтініш айттыңыз. Орындайм ба, жоқ па, ол жағын мен шешем. Арамызда келісім шарт түзілмеген. Менен бірдеңе талап етуге хақыңыз жоқ,- деді Қайсенов зілді үнмен.
* * *
Абылай үшін бұл іс тым ауыр болып кетті. Бірақ соңына дейін жеткізу керек. Әділдік үшін күрес ешқашан тоқтамайды. Болатқа телефон соғып, Асыл жайлы сұрады. Оның айтуынша, өлі дене тым ерте табылған, кім екендігі де тым ерте анықталған. Сол қолының білегінде руының атауы жазылған тату бар екен. Тату бір апта көлемінде жасалған. Шикілік көп. Ол іс бойынша іздестіру жұмыстары басталған. Жоғары жақтан істі жабуын қанша талап етсе де, Болат жабуға келіспей отырғанға ұқсайды. Абылай денені тапқан қарияның мекен-жайын сұрап білді де, рақмет айтып, солай қарай тартып кетті. Бес қабатты ескі үйді оңай тапты. Бірінші қабаттағы пәтер қоңырауын ұзақ басты. Іште біреу бар. Үй иесі көз салар саңылаудан Абылайды асықпай зерттеді. Амалы жоқ екендігін түсінсе керек, есікті ашып, орта бойлы, шымыр денелі шал жекіп сөйледі.
— Кім керек?
— Сіз керексіз.
— Тыңдап тұрмын.
— Ішке кіріп сөйлесейік.
— Кір.
Бір бөлмелі шағын пәтер өте жинақы екен. Үстел үстінде фарфор шыныаяққа құйылған хош иісті шәй тұр, бір кітап айқара ашық жатыр. Абылайдың қырағы көзі «Я ненавижу человечество. Я от него бегу спеша…» деген өлең сөздерін оқып үлгерді.
— Саңырауқұлақ қуырып жемейсіз бе?- деді ол ештеңе байқамағандай сыңай танытып.
— Қазір тамақ ішетін уақыт емес. Қонақ келетін де уақыт емес,- деді үй иесі тістене.
— Мен қонақ емеспін. Мен тергеушімін.
— Кімді тергейсіз? Не үшін тергейсіз?
— Сайлаубаев жайлы не білесіз?
— Сайлаубаев… Ол әнебір қайтыс болған жігіт емес пе?
Үй иесі есіне әзер түсіргендей түр танытты.
— Иә. Дәл таптыңыз. Сіз тапқыш екенсіз.
— Мен ол жайлы бар білетінімді тергеушіге, басқа тергеушіге айтқанмын. Қосып- аларым жоқ.
— Қосарыңыз бар. Сіз саңырауқұлақ теретін адамға ұқсамайсыз. Тоғайға не үшін бардыңыз?
Қарияның бет-аузы жыбыр ете қалды, бүкірейіп кеткендей болды. Әлден соң бойын тіктеп алды да:
— Сіз асығыс шығарсыз. Жұмысыңыз көп қой. Мендей қаусаған қара шалға көп уақытыңызды жұмсамаңыз. Сәттілік тілеймін. Сау болыңыз,- деді.
— Мен осында бола тұрайын. Қариялардың есіне көп жайлар әлден соң түсуші еді.
— Ордер көрсеткенде керегінше боласыз. Есік ана жақта.
Қария сүйріктей саусақтарымен есік жақты нұсқады.
Кешке Абылайға Болат телефон соқты.
— Әбеке, өзіңіз білетін мекен-жайға келіңіз. Жаңалық бар.
Абылай құстай ұшып жетті. Есік алдында полиция көлігін көзі шалғанда оң жақ самайы тағы да жыбыр етті. Қария пәтерінің есігі ашық тұр екен. Қара-құрым адам көп жүр. Ішке кіргенде аспашамның ілгегіне ілініп тұрған өлі денені көрді. Болат Абылайдың қолына бір жапырақ қағаз ұстатты. «Өмірден шаршадым. Менің өліміме ешкім кінәлі емес» деп жазыпты.
— Есік өз кілтімен ашылған. Хат өз қолымен жазылған, — деді тергеуші.
* * *
Ертесіне таңертең Болат Абылайға хабарласып:
— Әбеке, Нұрғиса көшесіндегі он екінші үйге келіңіз. Жаңалық бар,- деді.
Абылайдың жүрегі шым ете қалды. Оны елең қылуға шамасы жоқ зейнеткер подполковник жолға шықты. Үй алдында полиция көлігі мен жедел жәрдем көлігі тұр екен. Екінші қабаттағы пәтер есігі ашық. Ішінде бірнеше қызметкерлер өз жұмысын атқарып жатыр. Бірі оқиға орнын фотоға түсіріп, бірі дерек болуға жарайтын заттарды жинап, шабаданға салып, бірі көршілердің есігін тықылдатып, куәгерлерді іздестіріп жатты. Кәдуілгі ережеге сай жұмыстар. Үйреншікті жағдайға жатқызуға болатындай. Бірақ Абылайдың жүрегі ерекше өрекпіді. Пәтер іші қоңыр салқын екен. Бір тылсым күш із кесушіні жатын бөлмеге тартқандай. Кереует үстінде Айжан шалқалап жатыр екен. Сүйріктей саусақтарымен ішін бүріп ұстап алыпты. Көздері аспашамға тесіліп қараған күйі қатып қалған. Ұзақ қиналғанға ұқсайды. Төсек жаймасы көп қатпарланыпты. Үстел үстінде бір жапырақ қағаз жатты. «Өмірден шаршадым. Менің өліміме ешкім кінәлі емес» деп жазыпты. Кереует жанындағы кішкене үстелде ақ сұйықтықтың жұғындысы бар стакан тұр.
— Қымызға ұқсайды,- деді Болат.
— Болат, тап оны!
Капитан подполковникке таңырқай қарады.
— Сонша қиналса да, жедел жәрдем шақырмапты. Қызық, — деді телімдік полицей Адал.
— Бөлмеде тағы біреу болған. Жұмсақ орындықта ұзақ отырыпты,- деді криминалист Азамат.
— Көршілер не деп жатыр? – деп сұрады Болат сырттан келген көмекшісінен.
— Қарсы пәтердегі апай түнгі он бір шамасында бұл пәтерден орта бойлы ер кісі шығып кеткенін байқапты,- деді ол.
Бірінен соң бірі… Екі өлім… Кісі қолынан қаза болғандар… Екі дене де тым ерте анықталды. Қарияның өлгенін полицияға бейтаныс әйел хабарлапты. Айжанның денесін табуға көршісінің иті көмектесіпті. Ол күн сайын итке дәмді тамақ береді екен. Бүгін ит Айжанның есігінің алдында ұлып отырып алғанынан сезіктенген көршілері полицияға хабарлаған.
Жасаған жақсылығың тірі кезіңде де, өлі кезіңде де алдыңнан шығады.
* * *
Абылайдың қабырғасы қайысты. Мұншалықты күйреймін деп ойламап еді. Абылай сияқты адамдарға Зылиха сияқты жайылып жастық, иіліп көрпе болатын адамнан бөлек «Жолдас полковник, жалған сөйлеме!» деп, намысын қамшылайтын адам да керек. Айжан аз ғана уақыттың ішінде тіреуге айналып үлгерді. Абылайдың тіреуі құлады. Шайқалып қалды. Зылихаға басқаша көзбен қарайтындай. Бүкіл өмірін сүзгіден өткізуде.
Күйеуінің ерекше қиналғанын байқаған Зылиха кешкі шай үстінде:
— Әбеке, бір жеріңіз ауырып жүр ме?- деп сөзге тартты.
— Жұмыста бір қиындықтар болып жатыр,-деді Абылай күрсінісін жасырмай.
— Талай рет тар соқпақтан өтіп едіңіз. Мұндай түріңізді бірінші рет көріппін. Ертең анализ тапсырып, тексерудан өтсеңізші. Жасарып жатқан жоқпыз. Оншақты күнге шипажайға барып, демалып келсек қайтеді? Жұмысыңыз ешқайда қашпас.
— Араласпа!
Зылиханың нәркес жанары жылт етті де, жым болды. Білім қуып басқа қалаға кеткен ұлдары мен қызын қатты сағынып жүр. Көп ойлап, уайымдайтынын білетін Абылай Зылиханың көңілін аулауға барынша тырысып жүруші еді. Бүгін тарс жарылды. Бұдан кейін жұбайлар әңгімесі қалай өрбір еді, кім білсін, дәл осыны күткендей есік қоңырауы шыр ете қалды. Абылай орнынан сілкіне тұрып барып, есікті ашты. Жас курьер жігіт екен.
— Қайсенов Абылайхан сізсіз бе? – деп сұрады.
Абылай дір ете қалды. Жүрегі алқымына тығылып, басы айналып, көзі қарауытып бара жатыр екен. Жанына жетіп үлгерген Зылиха оны сүйемелдеп ұстай алды да, жатын бөлмедегі кереуетке апарып жатқызды. Қан қысымын өлшегесін дәрі ішкізді.
— Жедел жәрдем шақыртайын. Түріңіз бозарып кетті, — деді.
— Қажет емес.
— Апай, пакетті алыңызшы,- деді әлі де ашық есік алдында тұрған бозбала.
— Жолдама кімнен?– деп сұрады Зылиха оған жақындап.
— Аноним адамнан.
— Қабылдамаймын.
— Апай, жағдайымды қиындатпаңызшы. Алыңызшы. Шаршап тұрмын. Сіздерді әзер таптым,- деп қинала сөйледі беймезгіл есік қағушы.
— Неліктен әзер таптыңыз?
— Мен курьер емес, телефон қоңырауларына жауап беретін адаммын. Бұл тапсырысты кеше түнгі он екіде қабылдадым. Тапсырыс беруші әйел өте ақырын сөйледі. Ұйқысырап отырып, дұрыс тыңдамай, көшенің атын қате жазыппын. Курьер жігіттер күні бойы бірнеше көшеге барып, Қайсенов Абылайхан дегенді таба алмаған. Оны білгесін бастық маған ұрсып-ұрсып, бұл істі өзіме тапсырды. Орындамасам, мені жұмыстан шығармақ боп отыр. Мына жерге қол қойыңыз да, қабылдаңызшы,- деді жас жігіт.
— Қабылда!- деді Абылай жатын бөлмеден дауыстап.
— Рақмет, апай,- деп анау тайып тұрды.
— Зылихаш, не екен ол? Бері алып келші,- деді Абылай дауысын жұмсартып.
Әйелі пакетті алып келіп, мұның жанына қойды да, ішіндегісін сыртқа шығарды. Шыны ыдысқа құйылған ақ түсті сұйықтық екен.
— Қымызға ұқсайды,- деді Зылиха қақпағын ашып, иіскеп көріп.- Пакет түбінде бір қағаз жатыр. «Қымыз сатушы Қараша көшесіндегі соңғы үйде тұрады, аты – жөні – Жақсылық Дәметкен» деп жазыпты.
Абылай орнынан ұшып тұрып, киімін жүре ауыстырды да, үйден асығыс шығып кетті. Зылиха соңынан жүгіре шығып, дәлізде қолына жылы күртесін ұстатты да, күбір-күбір етіп шығарып салды. «Е, Құдайым сақтай гөр! Жолы болсын! Аман қайтсын!» деген сөздерді құлағы шалып қалды. Машинасына отыра салысымен Абылай Болатқа телефон соқты да, белгіленген жерге келуін сұранды. Капитан басқа да қызметкерлерді шақыртатынын айтты. Межелеген жерге Болат екеуі қатар жетті де, алыстан машина жарығын сөндіріп, сырттан бақылап тұрды. Әлден соң қақпа ашылып, ішінен жүк тиелген екі үлкен машина мен бір жеңіл көлік шықты да, жылдамдығын үдете түсіп, қара жолға түсті. Бұдан ары тосса, айрылып қалатынын түсінген Абылай жеңіл көліктің дөңгелектеріне бірнеше рет оқ атты. Болат машинасымен ызғытып көшке жақындап, сыртқа секіріп түсті де, көлік ішіндегілерге айғайлап «Қарсыласпаңдар! Полиция! Машинадан түсіңдер!»- деп бұйрық берді. Абылай да жетіп келіп, машинасын жолға кесе көлденең тоқтатты да, машинасын қалқалай тұрып, тапаншасын шығарып, қарсыластарын нысанаға алды. Көш тоқтай қалды. Жеңіл көліктен бұларға қарай бірнеше рет оқ атылды. Болат омақаса құлады. Абылай қайта-қайта оқ атып, оларға бас көтертпеуге тырысып бағуда. Осы кезде артқы жақтан бірнеше полиция көлігі жетіп үлгерді. Оққағар жилет киген қызметкерлер ширақ қимылдап, машиналарға жақындады да, ішіндегілерді жұлқылап сыртқа шығарды. Жеңіл көліктің артқы орындығында отырғанының оң жақ самайынан қан тамшылап тұр екен.
— Жіберіңдер! Мен блогермін. Мен Жақсылық Дәметкенмін. Ойнапсыңдар менімен!- деді ол ысылдай.
* * *
Бір күннен соң Абылай ауруханада жатқан Болатқа барды. Оның сол жақ иығына оқ тиген еді. Жараланса да, Болаттың еңсесі түспепті. Қылмыскерлерді құрықтағанына қуанып жатыр екен.
— Болат, сен тым қызбасың. Қызбалыққа салынып, қорғану шараларын ұмытып кетесің. Батыр бір оқтық. Ұмытпа. Сені кеше түн құтқарды. Келесі жолы не құтқарарын білмейсің. Сондықтан өзіңді өзің құтқар. Құдай да сақтанғанды сақтайды,- деді Абылай әңгіме барысында.
— Иә, Әбеке, ондай мінезім бар. Түзелем ғой.
— Келін қайда?- деп сұрады Абылай Болаттың ұнжырғасы түскенін байқағасын.
— Төркінінде,- деді Болат тұнжырап.
— Мен де солай болар деп ойлап едім. Соңғы кезде жүзің сынық. Жұбайлар бір арнаға тоғысқанша талай жағдайларды бастан кешеді. Солардың бірінде сынықтан сылтау тауып, сырт айналып кеткен жөн емес. Құдай қосқан жарың. Соңынан барып, ата-анасының алдынан өтіп, келінді алып келейік. Өйтпесек, күн өткен сайын араларың суи береді. Сен оның тілеуін тілеп, ол сенің тілеуіңді тілеп өмір сүріңдер. Тілеу деген – мықты оққағар.
— Ауруханадан шыққасын барайық. Әбеке, ағалық қамқорлығыңызға рақмет,- деді Болат.
Ауруханадан шыққасын Қайсенов полиция басқармасына барып, бастықтан Жақсылық Дәметкенмен сөйлесуге рұқсат алды.
— Аты-жөнің ерекше екен. Өз алдына сөйлем сияқты,- деді Абылай әңгімені төтесінен бастап.
— Сенікінен тәуірлеу.
— Абылай деген хан болған қазақта.
— Қай адам тап-таза жолмен жүріп хан болып еді?- деді Жақсылық қитығып. Сосын сыңарезуленіп жымиды да,- екеуіміздің кездесуіміз Баязит пен Ақсақ Темірдің кездесуіне ұқсас сияқты ма, қалай? Менің есімім Жақсылық. Жақсылықтан ауылым шалғай. Сенің есімің Абылай. Хандыққа ешқашан жете алмассың. Құдай үшін жақсылықтың да, биліктің де құны көк тиын.
— Жақсылық, сен өмірден шаршамадың ба?
-Шаршамадым. Мен оны әлі талай шайқаймын. Шайқап-шайқап алып, сіміріп ішемін. Қымыз сияқты.
— Шайқай алмайсың. Түрмеге тоғытыласың.
— Ол жағын көрерміз. Мені алдын ала қам қылмады деп ойлайсың ба?
— Қандай қам қылсаң да, құтылмасыңа мен кепіл. Айжанды өлтірдің, әкесін өлтірдің, Асылды өлтірдің. Болатты өлтірмек болдың. Мойныңа асылған жүк көп. Тартып кетеді. Батасың.
— Өлгендердің саны үшеу деп ойлайсың ба? Ақымақ! Мен іші қуыс адаммын. Қанша жүк артылса да, қалқып шығам. Көр де тұр. Менің шыққанымды қалайтындар батқанымды қалайтындардан көп. Осындай істі мен бір өзім істеді деп ойлайсың ба?
— Қолдаушыларың үшін сен қазір керек емес куәсің. Сенен құтылуға тырысады.
— Тырыспайды. Себеп- мен оларға қарсы дерек бермеймін. Себеп- менде ешқандай дерек жоқ.
— Олар саған не үшін көмектесті? Ақшаны бөлісу үшін бе?
— Жоқ. Оларға керегі ақша емес. Оларға керегі – қызық.
— Тек қызық үшін сенімен бірге атысып, жұлысты ма?
— Абылай, сен шынында да ақымақ екенсің. Олар алысқан да, жұлысқан да жоқ. Олар алысқыштар мен жұлысқыштарға ақша берді. Тағы бір жай- олар бұл іске құлшына кірісті. Соған қарағанда сенің ескі таныстарың ғой деймін. Серғали тым осал адам. Ондайларда мықты дос түгілі, мықты дұшпан да болмайды. Ал сен есіңе түсір, ойлан, аңғар. Жел қайдан соғып тұр екен? Мен мұнда отырмас едім, Айжан сенімен шатаспағанда. Қатын араласқан іс ешқашан оңған емес. Ол ж@леп жазасын алды.
Абылай орнынан атып тұрып, Жақсылықтың жағасына жармаса кетіп, қылғындыра жөнелді де:
— Өз қолыммен буындырып өлтірем! Сілімтік! – деді бетіне бетін тақап.
Бөлмеге қызметкерлер жүгіріп кіріп, Абылайдың қолына жармасты. Тергеуші қолын әзер босатты.
— Солай ма? Әділет сақшысының сөзін қара! – деген Жақсылық шиқылдай күліп, еденге шырт түкіргенде қанды қақырық еденге былш ете қалды.
Абылай қызметкерлерге қарап, иек қақты. Олар сыртқа шығып кетті.
— Мені өлтіргеннен әлем тазара ма? Сен мені ұрдың. Менің қаныммен еден былғанды. Әлемнің тазарғаны қане? Мен жылқыларды сүйем. Текті жануар ғой. Жүз жылқым бар. Қымыз ішем. Артылғанын сатам. Бірақ ол тым аз. Блогер болып, неше түрлі қам жасап, ақша таптым. Ол да аз болды. Шабыт мен Дарынға көп ақша керек. Абылай, асықпа. Көп ұзамай, барымды алып, басқа әлемге ығысам. Құтыласыңдар менен. Маған обыр ауруы жабысқан. Әлем де обырдан таза емес. Кетер алдында балаларыма қор жинап бермек болғам. Іс –әрекетттерімнің негізгі себебі сол. Әзірше ұпай бір де нөл болып тұр. Бірақ ойын әлі бітпеді,- деді ентіге.
— Жақсылық, сен жеңілдің. Жеңілісіңнің басы да, соңы да бұл емес. Сен о баста өзіңнен өзің жеңілгенсің, — деді де Абылай орнынан тұрып кетті.
Үйіне жете бергенде оған басшы телефон соқты.
— Абылай, мені жауап беруге шақырды. Соттамақ болып жатыр. Деректерді оларға сен беріпсің. Сен мені құтқарам деп едің ғой. Мұның не?!- деді айғайлай сөйлеп.
— Құтқарғаным осы деп біл,- деді Абылай.
Болай Тұрғынбек